Қазақ тілі программасы мен оқулықтары жайында кейбір ойлар
А.Әбілқаев
Мектепте қазақ тілі пәнін әр класта оқушылардың жас еркшеліктеріне, дүние тану дәрежесіне сәйкес оқыту қазақ тілі программасы мен оқулықтарын неғүрлым оңтайлы ету, жақсарту міндетін қойып отыр. Осыған орай, «Қазақстан мектебі» журналының редакциясы ұйымдастырып отырған талқысы біраз мәселенің басын ашып, қазақ тілі пәнін қандай мазмұнда, қай тұрғыда оқытудың дәйекті, тұжырымды қорытындысына келетіндігіне ешбір күмәндануға болмайды. Біз де өз тарапымыздан программа мен оқулықтар туралы кейбір ойларды ортаға салғымыз келеді.
Қазіргі кезде қолданылып жүрген программа мен оқулықтарымыздың ғылыми негізіне, білім беру мазмұнына ешкім де шәк келтіре алмайды. Өйткені аталғандардың қай-қайсысы болсын, ондаған жылдар бойы мектеп тәжірибесінде сыналып, артық-кем, олпы-солпы жақтары екшеліп, үнемі жақсарып, жетілу үстінде болды.
Осындай жақсы, жағымды жақтарына қарамастан, әлі де қол жете алмай, қанағат тұттырмай келе жатқан көлеңкелі жақтары, сөз жоқ, қатты ойландырады; оқушылар жазба тексті жөндеп оқи алмайды, сөзге орашолақ, тілге кедей, жазу жұмыстарында емлелік-пунктуациялық қателерді көп жібереді, өздігінен екі ауыз сөздің басын құрап жазуға икемі жоқ. Міне, осы айтылғандардың себебінеде, мектептегі осы кемшілік-қиыншылықтардан қалай арыламыз, бұдан шығудың қандай жолы бар — осылардың бәрін пікір сарабынан өткізіп, дұрыс шешімін табу қажет болып отыр. Бұл кемшілік-қиыншылықтың бір ұшы программа мен оқулықтарда жатқандығына ешкім таласа алмайды. Біздің байқауымызша, және көптеген мұғалімдердің пікірінше, мұның басты себептері мынада сияқты:
берілетін білім көлемі шамадан тыс көп әрі ауыр; оқушылардың жас ерекшеліктері мен дүние тану дәрежесі ескеріле бермейді;
оқу материалының ірі-ірі құрамды бөліктерінің арасында байланыс әлсіз; соның нәтижесінде фонетика үшін лексика саласы, лексика
үшін ғана оқылатын сияқты болып көрінеді;
тіл пәнін тұтас алғанда, өмір практикасымен байланыстыру жағы
жеткіліксіз; оқушылардың көбінесе сөйлеу, жазу жағынан қиыншылық көруі осыны дәлелдейді.
Қазақ тілі пәніне оқушылардың қызығушылығын арттыратындай методикалық әдіс-тәсіл, приемдары жетіспейді. Әрине, соңғы айтқанымыздың мұғалімдерге көбірек қатысы бар, дегенмен бұл кемшіліктен программа мен оқулықтар да тыс қала алмайды. Оқулықтың әр бөлімінде тақырыптардың күрделі түрі мен оңай түрінің аралас келіп отыратыны мәлім. Мысалы, фонетика саласында белгілі бір дыбыстың дауысты не дауыссыз екенін ажыратудан гөрі, сол дауысты дыбыстың ішінде жуан я жіңішке, еріндік не езулік екенін, ал дауыссыздың ішінде қатаң не ұяң, болмаса үнді екенін айырып тану анағұрлым қиын; дыбыстарға қарағанда буынды түсіндіру, дыбыс үндестігіне қарағанда, буын үндестігін түсіндіру әлдеқайда жеңіл.
Морфология бөлімінде қосымшаның қайсысы жұрнақ, қайсысы жалғау екендігін оңай ажыратса, жалғаулардың ішінен тәуелдік пен жіктік жалғаулардың, септік жалғауларды бір-бірінен ажырату, жұрнақтардың ішінен қайсысы сөз тудырушы, қайсысы сөз түрлендіруші екендігін тап басып айту қиынға соғады. Сөз таптарының әрқайсысын бір-бірінен оңай ажыратады да, әр түріне жеке-жеке тоқталғанда, мағыналық жіктерін, олардың жасалу жолдарын талдап бере алмайды.
Синтаксис бөлімінде сөйлем мүшелеріне талдау жасаудан гөрі, сөз тіркесіне, байланысу түріне қарай талдау қиын; оқшау сөздердің ішінде қаратпа, одағайларды бірде меңгеріп кетеді, бірақ қыстырма сөздері оның мағыналық түрлерін, ажыратудан соншалық қиналады. Жай сөйлем түрлерінен жалаң және жайылма, жақты сөйлемдерді түсіндіру оңай да, толымды және толымсыз, атаулы және жақсыз сөйлемдерді түсіндіру біраз уақыт алады. Құрмалас сөйлемдерден әсіресе сабақтас сөйлем, оның жасалу жолдары оқушыларға қиын соғатыны көптен бері айтылып келе жатыр. Төл сөз бен төлеу сөз тақырыбы - қай жағынан болса да ең ауыр тақырыптардың бірі.
Біздің бұл айтып отырғанымыз, әрине, жаңалық емес, қай тақырыптың ауыр-жеңіл екендігін оқулық авторлары да, мектеп мұғалімдері де жақсы біледі. Әңгіме — осы ауыр да күрделі тақырыптарды оқушыларға қайтсек жеңіл түсінетіндей етеміз, ол үшін қандай амал қолданамыз дегенде болып отыр.
Біздіңше, бұл қиыншылықтан шығудың екі түрлі жолы бар: бірі - қиын тақырыптардың басты-басты мәселелерін ғана қамтып, олардың тым нәзік, ұсақ-түйек бөлшектерін айтып жатудың қажеттігі жоқ; демек, тақырыптың көлемін ықшамдау керек; екіншісі — оқулық стилін мейлінше түсінікті ету, ол үшін әр түрлі амал-тәсіл қолдану.
С. Қазыбаев жолдас программа материалын ықшамдаудың бір жолы ретінде кейбір тақырыптар мен тұтас бөлімді алып тастауды ұсынады. Мысалы, фонетикадан сөйлеу мүшелерін, лексика бөлімін тұтас алып тастап, әдебиеттік оқудың үлесіне беру. Біз бұл пікірге қосылмаймыз. Оқулықта сөйлеу мүшелерінен онсыз да элементарлық мәлімет берілген. Егер сөйлеу мүшелерімен таныспаса, оқушы үн, салдыр деген ұғымдарды қайдан біле алады. Ал бұл екі ұғымның дауысты мен дауыссыз дыбыстарды сондай-ақ өз ішінде жікке бөлінуін түсіндіруде ерекше маңызы бар. Оқулықта салдыр мен үнді сипаттап қою жеткіліксіз, сонымен қатар, белгілі бір дыбыста үннің қатысқан-катыспағанын аңғарту үшін, тамақты қолмен ұстағанда, дірілдің білінетін-білінбейтіндігін, болмаса екі құлақты алақанмен басып, сол дыбыстың айтылуында бастың іші жаңғырығатын не жаңғырықпайтындығын оқушыларға айту қажет. Лексика — тіл пәнінің ең бір шұрайлы өзегі, оқушыға сөз байлығын, тілді үйретуде себепкер болатын қазығы деп айтсақ, қателеспейміз. Рас, әдебиеттік оқу пәнінде делексиканың элементтері беріледі. Бірақ, онда алға қойылған мақсат-шығарманың мазмұны, көркемдігі болғаннан кейін, сөз бен оның мағынасына нақ тіл пәніндегідей көңіл бөлініп жатпайды. Ал тіл пәнінде сөздік жұмысы, жеке сөздің мән-мағынасы арнайы түсіндіріліп беріледі.
Оқулықтардың қай-қайсысында болсын, ірі-ірі тақырыптарға ортақ жалпы түсінік өз алдына жеке тақырып болып беріліп жүр. Біздіңше, осылардың кейбіреуін, атап айтқанда фонетика бөліміндегі «Дыбыстардың жіктелуі», «Үндестік заңы туралы жалпы түсінік», морфология бөліміндегі «Етістіктің шақтары туралы жалпы түсінік», «Шылау туралы жалпы түсінік», синтаксис бөліміндегі «Құрмалас сөйлем туралы жалпы түсінік», «Салалас құрмалас сөйлемдердің жасалуы туралы жалпы түсінік», «Сабақтас құрмалас сөйлемдердің жасалуы туралы жалпы түсінік», тыныс белгісінің әрқайсысын түсіндірер алдындағы жалпы түсінік дегендерді не бүтіндей алып тастау керек, не «Етістіктің райлары» дегендей негізгі түрлерін ғана атап көрсетіп, нақты тақырыптың өзіне көшу керек. Мысалы, құрмалас сөйлемге жалпы түсінік берілгенде. Оның негізгі үш түрге бөлінетіндігін санап көрсетсе де жеткілікті. Сабақтас құрмаластың жалпы жасалу жолдарын өз алдына айтпай-ақ, құрамындағы сөйлемдерінің біреуі бағыныңқы, екіншісі басыңқы болатындығын ғана ескертіп, жасалу жолдарын әр сабақтастың өз тұсында айтып ортыру жеткілікті.
Кейбір тақырыптардың көлемін барынша ықшамдап берейік деген пікірге біз де қосыламыз. Мысалы, септіктің түр-түрін өз алдына тақырып етіп, бүкіл мағынасын санамалап жатпай-ақ, алдымен септелу үлгісін, әр септіктің сұрауын, контексте сол сөздің қай септікте тұрғандығын оқушы бірден ажырата алатындай мақсатты көздеген дұрыс. Оның бер жағында, септік жалғауларының сөздің өз бойынан ғана шықпай, оның тіркескен сөзімен арасындағы синтаксистік қарым-қатынаста пайда болатынын көрсету керек. Демек, септік жалғаулы сөздің мағыналарын белгілі мөлшерде синтаксистің сөз тіркесі бөліміне ауыстырса дейміз.
Көсемше мен етістің анықтамалары соншалық терең әрі дәл беріле тұрса да, оны түсінуге оқушылардың өресі жетіңкіремейді. Бұған студенттердің педагогикалық практикасында көзіміз анық жетті. Мектеп оқушыларын былай қойғаңда, студенттердің өзі оның байыбына әрең дегенде түсінеді. Сондықтан бұл сияқты анықтаманы берудің оқушылар үшін онша қажеті болмас: олар ең әуелі сол категорияның формасын, табиғатын, етістіктің бір түрі екендігін біліп алса да жеткілікті. Сонда көсемше жайында сөз еткенде, ол — етістіктің бір түріне жатады, мына сияқты жолдармен жасалады деп, жұрнақтарымен таныстырып, мысал арқылы түсіндірсе, бала оңай ұғатын болады. Мұны да педпрактика тәжірибесі көрсетті. Бұл арада тағы бір ескертетін нәрсе — көсемше тақырыбында оның күрделі етістік жасауға қатысатынын, жіктік жалғауды жалғайтынын, синтаксистік қызметін айтып жатудың қажеті жоқ; бұлардың бәрін тиісті орнында (күрделі етістіктің жасалуына, етістіктің жіктелуіне, етістік атаулының синтаксистік қызметіне тоқтағанда) ғана сөз ету анағұрлым тиімді болады.
Синтаксис бөлімінде сөз тіркесі оқушының түсінігіне ауырлау. Солай бола тұрса да, бұл бөлім өте қажет. Өйткені, сөз тіркесі — морфология мен синтаксиске ортақ, олардың арасын байланыстырып тұратын дәнекер сияқты: бір жағынан, сол сөздің қай сөз табына жататындығы, оның түлғалық белгілерін еске түсіруге мүмкіндік бар, екінші жағынан, сөйлем ішінде қай сөздің қай сөзбен байланыста тұрғанын сұрау қою арқылы тауьш алуға баспалдақ болады. Оқулықта сөз тіркесінің материалдарын мүмкіндігінше оқушының көкейіне қонымды етіп беру жолын іздестіруіміз қажет.
Айқындауыш мүшелердің оңашаланған түрін ғана беріп, қосарланған айқындауышты анықтауышқа байланысты, соның бір түрі есебінде түсіндірсе дейміз. Өйткені практикада оқушылар қосарланған айқындауышты жөндеп айыра алмайды, ал тіркескен сөздің қайсысы қайсысын айқындап тұрғандығын ажыратуда оқушылар түгіл, мүғалімдердің өзі қатты қиналады. Толықтауышты тура және жанама деп түрге бөлмей-ақ қояйық деген пікірге қосылуға болады.
Сабақтас құрмалас сөйлемдердің әр түрінің жасалу жолдары көп, сондықтан оқушылардың үғымына ауыр екендігі талас тудырмайды. Біздіңше, әр сабақтастың жасалуындағы басты-бастыларын ғана алып, қалғанын VIII класта жинақтау сабағында өтсе қалай болар еді. Тыныс белгілері жөнінде де осыны айтуға болады. Әсіресе жалғаулықсыз салаластың түріне қойылатын әр алуан тыныс белгінің бәрін бірыңғайластырса дейміз. Салаластың басым көпшілігінің ара жігіне тек үтір, іліктес салалас пен жалғаулықсыз себеп-салдар салаластың арасына қос нүкте қойып, үтір мен сызықшаны қос қабаттап қоюды VIII кластан бастап қолданса қалай болар еді?
Программалық материалды ықшамдаумен қатар, кейбір тақырыптардың мазмұнын толықтыру да қажет болып отыр. Оқушылардың орфоэпиялық нормамен сөйлеуін, оқуын тіл пәнінің барлық саласында көзден таса қалдырмауымыз керек. Бұл жауаптылық, әсіресе,. синтаксис бөлімінде арта түсетіні сөзсіз. Осы уақытқа шейін хабарлы, сұраулы, лепті сөйлем интонациясын жол-жөнекей сипаттаудан әрі аса алмай жүрміз, соның өзінде ол сипаттауымыз сөйлем соңына қойылатын тыныс белгілерін аңғарту үшін ғана болып көрінеді. Байыптап қарасақ, сөйлем интонациясын айтып қана қою жеткіліксіз, сонымен бірге сөйлем ішіндегі сөздердің дауыс ырғағы мен кідіріс арқылы мағыналық топқа бөлінетінінен мәлімет беу қажет. Мысалы: Ушаковтың кәнігі көзі заводтың ішівдегі ескі-қүсқыларды бірден шалып қалған сияқты. (Ғ. Мүсірепов) деген сөйлемді дауыс ырғағымен үш не төрт топқа бөліп айтуға болады: Ушаковтың кәнігі көзі // заводтың ішіндегі ескі-құсқыларды // бірден шалып қалғаны сияқты //. Тексті оқудағы осы ерекшелікті оқушыларға ескертіп отырмаса, олар әр сөзден кейін кідіріс жасап, үзік-үзік айтуы немесе сөз мағыналарын түсініксіз етіп айтуы мүмкін. Ушаковтың кәнігі // көзі заводтың //... деген сияқты топтаса, ол түсініксіз болар еді. Дұрыс оқуға байланысты, берілген мәлімет оқушылардың сөйлем ішінде кідіріс жасаған жерге тыныс белгісін орынсыз қоя беруден сақтандырады.
Әдеби тілмен дұрыс сөйлеп, жазып үйренуде, сөз байлығын өз қалауынша еркін таңдап ала білуде оқушылар үшін стилистика әбден қажет. Әр класта мазмұндама, шығарма жаздырған кезде, стилистика элементін үйретіп отыру, ал VIII класта әдеби тіл, оның нормасы, тілдің тазалығы үшін күресудін қажеттігі, лексикалық стилистика мен грамматикалық стилистика жайында мағлұмат беріп, жаттығу жұмысын кеңірек жүргізу — жаңа программа мен оқулықтардың өзекті арқауы, ұстар бағыты болуға тиіс. Өйткені нақ стилистиканың арқасында оқушылар мектепте тіл пәнін не үшін оқитындығын, оның өмірлік қажеттігін жақсы сезінетін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |