III бөлім Қазақ тілі пәнінің әр жылдардағы бағдарламаларының даму жолдары Бұл бөлімнің көздейтін мақсаты - қазақ тілінің қазақ мектептерінде оқытылуы барысында түрлі өзгерістерге ұшырап, сол жолдар барысында ғана қазақ тілін мектепте оқытудың қалыпты жолы жасалғанын түсіндіру. Қазақ тілін оқыту әдістемесін студенттерге меңгерту барысында тек қазіргі кезеңдегі бағдарламаларды талдатумен шектелмей, түрлі жылдардағы бағдарламаларды салыстырып, қайсысының қандай кемшілігі немесе артықшылығы бар дегенді, сол арқылы дамыған бағдарлама, жетілдірілген бағдарлама қандай болуы керек деген мәселені шешуге болады.
Бағдарламалардың әр жылдардағы өзгеруі немен байланысты болды, ол өзгерістер қазақ тілін оқыту процесіне нендей жақсылықтар немесе кедергілер келтірді деген мәселені де студент біліп шығуы қажет. Бұл ретте осындай жүйеленген оқу құралы ғана студентке жетекші, көмекші бола алатыны сөзсіз.