1.2. 1916-1918 жж. Қазақстандағы саяси оқиғалар
мен мемлекеттік өзгерістер.
1914 жылы Ресей империясы бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа тартылды. Бұл империалистiк сипаттағы соғыс барлық халықтарға, соның iшiнде Қазақстанға да ауыр зардаптарын тигiздi. Ол патша шенеунiктерi мен жергiлiктi әкiм-қаралардың және байлардың зорлық-зомбылығы мен озбырлығын күшейттi. Соғыс қажетiне Қазақстаннан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнiмдерi күштеп жиналып жөнелтiлдi. Жергiлiктi халықтан алынатын салық 3-4 есе ұлғайды, шаруалардың iрi қара малы мен мал өнiмiн соғыс қажетiне алу да жедел қарқынмен жүргізілді. Осының бәрi дәнді-дақыл өсіретін алаңдардың шектелуіне, iрi қара мал басының саны күрт қысқаруына әкеп соқты. Елдiң өнеркәсiбiндегi жалпы күйзелiс пен ауылшаруашылығының құлдырап күйзелуi салдарынан Қазақстанның экономикалық қуаты тым төмендеді. Қала мен ауыл тұрғындары, жалпы бұқараның күй жағдайы күрт төмендедi.
Кәсiпорын иелерiнiң, жергiлiктi бай мен әкiм-қаралардың зорлық-зомбылығы 1916 ж. 25 маусымда Ресей үкiметiнiң “Бұратана халықты мемлекеттiк қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртiбi туралы ереже” қабылдануына байланысты өткір сипат алды. Жұмыстан немесе әкiмшiлiк ережелерi мен талаптарын орындаудан бас тартқан азаматтарды қамауға алу немесе белгілі мерзiмге бас бостандығынан айыру, болмаса айып ретiнде ақша өндiрiп алуға кесетiн болды. Халық өміріне қажетті азық-түлiктiң екi-үш есе қымбаттауы да халықтың наразылығын өшіндіре түстi.
Қазақ жастарын майдан жанындағы қол жұмысына алу жөнiндегi патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы Жарлығы халықтың шыдамын жұқартып, оларды отарлау езгiсi мен еңбектегi қанауға қарсы көтерiлуiне себеп болды. Қазақтардың жасы туралы құжаттардың көбінесе болмауын пайдаланып, болыс билеушілері мен ауыл ағамандары тұрғындардың жастарының асқандығына қарамастан кедей жiгiттердi майданға жұмысқа алынатын “қара тiзiмге қосты”, ал байлар балаларының жасын өз бетiнше үлкейтiп, немесе кiшiрейтiп көрсетiп, майдан қызметіне жiбермеудiң амалын жасап бақты.
Майдан жұмысына қазақ жастарының iшiндегi кедей балаларының алынуы қалың халық арасында зор наразылық туғызып қазақ өңірі тұрғындарының үкіметке қарсы көтерілісіне жол ашты. Соның нәтижесінде елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатыгез, жағымсыз билеушілерді өлтiру, iрi қожайындардың шаруашылықтарына шабуыл жасау, жер сату жөнiндегi құжаттарды, алым-салық қағаздарын т.б. жойып жiберу секiлдi ашу-ыза әрекеттерi кең қанат жайды. Сойыл, кетпен, шалғы, орақ, мылтық, қылышпен қаруланған қазақтар байлардың ауылдарын өртеп, малдарын айдап әкету әрекеттерi күшейген. Халықтың үкiметке және оның жергiлiктi өкiлдерiне ереуiлдерi мен қарулы көтерiлiстерi нәтижесінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiске әкеліп соқтырды.
1916 ж. таптық және езушiлiкке, соғысқа деген өшпендiлiктiң күшеюi жаппай құбылысқа айналды. Соғыс елдегi жалпы-ұлттық дағдарыстың пiсiп-жетiлу процесiн тездете түстi. Соның жарқын бiр нақты көрiнiсi Қазақстан мен Орта Азияның барлық аймақтарын түгел дерлiк қамтыған 1916 ж. ұлт-азаттық көтерiлiсi болды.
Көтерiлiстiң сипаты мен қозғаушы күштерi. Өзiнiң сипаты бойынша 1916 жылғы халық қозғалысы отаршылдыққа пен қанаушылыққа қарсы, халық-азаттық қозғалысы болды. Қазақстандағы көтерiлiс Ресей әкiмшiлiгi үшiн де, сондай-ақ жергiлiктi билеуші топтар үшiн де күтпеген жерден басталды.
Көтерiлiстiң негiзгi себептерi отарлық езгiнiң күшеюi, жергілікті халықтың қоныстарынан қуылып жерін тартып алынуы, салықтар мен алымдардың шексiз өсуi, еңбекшiлердi үстем топтардың қанауының күшеюi, ұлттық араздықтың тереңдеуi, соғысқа байланысты бұқара халықтың жағдайының күрт төмендеуі, орыстандыру саясатының кең шеңбер алуы болды. Патша үкiметi өзiнiң Қазақ даласындағы басты мiндетiн империялық үкiмет негiзiнде орыс мемлекеттiгiн нығайту деп бiлгенi кездейсоқ емеc едi. Сөйтіп, 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыс қанаушыларға, империалистiк соғысқа және қоғамдағы үстем топтарға қарсы болғанын сол оқиғаның қарқыны мен шеңберінен, нәтижесі мен салдарынан анық байқалады.
Қозғалыстың негiзгi қозғаушы күштерi ауылдың тұрғындары соның ішінде мемлекеттік саясаттан көп зардап шегіп ызаланған ұлттық шаруалардың қалың топтары, жергiлiктi жұмысшылар, батырақтар, қолөнершiлер. Ал қоғамның билеуші топтары үкіметке адал болып көрінуге, орталық билікке жақсы жағынан көрінуге ұмтылған. Осы тұжырымды қозғалысқа байланысты көптеген мұрағат материалдары дәлелдейді. Солардың бірін Торғай уезд бастығы мәлімдемесінен көруге болады. Онда былай жазылған: ”Уездегi қырғыз халқы арасындағы толқу тоқталар емес, әсiресе әскер қатарына шақырылатын жастардың көңiл-күйi тым дүрбелең. Казiргi уақытта олар көбiне өз ауылдарындағы беделдi де бай адамдардың малын ықтиярсыз тартып алып, өз беттерiмен әрекет iстеп жүр...”
Көтерiлiстiң өрiстеп қарқындау барысында қазақ ауылындағы қарулы қарсылыққа бейім күштердiң орналасуы анық. Қазақтың демократияшыл зиялылары көтерiлiстi жақтап шықты. Олар иемденушi-байлардың сатқындық ниетiн әшкереледi, халықты барлық ұлт топтарын отарлаушы патша үкiметiне қарсы шығуға ұран тастады, бұл үшiн мемлекеттiк Думаның мiнбесi (мұсылман фракциясы арқылы) мен “Қазақ” газетiн пайдаланды. Жергiлiктi жерлерде қазақ зиялылары арасында көтерiлiсті қолдап тіпті кейбір топтарына басшылық еткендер арасында Торғай облысында Әлiби Жанкелдин, Аманкелдi Иманов, Ұлжан Мағатжанов, Бәймен Алманов, Орал облысында - Сейiтқали Меңдешев пен Әбдiрахман Әйтиев, Маңғыстауда - Жалау Мыңбаев, Атбасар даласында - Әдiлбек Майкотов, Ақмола даласында – Сәкен Сәйфуллин, Жетiсуда - Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Сәт Ниязбеков, Сырдария облысында - Тұрар Рысқұлов ж.б. болған.
Көтерiлiстiң басталуына патшаның 1916 ж. 25 маусымдағы майдан жанындағы тыл жұмыстарына Қазақстанның, Орта Азияның және iшiнара Сiбiрдiң 19-дан 43 жасқа дейiнгi “бұратаналық” ер адамдарын шақыру жөнiндегi Жарлығы негізгі себеп болды. Қазақстанда байырғы халық - Сырдария, Ақмола, Семей, Жетiсу, Орал және Торғай облыстарында тұратын - қазақтар, өзбектер, тәжiктер, түрiкмендер, дүнгендер мен ұйғырлардан 390 мың адамы майдандағы тыл жұмыстарына жiберiлуге тиiс болды. Олардың iшiнен мемлекеттiк қызмет атқарып жүрген, жергiлiктi басқару буындарындағы қызметкерлер, түрлі оқу орындарында оқып жүрген жастар мобилизациядан босатылмақ болған-ды. Губернаторлар қорғаныс кәсiпорындарында iстейтiн адамдарды, отын тасушыларды, кеме компанияларының қызметшiлерiн және басқаларын әскерге шақыруды кейiнге қалдыруға рұқсат алды.
Кейiн үкiметтiң әскерге тарту жөнiндегi шараларын орындауға байланысты мобилизациялаудан босатылатын адамдардың шеңберi едәуiр шектелді. Болыс және село мен ауылдарды басқарушылар, атқамiнерлер, молдалар, имамдар мен мүдерiстер, байлар, “байырғы” халықтан шыққан төменгi шіндегі полиция қызметшілері, дворян және құрметтi азамат құқы барлар да осы шарадан босатылды.
Бұл Өкімді орындау мақсатында жергілікті болыстар, ауыл старшындары мен жоғарғы топ әскерге жарамды жасындағылардың тiзiмдерiн жасауға кiрiстi, соның өзiнде тiптi майдан жанындағы қара жұмыстарға күштеп жіберудің мәнiн халық арасында түсіндіру шаралары да жеткіліксіз болды. Қазақ арасында туу туралы және адамдардың жасын анықтайтын басқа да мәліметтердің болмауын шолақ белсенділер өз мүддесіне шебер пайдаланып, жарлы жақыбай, кедей жiгiттерін жасын ескермей майдан қатарына жіберілетін тiзiмге енгiзiп, байлардың балаларының жасын өз дегенiнше ұлғайтып немесе төмендетіп көрстеу арқылы әскер қатарынан босатты. Жер-жердiң заңсыздық етек алып, адамдарды майдан жұмыстарынан босату үшін пара беру арқылы әрекеттері кең қанат жайды. Орталық үкiметтiң ресми шешімін бүркеніп, үстем топтар өздерiнiң және жақындарының орнына басқа жiгiттердi қосты немесе өздерiне толық қарыздар адамдарды - борышкер кедейлердi “реквизициялауға” күштеп иландырды. Ауыл әкiмшiлiгi “реквизицияланатын” адамдардың тiзiмiне өздерiне пайдасы жоқ адамдардың да (көбiнесе кедейлердiң) балаларын енгiздi.
Осының барлығы Қазақ даласын көтерiлiс жалынына шарпыды. Көтерiсшiлер майдан жұмыстарына шақыру жасындағылар тiзiмдерiн күш арқылы қолға түсiрiп, тіпті жойып жiберiп отырды. Сонымен қатар болыстарды, ауыл старшындарын, “құрметтi” ақсақалдарды және басқа қызмет адамдарын өлтiрдi, iрi байларға шабуыл жасап, өсiмқорлардың үйлерiн өртедi, қарыздарлардың қолхаттары мен сенім қағаздарын, жердi сату құжаттарын, салық қағаздарын өртедi. Мысалы, 11 шiлдеде Ақмола уезiндегi Бiрмола деген жерде көтерiлiсшiлер патша әскеріне ат көлігін жинап жүрген пристав пен қолхат жүргізушіні соққыға жықты; 12 шiлдеде Қостанай уезiнiң Бестөбе болысының шаруалары болыстың ауылына шабуыл жасап, болысты өлтiрдi; 22 тамызда сол уездегi Аққарға болысында “патша үкiметiне мойынсынуға кеңес бергенi үшiн” “құрметтi” ақсақал өлтiрiлдi.
Сойылмен, пышақпен, орақпен, шалғымен, балтамен, қолдан жасалған мылтықпен, қылышпен қаруланған көтерiлiсшiлер билеушi топтардың ауылын талқандап, малын айдап кетiп отырды. Шiлде айының соңына қарай Верный уезiнiң Шығыс және Батыс Кастек болыстарында олар байлардың жылқысын айдап кеттi; 17 қыркүйекте 200 адамнан құрылған отряд Павлодар уезiнiң iрi мүлік иегері Шормановтың ауылын шауып, оның 4 мың жылқысын айдап әкеттi; қазан айының iшiнде Ырғыз уезiнде көтерiлiсшiлер байлардың жылқысын талай рет айдап әкетiп отырған.
Тамыз-қыркүйекте Жетiсу, Ақмола, Семей облыстарында, әсiресе Торғай өңiрiнде бұқаралық бас көтерулер бет алды. Қарулы көтерiлiсшiлер топтары қалыптасып, олар мемлекеттiң жазалаушы әскери құрылымдарына қарсы табанды ұрыс жүргiздi. Көтерiлiстi толастату мақсатымен үкiмет тарапынан қабылданған: «1916 жылғы 20 маусымдағы “биылғы жылдың егiнiн жинап алғанға дейiн” әскер қатарына шақыруды тоқтата тұру жөнiндегi; 30 шiлдеде жер-жердiң бәрiнде әскер қатарына шақырудың басталуын 1916 жылғы 15 қыркүйекке дейiн қалдыру жөнiндегi ресми құжаттарға қарамастан уақыт өткен сайын жер-жердегi ұлт-азаттық көтерiлiс ұлғая түстi.
Жетiсу облысындағы көтерiлiс. Мұнда 1916 жылғы шiлде айының басында Жаркент-Тараншы болысының Городское селосындағы тылдағы жұмыстарға шақырылу туралы үкiмдi орындаудан қазақ, ұйғыр және дүнгендер бас тартты. 11 шiлдеде Жаркент уезiндегi Иванов болысының тұрғындары болысты және басқа қызмет адамдарын тұтқынға алды. Нарынкөл-Шарын учаскесiндегi барлық болыстық кеңселерде әскерге шақырылатындардың тiзiмдерi құртылды. Осы жылдың 7-8 шiлдесiнде Верныйдың маңындағы (Үшқоңыр) және онымен шекаралас болыстардағы қазақ халқының өкiлдерi съезiнде тұрғындардың “реквизицияға” көзқарас туралы мәселе қаралды. Онда жастар майдан жұмысына жiберiлмесiн, әкiмшiлiк тарапынан күштеу шаралары қолданылған ретте телеграф бұзылсын, “майдан жанындағы қара жұмысқа жіберілетін” адамдардың тiзiмi жойылсын деген шешiм қабылданды.
Жетiсу облысында қарулы қарсыластық шiлде-тамыз айларында кең қанат жайса, ал 17 шiлдеде империялық үкімет тарапынан Жетiсу мен Түркiстан өлкесiнде соғыс жағдайы жарияланды. Патша үкiмет орындары мұнда iрi әскери күштердi жеткiзе бастады. Жергiлiктi гарнизондарды нығайтып, көтерiсшiлердi жазалау үшiн Жетiсудың қоныс аударған халқының дәулеттi топтарынан қарулы жасақтар құрды. Ауқымды iрi қақтығыстары Асы мен Қарқара жайлауларында, Самсы станцасы маңында, Қастек, Нарынқол, Шарын, Қорам өңiрлерiнде, Лепсi оязының Садыр-Матай болысында және басқа жерлерде болды. Қыркүйек пен қазан айлары басында барлық жағынан жазалаушы әскери құрамалар қыспаққа алған жетiсулық көтерiлiсшiлердiң едәуiр бөлiгi табан тiрескен шайқастармен шегiнуге мәжбүр болып, сөйтiп, олардың бір шамасы Батыс Қытайға өтiп кеткен.
Жетiсудағы көтерiлiс басында қазақтың көрнектi демократияшыл сауатты, бiршама революциялық сындардан өткен Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев және Н. Сатыбеков ж.б. азаматтар болған. Жетiсу облысында патша әкiмшiлiгiне қазақтар ғана емес, олармен бiрге ұйғырлар мен дүнгендер де белсендi қатысқан, осының өзiнде қозғалыс қарулы соқтығыстар сипатына ие болды. Жетiсулықтар отаршы үкiмет әскерлерiне қарсы батыл ұрыс жүргiздi.
Жазалаушылармен соңғы ұрыс 1916 жылғы қыркүйектiң аяғында Қапал уезiндегi Вежа өзенiнiң маңында болды. Көтерiлiсшiлердiң әскерлерi жеңiлiске ұшырап, қалғандары тауға кеттi. Бұл аймақтағы көтерiлiс 1916 жылғы қазанда басып-жаншылды. Патша жендеттерi көтерiлiсшiлердi ғана емес, бейбiт халықты да жазалады. Ондаған қазақ және қырғыз ауылдары қиратылып талан-таражға түсті. Ресей отаршы үкiметiнiң әскерлерi қудалаған 300 мыңнан астам қазақтар мен қырғыздар туған жерiнен көшiп кетуге мәжбүр болған.
Көтерiлiс басшыларының кейбiреулерi ғана жазалаудан жасырынып аман қалды. Неғұрлым табанды қарсылық көрсеткен ауылдар күйзелдi. Олардың малын айдап әкетiп, мүлкiн талан-таражға салды. Сотсыз-тергеусiз атылғандарды, жазалаушылар мен қаралаушы әскерлердiң қолынан қаза тапқандарды есептемегеннiң өзiнде әскери сот бекiткен үкiмдерi бойынша ғана Түркiстан өлкесiнде 1917 жылғы 1 ақпанға дейiн 347 адам өлiм жазасына, 168 адам бас бостандығынан айрылып жер аударылса, 129-ы бас бостандығынан айрылған. Ал ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі ошағы, яғни Торғай және Батыс Қазақстан өңірлері тұрғындарының жазаға тартылғаны орташа есеппен келтірілген мәліметтерден бірнеше есе артық.
Сырдария, Ақмола, Семей, Орал облыстарындағы және Бөкей ордасындағы толқулар бұқаралық бас көтерулер “бұратана” халықты тылдағы жұмыстарға күштеп тарту туралы патша үкiмi жарияланғанан кейiн iле басталған едi. Алғашқы толқулар 11 шiлдеде Ташкенттегi қазақ, өзбек және қырғыздар арасында өрiс алды. Көтерiлiсшiлер билеушi топтар мен Ресей әкiмшiлiк өкiлдерiн жазалады, болыстардың мал-мүлкiн құртып, полиция және үкiмет әскерлерiмен соқтығысты.
Сол кездегi әскери басшылардың деректерiнде “тәртiпсiздiктердi байырғы әкiмшiлiк шендерiнiң тылдағы жұмысқа алынатын жұмысшылардың тiзiмдерiн жасауына қарсылық көрсетiлуiнен көрдi, соның iшiнде байырғы әкiмшiлiктiң шендi алты адамы өлтiрiлдi” делiнген. 24 маусымда елең-алаңда құрамында 50-ге тарта адамы бар қазақ әскери құрамасы билеушінің үйiне (Перовск уезi) шабуыл жасап, тіпті болыстың өзiн және іс-қағаз жүргізушісін (писарь) өлтiрген. Сонан соң қарсылықтық жер-жерге тарап кеткенi жөнiнде бiр хабарламада: «Болат болысында 5 мыңға тарта адам бар қыруар тобы жиналып жатыр; Шымкент жолы бойында 7-8 мыңнан құралған тобырдың жиналып жатқаны байқалады»,- деп баяндалған.
1916 жылғы тамыз айының басында көтерiлiс Сырдария облысының барлық уездерiн қамтыды. Көтерiлiсшiлер уезд орталықтарына таяу жерлерге жиналып, казак әскер топтарына шабуыл жасап отырды. Әулиеата уезiнiң жекелеген аудандарында (Мерке маңында), Алматы, Арғын, Аспары, Ашын және Ботамойнақ-Алмалы болыстарындағы Шымкент уезiнiң Ақсу, Қаракөл болыстарындағы көтерiлiс ұзаққа созылды. Осы жылғы қыркүйектiң аяқ шенiнде Сырдария облысындағы көтерiлiс аяусыз басылып-жаншылды. Жекелеген ауылдар отаршы үкiметi орындарына бағынбай, Торғай облысына қоныс аударып, мұнда Аманкелдi Иманов көтерiлiсшi құрама қатарына қосылды.
Қазақстанның басқа да өңiрлерiндегi сияқты Ақмола және Семей облыстарында көтерiлiстiң мобилизацияға ашық қарсылық бiлдiру сипаты анық болды. Мәселен, 1916 жылғы 17 шiлдеде Шерубай-Нұра болысының қазақтары Н.Олжабаев пен Қ.Распаевтiң бастауымен болыстық үй-басы тiзiмiн болыс әкiмiнен тартып алды; Зайсанда, Баянауылда (Павлодар уезi), Қарқаралыда “бiрде-бiр қазақ қаралуға келген жоқ, тыл қызметіне шақыру міндеттілердің бәрi тығылып қалды”,- деп жазылған уез басшысының мәлімдемесінде.
Ақмола облысының 8 болысының көтерiлiсшiлерi негiзiнен Қорғалжын көлiнiң маңына жиналды, ал кейiн оларға Атбасар уезiнiң оңтүстiк-шығыс аймағындағы бес болыстың көтерiлiсшiлерi қосылған. 22 шiлдеде Петропавл, Ильинск, Смайыл, Меңгiсерi және басқа болыстарда тәртiпсiздiктер бой алды.
“Қырғыздардың неғұрлым көп тобы Зайсан уезiнде (бiрнеше топ, әрқайсысында мың адамнан астам), Семей уезiнде - 7 мың адамнан құралған топ, Өскемен уезiнде-кейбiреулерiнде 3 мыңға тарта адам басы біріккен бiрнеше топ, Ақмола уезiнде, Қорғалжын көлiнiң маңында және Ереймен тауларында - 5 мыңға тарта, Атбасар уезiнде, Ұлытау маңында - 7 мың адам, Қосағаш ауданында 2 мыңға тарта қырғыз жиналған”,- деп баяндалған Омбы әкiмшiлiгi хабарламасында.
1916 жылғы 26 қыркүйекте Көкшетау уезiндегi Қожас деген жердiң маңында көтерiлiсшiлер казак әскерлерiнiң отрядына шабуыл жасады. 27 қыркүйекте Ақмола уезiнiң Қоржынкөл болысында да қарулы қақтығыс болды. Ал қазанның 3 - 4-ші жұлдыздарында осы уездiң Айнабұлақ деген жерiнде жазалаушы отрядтармен екi iрi ұрыс өттi. Көтерiлiсшiлердiң жанқиярлы іс-қимылдарына қарамастан, озық қарумен жасақталған патша әскерлерi 1916 жылғы қазан айының аяғында Семей және Ақмола облыстарында көтерiлiсшiлердi баса алды. Бұл соққыдан кейiн олардың бiраз тобы Торғай уезiне өтіп Аманкелдi Имановтың отрядына қосылып 1917 жылға дейiн Атбасар көмiр өндіруші кендерi маңында қарсылықты жалғастырды.
Ақмола және Семей облыстарындағы көтерiлiс басып-жаншылғанымен, халықтың күресi жалғаса бердi. Кең қанат жайған қуғын-сүргiнге қарамастан, әскер қатарына шақырылуға тиiстi ерлер жинақ нүктелерiнен келуден жалтартты. Семей облысы бойынша 5 қарашаға дейiн майданға аттануға тиiстi 85479 қазақтың 50479-ы жинақ орындарына барудан бас тартты.
Осы жылдың шiлде-тамыз айларында Орал облысы мен Бөкей ордасында да патша үкемiтiнiң бұл жарлығына ашық тіпті қарулы қарсылықтар болып өттi. Орал облысы бойынша майдан жанындағы қызметке шақырылуға тиiстi 50270 адамның iшiнен 32 мыңнан астам жiгiт шақыру орындарына келуден бас тартқан. Бөкей ордасында, Темiр және казіргі Атырау (Гурьев) уездерiнде қозғалыс 1916 жылғы шiлденiң орта шенiнде жазалаушы отрядтарға қарсы қарулы соқтығыстарға ұласты. Қозғалыс әсiресе Темiрде, Маңғыстау көшпелi тұрғындары арасында ерекше қарқын алып тіпті бұқаралық шеңберге дейін ұлғайған. Бұл қозғалыстар ұйымдық жағынан әлсiз болып оған қатысушылар көбінесе өз бетімен іс-әрекет жасаған.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiстiң ең бұқаралық, ұзақ мерзімге созылған, табанды және ұйымдасқан көтерiлiсi Торғай облысының Торғай, Ырғыз, Ақтөбе және Қостанай жерлерінде болды. Көтерiлiсшiлер поштаға шабуыл жасап, темiр жол төсенішін бұзу әрекеттерін қолданған. Болыс басқармаларын ұрып соғып кейбіреулерін өлтiруге дейiн барған. Оған халыққа өзінің айбынды және төзімсіз іс-шеберлігімен танылған Аманкелдi Иманов басшылық еттi. Ол 1873 жылы Торғай уезiнiң Қайдауыл болысындағы ауылдардың бiрiнде, кедей отбасында дүниеге келген едi. Әкесiнен ерте айрылған ол байлардың есiгiнде жүрiп, бала күнiнен-ақ жоқшылық пен мұқтаждықтарды көп көрдi.
Аманкелдiнiң өзiн сардарбек (бас қолбасшы) деп атады. Көтерiлiсшiлер бақылайтын аудандарда бұрынғы ауыл-болыс әкiмшiлiгi басқарудан шектетiлiп, үкiмет билiгi iс жүзiнде көтерiлiсшiлердің қолына көштi. Қазан айының аяғында көтерiлiсшiлер Ырғыздан Торғай мен Қарабұтақ елді мекендеріне дейiн барлық пошта бекеттерi мен байланыс желiсiн өз қолдарына алған.
22 қазанда А. Иманов бастаған 15 мың көтерiлiсшi Торғай қаласын үш күн бойы қоршап қалаға үш бағыттан шабуыл жасаушы генерал-лейтенант А. Лаврентьевтiң жазалаушы әскер тобына қарсы тұрды. Отарлаушы үкiметтiң жазалаушыларының қаруланған негiзгi күштерi жақындап қалғандығы туралы хабар алып, көтерiлiсшiлер Торғайды қоршауын қойды және патша әскерлерi құрамаларының алдынан шықты. Көтерiлiсшiлер мен жазалаушылардың арасындағы айқастар Татыр, Ақшыған, Доғал-Үрпек, Күйiкті деген жерлерде өткен аса шиеленісті жәйтте өткен. А.Имановтың штабы орналасқан Батпаққара маңындағы ұрыстар аса шиеленiстi өтіп, 1917 жылдың ақпан айының екiншi жартысында кең құлаш жайды. Cол шайқастарда көтерiлiсшiлер ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясын қарсы алған.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс сипаты жағынан қазақ халқының патша үкiметiнiң отарлау саясатын жүргiзу барысында жойылып кеткен дәстүрлi саяси құрылымды қалпына келтiруге бағыт алған шаралар iске асырылды. Сөйтiп, Торғай өңiрiндегi көтерiлiсшiлер Әбдiғаппар Жамбосын ұлын хан көтерiп, Иран, Ауғанстан сияқты елдер мен елшiлiк және басқа да еларалық қатынас орнатуға да ұмтылыстар болған.
1916 жылғы халықтың ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң маңызы. ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық көтерiлiс бүкіл қазақ халқы мен Ресейдің империялық езгісіндегі аймақтардың ғасырлар бойы армандап, бостандықты аңсаған күреске қосылған сүбелi үлес, ол бүкiл әлем және қазақ тарихында маңызды орын алады. А.Иманов пен оның рухани ақылшылары және әрiптестерi қазақ халқын өз уақытында Сырым Датов, Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемiсов, Маңғыстау, Қазалы аймағындағы бас көтерулер, Кеңесары мен Наурызбай Қасымовтар бастаған тәуелсiздiк жолындағы күрес деңгейiне дейiн көтердi. Кеңесары Қасымовтың басшылығымен болған ұлт-азаттық қозғалысынан кейiн бiрiншi рет 1916 жылы көтерiлiс қазақ елiнiң барлық аймақтарын қамтып, кең көлемдегi азаттық қозғалыс сипатын алды. Көтерiлiс отаршылдыққа және империалиялық саясатқа қарсы бағытта өрбiдi. Халықты ұлттық және саяси жолындағы көтерiлiстiң басты мiндеттерiмен салыстырғанда бұл көтерiлiстiң таптық жағы (ауылды билеуші топтарына қарсы күрес) екiншi кезектегi мәселе болып қалды.
1917 жылдың басында Ресей елiндегi халықтың билік орындарына наразылығы тереңдеп ашық қарсылыққа ұласа бастаған. Осы жылдары большевиктер партиясы бiрiншi дүниежүзiлiк соғысты бұқараның отарлаушы мен қанаушыларға қарсы азамат соғысына иландыру ұранын насихаттап оны жаңа сатыға көтере бiлдi. Осы кезеңнің тағы бiр ерекшелiгі ол империялық үкiметке ызалы халықтың большевиктер бағдарламасын iшiнара қолдауында болды. Отарлық үкiмет бұндай саяси әрекеттерден сескенiп, түрлi айла-шаралар iздедi. Революциялық дағдарыстың пiсiп-жетiлiп келе жатқандығы ұлт аймақтарында, оның iшiнде Қазақстанда да құлаш жаяа бастады.
1917 жылы 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық- демократиялық революция жеңiске жеттi. Үш ғасырға жуық Еуразия кеңістігін жұдырығында ұстаған Романовтар әулетінің билігі құлатылып, үкiмет басшылары мен билік басындағы шенеуініктер орындарынан босатылып тұтқынға алынды. Бүкiл Ресей империясы мен Қазақстанда қос (Уақытша үкiмет пен Кеңестер) үкiмет орныға бастады. Патша үкiметiнiң құлатылуын Қазақстан еңбекшiлерi саяси және ұлттық егемендік алудың бастамасы тұрғысынан қабылдады. Революцияшыл халық бұқарасының белсендi қимылдары нәтижесiнде өлкеде бұрынғы үкiмет мүшелері биліктен қуылып, тұтқынға алынды. Буржуазиялық-демократиялық сипаттағы ақпан революциясының жеңiсi қазақ халқының саяси белсендiлiгiн арттырды.
Уақытша үкiметтiң Қазақстандағы жергiлiктi органдары қазақ құрамалары мен билеушi топтарына, ауылдардағы бай-манаптарға арқа сүйеп, жұмысшылар мен еңбекшiлердiң революциялық шабытын саябырыстуға тырысты, ал халықты әртүрлі әдіспен тонау әрекеті жалғаса бердi. Оларды империалистiк соғыстың ауыртпалығын өз мойындарымен көтеруге мәжбүр еттi. Тарихи объективтілікке қайшы революция нәтижесінде Уақытша үкiмет Қазақстанда самодержавиенiң бұрынғы саясатын жалғастырды. Ол Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 ж. көтерiлiстi басып-жаншыған жазалаушы отрядтарға қатысушыларды ақтау жөнiнде қаулы қабылдады, жергiлiктi жерлерде бұрынғы уезд бен болыс бастықтары, губернаторлар ендi қайта комиссарлар, азаматтық комитеттердiң төрағалары бола бастады. Қазақтарды саяси құқықтарынан айырған ескi заңдар күшiнде қалып, орасан зор жер иелiктерi мен казак әскерiнiң солбұрынғы әлеуметтiк артықшылықтары өзгеріссіз қала бердi. Қазақ халқының таңдаулы жерлерiн тартып алушы- қоныс аудару басқармасының қызметi әрі қарай өршіп, қазақтарды ата қонысынан күштеп шеттету жалғасты.
1916 ж. көтерiлiске қатысушыларды патша үкiметi қантөктiре жазалағаннан кейiн Қытайдан қайтып орала бастаған қазақ пен қырғыздарға Уақытша үкiмет тек 100 сомнан жәрдем бердi. Жергiлiктi орыс ұлтшыл-шонжарлар бұл жағдайды пайдаланып, осындағы жергіліктi халықты тонаумен шұғылданды, зорлық-зомбылық жасап, олардың жерлерiн тартып алып отырды. Мысалы, Уақытша үкiметтiң Жетiсудағы комиссары Шкапский “татуластыру жөнiнде ешқандай сөз болуға тиiстi емес, сондықтан қырғыздар (қазақтар) көшiрiлiп жiберiлуi керек”, - деп шегелеп мәлiмдеген.
Қазақстанда Кеңестер 1917 ж. наурыз-мамыр айларында Семей, Әулиеата, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Павлодар, Орал, Өскемен, Атбасар, Ақтөбе, Түркiстан және т.б. жерлерде құрылып билік басына келе бастаған. Сан жағынан мемлекет басындағы Кеңестердiң құрамында жұмысшы мен шаруа депутаттары басым, ал олардан кейiнгi орындарда меньшевиктер мен эсер партиясының өкiлдерi болған. Осы кезде Уақытша үкiметтiң жергiлiктi органдары қалыптасты. Уақытша үкiметтiң облыс және уездегi басқару құрылымдарын көбiнесе патша шенеуініктерi, эсерлер, меньшевиктер және ұлтшылдардан тұратын комиссарлары қолына тидi. Сайып келгенде Уақытша үкiметтiң жергiлiктi өкiлдерi басқару әдiс-тәсілдерi жағынан революцияға дейiнгi патша әкiмшiлiгi қалың бұқараға көзқарасы сол күйінде қала берген.
Ресейдегi Ақпан революциясынан кейiн Қазақстандағы большевиктер тобы да ұйымдастырушылық және үгiт-насихат шараларын ашық жүргiзуге мүмкiндiк алды. Орынбор және Торғай аймақтарында П.Кобозев, Ә.Жангелдин, А.Коростелев, Ақтөбеде В.Ф.Зинченко, Перовскiде А.В.Черняхов, Оралда П.Парамонов, П.Дмитриев, Шымкентте Н.Морозов, Семейде П.Салов, Петропавлда К.Сутюшевтер халық арасында саяси-ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргiздi. Большевиктер партиясының қатарына С.Сейфуллин, Б.Серикбаев, Т.Рысқұлов, С.Арғыншиев және басқалары болған. Олар Уақытша үкiметтiң саясатының мәнiн халыққа анық түсіндіруге күш салып, революция қарсыластарын әшкереледi, елдегi патша саясатына қарсы халық топтарын күреске жұмылдырды.
Осы кезде қазақтың ұлттық зиялылары басқарған облыстық және уездiк комитеттерi де ұйымдастырылды. Облыстар мен уездерде Уақытша үкiметтi қолдаған Сiбiр, Орынбор, Орал және Жетiсу казак әскерлерi және станицаларының қанаушы басшы топтары үкiметiнiң органдары – казактар комитеттері құрылды. Татар, өзбек және ұйғыр саудагерлерi мұсылман алқаларына топтасты. 1917 жылы 7 наурызда Верныйда З.Тазетдиновтың басшылығымен жалпы мұсылмандар алқасы құрылған.
Қазақстанның әр аймақтарында оқушы қазақ жастарының мәдени-ағарту iстерiмен айналысатын үйiрмелерi мен ұйымдары қалыптасады. Мысалы, 1915-1917 жж. 20-ға жуық үйiрмелер мен топтар құрылып, халық арасында сол заманның өзекті мәселелерi туралы мәдени-көпшiлiк шаралар ұйымдастырды. Олардың арасында Орынборда “Еркiн дала”, Омбыда “Бiрлiк”, Оралда “Жас қазақ”, Троицкiде “Үмiт” тағы басқа жастар ұйымдары баянды қызмет атқарған. Нақты сыналған бағдарламалары болмаса да бұндай үйiрмелер ұлтты отарлық езгiден азат етудi шын пейiлдерiмен қалады, қазақтың бiлiм алуын талап еттi, ұлттық бiрлiк, бостандық пен тәуелсiздiк идеяларын оятуға ұмтылды. Олардың iшiнде Әулиеата уезiнде Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған “Қазақ жастарының революцияшыл одағы” қазақ қоғамында экономикалық, саяси-әлеуметтік жаңалықтар енгізуге бiршама талпыныстар жасаған.
Бұл кездегi Ресей империясын түгелдей қамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында Орынбор қаласында осы өңірдің зиялыларының белсенділігімен кеңестер өткізіліп, кезек күттiрмейтiн ұлттық мәселелерге байланысты бiр орта тұжырымға келу үшiн жалпы қазақ съезiн шақыру туралы шешiм қабылданды. “Қазақ” газетi арқылы ұлттық және құқықтық езгідегілерге арнайы үндеу жолданды. 1917 жылы 21-26 шiлдеде Орынборда өткен Бүкiл қазақтар съезінде “Алаш” партиясы құрылып оның басшы органдары сайланды. Партияның басқару орындарына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел және Жанша Досмухамедовтер, Халел Ғаббасов т.б. сайланды. Сол жылы 5-13 (18-26) желтоқсанда Орынборда өткен екiншi съезiнде Қазақтың автономиясы - Алаш Орда үкiметi - Ұлт Кеңесi құрылды.
Алаш Орда үкiметiнiң құрамына 15 адам сайланды, ал Халық Кеңесi төрағасы болып Әлихан Бөкейханов тағайындалды. Үкiметтiң алдына қойған бағдарламалық мақсаты ұлттық бiрлiктi нығайтып оны насихаттау болатын. Қазақ зиялыларының осындай қоғамдық өмір мен мемлекеттік идеясын өмiрге әкелуi отаршылдық езгiдегi халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған және әбден пiсiп-жетiлген тағдырлық аңсауларының айқын көрiнiсi еді.
Қазақ халықының ұлттық және әлеуметтік-экономикалық мұңын түсiнiп, сол арқылы оларды егемен идеясына табындырған саяси ұйым - социал-демократтардың бөлiгi, большевиктер партиясы болды. 1917 ж. наурыз айынан бастап бұл партия жұмысын ашық жүргiзуге мүмкiндiк алып, олардың саяси-көпшiлiк шараларына Ташкенттiң, Орынбордың және Омбының большевиктерi басшылық жасады. РСДЖП-ның Перовск, Қазалы, Ақтөбе, Орал, Петропавл, Семей, Шалқар, Шымкент т.б. қалалардағы және Қазақстанның темiржол, кен орындарындағы ұйымдары топтастырылды.
Табанды әрi шыдамды және ұтымды әдістерді қолданған большевиктер ұйымдары мен жеке тұлғалары этникалық және әлеуметтік-экономикалық езгідегі қалың бұқараны өз мақсаттарының айналасына топтастыра бiлдi. Көптеген қалаларда, темiр жол бойында, әсiресе Орынбор, Перовск, Петропавл, Орал, Ақтөбе, Гурьев, Маңғыстау т.б. орталықтарда большевиктер партиясының ұйымдары белсендi және табанды қызмет атқарды.
Ақпан революциясы жеңгеннен кейiн Қазақстан халқының атаулы табысы сол – кәсiподақтардың жүйесi қалыптасып, жер-жерде оның ұйымдары құрыла бастады. Олардың қалыптасуында Орынбор-Ташкент темiр жол торабы жұмысшыларының құрылтай съезi және Омбы темiр жол торабы қызметшiлерiнiң I-съезi маңызды болды. Cол съездерде бiрқатар саяси және экономикалық өзекті мәселелердi, яғни Уақытша үкiмет пен соғысқа көзқарас туралы, жұмыс күнi ұзақтығын 8 сағатқа келтіру, жұмысшы, солдат және шаруалар депутаттары Кеңестерiн сайлау туралы, революцияға қарсылармен күрес жүргізу туралы, Құрылтай жиналысының кажеттiлiгi, зейнетақымен қамтамасыз ету және басқа мәселелер талқыланды.
Большевиктер билiкке келген алғашқы кезден-ақ ұлттық мүдденi басты мұрат деп есептеген Қазақстандағы бұл қозғалыстар мен Алаш партиясын пролетарлық революцияның салтанатты шеруi жолындағы кедергi деп бағалаған. Бұл бағыт оның iшкi және сыртқы саясатында ашық немесе айқын көрiнiп, әсiресе елдегі И.Сталиннiң дербес билiгi орнағаннан кейiнгi кезеңде жетекшi, шешушi бағытқа айналды. Соның нәтижесiнде бұрынғы империяның шет аймақтарында дами бастаған қозғалыстарға үзiлдi-кесiлдi тежеу салынды.
1917 ж. 24 қазанында (6 қараша) большевиктер партиясы жетекшілігімен Петроградта қарулы көтерiлiс басталды. Ертеңiне көтерiлiсшiлер сол кездегі империя астанасы Петербордың аса маңызды орындарын басып алды. ХХ ғасырдың басындағы бұл тарихи оқиға бүкiл елде, кейiн дүние жүзiнде кешенді саяси-экономикалык, әлеуметтік радикалды өзгерiстерге әкелiп соқтырды. Осы оқиға бүкiл елде, Ресейдiң орталық аудандарында оның ұлттық аймақтарында Кеңес үкiметiн құрып оны нығайту ұйымдық саяси шараларымен жалғасты. Бұл саяси процесс әр аймақтың түрлі ерекшеліктері аясында өттi (қан төгiссiз және карулы күш қолданып зорлық-зомбылық әдістерімен).
Қазан оқиғаларынан кейiн елдегi бүкiл билiк жұмысшы, солдат, шаруа депутаттарының қолына берiлдi деп ресми жарияланды және сол арқылы халықтың әр түрлi топтары мен ұлттардың келешектегi тағдырына байланысты бұрын болмаған зор үмiт-сенiмге жол ашты. Империяның жұмысшы, шаруа, солдаттар қалың бұқарасы елдi соғыстан бұрын, соғыс жылдарында жұтаңдық пен мұқтаждық зардаптарын шешiп әбден қажыған олардың жағдайын жақсартуға ендi айқын жол ашылады деген декларациялық желеудi жан-жақты насихаттады. Ресейдiң қол астында болып келген орыс емес халықтардың еңбекшi бұқарасы Қазан саяси оқиғасынан кейiнгі жылдары экономикалық-әлеуметтiк күйзелiстен шығумен бiрге отаршылдықтың бұғауынан босанып, тәуелсiздiк алатын үмiтте болды. Большевиктер партиясы өндіріс жұмысшылары мен шаруаларға, бейбiтшiлiк - бүкiл халыққа деген ұран тастай келе, Ресейге тәуелдi болып келген халықтар жөнiнде жаңа саяси бағдарламасын белгiлеп барлық ұлттар мен ұлыстарға, этностарға теңдiк пен бостандық, азаттық жария етіп, оларды жаңа мемлекет құрамында бола беруіне шақырды.
Қазан қарулы көтерiлiсiнiң Петроградтағы жеңiсiнiң және орталықта, сондай-ақ Қазақстанмен iргелес iрi қалалар - Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань қалаларында Кеңес үкiметiнiң орнауының бүкiл үкiмет билiгiнiң мемлекеттi басқарудың жаңа түрiне көшiрiлуі маңызды болды. Бiздiң елiмiзде Кеңес үкiметiнiң орнауы төрт айға, яғни 1917 ж. аяғынан 1918 ж. наурызына дейiн созылды. Жаңа үкiметтiң орнауы өлке халқының әлеуметтiк-экономикалық және рухани дамып өрлеуіне, жергiлiктi саяси-қоғамдық ұйымдарының әлсiз болғандығынан, ұлтаралық қатынастардың күрделiлігiнен туған қиыншылықтарына орай шиеленiсе түстi. Өлкеде жаңа үкiметiнiң жеңiске жетуiнде солдат депутаттары Кеңестерiне бiрiккен жергiлiктi әскери гарнизондардың және Ақпан революциясынан кейiн Қазақстанға майданнан әлеуметтік және этникалық түрлi топтар өздерiне - бейбiтшiлiк, ал шаруаларға - жер беруге уәде еткен үкiметтiң болуына барынша қолдау көрсетiп, оның орнауында маңызды рөл атқарды.
Орал, Жетiсу, Сiбiр және Орынбор казак құрамаларының аласапыран кезінде пайда болған үкiметтерiнің жаңа билікке қарсы табанды күресі, сондай-ақ Қазақстанның әр түрлi қалаларында (Оралда) орталық аудандардан қашқан бұрынғы Уақытша үкiмет жақтастарының шоғырлануымен жалпы ел iшiндегi саяси жағдай одан бетер шиеленiсе түстi.
Ресей орталық аудандарынан Қазақстанға ақыл-кеңес беру мақсатымен Ә.Жангельдин, В.Чекмарев, П.Кобозев және т.б. төтенше комиссарлардың келуi Кеңес үкiметiн жақтап, қазақ халқының арасынан Әдiлбек Майкөтов, Бекен Серiкбаев, Сәкен Сейфуллин, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Әбдiрахман Әйтиев сияқты көптеген күрескерлердiң қалыптасуына себепкер болды. Қазақстандықтардың жаңа өмiр жолындағы күресiне басқа ұлт өкiлдерi К.Шугаев, П.Салов, П.Виноградов, С.Журавлев, П.Басов, И.Дубынин тағы басқа ондаған азаматтардың ат салысып Кеңестердiң Қазақстан билік басына келуіне жол ашты.
Төңкерiстi қолдайтын күштер басым болған жерлерде жергiлiктi кеңестер большевиктер жағына бүтiндей шықты. Ал қызыл әскер жасақтары бар аудандарда үкiмет билiгi большевиктердiң Кеңесте көпшiлiк орынға ие болуы арқылы жүзеге асты. Мұндай жағдай Қазақстанның солтүстiк-шығыс облыстарының көптеген аудандарында, Сырдария және Бөкей ордасында болды. Қазан 1917 ж. революция (төңкерiс) қарсыластарының күштерi көбiрек шоғырланған Орынбор, Орал, Жетiсу облыстарында үкiмет билiгi жұмысшылар мен шаруалардың қолына қарсылық көрсеткендердi жою арқылы, осы күресте жанын пида еткен құрбандықтар арқасында ғана тидi.
Уақытша үкiметтiң жақтастары едәуiр күшке ие болған Торғай, Орал, Семей және iшiнара Жетiсу облыстарында iстiң барысы басқаша өрбiдi. Көптеген жерлерде, соның iшiнде облыс орталықтары мен уездiк қалаларда кеңеc үкiметi қызыл гвардияшыл отрядтардың және жергiлiктi гарнизондардың большевикшiл солдаттарының күштерiмен қарулы көтерiлiстерге барып, Уақытша үкiметтiң жергiлiктi органдарының және олардың одақтастарының қарсылық көрсеткен күштерiн басып-жаншу жолымен орнатылды.
1917 ж. қазан айының соңынан бастап 1918 ж. наурыз айына дейiн Кеңес үкiметi негiзiнен алғанда Қазақстанның қалалары мен iрi елдi мекендерiнде орнатылды. Ал ауылдар мен селолардың басым көпшiлiгiнде Қазақстанда кеңес өкiметiн орнату процесi азамат соғысы басталғанға дейiн созылды. Қазақстанда кеңес өкiметiн орнату iсiне С.Сейфуллин, К.Сүтiшев, А.Асылбеков, Б.Серiкбаев, Ә.Майкөтов, С.М.Цвиллинг, Л.П.Емелев, А.Розыбакиев және басқалар неғұрлым белсендi қатысты.
Жалпы алғанда Кеңес үкiметi Қазақстан аймақтарына билiкке әр турлi кезеңдерде орнады. Перовск (Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары үкiмет билiгiн 1917 жылғы 30 қазанда (12 қарашада) өз қолына алды. Ол кезде бұл үлкен әскери гарнизон орналасқан iрi темiр жолы торабы болатын. Сырдария облысында Кеңес үкiметiнiң орнатылуы, оның саяси-экономикалық және әкiмшiлiк орталығы Ташкент қаласында 1917 жылғы 31 қазанда iске асты. 1917 жылдың қараша айының орта кезiнде Кеңес үкiметi Черняев (Шымкент) қаласында билікке келді. Қараша-желтоқсан айларында Кеңес үкiметi Әулиеатада, Түркiстанда, Қазалыда, Арал поселкасында және облыстың басқа да iрi елдi мекендерiнде бейбiт жолмен орнады. Петропавл жұмысшы және шаруа депутаттары Кеңесiнiң темiр жол жұмысшылары мен бiрлескен қимылының арқасында 1917 жылы 12 қарашада Уақытша революциялық комитет құрылды, оның құрамына Ғ.Ыдырысов, Я.Побелянский, К.Сүтiшев және басқалар енген. Ал Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Семей, Өскемен сияқты казак әскери топтары басым өңiрлерде жаңа үкiметтiң орнауы бiраз қиындық, тiптi қантөгiске соқтырды.
Торғай облысының орталығы және Қостанай, Ақтөбе қалалары мен басқа да iрi елдi мекендерінде Кеңес үкiметi 1917 жылғы желтоқсан - 1918 жылғы наурыз аралығында орнатылды. Жаңа үкiметтiң бұл өңiрде билiкке келуiне А.Иманов, Қ.Қойдасов, В.Чекмеров, В.Зинченко және т.б. күрескерлер елеулі үлес қосқан.
Жетiсуда Кеңес үкiметiн орнату жолындағы тартыс бұндағы қарсылас күштерiнiң басым болуына байланысты 1918 жылдың көктемiне дейiн созылды. Жаңа билiк жүйесiнiң орнауына бұнда 1917 жылдың күзiнен бастап майданнан оралғандар мен басқа аймақтардан келген төңкерiс идеясын қолдаушылардың үлесi мол болды. Сол жылдары Верный жұмысшыларынан қызыл гвардия жасақтары құрылып, әскери-төңкерiс комитетiн құруға Т.Бокин, Т.Өтепов, Ж.Бабаев, А.Розыбакиев сияқты жергiлiктi халықтың өкiлдерi зор үлес қосты. Әскери төңкерiсті басқарған жұмысшылардың Қызыл ұлан жасақтары мен екiншi қазақ-орыс полкi жауынгерлерiнен құралған топтар және қала жұртшылығы қолдауымен наурыздың 2-нен 3-не қараған түнi Верный қаласында Кеңес үкiметi орнады. Осы айда Кеңес үкiметi Жаркент, Сергиполь (Аякөз), Талдықорған қалаларында, ал көкек айының бас кезiнде Лепсiде орнады.
Кеңес өкiметi орнауымен қатар Қазақстанда ескi билік буындары, оның iшiнде уақытша үкiметтiң комиссарлары, отаршыл әкiмшiлiк, қоныстандыру мекемелерi, бұрынғы сот жүйесi жойылып, үкiмет билiгi жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерi арқылы еңбекшілер құзырына өте бастады. Мұндай өзгерiстердiң болуына Қазақстан қалаларында құрылған революциялық комитеттердiң рөлi ерекше болды. Олар қызыл ұландар бөлiмдерiн, жұмысшы жасақтарын құрды, кедейлерге арқа сүйеп, бұрынғы билік қарсылығына тойтарыс бердi. Ревкомдар өз мiндетiн кеңестерге берiп жаппай тарап кеттi. Өкiмет билiгiнiң ескi құрылымы әуелi кеңестердiң қарамағына өтiп, араға уақыт салып аттарын өзгертiп бiрте-бiрте кеңес қарауына алынды. Мысалы, 1918 жылы ақпанда жұмысшы, шаруа, солдат, мұсылман депутаттары Ақтөбе Кеңесi қалалық басқарманы кеңес басқару орны етiп қайта құрып, қалалық думаны таратты. 1918 жылы 9 наурызда Семей облыстық Кеңесi дума мен басқармаларды таратып уақытша үкiметтiк уездiк комиссарларының мiндеттерiн жаңа құрылған кеңестерге жүктедi. Осы жылдың сәуiрiнде Түркiстан өлкесiнiң халық комиссарлар Кеңесi азық-түлiк басқармаларына тиiстi Кеңестердiң азық-түлiк бөлiмi етiп қайта құру жөнiнде үкiм шығарды. Қостанай уезiндегi шаруашылық иелiгi Кеңестiң қарамағына алынды. Ал аталған өзгерiстерге қарсылық бiлдірген бұрынғы земстволық, қалалық басқармалар дереу таратылды (Петропавл, Ақмола, Түркiстан, Өскемен, Верный, Әулиеата, Жаркент, Қапал, Лепсi) немесе олар Кеңестердiң қарамағына өттi (Қостанай, Перовск, Қарқаралы, Зайсан).
Ғасырлар бойы отарлау құрсағында болған халықтар Қазан революциясының нәтижесiнде жарияланған ұлттық бағдарламаны зор ықыласпен қабылдап, бiрiншi кезекте ұлттық-мемлекеттiк құрылыс мәселелерiн өткiрiрек талқылады. Осы кезде елдегi ұлт саясатының негiзгi ұстанымдары Кеңес үкiметiнiң маңызды екi құжатында - Ресей халықтары құқығның Декларациясы (1917 ж. 2 қараша) мен “Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшiлерiне” Үндеуiнде (1917 ж. 20 қараша) жарияланды.
Кеңестердiң III - Бүкiлресейлiк съезi қабылдаған (1918 ж. қаңтар) “Еңбекшiлер мен қаналушы халықтарының Декларациясында” Коммунистiк партия Кеңес республикаларын мемлекеттiк құрылым түрi ретiнде кеңестiк федерациялау үшiн ұстанған қағидаты нақты жүзеге асыруға шешiмдi қадамдар жасады. Ол тарихи құжат бойынша Кеңестiк Ресей Республикасы егемен ұлттардың еркiн одағы негiзiнде, кеңестiк ұлт республикалары болып құрылуы белгiлендi. РКФСР құрылғаннан кейiн iзiнше елдiң Шығысында жаңа автономиялық республикаларды құруға саяси-ұйымдастырушылық шаралар белгіленіп, нақты жұмыстар қолға алынды.
Қазақстандағы большевиктер ұйымдары мен Кеңестер бүкiлқазақ съездерiн шақыру аясында сүбелі шараларды іске асырған. Мазмұны және бағыт-бағдары жағынан бұл шаралар Кеңес үкiметiн нығайту жолындағы ауқымды бейбiт және қарулы күрес болды. Қазан революциясын және Қазақ мемлекеттiлiгiн кеңестiк негiзде құру идеясын “Алаш” партиясының жетекшiлерi ішінара мақұлдай білген. Олар қазақ болашағын либералдық-демократиялық тұрғыдан сараптап, өздерiнiң бағдарламалық көзқарастарын “Қазақ” газетiнiң 21 қарашадағы санында жариялады. Негiзiнен он міндеттен құралған бағдарламаны Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Ғабдухамит Жүндiбаев және Ғазымбек Бiрiмжанов т.б. қазақтың сол заманғы зиялылары құрастырған болатын. Бағдарламада бірінші кезекке мынадай талап-мақсаттар қойылған еді:
I. Мемлекет қалпы. Россия демократиялық, Федеративтік болу... Федеративтік республика мен мемлекеттiң iргесi дербес ал ынтымағы бiр болады. Әр қайсысы билік тiзгiнiн өз қолында ұстайды...
II. Жергiлiктi бостандық. Қазақ мекендеген облыстардың бәрi бiр ортаға жиналып, өз билігін жүргізіп, Россия республикасының Федерациясымен бiр болу...”Алаш” партиясы ғадiлдiкке жақ, нашарларға жолдас, жәбiрлерге жау болады...
III. Негiзгi құқық. Россия республикасында дiнге, қанға қарамай, еркек-әйел демей адам баласы тең болу.
Жиналыс жасауға, ұйым ашуға, жариялы еркін сөйлеуге, газет шығаруға, кiтап бастыруға еркiншiлiк...
IV. Дiн. Дiн iсi мемлекет iсiнен дербес болуы. Дiн бiткенге тек құқық...муфтилiк қазақта өз алдына болу...
V. Билiк hәм сот. Hәп жұрттың билiк пен соты тұрмыс ыңғайына қарай болуы. Би hәм судья жергiлiктi жұрттың тiлiн бiлу... Қазақ көп жерде сот тiлi қазақ тiлi болу...
VI. Ел қорғау. Ел қорғау үшiн әскер осы күнгi түрде болмау. Әскер қатарына жарамды жасына жеткен жастар жерiнде үйретiлiп, жерiнде қызмет ету... Әскерлiк қызметiн қазақ атты милиция тапсыру.
VII. Салық. Хал-ауқат, табысқа қарай: бай-байша, кедейге-кедейше ғадiл жолмен таратылу.
VIII. Жұмысшылар. Жұмысшылар закон панасында болу... “Алаш” партиясы жұмысшылар турасында социал-демократтардың меньшевиктiк тобының программасын жақтайды.
IX. Ғылым-бiлiм үйрету. Оқу орындарының есiгi кiмге де болса ашық hәм ақысыз болу; жұртқа жалпы оқу жайылуы. Бастауыш мектептерде ана тiлiнде оқу; қазақ тiлiнде орта мектеп, университет ашу; оқу жолы өз алды автономия түрiнде болу; хүкiмет оқу iсiне кiрiспеу...
X. Жер мәселесi. Учредительное собрание негiзгi закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергiлiктi жұртқа берiлсiн деу; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жерiне ауғын мұжық келмеуi, бұрын алынған жерлердiң мұжық отырмағандары қазаққа қайтуы”.
Бұл бағдарлама кейiнгi кезде “Алаш” партиясының қоғамдағы орнын көтеруге елеулi себепкер болды. 1917 ж. 5-12 желтоқсанда Орынборда өткен Екiншi бүкiлқазақтар съезінде қазақ халқы әр түрлi топтарының өкiлдерiн бiрiктiрдi. Төралқа төрағасы Бақыткерей Құлманов және оның орынбасарлары Әлихан Бөкейханов, Әзiмхан Кеңесарин, Халел Досмухамедов және Омар Қарашев басқарған съез күн тәртiбiнiң бiрiншi тұрғысындағы: қазақ автономиясын құру және оның үкiметiн қалыптастыру тактикасы талқыланды.
Осы съезбен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарына аралығында қазақтардың армандаған мемлекеттiк автономиялық құрылымның негiзгi жобасы анықталды. Яғни, Алаш Орда мемлекетiнiң құрамына Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетiсу облыстары және Закаспий облысы мен Алтай губерниясының қазақтар мекендеген жерлерi енуге тиiс болды. Съезд “уақытша халық Кеңесi” деген билiк түрiн құру, оған Алаш-Орда (Алаш автономиясының үкiметi) деген ат беру жөнiнде шешiм қабылдады және бүкiл қазақ халқына “бағынған үкiметiмiз деп сенiп...басқа үкiметтi танымай өз үкiметiнiң өмiрiн екi қылмай орындау керектiгi” баса ескерiлдi. Съезд әр облыста белгiлi бiр санда, үйретiлген және қару-жарақпен жабдықталған милиция топтарын құру жөнінде шешiм қабылдады. Олардың жетекшiлерiн даярлау үшiн Орынборда сыннан өткен атаман Дутовтың тәжiрибесi мақұлданып, казактармен одақ құруға тура келдi. Бұл одақ формальдi түрде болса да, Алаш-Орда мен жаңа билiкке келген Кеңестер (большевиктер) арасындағы қатынастарды шиеленiстiрiп жiбердi.
Оның үстiне оңтүстiк Оралда қызылшылардың Жангелдин құрған Уфалық отрядi П.Кобозев пен С.Павлов отрядiмен бiрлесiп, 1918 ж. 18 қаңтарында Орынбор қаласын басып алады. Дутовпен бiрге Орынбордан алашордашылар да кетедi, Алашорданың күш-қуаты бөлiнiп-жарылады: оның Шығыс бөлiмi Алаш қаласы Жаңа Семейге көшедi; екiншi жартысы (Батыс бөлiмi немесе Ойыл уалаяты) Орал облысының Жымпиты қаласына орналасады. Ал үшiншi тобы Жетiсу өңiрiнде жұмысқа кiрiседi. Алаш партиясының жетекшiлерi Орталық Кеңес үкiметiнiң басшылығымен байланыс орнатуға ықпал білдіреді. Ә.Бөкейханов, В.Ульянов (Ленин), ұлт iстерi жөнiндегi Халық Комиссары И.Сталинмен кездесуге Мәскеу қаласына Халел және Жанша Досмухамедовтарды жiбередi, ал Халел Ғаббасов осы мәселелер жөнінде 1918 ж. 20 наурызында телеграф арқылы И.Сталинмен сөйлеседi.
Кеңес үкiметiн орнату кезiнде Алаш партиясының жаңа билік өкілдерімен ара қатынасы тiлдесумен ғана шектелген. Елдегi билiк большевиктер партиясының радикалды қимылды тобында болғандықтан, Петропавл, Перовск, Қызылорда, Әулиеата қалаларындағы Алаш белсендiлерi тұтқындалса, Семей, Верный (Алматы) т.б. аймақтарда қысқа мерзiмге шыңылтыр қарым-қатынас орнатуға әрең-әрең қол жеткiзiледi. Бiрақ екi жақ бiр-бiрiне сенбейдi, үйткенi әр қайсысының таңдаған саяси мақсаттары өзгеше болған. Яғни, Кеңестер үкіметі өкілдері Алаш партиясының басшылары мен белсендiлерi арқылы қазақ бұқарасы арасындағы ықпалын күшейтпек болды, ал Алаш басшылары Кеңес үкiметiн сөз жүзiнде қолдаған болып, Кеңестердегi өз өкiлдерi арқылы жаңа үкiметтi iшiнен “iрiтпекшi” едi.
ХХ ғасырдың басындағы оқиғаларға белсене араласып өзiнiң бағдарламасы және саяси бағытымен белгiлi болған партияның бiрi “Үш жүз” болатын. Оның жетекшiлерiнiң ұстанған бағыты көптеген маңызды міндеттері бойынша “Алаш” партиясына қарама-қайшы болды десек артық болмас. Революциялық оқиғалардың бастапқы кезiнен-ақ “Үш жүз” партиясы большевиктер басқарған Кеңес үкiметiмен қарым-қатынасы қоян-қолтық болды. Мысалы, осы партияның жетекшiсi Көлбай Тоғысов пен оның серiктерiнiң саяси көзқарасы мен iс-әрекеттерi 1917 жылдың күзiнен 1918 жылдың басына дейiн елеулi түрде өзгердi. Iлкi кезде бұл партия социалды-революцияшылдар партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап, кеңестер билігін ұйымдастыруға белсене қатысып, ол үкiметтi нығайтуға араласып қоймай, тiптi большевиктермен бiрге алашордалықтарға қарсы күреске араласады.
Күрделi және шиеленiстi саяси жағдайға қарамастан Алаш Орда үкiметi бiрнеше ай iшiнде (1917 желтоқсан-1918 наурыз) казактардың бейтараптығы мен жер-жердегi большевиктер басқарған Кеңестердiң әлсiздiгiн пайдаланып, облыстарда әкiмшiлiк құруға, милиция отрядтарын ұйымдастыруға кiрiседi. Азамат соғысы жылдарында Қазақстанда жаңа әскери-саяси жағдай қалыптасады да, соның салдарынан күресушi күштердiң аражiгi ашылып, текетiрес асқынып шиеленiсе бередi.
Ескi мемлекеттiк апаратты қирату отарлау саясат жүйесіне берiлген алғашқы соққы болды. Ол еңбекшiлердiң Кеңес жұмысына белсене қатысуына жағдай туғызды. Олардың ықпалымен қоғамның үстем таптардың артықшылықтары шектелiп, қазақтардың ұлттық теңдiкке ұмтылысын қуаттап, қазақтардың Ресей Федеративтiк Республикасының тең құқылы азаматы екендiгiн жариялады.
Тағы бiр жаңа саяси қадам - ол шiркеудiң мемлекеттен, мектептiң шiркеуден дербес болуы, ерлер мен әйелдер теңдiгi жөнiндегi нақтылы ұсыныстар мен оның іс-шаралары. Бүкiлодақтық Орталық Атқару Комитетiнiң 1917 жылғы 10 қарашадағы Өкiмi мен адамдардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуі (сословие), олардың құқықтарының артықшылығы мен шектелуі, сондай-ақ осындай жіктегі мекемелер, ұйымдар жалпы атауының жойылуына жол ашты.
Кеңес үкiметiнiң бастапқы кезде жан жақты сарапталған билік құрылымы бола қоймаған. Кейбiр жерлерде орталықта бой көтерген халық комиссарлар Кеңесi, екiншi бiр жерлерде облыстық мекемелер мен басқармалардың Комиссарлықтары құрылды. 1918 жылдың күзiнен бастап басқарудағы ала-құлалық жойылып, Кеңестердің атқару комитеттерi билiктi өз қолына шоғырландыра бастады. Аса маңызды мемлекеттік мәселелер биліктің салалық коллегиялары мәжiлiстерiнде талқыланып келген.
Кеңес билігінің бастапқы жылдары ауылдардағы мемлекеттiк-басқару құрылымдар өзгерiстер баяу жүріп, бiрсыпыра жерде Кеңес үкiметiнiң жарлық-нұсқауларына ашық қарсылық көрсетiлдi. Азық-түлiк тапшылығы өткір сипат алып, байлар мен орта және ұсақ иегерлер өздерiнiң жеке меншiгіндегi өнiмдерiн белгiленген нарық бойынша мемлекетке сатудан бас тартты. Халықтың күнделiктi өміріне қажет өнімдер бағасы күрт ұлғайды. Кәсiпорын иелерi зауыт, фабрикаларды жауып, жұмысшыларға еңбектің жаңа тәртібі бойынша жалақы төлеудеге қарсылық көрсетті. Кеңес үкiметiне қарсы күштер бас көтердi. Осының бәрi уездiк Кеңестерден шұғыл және шешушi шараларды iске асыруды талап еттi. Кеңеске қарсы күштердiң қарсылығын басып, жергiлiктi жерлерде жаңа үкiмет билiгiн нығайту қажет болды. Бұл мiндеттердi iске асыру үшін басқарудың коллегиялық әдiсiн нығайтуды талап еттi. Осыған орай көптеген маңызды мәселелер коллегия мәжiлiстерiнде қаралып шешiлдi.
Жаңа үкiметтiң орнығуының әр сатыдағы буындарында жер, азық-түлiк, шаруашылық, сот, бақылау, қаржы бөлiмдерiнiң жұмысын жолға қоюға бағытталған шаралар қолға алынған. Жаңа үкiметке қарсы күштермен күрес жөнiндегi төтенше комиссия, милиция бөлімдері құрылды. Кеңестердiң жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б. бөлiмдер ашылды. Мемлекеттік заңдар, жарлықтар мен қаулы-қарарлар орыс-қазақ тiлдерiнде жариялана бастады. Бұндай бөлiмдерге кадрлар даярлайтын арнаулы қысқа мерзiмдi тұрақты оқу курстары ұйымдастырылды (Семей). Облыстық Кеңестер жанынан ұлттық қарым-қатынасты реттейтiн комиссиялар құрылды. Олар Қытайға көшiп кеткен 1916 жылғы азаттық қозғалысына қатысушылардың елге оралып өз мекендерiне орналасуына көмектестi.
Халық комиссарлары Кеңесiнiң 1917 жылғы 22 қарашадағы “Сот туралы” жарлығы мен соттың ескi құрылымы түгелдей таратылып, жергiлiктi жерлерде соттың жаңа жүйесi қалыптаса бастады. Осы кезде ескi прокурорлық бақылау мен қылмысты iс тергеушiлерi институттары, қорғаушы және жеке адвокатуралар жойылды. 1918 жылы облыстардағы Кеңес Атқару Комитеттерi жанынан сот бөлiмдерi, ал өлке орталығында Қазақ өлкелiк соты құрылды.
1918 жылдың көктемінде Түркiстан автономиялық Кеңестiк Социалистiк Республикасы пайда болды. Оның құрылуы 1918 жылғы 20 сәуiр мен 1-мамыр аралыгында Ташкент қаласында өткен Түркiстан өлкесi Кеңестерiнiң бесiншi съезiнде мақұлданды. Оның құрамына Қазақстанның оңтүстiгiндегi Жетiсу, Сырдария облыстары кiрдi. Орта Азия республикалары мен Қазақстан жер шекарасын анықтауға дейі Ақмола, Семей облыстары орталығы Омбы қаласы болған Батыс-Сiбiр өлкесiне, Торғай, Орал облыстары Орынбор губерниясына, Бөкей облысы Астрахан губерниясы құрамында болды.
1918 жылғы 15 қаңтарында Кеңес үкiметiнiң шешіміне сәйкес елде Қызыл әскер бөлiмшелерi құрылып оның құрамын ерiктiлер толықтырған. Қазақстанда облыстық, уездiк Кеңестер жанынан әскери комисариаттары мен бөлiмдерi және штабтары құрылып, олар жауынгерлердi әскер iсiне даярлаумен шұғылданды.
Кеңес үкiметi орнатылыуымен қатар экономикалық және мәдениет саласын түбегейлi өзгертуге бағыт алына бастады: өнеркәсiп орындарында (Спасск зауыты, Қарағанды шахталары, Успенск кеніші, Жем мұнай кәсiпшiлiктерi және т.б.) бақылау енгiзiлiп, кәсiпорындар мен банктер бұнай былай мемлекет меншiгiне алу міндеті қойылды. Кеңестердiң II Бүкiлресейлiк съезiнде қабылданған жер туралы Декреттi жүзеге асыру жөнiндегi алғашқы іс әрекеттер қолға алынды. Шығыс Қазақстанда үш коммуна: “Дихан”- коммунистердiң бiрiншi Ресейлiк қоғамы және “Солнечная” ұжымы ұйымдастырылды. Кеңестердiң Бүкiлресейлiк, облыстық, уездiк съездерiнiң шешімдерінде жер туралы Декрет жергiлiктi ұсыныстармен толықтырылып, дамытылды.
Кеңес үкiметiнiң декреттерi негiзiнде фабрика, зауыт, банктердi ұлттандыру жүргiзiлдi. Қазақстанда алдымен ұсақ, орта кәсiпорындары мемлекет меншiгiне алынды. Оларда еңбек тәртiбiн нығайту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселесi бұдан былай кәсiподақ ұйымдары құзырына ауысты. Олар өндiрiс пен өнiмдi бөлу ісін тікелей бақылауға алды. Жұмыс күнi, еңбек ақыны реттеу, қызметкерлердің әлеуметтiк жағдайын жақсарту, мұқтаждарына көмек көрсету, әйелдер мен жасөспiрiмдердiң еңбек құқықтарын қорғау мәселелерiмен шұғылданды, кәсiподақ Кеңес ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас жасап отырды.
Кеңестердiң екiншi съезiнiң шешiмдерi негізінде жерді иеленуге жеке меншiк, Қазақстандағы шiркеу мен басқа діни орындары, помещиктердiң (казак-орыстардың), патша шенеунiктерiнiң иелiгiнде болып келген, сондай-ақ қоныс аудару қорындағы жерлер халық құзырына беріле бастаған. Жер мәселесiн реттеуде жергiлiктi Кеңес орындарының қызметi бiрнеше кезеңнен тұрды.
Бiрiншi кезеңде (1917 қараша-1918 жылдың жазы) Кеңестер, жаңадан пайда болған комитеттер мен комиссар буындары бос және жеке меншіктегі жерлердiң есебiн алып, шаруалардың жағдайын анықтап, жерсiз немесе жерi шектеулі шаруаларды жермен қамтамасыз ету мәселелерiмен шұғылданды. Қоныс аудару қорынан қайтарылған жерлердi пайдалану ережесi қайтадан жасақталып шаруалар съезiнiң талқысынан кейін бекітілді.
Екiнiшi кезеңде (1918 ж. жазы-1920 ж. аяғы) жердi қоғамдық меншiкке айналдыруға әзiрлiк жұмыстары белгленіп оны iске асыратын кадрлар тобы дайындалды. Жердi шаруалардың құзырына беру шаралары қайтадан жасақталып оның негізіне теңгермешiлiк қағида алынды.
Үшiншi кезеңде (1921-1922 жж.) мемлекет тарапынан жер-су реформасы жүргіліп, ал 1924-1927 жылдарда жерге орналастыру, шабындық, егiстiк жерлердi қайта бөлу шаралары да қолға алына бастады. Жаңа мемлекеттік жүйенің бұрын-соңды тәжірибесінің болмауы, бастапқы кезде оның тарапынан жіберілген қателіктер салдарынан қабылданған шараларды орындау барысында жiберiлiген асыра сiлтеушiлiк, солақайлық, Кеңес үкiметi өміршеңдігіне күдік туғызатын әрекеттер мен көрiнiстерге де соқтырды.
Достарыңызбен бөлісу: |