5.2. Банктің қарыз алушылармен несиелік қатынасы және несие шартының рөлі
Банктің несие берудегі делдалдық қызметі толық көрінген кезде нақты экономикалық өмірдегі банктің рөлін көрсетеді.
Нарықтық экономика кезінде коммерциялық (іскерлік) банктер несиелік қатынасын көптеген клиенттермен байланыста құра отырып, күрделі мәселелерді шешеді. Осылардың барлығы несие берудің аса ауқымды процесі арқылы жүзеге асады.
Несие беру – сауда, кәсіпкерлік қызмет пен пайда табуды қамтамасыз ететін банктердің маңызды операциялары болып саналады.
Несие беру теориясы мен тәжірибесінде банктің қарыз алушылармен өзарақатынасының жалпы негіздері мен қағидалары, терең психологиясы бар екендігін әлемдік тәжірибе дәлелдейді. Несие беру: субъектілердің несие беру процесіне қатынасы; несие берушілер мен қарыз алушылардың өзарақатынасы; несие ресурстарының жеткіліктілігі; қарыз алушылардың ссудаларды пайдалануы; қарыздардың болуы сияқты көптеген проблемаларды қамтиды.
Банк қарыз алушырмен несие қатынастарын орнату үшін клиенттің несиеге деген нақты қажеттілігінің пайда болуына сенімді болуы тиіс. Клиенттің несиеге объективті қажеттілігін білу және несиені қарызға, тек субъективтік қажеттіліктерді қанағаттандыру жағдайы үшін беру несиелік өзарақатынастардың беріктігін және ссудаларды қайтару мүмкіндігін көрсетеді.
Коммерциялық банктер қарыз алушыларға несиелер бере отырып, тәуекелге барады, сондықтан несие беру процесінің маңызы ссудаларды берудің техникалық ережесін жиынтық түрде орындау және бақылау мен мерзімінде қайтарудан ғана тұрмайды, сонымен бірге несие беруші мен қарыз алушының міндеттемелері бойынша әрбір нақты жағдайда шешімдер қабылдауды да білдіреді.
Нарықтық ортада несие беру бизнесі тұрғысынан отандық банктер үшін ендігі жерде талдау техникасы мен несие беру процедурасы емес, ең негізгі болып кең ауқымды пайымдау мен ұтымды шешімдер қабылдай білу қатысады. Сонымен бір мезгілде несие беру жағдайы өзіне несие беру үшін қарыз алушы орындауы тиіс талаптарды да енгізеді.
Банк клиенттің қаржылық орнықтылығы мен экономикалық тұрақтылығын зерттеп, несиеге деген қажеттілікті қарай отырып, оның экономикалық негізділігін, берілген деректердің сенімділігін ескереді. Қарыз алушының қарызды несие шартында көрсетілген жағдайларға сәйкес қайтаруға қабілетті және дайын екендігіне сенімді болу үшін, ссудаға қатынасы бойынша клиенттің өз ісіне жауаптылығын, қарыз алушының беделін, рентабельділігін; ссуданы қамтамасыз етуін; экономикалық конъюнктураны ескереді.
Банк қарыз алушыға несие беру процесі басталмай тұрып тәуекелді жою немесе оны төмендету мақсатымен әлеуетті қарыз алушыға талдау жасайды. Банктің бұл мақсаттағы міндеті клиенттің несие төлеу қабілетін анықтауға бағытталған.
Әлеуетті қарыз алушының несие төлеу қабілеті туралы дұрыс қорытынды жасаған жағдайда, банк несие шартының жағдайларын әзірлеуге кіріседі. Бұл кезең ссуданы құрылымдау деп аталады, банк аталмыш процесс кезінде: несие мақсатын, сомасын, қайтару тәртібін, ссудалардың мерзімін, қамтамасыз етуді, несие бағасын, өзге де жағдайларды анықтайды.
Нарықтық экономика жағдайында ссуда беруші мен қарыз алушы екі жақ та бірдей мүдделілік танытқанда ғана банктің несие қатынастары дамитын болады. Бірінші тарап, яғни несие беруші (банк) өзінің несие беру бизнесін дамыта отырып, ссуданың пайыздармен қоса мезгілінде қайтарылуын қалайды. Ал қарыз алушы ссуданы ала отырып, оны қызмет процесіндегі қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағыттайды.
Дамушы елдердің банк жүйесіндегі несие беру бизнесі несиені басқарудың келесідей негізгі ережелерін қамти отырып, көптеген жылдар ішінде өзін берік бекітті деуге болады. Ол ережелер бойынша:
банктің несие қабілеті (несие беру қабілеті) капиталдың жеткіліктігі мен өтімділігіне негізделген. Банк ақша іздейді, орта ставкаларды қайта қаржыландыру ставкаларымен (рефинансирование), банкаралық несиелер бойынша ставкалармен салыстыра отырып, депозиттердің тартымдылығын талдайды. Несие беруді қымбат ресурстар есебінен дамыту банкке пайдалы емес;
қарыз алушының бизнестегі бағытын, клиенттің өндірістік мүмкіндіктерін білуді талап ететін несиелерді шоғырландыру банк үшін маңызды мәселе. Бұл жерде негізгі шешімді қабылдау банктің жоғары шенді қызметкерлерінің үлесіне қалады;
несие беру өкілеттігі банктің несие саясатын жүргізу әрекетін қамтиды. Несие беруге қатысы бар (орындаушыдан бөлімнің меңгерушісіне дейін, директорлар кеңесі) банктің әрбір қызметкері несие беру процесін жылдамдатуы; несие тәуекелін азайтуға жұмыс істеуі тиіс.
Қызметкерлердің өз өкілеттіктері мен міндеттерін білуі маңызды болып саналады:
банктердің тиісті комитеттеріне, өзінің міндеттері шеңберінде клиенттермен келіссөздер жүргізетін, несие беру жағдайын, несие бағасын, қайтару мерзімдерін анықтайтын аға қызметкерлерге келіссөздер жүргізуге өкілеттіктер берілген;
келіссөздер жүргізу кезінде банктің шешім қабылдауына мүмкіндік бере отырып, құжаттама тәуекелден қорғауды қамтамасыз етеді. Қаржылық және заңдық құжаттамалар несие беру процедураларын белгілеу үшін негіз болып қатысады;
бекіту (процедура) қарыз алушыға несие беру тәртібін аяқтайды. Несие комитеті несие берілуін мақұлдайды және оның сомасын анықтайды.
Банктің қарыз алушылармен несие қатынасы әлемдік тәжірибеде өзіне клиенттің несие туралы өтінішінен бастап, несиені толық қайтарғанға дейінгі аралықты қамтитын қадамдарын (10-16) енгізеді. Бұл мәселелер оқу әдебиеттерінде жеткілікті түрде қарастырылады.
Коммерциялық банктердің несие саясатын жүргізу мақсатында қарыз алушыға несие беру кезіндегі несие шарттарын жасауы маңызды процесс болып саналады.
Несие шарты – бұл несиеге қатынасы бойынша әрбір тараптың құқықтары мен міндеттері ескертілетін банк пен қарыз алушылар арасындағы контракт. Несие шарты қарыз алушының қаржылық жағдайын ұстап тұру немесе жақсарту; банктің мүддесін қорғай отырып, ақша қаражатының қозғалысы мен пайдалылық деңгейін жақсартатындай етіп құрылатын жағдайлар мен қосымша ескертпелерден және шектеулерден тұрады.
Несие шартының экономикалық және заңдық жақтары олардың мазмұнында көрсетіледі, оған мыналар кіреді:
ссуданы алу мақсатын, сомасын, аудару туралы жарлықты, төлем жасау кестесі мен процедураларын енгізетін несие беру қаржысының сипаттамасы;
терминология анықтамасы, қарыз беру күні, жұмыс күні, пайыздық кезең, пайыздар төлеу күні, көрсетілген шарттарды орындамау жағдайы, келісімнің күшін жою күні, растаушы құрал (заверительный инструмент) және т.б. қамтиды;
қарызды дәлелдеу – қаралуы қажет құжаттамаларды (мысалы, қарыз алушы жазған жай вексель) сипаттайды;
пайыз және комиссиялық ставка пайыздық төлемдер бойынша комиссиялық ставкаларды анықтайды;
алдын ала төлемдер жасау (ерікті және еріксіз), төлеу кезіндегі айыппұлдар және оны басқару жағдайын қамтиды;
ссуданы жабу құқығы, қарыз алушы тарапынан шарттарды орындамаған жағдайда, банк өзінің талабын қарыз алушы арқылы жабады және қарыз алушының кез келген активіне иелік ете алады;
кепілдер: оның заң ережесі, зайымдарды реттейтін басқа тұлғаларды қолдау сияқты банкке берілген, әртүрлі ақпараттарға сүйенетін қарыз алушының өтініші оның қаржылық есебінің дұрыстығы, соңғы қаржылық ақпараттар бойынша қаржылық жағдайға байланысты материалдарда кері өзгерістердің болмауы, қарыз алушыға қарсы талаптың (иск) жоқтығы, қарыз алушының активтеріне қарсы берешектері үшін мүліктерін ұстап қалудың кез келген құқығын сипаттау немесе оның болмауы.
Банктің ссуда алушылармен несие қатынастарын жетілдіруіне қатысты несие шарты құқықтық және нормативтік ережелермен толықтырылуы мүмкін. Осыған орай несие шартының өзгермейтін формалары болмайды деп бекітуге болады. Көпшілік елдердегі банктер аталмыш заң құжатына өз қатынастарын барынша дәл айқындайды. Несие шартының экономикалық және заңдық күші банктің қарыз алушыға өз талабын қоюына белгілі бір міндеттемелерді көздеуге немесе қажет болған жағдайда банкті келесідей ақпараттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:
нақты бір күнге арналған мәліметтер, ссуданың бүкіл мерзімі ішіндегі мерзімді аудиторлық және есеп қаржы құжаттары;
нақты капиталдың немесе меншікті капиталдың белгілі бір деңгейін белгілеу;
негізгі коэффициенттер бойынша (ағымдағы өтімдік коэффициенті, борыштың меншікті капиталға қатынасы бойынша коэффициент) белгілі талаптарға жауап беру;
ескертілген мерзімдер бойынша көрсетілген шарттардың орындалмау оқиғалары туралы жазбаша хабарлама беру;
қарыз алушының меншігіндегі кітаптарға және инспекцияларға, оның операциялары бойынша банкке өту мүмкіндігіне рұқсат ету;
барлық қауіптер мен міндеттемелерге қарсы сақтандыруды қолдау;
салықтарды уақытында төлеу;
қосылуға қатыспау және өз активтерінің маңызды бөлігін сату;
шартқа қол қою уақытындағыдан үздік саналатын басқа қызмет түрімен айналыспау.
Қазақстан Республикасының банк тәжірибесіндегі несие шартын арнайы құжат ретінде белгілі бір кесте бойынша коммерциялық банктер жасайды және оны тиісті талаптарға сәйкес ресімдейді. Несие шарты белгілі бір ақы төлеу арқылы толтырылады.
Несие шартының бірінші бөлігінде банк несиесінің, сондай-ақ кепілдеме немесе кепілдік берушіліктің бөліп көрсетілуімен, заңды тұлға Жарғысы негізінде әрекет ететін банктің және қарыз алушының атауы көрсетіледі.
Одан әрі шарттың заты (предметі) – несие объектісі, қысқа мерзімдік ссудалар (ұзақ мерзімдік несие) сомасы, ссудалардың мерзімі, қайтару күні, несие үшін пайыздық ставка, пайыздарды төлеу тәртібі мен мерзімдері көрсетіледі.
«Тараптардың құқығы мен міндеттері» бөлімінде мыналар қаралады:
ссуданы мақсатты пайдалану, оны уақытында қайтару және табысы жеткіліксіз болған жағдайда қарыз алушы кепілдікке қою арқылы (оның меншік құқығына жататын) қайтаруға міндеттенетін, кепілдік беру туралы шартта көрсетілген пайыздарды төлеу міндеттемелері көрсетілетін; ссуданы қайтару тәртібін, несие үшін пайыздар төлеу бойынша міндеттемелерді және несиені уақытында қайтармаған жағдайда төлейтін пайыздар мөлшерін, несие үшін пайыздарды аудару мерзімдері мен тәртібін көрсететін; талап етуі бойынша банкке бухгалтерлік, қаржылық, шаруашылық құжаттарын, есептің бүкіл түрлерін беруге (тапсыруға) міндеттенетін; кәсіпорын мәртебесі бойынша бүкіл өзгерістерді банкке хабарлайтын және ссуданы пайыздармен толық сомада банкке мерзімінен бұрын қайтаратын қарыз алушының міндеттемелері. Қарыз алушының сондай-ақ ссуданы қайтару мерзімін ұзарту туралы банкке өтініш білдіруге; банктің өз тарапынан міндеттемелерін бұзуы кезінде өсім мөлшерінде айыппұл төлеуін талап етуге құқығы бар.
Банктің (несие берушінің) құқығы мен міндеттеріне мынадай мәселелер кіреді:
ақша және несие нарығының хал-ахуалына қатысты ссудаға пайыздық ставкалардың өзгеруі; қарыз алушының шарттық міндеттемелерді бұзуы кезінде алдағы уақытта ссуда беруді тоқтату; қайтарудың болашағы жоқ деп танылғанда ссуданы мерзімінен бұрын өндіру; несиені мақсатты пайдалану бойынша жер-жерлерде тексерулер жүргізу; ссудаларды және меншікті қаржыларды пайдалануды қамтамасыз ету. Несиені мақсатты пайдаланбағаны үшін банктің есептелген пайыздармен қоса алғанда ссудаға қарызының бүкіл сомасын және ссудаға берешегінің 25%-ы мөлшерінде айыппұл өндіртуге құқығы бар. «Жалпы ереже» бөлімінде несие шартының заңдылығы, заңдылықтарға сәйкес дауларды шешу мәселелері атап көрсетіледі. Несие шартының соңында тараптардың мекен-жайлары, банк операциялары бойынша есеп шоттарының нөмірлері көрсетіледі, жетекшілердің қолдары мен мөр қойылады.
Достарыңызбен бөлісу: |