Кетбұға Абыз болса, өз кезегінде Бейбарыстан да бұрын шетелде билік құрған, туған жерге оралу мұң болған шерменде жан. «Кет Бұқа ноянның Израил елінің тарихынан орын алғаны көрсетілген. Мұса пайғамбардың мінәжатханасында ап-анық, айқын да ашық түрде «1249-1260. Кетбұқа», – деп жазылғаны, яғни он жыл сол елде билік жүргізгені айтылған [2].
Демек, олардың ерлігін насихаттауға, ұлы тұлғалардың ел қамы үшін аманаттаған мұраларын ұрпаққа жалғауға әрқашанда жауаптымыз.
Қалың нөкерімен қаланы қақ жарып келе жатқан кезінде қаһарынан қара тұрмақ хан жасқанған Бейбарыстың алдынан қаймықпай шыққан қаршадай қыздың:
– Көке, – деп қымыз толы тостағанды ұсынуын еске түсіріңіз де, соған салыстырмалы түрде бүгінгі күннің мына оқыс оқиғасына зер салыңыз. Жамбыл облысының Тараз қаласындағы ақыл-ойы кем балалар интернатындағы 2009 жылы «28 желтоқсан күні «Ерик» кәріс шіркеуінің адамдарына мектепке келуіне рұхсат беріп, шіркеу қызметкерлері қазақ балаларына бір сағаттан астам уақыт Иссус пайғамбар өмірінен көріністер қойып, «Я тебя люблю Иссус» деп ән айтқызған». Бұл – бар болғаны 165 жаңа жылдық сыйлық үшін мектептегі 248 баланы (28 сыныпқа бөлсе, 20-сы қазақ балаларын құрайды) шоқындырмақ болған мектеп директоры Райхан Исманованың әрекеті [3]. Мұны «Көке» деген бір-ақ сөз айтқан қаршадай қыздың мерейін көтеріп, бауырларына жағдай жасап, мінәжат етер мешіт салғызып, имандылыққа шақырған Бейбарыс-сынды алыптармен салыстыруға келе ме?! Ендеше, қайсарлық төркіні қайда жатыр? Демек, өткеннің де тағлымы мол, оны жетілдіре түсудің жөні бөлек, ол дербес тақырып.
Мұнда біріншіден, ойланған жанға текті елдің жүректілігін, қайсарлығын, батылдығын, қанда бар өжеттілікті аңғарарымыз анық.
Екіншіден, «Көке» – деген жалғыз ауыз сөздің жастайынан жат елде жырақта жүріп «жатбауыр малюк атанып» қатайып кеткен жүректі жібіткен құдіретін танимыз.
Жасауылдардың ат омыраулатып, тұрғындарды шетке қағатын әскери қағидасы бұзылып, қызға қамшы көтерілмейді. Оған тоқтау салған Бейбарыстың өзі еді. Неге?
Өйткені, ол қаршадай қайсар қыздың қайсарлығынан өз елінің келбетін таныды. Оның аузынан өмір бойы ынтығы күткен ана тілінің лебін тапты. Сол леп шарпуы – жүрек түбінде бұғып қалған туған елге, кіндік қаны тамған жерге, қандастары қан құшып қалған жалпақ жұртқа деген сағынышты қозғады. Тұла бойда тұншыққан, кезегін күткен ұлттық ыстық қан өн бойын оттай шарпыды. Оны қозғаған – әлгі «Көке» деген жалғыз ауыз сөз!
Міне, құлаққа сіңген, жүреке тұнған, ана сүтімен ауызданған ана тілдің құдіреті! Есін шала-шарпы білген кезінде жат жұрттықтар тұтқыны болған жұдырықтай баланың құлағында қалған үн, тағдырдың талай тауқыметін бастан өткерген, қатігездіктің небір сұрқиясын белуардан кешіп жүрген қаһарлы жанның жүрегін қақырата жарып, мүлгіп жатқан ұлттық санасын оятқан тектілік құдіреті еді. Тексіз жанға сана қалай тұрақтасын? Әке мен баланың арасындағы байланыс қайта жалғасқандай әсер бұла сезімді көктей өткенде, кешегісі менен бүгінін табыстырып, Отанын, ана тілін қайта қауыштырған «Көке» деген жалғыз ауыз сөздің иесі – қаршадай қызды қанды шеңгел қарақшы жендеттерден арашалап алуға себепкер болды.
Үшіншіден, тостаған толы қымызды сіміре ішіп, елдің дәмінен ауыз тиді. Елінің салт-дәстүрі, қымыздың дәмі, жас бала ұсынған әдеп-ғұрып оның жанын тебіретті. Санаға қанмен біте қалыптасатын мұндай тектілікті тек қана ұлттық сана ғана қозғай алмақ. Сондықтан да ол үйретумен келетін тәрбие, жүре келе қалыптасатын мінез-құлыққа қарағанда әлдеқайда құдіретті! Санаға сіңген дағды, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің – күнделікті тірлігіңдегі еркіңнен тыс атқаратын қарабайыр күйбең тірліктен артықшылығы да осында болса керек. Мұны мойындамай, өзіңді алдап, өзгеге алаңдаушылық, еліктеушілік, жағымпаздық, өзгеден ерекшеленемін деп адасушылық – бұл құлдық пейілдің нышаны.
Оның тағы да бір жарқын мысалын Бейбарыс Сұлтанның соңында қалдырған аманаттарынан көреміз. Ол – қала орталығынан қымызхана ашқызуы. Нәтижесінде, есіктегі құлдан бастап, төрдегі ел билеген игі-жақсылар қазақтың қасиетті ұлттық тағамынан сонау шалғай елде дәм татты! Ұлтыңның ұлы болғың келсе, Отаныңның көк байрағын жүрген жеріңде желбірете жүргейсің. Сенің кім екенің ісіңнен, қимылыңнан, тектілігіңнен танылсын. Бұдан шығатын ұғым – тектілік пен патриоттық сезімнің біріге қимылдауы ұлтық сезімді тұрақтандырып, қазақ рухын өз деңгейінде аспандатар ауқымды істерге бастайды.
Есіңізде шығар, ұлттық мерекеміз – «Наурыз» естен шығып, имандылықты «тост» айтумен алмастырып, ана тілімізден жиреніп, қазақ болуға намыстанғандар қатары молая түскен зауалды шақ? Салт-дәстүрдің ортамызға оралуы – қанда сіңген ұлттық сананың бой көтеруінің нәтижесі шығар? Оған Бейбарыс-сынды алып тұлғалы бабалар өмірінің айшықты тұстары әсер еткені сөзсіз.
Өз еліміз, туған Отанымызда жүріп жатсынып, «Қағынан жеріген құландай» Ана тілімізбен қауыша алмай жүргендерге – Әл-Фараби, Бейбарыс Сұлтан-сынды алып тұлғалар өмірі мен олардың соңына қалдырған мұралары тәрбие көзі екені даусыз. Сондықтан оның Исламды өркендетіп, білімді нығайтуға мол үлес қосу барысында көкірекке түйген көркем ойларын бүгінгі ұрпақ дұрыс түсінуі тиіс.
Жүрегіне иманы ұялаған жанның елге тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Дін менен ділге, «Көке» деген бір ауыз сөз үшін тілге қамқорлық жасап, ұрпаққа аманат етер өнегелі іс қалдырған бабалар ниетіне бас иеміз.
Ол қаншама уақыт шетелде жүрсе де, туған жерден тамырын үзгісі келмеді. 1262 жылы монғол ханы Берке Қүлағуға хат жолдап, өз елшісін жіберіп, әскери-саяси, сауда-саттық, мәдени-достық байланыс орнатты. Берке ханның қызына үйленіп, тақ мұрагері – екі ұлының (үлкені – үш жыл, кішісі – үш ай биледі) болуы соның айғағы. Сондықтан олардың «ұрпағым үшін қажет» деп жасаған мұраларын түйсіне алмасақ, жасаған әрбір ерлік істеріне сүйсіне алмасақ, біз кім боламыз? Олардың арпалыспен өткерген күндері, қатерге басын тіккен сәттері зая кетіп, ғұмырлары мағанасыз болмақ па? Мұны естен шығаруға болмас. Ойлануға қазір де негіз бары шындық, оны ешкім жоққа шығармайды.
Ортамызда отырып, мемлекеттік тілімізге ара түсе алмай сау басты саудаға салған шақтарымыз барын ескерсек, жат елде елдіктің туын көтерген Сұлтан Бейбарыс ерлігі елдігіміздің лайықты мақтанышы. Жақсы іс қашанда жалғасын табады. Оны қолдаушы жас ұрпақтар өсіп жетіледі. Өмір сонысымен мәнді. Оған дәлелді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтиі, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі ғылыми еңбектерінде келтіреді. Бейбарыc Сұлтан мешітінде біздің жерлестеріміз де қызмет етті. Арабтың белгілі тарихшысы, саяхатшысы Яқұт Әл Хамауи Әл Руми деген кісі: «Тараз – ғалымдар мекені болған, одан бір топ ғұламалар шыққан» деп жазыпты. «Тараз өңірінен шыққан қырықтан асқан дін ғұламалары» ішіндегі ең бір ерекшесі –«Һибатулла Ахмадұлы әт-Тарази» деген бабамыз. Ол «мұсылман заңгері, тілші, білімді, көркем мінезді, Каирде аз-Заһирия (Бейбарыс) медресесінде қайтыс болған».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам қайтыс болса да үш түрлі адамның әжір сауаптары амал дәптерлеріне көзі тірі кездегідей барып тұрады. Артына тәрбиесі жақсы ұрпақ қалдырған адам. Ғалым кісінің еңбектері. Ел игілігіне жарайтын аурухана, көпір, кітапхана, мешіт салдырған адам» – деп, ел игілігіне жұмыс істеудің екі дүниеде де сауабы үзілмейтінін сүйіншілеген. Өздеріңізге мәлім Сұлтан Бейбарыстың ұрпаққа қалдырған мол мұралары қатарында – әр қалада кем дегенде бір мешіт, медресе салдыруын; кітапханаларға қамқорлық жасауын; өзендерге көпір салдырып, судың мол қорын жасату мақсатында ауқымды тоған-бөгеттерді көбейтуін; базарларды кеңейтіп, қалаларда қалдық су ағатын құбырлар жұйесін енгізуді қолдануын; қалалардың сәулет өнеріне баса көңіл бөліп, Мединедегі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мешіне, Иерусалимдегі мешітке күрделі жөндеулер жүргізуін, т.б. игі істерді атауға болады. Империяда тарихи энцеклопедиялардың жазылып, әдебиеттердің өркен жаюы, жетімдерге қамқорлықтың күшейіп, түрік тектес ұлыстар өкілдерінің құл базарларында толық азаттық алуы, жеке хатшысы болған Абд-аз-Захирдің Бейбарыс сұлтан өмірбаянын жазуы, қолөнердің өркен жаюы, шарап ішуді шектеу, жезөкшелікке тиым салынуы; сауда-саттық жүйесінің ауқымы кеңеюі нәтижесінде шартараптан саудагерлер керуендерінің толассыз ағылуы әлемдік өркениетке жетуге салынған сара жолдың берік бастауы еді.
Міне, бұл да Сұлтан Бейбарыс өнегесінің ұлттық санамызға тигізген игі ықпалы. Оның игі істерін жалғастырушылар шықты. Олай болар реті де бар, өйткені, ол өте білімді болыпты, мәдениетті екен. Бірнеше ғылыми орталықтар құрыпты. Солардыың ішінде Кайрдегі «Закрия» медресесі, сол сияқты Дамаскідегі медресесі, Сириядағы Хомс қаласындағы Исламның үлкен қолбасшысы әскери қолбасшылардың бірі Халид бин Уалидің (туған жылы белгісіз – 642 жылы қайтыс болған) атындағы мешітті салдырған. Сол сияқты Халаб қаласындағы мешіттегі Қызыр әулие тағын, Медине қаласындағы Пайғамбарымыздың Мұхаммед (с.ғ.с.) мешітінің мінберін де жасатыпты.
Тарих тағлымы өмір мектебінен алынбақ. Оны жастар санасына сіңіру, жүйелі насихаттау, оқулықтарға енген деректерге дұрыс түсінік беру, қазақи патриотизмнің мағынасына үңілу, сезім қылын дөп басуға, ұлттық сананы оятуға, оны қалыптастыруға ерекше көңіл бөлу басты назарда болуға тиіс.
Өйткені қазіргі таңдағы қазақ мектептеріндегі орын алған кейбір келеңсіз жайлар қанатын жая берсе, қандай ұрпақты қалыптастырғанымыз білмей, бабалар алдында қарыздар болып қаламыз.
Көшеде жолыңды бөгеп, үйде есігіңді қағып, тіпті, мектеп аулаларында еркін жүрген миссионерлер әрекеті, сондай-ақ, ұлттық мақтанышымыз ғарыш айлағы – Байқоңырдағы оқушылардың қай тілде, қандай дәріс алып отырғандығы елдік мәселеде ауыр сын екені сөзсіз.
«Ұлттық сана дегеніміз – сол ұлтты құрайтын халықтың әр адамының жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған ұжымдық түрі, яғни, ұжымдық сана» – деген жазушы, ғалым Қойшығара Салғарин пікірімен толық келісеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |