Б. Б. Ахметов Редакциялық алқа



Pdf көрінісі
бет49/69
Дата13.12.2021
өлшемі2,87 Mb.
#125769
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   69
Байланысты:
zhinak-kongress

 
ӘОЖ 82-4 
 
ТЕЛЕГЕЙ ТЕҢІЗ 
(Әбіш Кекілбайұлы жайында толғаныс) 
 
Құлбек Ергөбек 
  
Аңдатпа.
  Бұл  мақалада  әдебиетте  Әбіш  Кекілбайұлы  қалам  тартпаған  жанр  жоқққа 
тән  екендігі  сөз  болады.  Жазушы,  ақын,  драматург,  ғалым  екендігі  дәлелденеді.  Сондай-ақ 
қайраткерлігі, адами қасиеттері де баяндалады.  
Түйінді  сөздер:
  Әбіш  Кекілбайұлы,  әлем  әдебиетімен  үндестік,    жазушы,  ақын, 
драматург, ғалым, біртуар қайраткер. 
 
Қадірмен Әбекең - Әбіш Кекілбайұлы  жайында толғану оңай емес. Оңай болмайтыны 
-  ғасырлар  бойы  адамзат  баласына  рухани  азық  сыйлаған;  көңіліндегі  қайғысын  қуып 
қуанышқа кенелткен, жүдеген жанын марқайтқан, сөйтіп  оқырманын он-сан ойға бөлеп келе 
жатқан  -  әдебиет  енді  келіп    өнер  болудан  қалып,  өнерден  өлшем  кеткен,  бей-жай  
бейуақытта  сол  аса      мәртебелі  СӨЗ  өнерінің  қазақ  топырағындағы  бастамашы  бағланы,  
Тәңіріден    бұла  табиғатқа    сый  болып  дарыған  дарын  қуатын  халқына  иіп  берген  Абызы 
туралы  айту,  айта  алу  қайдан  оңай  болсын?!  Оған  кимелеп  тағы  бір  күдік  килігеді:  айта 
қалғанда шалынар құлақ табылар ма? Идеология қалыптастырар құзіретінен айырылып,  өз 
елінде  аяқасты  болып  жатқан  өзге  әдебиет  секілді  қазақ  қоғамына  Қазақ  әдебиеті    керек 
болмай    тұрған  осы  бір  тұста    ұлы  жазушымыз  жайында  арадағы  қаралы  бір  жылды  алға 
салғанда  өкінішке,  өнер  құндылығын  ескергенде  мәңгілікке  арқа  сүйеп  айтар  сөз    қазір 
азғантай  топты  ғана   мерейлендіре  алса  керек.  «Сөз  анасы  –  құлақ»  жетім,  әдебиетті  керек 
етіп  жатқан  тірі  пенде  жоқта,  сол  ұлттық    әдебиеттің    тұма-бастауында  тұрмағанымен  (ол 
тарих  ісі)  әлемдік  аренаға  көтеріп  шығарған    катепті  қара  нары  жайында  сөз  қозғау,  оның 
қаламынан  туған  алуан  жанрлы,  толағай  ойлы,  теңіздей  тербелген  көркемдік  тұтастықтан 
туып  ұлттық  құндылыққа  айналған  туындыларды  әлем  әдебиеті  контекстінде  қарастыру, 
қарастыра  отырып  жаңалықты    ой  айту  қайдан  оңай  болсын?    Сенің  ғасырлап  жасаған 
әдебиетіңді  қастерлеу  орнына    билік  басына  келген  әлдекім    оны  ысырып  тастап  қарап 
отырады.  Әйтпесе,  қазақ  әдебиеті  жайында  ұғымы  жоқ  біреу  келеді  де    өз  сөзін  айта 
бастайды.  Олар қоғам жайында қаламгер қауымы айтып жатқан ойларды  байыппен тыңдап, 
байыммен  қабылдап, бойына сіңіруі өз алдына, өзінің жеке басы жайында айтып жатсаң да 
мыңқ  етпейтін  халге  жетті.  Реакция  жоқ.  Кімсің?  Не  айтып  жатырсың?  Кім  үшін,  не  үшін 
айтып  жатырсың?  Шаруасы  жоқ.  Демек,  әдебиетті  керек  етпейтін  қоғамда  сол  әдебиеттің 
мәңгілік  маңғазы,  ұлынан  ұлы      тұлғасына  айналып  кеткен  азамат,  қаламгер  қайраткері 
жайында  айту  оңай  болмайтыны  сондықтан.Айтқанда  кім  үшін  айтасың,  не  үшін  айтасың? 
Бұл – бір.  
Екіншіден,  бүгін  болмаса  ертең  бар,  ертеңгі  ұрпақ    «сендерге  бердім  батамды» 
дейтіндей  ұлттың    үздік  туындыларын  оқитын  ұрпақ  ертең  келер  дүниеге  деген  үмітпен 
сөйлеуің  мүмкін.  Сөйлегенде,  сөйлер  адамың  -  Әбіш  Кекілбайұлы  болып  шығады.  Бүгінгі 
ұрпақ    «қағынан  жеріген  құландай»  әдебиеттен  жеріп,  алыстап  кеткен  жағдайда  Әбекең 
шығармаларын  оқитын  оқырман  ертең  табылатынына  сенеміз  бе?  Оқырмандық  дәстүр  бір 
үзілген  соң  ол  үзілген  өрмектей  оңайшылықпен    қайта    жалғана  қояр  ма?  Қаншама  ұлы 
туындылар шоғыры дегенімізбен оны тұтынушы рухани орта болмаса  трагедияның үлкені 
сол  болмас  па?  Қалай  дегенімізбен  кешегі  кеңестік  кезеңде  қазақ  әдебиетінде  ғажап 


192 
 
шығармалар  туды.  Қазақ  әдебиеті  европалық  деңгейге  көтерілді.    ХХ  ғасырда  алдымен 
жапон, соңынан Испан әдебиетінің әлемдік аренада дода бұзғаны секілді Орта Азия әдебиеті, 
оның  ішінде  қазақ  әдебиеті  әлемдік  классикамен  иық  теңестірерлік  туындыларын  кешегі 
кеңестік  кезеңде  дүниеге  әкелді.  Қазақ  әдебиетінде  әлемдік  әдеби  классикалық 
туындылармен  иық  теңестірерлік  туындылар  бірсыпыра.  Соның  біразы  Әбіш  Кекілбайұлы 
еншісінде.  Бірі  емес,  біразы.  Әлемдік  классикаға  бір  шығарма  қосудың  өзі  зор  бақыт.  Ал, 
бірнеше  шығармасы  әлемдік  деңгейге  көтерілу  –  ол  дарынның  ғана  емес,  дананың  
пешенесіне жазылар сирек бақыт. Әбіш Кекілбайұлы – сондай сирек бақыт иесі еді. 
Бір өкінішті жағдай - әлемдік әдеби процеске иық теңестіріп барып еркін енген қазақ 
классикалық шығармалары  өзге түгілі өзімізде, өз «үйімізде» өз бағасын алған жоқ. Соның 
бірі  тағы  да  Әбіш  Кекілбайұлы  шығармалары.  Әбіш  Кекілбайұлы  шығармалары  жайында 
сөйлеу  үлкен жауапкершілікті тілейді.   Білермендікке берілу,  сөзуарлыққа  салыну  - Әбіш 
Кекілбайұлы жайында айтар сөзге жүрмейді. Әбекең шығармашылығы жайында талдау сөз 
айта  алсаң  құба-құп,  ал  айта  алмасаң  ең  болмаса  шыншыл  оқырман  ретінде  сөйлей  алсаң 
оның өзі де шеккі  емес. Өйткені... 
Өйткені Әбіш Кекілбайұлы – қазақ әдебиетіндегі айырықша құбылыс. Қазақ әдебиеті 
дейміз-ау, қазақ әдебиеті ешкімнің маңдайына да тар келмейді дей тұра, қазақ әдебиеті үшін 
туған  Әбіш  Кекілбайұлын  қазақ  әдебиетімен  ғана  шектеп  қояр  болсақ  ол  да  дұрыс  болмас 
еді.  Өйткені,  ол  әдебиетке  келгенде  әлем  әдебиеті  тәжірибесін  игере,  әлем  әдебиетіндегі 
айқұлақ тұлғаларға құлақ түріп,  сансыз бұлақтай  сабылып ағып жатқан әдеби ағымдарды 
игере келген кісі. Ол әдебиетке келген сәттің өзінде қазақ әдебиетінің ғана жемісі емес, әлем 
әдебиетінің жемісі. Әлем әдебиетіндегі тұтас-тұтас ағындар мен оқшау-оқшау құбылыстарды 
жіті  бағып,  іштей  талдап,  жете  пайымдап,  бойына  сіңіре  келген  ізденімпаз  талант.  Әлем 
әдебиетін  сөз дерті қинап әдебиетке келер сәтте ғана іздеп, әдебиетке келер сәтте ғана ізін 
баға талдап қоя қойды ма екен Әбекең. Жо-жоқ, Әбекеңнің бұл ұдайғы дағдысы. Қашан қара 
басы  қара  жерге  жеткенше  әлем  әдебиетіндегі  әрбір  қимыл-қозғалысты  қалт  жібермей 
қадағалап  «барометрдей»    бағумен  болды.  Қазіргі  таңда  әлем  әдебиеті  дегеніңіз  де    мына 
заманадай тоқырап тұрған шағы. М. Бахтин әдебиеттегі ең жас жанр атаған романның өзі не 
боларын,  қайда  барарын  білмей  дағдарып  тұрған  шақ.  Осындай  жағдайда  біз  Әбекең 
романдары жайында не айтуымыз керек? Сөз жоқ, бір жай ақиқат. Әбекең қаламынан туған, 
қазақ әдебиетінің ғажайып үлгілерінен саналатын ол туындылар өз бағасын алуы керек. Жәй 
бағалау ғана емес, әлем әдебиеті контекстінде талдануға тиісті. Оған әдебиеттің тоқырағаны 
секілді,  тоқырап  тұрған  әдеби  сынның  қауқары  жете  қоя  ма?  Қыл-қысқасы  Әбіш 
Кекілбайұлы жайында сөйлеу – аса үлкен жауапкершілікті тілейді.  
Әбекең жайында көп айтуға болады. Ең бастысы дайындалып, ұлы жазушы қолынан 
шыққан  бұйымдарды    талдап  дөп  сөйлеген  мақұл.  Ә.Кекілбайұлы  қай  тақырыпта  жазса  да 
арнайы дайындықпен жазады. Ал, ондай жазушы жайында сөйлегенде дайындалмай сөйлеу – 
ұяттың  үлкені.  Сондықтан  осы  жалпы  жинақтау  сөзбен  Әбекең    жайлы  кіріспені    тоқтата 
тұрып  өзіміз ұдайы жақсылығын көрген осы бір аса қызықты дарын, абзал адамның кісілік, 
азаматтық тұлғасына,  шығармашылық тағдырына үңіліп көрсек. 
                Шұғылалы жүрек                     
               (Бірінші толғаныс) 
Ұмытпасам  2000  жылдың  шіліңгір  шілдесі.  Елбасы  тапсырмасымен  Қазақстан 
Республикасы  Мемлекеттік  хатшысы  Әбіш  Кекілбайұлы  Оңтүстік  Қазақстан  обылысын 
аралап,  атқарылған  істермен  танысып  жүрген.  Қасында  «Егемен  Қазақстан»  ашық 
акционерлік қоғамының Президенті қаламгер Сауытбек Абдрахманов! Әбекеңнің   «тонның 
ішкі бауындай» жақын көретін інісінің бірі. 
Олар  облысқа  келіп,  одан  аудан-аудан  аралап  кете  барыпты.  Мен  мемлекеттік 
қызметтемін.  Қызмет  болғанда  Оңтүстік  Қазақстан  обылысы  Әкімі  аппараты  басшысының 
орынбасарымын.  «Ішкі  саясат»  бөлімін  қосып  басқарамын.  Тәжірибем  көп  деп  айта 
алмаймын. Аталған қызметті атқара бастағалы жылға жетер-жетпес уақыт. Облыс әкімі билік 
институтындағы  белгілі  тұлға  -  Бердібек  Сапарбаев!  Бұған  дейін  Қызылорда  облысын 


193 
 
абыроймен  басқарған.  Қызылордадан    Шымкентке  Бекеңе  есендесе  келіп,  кетіп  жататын 
бұрынғы  қызметтестерінің  әңгімесіне  қарағанда  облыс  жұртшылығы  Бердібекті  бізге 
қимайтын  секілді.  Біздің  облыс  жұртшылығы  әзір  іскер  азамат,  табанды  басшы  қадіріне 
жетіп  үлгерген  жоқ.  «Бердібек  біздің  әрбіріміздің  үйіміздегі  бір-бір  баламыз  секілді  еді. 
Көгілдір  экраннан  Бердібектің төбесін  көрсек:  «Е,  ел  аман,  жұрт  тыныш  екен  ғой»  -  деуші 
едік».  Бұл  –  белгілі  ақын,  сазгер  Лена  Әбдіхалықованың  анасының    сөзі.  Асылы  Бердібек 
қайраткерлігін халыққа  арнайтын  әкім.    Бұхара  халық  та  сосын  жақсы  көретін  болар.  Қара 
жолдан қаражат шығаратын іскерлігіне жұрт қайран қалысатыны және бар. 
Бердібек  Қызылордадан  Оңтүстік  Қазақстан  облысына  ауысып  келгенде  басқасын 
былай  қойғанда  облыс  орталығы  –  Шымкентте  не  жарық,  не  жылу  жоқ  еді.  Халық  қара 
түнекте  қамығып  отырған.    Қызметке  келген  сол  бір  күндері  өз  көзімізбен  көп  қабатты 
үйлердің  жоғары  қабатынан  қыз-келіншектердің  етін  салып,  қамырын  құрғақтай  қамтып 
қазанын  көтеріп  жерге  түсетінін,  көшедегі  қусақ  ағашты  қойғанда  өсіп  тұрған  ағаштарды 
сындырып отқа жағып, піскен асты қайтадан көтеріп белі майысып жоғары қабаттарға қарай 
көтеріліп бара жататынын талай рет көргенбіз. Облысты Бердібек Мәшбекұлы осындай түн-
түнекте  отырған  кезінде  қабылдап  алды  да  аз  уақыттың  ішінде  жарығын  жағып,  жылуын 
беріп, көгілдір отынын үйлеріне кіргізіп,  ыстық, суық суын қайта ағызып аз уақытта күнеске 
шығарды.  Халық  алғысына  бөленді.  Қызылордадағыдай  Шымкентте  де  бұхара  халық  аз 
уақытта  Бердібек    Мәшбекұлын  жақсы  көрудей-ақ  жақсы  көріп  кетті..  Құданың  құдыреті 
осындай  іскер  облыс  әкімін  жақсы  көрмейтіндер  де  жеткілікті.Олар  бұрын  облыста  билік 
басында  болған  жандар.  Олар  бәлкім  облысты  басқарғанда  «приватизацияны»  
«прихватизацияға»  айналдырып,  халықты  қара  жерге  қаратып  кеткен  қаратұяқтар.  Облыс 
тұралаған. Тұралаған  облыста жұмыс жүріп кеп берсе, ол пақырлардың  жұмыс істемей, қу 
құлқын қамына түсіп кеткені әшкере болады ғой. Олай болса, жұрт облыста  жұмыс жүрсін 
деп  еңбек  көрігін  қыздырып,  алды  «қызыл  май»  болып  жатса,  Ол  және  оның  ниеттестері 
облыста жұмыстың  жүруіне емес, жүрмеуіне «жақтасуға» тиісті. Енді міне, облыс басқаруға 
Бердібек  келді.  Алмайды.  Бермейді.  Алғызбайды.  Бергізбейді.  Ақ-адал  жұмыс  істетеді. 
Содан іс  жүреді. 
Жарық  келді  жарқырап.  Жұрт  қарық  болды.  Жылу  келді.  Көгілдір  отын  әрбір  үйдің 
ошағында  лаулайды.  Күннің  көзін  көргісі  келмейтін  «байғыз-пенделердің»  көзі  қарықты. 
Жарқанат-пенделердің  тынысы  тарылды.  Облыстың  іскер  әкіміне  қарсы  жойқын  шабуыл 
басталды.  «Ар-Дақ»  аталатын  арнайы  қарабейіл  газет  шығарылды.  Ол    жеке  қалталардан 
қаржыландырылады.  Қаржыландырушының  бірі  –  облыстың  бұрынғы  әкімінің  бірі  деседі. 
Мақсат-міндеті    -  облыстың  жаңа    әкімі    Бердібек  Сапарбаевты  сүріндіру.  Баспасөзге 
ұйымдасып мақала жазылады. Облыстан ұйымдасып ұйысып Президент Н. Ә. Назарбаевқа Б. 
Сапарбаев  үстінен нешетүрлі арыз жөнелтіледі. 
Елбасы  оңтүстікке  келген  бір  сапарында  «Арыз  жазғанды  қойыңдар.  Бердібек 
Оңтүстік Қаазақстанда жұмыс істейді. Қолынан іс келеді. Мен сенемін»-деп нығырлай айтып 
та кетті. Бірақ оған тоқтар көргенді ел, көшелі азаматтар қайда? Тоқтаусыз арыз жазылады да 
жатады. Қызулы өсек құлақты отқа қарығандай бір күй.   
Тағы бір толқын арыз түскен. Содан Елбасы Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлына 
Оңтүстік  Қазақстан  облысына  барып,  аудан-ауданды  аралап,  жасалып  жатқан  жұмысты 
көзбен  көруді,  елмен  кездесіп  облыс  әкімі  туралы  жалған  жала  мен  шын  пікірдің  жағын 
ажыратып  келуді  тапсырады.  Әбіш  Кекілбайұлының  қабатына  Сауытбек  Абдрахмановтай 
зиялыны    ала  оңтүстікке  келу  сыры,  міне  осы  жағдайға  байланысты.  Әбекеңнен  кездескен 
жерде  жылы  сөз  есітіп  қалатыным  бар.  Сауытбек  қатар  оқыған,  қанжығалас  дос-жар  жігіт, 
білімді,  білікті  азамат!  Сәлем  бергім  келіп  бір  тұрды  да  жарамсақтанғандай  болмайыншы 
деген оймен тежелдім. Әй, менің жасықтығым-ай, осы! 
Өзім  оңтүстікте  салт басты, сабау қамшылы жүріп жатырмын. Жарым, бала-шағам 
Алматыда.  Менің  үстімнен  де  әртүрлі  пәлекет  ұйымдастырылып  жатады.  Түн  жарымында 
Алматыдағы  жарыма  қыздар  телефон  соғады.  «Менімен  ойнап-күлген  қыздар.»  Түн 
жарымында  Алматыдағы  жарыма  «семьямыздың  досы»  телефон  шалады.  «Менің  жүріс-


194 
 
тұрысым  жайсыз.»  «Бұлай  жойдасыз  кете  берсем  отбасым  күйрейді.»  «Аспиранттармен 
театрға барамын. Мейрамханаларда отырамын...» Соның бәрін егжей-тегжейлі  жазған хатты 
поездан  беріп  жіберген.  Баян  барып  алуы  керек.  Обалы  не,  жарым  жалалы  сөздерге 
арандамады.  Айтағына  ермеді.  Айтқанына  жүрмеді.  Айтқаны  –  «Біздің  қамымызды  құдай 
жейді. Құдайдан өз отбасыңның амандығын сұра!..» 
«Мен  де  адаммын  жаралған  сүйек,  еттен»  -  деп  Сәбит  Мұқанов  айтпақшы,  мен  де 
жарымды, бала-шағамды сағынамын. Алматыға сұрануға батпаймын. Әлгіндей бір қазақ бір 
қазақты  дос  көрмей,  өшіге  жазып,  өршелей  ұмтылып  жатқанда,  әкім  іскерлігін  көре  алмай 
Астана-  Шымкент  –  Астана  арасы  ұйымдасқан  өтірік,  өсек,  атаға  бөлу,  арыз-шағым 
ұйымдастыру  –  ерсілі-қарсылы  жазу  болып  жатқанда  жеке  басың  үшін  сұрануға  арың 
бармайды-ақ.  Дегенде  сұранамыз.  Тікелей  бастығым,  Оңтүстік  Қазақстан  облысы  Әкімі 
аппараты басшысы Кеңес Махамбетовтен сұранып Алматыға кете қалғаным. 
Алматы топырағына табаным тигені сол. Үйге жетіп балаларымның басынан сипап та 
үлгергенім жоқ, телефон шар ете түсті. 
-
 
Құлеке, жедел қайтыңыз. Ұшақпен ұшыңыз. Әуежайда Сізді қонаққа арналған 
07 автокөлігі күтеді.  Бекең іздеп жатыр.  «Алматыға жібердім» десем ренжіді. Бәлкім Сізді 
Әбекең  Кекілбаев  іздетті  ме?  Білмедім.  Айыптымын.  Қайтыңыз.  Бастығым  Махамбетовтің 
үні. 
Салым суға кетті. Жедел қайттым. Мемлекеттік қызмет.  
Ештеңеге, ешкімге ренжуге болмайды. Ұшақпен ұшуға рұқсат етілді. Оған да рахмет. 
«Әбекең  іздетті  ме,  қайдам?»-деді-ау,  Кеңес  бастығым.  О,  О,  онда  мен  бақыттымын... 
Ұшақтың  жайлы  орынтағына  жайғасып  алып  Әбекең  -  Әбіш  Кекілбайұлы  жайында 
ойланамын, толғанамын.  
Тіпті қай жанр туындылары болсын хас талант Әбекең ісмер қолынан шыққан бұйым 
– Бұйым! Замананың мына бір қысылшаң шағында өндіріп жазу орнына мемлекеттік қызмет 
деген бір мәселені тауып алып, ойда  мансапқорлық жоқ,  бойда оған деген бейім жоқ шақта  
қызметке  жегіліп  жүргенімді  көрмеймісің?  Әйтпесе,  Әбіш  Кекілбайұлы  шығармашылығы 
туралы  толымды  бір  кітап  жазар  ма  едім?  Алайда,  ғасырлар  бойы  ата-бабамыз  армандаған 
Тәуелсіздікті  алғанда  оны  халықтың  қалыпты  өміріне  айналдырып  тұрақтандыру  үшін  де 
менің осы жүрісім мысқалдай да болса үлес емес пе?! Менің ақ-адал қызметім облыс әкімін 
ғана  қолдау  ма  екен,  Елбасы  Нұрсұлтан  Әбішұлын  да  қолдау  емес  пе  белгілі  дәрежеде? 
Қазіргі  таңда  Елбасы  айналасында  кіршіксіз  таза  адамдар  жүр  деп  айта  аламыз  ба?  Айта 
алмаймыз  ғой.  Облысты  отырғызып  кеткен  алатұяқтардың  өзі  Елбасы  сеніміне  кіріп  алып, 
сол  кісінің  айналасында    нешетүрлі  құйтұрқы  саясат  жүргізуде  екенін  көріп-біліп 
отырғанымыз  жоқ  па?    Ардақты  Әбекеңнің    облысымызға  келуінің  өзі    сол  Құдайдан 
қорықпағандардың  ұйымдастырған  арызының    салдары    емес  пе?  Солай  ғой.    Е,  Е,  бір  
ағынан  қарасы,  адалынан  арамы  басым,  бір  ұрты  май,  бір  ұрты  қан  біреуді  жібермей, 
Әбекеңдей  дүниетанымы  мейлінше  кең,  ақ  сөйлеп,  адал  жүретін  кемел    адамды  жіберген 
Елбасына рахмет!  
Әбекеңмен  көктемде  Қызылжар  жерінде  кездескен  едім-ау.    Онда  облыс  әкімі 
Қажымұрат  Нағмановты  қабатына  ала  отырып    Тәуелсіздік  жайында  толғап  еді-ау.    Осы 
топыраққа  келуімізге  себепкер  болған  Сәбит  Мұқанов  жөнінде  де  біраз  тебіренген.  Сонда 
өзім  ғұмырымның  біраз  жылын  арнап  Сәбитті  таныдым  деп  жүрген,  тіпті  қазаққа  Сәбеңді 
қайта таныттым деп пендешілікке салынып астам  жүрген  басым Әбекең сөзінен кейін осы 
бір  дүниетанымы  қайшылыққа  толы  жазушыны  таныту  былай  тұрсын,  өзім  әлі  жете 
танымағандай күйге түскем. Сәбит Мұқанов және оның  ЮНЕСКО бойынша тойланар тойы 
жөнінде  айта  келіп,  Темірхан  Медетбектің  сұрағына  орай,  егер  Сәбеңнің  тойы  ЮНЕСКО 
штабында тойланар болса, оған баруға хұқылы  бір адам болса – ол біздің мына Құлбек-деп 
мен жайында  тағы бір қозы көш жерге  жеткізе әңгіме айтқаны бар-ды. Мерейім өсіп қалған. 
Мен  басымды  бұға  түстім  де  айналамдағылар  жапырлай  маған  қараған.  Есілам  Зікібаев 
Әбекеңді қолдай мені Сәбиттанушы ретінде көтермелеп сөз қосақтап жібергенін де жүзіммен 
емес, шуылдаған құлағыммен еміс-еміс естігенмін. 


195 
 
Шынымен мені Әбекең іздетті ме екен? 
Өз  сұрауымнан  өзім  селт  ете  түстім.  Қалың  ойдан  арылып  бір  сәт    ойыс  терезеден 
жерге қарадым. Шымкент топырағы. Келіп те қалыппыз. 
Ұшақтан  түскен  жерде,  айтса  –  айтқандай-ақ  07  автокөлігі  күтіп  тұр  екен.  Мені 
Сарыағаш сауықтыру шипа-жайына қарай ала жөнелді. Кезінде Д.А.Қонаев түсетін тәуірлеу 
ғимарат бар еді. Сонда әкелді. Әбіш ағаның осында жатқанын білдім. 
   Сәлем бере кіріп келдім. 
- Ой, айналайын Сары бала!. Әбіш аға мені бауырына баса құшақтай амандасты. 
Амандық – саулық сұрастық. 
Мәселенің мән-жайы былай өрістепті. 
Мемлекеттік хатшы өңірге келген соң екі-үш күн қасында облыс  Әкімі бірге жүреді.  
Сол тұста Бердібек Мәшбекұлы Ақбота есімді қызын ұзатып, «құйрық-бауыр жесіп»,  құда-
кәде  жасасып  жатқан.  Әлденеше  ауданды  аралап  Сарыағаш  шипажайына  жеткенде  
Мемлекеттік  хатшы  қасында  Бекең  біраз  болып  әлгіндей  жағдайға  байланысты    сұранады. 
Алдын сенбі, жексенбі етіп сұранып кетіп бара жатқан Бекеңнен Әбіш аға: 
-
 
Келгелі Құлбекті көрмедім. Біздің Құлбек қайда, осы?-деп сұрайды. 
-
 
Қызметте. Сізге жіберейін-дейді Бекең. 
Мені жер-көктен іздестірудің сыры осында жатыр екен. 
Әбіш аға ресми тұлға әрине. Алайда, біз ол кісіні ресми тұлғадан бұрын ұлы жазушы, 
ғазиз жүректі жан райында жақсы көреміз. Өзімізге ұстаз тұтамыз. Көріспегелі біраз болған. 
Әбіш  аға  мейірленіп  қарсы  алған  соң  төбем  көкке  елі  жетпей  қалды.  Бақытқа  кенелгендей 
болдым.  Әбекеңмен  шүйіркелесе  әңгімелестік.  Е,  ол  күнгі  әңгіме  шер  тарқатқандай  емен-
еркін әңгіме болды. Әбекеңді бәсіре аға тұтып әңгімесін еркін тыңдаған күнім.   
Есіме курстас досым Сауытбек Абдрахманов түсті. Саукең іргедегі Келес ауылының 
тумасы.  Сауытбек  бұдан  жыл  бұрын  алдындағы    ағасынан  айырылған..  Әбекеңнің    кісілігі 
ғой қаралы шаңыраққа кіріп үй иелеріне,  ауыл-аймаққа көңіл айтпақ. Соған орай Сауытбек 
дос ауылына жүріп кетіпті.  
Келеске келдік. 
Әбекең  қаралы  шаңыраққа  көңіл  айтты.  Жәбірлі  ауылға  жұбату  айтты.  Қара 
шаңырақтан  қаралы  күйді  қуып  бақытқа  бастағандай  телегей  теңіз  тілек,  көшелі  әңгіме 
өрбітті. 
Шымкентке  қайттық.  Мәртебелі  қонақтар  Клуман  қонақ  үйіне  түсті.  Мен  атқосшы. 
Ақшамда  мәртебелі қонақтардың құрметіне дастархан жайылды. 
Әбіш Кекілбайұлы – төрде, қасында – Бердібек Сапарбаев. 
Үстелдің  бір  қанатында  –  Сауытбек  екеуміз,  екінші  қанатында  –  қала  әкімі  Болат 
Жылқышиев және оның орынбасары Сұлтан Сүгірбаев! 
- Бердібек  бәрібір бірінші сөзді маған бересің ғой. Сондықтан өзім-ақ бастай берейін. 
 Бұл - Әбіш аға. Қара нардай орнынан ырғалып тұрып сөз бастады. 
Әрине, Әбеке, әрине. 
Бұл - Әбіш ағаны ерекше құрметтейтін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. 
-  Енді,  сөйлегенде  былай,  Бердібек,  өзің  басқарып  отырған  өңірді  аралап  көрдік. 
Пікірімді  жол-жөнекей  біліп  те  келесің.  Тиісті  орындарда  кеңінен    баяндармын  облыс 
жағдайын.  Бүгін  мен  басқа  бір  мәселе  жайында  айтайын  деп  тұрмын.  Бердібек,  сен 
шығармашылық  адамдарына  жақсы  қарайтын  сияқты  едің.  Оныңа  біз  сырттай  сүйсініп 
жүруші  едік.  Кітап  оқитын  әкім  азайған  шақта  оқитын,  жақсы  мен  жаманды  ажыратып 
танитын  бір  әкім  болды  ғой  деп  ойлаушы  едім.  Сол  қамқорлығыңнан  біздің  Құлбек  қағыс 
қалған  сияқты.  Құлбекке  әлі  үй  бермепсің  ғой.  Мұның  не  қылғаның?  Әкім  бол  –  халқыңа 
жақын  бол  деген  бар  емес  пе?  Халық  болғанда  да,  біздің  Құлбек  қаламгер.  Жақсыңды 
жарқыратып  көрсетеді.  Қазақта  «ауылдың  баласы»  деп  қараушылық  кездеседі.  Құлбекке 
олай қарауға  әсте  болмайды. Ол әдебиетте өз саласындағы екінің, әрі  кеткенде үштің бірі. 
Егер,  сен  бағаламасаң  мен  бағалаймын.  Үй  бермес  болсаң  ашып  айт.  Астанаға  алдырайын. 
Қызмет берейін. Саған керек болмаса Құлбек Астанаға керек. Астананы – Астана ету үшін де 


196 
 
Құлбектер  керек.  Қаламы  қуатты,  не  жазса  да  тындырымды  жазатын,  не  айтса  да  ойланып 
ойлы айтатын Құлбектей жандар керек Астанаға! 
Мен мына  шарапты Мемлекеттік қызметте жүріп те әдебиетке адал бейілін сақтаған 
үлкен  қалам  иесі  –  біздің  Құлбек  үшін,  айналайын  Сары  бала  үшін  көтеремін.  Келші  бері, 
өзің... 
Мен  аң-таң...  Бейне  бір  ертегі  әлеміне  еніп  кеткендеймін.  Әлгіндей  асыра 
мақтауларды  жүрегіме  қондырып  үлгере  алмай  жатырмын.  Көзім  жыпылықтап  қасымдағы 
Сауытбек  досқа  қараймын...Әбекеңе  «Шымкентте  үйім  жоқ,  қиналып  жүрмін»-деп  
аузымнан  лепес  шығарсам  не  дерсіз?!  Әлде  Сауытбек  айтты  ма  екен?  Өткенде  бір 
кездескенде  «Жазуды  сирексітіп кеттің.  Оңтүстікке  қоныс  аударғанда  қылған  пайдаң кәне? 
Басыңда баспанаң да жоқ. Астанаға  ауыспайсың ба?»-деп біраз тақымдаған. Бәлкім мейірбан 
Әбекеңді тұтандырған оттық қасымда отырған Сауытбек болмағай. Ол міз бағар емес.  
«Апыр-ай  осы  сөздерді  ұлы  жазушымыз,  Мемлекеттік    хатшымыз    Әбекең  -  Әбіш 
Кекілбайұлы  айтып  тұр-ау.  Мен  не  деген  бақыттымын?!  Бақыттан  тасыдым.    Мең-зең 
қалыптан  ақырын  айығып,  шайқала  басып  барып  жаны  –  жайлау  Әбіш  ағаның  мейірбан 
құшағына еніп кеттім. Дала бейіл дана Әбекең маңдайымнан сүйді. Пешенедегі жазу кісінің  
маңдайында болады деседі. Әбекеңнің ыстық мейірінен пешенедегі жазу да балқыған шығар-
ақ. 
Байқаймын  Бердібек  Сапарбаев  маған  көзінің  астымен  қарап  отыр.  Әлгіндей 
сөздерден  кейін  ешкіммен  санасып  жатуға  шақтым  жоқ.  Рюмке  толы  коньякты  Сауытбек 
доспен қағыстырып құлатып кеп жібердім. 
Мансап  иелері,  мемқызметкерлер  сөйлеп  жатыр  сызылтып.  Бірде-біреуі  құлағыма 
кірер емес. Өзіммен өзім. 
Бір-екі айналым сөзден кейін облыс әкімі Әбекеңнен рұқсат сұрап құда күтуге кетті. 
Біраз отырдық. «Протоколь» үшін отырғандар  үйді-үйіне сызып кетті... Әбекең мен Сәукең 
қасында  біраз  болып,  түн  жарымы  ауа,  қонақтарды  бөлме-бөлмесіне  жайғастырып  мен  де 
қайттым.  «Үйіңде  қатының  жоқ.  Жата  кетпеймісің?»-деп  сөзбен    бір  қағытып  Сауытбек 
қалды. 
Ертеңіне ертелеп тағы да Әбекеңдердің қасынан табылдым.  
Сағат  10-да  «Сәкен  Сейфуллин»  театрында  Мемлекеттік  хатшы  облыс  активі,  қала 
жұртшылығымен  кездесті.  Орыс  тілінің  тұғырдан  түсе  қоймаған  кезі.  Әбекең  бастан  -  аяқ 
қазақша сөйледі.  Сөзінің аяғына таман аялы жанарымен жұртшылықты шола өтіп «ә, мұнда 
славянь жұрағаты  да отыр екен ғой»-деп алып, ептеп орысша қосты. Асылы ол күнгі сөз – 
сөз емес, толқыған теңіз еді. Теңіздей толқыған ой айтылды. Тәуелсіздік бағасы, облыстағы 
әрбір жетістік тәуелсіздікті баянды ету үшін жасалған әрекет, жалпы мемлекетті нығайтуға 
қосылған  үлес  екені,  облыста  жұмыстың  ойдағыдай  жүріп  жатқаны,  басқа  емес,  қазақтың 
бірін-бірі  аяғынан  шалып,  омырауынан  алып,  шалғайына  жармасып  жатса  қалай  ел 
боламыз...  Әбекең  қозғаған  тақырыптар  осындай.  Естір  құлақ  болса,  қабылдар  таза  жүрек 
болса  толқыған  сөз,  толғақты  ой  айтылды.  Қиямпұрыстау    бір-ер  сұрақ  берілді.  Жауабын 
заматында  алды.  Тапсырыспен  жұмыс  істейтін  кейбір  қумүйіз  жорналистер  болмаса 
жұртшылық риза болып ойланып тарасып бара жатты... 
Түстік  шәйді  (әрі  хоштасу  шәйі)  қала  әкімі  Болат  Жылқышиев  Сайрам  ауданы 
аумағында  жаңадан  ашылған  бір  мейрамханаға  ұйымдастырыпты.  Кешегі  отырысқа 
қарағанда  кісі  қарасыны  молдау.  Сауытбек    төрлетіңкіреп  жайғасты.  «Протоколдан»  аса 
алмай мен төмендеу барып отырдым. 
Әбекең  дәм  үстінде  халықты  дана  етіп  те  сыйпаттады,  бала  етіп  те  сыйпаттады. 
Даналығын  бағалап,  балалығын  аялап  қызмет  ету  керек  халыққа  деп  бір  кетті.  Адамдық 
ұлылығы,  жазушылық  даналығы,  саяси  дипломатия  қатар  түсіп  жарасымын  тауып  кетіп 
барады.  Облыс  жағдайына  талдау  бере  сөйледі.  Облыста  жұмыстың  қызу  жүріп  жатқаны, 
азамат  қадіріне  жете  білу  де  азаматтық  екенін  айтты  Әбекең.  Облыс  жетістігін  Елбасыға 
айтып баратынын жеткізді. 


197 
 
Отырыс  аяғына  таман  «Бердібек,  Сен  менің  кешегі  өтінішімді  ұмытып  кетпе.  Біле-
білсең  Құлбектей  азаматтың  қасыңда  жүруі  –  ен  байлық.  Құлбек  –  бүгінгі  көзің  ғана 
емес,ертеңге жетер сөзің де. Бағалай біл!» 
 «Әңгіме  жоқ,  Әбеке!  Өтініш  емес,  Мемлекеттік  хатшының  тапсырмасы  деп 
қабылдадым.» Облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлының сөзі. 
            -Келші бері, Сары бала, айналайын! 
Әбекең екі қолын науша көтеріп маған қарады. 
Кешегі  мақтаудың  буына,  кешегіге  бүгінгі  қосылып  коньяк  суына  балқыған  мен 
байқұс батылданып алып тамақтан майысып тұрған столды айнала өтіп Әбекеңнің мейірбан 
құшағына қойдым да кеттім. 
Маңдайымнан  сүйді  Әбекең.  Пайғамбар  пейіл  жан  емес  пе  Әбекең,  «пешенемдегі 
жазулардың  арасында  қырсықтары  болса  осымен  кесілген-ақ  шығар,  кесілген  де  өшірілген 
шығар, Пешенемде тәуір жазулар болса мықтап бекіген-ақ шығар»- деп ойладым.. Бақытты 
едім. 
Буалдыр  көзбен  Сауытбекті  іздедім.  Суық  жымиып  отыр  екен.  Жұрт  қозғалақтай 
бастаған.  Сәл  оңашалық  тауып  Сәукеңе:  «Бәрін  бүлдіріп  жүрген  сен  емес  пе?»-дедім. 
«Кімнің бүлдіргенін қайтесің, үйіңді  алып алсайшы..» Сәукең дос жұқа жымиды. 
Жұрт абыр-сабыр. Әбекеңмен хоштасып жатыр. 
Облыс әкімінің көзіне түскім жоқ. Олжам аз емес. Тұра қашқым келіп тұр. Ойымды 
жиып  үлгермедім.  Бердібек  Мәшбекұлына  бетпе-бет  кездесіп  қалсам  болар  ма?!  «Құлбек, 
машинаңды қоя бер де менің машинама мін!»-деді облыс әкімі. Түсі ызбарлы секілді көрінді. 
Жайшылықтағы төгіліп тұрар мейір жоқ... 
Әбіш  Кекілбайұлы    мен  Сауытбек  Абдрахмановты  «протоколь»  бойынша  Жамбыл 
облысы әкімдігі азаматтары өз көліктеріне ауыстыра мінгізіп ала жөнелді.  
Мен  Облыс  әкімінің  сүлік  қара  «Мерседесіне»  кісі  үйіне  ұрықсатсыз  кірген  ұрыдай  
қуыстана барып отырдым. 
Күн ыстық... 
Машина іші салқын. 
Бір  баудың  жанынан  өтіп  бара  жатқанда  облыс  әкімі  алдыңғы  орында  отырған 
көмекшісіне «тоқтат» деген белгі берді. Жүргізуші сөйлеп қалған өзбек жігіті. Тоқтай қалды. 
«Түс»-деді  Бекең  маған.  «Жаппарқұлда  жан  бар  ма?»  Түстім.  Көмекшісі  Ілияс  Спанов  екі 
қалың бокалға орталай ақ арақ құйды. «Құлбекке толтыра құй. Бұл бүгін ішпегенде қай күні 
ішеді? Мемлекеттік хатшыны біз күтеміз өліп-талып. Бар жақсы сөзді бұл естиді.» 
-  Сен  немене  Мемлекеттік  хатшыға  менің  үстімнен  арызданып?  Не  мен  саған  «үй 
бермеймін»-дедім бе? «Үй беремін»-дедім ғой. 
Салбырап  кеткен  басымды  көтерсем  облыс  әкімі  күліп  тұр  екен.  Құрдастығымыз  да 
бар еді. Батылдана түсіп, қайта басылып міңгір-міңгір бірдемелерді айта бастадым. 
- Беке, жол үстінде тұрмыз ғой. Мен Әбіш ағаға  «үйім жоқ»-деп жақ ашқан емеспін. 
Сауытбек  бірге  оқыған  қанжығалас  дос  еді.  Сол  айтпаса,  қайдан  білейін?  Жол  үстінде 
тұрмыз  ғой,  Беке!  Мен  Әбекеңе  айтқызып  үйлі  бола  қалайын  деген  пендешілік  ойдан 
аулақпын.  Бірақ,  Әбекеңдей  ұлы  адамның    айтқызбай  жасаған  қамқорлығы  үшін 
бақыттымын! 
-  Әй,  жәй  айтамын  Құлбек.Шынымды  айтсам,  Әбекеңдей  ұлы  жазушының  сен 
жайында осыншалық жақсы сөз айтқанына қуанып отырдым. Әбекең ондай тебіреністі сөзді 
кімге арнап айтыпты?! Осы, мен сенің қадіріңе жетпей жүрмін бе деп қалдым. Айттым ғой, 
үй беремін. Енді, Мемлекеттік хатшының тапсырмасын орындауым керек қой. Үй бергенде 
де  бұрынғы  уәдемді  молайтып  кеңірек  пәтер  беремін  саған!  Әбіш  Кекілбаев  Мемлекеттік 
хатшыдан бұрын ұлы жазушы, ғажап адам ғой...Аға десең аузың толады... 
Өзі де ептеп өлең жазатын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Әбіш аға жайында әдемі  
сөздерін төгілтті. Мөлдір сөзі жаныма майдай жағып барады.  
Қазіргі шенеуніктер оқымайды ғой. Ал, Бердібек Сапарбаевтың жоқ уақытты бар етіп, 
әдебиет оқып жүретініне сүйсініп тұрдым. Облыс әкімінің жазушыларды жан тартып жақсы 


198 
 
көретінін,  жалған  жалтырамай  шығармаларын  оқып,  қадіріне  жетіп  іштей  жақсы  көретінін 
әрдайым-әрдайым  байқап  келемін.  Қадыр  Мырза  Әлі,  Шерхан  Мұртаза,  Тұманбай 
Молдағалиұлы:  «көп  томдығымызды  шығаруға  қаражаттай  көмектессеңіз  екен»-деп  хат 
жазғанда,  қиын-қыстау  кездің  өзінде  жоқ  қаржыны  бар  етіп:  «Жазушы  ағайын  жазбаса,  біз 
оқымасақ  жабайы  болып  кетпейміз  бе,  ақша  байлығы  тозар,  ар  байлығы  азбасын!»-деп 
аталған жазушылардың әрқайсысына мол қаржымен демеушілік жасап еді. Менің 6 томдық 
тақырыптық  «Арыстар мен Ағыстар» аталатын сын мақалалар жинағымның жарық  көруіне 
де бір кісідей-ақ көмектесті. «Біз үй саларда зират соқтық. Қайтесің, Тәңір ісі. Менімен бірге 
Астанаға  жүрмедің.  Түркістанға  тұрақтар  түрің  бар.  Алматы,  Астанадан  жазушы,  ғалым 
келсе алдымен Сені іздейді. Сен жақсы бір үй сал!»-деп идея айтқан, қамқор болған Бердібек 
Мәшбекұлы Сапарбаев қой бұл! Сөйтіп, Түркістанда – Бердібек салдырған үш қабатты үйде 
тұрып жатырмын. Қызмет ауыстырған сайын өзіне сыйланған, жиналған кітаптарды қорап-
қорабымен маған жіберіп тұрарын қайтерсің?! 
Азамат десең де жарасар, қазан ат десең де жарасар! 
Алға озыңқырай сөйлеп жатқаным ғой. Әңгіме Әбіш аға туралы еді-ау. 
-  Ал,  Құлбек  былай  етейік.  Әбекеңнен  сен  ғана  емес,  мен  де  талай  қамқорлық  көріп 
келемін. Кісіні алаламай, бөлмей тұтас қарайтын Әбекеңдей қазақ қайда?! Ел боламыз десек 
Кекілбаев кеңдігін, алты Алашқа бірдей теңдігін үйрене білуіміз керек. Әбекең енді Жамбыл 
облысы  шаруашылығымен  танысады.  Елбасы  арнайы  тапсырмамен  жіберіп  отыр.  Бағыт-
бағдарымызды  талдап,  көрген-білгенін  таразыға  салып,  қорытып  Нұрсұлтан  Әбішұлына 
баяндайды. Нұрекең, Әбекең... Әуезе әңгімелер айтылды. Бокалдар көтерілді.... 
Р.С. Ұзамай жаңадан салынып жатқан 20 пәтерлік үйден 6 бөлмелі пәтер тиді маған. 
Сол  үйден  өзі  алуға  тиісті  6  бөлмелі  пәтерден  бас  тартып  2  бөлмесін  маған  Бердібек 
Сапарбаев  қосымша  бөлдіріпті.  Сөйтіп  Әбіш  ағаға  берген  уәдесін  орындады.  Кең  пәтер 
беремін  деп  те  Сапарбаевтың  сау  басы  дауға  айналып  кете  жаздады.  Өзім  терімді  сіңірген 
«Жас  алаштан»  бастап  бізді  сынай  жөнеді...  Бір  орынбасары:  «Маған  төрт,  менің 
орынбасарыма    алты  бөлмелі  пәтер  бересіз...  Адам  басы  ба  бір  қабила...»-деп  сызды  сөз 
сабақтапты.  Бекең:  «Мемлекеттік  хатшы  Әбіш  Кекілбаевтың  тапсырмасы.  Сен  де  Әбіш 
Кекілбаевтай азаматтың сеніміне ие болсаң, саған да алты бөлме үй берейін...» депті уәжге. 
Жер беттеніп шығып кетіпті орынбасар.    
Сол  үйде  қазақтың  ғажайып  ақын  қызы  Фариза  Оңғарсынова  бастаған  қаламгерлер 
қонақ  болды.  Әбіш  Кекілбайұлы  үйімізде  болған  емес.  Бердібек  Сапарбаев  та.  Осы  үйде 
Мемлекеттік хатшы  Әбіш  Кекілбайұлынан  құттықтау  хат  алып  50  жылдықты  да  тойладық. 
60 жылдықты да! Тағы да құттықтау хат! О, құтықтау хат болғанда қандай!? Әбекеңе деген 
ыстық ықыласты ішке бүгіп бірақ бір рет «шайға» шақырмаппын-ау?!.. 
 Өмір  ғой.  Жақында  қаражаттан  тарықтық.  «Шымкент  қаласындағы  бос  тұрған 
пәтерді сатсақ қайтеді?» Жарым Баянмен ойластым. Ақыл қоспады. Үндемеді. Қолдамағаны. 
Үш бірдей азаматтың адамгершілігінің куәсіндей киесі бар үйді иесі екенбіз деп өз қолымнан 
шығарып  өзгеге  сату  азап  екен  ойлап  қарасам.  Соны  білдім.  Сатпауға,  балаларға  мұраға 
қалдыруға біржола бекідім. Енді жөндетіп жатырмын... 
Шұғылалы жүрегіңізден айналайын, Әбіш аға! 
                 Телегей теңіз 
                ( Екінші толғаныс) 
Әдебиетте  Әбіш  Кекілбайұлы  қалам  тартпаған  жанр  жоқққа  тән.  Ол  бар  жанрда 
жазған  жампоз    жазушы.  Бұл  –  ХХ  ғасыр  басында  өмір  сүріп,  азғантай  уақытта  қазақ 
әдебиетін  кәсіби  деңгейде  қалыптастыру  тарихи  міндеті  жүктелген  буынның  амалсыз 
баратын  әмбебаптығы  емес.  Олай  деуге  жол  жоқ.  Әбекең  әдебиетке  келген  кезде  қазақ 
әдебиетінің  бар  жанры    профессиональдық  деңгейде  қалыптасып  үлгерген.  Әбекең  ол 
жанрларға  өзін,  өз  бойындағы  дарын  бейімін  іздеу  үшін  де  барған  жоқ.  Жазушының  жанр 
таңдайтыны секілді жанр да жазушы таңдайды. Әбекең ол жанрдың қай-қайсысына да Жанр 
қажетсінген  соң  барды.  Бұл  бару  –  жәй  бара  салайыншы  деген  ниет  жемісі  емес,  әлем 
әдебиеті  құндылықтарын  еркін  игерген  профессионал  қаламгердің  кәдімгі    саналы  кәнігі  


199 
 
барысы.  Нәтижесінде  Әбекең  –  қазақ  әдебиетінің  бар  жанрында  қалам  тербеген,  қазақ 
әдебиетінің бар жанрында ұланасыр олжа салған ұлы дарынымыз болып қалыптасты. 
 Әбіш Кекілбайұлы – ақын. 
Ақын  болғанда    шағын  лирикалық  өлеңдерін  былай  қойғанда  «Менің  ғасырым» 
аталатын  публицистикалық-философиялық поэмасымен  айналасын  таңқалдыра  келген  тума 
ақын.  Жылдың  эпикалық  туындылары  жайында  баяндама  жасаған  профессор  Бейсембай 
Кенжебайұлы алпысыншы жылдары өз алдынан дәріс алып жүрген студент шығармасын Ә. 
Тәжібаев,  Х.Ерғалиев,  Қ.  Бекхожин,  Д.Әбілев  секілді  ірі  ақындар  поэмаларынан  жоғары 
қойып, жылдың жұлдызды туындысы - әдеби құбылыс деп тауыпты, солай  биік бағалапты 
уақытында.  Бала  Әбішті  мектеп  қабырғасында  таныған  мемлекет  қайраткері  Нұртас 
Оңдасынов  секілді,  оның  Ташкентте  №14  жетім  балалар  үйінде  бірге  оқыған  парталасы  -  
ұстаз Б.Кенжебайұлы танымына  бұл орайда тәнті боламыз. Бір жерде туып, Ташкенттің №14 
жетім балалар үйінде бірге тәрбиеленген қос арыстың бірдей назары – бала Әбішке ауғанына 
қарағанда  Әбіш  кездейсоқтық  емес  тарихи  заңдылық  болып  тұр-ау  шамасы.  Бәрінен  де 
сенімнің  ақталғанын  айтыңыз,  сенімнің!  Ақындық  жолдың  басында  жазылған  лирикалық 
өлеңдерден тартып театр  үшін жазылған  «Абылай хан» поэтикалық драмасына дейін... бәрі-
бәрінің  жөні  бөлек.  Асылы,  Әбіш  ағаның  поэтикалық  туындылары  дербес  қарастырылуы 
керек.  (Жазар  ма  еді,  шіркін?!)  «Менің  ғасырым»  сөйтіп,  алдын,  айналасын  таңқалдыра 
келген әдеби құбылыс! 
Әбіш  Кекілбайұлы  –  прозашы.  Прозашы  болғанда  жолбастауындағы  лирикалық, 
лирико-философиялық  шағын  туындылардан  (әңгіме,  повесть)  бастап  бертіндегі    кең 
тынысты,  көп  планды  философилық, тарихи-философиялық  эпикалық  туындыларына  дейін 
қазақ  халқының  азаматтық  тарихын,    адамдық  болмысын,  кісілік  табиғатын    кең  талдап 
жазған  кемел  талант.  Қазіргі  таңда  Әбекеңдей  жазушымыздың  прозалық  шығармаларынан  
кандидаттық,  докторлық  диссертациялар  жазып  қорғалды.  Бұл  -  әбден  лайық  іс.  (Ізденуші 
жастармен жарысып жазар ма еді, шіркін?!) 
Әбіш  Кекілбайұлы  –  деректі  прозаның  ғажап  өкілі.  Деректі  туындыны  кісі  жазайын 
деп  жазбайтын  болса  керек.  Деректі  әдебиет  бірде  елдік  тарихыңа,  келесіде  азаматтық 
тұлғаңа  қатысты  туындайды.    Оны    кемталанттың  ермегі  етіп  қойғысы  келмегендіктен 
көркемдүние  жазып  жатқан  алтын  уақытты  арнайы  бөліп  білек  сыбанып  кірісіп  кетеді 
жазушы.  Деректі,  деректі  тарихи  баянға  Әбекең  тарихты  обалсыну,  тақырыпты  қорлатпау 
үшін барып қала беретін болуы керек. Әйтпесе Әбекеңді күтіп жатар қаншама  тақырып бар 
қазақ  әдебиетінде?!  «Ұйқыдағы  арудың  оянуынан»  тартып  Тараз,  Түркістан,  Сайрам 
шаһарлары  туралы  тұтас-тұтас  кітаптар  мен  тарихымыздағы  ерен  тұлғалар  жайындағы 
деректі  толғаныстар  Әбекеңнің  мерейін  қашанда  үстем  етері  хақ.  Деректі  прозаға  тап 
Әбекеңдей  еңбек  сіңірген  кісіні  қазақ  әдебиетінен  табу  қиын.  Әлем  әдебиетіндегі  Ирвинг 
Стоун  романдары,  Смирновтың  «Бресть  қамалы»,  Чивилихиннің  «Сана»,  Д.Граниннің 
«Клавдия  Вилор»  аталатын  деректі  туындыларына  кезінде  ірі-ірі  мемлекеттік  сыйлықтар 
берілді.  Әбекең  қаламынан  шыққан  деректі  туындылардың  қай-қайсысы  да    орыс 
әдебиетіндегі  аталған  таңдаулы  деректі  туындылардың  қай-қайсысынан  да  оқ  бойы  озық. 
Өзінің  тақырыпты  игеру  мәнері,  көзін  тауып  тартымды  өрнектеуі,  аналитикалық  талдауға 
құруы,    шиыршық  аттырып  ширатып,    сала-сала  етіп  арналы  тарата  баяндауы  жөнінен 
Әбекеңе ешкім шән келмейді. Дария ағыс, дана жазыс. (Білекті сыбанып кірісіп кетіп жазар 
ма еді, шіркін?!) 
Әбіш Кекілбайұлы – драматург. 
Мейлі  төлтума,  мейлі  телтума  драматургияға  Әбіш  Кекілбайұлындай  біліп  баратын, 
еркін игеретін, байыпты жазатын, байытып аударатын  қаламгер сирек. Әттең, драматургия 
зерттеушісі  емеспін.  Кезінде  Сәбит  Мұқановтың  да  драматургиясын  аша  алмадым  ғой. 
Әйтпесе, Әбіш ағаның бұл жанрдағы туындыларын да танып жазса, талдап жазса, шіркін?! 
Әбіш  Кекілбайұлы – аудармашы. 
Аудармашы болғанда әлемдік классиканың әдемі үлгілерін бар жанрда аударып көрді. 
Әдетте  өз шығармашылығы өріс ашқан дарынды жазушылар нашар аудармашы болып шыға 


200 
 
беретіні бар. Шамасы, аударманы менсінбей, астамшылықпен жоғарыдан  қарайды. Шамасы, 
аудармаға    маманданған  көзбен  емес,  астамдау  қарайды,  нартәуекелмен  барады.  Аударма 
өнер ретінде оған көне ме? Көнбейді! Осыны білген Әбекең аудармаға астамшылық жасаған 
жан  емес.  Алған  аударма  табиғатына  орай    нысаналы  автор  оның    таңдауға  түскен 
туындысын  терең  зерттеп  алып  кәнігі  аудармашы  болып  жегіліп кете  барады.  Нәтижесінде 
Әбекең  тамаша  аудармаларымен  қазақ  әдебиетін  байтты.  Қазақ  әдебиетіне  қаламгерлік 
мәдениет,  аудармашылық  мәнер-машық  үстеді.  Өзіміз  де  мектеп  қабырғасында  жүрген 
түбітиек  шағымызда    Ги  Де  Моппасанның  «Өмір»  романын  Әбекең  аудармасында  оқып, 
сүйсініп,  әдебиетке  құштарлығымыз  артты.  (Әбекеңдей  дана  дарынның    бұл  қырын  да 
шырайын кіргізіп жазар ма еді, шіркін?!) 
Оның  шығармашылық  тағдырында  екі  жүйе  тақырып  ерекшеленіп  тұрады.  Бірі  – 
Шыңғыс, Ақсақ Темір, Жөнейт секілді  шексіз билік иелері мен олардан зәбір-жапа көретін, 
тіпті  солардың екпіні мен   тепкіні арқасында дүниеден өтіп кетіп жататын өнер иелері. Бір 
қарағанда,  Әбекең  жазатын  аңыздық,  тарихи  тақырыптағы  туындылардың  бағзыдан  келе 
жатқан  еміс-еміс  ізі  бар,  кейіпкерлерінің  түптұлғасы  бар;  бірақ  солай  екен  деп  жазушы 
оларды  өмірге  жақындатып,  нақтылап  алып  жатқан  жоқ.  Шексіз  билік  иесі,  мансапқұмар 
жандар,  бар  өнерін  салып,  жолына  көлденең  тұрғанды  жайпап,  таптап  бұхара  халықты 
билеуді өмірінің бар мән-маңызына айналдырған, ақыр аяғында өзі жасаған қиянат, наладан 
өзі  опат  болып  жатқан  әмірші.  Өзі  жасаған  қиянаттың  шәннен  асқанын,  шәктен  шыққанын 
білетін,  біле  тұра  өршелене  билікке  ұмтылатын  бұл  билік  иелері  бір  қарағанда  дара-дара 
тұлғалар,  жеке-дара  өмір  сүріп  жатқан  сырлы  бояумен  жасалған  образдар.  Сонымен  бірге, 
аты  басқа,  тұлғалануының  жалпы  мәнері  ұқсағанымен,  табиғаты  өзара  ұқсас  болғанымен 
кейіпкер ретінде жеке-дара өмір сүріп жатқан осы кейіпкерлері үлкен  көркемдік жинақтауға 
түскен  жазушының  философиялық  концепциясын  арқалап  жүрген    аса  мәртебелі  БИЛІК! 
Расында, қазақ халқы қай дәуірде де билік иелеріне тәуелді болды емес пе?! Ал, әлгі билік 
иелері  қазақ  халқы    өтіп  келе  жатқан  әр  дәур-әр  дәуірдегі  халықты  бақытқа  бастаған, 
бақытсыздыққа  душар  еткен  қайшылықты  тұлғалар.  Олар  әр  дәуірде  өмір  сүргенімен 
мансапқорлықтан таққа жетуі, тақты сақтап қалу жолындағы қантөккіштігі бәрі-бәрі де өзара 
ұқсас. Қала қалама, Сенің тағдырыңды, Сенің аяулы халқыңның тағдырын аяқасты етіп келе 
жатқан  билік  иелері  солар.  Олардың  аттары  басқа,  заты  ұқсас,  қаныпезерлігі  айна-қатесіз. 
Халық олар үшін жеке-жеке тағдырлардан бас құраған жандар емес. Билігін жүзеге асыруға 
қажетті  объекті  ғана.  Тіпті  халықтың  көзі  ашық,  көкірегі  ояу  жандары  -  өнер  адамдары  да 
БИЛІКТЕН  тек  қана    теперіш  көреді.  Тұлға  ретінде  бас  көтеріп  келе  жатып  жаншылып 
тынады. 
Алайда,  өркеуде билік алдында қорланған өнер адамының рухы бәрібір асқақ жатады. 
Асқақ рух шығармаларында  аса бір философоиялық ойға оранып өрлікпен өріледі. 
Әбекең  еш  уақытта  тарихи  тақырыптың  құлына  айналған,  ірі  тарихи  тұлғалардың 
етегінен ұстап, өмір ізімен жүріп шығып, шығарма жазып, яки тарихи тақырыпты тарих үшін 
ғана  жазып,  оқырманын  жалаң  экзотикамен  суаруды  мақсат  тұтқан  жазушы  емес.  Ол 
тарихтың  қай  қай  кезеңіне  барсын,  қандай  тарихи  тұлға  туралы  жазсын,  оны  өз  заманы 
шындығымен бейнелеп, бүгінгі күннің философиясымен суаратын жазушы. Шығармашылық 
жолының  бас  кезеңінде  жазылған  аңыздық  тақырыпта  туған    формасы  жұтынып  туған  
«Күй»,  «Ханша-дария  хикаясы»  философиялық  повестері  мен  соған  жалғас    жазылған 
«Аңыздың ақыры»  романы жайында біз осындай ойдамыз. Рас «Үркер» мен «Елең-алаңда» 
жазушы тарих сүрлеуінен тым ауа жайылып  кетпейді, жалпы тарих нобайы, тарих соқпағы 
үдесінен шығып отыратыны бар. Өзі  сыр-сұхбат секілді мемуарлық жазбаларында тарихты 
фон  етіп  алып,  өзінің  қиял  қоспасына  ерік  беру  –  қауіпті  екенін  тиянақтай  айтып  жүруіне 
қарамастан  Әбекеңнің      соны  мәнерде  туған  эпикалық    өзара  жалғас,  жалғас,  сабақтас 
болғандықтан роман ғана емес, роман-эпопея деп тануға болатын «Үркер» мен «Елең-алаң» 
да қатып қалған тарихи романдардан емес. (Кезінде жазушының аңыздық тақырыпта туған 
шығармаларының өзінен «историзм» принциптерін іздеген сыншылар болған. Алайда, оның 
аңыздық  тақырыпта  туған    ауқымды,  тынысты  әрі  нәзік  психологизммен  жазылған 


201 
 
философиялық  туындыларынан  «историзм»  принциптерін  іздеу  қисынсыз.    Ал    кейінгі 
кезеңде    жазушылық  мәнер  алмастырыла  жазылған,  алдына  жазушы  тарихи  принциптерді 
сақтау  мұратын  қоя  отырып  жазған  «Үркер»  мен  «Елең-алаңнан»  көркем  тарихи 
шығармаларға  қояр  «историзм»  принципі  талаптарын  көлденең  тарта  беруге  болады. 
«Үркер»  мен  «Елең-алаң»  тарихи  романға  қояр  талаптарды  толық  көтереді,  «историзм» 
принциптеріне толық жауап берерлік шығармалар шоғыры. Туындыгердің өзі «Саяси роман» 
атап,  оның  кең  мүмкіндігін  дәріптей  сөйлеуіне  біз  әзелден  қосыла  қоймаймыз.  Қосыла 
бермейтініміз  аталған  өзара  сабақтас  қос  роман    табиғаты  жағынан  «саяси  роман»  емес. 
Саяси  романда  автор  айтқандай  мол  мүмкіндік  жоқ.  Бұл  қос  туынды  жанрлық  табиғаты 
жағынан    тұтас  дәуірлерді  өзара  сабақтастыра  қамти  суреттейтін,    көп  кейіпкерлі,  алуан-
алуан  образды,  дәуірдің    тарихи-әлеуметтік  ахуалын  мейлінше  жан-жақты  сипаттайтын, 
сипаттай  отырып  оны  кейіпкерлер  көзімен  (ой-дүниесімен)  жан-жақты  талдайтын 
әлеуметтік-философиялық  тарихи  эпопея.  Орыс  зерттеушісі,  роман-эпопеяны  жанрлық 
тұрғыдан  талдайтын  Чичериннің  роман-эпопеяға  қояр  талаптарына  қазақ  әдебиетінің 
«Үркер» мен «Елең-алаң» сынды сындарлы қос туындысы лайық шығады.  Ә деген алғашқы 
қадамнан  азаматтық  тарихымыздың  белгілі  бір  кезеңі,  немесе  белгілі  бір  тарихи  тұлғасы 
туралы жаза бастағанда  суреткерлік эпикалық тынысқа бастап, арналы ағынға ұласар ма еді, 
жоқ  па,  кім  білсін?!  Осы  «кім  білсін»  бізді  ойландыра  береді.  Өйткені,    эпикалық  тыныс, 
суреткерлік  арналы  ағын  оның  алғашқы  прозалық  туындыларын  былай  қойғанда 
поэзиясының өзінде қылаң берді емес пе?! Олай болса, суреткерлік тыныстылық, эпикалық 
алымдылық пен қаламгерлік қарымдылық оның  суреткерлік табиғатынан туындап жататын 
табиғи  тума  мінез!  Кезінде  М.Әуезов  кезекті  талқылау,  талқылау  емес-ау  «ит  сілікпесін 
шығарып»  сілкілеуден  құр  сүлдері  шығып  Әбділда  Тәжібаевтың  үйіне  жолай  соқса  керек. 
Сонда  ақын  ана  Айманкүл  «Мұхтар  қайным,  тыныштық  па?  Түрің  өрт  сөндіргендей  ғой»-
депті.  «Е,  Айеке  жұрт  жер  бастырып  жүргізгісі  жоқ»-десе  керек  елден  ерек  көңіл  адамы 
Мұқаң.  Сонда  Айманкүл  ана  «Құдайдың  үйген  төбесін  кетпендеп  таусар  ма  пендесі? 
Қамықпа.  Бұл  да  бір  өткінші  әрекет!»-деген  екен.  Сонда  Мұқаң  жадырап  :  «Пәлі,  Айеке, 
Сіздей  тауып  айтар  кісі  болар  ма  екен,  сірә?!  Әдемі  айттыңыз-ау,  қан  жұтқан  қайғылы 
көңілімді, қайғыдан қарайған көңілімді   бір сөзбен көтеріп ағарттыңыз-ау»-деген екен. Сол 
секілді  Әбіш ағаны Алла-тағала әуел бастан кең жаратқан, кемел жаратқан адам. Ол мейлі 
кешегі өткен күндерге барсын, мейлі бүгінгі күн өмір шындығын бейнелесін оны адамзаттық 
ойлаудың  бүгінгі  биігінде  тұрып  таниды,  адамзаттық  ойдың  бүгінгі  биігінен  қарап 
таразылайды, талдайды. Сөйтеді де бүгінгі күн, бүгінгі адамзат үшіндік рухани құндылыққа 
айналдырып келістіре суреттеп жеткізеді. 
Әбіш Кекілбайұлы – шынайы суреткер. Жазушы райындағы тіл байлығы әуел бастан 
аға буынды әрі қайран қалдырған, әрі сақтандырған. Тіпті әрбір адымын қадағалап тілектес 
болатын, өзге түгілі алдымен өзіне қатал қарайтын Әбдіжәміл Әбіш ағаның  тіл байлығынан 
қауіп  те  ойлаған  сәттері  бар.  Әбіш  Кекілбайұлы  тіл  байлығы  –  оның  суреткерлік    ерекше 
табиғатынан туындап жатады. Асылы әдебиет – тіл мен ойдың одағы.  Ойың тегеурінді бола 
тұрып тілің жұтаң болуы сірә да мүмкін емес. Әйтсе де Әбдіжәміл Нұрпейісовтің күдігі сөзді  
мысқалдап  орнына  қолдану  мәселесі  жайында  болса  керек.  Ал,  Әбіш  Кекілбайұлының  тіл 
байлығы  алдымен  кейіпкер  табиғатынан  шығып  жататын,  оның  жан-дүниесінің  көрсеткіші 
дерлік, содан кейін сол кейіпкер өмір сүретін орта, оны тұлғалайтын орта бар емес пе, соны 
көрсететін  қазақ  халқының  тарихына,  этнографиясына  қатысты  тіл  өрнектері!  Осыдан 
шығарып  айтсақ,  Әбіш  Кекілбайұлы  –  шығармаларының  тіл  байлығы  мейлінше  құнарлы, 
қазақтың    сөз  байлығын  мейлінше  игерген,  игерген  деген  сөз  өз  алдына  қазақтың  тілін  өзі 
жазатын  тақырыбына  қарай  сөздік  қормен  байытқан,  өзі  жазатын  тақырып  табиғатынан 
туындатып  сөз  орамдарымен,  тың  тіркес,  жаңаша  сөз,  сөйлем  байламдарын  жасауымен 
ерекшеленетін  тілі  ерекше  бай  жазушы.  Кезінде  орыстың  керемет  стилист  жазушысы 
И.С.Тургенев  орыс  тіліне  «Камыш  шуршит»-деген  бір  тіркес  енгізгені  үшін  өзін  бақытты 
санаған  екен.  Ал,  Әбіш  аға  қазақ  сөзін  тілдік  қор  тұрғысынан  да  молайтқан,  сөз,  сөйлем, 


202 
 
философиялық    орам,  шешендік  сөзге  айналып  кетер  жаңа  байламдарымен  де  әбден 
байытқан байтақтандырған кемел суреткер. 
«Болған  ауылда  бой  жетіп,  толған  ауылға  келін  боп  түсіп  көрдік.  Бірақ  одан  көрген 
рахаттан  гөрі  тартқан  тауқыметіміз  көбірек  болды»  Әбіштің  адам  ретіндегі  тағдыры  да, 
жазушы  ретіндегі  тарихи  тағдыры  да    анасы  Айсәуленің  осы  бір  сөзінен  басталатын  болса 
керек.  Адамдар.  Тағдырлар.  Онда  көзге  ілінбейтін    пәкене  адам  жоқ,  қандай  кейіпкерді 
тұлғалауға  ниет  қылса  да  –  жеке  тағдыр  иесі  болып  тұлғаланады.  Кісіні  бей-жай 
қалдырмайды. Бәлкім Тимур Мамаладзенің «Героям повестей Кекилбаева дышится тяжело»-
деуінде  де  осындай  мән  бар  шығар.  Бір  қарағанда  Әбекең  қарапайым  өмірді  суреттеп, 
қарапайым  тіршілік  жайында  баяндап  отырғандай  көрінеді.  Ал,  шығарманы  оқып  шыққан 
соң  Әбекеңмен  бірге  бір  немесе  бірнеше  тағдырлар  көрмесін  бірге  аралап  көресің,  бірге 
аралап, бірге талдап шыққандай күй кешесің. 
Әбіш Кекілбайұлы - өзіне дейінгі адамзат  көш-керуенін жұмыр басты пенде ретінде 
жалғаушы ғана емес, өзіне дейінгі адамзат баласы кешкен тарих, көрген мехнат, күйзелген, 
күңіренген,  қуанған  қайғы-қасіретімен  қоса    суреткер  ретінде  сахнаға  алып  шығып, 
көрерменнің  көз  алдында,  оқырманымен  ойласа  отырып    талдап,  көркем    өзіне  дейінгі 
тарихтың  қорытындысын  шығарған,  бағасын  берген,  одан  нені  алуға  болады,  нені  алуға 
болмайды, бүгінгі таңға, ендігі ұрпаққа соның қайсысынан үйренуге, қайсысынан жиренуге 
керек  соның  бәрі-бәрісін  философиялық  тұрғыдан  жентектеп  бере  білген  көркемдік 
жинақтаудың құзар шыңына шыққан аса күрделі  философ жазушымыз. 
Әбіш  Кекілбайұлын  тарихи  тақырыпқа  жазатын  жазушы,  болмаса  бүгінгі  өмірді 
жазатын  жазушы  деп  ара-жігін  ажырата  қарап,    айыра  талдауға  көне  бермейді.  Рас  тарихи 
тақырыпқа  бірсыпыра  шығарма  жазды,  рас  бүгінгі  өмір  шындығынан  бірсыпыра  шығарма 
жазды. Ал, сол шығармалардың бірі таза тарихи туынды болып тарих шеңберінен шықпай, 
өткен  өмірдің  шындығын  ғана  қаузап  жатыр  ма?  Әлде  бүгінгі  өмірден  жазған  шығармасы  
өмірді  қайталай  айтып  берумен  шектеліп  қалып  отыр  ма?  Тіпті  де  олай  емес,  тарихи 
тақырыбы  –  бүгінгі  өмірмен  тыныстайды,  бүгінгі  өмірден  алып  жазған  тақырыбы  тарих 
қойнауына кетіп қалып жатады. Әдеттегідей тарих мұнда фон ғана емес, шығарма кейіпкері 
– адам өзіне дейінгі өткен өмір, тіршілік кешулердің,  аталар мен әжелердің арман-ойының 
жалғасы болып бой тастайды. Қай кезең, қандай дәуір, ол кезеңде өмір сүрген адам жайында 
қалам  тартса  да  Әбіш  алдымен  дәуірді,  сосын  сол  дәуірде  өмір  сүрген  адамды  әлеуметтік 
тұрғыдан жентектеп, психологиялық тұрғыдан талдау жасай бастайды. Бір қарағанда Әбекең 
өзі  суреттеп  отырған  дәуір  адамы  сияқтанып  кетеді;  өйткені,  ол  кейіпкерлер  әлеміне  терең 
еніп, сол кейіпкерлер  тынысымен тыныстап, сол дәуірдің  қоғамдық болмысына  тереңдеп, 
әлеуметтік әділеті мен әділетсіздігін кейіпкерімен бірге жанымен кешеді, басынан өткереді, 
жан-жүрегінен  өткізеді.  Бәлкім  мұны  кейіпкержандылану  деу  керек  шығар.  Қоғамның    сол 
кезеңде өмір сүрген адамға артар жүгін бірге арқаласып жүреді. Демек, өткен қоғамды сырт 
бақылаушыдан  шым бойлап, шымырлап еніп кететіні соншалық сол қоғамда өмір сүрушіге 
айналады.  Сырттай  билік  айтушы  емес,  өз  басынан  өткеруші  секілді  болып  шығады.  Әбіш 
шығармаларының  қатпарлы,  әлеуметтік  астары  қалың,  адами  ізгілігі  мол  философиялық 
талдауға айналып шыға беретіні де осыдан. Ол тариқ шыңырауынан бүгінгі күн шындығына 
дейін,  бүгінгі  күн  шындығынан  тарих  шыңырауына  шейін  барып  диалектикалық  тұрғыдан 
біртұтас дүние жасайтын бүтін бітім! 
 Әбіштің мейлі тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларын  оқып отырып  сол кезең 
тарихына  бүгінгі  күннің  көзімен  қарап,  әлеуметтік  мәселелерін  кейіпкер  табиғаты  арқылы 
жіті талдап, жете саралайтыны соншалық – ол бүгінгі күн шындығынан жазылған шығармаға 
айналып жүре береді.  Өткен тарихымыздағы ханды бейнелей отырып ақылы мен қайратын 
халықты  бақытқа  кенелтуге  емес,    оларды  тырп  еткізбей  уысында  ұстауға  қызмет  еткізуге 
жұмсайтын  айлакерлігі, қатыгездік ақыры қараң қалу, ашкөздік ақыры құм қабу болып шыға 
келгенде  біз  кешегі  кеңестік  кезеңде  «ал  бүгін  ше?»-деп  ойланып  аяқтай  беретініміз 
сондықтан. Бәлкім алда да, келешек қоғамдарда да  Әбекеңнің аңыздық, тарихи тақырыпта 
жазылған шығармаларын оқыған оқырман «ал бүгін ше?»-деп аяқтайтын болуы керек. 


203 
 
Қан  төккіш  жендет  ақыр  аяғы  –  қаннан,  қатынқұмар  хан  ақыр  аяғы  – 
нәпсіқұмарлықтан  (әйел  қолынан),  өмір  бойы  құдық  қазған  құдықшы  ақырында  құдық 
түбінде көз жұмады. Шешім бір сияқты көрінгенімен біреуі  мансапқа құл болып, бірі нәпсігі 
құл  болып,  бірі  жұртқа  бақыт  сыйлап,  қуаныш  сыйлап  кетіп  барады  мынау  өмірден.  Олай 
болса шығармалардағы шешім пішімі жағынан өзара ұқсас сияқты көрінгенімен одан өрбитін 
ой, түйілген философия әр басқа. Ол ізгілік пен зұлымдық ара қатынасынан шығып жатады.  
Соған орай алар тәлім де басқа-басқа. 
Ә.Кекілбайұлы шығармаларындағы Абыздық сипат жөнінде. М.О.Әуезовте Абыз ұлт 
қамын, халық келешегін кемел болжайтын   ойшыл дана қарт, алты алаштың  қамын жеген 
кемеңгер келбетінде көрінеді. Ал, Әбіш Кекілбайұлы шығармаларында  Абыз жоқ, абыздық 
ой  кейіпкер  бойына  сіңірілген    ұлт  тағдыры  жайындағы  кенеулі  концепция,  толқыған  ой 
ағыны ретінде көрінеді.  
Ә.Кекілбайұлы  – кемел шағына келегенде ат  ауыстырды. Одан қазақ халқы ұтты, ал 
өзі ұтылды десе болады. Тұлғаның халық үшін туатынын ойласақ, Әбіш Кекілбайұылының 
ұтылысының арғы жағында қазақ елі тұрады. Ендеше, екі есеп – бір есеп, қайраткерлік тұтас 
болмысымен туған халқына қызмет ету! Ал, орта жолда ат ауыстырмағанда көп жазатын еді 
десек,  онда  Әбекеңді  көптің  қатарына  қойған  болып  шығамыз.  Көркем  өнер  ешқашан  аз, 
көппен өлшенген бе, санмен емес, сапамен өлшенбек емес пе?! Олай болса, қазаққа, қазаққа 
ғана емес адамзатқа мәңгілік құндылық  қалдырып өткен Әбекеңді игеріп оқу, бойлап тану, 
ойлап бойға сіңіру – сол міндет ендігі жерде! 
Мың тағзым, Әбекең рухына! 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет