«Қазіргі заманғы түркологияның Ғылыми даму миссиясы және ғҰбайдолла айдаров феномені»



Pdf көрінісі
бет59/85
Дата19.11.2022
өлшемі2,21 Mb.
#158914
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   85
Байланысты:
Ғұбайдулла Айдаров. Конференция

ЛИТЕРАТУРА 
 
1. Sagiroglu, S., & Sinanc, D. (2013, May). Big data: A review. In 2013 international 
conference on collaboration technologies and systems (CTS) (pp. 42-47). IEEE.
2.
George, G., Haas, M. R., & Pentland, A. (2014). Big data and management.
3. Russom, P. (2011). Big data analytics. TDWI best practices report, fourth quarter, 19(4), 
1-34.
4. Bu, Y., Borkar, V., Xu, G., & Carey, M. J. (2013, June). A bloat-aware design for big data 
applications. In Proceedings of the 2013 international symposium on memory management (pp. 
119-130). 
МАҢҒЫСТАУ ӨЛКЕСІНІҢ ЖЫРАУЛЫҚ-ЖЫРШЫЛЫҚ ДӘСТҮРІ 
 
Жайықова Феруза Жайыққызы, 
Ш.Есенов атындағы КТИУ магистранты 
Ғылыми жетекші: Н.С. Қамарова,
Ш.Есенов атындағы КТИУ профессоры, ф.ғ.к., Ақтау, Қазақстан 
 
Маңғыстау! Маңғаз да, сұлу өлке. Каспий теңізінің жағасындағы қызыр қонған киелі 
жер. Әр топырағы, әр тасы тұнып тұрған тарих секілді көрініп-ақ тұрады. Маңғыстау 
өлкесінде ерте кезден-ақ ел өміріндегі елеулі оқиғаларға байланысты туған аңыз-әңгімелер 
мен батырлық жырлар молынан сақталып, осы заманға дейін жеткен. Бұл өлкеде сонау 
ежелгі сақтардан бастау алып, оғыздар мен қыпшақтар, ноғайлар мен қалмақтар өмір сүрген. 
Осы тайпалардың салт-тұрмысына орай «Жеті жұрт» жайындағы аңыздар да өмірге келген.
Небір ескерткіштер талай аңыз-әңгіменің, өлең-жырдың өзегіне айналғаны тарих бетінен 
белгілі. Түбекте өмір сүрген елдің еркіндік пен ерлікті жырлауы да табиғи арманы болатын. 
Әсіресе, жырау мен ақын елдік пен ерлікке үндейтін жырлар толғауы да сол заманның 
белгісіндей еді.
 
Халық – жасампаз. Әр халықтың өз тарихы мен мәдениеті, өз тарихының шежіресі, өз 
мәдениетінің асылы тәрізді көркем әдебиеті бар. Халықтың арасынан талай саңлақ жыраулар 
мен жыршылар, бармағынан өнер төгілген күйшілер шыққан. Талант – гүл, халық соның нәр 
алар топырағы. Қазақ – табиғатынан ақын халық. Қазақ жерінен тау өзеніндей тасқын 
жырлы ақпа жыраулар, олардың сөзін таратушы жыршылар да көп шыққан. Әр дәуірде де 
ақын, жыраулық, жыршылық өнерді дарынды ұрпақ өнеге тұтқан. Қазақ ауыз әдебиетінің
ежелгі авторлары, әдеби мұраны ұрпақтан-ұрпаққа ұластырушылар – ақпа ақын, жыраулар 
мен жыршылар болған. 
 
Қазақтың халық әдебиеті ертеден келе жатқан киелі өнер. Қазақ әдебиетінің тарихын 
құрайтын негізгі аран халық ақындарының поэзиясы – бүгінгі уақытқа дейін қуатты ағынды 
өзендей, бүгіннен асып болашаққа жететіндей ең өміршең нөсер екендігін байқатып отыр.
Қазақ әдебиетінің тарихы – уақыт өткен сайын бұрынғы, соңғы мұралармен толыға түсетін 
халықтық қазына.
Әдебиетіміздің тарихында шын мәнісінде ұлттық поэзиялық байлығымызды жасасқан 
ақын-жыраулардың ұшан-теңіз дүниесі, қасиетті үлгі-өнегесі, ұлағат сөздері жанымызға 
шипа. Ақын-жыраулар халық поэзиясының эстетикалық жүйесі мен көркемдік тәжірибесін, 
әлеуметтік және жалпы халықтық ұстанымдарын көрсетеді. Ақындар мен жыраулар сияқты 
суырып салма дарынды ақын-жыраулардың өнернамасында даралы сипат, ұжымдық дәстүр 
диалектикалық бірлікте болады. Ақын-жыраулар поэзиясындағы бейнелі сөздер жүйесінің, 
суреттеу, мәнерлеу құралдарының, сөз қолдану шеберлігінің, сөз саптау ерекшелігінің, 
сұлулық әлемінің жұмбақ сырлары ала-бөтен, жаратылысы қызық. Поэзияның ішкі астар-
қабаттарындағы қайнар көздерін ашу, қисапсыз көркемдік құбылыстарды айқындай, 
кестелеу тәсілдерінің табиғатын айқындау, сөздің көркемдік, эстетикалық қасиеттерін тану, 
оның бейнелі қолданысын контекспен тұтастықта алып саралау поэзия тілінің тарихы. 


101 
Ақындардың қоғамдық-тұрмыстық ортадағы жақсылық пен жамандық атаулының 
қарама-қайшылықты құбылыстарын халықтың арманына, мұратына сәйкестендіре жырлау 
арқылы адамгершілік, гуманизм рухындағы мақсаттар жүзеге асырылады. Ел-жұртымен 
бірге өмір сүріп, олардың басына түскен ауыртпашылықтарға ортақтасып, қайғы-
қасіреттерін мұңды-сазды әуендерімен зарлана-шерлене толғап жыраулар өтті. Көңілді, 
нұрлы кезеңдерін шалқыта, шабыттана толғап, ойнақы, ойлы термелермен төгілте, төндіре 
айтып, тыңдаушыларын қызыққа бөлеп, қуанта білді. Кейде салмақты, салқын сарынмен 
тамаша ақыл-нақыл сөздер термелеп, үлгі-өнегелер ұсынды. Қасарысқан қан құмар 
жауласқан жауына қарсы халық алмастай өткір тілді ерлік жырларын сайысқа салды. Халық 
ерлігін, ел бірлігін, ең қымбат адамгершілік қасиеттерді келешек жас қауымға табыс етті. 
Осылайша жыраулар поэзиясы өзіне жүктелген замана салмағын қайыспай көтеріп, 
көкейкесті өмір мәселелерін суреттеп өтті. Жыраулар – сөз өнерінің ілкі авторлары, 
ақындыққа жол ашқан асыл сөз шеберлері, халықтық шешендікпен ұштасқан ойлы-сырлы 
толғау, арнау, термелер мен эпостық жырлардың бастау бұлақтары. Ал, ақындар – жыраулар 
поэзиясының нағыз мұрагерлері. 
Ақындар – жыраулардың көремсөз үлгілерін, поэтикалық тіл түрлерін, образ, сурет 
құралдарын түгелдей дерлік меңгеріп, өз туындыларына негіз етті. Заман жайын, ел 
тағдырын, ерлік, бірлік мәселелерін толғаулар арқылы таратты. Халыққа, жеке тұлғаларға, 
өмір, табиғат құбылыстарына жалынды әңгімелер айтты. Жақсылыққа, береке-бірлікке 
үндеп, адамгершілік ақылдарын берді. Адалдық, парасаттылық, ар-ұятқа, намысқа тиер өжет 
те өткір сөздерін термеледі. Озбырлық атаулыға соққы болар қаһарлы сөз өрнектеп, әртүрлі 
жымысқы, жат мінез-құлықтарды әшкереледі. Қоғам, өмір мәселелеріне сын көзбен қарап, 
оның бойындағы қайшылықтарды тапжылтпай танытты. 
Демек, халық ақындары атауы әдебиеттің халықтығы ұғымымен мәңгі-бақи тығыз 
бірлікте қарастырылады. Халық ақыны – көп ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиеті 
кезеңдеріндегі көрнекті тұлғалардың барлығына да қатысы бар атақ. Халық ақыны – 
жұртшылықтың өзі берген атақ. Яғни мейлі жырау-жыршылар болсын, мейлі ақын-әншілер 
болсын барлығы да жырының мақсаты, мазмұны халық тағдырымен, арманымен үндесіп, 
солардан нәр алып жатса, олар – халық ақыны болмақ. 
Ақын, жыраулар мен әнші, жыршылар дәстүрі белгілі бір әдеби ортада қалыптасып, 
дамиды. Қазақ жерінің әр аймағында да көрнекті ақын, жыраулар бастаған дәстүрлі әдеби 
орта болған. Жетісу аймағындағы Сүйінбай бастаған ақындар тобы, Семей алқабындағы 
Абай өнегесімен өрбіген жазба әдебиет дәстүрі, Қазақстанның батыс өлкесіндегі Асан, 
Сыпыралардан тарған ақындық, жыраулық, жыршылық дәстүр – бұлардың бәрі телегей 
теңіздей халық әдебиетіне құятын арнаулы әдеби бастаулар. 
Аталған жыршылық мектептерді бір-бірінен ажырататын ерекшеліктерімен қатар 
барлығына ортақ қасиеттер де аз емес екенін айта кеткен жөн. Біріншіден, жыр айту 
дәстүрінің ежелгі тамыры бір екендігін көрсетсе, екіншіден, қазақ халқының тұрмыс-
тіршілігіндегі көшпенділік өмір салтынан өнер иелерінің араласуының арқасында бір-біріне 
әсер еткендігін, сол арқылы өнер қауымын кеңейткендігін аңғартады. Бұл екінші себеп 
салдарынан қазақ жырау, жыршылары, тіпті республиканы былай қойып, көршілес қырғыз, 
өзбек жыр айтушылармен араласып, олардан жыр үйреніп қана қоймай, оларға өзінің озық 
жыр айту дәстүрін де үйреткен. 
Жыр үйрену мен үйрету процесі – қиын да қызықты, белгілі қалыптасқан дәстүрге сай 
іске асатын құбылыс. Әр халықта өзіндік ерекшелігі бар бұл әдіс қазақ жырау, жыршылары 
қалай жүзеге асырған. Шәкірттің ұстаз қасына өз еркімен еркін жүріп жыр үйренгені басты 
әдіс болған. Эпос айту дәстүрін сөз еткенде айтылатын бір мәселе, бұл жыр айту дәстүрінің 
еліміздің әр аймағында әр түрлі даму дәрежеде болғандығы. Себебі ғалымдар эпикалық 
дәстүр туып, қалыптаса бастаған кездегі аймақтық әлеуметтік тарихи жағдаймен, жыраулық, 
жыршылық өнердің даму дәрежесі, белгілі бір жыршылардың болуымен түсіндіреді. 


102 
Қазақ халқының эпикалық жыр айту дәстүрі және оны тудырған, қалыптастырған 
жыраулық, жыршылық орта туралы сөз еткенде ауызға алдымен Батыс Қазақстан жыр айту 
дәстүрі ілінеді.
Жыр айту мектебінің аты бізге жеткен алғашқы өкілдері «қазақ-ноғай ұлысының 
философы» атанған Асанқайғы, Сыпыра болған. Қазақстанның батыс аймағы – көптеген 
батырлар жырының, әсіресе «Қырымның қырық батыры» сияқты халқымыздың қымбатты 
поэзиялық мұрасы кемелденген, ауыз әдебиетінің ірі өкілдері шыққан орта. «Қырық 
батырды» жырлаған ақындардан байқалатын сыр – олардың өздері де ерлік жырлар рухымен 
дастандар толғаған. Мұны Махамбет пен Абыл, Нұрым мен Ақтан, Қашаған мен Ығылман 
шығармашылығынан айқын көреміз. Бұл жайлардың бәрі Қазақстанның батыс аймағында 
Жиен, Сыпыра, олардың мұрагерлері Махамбет, Абылдардан бастап күні бүгінге дейін 
желісі үзілмей келе жатқан ақындық, жыраулық, жыршылық дәстүр бар екендігін көрсетеді. 
Қазақстанның өзге өлкесінен гөрі Атырау мен Маңғыстауда ел сүйіспеншілігіне 
бөленген көптеген ақын-жыраулар шыққан. Олар қалдырған құнды әдеби мұралар елдің 
рухани игілік-қазынасына айналды. 
Абыл Тілеуұлы осы өлкенің айтулы ақыны. Абыл өз дәуірінің елеулі оқиғаларына дер 
кезінде үн қосу арқылы ел үшін өмірін тіккен батырларды жырға қосты, олардың ерен 
ерліктерін мадақтап, өскелең ұрпаққа өнеге тұтты. Жырау, төкпе ақын Қалнияз 
Шопықұлының есімі де ел ішінде кеңінен белгілі: өз заманында туған жері мен елінің бейбіт 
өмірі жолындағы талай жорықтарға қатысқан ақын сарбаздарды өлең-жырларымен, 
толғауларымен үнемі жігерлендіріп отырған. Суырып салма ақын Нұрым Шыршығұлұлы 
Абыл бастаған ақындық ортадан өз орнын алған көрнекті тұлға. Ақынның өлең-жырлары 
терме, өсиет, толғау, белгілі бір адамға арнау түрінде болып келеді. Ол өмірдің өтпелігі 
туралы толғанып, елдің бірлігін, сыйластығы мен татулығын жыр еткен. Ал, Қашаған 
Күржіманұлы да жастайынан ақындық өнермен айналысқан. Ақынның алғашқы өлеңдері ел 
ішінде ауызекі тарап, кеңінен белгілі болған. Атақты жыраулар дәстүрімен өлең-жырлар 
шығарған Қашаған елдік пен ерлікті, адамгершілік пен адам бойындағы ізгі қасиеттерді 
мадақтайды. 
Суырып салма ақын Ақтан Керейұлы да маңғыстаулық ақындар ортасынан шыққан 
көрнекті сөз сүлейлерінің бірі. Ол Қашаған, Нұрпейіс, т.б. сияқты ақындармен бірге жүріп, 
ақындық өнерін шыңдаған. Ел мүддесін көздеген ерлерді жырлап, өмірдің мәні жайында 
философиялық ой түйіндейді, тұрмыс-салт тақырыбында өлең-жырлар шығарады.Мұрын 
Сеңгірбекұлының есімі қазақ халқы әдебиетінің аса құнды қазынасы саналатын «Қырымның 
қырық батыры» жырын кейінгі ұрпаққа жеткізуші ретінде белгілі. Өз дәуірінде көрнекті 
жырау атанған Мұрын жастайынан халықтық қолданбалы өнер сырына қанығып, өзі де 
ұсталық зергерлік өнерді сүйіп өскен. Бойында табиғи поэзиялық талант оты жарқырай 
ашылып, кейін ол көптеген жырлар шығарады. Әсіресе, «Қырымның қырық батырын» 
өзінше шығармашылықпен қайта тудырып жырлауы оның есімін түбек аймағына паш етті. 
Маңғыстауда төкпе ақындығымен аты шыққан Сәттіғұл Жаңғабылұлы жас кезінен айтысқа 
түсіп, ақындық дарынымен көпшілікке танылған. Халықтың патша қанаушылығына қарсы 
күресін толғайтын «Досан батыр» дастанын шығарып, өзі ел арасына таратады, кейін 
кеңестік кезеңде көптеген облысы және республикалық ақындар айтысына қатысқан.1961 ж. 
оған халық ақыны атағы берілді. Ол уақыт, адам өмірі мен тағдыры, жалпы халық пен 
мұсылман дүниесінің тағылымы жайында жырлады. Ақындық осындай тәрбиелік мәні бар 
өлеңдерін жыршы-термешілер үнемі орындап, тыңдаушыларға жеткізіп отырады. 1996 ж. 
«Аманат» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Кезінде жырау Сүгір Бегендікұлы оған арнап 
«Сәттіғұл ақынға» атты өлең шығарған. Ел арасында Сүгір Бегендікұлы көптеген 
толғауларымен қоса «Сәттігұл мен Сүгірдің жұмбақ айтысы» да кең тараған. 
Ұлттық сана мен тілінің, мәдениеті мен тарихының, тағдыр-талайы мен заманының 
айнасындай халық эпостарын орындаушы – жыршылардың өнегелі өнері мен дәстүрі одан 
әрі тамырланып, өркен жайса, рухани жаңарудың нақты, жанды көрінісіне айналар еді. 
Ғасырлардың кәусар бұлағынан ел сусындап, ұлттық құндылықтарға кенелер еді. 


103 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1.
«Қазақ әдебиеті» энциклопедиясы, Алматы, 2001 
2.
Маңғыстау энциклопедиясы, Алматы, 1997 
3.
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, Алматы, 1998-2007 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   85




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет