Телжан Шонанұлы
Емле кемшілігін жою туралы
1. Бір бөлімдегі тәуір бала мен нашар баланың арасындағы айырмашылық аспан мен жердей болып отыр. Мұнан тәуір бала ілгері жүре алмайды.Нашар баладан бәрібір пайда жоқ, ол тек бөлімнің арасында тізім болады да отырады.
Сондықтан өте нашар баланы бөліп, өзінің мардамы жететін бөлмеде ұстау керек. Сол бөлменің дүрмегіне ілісе алатын нашар балада айырықша арнаулы көмек ұйымдастыру керек. Көмек түрі – нашар балаға сабақ үстінде айырықша зейін салу, кітап, құрал, қағаз, қарындашы мен қамсыздандыру, жетісіне екі-үш рет бөлек оқыту, жәрдем беру, ата-аналарын шақырып алып, түсіндіру т.т.
2. Бірінші, екінші бөлімдерде балалар сөзді, буынды, дыбыстарды тастап кетуінің басты себебі – сөз, буын, дыбыстарды дұрыс жіктей алмаудан, оқытушының диктант әдісін білмеуден.
3. Жазғанда сөзді, буынды, дыбыстарды тастап кетумен күресу үшін, 1, 2 – бөлімдерде балаларды көшіріп жазуға көп дағдыландыру керек. Көшіріп жазуды оқушылар көбінесе емле кемшілігін жоюда жәрдемші ету керек.
Үйге көшіруге берген жұмысты да оқытушы түзеп, бақылап, сынап отыруы керек. Үйге көшіруге берілетін текст өте кішкене болуы керек. Көшіргенде бала емленің керекті жерлерінің астын қызыл иә көк қарындашпен сызып отырсын.
4. Емледе жаттықтыру үшін диктант жүру керек. Диктанттың екі үлкен айырығы бар:
Сақтандыру және сынау – тексеру диктанты. Сақтандыру диктанты үш түрлі – көру, есту, шығарма жазу.
5. Емлені дұрыс білу үшін оны грамматикамен тілдің басқа жұмыстарымен байланыстыра отыру керек, жазған сөздерін бала грамматика жағынан талдап отырсын.
6. Тыныс белгілері, бір жағынан, сөйлем мүшесінің ережелерімен байланысты болса, екінші жағынан, баланың дұрыс ырғағына келтіріп сөйлеуі және оқуымен де байланысты. Сөйтіп, тыныс қателерінің бір ұшы оқуға келіп тіреледі, оқу үстінде де тыныс белгілерін түсіндіре отыруы керек.
7. Мектепте баланың білімін сынаудың бір жолы – жазған жұмыстарындағы қателерін түзету. Қате түзетудің түрлі жолдары бар. Әр түрлі жұмыстың қатесін әр түрлі жолмен түзету керек.
8. Қолы жаман баланың қатесі де көп болатынын экспедиция жұмысы көрсетіп отыр. Сондықтан, баланың анық, әдемі жазуына күнде зейін салып отыру керек.
9. Емле жөнді жүрмеуіне себептің бірі – мектепте құрал кемістігі кезде «Әліппе», «Емле кестесі», «Тыныс белгілерінің кестесі» жоқ.
10. Басқа пәндер сабағы сияқты, емле сабағы да үш түрі болады:
а) жаңа білім беру;
ә) білімді сіңіру;
б) білімді тексеру – сынау.
Бұл үш түрдің бірі қалып қойса, емле сабағы дұрыс жүрмеген болады.
Достарыңызбен бөлісу: |