85
Мұнда ақынның лирикалық «Мені» мұң шағып тұр. Осылайша
лирикалық
өлеңдердің көбінесе ішкі монологқа, кейде
ішкі диалогқа құрылу себебі, бұл – автордың
өзгеше өрелі тыңдаушысын іздеп шарқ ұрғаннан туындайтын құбылыс. Лирикадағы мұң
барлық ақында бірдей болғанымен, оның жеткізілуі әр қалай. Қазіргі қазақ әдебиетінің
кемелденуіне
байланысты, көркемдеу құралдарының, бейнелеу үлгілерінің молаюына
байланысты ішкі монолог түрленіп қолданылып, шығармаға көркемдік нәр береді. Бұл тәсіл
көбіне психологиялық талдау ретінде беріледі. Ф.Оңғарсынованың «Әйелдің монологы»,
«Бақыттының монологы», «Бойжеткеннің сөзі», «Жастық шақ монологы», «Қоштасу» («Қыз
Жібектің соңғы сөзі); «Жантолының монологы», «Жастық шақ туралы элегия», «Кек немесе
келіншектің ызасы», «Аңсау немесе жесірдің зары», «Мұқтаждық немесе жетімнің
монологы» сияқты лирикалық өлеңдердің сезімдік психика циклі – эстетикалық өріс емес,
зерттеу. Ақын
өзін ғана зерттеп қоймайды, жалпы адам жанын зерттейді, лирикалық
кейіпкерін де танытады. Жоғарыда аталып өткен ақынның монологтары – лирикалық
кейіпкердің, атап айтсақ, бойжеткеннің, Майраның, Жантолының, Қыз Жібектің, т.б. атынан
айтылады. «Әйелдің монологынан» үзінді келтірейік:
Сенің от құшағыңда
дүнинені ұмытып талықсыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың...
Бірақ өзің айныдың.
Ұмыттың да жастықтың жұмақ күнін,
сен мысқылдап, мен дағы жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп бұл жалғанда,
Бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім
[5, 262].
Лирикалық кейіпкердің жан айқайын ақын дөп басып, дәл көрсете білген. Алдамшы
сезім жетегінде кеткен әйел үні ақын жүрегінен сүзіліп шыққан. Бұл – кейіпкер пішініндегі
ақын сөзі. Сонымен бірге лирикалық кейіпкердің ішкі рухани дүниесі лирик ақынның
дүниетанымын да байқатады. Кейіпкер психологиясын танымдық тұрғыдан тану өлең өрімін
табиғи тұтастықта талдауда шеберліктің шынайылық сипатына саяды. Бірсыдырғы
мазмұндау, қарадүрсін, қарабайыр жүйелеу жыр әлемінің жүйесін жасытып, жемісін желілей
алмайды. Нағыз психологиялық өлең – шын ақынның өмірден көрген-түйіндерінен туған
терең толғаныс, әсерлер.
Қорыта айтқанда, Ф.Оңғарсынованың ақындық «мені» мен
болмысы бір бейнеге еш
сыймайды. Ақын бірде өршіл рухты, асқақ мақсатты болса, бірде қылаудан да әлсіз нәзік
сезім иесі болады, ол сарғаяды, сағынады, қайғы шегеді, ал ең бастысы – сүйеді. Сондықтан
да Фариза ақынның лирикасы толып тұрған әртүрлі «мендер» десек болады. Қуатты жыр,
салмақты жыр, сыршыл жыр. Әр жырда ақын әр күйде, ал әр күй – бір «мен».
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Оңғарсынова Ф. Екі томдық таңдамалы шығармалар. 1-т. – Алматы: Жазушы,
1978. – 252 б.
2. Ницше Ф. Соч. в 2-томах. Т.1. – Москва: Мысль, 1990. – 831 с.
3. Шапаев Т. Ой түбінде жатқан сөз. – Алматы: Жазушы, 1989. – 191 б.
4. Оңғарсынова Ф. Толық шығармалар жинағы. Т.ІV. Алматы: Сардар, 2015. – 320 б.
5. Оңғарсынова Ф. Шілде. Алматы: Сардар, 2019. – 480 б.
6. Сельвинский И. Я буду говорить о стихах. – Москва:
Советский писатель, 1973. –
503 с.