Фразеологизмдердің лексика-грамматикалық варианттары
Фразеологизмдердегі варианттылық тек бірыңғай фонетикалық немесе лексикалық, морфологиялық қана емес, аралас лексика-грамматикалық түрлері де ұшырасады. Бұл – аралас екі варианттың қатар келуі Бұған етістікті фразеологизмдердің аналитикалық түрленуі және басқа да қосымшалардың жалғануы мысал бола алады.
Мысалы:
Жер соғу – жер соғып қалу – Жер қып кету – Жер ету
Жаны шыға жаздау – Жаны шығып кете жаздау
Фразеологиялық тіркестің бір сыңары қосарлану арқылы:
Құлындай тебісіп өсу – Құлын-тайдай тебісіп өсу
Танауы желбіреу –Танауы желп-желп ету
Фразеологизмдердің варианттылығы қалай десе де стиль мен нормаға тығыз байланысты. Фразелогизмнің мағынасына нұқсан келтірмей өзгертіп айту үшін де белгілі бір тілдік нормадан, қалыптан аспау керек. Фразеологиялық қордағы вариант фразеологизмдердің түрлері әдеби норма тұрғысынан қалыпқа түсіріліп отырады. Бұл көбінесе көркем мәтінде жазушы шығармалары арқылы және бұқаралық ақпарат құралдарында берілуі де назардан тыс қалмауы тиіс. Әдетте фразеологизмдердің окказионал қолданыстары кездеседі. Бірақ оның да стильдік қызметі болады. Бұлар поэзиялық, прозалық шығарма тілдерін талдағанда бірден байқалатын құбылыс.
Фразеологиялық синонимдер
Синонимдер тіл байлығын көрсетеді. Тілдің лексикалық және фразеологиялық қорында айтушының қолданыс ыңғайына қарай мағыналас, мәндес айтылатын сөздер мен тұрақты тіркестер бар. Мәселен, тұрақты тіркестер де - лексикалық синонимдер сияқты мағына тепе-теңдгі мен реңктеріне және стильдік ерекшеліктеріне қарай жұмсалатын фразеологизмдердің семантикалық категорияларының бірі.
Әдетте сөздер бір-біріне синонимдер болу үшін бір сөз табынан болуы тиіс деген қағида бар. Сонымен қатар, мағыналас сөздердің реңк белгісінде айырмашылық болу керек деген тілдік талаптар қойылады. /Синонимдер сөздігі. 13б/ Олар:
1.Мағыналық реңктер.
Бір ұғымды білдіретін мәндес сөздердің бір-бірінен сәл мағыналық айырмашылығы болу керек. Бір мағынада қолданылатын екі сөздің мағынасы өзара не төмен, не жоғары немесе тар, кең болуы мүмкін. Мысалы: атқыш – мерген, соғыс – ұрыс, ұстаз – мұғалім.
Достарыңызбен бөлісу: |