2. Негізгі бөлім. 2.1. Қазақстанның жеті кереметі Әрбір халық өз жерінде пайда болған адамзат мәдениетінің асыл да бағалы құндылықтарына жататын ескерткіштерді түгендеп, ардақтауы тиіс. Жоғарыда аталған кереметтерден еш кем түспейтін қазақ жерінің де жеті кереметі бар. Олар: Таңбалы тас суреттері, домбыра, киіз үй, «Алтын адам», Маңғыстау жер асты мешіттері, Қожа Ахмет Иасауи кесенесі, Астана-Бәйтерек кешені. Енді осыларға қысқаша тоқталып өтсек.
Таңбалы тас суреттері – дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі аралықта қазақ жерін мекендеген қауымдардың барша таным-түсінігінен хабар беретін аса көрнекті археологиялық ескерткіш. Бұл адамзаттың рухани мәдениетін, анық дүниетанымын білдіретін аса маңызды деректер жиынтығы саналады.
Алтын адам – әлемге әйгілі сақ тайпалары өмір сүрген кезең мен олардың әдет-ғұрыптары, мәдениетін көрсететін тарихи мұра. Есік қорғанынан табылған олжа бүгінде әлемге әйгілі. Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне де негіз болып отыр. Осы күнге дейін сақталып келген Алтын адам да қазақтың жеті кереметіне енді.
Маңғыстау жер асты мешіттері – Оңтүстік Үстірттің Маңғыстау ойысына тірелген тұмсығының үзіліп қалған Оғыланды шоқысына қашалған тарихи-сәулет ескерткіші.
Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – Түркістан қаласында орналасқан шығыс халықтарының тамаша сәулет өнері жұлдыздарының бірі. Жылда 100-150 мыңнан астам адам келіп тамашалайды.
Астана-Бәйтерек кешені – Есіл өзенінің жағасындағы Қазақстанның астанасы Астана қаласында орналасқан заманауи монумент.
Киіз үй – қазақ тарихындағы ең бірінші сәулеттік құрылыс
Домбыра– «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» бекер айтылмаса керек. Қазақ өнеріндегі асыл мұраларымыздың бірі және бірегейі.
2.2. Теориялық негіздеме: «Домбыра бар жерде қазақ халқының тілі, өнері, тарихы бірге жүреді. Домбыра аспабының философиясын ашуда аңыз - әңгімелердің желісіне сүйенуге болады.
«Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын сезіп қалады да жігітті дереу дарға астырады. Екі қабат болып қалған қыз мезгілі жетіп босанады. Оны аңдыған мыстан кемпір егіз баланы көз көрмес, құлақ естімес, алыс жерге апарып, жап - жасыл үлкен бәйтерек басына ұлды батысқа, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді. Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солады, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қурайды. Қаңқу әңгіме халық арасында жата ма, оны естіген қыз егізін іздеп, жолға шығады. Жолдан шаршаған қыз бала ағаш түбіне келіп, демалады. Құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Қайдан шығатын әуен екенін білгісі келіп ағаш үстіне шығып тыңдаса, жаңағы бәйтерек сынып кетеді. Ағаш, түбінен басына дейін іші қуыс екенін көреді. Екі басында бұтақтан – бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Екі ішек самал желмен тербеліп, одан әуен шығады екен. «Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішегі бостау, шығысқа қараған ішегі қаттылау керілген екен.»
“Астыңғы ішек – жіңішке дауысты қызым Зарлық, ал үстіңгі ішек – бос қоңыр дауысты ұлым Мұңлық болсын” деп екі ішекке ат қойып, домбырасын тартып, күй шығарып кеткен екен” дейді аңыз – әңгіме туралы еңбегінде этнограф Өзбекәлі Жәнібеков.