Қазіргі білім беру технологиялары



бет1/5
Дата01.01.2022
өлшемі143,5 Kb.
#107525
  1   2   3   4   5
Байланысты:
1025167519520 1 лекция
T.-2-to san.-Deskriptor, 0135, халық, 418834331810 лекция Каз жана тарихы, 418834331810 лекция Каз жана тарихы, 418834331810 лекция Каз жана тарихы, 1025167519520 1 лекция , 1025167519520 1 лекция , 1025167519520 1 лекция , 1541787104, 1541787104, цифра, ОШ СОр Физика 7кл каз , БОӨЖ 6

Қазіргі білім беру технологиялары
1 Педагогикалық технология туралы түсінік

2 Педагогикалық технологиялардың жіктелуі

3 Педагогикалық технологияларға қысқаша сипаттама

4 Педагогикалық технологияны енгізу проблемалары 


1 Педагогикалық технология туралы түсінік

Көптеген уақыттар желісінде «технология» түсінігі педагогикалық ұғымдар қорынан тыс қалып келді. Шынайы мәні («шеберлік жөніндегі ілім») педагогикалық міндеттерге: педагогикалық процесті сипаттау, түсіндіру, жобалауға сай келсе де, ол технократиялық тіл элементі ретінде қарастырылды.

Педагогикалық әдебиеттерде қандай да педагогикалық технологиялар сипатын айқындаушы көптеген терминдер ұшырасады, мысалы: оқу-үйрену, тәрбиелеу, оқыту технологиялары, білімдендіру және дәстүрлі технологиялар, бағдарламаластырылған және проблемді оқу технологиялары, авторлық технология және т.б.

Алғашқы педагогтар «педагогикалық технология», «оқу-оқыту  технологиясы» және  «тәрбиелеу технологиясы» ұғымдарының өзіндік мән-мағыналарына назар аудармай келді. Ал бүгінде педагогикалық технология оқу және тәрбие аймағындағы педагогикалық міндеттердің шешілуіне байланысты орындалатын педагог іс-әрекеттерінің бірізді жүйесі ретінде танылуда. Осыдан «педагогикалық технология» мәні «оқу технологиясы», «тәрбие технологиясы» ұғымдары мәндерімен салыстырғанда тереңдеу де ауқымдылау. Педагогикалық технология педагогикалық үрдіске қатысушылардың барлық көрінісінде белсенді іс-әрекетін көздейтін, белгіленген қасиеттері бар өнімді алуға мүмкіндік жасайтын үрдістер мен әдістердің бірізділігі мен жиынтығы ретінде қарастырылады.

Педагогикалық технология – бұл педагогикалық әрекеттер табысына кепіл болардай қатқыл ғылыми жоба. Әрі сол жобаның дәл жаңғырып іске асуы.

Педагогикалық технология кешенді процесс. Ол өз құрамына адамдарды, идеяларды, құрал-жабдықтарды, сонымен бірге жоспарлау, қамсыздандыру, бағалау және білім меңгерудің барша қырлары жөніндегі проблемалар шешімін басқаруды қамтиды.

Педагогикалық технологиялар көп түрлі болуына қарамастан, олардың іске асуының екі ғана жолы бар. Біріншісі - теориялық негізде орындалуы (В.Б.Беспалько, В.В.Данилов,В.К.Дьяченко және т.б.) екіншісі – тәжірибемен жүзеге келуі (Е.Н.Ильин, С.Н.Лысенкова, В.Ф.Шаталов және т.б.).

Сонымен, технология астарында не жатыр? Оқу технологиясы жөніндегі идея қай заманда пайда болған?

Мұндай ғылымдық мәні бар ой жаңа емес. Кезінде оны Я.А.Коменский  де дәріптеген. Ұлы педагог 17  ғасырда-ақ оқудың «техникалық» (яғни «технологиялық») болатынын уағыздап, оның мүлтіксіз тиімді нәтиже беретін жолдарын іздестіріп бақты.  Я.А.Коменский  еңбектеріне үңіле түссек, педагогикалық технологияға бастау берген даналық пікірлерді табамыз: «Дидактикалық машина үшін қажет нәрсе

1) түбегейлі ойластырылған мақсаттарды;

2) сол мақсаттарға жетуге дәл икемделген жабдықтарды;

3) мақсаттың орындалмауына мүмкіндік бермейтін нақты жабдықтарды қолданудың мызғымас ережелерін табуымыз керек»

Я.А.Коменский заманынан  бастап, оқудың мүлтіксіз әрекеттегі механизмге сәйкестендіру ұмтылысының талайы күні бүгінге дейін басылған емес. Кейін оқу технологиясы жөніндегі көптеген тұжырымдар толықтырылып, нақтыланып отырды.  Әсіресе, техникалық прогрестің әрқилы теориялық және практикалық қызметтер аймағына енуімен оқуды технологизациялау идеясы нығайып, іске асырыла бастады (П.Я.Гальперин, Н.Ф.Талызина, Ю.К. Бабанский және т.б.).

Оқыту технологиясы - оқыту үрдісінде алдын ала жоспарланған, оқытудың диагностикалы қойылған мақсатына практикада жүйелілік және бірізділікпен жету құралдары.

Оқу технологиясының топтастырылуы, сонымен бірге, нақты кезеңде басым болған мақсаттар мен міндеттерге, оқуды ұйымдастыру формасының қолданылуына, дәл кезеңде қажет болған әдістерге және басқа да негіздемелерге тәуелді келеді.

Оқу технологиясын оқу әдістемесінен ажырата білген жөн. Олардың бір-бірінен айырмасы – оқу технологиясын қайталап, көбейте таратуға болады. Қай жағдайда да технология өзіне сай түзілген оқу процесінің жоғары сапасына және педагогикалық міндеттердің табысты шешілуіне кепіл бола алады. Ал әдістеменің соңғы тиімді нәтижеге жете алуы жиі кездеседі. Сонымен бірге, әдістеме технологиялық деңгейге дейін көтерілуі мүмкін. Мысалы, жаңа материалды түсіндірудің белгілі әдістемесі бар. Егер ол әдістеме шынайылық, сенім, сәйкестік талаптарына орайласса, оны технология деп тануға болады.

Оқу технологиясы педагогикалық шеберлікпен өзара байланысты. Оқу технологиясын жете білудің өзі - шеберлік. Бір технологияны әрбір оқытушы жеке іске асырып отыруы мүмкін, ал осы іске асырудағы технологиялық ерекшеліктерден мұғалімнің оқу шеберлігі көрінеді.

Педагогикалық іс-әрекет саласында "технология" деген идеяға негізделген және ол оқытуда техникалық жабдықтарды қолданумен байланысты. Бұл бағытты бірқатар бұрынғы кеңестік үкіметтің аймағындағы ғалымдар (В.П.Беспалько, П.И.Пидкасистый және т.б.) қолдаған. Білім беру саласындағы педагогикалық технологияның басқа бағыттары оқу материалын талдау техникасын, мұғалім мен оқушылардың оқу іс-әрекетін ұйымдастыруды іздестіруде. Осымен қатар педагогикалық технология ұстаздар мен оқушылардың аз ғана күш жұмсап ең жақсы нәтижелерге жетудің тиімді принциптері мен әдістерін анықтауға бағытталған.

Әдіс кең мағынада, субъект әрекетінің кез-келген формадағы тәсілі, бір жолға жетудің жолы. Оқыту әдістері педагогикада педагогикалық үрдіске қатысушылардың бірлескен әрекетін ұйымдастырудың тәсілі ретінде анықталады.

Әдістеме ұғымы адамның әрекетіне қаттыссыз тәрбиелеу мен оқытудың әдістері мен тәсілдерінің кешенін пайдалану тәртібін білдіреді.

Оқыту әдістемесі - пәнді оқытудың ғылыми дәлелденген әдістер, ережелер, тәсілдер жүйесі және оқыту теориясын қолдану болып табылады.

Теориялар, әдістер мен әдістемелер, оқыту технологиясының айырмашылығы оқыту үрдісінің барлық байланыстарын ұйымдастырушылықпен реттеуді, оның кезеңдерін құрастыруды, білім алушының мүмкіндіктеріне сәйкес жүзеге асыру жағдайларын бөліп көрсетуді талап етеді.

Шындығында педагогикалық технологияны жасаушылардың назары педагогикалық еңбектің жеке құбылыстар саласына  бағытталған. Білім беру технологияларының басым көпшілігі негізінен оқушылардың белгілі бір жиынтығын меңгеруге бағытталған. Концепция жасаушылардың «ұстаздар - оқушылар» жүйесінің ерекшеліктерімен ұстаз еңбегінің технолгиясының өзгешеліктері арасындағы өзара байланыстардың түрленген түрлерін көрсетудің басылмауы олардың ең осал жері. «Технология» деген термин гректің түп тамыры - өнер, шеберлік, кәсіп және ғылым, білім деген сөздерінен шыққан. Екі түп тамырының бірлігін шеберлік туралы ғылым немесе ілімді беретін сөзді құрайды, ол өндірістік тәсілдерді жүргізудің тәсілдері мен құралдар туралы білімдер жиынтығы, мысалы металдың технологиясы, химиялық технология, құрылыс жұмыстарының технологиясы және т.б. Технологияны жасау үшін нақтылы еңбек затының қасиеттерін байланыстары мен қатынастарының жолын сипатттайтын заңдылықтарын білу керек: еңбек затын өндеу тәсілдерін білу; еңбек затының жағдайын анықтай білу; еңбек затының жағдайын өзгерту тәртібін жасау. Педагогикалық технология ұғымының әр түрлі тұрғыдан анықтамалар берілген.

В.П.Беспалько педагогикалық технологияны қойылған білім беру мақсаттарын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тәрбиелеу мен оқытудың теориялық негізделген процестерін жаңадан өндірудің, еске түсірудің құралдар мен әдістер жиынтығы ретінде анықтайды.

В.М.Монахов педагогикалық технология – мұғалім мен оқушы үшін жағымды жағдайды қамтамасыз ететін оқу үрдісін жобалау, ұйымдастыру және өткізуде барлық бөлшегіне дейін ойластырылған бірлескен педагогикалық іс-әрекеттің үлгісі. Технологияның міндеттерін түсіндіре отырып: педагогикалық технологиялық жобалаудағы жетекші қағидасы-оқушының жеке белсенділігі, мұнда ең бастысы - білімді меңгеруге іштей қалыптасқан қызығушылығы мен ынтасы, білім алу іскерлігі – деп жазады.

Г.М.Құсайыновтың есебінше педагогикалық технология әдеттегі түсініктерден басқа – ол мұғалімнің жоспарланған оқыту мен тәрбиелеудегі мақсаттары мен нәтижелерге жету мен сабақ беру үрдісі емес, ол кәсібі ұстаздың басшылығымен оқушылардың өзінің және өзара оқыту процесі, ол білім берудің мазмұнымен оқу жоспарымен бағдарламаларында ескерілген іс-әркеттердің сол түрлерін меңгеру жұмыстарының әрбір салаларындағы болатын өзгерістер мен қайта құру болады.

В.А.Сластенин бойынша педагогикалық технология деген ол қатал ғылыми жоспарлау және дәлірек айтқанда педагогикалық әрекеттің жетістігін қамтамасыз ететін елестету.

 Технология - бұл іс-әрекетті ұйымдастыру және оны жүзеге асыруда құралдарды таңдау ережесі. В.В.Гузеев қазіргі кезеңдегі технологияның бұрынғыдан айырмашылығын көрсете отырып, былай деп жазады: «Бұрын бір құралды құрастырып, оны ұқсас жағдайларда бірнеше жылдар бойы қолдануға болатын. Қазір ұқсас жағдайлардың бар екенінің өзі қарама-қайшы келеді.»

   Сонымен, педагогикалық технология - педагогикалық процесті ұйымдастыру мен жүзеге асырудың жобасы (алгоритмі) (Г.Т.Хайрулиин). Педагогикалық технологиялар - теориялық білімдерді тұтас педагогикалық үрдістің қызметін практика жүзінде іске асыруға бағытталған және сол үрдіс нәтижелерін кезеңдер бойынша өлшеп, тұлғаның да, ұжымның да даму динамикасын көруге болатын, педагогтар мен оқушылардың өздерін-өздері дамытуларына мүмкіндік тудыратын жүйелі іс-әрекеттер кешені.

 

2 Педагогикалық технологиялардың жіктелуі



Бүгінде білім беру мекемелері жұмыстарының теориясы мен практикасында педагогикалық технологиялардың алуан түрлі варианттары пайдаланылады. Технологиялардың көп түрлілігі оны жүйеге келтіруді және топтастыруды талап етеді. Бұл мәселемен А.Я.Савельев, В.Безрукова, Г.Ю.Ксензова, Г.К.Селевко, В.В.Юдин және басқалар шұғылданған.

Қазіргі уақыттағы технологиялар екі үлкен түрге жіктеледі: өздерінің мақсаттық бағдарына қарай тармақталып, бөлінетін өндірістік, өнеркәсіптік және әлеуметтік-тұлғалық. Өндірістік технологиялар алдын-ала берілген параметрлі материалды өңдеумен және өндіріспен байланысты. Ал әлеуметтік-тұлғалық технологияның объектісі адам болып табылады.

Қазіргі уақытта айқындық үшін макротехнологиялар мен микротехнологияларды бөліп қарастырады. Макротехнологияға көптеген авторлар педагогикалық үрдіс стратегиясы мен дамуын анықтайтын, ұжымдық шығармашылық іс-әрекет, ынтымақтастық, дамыта оқыту, тұтас педагогикалық процесті жүзеге асыру технологияларын, т.б. жатқызады. Микротехнологияларға педагогикалық әрекеттестік тактикасы, нақты тәсілдері ретінде қарастырылатын ойын технологияларын, пресс-конференция, диспут т.б. ұйымдастыру технологияларын жатқызады. Сонымен қатар кейбір ғалымдар (Д.Г.Левитес және т.б.) педагогикалық технологиялар пәндік бағдардағы және тұлғалық-бағдардағы техникалар деп жіктеуді ұсынады.

Дидактикада оқу технологиялары төмендегідей сипаттарымен жіктеліп, топтастырылады:

- Қолдану деңгейі: жалпы педагогикалық, пән әдістемелік, бөлімдік (модульдік);

- Философиялық негізі: ғылыми және діни, гуманистік және әміршіл-әкімшіл (авторитарлы);

- Тәжірибе меңгерудің ғылыми негіздемесі (концепция): байланыс-жауапты (ассоциатив-рефлекторлы); іс-әрекетті  (бихевиористік), іштей ұғу (интериоризаторлы), дамытушы;

- Тұлғалық құрылымға бағдарлануы: ақпаратты (білім, ептілік және дағдылар қалыптастыру), нақты қимыл-әрекеттік (оперативті ақыл-ой әрекеттері әдістерін қалыптастыру), шығармашыл (эвристикалы-дарын қабілеттерін дамыту), қолданбалы (тұрмыс-тәжірибелік әрекеттер қалыптастыру).

- Дәстүрлі оқу жүйесін жаңалау бағыты (модернизация): оқушы іс-әрекетінің белсенділігін көтеру және жеделдестіру технологиясы; мұғалім және оқушы арасындағы қатынастарды ізгілендіру  мен демократияластыру негізінде жасалған технология; оқу материалын дидактикалық қайта түзуге негізделген технология және т.б.

В.С.Безрукова барлық педагогикалық технологияларды оларды құрастыру негізіне жататын идеялары бойынша 4 топқа бөледі:

1) Танымдық процестерді қатал басқару технологиясы (модульдік технология, В.Ф.Шаталов технологиясы, П.М.Эрдниев технологиясы, М.И.Махмутовтың проблемалық оқыту технологиясы, Л.В.Занков, В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин бойынша оқыту технологиясы, (ЭЕМ) электрондық есептеу машиналары негізіндегі ақпараттық технология, Блумның «мақсаттарды жүйелеу», Д.Хорвардтың «ертеңгі күн мектебі» және т.б.

2) «Еркін тәрбие» идеясын басшылыққа алатын технологиялар (Ш.А.Амоношвилидің ізгілікті-тұлғалық оқытуы, Вальдорф педагогикасы, «Л,Н.Толстой мектебі», «отбасылық мектебі» және т.б.);

3) Тұлғаның, оның потенциалдық танымдық мүмкіндіктерін босату мақсатында невропсихикалық ықпал жасау идеясына негізделген технологиялар топтары (иландыру, түсінде  ұйықтап жатқанда оқыту, биоритмология негізінде оқыту, гипноздық оқыту, медитация, аутотренинг және т.б.);

4) «Мектептің жойылуы туралы теориясын» (Батыста мектепті дескулизациялау идеясы ретінде) қалыптасқан, яғни мектептегі оқыту мазмұнын нормаланып формалды болуын, жыл және күн режимін сақтауға, оқытушылармен директор билігін сын көзбен қарау идеяларына негізделген технологиялар (шоғырландырып оқыту, дистанциялдық оқыту, мәдениеттер диологы мектебі, артпедагогика технологиясы және т.б.)

Г.К.Селевко педагогикалық технологиялардың өзгеше жіктеуін ұсынады.

- Педагогикалық қарым-қатынастарды ізгілендіру мен демократцияландыруға негізделген технологиялар ( ынтымақтастық технологиясы, Ш.А.Амоношвилидің ізгілікті-тұлғалық технологиясы, Е.Н.Ильинаның әдебиетті адам қалыптастыру пәні ретінде оқыту жүйесі және т.б.)

- Оқушылардың іс-әрекетін белсендіру мен күшейтуге негізделген технологиялар (ойын технологиясы, проблемалық оқыту технологиясы, В.Ф. Шаталовтың тірек белгілері негізінде оқыту технологиясы, Е.И.Пассовтың коммуникативтік қарым-қатынас негізінде оқыту технологиясы және т.б.)

- Оқыту процесін тиімді ұйымдастырумен басқару негізіндегі технологиялар (бағдарламалық оқыту, диференциалды оқыту технологиясы ( В.В Фирсов, Е.П.Гузик), оқытуды жекелендіру технологиясы ( А.С. Границская, Инге Унт, В.Д. Шадриков), тірек нұсқаларын пайдалана отырып, түсіндіре отырып басқарудағы перспективалық алдын-ала оза оқыту (С.Н. Лысенкова), оқытудың топтық және ұжымдық тәсілдері (И.Д.Ривин, В.К.Дъяченко),компьютерлік (ақпараттық) технологиялар және т.б;

- Оқу материалын әдістемелік жетілдіру және дидактикалық қайта құру негізіндегі технологиялар (П.М.Эрдниевтің дидактикалық бірліктерді ірілендіру, В.С. Библер мен С.Ю. Кургановтың «Мәдениеттер диологы», Л.В.Тарасовтың «Экология және диалектика» жүйесі және т.б.);

- Баланың табиғи дамуына сүйенетін халық педагогикасының әдістерін пайдаланатын табиғи үйлесімділік технологиялары, Л.НТолстой бойынша оқыту, А.Кушнир бойынша сауаттылыққа тәрбиелеу, М.Монтессоридың өздігінен дамыту технологиясы және т.б.

- Альтернативтік Р.Штейнердің вальдорф педагогикасы, С.Френенің еркін еңбек технологиясы және т.б.

- Кешенді технологиялар А.М.Тубельскийдің өзін-өзі анықтауы мектебі И.Ф.Гончаровтың «Орыс мектебі», Е.А. Ямбургтың «Бәріне арналған мектебі», М.Балабанның «Парк мектебі» және т.б.

Педагогикалық технологиялар жоғарыда айтылған түсініктемелері мен алуан түрлі анықтамаларын талдай отырып, бұл барлық технологиялардың айырықша ерекшеліктері туралы төмендегідей қорытынды жасауға болады:

-  оқытудың микромақсаттарының, мақсаттарының айқын, нақтылы анықталуы

-  нәтижелердің жетістігіне бағытталуы;

-  тәрбиелеумен оқыту субъектілерінің іс-әрекеттерінің әрбір кезеңдері бойынша қадамдық құрылымының анықталуы;

-  мониторинг, аралық және соңғы нәтижелерді бағалау;

-  тәжірибенің қайталануымен алмасуы;

Сонымен белгілі технологиялардың жіктеулеріне жасалған шолу бір қалыпта қатып қалған емес, ол қазіргі технологиялардың көп түрлілігіне бағдар беріп негіз болып және оны кеңейту, сапаландыру, тармақтандыру, толықтыру бағытталған

 

3 Педагогикалық технологияларға қысқаша сипаттама



Осы заманғы дидактикада әрқилы оқу технологиялары көрініс беріп жүр. Олардың көп түрлі болу себебі, әр автор мен орындаушының педагогикалық процеске өзінше жаңалық қосып, технологияға өзгеріс ендіріп баруымен байланысты. Срлардың бірнешеуіне тоқталайық.

Оқытудың дәстүрлі технологиясы. Оқытудың дәстүрлі технологиясы деп ең алдымен ХVII ғасырдың дидактика прнициптерінде қалыптасқан, Я.А.Коменский негіздеген және қазірге дейін дүние жүзі мектептерінде басым көпшілігі қолданатын оқытудың сынып-сабақтықтық ұйымдастыру формасы деп түсінеді.

Дәстүрлі сынып-сабақ технологияларының аса көрнекті белгілері: бірдей жастағы оқушылардың тұрақты құрамы мен дайындық деңгейлері; сыныптың біріңғай жылдық оқу жоспары мен бағдарламасымен жұмыс істеуі; сабақ оқудың негізгі бірлігі; әр бір сабақ бір оқу пәніне, тақырыпқа арналған, себебі сынып оқушылары ортақ бір материалмен жұмыс істейді; сабақтардың үнемі тұрақты алмасуы кесте мұғалімнің мұғалімнің басқарушылық рөлі.

Сонымен, оқушы, оқу күні, сабақтар кестесі, оқу каникулдары, үзілістер – бұл сынып-сабақ жүйесінің белгілері.

Дәстүрлі оқыту технологияларының концептуалдық  негізін Я.А.Коменский жасаған педагогика принциптері: ғылымилық, бірізділік, жүйелілік, беріктілік, белсенділіктегі сапалылық, көрнекілік, теорияның практикамен байланыстылығы, жас аралық пен өзіндік ерекшеліктерді ескеру.

Мақсаттың мазмұнына байланысты дәстүрлі оқыту тұлғаны дамытуға емес, көбіне білім, білік және дағдыларды меңгеруге бағытталған.

Дәстүрлі оқыту технологияларының әдістерін екі келесі топтарға жатқызуға болады:

1. Иллюстративті–түсіндіру әдістері (лекция, баяндау, әңгімелесу, тәжірибелерді көрсету, еңбек операциялары, экскурсиялар және т.б.) мұғалім түсіндіреді және оқу материалын көрнекті түрде көрсетеді.

2. Репродуктивтік әдіс: мұғалім білімді, іс-әрекет тәсілерін, тапсырмаларды шешуді тәжірибелерді елестету үшін тапсырмалар құрастырады; оқып үйренуші оқу материалдарын белсенді еске түсіреді, сонымен «білім көшірмелерін қалыптастырады».

Сонымен дәстүрлі оқыту технологиясының артықшылықтарына мыналарды жатқызуға болады:жүйелелігі; оқу материалын логикалық дұрыс бере білу ұйымдастыру; мұғалім тұлғасының оқушыларға тұрақты әсерлі эмоция сезімдік  ықпалы. Бұл технологияның нашар жақтары мыналар: біркелкілік, табандық құрылым, сабақ уақытын тиімсіз бөліп тарату, оқушыларда дербестіктің болмауы, енжарлық; оқушылардың сөз іс-әрекетінің нашарлылығы; оқушыларға орташа өлшеммен қарау, индивиуальды оқытудың таза болмауы, нашар қайта байланыс. Бұндай сабақтарда материалдан тек қана хабардар болуын қамтамасыз етіледі,  ең жоғарғы деңгейге жету үй тапсырмасын орындауға қоладанылады.

20 ғасырдың 80–ші жылдары Россияда жаңашыл мұғалімдер топтары қалыптасады, олардың әрқайсысы баланы оқыту, тәрбиелеу және дамытуда өзіндік жаңалықтары болады, олар ең жоғары нәтижелер береді.

Барлық осы технологиялардың көрнекті өкілдері ішінен Ш.А.Амоношвилиді ерекше атау керек. Ш.А.Амоношвили өзінің эксперименталдық мектебінде ынтымақтастық педагогикасын жеке тұлғалық бабын табу бағыты, тіл мен математиканы есепті оқытудың бір реттілік әдістемесі оның педагогикалық іс-әрекетінің өзіндік қорытындысы, өзінің тұрақты «О начальной ступений образования, построенного на принципах гуманно-личностной педагогики» деген еңбегінде баяндалған.

Жаңашыл  педагог Н.А.Зайцев сауаттылыққа ерте оқыту және интенсивті оқыту технологиясының авторы болады, бұл технология өте жоғары нәтижеге жетуді қамтамасыз ететін сауаттылыққа оқытудағы принципалды жаңа бағытқа негізделген. Н.А.Зайцевтің технологиясының мәні сонда, ол оқу процесін бала дамуын табиғаттың негізіне сүйене отырып, қатынас және іс-әрекет арқылы, танымдық күшін жан–жақты үдету арқылы жасайды.

Қазіргі замандағы білім беру технологияларына компьютерлік оқыту (жаңа информативтік) технологиясы жатады.

Компьютерлік оқыту формаларын қолданатын қазіргі деңгейдегі дамыған телекоммуникациялар, дистанциондық технологиялар, информациялық технологиялар алдығы жүзжылдықта  оқыту процесінің дамыту негізін құрайды.

Дамыта оқыту технологиясы мектеп тәжірибесіне енген оқу іс-әрекеттері арасындағы аса танымалы (Л.СВыготский, Л.В.Занков, Д.Б.Эльконин және т.б.)

Ғалымдар дәлелдегендей, педагогика бала дамуының өткеніне емес, болашағына бағытталу тиіс. Сонда ғана ол оқу үрдісінде осы нақты уақыт шеңберіндегі жақын даму процестерін жүзеге асыра алады. «Жақын даму аймағының» мәні: бала өз дамуының белгілі кезеңінде оқу міндеттерін ересектер басшылығында не ақылдылау дос-жарандарымен араласа жүріп шешуі мүмкін. Келтірілген пікір жария болғанға дейін бала дамуы, әсіресе оның ақыл-ойының өрістеуі оқу және тәрбие ізімен жүретіні мойындалған болатын.

Зерттеулер нәтижесінде (Л,В.Занков) оқу тиімділігін көтеру есебінен оқушы дамуын жеделдетуге болатыны дәлелденеді. Бұл үшін оқуды жоғары деңгейлі қиыншылықта жүргізу принципін ұстану - басты талап. Егер алдынан рухани, сезімдік күш-қуаттың іске қосылуын қажет ететін кедергілер (ойын, оқу, тұрмыс) шығып тұрмаса, әрі оларды жеңуге талпынбаса, бала дамуы бәсеңдейді.

Жоғары қиыншылық деңгейіндегі оқу принципіне орай білім мазмұны және оны құрастыру реті анықталады. Оқу материалының мазмұн қарқыны ұлғаяды, әрі тереңдейді, жетекші роль теориялық білімдерге беріледі, дегенмен, оқушылардың практикалық ептіліктері мен дағдыларының маңызы жойылмайды.

Дамыта оқыту технология талаптарының және бірі - оқу ілгерілі және жедел қарқында жүреді. Өткендерді жиі әрі бір беткей қайталаулар оқу процесінің кедергісіне айналып, оқуды жоғары қиыншылық деңгейінде өтуге мүмкіндік бермейді. Дамытушы технологияны іске асыру сонымен бірге оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты жүйелі іс-әрекеттік оқу бағытын ұстануды қажет етеді. (Д.Б.Эльконин)

Дамыта оқыту технология идеяларының қатарына сондай-ақ оқу қызметінің әрқилы жағдайларында оқушылардың қажет болғанда өзінше танып, содан өздігінен жауап әрекет орындауға (рефлексия) ынталандыру идеясы да кіреді. Жауап әрекетке (рефлексия) келу дегеніміз баланың өз әрекеттерін сезінуі мен түсінуі, оқу іс-әрекеттерінің тәсіл, әдістерін өзінше байқап, тануы.

Рефлексиялық әрекет-қимылдар әрқашан өзіндік қадағалау және бағалаумен тығыз байланысты болатындықтан дамытушы технология шарттарына орай оларға да көп мән беріледі.

Дамыта оқыту идеясы бұл күнде еліміздің мұғалімдері арасында кең қолданымда. Алайда, бұл технологияның кейбір тұжырымдары пікірталасты болып жүр. Себебі, оқушылардың бәрі бірдей қиыншылықты деңгей оқуын көтере алмайды. Солар ішінде тума жайсаң қозғалысты тұлғалардың мұндай оқуда әбден күйзеліске түседі. Сондықтан барша шәкірттерді теңдей шапшаң және жоғары күрделілік деңгейінде оқытып, тәрбиелеуге болмайды.

Бағдарламалап оқыту технологиясының (БОТ) негізгі мақсаты оқу процесінің басқару жүйесін жақсарту (П.Я. Гальперин, Л.Н.Ланда, А.М.Матюшкин және т.б.).

БОТ бастауын берген американдық психологтар мен дидакттар (Н.Краудер, Б.Скиннер, С.Пресси.).

БОТ - бұл арнайы жабдықтар, бағдарламастырылған оқулық, ерекше оқу-машинасы, ЭВМ және т.б. көмегімен күні ілгері дайындаған бағдарлама бойынша орындалатын өзіндік жеке дара оқу технологиясы. Бұл технология әрбір оқушыға өзіндік сапа-қасиеттеріне орай (оқу қарқыны, сауаттылық деңгейі және т.б.) оқуына мүмкіндік береді.

БОТ - ның өзіне тән сипат-белгілері:

- оқу материалының кіші көлемді жеңіл игерілетін бөлшектерге жіктелуі;

- әр бөлшекті игеруге арналған нақты әрекеттерді орындау нұсқаулар жүйесінің берілуі;

- әр бөлшек игерілуінің тексерілуі;

- қадағалау тапсырмаларының дұрыс орындалуы мен оқушы материалдың ендігі жаңа бөлшегін алып, келесі оқу қадамын іске асыруға өтуі;

- дұрыс жауап бере алмаған жағдайда оқушының қосымша көмек түсініктемелерін алуы;

қадағалау тапсырмаларының нәтижесі хатталып, оқушының өзіне де (ішкі кері байланыс), педагогика да (сырттай кері  байланыс) белгілі болуы.

Проблемалық оқыту технологиясы мұғалім басшылығында өтетін оқушылардың оқу міндеттерін шешуге орайластырылған өзіндік ізденіс іс- әрекеттерін ұйымдастыруға негізделеді. Оқу ізденістері барысында оқушыларда жаңа білім, ептілік және дағдылар қалыптасып, қабілеттері, танымдық белсенділігі, қызығуы, ой-өрісі, шығармашыл ойы және басқа да тұлғалық маңызды сапалары дамиды (Т.В. Кудрявцев, А.М.Матюшкин, М.И. Махмудов және т.б.).

Жалпы түрінде проблемалық технология сипаты келесідей: оқушы білімді дайын күйінде ұсынбай, оқушылар алдына міндет (проблема) қояды, оған қызықтырады және оның шешу әдіс-тәсілдерін табуға ынталандырады. Ал оқушылар мұғалімнің тікелей басшылығында не өз бетінше олардың шешімін табудың жолдары мен әдістерін зерттейді, яғни болжам түзеді, оның шынайылығын тексеру тәсілдерін белгілейді әрі талқылайды, дәйектейді, нәтижелерін талдайды, пікір жүргізеді, дәлелдейді.

Проблемалық оқыту тиімділігі: оқушыларға тек қажетті білім, ептілік және дағдылар жүйесін меңгеруге жәрдемдесіп қоймастан, олардың ақыл-ой дамуына жол ашады, өз шығармашылық қуатымен берік білім қалыптастыруға көмектеседі, өз оқу еңбегіне қызығу ұмтылысын дамытады, оқу нәтижесінің бекінуін қамтамасыз етеді. Кемшілігі: жоспарланған нәтижеге жету көп уақытты талап етеді, сонымен бірге, оқушылардың танымдық іс - әрекеттерін жүйелі басқару қиын.

Модульді оқыту технологиясы. АҚШ пен Батыс Еуропада 1960 жылдары дәстүрлі оқуға балама ретінде ұсынылған білім игеру жүйесі. Бұл технологияның мәні - оқушы модульмен жұмыс орындау барысындағы нақты мақсатқа өз бетінше (не белгілі шамада мұғалім жәрдемімен) жетеді (П.Юцявичене, Т.И.Шамова.). Модуль - мақсатқа орайластырылған оқу мазмұны мен оны меңгеру жолдарын (технологиясын) біріктірген түйін, топ (узел).

Модуль құрамы: әрекеттің мақсаттық жоспары, ақпарат қоры, дидактикалық мақсатқа жетудің әдістемелік көрсетпелері.

Бұл технологияға орай мазмұны өз алдына белгілі жинақы құрамға келтірілген ақпараттық топ (блок) күйінде беріледі. Ол ақпарат оқу мазмұнының көлемін ғана емес, әдістері мен олардың игерілу деңгейін де көрсететін дидактикалық мақсатқа сәйкес меңгеріледі.

Модульдік оқытуда өзіндік жұмыстарға аса көп уақыт бөлінеді. Бұл оқушыға оқу әрекеттеріне кірісумен өз мүмкіндіктерін сезінуге, білім игеру деңгейін өзі анықтауына, өз білімдері мен ептіліктеріндегі кемшіліктерді байқауына жәрдемдеседі.

Модульдік оқу дәстүрлі білім игеру жүйесімен байланыста пайдаланылуы мүмкін. Модульдер оқу жүйесінің қалаған ұйымдастырылу формасында орын тауып, оның сапасын жақсартуға және тиімділігін арттыруға қолданылуы ықтимал.

Сонымен қатар оқытудың жаңа технологиялары -  пәндердің әдістемесін қолдануды жоспарлау мынаған келіп тіреледі, ягни әр оқушының өз кезеңі барысында мұғалім оған қажетті әрбір жаңа педагогикалық технологиялар мен әдістемелерді міндетті түрде пайдалануы қажет. Бүл үшін мына төмендегі түсініктерді ескерген жөн:

- қатар отыратын екі сыныптағы окушылардың жас ерекшеліктері мен білім деңгейлерін ескеру;

- әдістеме мен технологияның сабақтастығы;

-  оқушының өз бетінше іс-әрекет жасау тәсілдерін меңгеруіне мұғалім тарапынан көмек беруді біртіндеп азайту;

- параллель сыныптардағы сынып топтарының ерекшеліктерін ескеру;

- мұғалімдердің ықыласы мен шеберлік деңгейінің болуы, т.б,

Демек, 1-11 сынып аралығында жүргізілетін педагогикалық технология мен әдістемелерді төмендегідей етіп жоспарлауды ұсынуға болады.

Бастауыш мектеп:

-  дамыта отырып оқыту әдістемесі (Л. В. Занков, Д. Б. Эльконин, В. В. Давыдов, В. В. Репккн, В. А. Левин);

- дидактикалық бірліктердің ірілендірілуі (II, М. Эрдниев);

- түсініктерді қабылдау (С. Н. Лысенкова);

- нәтижелі әдістемелер және оны қабылдау;

- Іс - әрекетті бағалау (Ш. А. Амонашвили, И. П, Волков);

- оқулықсыз оқыту (В. В. Агеев);

- ойын әдістемесі және оны қабылдау;

Орта буын:

-  проблемалық оқыту;

- іздену, зерттеу әдістері;

- топпен оқыту тәсілі (И. Б. Первин);

- оқытудың ұжымдық тәсілі (В. К. Дьяченко);

-  тірек және тірек конспектісінің көмегі арқылы оқыту (В. Ф. Шата-лов);

- өзіндік жұмыс әдістері;

- бағдарлы оқыту (машинасыз және компьютерсіз);

- оқытудың коммуникативті әдісі (қарым-қатынастың);

- дискуссиялық әдіс;

- дидактикалық ойындар.

Жоғары сыныптар:

- оқытудың вариативті элементтерін өз еркімен таңдау;

- өзіндік жұмыстың әдістемесі;



- іздену, зерттеу әдістері;

- нәтижелі технология, жобалау әдісі;

- оқушының іс-әрекеті бойынша ұйымдастырылатын ойындар;

-  «өнертанытқыштық тапсырмаларды шешу теориясы» әдістемесі (Г.С.Альтшулер);

- бағдарламалы оқыту;

- әлеуметтік-педагогикалық сынау, әлеуметтік мәні бар ойындар;

- профильді және кәсіптік бағдар бере отырып оқыту;

- тірек конспектісін қолдану;

- диалогтік әдістеме, дискуссияның негізінде оқыту;

- модулдік технология;

- семинар-сынақ түрлері;

- өз бетімен білім алу (компьютерлік варианттар).

Жоғарыда берілген технологиялардың ішінде шағын жинақталған мектептерде көбінесе модулдік технология жиі қолданылуда. Модуль дегеніміз бір-бірімен тығыз байланысты ірі блоктар, бағдарламадағы тақырыптар. Алғаш рет модулмен оқыту 60-шы жылдардың соңында ағылшын тілді елдерде пайда болды. Қазір дүниежүзінде модулді оқытудың 4 түрлі жолы бар. 1. Американдық модул. 2. Неміс модулі. 3. Скавиннің орыс модулі. 4. Алексюк пен Фурмайның украин модулі.Блокты-модулді оқыту барысында, яғни. оқушы бойында бұрыннан қалыптасқан еңбек іс-әрекет тәсілдерімен жаңа іс-әрекет тәсілдерін өзара жинақтау нәтижесінде оқушылар бойында шығармашылык іс-әрекеттері қалыптасады.

Сонымен, барлық жаңа технологияның алдына қоятын мақсаты – оқушының жеке басының дара және дербес ерекшеліктерін есеріп, олардың өз бетінше ізденуін арттырып, шығармашылықтарын қалыптастыру.

 

4 Педагогикалық технолонгияны енгізу проблемалары 



Қазіргі кезеңдегі ғылыми-техникалық үрдістің қарқыны білім беруде жаңа міндеттер қойып отыр. Ол техникалық трізбекте технологияның үздіксіз өзгерістеріне бейімделе алатын тұлға қалыптастыру. Ол үшін білім беру саласында қазіргі дидактикалық мүмкіндіктерді, жаңа идеяларды және білім беру технологияларын сарқа пайдалану.

Әр түрлі оқыту технологияларын оқу мазмұны мен оқушылардың жас және психикалық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынап қарауда мұғалім іс-әрекетінің маңызы зор.

«Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершіліктік, рухани, азаматтық, және тағы да басқа адами келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі» - деп көрсетеді С.В.Селевко.

Инновациялық педагогикалық іс-әрекет жеке шығармашыл, өз бағытымен жұмыс істей алатын мұғалімді қалыптастыруға бағытталады.

Мектеп тәжірибесіне жаңашылдықтарды енгізу көбіне оларды қолдануға деген көзқарастардың кешеніні өзгертуге тікелей байланысты. Қазірде әлі де көптеген мұғалімдер педагогиканың жетістіктері мен жаңалықтарын меңгеруге ұмтылыстарының нашар екендігін байқатады.

Оқыту технологиясын қолдану мүмкіншілігіне төмендегілердің әсері бар:

1. Жаңалықты ендіруге даярлық – бұл ең алдымен, стратегиялық және технологиялық өңделген білімдік құжаттардың болуы. Оқыту технологиясына байланысты кітаптар, мақалалар болумен, оқыту сапасын тез арттыратын тұтас білім, ғылыми-техникалық жағынана қамтамасыз етілмей, бұрынғы дәстүрлі оқыту әдістемесінен артықшылығын көрсете алмай отыр. Осыдан келіп, мұғалімдердің белгілі бір тобы оқыту технологияларын жаңалық деп есептемейді, оны меңгеруде, қолдануда енжарлық көрсетеді.

2. Мұғалімдердің оқыту технологияларын меңгеруге, қолдануға деген себептендіруді тудырып, үгіттеушілік бағыттан конструктивтік-технологиялық жұмысқа бағыттау – білім сапасын арттырудың маңызды құралы. Бұған мұғалімдерді психологиялық, теориялық және әдістемелік астарларды қамтып, арнайы даярлап қана қоймай, сонымен бірге технологияларды қолдануға қатысатын оқушыларды, олардың ата-аналарын да даярлау қажет.

3. Оқытудың қазіргі технологияларын оқыту үрдісінде қолдану, оқыту технологиясына қызығушылық таныту, ынта қою. Оның мақсат, мазмұнын, болашағын түсініп, іс жүзіне асыра білу белгілі бір мақсатты, жүйелі дайындықтың нәтижесі болып табылады. Демек, педагогикалық үрдісті жаңа технологияларды пайдалана отырып жүзеге асыру мынадай базаға негізделеді:

- оқыту технологияларының тұжырымдамаларының ақпараттық базасы, оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуі;

- технологияны таңдаудың өлшемдері;

- мектептің оқу үрдісіне технологияны енгізу механизмдері.

Педагогикалық технологияларды іске асыру жолдары. (Презентация)

Мұғалімдердің оқыту технологияларын меңгеруде педагогикалық кеңестер, әдістемелік бірлестіктер, олардың зерттеушілік жұмыстары, жас мұғалімдердің тобы мен шығармашылық топтың жұмыстары пайдаланылады.

Кез-келген қазіргі педагогикалық технологиялар педагогика ғылымы мен практикасының жетістіктері дәстүрлі тәжірибедегі құнды дүниені, әлеуметтік прогрестің жетістіктерін, қоғамдағы гуманизация мен демократия жемісін жинақтаушы болады. Педагогикалық технология дерекнамасы педагогика, психология, әлеуметтік ғылымдар, алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибе, халықтық педагогика, Отандық және шетел педагогикасындағы озық идеялар болып табылады.

Жалпы алғанда педагогикалық технология түрлерін таңдау білім беру саясатында, білім беру реформасына, дидактикалық тұжырымдамаға немесе оқыту теориясы мақсатымен тәрбиелеу және оқыту міндеттеріне, педагогтың кәсіби және жеке тұлғалық қасиеттеріне, әдіснамалық бағытына байланысты жүзеге асырылады.

Сондықтан қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Бүгінгі өзекті мәселе оқушылардың дара ерекшеліктерін ескере отырып, өз бетімен жұмыс істеу қабілеттерін дамыту. Ал мұнда инновациялық технологиялардың тиімділігі жоғары.  

Сонымен, қазіргі республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасақталып,  оқыту технологиясының жоғарыда қарастырғандай бірнеше түрлері дамып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағытталған кезде білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа-көзқарас, өзгеше менталитет пайда болуда. Осы бағытта жаңа педагогикалық технологияны тиімді меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, азаматтық қабілетінің қалыптасуына ізгі әсерін  тигізіп, өзін-өзі дамытып, оқулықтарын, оқу үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Бүгінгі қоғамның дамуы оның мүшелерінің білімімен өлшенетін кезі келді. Өйткені қазіргі өркениетке жеткізетін құрал - тек қана білім. Білімді ұрпақ қана қоғамның болашақ иесі бола алады. 

 

 

Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту –



педагогикалық технология
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтірген Джинни Л.Стил, Куртис С.Мередит, Чарльз Тэмпл. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады.

Мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға сабақтарда үйрету. Біздің елімізге Джордж Соростың ашық қоғам институты, “Сорос-Қазақстан” қоры арқылы келген бұл технология орыс және қазақ тілдерінде мектеп тәжірибелеріне ене бастады.

“Сын тұрғысынан ойлау” ұғымы белгілі бір идеяларды қабылдай отырып, оның неге қатысты екенін зерттеу, оларды жеңіл септикалық ойларға қарсы қоя білу, салыстыра алу, сол идеяларға қарсы көзқарастармен тепе-теңдікте ұстап зерттеу, оларға сеніммен қарау деп түсіндіреді авторлар.

Сын тұрғысынан ойлау – сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл деңгейдегі ойлау тек ересек адамдарға, жоғарғы сынып оқушыларына ғана тән деп ойлау аса дұрыс емес. Жас балалардың да бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетері сөзсіз. Оған осы жобамен жұмыс жасау барысында көз жеткіздік.

Аталмыш бағдарламаның ішкі құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым 3 деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің моделі. Білімнің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді.

Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі.

Енді осы кезеңдердің мақсат-міндеттеріне толығырақ тоқталып өтейік.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет