ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Аймауытов Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 1997. – Т. 1.
2.
Бисенғалиев З. ХХ ғасыр басындағы қазақ романы. – Алматы: Өлке, 1997.
3.
Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар: Қазақ қара сөзi жайында. – Астана: Таным, 2003.
4.
Нұрғалиев Р. Күретамыр. – Алматы: Жазушы, 1973.
5.
Базарбаев М. Әдебиет және дәуір. – Алматы: Жазушы, 1966.
6.
Қирабаев С. Жүсіпбек Аймауытов. – Алматы: Ана тілі, 1993.
Ф.ОҢҒАРСЫНОВА ПОЭМАЛАРЫНЫҢ СЮЖЕТТІК НЕГІЗДЕРІ
Сәтбергенова Айгүл Мақсымқызы,
Ш.Есенов атындағы КМТИУ магистранты
Ғылыми жетекші: Н.С. Қамарова,
Ш.Есенов атындағы КТИУ профессоры, ф.ғ.к., Ақтау, Қазақстан
Белгілі ақын Фариза Оңғарсынова – поэма жазудың да шебері. Ақын поэмаларының
басым көпшілігі тарихи тұлғаларды арқау еткен. Сол арқылы ақын тарих пен бүгінгі күннің
өзара сабақтастығын тауып, тарихи дәуірдің шындығын көрсетуді мақсат тұтады. Сондай-ақ,
ақын өлең сөзбен тарихқа айналған тұлғалардың рухани портретін сомдайды. Осы тұста
“тарихи тұлға” дегеніміз кім? деген заңды сұрақтың туары анық. “Қазақ әдебиетіндегі
тарихи тұлға проблемасы” атты монографиясында Ә. Тарақ осы мәселені жан-жақты
қарастыра келе, В.Г. Белинскийдің мынадай анықтамасын ұсынады: “Тарихи тұлға бұл
қашанда белгілі бір дәуірдің құбылысы, бірақ оны әрбір жазушы өзінің уақыты және дербес
психологиясы тұрғысындағы көзқарас бойынша қарастырады” [1, 274 б.]. Ал ғалым Қ.
Әбдезұлы “Тарих және тағдыр” атты зерттеу еңбегінде: “Ең алдымен, тұлға деген ұғым –
тарихи өлшем. Яғни, тарихи тұрғыдан ел үшін, халық үшін орасан маңызы зор, тарихи мәні
терең іс-әрекеттерге барған, немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында
айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай тұлғалық деңгейге көтеретін бағаны
беріп отырған” [2, 158 б.], – дейді. Демек, тарихи тұлғаға арнап шығарма жазу – ақынның
биік интеллектін, терең танымы мен биік парасатын байқататын күрделі процесс.
Қазақ поэмаларының өткеніне көз жүгіртсек, поэмадағы тарихи тақырып отызыншы
жылдардан бастап идеялық шеберлік тұрғысынан кемелдене түсті.
Тарихта болған өнер
қайраткерлері, дарын иелері туралы поэма жазуда ақындардың арқа сүйегені – І.
Жансүгіровтің ақындық дәстүрі болғаны белгілі. І. Жансүгіров “Күй”, “Күйші”, “Құлагер”
поэмалары арқылы өнер адамын бейнелеудің поэмадағы жарқын үлгісін қалыптастырды
дейміз. Ал “осы дәстүр жалғастығының мысалы ретінде Ә. Тәжібаевтің “Ақын”, “Күй
атасы”, “Майра”, “Оркестр”, Қ. Бекхожиннің “Аппақ–наме”, “Құрманғазы”, “Мәриям
Жагорқызы”, Ж. Молдағалиевтің “Кісен ашқан”, М. Әлімбаевтың “Естай–Қорлан”, Т.
95
Бердияровтың “Біржан сал”, “С. Иманасовтың “Айтыс”, С. Сейітхазиннің “Балуан
шолақ”, Ө. Күмісбаевтің “Махамбет” поэмаларын атауға болады” [3, 32 б.]. Аталған
поэмалардың басым көпшілігі тарихта болған өнер адамының өнер жолын бедерлеуге
бағытталды. Алайда, тарихи тақырып–бір кезеңнің әдебиетімен ғана шектеліп қалатын
тақырып емес. Бұдан кейінгі кезеңде де бұл тақырыпқа поэмалар жазуды ақындар тоқтатқан
жоқ. 1960-80-жылдардағы қазақ прозасында да тарихи тұлға бейнесін қоғамдық шындықпен
сабақтастыра суреттейтін көркем шығармалар аз жазылмады. Тарихи тұлға өмірінің белгілі
бір кезеңдерін суреттеу, шығармаларына тарихилық сипат дарыту осы жылдардағы
әдебиеттің қай жанрында болса да белсенді түрде көріне бастады.
Ф. Оңғарсынованың халық үшін күрескен тұлғаларға арнап жазылған тарихи
тақырыптағы поэмалары өзінің композициялық жүйесінің мықтылығы, сюжеттік желісінің
қызықтылығымен, образ жасау шеберлігімен қазақ поэмаларын дамытудағы мәнді
туындылар ретінде бағаланады. Яғни, ақын дәстүрлі эпикалық шығармаларды жаңа сапаға
сай жаңғырта отырып, әртүрлі тақырыпты қамтитын поэмалар туғызды. Ф.
Оңғарсынованың тарихи тұлғаны арқау еткен кең көлемді шығармаларының қатарында
Жетісудың бұлбұлы атанған Сара ақынға арнаған “Сайраған Жетісудың бұлбұлымын”, қазақ
қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби әнші Майра Уәлиқызына арнаған “Тартады
бозбаланы магнитім”, атақты Ақан сері Қорамсаұлына арнаған “Ақан сері аңыздары”,
поэзия алдаспаны Махамбетке арнаған “Алмас қылыш немесе мен Махамбет ақынмен қалай
кездестім”, Шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүкке арнаған “Тыңдаңдар,
тірі адамдар”, композитор Ғ. Жұбановаға арнаған “Дыбыстар әлемі”, қазақ қыздарының
ішінде алғашқы болып “темір тұлпарды” бағындырған Еңбек ері К. Дөнентаеваға арнаған
“Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген” атты поэмаларының қазақ поэзиясынан алар орны
өзгеше. Сондай-ақ, Ф. Оңғарсынованың “Күй” атты күйші Динаға арнаған диптих, ақын
М. Хакімжанова жайлы “Жыр анасы” атты триптихін, ақиық ақын М.
Мақатаевқа арнаған “Мақатаев туралы жыр” циклдық топтамасын, Халық артисі, күміс
көмей әнші Б. Төлегеноваға арнаған “Бибігүл-ән” арнауын даралап айтуымыз қажет. Тарихи
тұлғалар өмірін өз поэмаларына негіз етіп алғанда, Ф. Оңғарсынова өзінен бұрын салынған
дәстүрді негізге ала отырып, осы тақырыпты өзіндік жаңалық, ерекшелігімен байытты,
өзіндік дара қолтаңбасын да байқата білді.
Ф. Оңғарсынова поэмаларына тән жанрлық–түрлік ерекшеліктер турасында
әдебиеттанушы Р. Аяпбергенұлы: “Ф. Оңғарсынова поэмаларындағы ең негізгі ерекшелік –
лиризмнің үстемдігі. Мысалы, “Мен өмірді сен деуші ем”, деген поэмасы бозбаланың
күнделігі түрінде жазылған таза лирикалық поэма. Ал “Сайраған Жетісудың бұлбұлымын”,
“Тыңдаңдар, тірі адамдар!”, “Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім?”,
“Ақбөбек жырлары” поэмалары тарихи–лирикалық поэмалар. “Дыбыстар әлемі” –
лирикалық поэма, ал “Мүшәйра” – лиро–драмалық поэма деп білеміз” [4, 31 б.], – дейді.
Дегенмен, Фариза Оңғарсынова поэмаларын жоғарыдағыдай қандай да бір шартты
топтастырудың ақын поэмаларының зерттелу аясы үшін аздық етері анық.
Ф. Оңғарсынованың “Сайраған Жетісудың бұлбұлымын”, “Тартады бозбаланы
магнитім”, “Ақан сері аңыздары”, “Дыбыстар әлемі” поэмаларын, күйші Динаға арнаған
“Күй”, әнші Б. Төлегеноваға арнаған “Бибігүл-ән” атты циклдық жырларын өнер адамының
өзгеше тағдырына арналған шығармалар қатарына қосуымызға болады. Аталған
поэмалардағы негізгі мәселе бір адамның тағдыры емес, еркіндікті, азаттықты аңсаған
шығармашылық адамына ортақ тағдыр. Мұндағы Майра, Сара, Ақандар солардың жиынтық
образы.
Ф. Оңғарсынова шығармашылығын осы негізде бағдарлап, ой елегінен өткізетін
болсақ, ақынның өнер адамының тарихи тұлғасын жасауда поэма жанрында жаңа стильдік
ізденістерге барғандығын байқаймыз. Ақынның тарихи тұлғалар хақындағы поэмалары мен
жыр-циклдары дәл бүгінгі күн тынысымен аса үндес. Бұл поэмаларда ақын өнерпаз
тұлғалардың өмір жолын әлеуметттік ортаның ахуалымен тығыз байланыста бейнелейді.
Осылайша қилы тағдырлар арасындағы тартыс әрекетті суреттей отырып, тарихта белгілі
адамдардың, өнерпаз тұлғалардың характерін ашып, образ жасауға тырысады.
96
Ф.Оңғарсынованың шығармашылығындағы басты тақырыптардың бірі – әйел
тағдыры, әйел жолы. Әйел тәкаппарлығының, әйел жанының азаттығын өз халқының өткен
тарихынан іздестіру – Фариза поэзиясының өзгешеліктерінің бірі. Ақын шығармашылығына
тән осы ерекшелікті анық байқаған З. Мүтиев: “Ф. Оңғарсынова лирикасындағы өзгешелік
сол – ондағы әйелдер образы типтік дәрежеге дейін көтерілген бейне саналады.
...Суреткердің қаламынан туған әйел тағдыры, оның өмір түйткілдерінен сыр тартқан сан
қилы поэтикалық дүниелердің ауқымы да қомақты” [5, 11 б.], – дейді. Қазақ әйелінің қайсар
мінезі, олардың бір-біріне ұқсамайтын өзіндік болмыс-бітімі ақын шығармашылығында да
бөлекше сипат табады.
“...Шынымды айтсам, мен жалпы әйел тағдырының жүгі көбірек, қиынырақ дер едім.
Ал нағыз өнердің шытырман жасы, тіпті суреткерлік табиғаты әйелге бұйырса, ол екі есе
қиын. Тағдыры өнермен байланысты әйелдер жайлы ойланатыным да осыдан болар. Қазақ
әйелінің бойындағы адам таңғаларлық ғажайып қасиеттер кім–кімді де табындырады деп
ойлаймын. Ал, заманның қаталдығына, қыз жолының жіңішкелігіне қарамастан, қазақ
қызының қабілетін, өнерін халыққа таныта білген Сара, Майра, Диналарға гимн жазса да
артық болмас еді” [6, 189 б.], – деген Фариза қазақтың біртуар талантты да қайраткер
қыздарына арнап бірнеше поэмалар жазды. Соның бірі – атақты “Жетісудың бұлбұлы” –
Сара Тастанбекқызының өмір тарихын, өнер жолын арқау еткен “Сайраған Жетісудың
бұлбұлымын” поэмасы.
Поэмаға негіз болған бас кейіпкер – Сара Тастанбекқызы тарихта болған, 1878-1916
жылдар аралығында өмір сүрген айтыскер ақын. Туған жері – Алматы облысының Қапал
ауданы. Руы – Найман. Сара әкесінен ерте айырылады. Өзінің қысқа ғұмырында
тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның
шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі. Сараның өмір жолы, оның жеке өмірінің кейбір
сәттері жөнінде “Сара Тастанбекқызының өмірбаяны мен творчествосы туралы деректер”
деп аталатын жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған шағын зерттеу еңбекте
біршама мағлұматтар беріледі. ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың аяулы ақын қызы Сараны
біреулер тарихи тұлға десе, екіншілері – Сара көркем бейне, жиынтық тұлға деседі.
Дегенмен, Сараның өмірде нақты болғандығын дәлелдейтін жайт – оның өлеңдері. Осы
тектес даулы сұрақтар “Біржан-Сара” айтысының айналасында да өрбіді. “Біржан - Сара”
айтысының өмірде нақты болғандығы, я болмағандығы турасында қазақтың академик –
жазушысы С. Мұқанов былай деп жазады: “Сараны Біржанның іздеп баруы анық.
Біржанның Нұржан деген ағасының баласы Ахметжанды мен қартайған шағында көрдім.
Ахметжан: “Мен Біржанға атқосшы болып барып ем, Сараны көрдім, айтысқандары рас”, –
дейтін. Халық әдебиетін жинаушы, Біржан мен Сараның айтысын алғаш рет баспаға берген
Жүсіпбек Шайқұлисламов бұл айтысты Сараның аузынан жазып алдым дейді” [7, 29 б.].
Осы айтыстың төңірегіндегі таласқа үн қосқан Ғ. Мүсірепов те өзінің “Ақын Сараға
соқтықпасақ қайтер!” деген мақаласында: “Қазақтың әдебиет зерттеушілері мен ақын-
жазушылары еш уақытта бұл айтыстың болғанына шек келтірген емес. Ғасырлар бойына
жасап келген поэзиямыздың көрнекті бір саласы болып келген ақындар айтысының ең
биігіне көтерілгені – “Біржан-Сара” айтысы деп білеміз. ...Өз басым ақындар арасында
Сараның алатын орны бірінші қатарда деймін. Мәселен, қазақ әйелдерінің ішінде әншілік
туын Майраға, күйшілік туын Динаға, опера өнерінің тұңғыш туын Күләшқа ұсынатынымыз
сияқты, ақындар айтысының асқақ туын Сара Тастанбекқызының қолында көргім келеді” [8,
327 б.], – деп бұл мәселенің соңғы нүктесін қойған болатын.
Қазақ поэзиясында Ф. Оңғарсынованың “Сайраған Жетісудың бұлбұлымын”
поэмасынан бұрын да ақын Сараға арналған біршама шығармалар жазылған болатын. 1974
жылы 8-наурызда “Социалистік Қазақстан” газетінде М. Айтқожинаның “Ешкі өлместегі
ескерткіш” атты поэмасы жарияланады. Кейіннен М. Айтқожинаның осы поэмасы 1986
жылғы таңдамалы өлеңдер мен поэмалар жинағына енген. Аталған поэманы тек қана Сараға
арналған поэма дей алмаймыз. Өйткені, ақын Сара ауылына көз жібере отырып, оның бүгінгі
97
күнгі қол жеткізген жетістіктерімен қатар, соған ұйытқы болған әкім-қаралардың елеулі
еңбектерін жыр етеді. Ақын М. Айтқожина:
Ащы жаспен жудың-ау, ай жүзіңді,
Нәзік үнің айтшы, қайда
Үзілді.
Қарашы, апа,
Бір көтеріп басыңды,
Қандай ғажап біздің өмір
Бүгінгі [9, 397 б.], – деп Сара рухымен ойша тілдесе отырып, бар айтарын ақын
апасына сыр ғып ашады. Алайда, “Ешкі өлместегі ескерткіш” поэмасындағы Сара бейнесі
ашылмаған, алдыңғы орынға Сара образы емес, ақынның өз толғаныстары шығады. Осы
орайда М. Айтқожина поэзиясы туралы пікір білдірген ғалым Т. Кәкішевтің: “М. Айтқожина
бірнеше поэма жазғанымен, лирикадан алыстап кетпейді екен. Оқушыны шытырман
сюжетпен емес, мәнді сыр, салмақты ойларымен тартып отырады. Оны көбінесе өлеңнің
көлемінде шақтайтында сияқты” [10, 9 б.] – деген пікіріне жүгінеміз.
Ақын Сараға арналған С. Иманасовтың “Біржан-Сара” айтысының негізінде жазылған
“Айтыс” поэмасы Сараның тарихи бейнесін жасауға арналады. С. Иманасовтың “Айтыс”
поэмасындағы басты оқиға Біржан мен Сараның айтысы төңірегіне құрылғанымен, екі
ақынның айтыс үстіндегі іс-әрекет, мінез, көңіл – күй ерекшеліктері поэмада терең
ашылмайды. Поэма “Біржанның бірінші монологы”, “Сараның бірінші монологы” сынды
тарауларға бөлініп, негізгі ой Сара мен Біржанның өз монологтары арқылы беріледі.
С. Иманасовтың “Айтыс” поэмасындағы Сара Ф. Оңғарсынова поэмасындағыдай өр рухты,
кесек мінезді Сара емес, сол кездегі көп қыздардай тағдырына қарсы тұрар шамасы жоқ,
пешенесіне жазылғанға көндіккен Сара. Оны ақын С. Иманасов поэмасының соңына таман
былай деп анық аңғартады:
Сол – ақ па бұйырғаны бақ талайға?
Бұлқынып,
Бұғау үзер таппады айла.
Ақын боп ақырғы рет бір көрініп,
Қатын боп қала берді Қаптағайда [11, 131 б.].
Сараға деген тарихи елеулі ескерткіштің тағы бірі – “Біржан-Сара” операсы болып
саналады. Академик жазушы Қ. Жұмалиевтің либреттосы бойынша атақты композитор
М. Төлебаев жазған бұл опера қазақтың музыка өнерінің төрінен орын алады.
Ал біз сөз етіп отырған Ф. Оңғарсынова поэмасындағы Сара бейнесі мүлде бөлек
көркемдік арнада ашылады. Ф. Оңғарсынованың поэзиясындағы қазақ әйелдерінің
суреттелуінің өзіндік ерекшелігі бар. Оның “әйелдері” әр дәуірдің, әр кезеңнің өкілдері
болып келгенімен, олар іштей өзара бір-бірімен біртұтастық табады. Ол тұтастық – олардың
мінездерінен байқалады. Сараны өзінің өнердегі ұстазына айналдырған ақын “Бұралаң жол,
бұрқасын өткелімен, Сендік тағдыр менің де тағдырымдай”, – дей келе өткелі көп өлең
өлкесінде өз өмірі мен кейіпкерінің өміріндегі ұқсастықты аңғартады. Шынында да,
поэмадағы Сара ойларынан, Сара сөздерінен лирикалық қаһарманның тұлғасын көру қиын
емес. Яғни, ақындық “мен” Сара бейнесі арқылы көрініс табады. Осы орайда неміс
философы Ф.Ницшенің: “Лириктің образдары ақынның өзінен басқа ешкім де емес, бұл тек
оның әрқилы формада объективтенген тұрпаты” – деген пікірі ойға оралады. Сара қыздың
тағдыры ақын үшін поэма арқауы ғана емес, лирикалық кейіпкер өмір сүрген қоғамды,
ондағы адамдарды танытудың өзіндік тәсілі де.
Айтыссам ақ бұлақтай ақтарылам,
Кешпеймін біреулердей жыр жылымын, – деп айбынды үн қатқан лирикалық
қаһарман жырға, сөз өнеріне қатаң талап қояды.
Жыршы емес, елдің жүгін тарта алмаса,
Таңдайға алмас сөзді арқандаса.
Іштегі буырқанған жай тасқынын
98
Жасқанып, ақтара аламай жалтаңдаса – дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |