Азилхан Нуршайыков. Акикат пен аныз



бет11/29
Дата24.10.2022
өлшемі396,82 Kb.
#154730
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29
Байланысты:
Ақиқат пен аңыз. Әзілхан Нұршайықов

Берілді Бауыржан Момышұлы жолдасқа, себебі ол Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының кадрында 267 атқыштар полкында батальон штабының бастығы болып қызмет істейді.
Куәлік мерзімі 1940 жылдың 1 майына дейін. Адрес: Приморье өлкесінің Уссурий облысы.
267-ші атқыштар полкы штабының бастығы Копқарев».
Куәлікті оқығаннан кейін оның штемпіліне кез жүгірттім. Онда мынадай сөздер бар екен: «СССР —ЖШҚА. 105 атқыштар дивизиясының 267 атқыштар полкы, сап қызметі бөлімі. 14 декабрь 1939 ж. № 14/1239 Чернятин пос.»
Куәліктің барлық сөздерін тегіс дәптеріме көшіріп алдым да, қағазын Баукеңнің өзіне қайтарып бердім.
Автор. Сендім, Бауке.
Бауыржан. Сенсең сол. Ал енді саған Чистяковпен одан кейінгі жолыққанымды айтайын.
Иван Михайлович деген кісі сырт тұлғасына, сөз әлпетіне қарағанда ұшқары мінезді адам сияқты көрінетін еді. Ал шындығында ол үлкен ойдың да, мол тәжірибенің де адамы болатын. Олай болатын себебі бар екен. Бұрынғы Тверь губерниясы, қазіргі Калинин облысының перзенті Иван Михайлович он жеті жасында өзі тіленіп солдатқа кетіпті. Содан он бес жыл бойына бір полкта болып, полк командиріне дейін көтеріледі. Жиырмасыншы жылдар командирлерінің аяқтарына шәркей киіп жүретін қиын-қыстау күндерінің бәрін де басынан кешіреді. Комдивтің:
Бір ротадағы 4 - 5 командирге бір пар ғана етік тиетін де, оны біз кезекпен киюші едік, — деген сөзін өз құлағыммен естігенмін.
Отыз алтыншы жылы сауатты, тәжірибелі командирлер іріктеліп, Қиыр Шығысқа жіберілгенде Чистяковке де 92 атқыштар дивизиясына жолдама беріледі. Дивизия штабы оперативтік бөлімінің бастығы боп бірнеше жыл қызмет істейді. Содан біздің 105-ші дивизияға командир боп келді ғой.
Иван Михайлович өзі де өте тәртіпті кісі екен, өзгеден де тәртіпті қатаң талап етті. Ол кісі жеңістің төрт шарты бар деп есептейтін. Ол шарттар: 1) жағдайды дәл ұғу; 2) тез, әрі дұрыс шешім қабылдау; 3) штабтың іскерлігі; 4) солдаттың ерлігі мен табандылығы дейтін. Дивизиядан кетер-кеткенше осы мәселелерге үнемі назар аударып отырды. Өзінің іскерлігі, жігерлілігі, мол тәжірибемен ұштасқан білімнің арқасында Иван Михайлович біздің дивизиядан корпус командирінің орынбасары болып жоғарылап кетті.
Содан кейін мен Чистяковпен 1942 жылдың басында қайтадан кездестім. Енді майор емес, генерал-майор Чистяковпен жүздестім. Панфилов өлгеннен кейінгі екі айдың ішінде екі командир орнынан босатылды да, дивизиямызға үшінші командир бол Чистяков тағайындалды. Он сегізінші январьда ол 8-гвардиялық Панфилов атындағы дивизияның штабы тұрған Нахабино селосына келді. Осы жерге барлық командирлер жиналып, жана комдивпен жүздестік. Мен оны бір көргеннен-ақ таныдым. Алғашында ол ма, ол емес пе деп шүбәланып келген едім. Өйткені өмірде фамилиясы бірдей кісілер көп кездесе береді ғой. Сөйтсем сол кісі, бұрынғы командирім екен. Денесі де сол төртбақ күйінде, мұрны да, иегі де үшкір қалпы. Қатты қажып, жүдегені көрінеді. Бұрынғысынша кісіге сәл күлімсіреп, шүйіле қарайды екен.
Танысам да мен генералға қарай тұра жүгірмедім. Келіп тоқтаған жерімде қозғалмастан тұра бердім. «Генерал мені таныр ма екен, танымас па екен? Таныса — жақындармын, танымаса — үн-түнсіз жүре берермін» деп ойладым.
Жұрт жиналып болған соң дивизия штабының бастығы И. И. Серебряков пен комиссар С. А. Егоров екеуі кезектесіп, біздің аты-жөнімізді, лауазым, дәрежемізді атап айтып, генералға таныстыра бастады. Аты бұрын аталғандар қасына барып, гeнералдың қолын алып жатты. Генерал әрқайсысымыздың бетімізге шүйіле қарап, іштей баға беріп, ойлы қалыпта тұрды.
— Александр Фомич Галушко — дивизия саяси бөлімінін бастығы.
— Подполковник Георгий Федорович Курганов — 857-ші артполктың командирі.
— Майор Григорий Ефимович Елин — 1073-ші полктың командирі.
— Полковник Зиновий Самойлович Шехтман — 1077-ші полктың командирі.
— Капитан Бауыржан Момышұлы — 1075-ші полк командирінің орынбасары...
— Тоқтаңыз тоқтаңыз, — деді Чистяков комиссар Егоровтың сөзін бөліп.
— Фамилиясы кім дейсіз, қайта айтыңызшы.
— Капитан Бауыржан Момышұлы, 1075-ші полк командирінің орынбасары, — деп қайталады Егоров.
— Бұл менің Момышұлым емес пе? — деді генерал маған қарай бұрылып.
— Дәл солай, жолдас генерал, — дедім мен, — бір жүз бесінші Қиыр Шығыс дивизиясынан.
— Астына Ақбоз ат мініп, беліне қылыш тағып жүретін?
— Дәл өзі, жолдас генерал.
— Қазір де қылышы белінде, Ақбоз аты есік алдында байлаулы тұр, — деді комдивпен танысуға келгендердің бірі. Ол рас еді. Мен мұнда да Ақбоз ат мініп жүретінмін. Осында бір жерде әскери фотограф Нарциссовтың мені 8-ші гвардиялық дивизия Ақбоз атының үстінде түсірген суреті жатқан да болуы керек.
Генерал бір адым шегініп, мені басымнан аяғыма дейін күлімсірей шолып шықты. Жаңа комдив бізді колхоздың қыстай от жағылмаған суық клубында қабылдағандықтан бәріміз де сырт киімдерімізді шешпегенбіз. Менің иығымда буркам бар еді. Елден ерекше боп тұрғаннан кейін содан шығарды ма, генерал:
— Сіз қазір Багратионға да, Чапаевқа да ұқсайсыз, — деді.
— Жоқ, жолдас генерал, — дедім мен күлместен, жымимастан түсімді суыққа салып. — Мен тек Момышұлына ғана ұқсаймын.
Генерал сәл бөгеліп, менің бұл жауабыма мән бере ой жүгіртіп өтті. Содан кейін қайтадан күлімсіреді де:
— Иә, иә. Сіз 1938 жылғы Момышұлына өте ұқсайсыз. Солай емес пе? — деді.
— Дәл солай.
— Сізбен кездескеніме ете қуаныштымын! — деп генерал құшағын жайды. — Әкесі өліп, әркімнен сөз естіп, көзге түрткі болып жүдеп жүрген жетім баланы біреу есіркеп маңдайынан сипаса қандай болушы еді. Сол сияқты менікі, де ішімдегі қатты бұралған домбыра шегі сияқты бірдеңелер бырт-бырт үзіліп кеткен сияқты болды. Бірақ тез бойымды жиып, босаған көңілімді қатайтып алдым. Содан кейін қазақша қос қолымды қусырып кеудеме бастым да, генералдың алдына келіп, басымды иіп, тіземді бүктім, Алыс сапардан келген баланың әкеге берер сәлемін жасадым. Генерал екі иығымнан қапсыра құшақтап, орнымнан тұрғызды да, біз бір-бірімізді екі беттен кезек сүйістік.
Өзге жұрт аң-таң күйде, тым-тырыс болып қалды. Генерал мені құшағынан босатты да:
— Ғапу етіңіздер, жолдастар, — деп жан-жағына қарады. — Біз Қиыр Шығыста бірге қызмет етіп едік. Бұл менің батарея командирім, мен мұның дивизия командирі болдым. Міне, Москва түбінде мен баласымен кездескен әкедей болып тұрмын.
— Әрине, әрине, — десіп кейбіреулер бас изесті. Кейбіреулер: Дивизия командирлері осыны-ақ жақсы көре береді екен» дегендей, маған ала көздерімен қарасты. «Қалай қарасаң, олай қара, біздің бірге қызмет еткеніміз рас» деп, міз бақпастан мен тұрдым.
Біздің бәрімізбен танысып болғаннан кейін жаңа комдив бізді қысқаша өз өмірбаянымен таныстырды. Біздің 105-дивизиядан корпус командирінің орынбасары боп кеткеннен кейін Чистяков Владивостоктегі әскери училищенің бастығы болады. Одан соң бұрынғы өзі орынбасар боп істеген корпусқа командир боп тағайындалып қайта келеді. Содан 1941 жылдың басында Бас Штаб академиясына оқуға жіберіледі. Соғыс басталғаннан кейін Москваны қорғауға қатысады. Бірнеше күн бел шешпестен жүріп, теңізшілер бригадасын басқарады. Сөйтіп Москва түбінен немістерді кері қайтарған қаһарман құрамалардың сапында болады. Осы еңбегі үшін оған Қызыл Ту ордені мен генерал атағы беріледі. Сол алғы шепте жүрген қалпында Чистяков біздің дивизияға жіберіледі.
— Жаңа капитан Момышұлы айтқандай, әр командир бір-біріне ұқсамайды, — деді ол сөзінің аяғында. — Багратион біреу, Чапаев дара күйінде қалады. Оның үстіне ешқашан да екінің бірі Панфилов бола алмайды. Ендеше мен сіздерге Панфиловтың орнын олқысыз басамын деп айта алмаймын. Бірақ титтей де болса Панфиловқа ұқсауға тырысамын. Бұл меңін абыройлы борышым. Ал сіздер Панфилов бар кездегіден титтей де төмендемеуге тырысыңыздар. Сөйтіп, сіздер болып, біз болып, бәріміз Панфилов дивизиясының атағын түсірмейік, Отан үшін опат болған қадірлі генералдың атына кір келтірмейік.
Осы сапардан мен полкқа қатты тебіреніп қайттым. Тебіренетін себебім құдай маған сезімтал, сергек жүрек берді. Оның үстіне, өтімді затқа өтпейтін нәрсені қалайда қосақтап сататын кейбір сатушылар сияқты, қыңырлықты және маған берді. «Бүкірді көр түзетеді» дейтін орыс мақалы бар. Ал әскерде қыңырды командир түзетеді. Әрине, командирдің бәрі бірдей қисыққа тез бола алмайды. Бола алмайтыны біреудің шеберлігі жетпейді, біреудің материалға әлі келмейді. Сөйтеді де оны түзетемін деп не сындырып, не бүлдіріп алады. «Материал» деп отырғаным адам, солдат екенін түсінетін шығарсың. Ауылда сынықты сипап отырып орнына түсіретін сынықшылар болады. Сол сияқты ақылды командирлер де ақырмай-ақ сені ырқына көндіріп, түзетіп алады. Түзетпесе сол қисық күйінде кәдеге жаратады. Өйткені олар қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу атқаратынын біледі. Құдай мені қисық қып жаратса да, алдымнан ылғи жақсы командирлерді кездестірді. Кешегі помкомвзвод Редин, полковник Коваленко, комбриг Дотоль, генерал Панфилов осындай өзгеше жандар еді. Олардың алдында Емельянов, Дубовик, Бархан тәрізді ұстаздарым тағы болды. Редин өлгенде бірге туған інімнен ажыраған іспеттендім. Коваленкодан ажырағанда — ағамнан, Дотоль кеткенде — әкемнен айырылғандай болып едім. Ал Панфилов опат болғанда — інім, ағам, әкем үшеуі қатар өлгендей күйге түстім. Көп күйзеліп, ішімнен көп күңірендім. Өмір бойы Панфиловтың орнын өксумен өтетін шығармын деп ойладым.
— Сен өзін байқап, аңғарып жүрсің бе, білмеймін, — деді Баукең бұл тұста сезін соза, жайлап айтып. — Адамдарда бір жаман әдет бар ғой. Ол — күншілдік, көре алмаушылық. Бүгінгіге жағыну үшін бұрынғыны жамандап шыға келушілік. Өзімді ғана макта, өзгенің аты өшсін деушілік. Өлгеннің абыройын қызғанушылық. Оған деген сүйіспеншілікті суытып, оның атағына байланыстының бәрін аяққа таптауға тырысушылық. Осындай оңбаған әдеті барлар біздің дивизиямыздан да табылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   29




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет