Әл-Фараби бабамыз мұсылмандық танымға көне эллиндік философия тұрғысынан келіп, түрлі бағыттарды синтездеді. Мұндай күрделі істерді атқару барысында ғұламалар арасында келіспеушіліктердің тууы заңды.
Бұл хақында: «Әл-Фараби мен әл-Ғазали, – деп жазады татардың көрнекті ғалымы Ш. Маржани, – ғылымда, адамдық жолында, ғаделетте, шындық іздеуде біріне-бірі ұқсас, бірін-бірі толықтыратын ғұламалар. Екеуі де, бағыттары басқа бола тұрса да, ұлы ұстаздар. Әл-Ғазалидің әл-Фарабиге тым қатаң сөздер айтуы, оның жеке тұлғасына емес, фәлсафаға қатысты болды».
Қорыта келгенде, мұсылман теологиясы ІХ-ХІІ ғасырлар аралығында түрлі діни ағымдардың (кәлламшылар, мүтәзилиттер һәм дәстүршілдер) өз ішінде және олар мен философия арасында өткен таласты көзқарастар нәтижесінде дүниеге келді.
Айтайын дегенім – біздің кемел хакімдеріміз Абай, Шәкәрім ортағасырлық мағрифатулла ілімін жалғастырды және жаңа сапалық деңгейге көтерді. Олар – ұлы теологтар. Амал не, теологиялық мұраларды тиянақты зерттеуге әлі күнге бет бұрған жоқпыз.
Рас, Абай жұмбағына жету оңай шаруа емес. Мұны: «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» және «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп данышпан өзі ескертеді.
Абай әлемінің қилы сыры мен жұмбағы неде? Бұл сұрақтың туатынын көре білгендей, 1895 жылғы «Лай суға май бітпес қой өткенге» деген өлеңінде кемеңгер былай дейді:
Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған Оның әмірі.
Осыдан-ақ ұлы Абайдың жұмбағы Тәңіріні танып-білудің өрісі – теология ғылымында екенін аңдаймыз. 1895-1902 жылдар арасында «күні-түні ойында бір-ақ Тәңірі» болғанын өз аузынан естіп отырмыз. Ал, 1898 жылдан бастап, Абай соңғы мұраты – Алланы тану жолына шындап түседі, ұлы ақын философиясын алғаш зерттеген ғалым Ғ. Сағдидің сөзінше «Аллаға жақындап, оны жар етеді» [3].
Міне енді «Абай ашқан жаңалықтар қайсы?» деген сұрағымызға қайта оралайық. Мұның жауабын іздеген адам теологиялық трактат – «Ғақлиат-тасдиқат»-қа (қазіргіше 38-ші қарасөз) үңілуге тиісті. Трактатта хакім Абай Алланың адам баласына мәлім барлық сипаттары мен есімдерін бір жүйеге салады. Ондағы мақсат – Алла тағаланың болмысы мен адам болмысы арасындағы ұқсастық пен байланысты тану. Сол арқылы Алланың пенделеріне салған төте жолын, бүгінгі тілмен айтқанда, қоғам дамуының темірқазық бағыттарын анықтау.
Қиын сырлы трактат – Абай шығармашылығының шыңы. Оны зерттеп, зерделеу бізге Абайдың әлем ойының алыбы екендігін дәлелдеуге толық мүмкіндік береді. Әзірге біз трактаттың түпкі нәтижесіне ғана тоқталмақпыз.
Жаратушы Құдіреттің шешуші, абайша «баршаға харекет беретұғын», үш қана сипаты бар. Олар: ҒЫЛЫМ, РАХЫМ, ӘДІЛЕТ. Басқаша айтқанда, Құдай тағала ғаламды Ғылым, Рахым, Әділет деген үш сипат (заң) арқылы басқарады (осы үш нәрсе Құранның да өзегі). Абай ашқан ұлы жаңалық міне осы! Күллі он сегіз мың ғалам, оның ішінде адамзат қоғамының дамуы аталған үш заңға бағынады. Сондықтан Абай асыл мақсат – ғылымды, рахымды, әділетті қоғам құру деп тұжырады. Ол үшін «әділ адам» («ғаделетті адам») тәрбиелеуді алдыға қояды. Айта кеткен жөн, халыққа кемел ғылым беру және рақым (мейірім) сезімін ояту жөніменен «Әділетті қоғам орнату» идеясы барлық әлемдік діндерді көктей өтеді.
Ғарышта қалықтаған көгілдір планета – Жер мейірімді Алла тағала адамзатқа махаббатпен жасап берген ортақ үйіміз! Бірақ ортақ мекенімізді күллі қашанда алуан түрлі әлеуметтік қайшылықтар мен катаклизмдер дүр сілкіндіріп келеді. Олардың алдын алуға бола ма? Қазақ данышпаны осы мәселені алғаш рет ғылыми негізде ашықтап берді. Ол бойынша үш ұлы сипатқа (Ғылым, Рахым, Әділет) сәйкес өмір сүру – жер жүзін мекендейтін жүздеген мемлекеттер мен мыңдаған ұлт-ұлыстардың тыныштығы, береке-бірлігі мен ынтымағының кепілі!
Қорыта келгенде, 1898-1902 жылдар арасында дана Абай бар күш-қуатын сарқа жұмсап жазған зор еңбектің нәтижелері – әлемдік инновациялық жаңалықтар. Бұл қай қырынан да ғылыми негізде дәлелденетін ақиқат пайым.
Абай ашқан жаңалықтар ескіру түгілі, керісінше қазіргі таңда адамзат қауымдастығының ең зәру мәселесіне айналуда. Сондықтан да оларды алдымен халқымыздың бойына сіңіру, онан соң әлемге паш ету, оны руханилықтың, идеологияның «әлемдік компасы» қылуға ат салысу ғалымдар алдындағы қасиетті міндет.
Осы тұста «Бұл іске кедергілер қандай?» деген сұрақтың тууы заңды.
Сөз болған трактатты келешек Абай жинақтарында қазіргіше «38-ші қарасөз» демей, Абайдың өзі қойған «Ғақлиат-тасдиқат» деген төл атауымен бөлектеп басу керек. Біреу біледі, біреу білмейді, Абайдың көзі тірісінде екі қолжазба кітабы болды: бірі – 40 қарасөзден құралған «Ғақлия» кітабы (1891-1897 жылдар аралығында жазылды), екіншісі – «Ғақлиат-тасдиқат» деген кітап (ол 1898-1902 жж. жазылды).
Көріп отырмыз, Абайдың қос кітабы екі түрлі кезеңде жазылған. Сол сияқты олар тақырыбы, мазмұны, стилі және мақсат-міндеттері жағынан да бірі біріне кіріге алмайтын, мүлдем екі басқа шығармалар. Мәселен, соңғы кітабында автордың жазу стилін мүлде өзгертуі, араб-парсыдан кірме сөздерді молынан пайдалануы оның жалғыз қазаққа емес, бүкіл адамзатқа арналғандығын білдіреді.
Сонымен, төл атауын қайтару – «Ғақлиат-тасдиқат» жалғыз қазақ теологиясы емес, Алла болмысын тану бағытындағы әлемдік ой-сананың да аса үздік табысы екенін дәлелдеуге алғашқы қадам.
Екінші қадам, әрине, аталмыш трактаттың өзін тереңдеп талдап, зерттеуге тіреледі. Оның негізінде диссертациялық жұмыстар және теология пәніне арналған оқулықтар жазуға мүмкіндіктер мол.
Тағы бір маңызды мәселе, Абайдың 38-ші қарасөзі ғана емес, өзге ғақлиялары да «адасып» жүр. Яғни Мүрсейіт Бікеұлының көшірме қолжазбаларында бір басқа да, қазіргі Абай жинақтарында бір басқа. Архивте сақталған қолжазбалар бойынша қарасөздердің рет санын бастапқы қалпына келтіру міндетті түрде атқарылуға тиісті. Егер «Абай жолы» эпопеясындағы тараулардың орны ауысып кетсе ше? Бұл жағдайды көзге елестету мүмкін бе? Қарасөздердің қазіргі рет саны да дәл сондай қисынсыздық. Олар өз орындарына қойылса ғана Абайдың қарасөздерді жазудағы мақсатын және ойшылдық эволюциясының саты-сатысын дұрыс танып-білуге мүмкіндік туады. «Қарасөздер» деп аталатын Абайдың прозалық шығармалары алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласында (Абайдың тұңғыш толық жинағы басылып шыққанда) жарық көрді.
Тұңғыш толық жинақты шығарушылар Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен Ілияс Жансүгіров еріксіз екі шегініс жасады: бірі – Абайдың жоғарыда аталған екі кітабы біріктірілді, бірі – қарасөздердің реттік саны өзгертілді. Неге? Себебі бұл 2 миллион қазақ алапат ашаршылықтан қырылған, моноидеология орныққан қылышынан қан тамған қаһарлы кез. Бастарын бәйгеге тіге отырып, Абай мұрасын құтқарып қалған қос арысқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.