Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан алдында тиімді әлеуметтік саясат пен қоғамның барлық саласында кешенді реформалар жүргізу міндеттері тұрды. Бұл реформалар халықтың әл-ауқатын күшейтуге бағытталуы тиіс болды.
Халықаралық тәжірибені зерделеу халықты әлеуметтік қорғаудың неғұрлым тиімді және кешенді жүйесінің төмендегідей басты элементтерден тұратындығын көрсетеді:
мемлекеттік жәрдемақы;
міндетті әлеуметтік сақтандыру;
жинақтаушы зейнетақымен қамтамасыз ету;
әлеуметтік көмек.
Республикада 90 жылдары осы бағытта біршама шаралар жүзеге асырылды. Бірнеше арнайы құрылымдар мен қоғамдық қорлар қалыптасты. Олардың қатарында Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мемлекеттік қоры (1991 ж.); Зейнетақы қоры (1991 ж.), Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (1992 ж.), «Бөбек» қоғамдық қоры (1992 ж.), т.б.бар. Мұның сыртында бірқатар нормативті-құқықтық актілер қабылданды.
Дегенмен бұл құрылымдар мен заң актілері елдегі әлеуметтік- экономикалық, құқықтық, демографиялық жағдайды түзей алмады. КСРО заңдары мен ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған заңдар аясында өмірге келген бұл құқықтық нормалар арасында үлкен алшақтық байқалды.
Қаржылық-экономикалық дағдарыс тұрғындардың өмір сүру деңгейін күрт нашарлатты. Осы жылдардағы ұлттық армия құру, шекараны бекіту,
кедендік бақылау орнату, елдің дипломатиялық корпусын құру сияқты кезек күттірмес мәселелерді шешу, оны қаржыландыру әлеуметтік саланы қаржыландыруды қысқартуға мәжбүрледі. Республикада жұмыссыздар саны күрт өсті. Олардың 40%-ы ауыл тұрғындарының үлесінде болды. Осы жылдары жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында көрініс тапты.
80-жылдардың аяғынан бастап республикада бала туу ұдайы төмендеп, ал өлім-жітім, керісінше, көбейген еді. Соның салдарына табиғи өсіп-өну де қысқарды. Мәселен, табиғи өсіп-өну коэффициенті (халықтың 1000 адамына шаққанда) 1987 жылы 18,1 промилле, 1995 жылы 6,8 промилле, 1996 жылы
5,6 промилле, 1997 жылы 4,8 промилле, ал 1998 жылы 4,6 промилле болды.
Халықтың денсаулығына байланысты проблемалар қоршаған ортаның нашарлай түсуімен де байланысты еді. Семей ядролық полигонының зардаптары, Арал теңізі аумағындағы агрохимиялық ластанудың салдарлары осы өңірлердегі қатерлі ісіктер, генетикалық бұзылу сияқты ауру түрлерінің көбеюіне әкелді.