III. «Дыбысты әдіс»
Дыбысты әдіспен үйреткендегі істелетін істің негізгі бес түрі:
I) Балалармен әңгімелесу.
Оқу үйретуге де даярлайтын жұмыстар.
Сөзден дыбыстарды айырып шығару.
Әріптермен таныстыру.
Білген әріптерінен сөз құрау, соны оқыту.
ӘҢГІМЕЛЕСУ. Бұл — балалардың бойын үйрету үшін істеледі. Әңгімелескеннен кейін балалар оқытушыға үйір болады, оқытушы балалардың жайларын біледі. Әңгіме арқылы балалар мектептегі нәрселердің аттарымен, жүру-тұру жүзіндегі тәртіптерімен танысады.
ОҚУҒА ДАЯРЛАЙТЫН ІСТЕР. Бұл - әуелі, «сөз» деген ұғым мен «дыбыс» деген не нәрселер екенін білдіру. Екінші, сөздің ішіндегі дыбыстарды айырту.
«Сөз» деген ұғымды таныту үшін оқытушы балаларға бір нәрсені ататады. Оның атаған нәрсесі туралы өзі бір нәрсе айтып, неше сөзбен айтылып тұрғанын сұрайды. Мәселен, балалар «тақтай» деген болса, оқытушы «тақтай үлкен» дейді де, балалардан неше сөзбен айтылып тұр деп сұрайды. Сол жөнімен бірнеше рет сөздер, сөйлемдер алынып, сұралып өткеннен кейін «сөздің» немене екенін біліп кетеді.
«Дыбыс» ұғымын таныту үшін істелетін тәсіл екі түрлі болады. Біреуі былай: оқытушы бір дыбысты айтады да, айтқаным не дыбыс деп сұрайды. Балалар естіген дыбысын айтады. Тағы бір дыбыс алып, тағы солай сұрайды, балалар сұрағанын айтып береді. Солай бірнеше рет істегеннен кейін балалар «дыбыс» дегеннің не нәрсе екенін ұғады. Екінші тәсіл былай істеледі: балалардың көзін жұмғызып қойып, оқытушы бір нәрсені сылдырлатады, немесе тықылдатады. Бірақ не істесе де балалардан «не естідіңдер?» деп сұрайды. Балалар естігенін айтады. Сонан оқытушы бір дыбысты айтады. Мұны да не естідіңдер деп сұрайды. Балалар не естігенін айтады, солай бірнеше рет істей, бірнеше рет сұрағаннан кейін «дыбыс» деген немене екенін балалар ұғады.
Дыбыс айырту үшін оқытушы өзі не балаларға бірдеме айтқызады. Сонан бір сөзді алады да, соны әуелі буындап бөлектеп айтады. Буындап бөлектеп айтқанда буын жіктері ашылып, әр буын бөлектеніп естіледі. Солай бірнеше сөзді алып айтқаннан кейін балалардың құлағы сөз буынын айыратын болады.
Буынды айыра білгеннен кейін дыбыстарын айыруға түседі. Ол айыруға қолайлы буын табылатын сөздерді алып, әуелі буынға бөледі де, сонан өзінің керек қылған буынын алып, дыбыстарын бөлектей айтады, немесе әнге салған сияқты созып айтады. Балалардың тез айырып үйренуіне соңғысы қолайлы. Буынды созып айтқанда, оның ішіндегі нендей дыбыс екені біліне қалады. Мәселен, «ара» деген сөздің <фа» деген буынын алып, әр дыбыс пен созып айтса, әуелі «р», сонан соң «а» естілетіндігін құлақ қазір айыра алады. Мұндағы бір керек нәрсе, ол - алғашқы кезде алған буындардың әріптері созылатын болу тиіс: ол дыбыс айыру жұмысын көп жеңілдетеді.
Дыбыстарды айыра білгеннен кейін оларды қоса білуге кіріседі. Дыбыстарды қосып буын жасап, буыннан сөз жасау керек дейтіндер де бар, керегі жоқ дейтіндер де бар. Керек деушілердің пікірі де екі бөлінеді: біреулері әріп көрсетуден бұрын балалар сөзді дыбыстан құрап жасай білуі керек дейді, екіншілері дыбыс құрастыру әріптермен таныстырып, соларды
құрастырып, сөз қылып, қосар жерде істелу керек дейді. Әуелі, бұл үш түрлі пікірдің дыбысын құрастыру керек емес дейтіндер дұрыс емес. Дыбысты әдіс болмасқа керек десе, онда жөн, ал дыбысты әдіс болса, онда дыбыстарды қостыру болмаса, ол шала болмақ. Екінші, әріптерді құрастырып оқыр кезде істелу керек дейтін пікір де дұрыс емес. Онда кеш болады, ол жерде еш пайдасы тимейді. Олай болғанда сөздің дыбыстарын айыртып үйретудің де қажеті жоқ, оны жазу кезінде істеуге болады.
Сөздің дыбыстарын айыра білу - соңыра жазуға керегі бар нәрсе, дыбыстарды құрастырып сөз қыла білу - ол соңыра оқуға керегі бар нәрсе. Дыбысты дыбысқа қосу әріпті әріпке қосудан жеңіл болады. Үйрету жеңілінен басталу керек. Ол - үйретудің негізгі дабыл жолы.
Достарыңызбен бөлісу: |