Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет13/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов

«КУӘЛІК»
«Осыны ұсынушы Бауыржан Момышұлы Қызыл Ту орденді 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында тұрақты әскери қызмет атқарады».
Осыдан кейін бұл куәліктің «Қызмет бабы және әскери атағы» деген тұсына мынадай мәліметтер жазылыпты:
1) 26. II. 1941 ж. 1073 атқыштар полкының командирі, аға лейтенант.
2) 10. 12. 1941 ж. 1075 атқыштар полкы командирінің орынбасары, аға лейтенант.
3) 23. 2. 1942 ж. 1073 атқыштар полкының командирі.
Тағы да қандай мәліметтер бар дейсіз ғой. Айтайын. 1910 жылы 24 декабрьде Оңтүстік Қазақстан облысы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында туыпсыз. Әйеліңіз бар екен. Аяғына «Б. Момышұлы» деп латын әріптерімен қол қойыпсыз. Бұл куәлік мерзімі алғашында 1941 ж. 13 декабрьге дейін, одан соң 1942 ж. 24 декабріне дейін, одан соң 1943 ж. 18 майына дейін үш рет ұзартылған.
Онда Сіздің 1942 жылы 6 июньде Калинин майданы әскерлеріне арналған № 0196 бұйрық бойынша Қызыл Ту орденімен наградталғаныңыз, 1942 жылы 27 августа Сізге 2-ші гвардиялық атқыштар корпусы бойынша жарияланған № 157 бұйрықпен «Гвардия» значогы берілгені көрсетілген.
Және әскери атағыңыздың қашан, қай дәрежеге көтерілгені туралы да деректер бар. Батыс майданы әскерлеріне арналған № 0413 бұйрық бойынша 1941 жылы 19 декабрьде капитан, Калинин майданы әскерлеріне арналған № 0146 бұйрық бойынша 1942 жылы 10 майда майор, ал Қорғаныс Халық Комиссариатының № 06 190 бұйрығы бойынша 1942 жылы 2 октябрьде подполковник болыпсыз. Дұрыс па?
Бауыржан. Дұрыс. Бірақ біз Валдай түбінен шабуылға шыққанда полковник Капров жараланып, шанада келе жатқан болатын. 1075-ші полкты бұл жорықта тікелей мен басқардым.
Автор. Артынан 1073-ші полкке қайтадан командир болдыңыз ғой.
Бауыржан. Иә.
Автор. «Москва үшін шайқас» документке негізделген дүние болғанымен бір жағынан көркем шығарма ғой. Сол себептен де Сіз онда аз уақыт орынбасар болғаныңызды айтпағансыз ғой, тегі.
Бауыржан. Иә. Оның өтірігі жоқ қой.
Автор. Өзгелер үшін өтірігі жоқ. Мен барлық документтерді салыстыра оқығандықтан сұрап жатырмын ғой.
Бауыржан. Сөйтіп, жаудың тылында жортып келе жатырмыз. Кей күндері бірнеше қыстақты бірден алып жібереміз. Қолға түскен тұтқындардың айтуына қарағанда немістер қатты үрейленіп қалса керек. Бір взвод немесе рота емес, өздерін бақандай бір дивизия ту сыртына шығып алып желкелеп келе жатса қалай қорықпасын! Оның үстіне бұл Москва түбінде атағы жайылған 8-ші гвардиялық дивизия екені олардың тіпті зәрелерін алады. Жолдағы гарнизондар мен бөлімшелердің осы маңда зоопарктан шығып кеткен арыстан жүр екен деген қорқынышты хабар естігендей, аза бойлары қаза тұрады. «Сақтаныңдар, Панфиловтың «тағы» дивизиясы келе жатыр» деп, олар жан-жақтарына жар салады. Москва түбінде немістердің аузын әлденеше рет қан жалатқандықтан фашистер біздің дивизияны осылай, «тағы» дивизия деп атаған ғой. Олар біздің артымызда бүкіл корпус келе жатқанын, біздің дивизия сол корпустың авангарды екенін қайдан білсін.
Осылай, жолдағы жаумен жағаласа жорық жасап келе жаттық. Бірнеше қатерлі күндер мен түндер өтті. Алғашында шашырай жүреміз деп шаршауымыз көп болып еді. Артынан оның да әдісін таптық. Алға шаңғы мінген шолғыншыларды, ақ маслихат киген тосқауылшыларды жөнелткеннен кейін колонна болып жаяулар қозғалады. Жаяулардың алдына саперлер шығып, колонна өтетіндей етіп жолда кездескен ағаштарды кесіп отырады. Колоннаның алдына кезекпен сегіз жауынгер шаңғысыз қатарласа шығып, қалың қарды омбылап із салады. Олар кезекпен жүз-екі жүз метр сайын алмасып отырады. Одан артыққа адам шыдамайды. Нелер атпал азаматтардың жүз метрден кейін булары бұрқырап шыға келеді. Содан кейін оларды жаңа жігіттер алмастырады. Олар шаршаған кезде полк комсоргы Балтабек Жетпісбаев бірнеше жігіттерді ертіп алып, алға өзі түсуші еді. Балтабек дегеніңіз таудай кісі. Қалың қарды бұрқыратып аршындай адымдағанда қайраттың көкесін сол көрсететін еді. Қасындағы жігіттері де одан қалыспайтын. Кейіннен білдім Балтабек сонда Төлеген Тоқтаров, Жұмажан Батталов, Жүніс Нұрбосынов, Қайырбек Жүнісов сияқты бірнеше ер жігіттерді қасына ертіп алған екен ғой. Ол жігіттер қалың қарда малтығып келе жатқан колоннамызды басы ғана болған жоқ, сол жорықтағы абыройымыздың да алды болды. Олардың көпшілігің осы жорықта ерлікпен қаза тапты. Сол сияқты Мәлік бастаған шаңғышы автоматшылар тобы колоннаны қызғыштай қорғап, біресе алға, біресе артқа ұмтылып, жұлдыздай ақты. Шынында да солардың бәрі, айналып кетейіндер, жұлдыздай жарқырап тұрған жандар еді. Көпшілігі қыршын кетті ғой есіл ерлердің!
Орман ішінде полкты бастап келе жатып, генерал шақырады деген хабар алдым. Ақбоз атты ызғытып, Васильево қыстағындағы генерал отырған үйге келдім. Кірсем генерал картаға қатты үңіліп қалған екен. Келгенімді айтып, сәлем бердім. Генерал адьютантына ас алдырды. Осы күнгі жастардың үстелге отырғанда кітабын ала келіп, астан анда-санда бір алып, кітапқа қадала отырып тамақтанатыны сияқты, комдив те біресе шай ұрттап, біресе картаға қараумен болды. Содан соң ол менің назарымды да картаға аударды.
— Мынау Демянск деген қала, — деді генерал картаны саусағымен нұсқап. — Біз жаудың 16-армиясын осы қалада қоршауға түсіруді көздеп келе жатырмыз. Ол үшін біз Холмға солтүстіктен, Калинин майданының әскерлері оңтүстіктен келіп тоғысуы тиіс. Сөйтіп Холмда қаптың аузын бууымыз керек. Ол арғы міндет. Ал бергі міндет — Холмға тез жету. Жолдағы қыстақтарды жау тепкісінен азат ету. Бірақ мынау Соколово деген деревня екі күннен бері дивизияны шаужайдан алып ұстап тұр. Олай болатын жөні бар. Бұл Холм тас жолын жағалай бірнеше километрге созылып жатқан үлкен деревня. Бұл деревня кімнің қолына көшсе, тас жол соған қызмет етеді. Сондықтан да немістер бұл деревняны қорғауға СС, «Кубас» сияқты ең таңдаулы бөлімдерін төгіп отыр және сол себептен де жау біздің төбемізден самолеттерін қаптатып, бас көтертпей жатыр. Соколовоның ар жағында мына бір Трошково деген деревня тұр, — деп комдив оны тағы да саусағымен түртіп көрсетті. — Бар гәп, меніңше, осында ғой деп ойлаймын. Сіз қалай деп есептейсіз?
— Әрине, жолдас генерал, — дедім мен. — Екі ортада күре тамырдай боп мына бір жол жатыр екен. Ең алдымен сол күре тамырды кию керек болар.
— Дұрыс айтасыз, — деді генерал қуана бас изеп. — Алдымен Трошковоны құрту керек. Сонда бұл күре тамырмен Соколовоға қарай ағатын қан тоқтап қалады. Бұл үшін Соколовоның мына жақ сыртын айналып барып, тан атқанша Трошковоны алу керек. Бұл киын міндетті күштерің аз болса да Сіздің полкке жүктеймін. Сізге беретін бұйрығым осы.
Бұйрықты алып, орман ішінде немістерді қар жамыла қадағалап жатқан полкке келдім. Полк комиссары Ахметжан Мұхамедияровты, батальон командирлерін шақырып алып қысқаша ақылдастық та, Балтабекті жігіттерімен тағы да колоннаға паровоз ғып «жегіп», дереу ілгері жүріп кеттік. Он бес шақырымдай қалың қарды сызып отырып, түс ауа орманның Трошковомен жанасатын өкпе тұсына келіп іліндік. Сол арадан дереу жан-жаққа адамдар жөнелтіп, барлау жасауға кірістік. Барлаудың қорытындысында мынадай жай анықталды.
Соколовоға қуат болып тұрған жалғыз Трошково емес екен. Трошковоның сыртында тағы Баркловица, Трохово, Кашино, Коншино деген қыстақтар жатыр. Ол төртеуінің ортасында тіреудей сорайып Бородино деген бір дәу деревня және тұр. Біз алғашында тек Трошковоны ғана аламыз деп келген едік. Бұйрық бойынша солай етіп қана қоюымызға болады. Бірақ жалғыз Трошковоны алғанмен іс бітпейді. Онда полкқа мына бес қыстақ бес жақтан ауыз салады. Соколоводан кейін сырғыған жау сені және жаныштайды. Сондықтан генералдың бұйрығына «түзету» жасап, осы алты қыстақты бірден алу керек пе? «Бұл киын міндетті күштерің аз болса да Сіздің полкқа жүктеймін» деді генерал. Бұл оның санмен емес, санамен алыңдар деп, бізге сенгені еді. Сеніп тапсырған істі адал ғып орындау абырой. Ол үшін алты қыстақты бірдей алу керек. Оған күшіміз жете ме? Генерал жауды қоршап құртуды дивизияның бірінші парызы болсын деді. Бар күшпен Трошковоны ғана алып қана қойсақ, басқа бес қыстақ және жаныңды қоймайды. Сондықтан аз күшпен болса да осының алтауын бірден алу керек. «Нар тәуекел!» демейтін бе еді атам қазақ. Халық сөзінде қапы жоқ. Нар тәуекел!
VIII
Полкке бұйрық осылай берілді.
— Өзіңді өзің өлімге қидың-ау, Бауыржан. Мұның қатал бұйрық болды ғой, — деді комиссар.
— Басқа жол жоқ, Мадияр, — дедім мен.
— Күшіміз аз ғой, бір батальон артта қалды.
Айтқан бұйрық аққан қылыш сияқты. Оны бәрі бір тоқтата алмайсың. Тасқа тие ме, басқа тие ме — қылыш оны артынан бірақ көреді. Бұйрық берілгеннен кейін оны орындау ғана қалады. Енді соған кірістік.
Полктың қалған күшін алтыға қақ бөлдік. Әр бөлікке Мұхамедияров, Гундилович, Трофимов, Мамонов, Жетпісбаевты басшы етіп белгіледім. Алты қыстақтың ішіндегі алыбы Бородино болғандықтан капитан Гундиловичтің қасына политрук Мәлік Ғабдуллиннің автоматшылар ротасын қосып бердім. Сағат түнгі екіде полк топ-топқа бөлініп, қаруларын серт ұстап, орай соққан ақ боранды арқаларына жамылып, әр топ өзіне тиісті қыстаққа қарай тартып берді.
«Жолдарың болсын, батырларым, бауырларым. Сегізінші февральдің бұл түні сендердің атақ абыройларыңды арттырсын. Бірақ сендердің өмірлеріңнің ақтық түні болмасын. Бұл түнде ақ қардың үстіне қызыл қандарың төгіліп, қаза жегер азамат болса, қандарыңды қарыз ғып менің мойныма жүктемеңдер, қарақтарым. Сүйегім шашылып қалғанша мен сендердің қасыңдамын. Осы қараңғы түнде сендерге сілтелер найзаға кеудемді қоса тостым, мінеки!» — деп іштей тебіреніп тұрдым да, дыбысымды сыртқа шығармай тістеніп, алтыншы топты бастап Трошковоға қарай өзім жөнелдім.
Бұл міндет те, полктың алдына қойылған өзге міндеттер де абыроймен орындалды. Дивизия тұтас өз борышын абыроймен іске асырып, 1942 жылдың 14 февралінде оңтүстік жақтан орай шабуыл жасап келе жатқан Калинин майданы әскерлерінің 33-ші атқыштар дивизиясымен келіп қауышты. Міндет абыроймен орындалды деген сөз айтуға ғана оңай. Адамға абырой тыныштық күндерде тек термен, еңбекпен ғана келеді. Ал соғыста тер мен қан қоса төгіліп барып абыройға жетесің. Демек, бұл жорықта да солай болды, қарағым. Кептеген асыл азаматтар Отан үшін опат болды. «Абыроймен» деген сөзді сен осылай түсін, осылай түсіндір оқушыңа. Сонымен, үнемі 8-ші гвардиялық дивизияны алдына авангард етіп ұстаған генерал Лизюков бастаған біздің 2-ші гвардиялық корпус жау әскерлерінің Демьянск тобын қоршауға алған атақты жорығын аяқтап келіп, марттың аяқ жағында Холм қаласының түбінен ірге тепті. 1941 - 1942 жылдарда Совет Армиясының аса маңызды жиырма үш шайқасы болды. Оның тоғызыншысы 1941 жылғы октябрьдегі Москваның шалғай шебіндегі қорғаныс шайқасы, ал оныншысы 1941 жылғы ноябрь-декабрьдегі Москваның таяу шебіндегі қорғаныс шайқасы деп аталады. Ал соның он жетіншісі — совет әскерлерінің 1942 жылғы январь — апрельдегі Демянск шабуылы операциясы. Біздің дивизия осы жиырма үш шайқастың үшеуінің жуан ортасы емес, қасқа маңдайында болды. Алғашқы екі шайқасқа қатысқаны үшін Қызыл Ту орденімен наградталған дивизияға он жетінші шайқастағы ерлігі үшін Ленин ордені берілді. Алғашқы екі шайқаста оны генерал Панфилов басқарса, соңғы шайқасты генерал Чистяков бастады. Ал корпусымыздың командирі болған генерал А. И. Лизюков, кейіннен, Воронеж түбінде, танк армиясының қолбасшысы боп жүргенде қаза тапты.
Автор. Төлеген Тоқтаров пен Мәлік Ғабдуллинді Совет Одағының Батыры атағына ұсыну документтерін кім даярлап, кім қол қойды?
Бауыржан. Мен Генерал Панфиловтың сенімді серіктерінің бірі, біздің дивизиядағы қадірлі ақсақалымыз полковник Илья Васильевич Капровтың полкынан Москва түбіндегі ұрыстарда 29 Совет Одағының Батыры шыққан еді. Саяси жетекші Василий Георгиевич Клочков басқарған 4-ротадан шыққан 28 батыр және 6-ротаның саяси жетекшісі Петр Борисович Вихрев. Бұл да өзіміздің жерлесіміз, Алматы облысы Шелек ауданының тумасы болатын. Оларға Валдай-Холм жорығында осы екі батыр қосылды. Сөйтіп, бұл жаяу әскер дивизияларының ішіндегі батыр ең көп шыққан полктардың не бірі, не өзі болды. Менің 1075-полктегі ең соңғы қызметім осы екі азаматты Батыр атағына ұсынып, қол қойып, қағаздарын жоғарыға жөнелтумен тынды.
Автор. Өйткені Сіз 1942 жылы 23 февральда мынадай бұйрық алдыңыз ғой.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет