тұрақты даму технологиялары / Парадигмы евразийства,
глобализации и технологии устойчивого развития
ӘОЖ 94 (574)+930.1
CҰЛТАН БЕЙБАРЫС ӨНЕГЕСІНІҢ ҰЛТТЫҚ
САНАМЫЗДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ЫҚПАЛЫ
Тоғанбай Қажы Құлманұлы
ҚР ММ, «Дін мәселелерін зерттеу және талдау ғылыми орталығы»
мемлекеттік мекемесінің жетекші ғылыми қызметкері
Кіріспе. Сұлтан Бейбарыс (Махамеддин) Жамақ баласы (Рукн ад-дин Бейбарс – Аль-Мансури Аль-Мисри) тағдырында тәлім алуға тұрарлық сәттер өте көп. Ол шамамен 1225 жылы Еділ мен Жайық бойында Жамақ пен Әйнектің отбасында дүниеге келеді. Руы – Қыпшақ-Беріш. Тағдырдың ауыр сынағын – өмірдің өнегелі тәліміне айналдыра білген кемеңгерлердің бірі. Тәні Мысыр елінде жай тапса да, «рухымен бірге елге оралды» деген аңызға ие болған тұлға.
Өмір жолында оған жақсы адамдар, үлгілі ұстаздар кезікті, әйтпесе оның кім болары бір Алллаға ғана мәлім болар еді. Олай дейтініміз, «Бейбарыстың ең алғашқы ұстазы болған әл-Бундундари» Моңғол шапқыншылығында жастай тұтқынға түсіп сатылғалы тұрған болашақ Сұлтанды «Византия, Венеция, Таяу Шығыс елдеріндегі бір құл базарларында кезігіп қалып, 800 динарға сатып алған»-ды [1].
Салыстырмалы түрде айтсақ, кесек тұлғалы болашақ Сұлтан Қыпшақ Қалауын әмірдің жеке қорғаушылық қызметіне 1000 алтын динарға сатылады. 1242 жылы Бейбарысты Айтегін әмір сатып алып, ұстаздық етуімен қатар, арқа сүйер кеңесшісі етіп, сырлас досына айналады. Одан Египет сұлтаны Аюбтың назарына ілігіп, оның сенімді нөкерері болады.
Міне, бұл Бейбарыс үшін сәттіліктің бастамасы еді. Өйткені, оның бір көзі көк, екінші көзіне ақ түскен кемдігі бар екен, сол үшінде оның құл базарындағы нарқы төмен болыпты. Бірақ, оның табиғатында пысық, даусы зор, мінезі өткір екенін ұстазы болған әл-Бундундари бірден аңғарғанға ұқсайды. Кісі табиғатын тану, оларға қамқор балу ұлыларға тән қасиет екеніне талас жоқ. Иманды ұстаз алдын көрмесе, парықсыз байлық пен көзсіз ерлік қай жарға соғары күмәнді қалмақ-ты. Кейін Бейбарыс та мұны өзіндік өмірлік қағидасы еткенге ұқсайды. Оның 17 жыл таққа отырған кезі де, одан оншақты жыл бұрынғы қалыптасу кезеңі де тартыс пен күреске толы болды. Бұл Мысыр елінің мұсылмандар үшін айнымас тұғыры болған шақ-тын. Нақ осы кезеңде ол Бағдаттағы Араб Халифатының астанасын Кайр қаласына көшірді.
Бұл сондай-ақ, Ирусалимге (Құддысқа) крест тағушылардың да, Моңғолдардың да көз тігіп қатер тудырған кезі-тін. «Сұлтан Бейбарыстың Египет тарихындағы өшпес екінші жеңісі – кресшілермен болған қантөгістер Бейбарыс өмір сүрген заманға сәйкес келеді».
1260 жылы Моңғолдарды тойтарып, 1270 жылы кресшілерді бастаған Француз королі ІХ Людовиктің «сегізінші жорығын» тасталқан етіп, өзін тұтқынға алды. Сөйтіп, екінші мыңжылдықтың басындағы крес тағушылардың 174 жылға созылған қан құйлы әрекеттері жойылды. Бейбарыс Сұлтан аты тарихқа «Алтын әріппен» жазылды. Қазіргі атақты ғалымдарымыз, өнегелі педогогтарымыз, білікті мамандарымыз, ел ағалары жиі айтып жүрген «ұлттық сананы қалыптастырудың үлгісі» – ұлт ардақтыларын ұлықтау, ерлік дастандарын насихаттау дейтін қағидасына Бейбарыс тұлғасы дөп келеріне күмән жоқ.
Сол қырғын соғысқа Монғолдар әскерін бастап қатысқан қазақтың тағы бір ірі тұлғасы – Кетбұға Абыз, Ұлы Даланың Ұлық биі, Дешті Қыпшақ атынан «Ақсақ құлан» күйімен қазаққа төнген қасіреттің алдын алған, кемеңгер жан бар екенін де жастарға дұрыс түсіндіруіміз керек. Оның Сұлтан Құтіздің алдына тұтқын ретінде әкелгенде (Л. Гумилев жазбасында) айтқан: «Сен, Құтіз, қаның Қыпшақ болса да, қарғы баулы төбетсің. Затың құл болмаса да, атың құл – мамлүксің, мемлекет құлысың». «Кімнің жоғын жоқтайсың?», «Сен одан да есің барда еліңді тауып, жалдамалы құлдықтан құтыл» – деген сөзі Бейбарыстың да көз қарасын түбегейлі өзгертуге себепкер болғанын да ескергеніміз жөн. Оны біз сол сәттің одан ары өрістеген көрінісінен анық аңғарамыз. «Мұндай қорлыққа шыдамаған қандыкөз, қатыгез Құтіз қайқы қылышты суырып алып, ...ілезде Кетбұқаның аппақ сақалын қан жауып, Абыз денесі етпетінен сұлап түсті. Бейбарыс мына сұмдықты көргенде Құтізге кектене қарап теріс бұрылып кетті». Бұл да ағаның, өз елінің кемеңгер қартының, елін қорғау жолында қартайған шағында шетел асып, жан пида етуі – «елдік аманат» екенін жад тұтуы да Бейбарыстай алып тұлғаға жарасады. Қазақтың «Кішірейгеннен кішік болмассың» деген мақалын еске салатынын әрқайсысымыздың ескеруіміз қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |