1932—1933 жылдардағы ашаршылық Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.
Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.
Өлкелік партия комитетінің Торғай ауданындағы уәкілі 1932 жылдың қыркүйегінде мұнда әр адам басына орта есеппен 56 килограмм ғана астық және бір ғана мал калғанын, ал бұлар алты айдан кейін мүлде таусылып, қаңтардың соңына қарай, қыстың кақаған, сары аязында нағыз қиямет-қайым орнайтынын алдын ала ескертіп, дабыл қақты. Ол сонымен бірге кейбір толық емес мәліметтер бойынша ауданда ең кемі 2042 адам аштық құрбаны болғанын, ал 8500 адам аштан өлейін деп жатқанын Құрамысов пен Кахианидің, Исаев пен Құлымбетовтың аттарына жолдаған ресми мәлімдемесінде ашық айтты. Анадан туғандай тыржалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақты түгін қалдырмай жеп койғанын жазды. Осындай қайғылы жағдайдың көрші Батпаққара ауданында да кеңінен орын алып отырғаны да айтылды.
Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек Қазақстан Халық шаруашылығы мекемесінің Мәскеудегі басшылығына және Қазақстанның басшысы Л.И Мирзоянға берген ресми мәліметтеріне сүйеніп, Қазақстандағы ауыл халқының санын жылдан-жылға азайғанын анықтасақ:
Жылдар аралығы
Кеміген адамдар саны (мың адам)
1930-1931
759
1931-1932
1887
1932-1933
733,5
1930-1932
3379,5
Кестеден көріп отырғанымыздай үш жылдың ішіндегі адамдар санының жалпы кемуі – Қазақстанның ауылдық жерінде 3 млн 379,5мың адам. 1928 жылғы 27 тамыздағы « Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы » , 1928 жылғы 13 қыркүйектегі « Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу және жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы » , 1930 жылғы 19 ақпандағы « Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауылшаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға карсы күрес жөніндегі шаралар туралы » қаулылардан кейін және Голощеккинің «Кіші Қазан» идеясынан кейін Қазақтар 1932-1933 жылдардағы аштыққа душар болды.
Ұсынылатын әдебиеттер: 1. Козыбаев М.К., Абылхожин Ж.Б., Алдажуманов К.С. Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства. -Алматы, 1993.
2.Койгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді?- Алматы, «Ана тілі», 1993.
3. Смагулова С. Ашаршылық қасіреті. 1кітап.- Алматы: Елтаным баспасы, 2019.
4. Ұлы Дала тарихы: учебное пособие. – Астана: Zhasyl Orda, 2015.
5. Омарбеков Т.О. Голодомор в Казахстане. Хрестоматия. – Алматы: Қазақ университеті, 2013.
6. Қазақстан(Қазақ елі)тарихы Ред: Талас Омарбеков