Ақпараттық мәдениет – ақпаратпен жүйелі түрде жұмыс істей білу және оны іздеп табу, өңдеу, тасымалдау үшін жаңа компьютерлік ақпараттық технологияларды, техникалық құрал-саймандар мен әдістерді пайдалана білу. Ақпарат ағынында еркін бағыт-бағдар тауып өмір сүру үшін қазіргі адам ақпараттық мәдениетке ие болуы тиіс. Ол жалпы мәдениеттің қазіргі ажырамас негізгі бөлігі болып саналады. Ақпараттық мәдениет адамның әлеуметтік табиғатымен байланысты. Ол адамның түрлі жасампаздық қабілеттерінің өнімі болып табылады және әр түрде байқалады:
Ақпараттың әр түрімен жұмыс істей білу дағдыларымен;
Өз қызмет саласындағы ақпарат ағынының ерекшеліктерін жақсы білуімен.
Ақпараттық процестер
Ақпараттық процестер – ақпаратты іздеу, жинақтау, өңдеу, сақтау және тасымалдау әрекеттері.
Ақпараттық процесс – ақпаратпен жүргізілетін әрекеттер тізбегі (деректер түрінде, мәліметтер, идеялар, болжамдар, теориялар және т.б.), бұл әрекеттер белгілі бір нәтижелерге жету үшін жасалады. Ақпараттық процестердің негізгі нысаны және өнімі - ақпарат. Ақпараттық процестер әрқашан белгілі бір жүйелерде жүреді (қоғамдық, әлеуметтік, техникалық, биологиялық және т.б.).