Қазіргі қазақ прозасындағы әлемдік әдебиеттің неомифологиялық үрдістің көріністері
Қазыбек А.Ү. Қазақстан,
Алматы
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
Аннотация Фольклордың көне жанры – миф. Қазіргі қазақ прозасында мифтегі сюжеттер мен кейіпкерлер, суреттеулер мен бейнелеулер жаңаша формаға ие болып, танымдық болмысты тануда ерекше рөл атқарып отыр. Мифтегі көп ауыспалы сюжеттер әлем халықтары мифологиясына ортақ болғандықтан неомифология шет ел прозасында да, қазақ прозасында да кеңінен қолданылады. Мифті көркем прозада қолдану оқиғалардың бояуын қанықтыру үшін қолданылатын бір әдіске айналды. Бұл мақалада қазақ көркем сөзінде әр түрлі мотивтер мен культтерді туындыларында кеңінен қолданған жас қазақ қаламгерлері әңгімелеріндегі неомифология үрдісі сипатталады. Мифтердегі ұсақ бөлшек немесе бөлік—«мифологема» терминімен аталатындықтан, танымды, болмысты тануда зерттеушілер еңбектерінде әр түрлі сипатталатын бұл терминді «коды бар түсінік», «коды бар тіл» сынды түсіндірулер арқылы сипаттап, неомифология үрдісін зерделеуде кеңінен қолданып жүр. Ал қалыптасқан дәстүрлі тақырыптың әуен оқиға кезеңіндегі желісі, тақырыптық сарын «мотив» терминімен кескінделсе, мифтердегі түпкі бейне «архетиппен» суреттеледі. Әлем және қазақ прозасындағы неомифология – миф сюжеті мен кейіпкерлерін жаңаша сипатта қолдану тәсілінің жиынтығы.
Кілт сөздер:мифологема, архетип, мифологизм, артефакт, мистика, неомифология, мотив, мистикалық әңгіме.
Кіріспе. Әлем әдебиетінде неомифология прозаның жаңа дәуірлену кезеңінің алғышарты секілді қолданылса, қазақ прозасында көркем сөз жанрының жаңа көзқараспен астаса, кейіпкерлеріне жаңа леп сыйлап, оқырманына жаңаша сипатта баяндалып келеді. Мифтерден көшіп келген, қазіргі прозада кеңінен қолданылып жүрген сюжеттер мен мотивтерді ішінара былай жіктей аламыз: «пері қыздарға ғашық болу»,«мистикалық махаббат», «жұтып қойып, қайта құсу», «кие» мотиві мен «от», «бөрі», «айна»,«ит», «жылан» культі, «тыйым», «елес», «жан», «жын» артефакттары (ұсақ бөлшек).
Мифопоэтикалық форманың өріс алуы əдебиеттанушылардың назарын соңғы кездерде ерекше баурап келе жатқаны рас.
Қазақ прозасында айқындала көрінген бұл құбылысты архетип категориясы тұрғысынан талдаған А.Ісмақова: «Миф поэтикасы қазіргі əлемді ауқымды уақыттық мүмкіндіктер арқылы бейнелеулермен байытып, қолданыстағы мəдени метафоралар мен ассоциациялар қорын кеңейтеді. Өз мағыналарын бұрын да танытып үлгерген поэтикалық формулалардың (архетиптердің) «қайта тірілуі» байқалады» [1], – деген пікірді алдыға тартқан.
Ал мифологизмнің нақты бір жазушы (О. Бөкей) поэтикасы арқылы зерделеген Ж. Аймұхамбетова «Қазіргі қазақ ақын-жазушылары авторлық позициясын танытуда, шығарманың идеясын ашып, көркемдік айшықтарын бедерлей түсуде мифтік сюжеттерді, мифологиялық түсініктерді, оның ішінде мифтік құбылушылықты мақсатты түрде пайдаланып, шығармашылықпен дамыта қолданғанын байқауға болады» – деген тұжырымын ұсынады [2, 54-б.].
Мифопоэтикалық сарындар мен суреттеулер неомифологияның әдебиет әдемінде кең қанат жаюына негіз болып отырғандығы осыдан-ақ аңғарылады.