ӘОЖ 82.09
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТ ТАҒДЫРЫ
Тәжіғұлова Ж.
Жекелеген пәндерді тереңдетіп оқытатын мамандандырылған Форт-Шевченко
мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі,
Форт-Шевченко қ., Маңғыстау облысы
Аңдатпа.
Бұл мақалада Әбіш Кекілбаевтың ұлт тағдырын арқау еткен
шығармаларына шолу жасалып, жазушы лабораториясы, шығармаларындағы заман
шындығын бейнелеу шеберлігі сөз болады.
Түйінді сөздер
: жазушы шеберлігі, жазушы идеясы, ұлт тағдыры, замана шындығы.
Әбіш Кекілбаев жазу барысында ауыр тақырыптарды таңдады. «Аңыздың ақыры»
1982 жылы неміс тілінде Берлиннің «Фольк Унд Велт» баспасынан жеке кітап болып шықты,
ол 1999 жыл Будапешттің «Европа баспасынан венгр тілінде жарық көрді. «Үркер» романын
1978 жылы бастап, 1980 жылы аяқтайды. Ал келесі 1981 жылы «Жазушы» баспасынан
жарық көрді. 1980 жыл мен 1983 аралығында «Елең-алаң» романын аяқтады да, ол 1984
жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Осы романдардың дүниеге келу аралығында
бірнеше повестер жазды. Өз сөзімен айтқанда «Үркер» мен «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры»
мен «Құс қанаты» кітабына кірген повестердің бәрі бас-аяғы он жылдың ішінде жазылды.
Аталған роман-повестерінде Әбіш тойымсыз жәдігөйліктен тарихи жәдігерлікті арашалап
отырды. Қазақ топырағында туылған елді қорғаудың азаматтық жолы мен дәстүрлі жөн-
жосықтың тарту таралғысына дейінгі әлеуметтік тартылыс заңдылығының философиялық
құштарлығынан қол үзбей, құжатнамалық дәуірдің тарихи анықтамасын жазып шықты.
Оның ішінде – ішкі айла-шарғының арпалысы, сырттай аңдысу, көзбе-көз арбасу, оймен
ұстасып, сөзбен тоқтатысу, тағысын-тағы психологиялық ықпалдасудың барлық формасы
бар. Әр кезеңнің кездейсоқ оқиғаларының себептерін қоғамдық қатынастан, мәдени
аралықтан қарастырып отырды. Мәселен, «Аш бөрі», «Ең бақытты күн», «Ажар», «Бір шөкім
бұлт», «Жүндібарақ», «Күй» әңгіме-повестерін осындай теңізден мұхитқа түсер бұғазаралық
аялдамасының өткелі іспеттес туындылар еді. Сондай-ақ, «Ақ қайың», «Кек», «Көз жасы»,
169
«Галстук сатушы қыз туралы хикая», «Ор теке», «Есболай», «Тасбақаның шөбі», «Ақырғы
аялдама», «Міне керемет», «Бәйге торы», «Құс қанаты» еңбектері, Әбіш Кекілбайұлы
көсемсөзінің алғашқы қарлығашындай ой мен қиялдың, шындық пен шырғалаңның өмір
таразысына айналған еңбектері әлеуметтік қоғамдық маңызы зор көркем көсемсөз үлгісінде
танылды. Мәселен, «Аш бөрі» әңгімесінің әсерлі шығуы заман шындығының көрінісін
айғақтайтын туынды екендігінде. Күйші Құрманғазының күңіренісі – заманға білдірген
назасы еді. Сібірге айдалып азапты абақтыдан азатты кең далаға табаны тигенде
домбыраның қос шегі солқылдай жөнеледі. «Мұң шаққан әуез. Бірақ, егіліп-төгілмейді. Бір
түрлі өрекпіген өр күңіреніс» [1, 27]. Домбыраның үні, қасиетті қос шектің тілі – еркіндікті
аңсау күмбірі. Сонау ауыр кезеңді сипаттау, бейнелеп баяндау асыл мұра домбыраның
еншісіне тисе, орындаушысы – Құрманғазы, баяндаушысы – Әбіш. Рухы Алатаудай асқақ екі
тұлғаның араға бірнеше дәуір салып сұхбаттасуы. Ал енді, сөзгердің «Көз жасы» [1, 46]
әңгімесінде өмір ағымымен қайталанып келіп жатқан орайлы сәттерді, ұлы сезімді
ұлтарақтай сөзбен әдемі жеткізеді. Ойдың қабысуы, шындық дүниесімен орайласа өрбиді де
шынайы өмір көркемдігімен беріле отырып, шымыр сөздермен айшықтала түседі. Мысалы,
«... – Апа-ау, ана Сәбит бар ғой, әкем Жанқожа десем, шын әкеңнің атын айт деп кітабымды
бермей қойды. Анасы отырған орнынан тырп ете алмай қалды. Басын жуып отыр екен. Қып-
қызыл жүзін ұлынан төгілген қою қара шашы ғана жасырып тұрды». Алайда, Әбіш
шындықты жасырмады. Ол адам тағдырын тәлкек еткен осы бір ауыр жылдардың көрінісін
заманның келбетінен іздейді. Өмір шындықтың айнасы – сөзгер соны танып білу үшін оның
себептерін халықтың басына түскен ауыртпалықпен байланыстырады. Уақыт өткен сайын
қайғы мен қуаныш артта қалады да, еске алу кездері ұлғая түсіп сағынышқа айналады.
Сонысымен өмір көші жалғаса бермек. Әбіш Кекілбайұлының еңбегіндегі ерекше сипатқа ие
боларлық жайт – ол өмірдің өзі. Сол заман кесірінен келген кесапат сезім Нұртай баланың
жүрегінде қалып қояды. Алайда ол кімді жазғырарын білмейді. Бала намыс, бала жүрек,
құпия көңілдің азабын тартып, азалы күндерді бастан кешіреді. Мәселен, «Ертесіне ол тағы
мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп келді. Класқа кіре бергенде мұғалім
оған неге кешіккенін, атын сұрап, бірнеше сұрақ қойса да, үндемейді. Бала жалт бұрылып
есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң-таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып қойған дәптерінің
бетінде екі тамшы мөлдірейді. Міне, асау өмірдің аумалы-төкпелі кезеңдерінен теперіш
көріп, тепкі жеген жас ғұмырдың көз жасын – Әбіш шындығы әділет тұрғысынан баяндайды.
Сөзгер баз біреуді айыптап, әлде біреуді күндеуден аулақ. Тек соғыс дәуірінің ащы кермегін,
ел ауыртпалығының алуан қиындықтарын сол кезеңнің күнделікті оқиғаларынан алады.
Автордың «Бір шөкім бұлт» шығармасының идеялық өзектілігі де динамикалық қуатынан
өрбіп отырады. Ол турасында Сағат Әшімбаев былай дейді: «Автордың шығармадағы негізгі
идеясы – бір шөкім бұлттай шағын семьяның басында болған қабырға қайыстырар
трагедиялық өткір драмалық шиеленіске толы өмір эпизодтары, сол кездегі баршаны
шарпыған, баршаның басындағы ащы шындық екенін көрсету» [2]. Демек, Әбіш қаламының
дәуірлеуі қоғамдық шындықты көрсете білуімен өріс алды дей аламыз. 1969 жылы
«Жұлдыз» журналында жарияланған «Күй» повесі әлеуметтік әділетсіз көріністердің
қоғамдағы белең алған кезеңдерін сөзгерлейді. «Ұя мен жебе» сапарнама очеркі де 1968
жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. «Өмірмен өрелес өмір» (1965), «Өрісін тапқан
талант» (1963), «Жыр мерейі» 1964), «Мұратына жеткен адам» (1966), «Сын неге сынала
береді» (1965), «Романдағы адам» (1966) секілді еңбектері алғашқы жылдардағы Әбіштің
тырнақалды туындылары делінгенімен, бұл тақырыптардың көтерер жүгі мен атқарар
қызметі, берер тағылымы ұшан-теңіз. Жай сөз, жалаң сөйлемдер емес, сын, сараптау, талдау,
салыстырмалы ретінде самғауға құлаш, созып, қанат сермеген ізденіс ілкімі болып есептелді.
Алғашқы сүрлеудің арнасы кеңіп, толғақты дүниелер төңірегіндегі тақырыптар іріктеліп,
толғандырған заман туындылары ақтарыла берді. Романдарға жол ашылып, арыны күшейіп,
екпінге күш, қуатқа дес қосыла берді. Алайда, мұның өзі ізденушіліктен келген табыс.
Шалдықпаған шабыс Әбішті жаңылдырмай жаңа соқпақтарға тарта берді. Кейінгіге мұра,
ұрпаққа ұлағат бере кесек туындылар, кемеңгер ойлар сөзгердің қарымын кеңейте түсті.
170
Сондай-ақ, «Есболай» [1, 131-144], «Бір шөкім бұлт» [1, 230-290], «Көлденең көк атты» [1,
107-130], «Жүндібарақ» [1, 77-82], «Ең бақытты күн» [1, 3] атты еңбектері соғыс
уақытындағы ауыл, ел тұрмысының күнделікті тіршілігін шынайы көрсетумен қатар адамдар
өмірін де қаз қалпында еш боямасыз көрсетеді. Сөзгердің «Ор теке» [1, 88-101] еңбегіндегі
табиғи жаратылыстың тауқымет тартып, қырғынға ұшырауын аянышты болса да айғақты
жазған. Көсемсөзгер алмағайып заманның көрінісі мен күрделі күйкі тірлігін тамаша
келтіреді. Бір топ киік. Жазыққа шықса да, жайылым жайласа да, суатқа түссе де, тіпті жан
сауғалап биік аңғарлардан асса да екі аяқтылар тыныштық бермейді. Кәнігі кәрі теке
қартайып, қалың қарда омбылап ол өлді. Жас теке – Ор теке үйір киікті игеруге тырысады.
Алайда, екі аяқтылар мен төрт аяқты азулыларға жем болып, озбырлықтың құрбанына
ұшырайды.
Енді, қаламгер даланың келбетіне шырай кіргізген сұлу мүсін жаратылыстың
психологиясын адамзат мінезімен арасалмақтайды. Олар да өмір сүргісі келеді. Еркіндікті,
мамыражай тіршілікті аңсайды. Тыныштыққа аңсары ауады. Бірақ, армандары алыстап
кетеді. Осыны Әбіш идеологиялық тұрғыдан алады да адамзат дүниесінің ашкөзділігімен
салыстыратын нысанаға айналдырады. Айталық, Ор текенің ойын былай береді. «Осылардың
жайбарақат жайларына жайылып жүрген жабайы үйірдегі шаруалары қанша екен?... Кең
дүниені қарадай тарылтып, қарадай қараң суға алдыратын да жүретін бұл неткен кесір нәсіл
еді?!» ... Қара жердің бетінде қаптай жайылып өз төлдерім жүреді ғой деп еді. ...Жақсы
үміттің адымы неткен қысқа еді. ...Неткен келте дәурен еді! ...Тіпті алдындағы үйірін жаңа
бауырына түгелдей қысып шығып та үлгере алмапты. ...Үлгергендері де аяқ астынан жалп-
жалп тыраң асты. Енді оларға бастарын қосып бір үйір, бір қауым боп бірге өріп, бірге түнеп
жүрер дәурен қайда!» – деген Ор текенің ішкі монологы – сыртқы дүниенің қапысыз
қайранына өкіндіріп, ғапыл өмірдің қаперінде қысқа тартып кеткенін шындықпен
алмастырады. Көсем еді, көш бастай алмады. Көсіліп бауырын жаза алмады. Бас болғысы
келген бала теке «... дымға түсінбей бейкүнә қос жанар айнала тосқан тажалдан басқа ештеңе
ұсынбаған жарық жалғанды қимағандай тесірейіп жатыр...» [1, 101]. Дала тағысының ішкі
жан дүниесінің күйзелісі – табиғат ана тағылымының бұзылуын, тепе-теңдіктің, қоршаған
орта жарасымдылығының ойран асыр алапатқа айналуының қоғамдық сипаты еді.
Географиялық орта мен экологиялық және биологиялық түрдің тепе-теңдік мөлшерінің
жойылуы еді. Айталық, «Екі аяқтылар сеңгір-сеңгір қара қошқыл таудың екі бөктерін де
қасқыр тиген қотандай бөрліктіріп бірдеңелерді қазды, бірдеңелерді үйді. Күнде дүрсіл,
күнде тарсыл» [1, 92] деген шалғайдағы шарасыз текенің жарық дүниеге деген құштарлығын,
сөзгер тізбектелген ой өрімдерімен еңсеріп, кестелі жұмсақ сөйлемдермен жұмырбасты
пенделердің түйсігіне салады. Сөзгердің «Құс қанаты» повесіндегі идеялық көркемдіктің
қаншалықты салмақ көтеріп, қаншалықты кезең сүреңдерінің жүгін арқалап тұрғанын
аңғарған сайын аңсарың ауа түседі. Мазмұны – қарт ана, жалғыз ұл, қыз тұрмыстанған.
«Марқұм осы үйдің адамы осы баласы туғанда қолындағы жалғыз қашарын кіндік кесерге
беріп еді». ...Баласы екіге толмай жатып майданға кетті. ...Сол кеткеннен мол кетті» [3, 8-9].
Ұлы ержетіп, оқу бітіріп қызымет істейді. Қалаға шешесін қолына алады. Қарт ананың
ауылдас, құрбылары әзілдеп «қолыңды жылы суға маларсың,» дейді. Ұлы үйленеді. Анасы
көп жыл осыны арман еткен еді. Қар жауады. Қыстың соңы. Кемпір оны «Құс қанаты», –
дейді. Кейіпкерлердің аты аталмайды. «Осы үйдің адамы», «Әй біздің үйдің әйелі», Атасы,
әжесі деп қана алынады. Мәселен: «Анада шашын алып беріп кеткен ақсақ қоймашы: «Мына
патшағардың басы қызық екен. Маңдай жағы жаңа піскен тәмші қауындай дөңгеленіп жатыр
да, желке жағы қазанның асқабағындай қыртыс-қыртыс. ... Мынауың әйтеуір мен көрмеген
бас екен!» [3, 9-10 бб.], – деген «Шопан қайнағасы» деп аттарын атамайды. «Баласы
кішкентайында әуейілеу еді. Мал сауып жатқанда қой қосақтас деп жіберсең, ауылдың
шетінде батып бара жатқан күннің шапағына қарап аузы аңқайып тұрар еді. Қарт ананың
ойы. Күйеуі отыз үш жасында соғысқа кетіп оралмады. Өзі сері еді. Той-томалақ ойын-сауық
онсыз өтпеуші еді. Ауылдан аттанарда: «– Көз көрген сары аяқ келіп едің, мына оқымысты
неме ит арқасы қиянға алып барады», – деп аумалы-төкпелі заманның ырқы солай болса,
171
жалғызымның жанында болайын деген қарт ананың ойын қаламгер ширата келіп, «Қия
шеттегі бөтен қала, бөтен молада атасы жатыр. Қай бұтаның түбінде қалғаны белгісіз әкесі
жатыр. Менің жаным, менің сүйегім солардан артық боп па: Жер таңдайтын, мола таңдайтын
жайым жоқ. Жалғызымның қолынан бір уыс топырақ бұйырып, қара жердің астына кірсем
армансызбын», – деп кедір-бұдыр жолда сылдырақ машинаға қосыла тербеліп бұл келе
жатты» [3, 25]. Қаламгердің көсемсөзділігі де осы арада көркемделіп қарт ананың ой-
көзқарасы арқылы уақыт келбетін аша түседі. Нақтылық деңгейін тану үшін де стильдік ерек
қолданысқа да ие. Әрі ұлттық, дәстүрлі бабалар жолының ардақталып, мұрагерлік бейнетін
көтеру, оны сақтау, сол жолдағы кедергілерге де бас тігу оқиғалы емес, саналық тіні
қаламгердің дәуірді меңзелеп сипатын аша түскен. Әбіштің алғашқы шығармаларының
арқауы – сұрапыл соғыстың зарары. Қоғамның көрінісі бағы ашылмаған жандар, зарлаған
аналар, көз жасына малынған қыз-келіншектер, басқыншылықты басынан өткеріп отырған
жұртшылық пен тұқыртқан тұрмыспен алысқан тұрғындар, тоқыраған шаруашылық,
тоқмейілсіген дұшпанның басымдығы бәрі тұтасып келіп топалаң түзге айналған дәуір жүгін
ел иығына аса салған. Міне Әбіштің көрегенділігі мен пайым-пішімділігі кезеңдер
кесапатын, адам жанының ішкі күйзелісін психологиялық әлеуметтану тұрғысынан танып
білуінде. Сөйлемдері тік шаншылып, ашуға батпайды, тезге берілмейді. Арзанға ұтылып,
мінезге жеңілмейді. Бұл Әбішке ғана тән қасиет. Шайқалған дүние, шашылған ел-жұрт,
сүреңсіз сұрғылт заман, адамдар төзімінің төрешісі болған уақыт шіркіннің ұзақтығы бәрін
қалжыратып тастаған. Өйткені, азапты күнің жылға парапар, ал қуанышты сәтің түс
көргендей-ақ. Сондықтан, алыстағы арманың қыр асқан сайын жақын көрініп, таяған сайын
ұзара түсетіні де содан. Ақыры онымен қауышарың хақ. Қоғамның өзгермелі кезеңдеріндегі
орын алған адамдар санасындағы күйзеліс-қиналысты тудырып, табиғи тұрмыс салтына
қайта оралудың жолдарынан алшақтай береді.
Уақыт дүрбелеңі әкелген қым-қуыт бұралаң белдерді басып, жазыққа шығып
жансақтау тәсіліне көшкен қарапайым ауыл адамдарының ішінде Әбіштің жан дүниесі де
қоса қабат жүруі осындай заңдылықтың ережесіз қабылдануында еді. Көсемсөз иесінің
қисынды ойларының негізі де осындай шындық шеңберіндегі кәсіби тұжырымға жетуі. «Құс
қанаты» еңбегінде қаламгер кейіпкерлерінің аты-жөнін атамайды. Оның екі жақты себебі
бар. Біріншісі, Герольд Бельгер айтқандай «ол көшпенділер өмірінің қазір ұмытыла бастаған
этнографиялық детальдарына ерекше мән береді. ...Сол детальдардың әлеуметтік –
философиялық мән мағынасына үңіліп халық өмірін, адам жанының ішкі иірімдерін ашуға
тырысады» [1, 12]. Бұл пікірді құптай отырып, қазақтың бабалар салған дәстүрлі үлгі-
өнегесінің заман шындығының айнасы екендігінде шүбә жоқ. Екіншіден, қаламгер кейіпкр
атауының бәлендей маңыздылығын айтқалы тұрған жоқ. Мәселе, әңгіменің бас-аяғы
аралығындағы қоғамдық тарихи құбылыс тудырған тағдырлар тақсыреті. Автордың «Бір
шөкім бұлт» шығармасын оқығанда да күрделі шырғалаңға шырмалмай көркемділігіне көңіл
тояды. Қаламгер еңбегінің жемістілігі зіл батпан уақыт салмағының аяусыз сәттерін
айшықты суреттеуінде. Жүздерінде мұң, көкіректерінде шер, тек ертеңгі күнге деген үміт
ұшқынын жоғалтпаған ауыл адамдары бір-бірімен тағдырлас еді. Әр таңды «аһылап»
атқызып, әр кешті «үһілеп» батыратын сол бір шыдамды да төзімді қарапайым жандардың
жүдеу жүздері әр сәт қуанышты күтті, әр сәт күлімдеп жанарына жалт етіп, сәуле шашар
шуақты минуттарды аңсады. Тек ертелі-кеш еңбекпен ғана еңселерін түзеп, есірік заманның
епсіз күндерін сенімділікпен серпіп, сергектілікпен жеңе білді. Күнде атың өшкір «қара
қағаз», күнде бір жанұя күңіренуде, үлкен кіші үдірейіп, бала-шаға үрпиіскен қарасы батқыр
қара заманның ақыры барма екен, – деп күйзелгенімен, күңіреніп кетпей, ұйымдасып, ұйыса
түседі. «Осы ауылда жалғыз қорқатыны почташы Түсіп, – Бұл күнде бұл ауылдың Китлері
Түсіп болды ғой» [1, 269], – дейді Теңге кемпір. Аласапыран айқастан қан төгіліп, қылыш
сермер, оқатарлар оқиғасын көрмейсің. Ол сыртқы дүние. Алайда, Аққаймақ, Шайзада,
Жаңылсын, сынды кейіпкерлерді жеке дара тану үшін дидарласып отырасың. Қаламгер
шығармашылығының тақырыптық идеясы бір текті тұжырымдылығымен ашық мазмұнда
дами түседі де жұмырбасты пенденің басындағы жұмбақ дүниені емес, Аққаймақтың және
172
оның төңірегілердің ішкі жан құбылыстарындағы терең толқынысты тарихи тауқымет
шындығымен сабақтастыра отырып, қоғамдық көріністің динамикасын поэтикалық
суреттеумен өзіндік қолтаңба қалдырады.
Ізденіс аясындағы Әбіштің тапқырлығын аңдыр болсаң, Аққаймақ жоқ іздеп шығады.
Құбыла жолмен жоталардан асып, әртүрлі ойдың жетегінде кетпей, «өмір өткен күн емес,
есте қалған күн» – дегендей артта қалған «мың күнді» көз алдынан тізбектейді. «Бұрнағы
күні шығарда ашу үсті абайламай күйзеліп кетіпті. Ермекжан: «Апа, қайда барасың?», – деп
жабыса берген соң, – «Түйе іздеп... Осы үйде ол жамандатқырды мен іздемегенде кім
іздейді» [1, 231], – деп қонып еді атқа. Осы арада автор өз кейіпкерімен үзеңгілес қатар келе
жатқандай. Оның көңіл күйі де, іс-әрекеті де сөзгердің мінез құлқымен ортақтасып, қарама-
қайшылықтың заңдылығынан жапа шегеді. Алайда, сөзгер мен заманның дәуірлестігін
қоғамдық ара-қатынастан тауып отырасың. Әңгіме, сыр-сұхбат құрғандай, оның көңіл
күнделігін ашады. Ал, Аққаймақтың «көңіл күнделігінде» шерлі заман шежіресі жатыр. Ол
шежіре бейбіт елдің қасырет белесінің айнасы. Бейнетті күндердің берекелі шақтары
жақындағандай болғанымен «Бір шөкім бұлт», «тек бұның үстінде ғана бір шөкім бұлт тұр»
еді деп содыр дәуірдің солқылын таңбалайды. Әбіш Кекілбайұлының «Жүндібарақ»
еңбегіндегі шағын ауылды қаумалаған қиындықпен қоса тауқыметі көп жылдардың келбетін
адамдардың көңіл-күйін, табиғаттың құпия мінезімен байланыстыра нанымды береді
«Шашып тұрған сәулесі де ақ теңбіл, көк теңбіл, сары теңбіл боп әлемтапырақтанып
кетіпті». Таутасырдың тасасында жасырынған аюлар да адамдарды тас лақтырып мерт қыла
бастайды. «Желтөбенінің етегіндегі ...кішкене қыстақты шошытатындай сұмдық-ақ көп екен
бұл дүниеде» [1, 77], – десе қыспақта қалған қыстақтың соғыстан оралмаған тұрғыны Текес,
«Аюдың терісін бауырына басқан күйі баяғы үңгірдің аузындағы қара тасты құшақтай
құлаған» [1, 82] оның жары Ажар ажал құшқанда – үрейден жанпидалыққа барды ма? Жоқ.
Әрине, мына зар заманнан баз кешкен Ажар Текеске деген сағыныштың сары уайымына
түсіп, онымен о дүниеде кездесуге бел буған болды. Осы шығарманың психологиялық
тұрғыдан өрбуі сол кезеңнің ауыртпалығын, адамның жан-тәніне, тіпті, санасына әсер етіп
уайым-қайғының құрсауында қалдырғаны шындық дүниесі еді. «Көз жасы» еңбегіндегі
күйеуі майданнан қайтпай қалған Ажардың тағдыры Әбенмен байланғанда «жігіт қызуы
бірте-бірте молайып денесі де жақын сезілді» деп шынайылық сюжетімен әдемі келтіргенде
оның нәтижесі «Қып-қызыл жүзін ұлынан төгілген қою қара шашы ғана жасырып тұрдыға»
әкеп соқтырды. Алайда, бүгінгі көзқарас тұрғысынан алынған таңдау таразысы мен талдау
талабына ден қояр болсақ, Әбіш Кекілбайұлының, «Ең бақытты күн», «Аш бөрі», «Көлденең
көк атты», «Есболай», «Ор теке», еңбектері бір қолдан шыққан бірыңғай типтес, мазмұндас
болғандықтан дәуір панорамасын кең ауқымда көз алдыңа елестете аласың. Себебі, заман
шындығын боямасыз бұлтартпай тастайтыны ақиқат. Әрі философиялық ұғымды өмірдің
өзінен алып береді. Өйткені, тіршілік – ғұмыр философия. Қалтарыс қамбылына малтыққан
тірінің күні үнемі қимыл-қозғалыс, іс-әрекет үстінде сомдалады. Қиырдағыны көріп,
қиядағыны шалады. Секемшіл, сонысына қарай сақ. Қиындықты қарсы алып,
қайырымдылықпен шығарып салады. Өмір деген ұлы дауылдың жел жағына шығып, аяусыз
тағдырдың ажырамас бөлігі адам екенін ұғынып, ол үшін мүсіріктенбей пендешілігін алға
тартып, ардақты жаратылыстың айбынды күрескері ретінде асауланады. Осындай
көсемсөзділікпен жазылған Әбіш философиясы тулаған толқындай шабыт алады да заман
тербелісінің тетігін тапқандай кейіпкерлерінің жан даусы – дәуір дүбірі, тән жарасы – заман
сызаты, – деген ой түйсікке түйінделеді. Сондықтан да Әбіш еңбегінің биік мұнарасына
жетуді мұрат етіп, ондағы кейіпкерлердің көлеңкесіне бірге тоңып, көз жасына бірге
малынасың. Жалпы, Әбіш Кекілбайұлының тәуелсіздік, егемендік тақырыбындағы
көсемсөзділігі кездейсоқ дүние емес. Қаламгер идеясының түп мақсаты халықтық драмаға
айналады да оның төркінін тағы да жалпы халықтық, қоғамдық тенденциядан іздейді. Демек,
Әбіштің пайымы тарихи теңсіздіктің кеспірі әлеуметтік әділетсіздікті тудыратындығын
айқындай түспек. Алайда, осының өзі қоғамдағы шешуші факторға айналатынын дәлелді
келтіреді. Мәселен, «Елең-алаң» «Үркер» тарихи романдарында дерекнамалық ахуалдарды
173
көркемсөзбен өре отырып, оның маңызды әлеуметтілігін арттыра түседі. Сатыр-сұтыр
сойылдар мен қынсыз қылыштардың жарқылын үнемі көз алдыңа әкелмейді. Әлеуметтік
қатыгездікті адамдардың, би-сұлтандардың мінез-құлқымен, айла-шарғысымен ашады. Хан
Әбілқайырдың орыс елшісі, Тевкелевті астыртын шақыртуы, ханның өзін, ел ағалары мен ру-
тайпа басшыларының қарсылығына ұшыратады. Осы бір жоңғар шапқыншылығы
кезеңіндегі тарихи шындықты Әбіш трагедиялық көрініспен емес қисын (логика)
мөлшерімен сипаттайды. Әбілқайыр ханның арманы жоңғар басқыншылығынан бас сауғалау
емес, елді қантөгіс апатынан аман алып қалу. Тұтас бір ұлттың келешегін сақтап қалу үшін
де Бөкенбай, Есет батырлар қолдау көрсетті. Сөйтіп, ауыр да болса ертеңгі ұрпақ өзі
таразылай жатар деп тәуекелге бел буды. Ұлы Ералыны кепілге берді. Қандай жағдайда,
қалай ойласаң да басқаша шешім жоқ. Жеке бастың, арам пиғылдың шешімі емес. Жұтылып
бара жатқан жұртын, жоғалуға айналған елді мекенін, даңғаза дүбірден тозған даласын
адақтап алу мақсатында би сұлтандар алдында басын бәске де тікті. Міне, Әбіш
Кекілбайұлының романдары желісіндегі көсемсөзділік нышанды – Әбілқайырдың
тәуелсіздік жолын іздеу амалынан байқаймыз. Өмірдегі беймәлім құбылыстарды сол
кезеңнің өзінен, оқиғаларынан, адамдардың көңіл-күй сезімінен іздеді. Тіршілік дүниесінің
ұңғыл-шұңғылына терең үңіліп, оның психологиялық құпия сырларын ашуға ақыл-жігерін
жұмсады. Сөйтіп, философиялық пайымдауларға қол жеткізді. Күнделікті қабысқан күрделі
қозғалыстан, уақыт ағымын, өзгеріс бағытын аңғарып отырды. Алайда, мұндай жетістіктерге
төзім мен табандылығының арқасында қол жеткізді. Сөйтіп, оның қаламынан «Бағзы мен
бақиды жалғастырар сара жол» (Жұлдыз, 1988, №12), «Ортеке», (Жалын, 1989, №6) «Ауыз»,
(Жалын, 1989, №6) «Бір уыс топырақ», (1974) «Көлденең көк атты» (Лениншіл жас, 1975),
«Есболай», «Ең бастысы – ел тағдыры» (Лениншіл жас, 1990), «Әділет бар жерде ынтымақ
бар» (Қазақ әдебиеті, 1989, 11 тамыз), «Ел еңсесі биік болсын» (Халық кеңесі, 1990, №1),
«Тасбақаның шөбі» (Жұлдыз, 1978), «Міне керемет» (Жұлдыз, 1978), «Құс қанаты» (Жалын,
1978), «Бәйгеторы» (1974), «Ақ қайың» (Жалын, 1989 №6), «Тырау-тырау тырналар» (1973),
«Ұйқыдағы арудың оянуы» (Жұлдыз, 1975) сапарнама очерктері мен повестері жарық көрді.
Сондай-ақ, «Бір шоқ жиде» (Жұлдыз, 1978), «Самғау мен құлдырау» (1976), «Өмір, талант,
шығарма» (Жұлдыз, 1982), «Бунинмен жолыққанда» (Лениншіл жас, 1970), «Өлең көкжиегі»
(Жұлдыз, 1971) сияқты талдау, сараптау еңбектерін жазды. «Асқар биік әлі алда» (Жалын,
1987), «Қалтқысыз шындық жыршысы» (Қазақ әдебиеті, 1988), «Шабыттың шалқар өрісі»
(Қазақ әдебиті, 1989), «Шыңырау» (1971), «Шеткері үй» (1978), «Өнердің өрен жүйрігі»
(1987), «Үркер» романы (1981), «Елең-алаң» романын (1984) атап айта аламыз. Әбіштің
осындай архитектуралық толғаныстарынан, ұлттық пішіндерді аршып алуға әбден болады.
Жаратылысқа деген жанының тазалығы, елге, жұртқа, тіпті, әлемге тілеген тыныштылығы
кемеңгерлік сипатын аша түседі. Лек-легімен төгіліп жатқан пайымдаулар, шымыр сөз,
шебер сөйлемдер автордың көсемсөздігіне лек шеберлігіне еш күмән туғызбайды. Қоғамдық
сараптау еңбектерінде алапат ой қисындарымен әлемдік даму тенденциясының
қалтарыстарын шаршамай шарлап, шалдықпай шолып шығады. Әбіш Кекілбайұлының
сүбелі ойлары, сүйекті сөздері оның мінез-құлқын аша түседі. Уақыт пен кеңістік
аралығында адамзат кешкен алапат кезеңдерден жақсы тағылым таба білуі осының айғағы.
Сөйлемдері бір оқиғаны баян еткендей, баяу бастау алады да, шиырлана, қоюлана түседі.
Бірте-бірте салалас, аралас, құрмалас құрылымдар жеке дара дерекке айналып, теңіз түбінде
жатқан маржан тастай табылған құндылыққа бет бұрады.
Әбіш – қоғамдық ойды ашық айтқан сөзгер, әрі тура жол сілтеген қаламгер. Әбіш
әлем таныған публицист. Оның тақырыбы алуан түрлі, бірақ, қоғаммен, елмен, тіршілік
дүниесімен біте-қайнасқан тақырып. Көркем, өзекті, өміршең тақырып. Әбіш Кекілбайұлы
жалпықоғамдық, жалпыадамзаттық мәселеге, даму жолындағы мәдени ықпалдастық пен
саяси-экономикалық ымыраластықтан орын табу біздің ел үшін, болашағымыз үшін
бүгінгінің үлкен бетбұрысы деп біледі. «Өйткені біз қиял дүниесінде емес, шындық
дүниесінде отырмыз» [4]. Автордың еңбектеріндегі шындық – адам тезисі – тәуелсіздікті
қорғау, егемен еліміздің бағына сына, барына балта шаптырмау. Есесіне әлеуметтік ой
174
қалыптастыру. Бодан болған адам бостандықты түсінеді, тауқымет тартқан ел тәуелсіздікті
ұғады. Сондықтан, тақымын қыспаса тақырға құлайтын балаң мінезден арылып, іскер кезбен
қол алысуымыз шарт деген байламды білдіреді. Бұл терең ұғымды, пайымдарды ғылыми
стильде, алайда, жалпыға бірдей түсінікті көркем тілде жазады. Ортақ элементтің
жиынтығынан тұратын мақала, очерк, шолу, талдау еңбектері дәйекті, дәлелді, әрі жүйелі
сөйлем құрылымы арқылы құндылық сапасын арттыра түседі. Қысқа сөзбен бірнеше қабат
ойдың терең мағынасын береді, мәселен: «Бүгінгі ерлік – сабыр». «Бүгінгі елдік –
тыныштық» [5] десе, ендігі бір кезекте «бүгінгі тәуекел – осы жолдағы жаппай жауапкерлік.
Бүгінгі ерлік – осы жолдағы жаппай ыждаһат» [6] деп нақтылыққа жүгінеді. Яғни, алдыңғы
қатардағы сөйлем иірімін қандыра отырып, екінші компонентпен түсіндіре байланыстыра
сабақтастырады.
Ә.Кекілбаев шығармаларынан ұлт тағдырының ауыр да қилы кезеңдеріндегі тарихи
оқиғалар желісін бүгінгі тәуелсіздік аңсаған елдің ұлы арманымен ұластырып жатқан
қоғамдық идеясын аңғарып отырасыз. Сол жолда ұлы жазушы ел мұңын, ел арманын
шығармашылығында аша білді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Кекілбайұлы Ә. Повестер // Он екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Өлке,
1999. – 1 т. – 27 б.
2 Әшімбаев С. Салиқалы сөз, соны із // Лениншіл жас. – 1967. – 19 қаңтар.
3 Кекілбайұлы Ә. Құс қанаты // Он екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Өлке,
1999. – 2 т. – 5-53 бб.
4 Кекілбайұлы Ә. Бетерден де бетер бар деген осы емес пе? // Егемен Қазақстан. –
1992. –7-12 қараша.
5 Кекілбайұлы Ә. Ел тағдырын шешетін жасампаз кезең енді келеді // Лениншіл жас. –
1997. – 29 наурыз.
6 Кекілбайұлы Ә. Жарқын бетбұрыстың жойқын беташары // Егемен Қазақстан. –
1996. – 12 қараша.
Достарыңызбен бөлісу: |