Ризагүл Байғанатқызы
Ақмола облысы,Астрахан ауданы,
Жалтыр №2 орта мектебіі
«ТАҒЫЛЫМ»
1-11 сыныптарға арналған тәрбие жүйесінің бағдарламасы
ЖОСПАР:
Алғы сөз
Тәрбиенің мақсат – міндеттері
Тәрбие жүйесі
Тәрбие жүйесінің бағыттары
Тәрбие жүйесін іске асыру жолдары
Жаңа педтехнология тәрбие ісінде
Тәрбие түрлері
Тәрбие сағаттарының бағыттары
Ата – аналармен байланыс
Күтілетін нәтижелер
Ата – аналармен байланыс
Бағдарлама негізінде күтілетін нәтижелер
«Жеке тұлға» даярлаудағы оқушы бейнесі
Қорытынды
Қосымшалар.
Алғы сөз
Отбасы ошақтың үш тағаны сияқты үш тіреуден тұратыны белгілі. Олар әке, ана, бала. Осылардың бірлігі отбасының берекесі. Отбасы қоғамның іргетасы. Мемлекетіміздің мықты болуы осы іргетасқа тікелей байланысты. Сондықтан баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата- ананың орны бөлек. Туындаған тәлім- тәрбиедегі жарасылымдылық мектеп пен ата- ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Өйткені, баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы өзін қоршаған ортасына, ұстазға, ата- анаға, құрбы – құрбастарына, олардың күнделікті іс- әрекетіне, жүріс- тұрысына, сырт көрінісне, сөйлеген сөзіне, әдептілігіне т. б. қасиеттеріне байланысты. Халық “Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деп тегін айтпаған. Баланың қоғамдық әлеуметтік дамуы отбасында өз орнын алуынан басталады. Ата- ана балаға беріп, дамытып жетілдіреді де, аяқтандырған балапанын мектепке табыс етеді. Осыған сәйкес жас өспірім талабын қанағаттандыратын, қоғамның, ұлтымыздың ұстанған бағытымен сабақтас келетін тәрбие жүйесін жүзеге асыру- педагогикалық ұжымның басты міндеті. Сондықтан ұстаз ретінде, осы қоғамның жанашыр бір мүшесі ретінде ұрпақ тәрбиесін дамытудың жолын іздестіріп өз бағдарламамды ұсынамын.
Бал-дәурен балалық шақ, жаңа отырғызылған өрімтал ағаш сияқты нәрлі қорек пен аялы алақанның жылуын сезініп, аналық мейірім мен әкелік қамқорлықтың таусылмас аясында өрбіп - өсіп, тәрбиеленуі тиіс.
Қазақ халқының тәрбие тағылымы, ізет пен әдептен және инабат пен парасаттылықтан басталатыны белгілі. Бала тәрбиесі - ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Тәрбиенің ең алғашқы бастамасын отбасында алса, жалғасы мектеппен байланысады.
М
ектеп – халықтың ұрпақтан – ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттерін жас жеткіншек бойына сіңіретін орта. Ендеше, егемендік алған елімізде мектептің философиялық тамыры тереңдеген, міндеттік жиынтығы молайған тұсында заман талаптарына сай білім беру мен тәрбие жүйесін құру керек.
Ал “мектептің тәрбие жүйесі” дегеніміз не? “Мектептің тәрбие жүйесі педагогикада кең ұғымды білдіреді. “Тәрбие жұмысының жүйесі” дегеніміз – мектептегі, сыныптан және мектептен тыс жүргізілетін тәрбие жұмысы, өткізілетін іс-шаралар. Сондай-ақ ол – белгілі бір тұтас педагогикалық кешен, бір бағыттағы тәрбиенің мақсаты, өзара қарым – қатынас орталығы анықталған, тиімді тәрбиенің бірнеше бөліктерінен тұратын үрдіс. Бұл үшін ең алдымен “ мектептің жан дүниесін”, яғни “мектептің тұжырымдамасын” жасау керек.
Білім беру ісінде ұстаз басты әрі шешуші тұлға. Ұстаздың білімділігі, абырой – беделі оның шәкіртінен көрінеді. “Шәкірттің жақсы болмағы, ұстазынан” деп халық тегін айтпаған. Ұстаз ұғымы – мағынасы кең, мәні терең, тарихи ұғым. Адамзат баласының дамуында білімнің қажеттілігі сол білімді таратушы, жеткізуші ұстаздың қажеттілігімен бірдей маңызға ие болған.
Ұстаз өз шәкіртінен саналы да білімді, парасатты тұлға жасайды. Белгілі ағартушы, қазақ әдебиетінің ірі өкілі Жүсіпбек Аймауытов ұстаз қызметін былай сипаттайды: “ Балаларға сабақ берумен, білім үйретумен мұғалімнің қызметін үгіттеуге міндетті, басқаша айтқанда, мұғалім қарапайым қызметкер емес, ол – шәкірттерінің алдағы өмірін, бір күндерде зарығатын, қауіп-қатерге ұшырайтын өмірін көз алдына келтіріп, өз басынан кешірген тәжірибесіне таянып, оларға келешекте жазатайым аяғын шалыс басып, өмірден соққы жеп, өкінбеске күні бұрын сақтантыратын қорғаушысы, қамқоры”.Демек, мен ұстаз ретінде осы тұжырым мен кестеге қарап, тәрбие жүйесіне мынадай мақсат қойдым:
Қазіргі заман мектебі сынып жетекшісінің қызмет ету жүйесі
Менің өзекті тақырыбым:
«Құзыреттілік тәрбие негізінде оқушыларды өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелеу»
Педагогикалық ұстанымым:
Жеке тұлғаны табу, оған жетекшілік ету. Ұлттық міндетті көтеру, ұлттық педагогиканы, әдет-ғұрып, халық ауыз әдебиетін пайдалану, діни дағдыларды зерделеп оқи отырып намысты, имандылық пен ізгілікті, жат іс-әрекеттерге сын көзбен қарап, өз бағасын бере білетін, рухани байлықты қастерлейтін Азамат тәрбиелеу.
Мақсатым:
Өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзіретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың “Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін - білім”, - деп атап көрсеткеніндей, рухани ұлттық қажеттікке жараған білім ғана – ең мықты білім, рухани ұлттық тәрбие нәрімен сусындаған ұрпақ қана болашақты гүлдендіреді. Ата – бабадан қалған өшпес мұра, мол қазынаны қабілеті жоғары ұрпақ бойына дарыту – мектептің міндеті. Осы міндетті орындау барысында “Білім туралы” заңға сүйенеміз. “Білім туралы” заң- білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Мұндағы ендігі міндет – білім беру ұйымдары, мектептер, негізгі тұлға педагогтар, шәкірттер ата- аналар, бүкіл жұртшылық заңды өмір жүзіне асыру, оның талаптарын орындау үшін еңбек етуі керек.
“Тәуелсіз елдің ұлы - өжет, қызы – қайратты, халқы - қаһарман”, осылай екендігін тарих шежіресі көрсетіп отыр. Ал тарих шежіресі қаншалықты бай болса, ұлттық тәрбиенің соншалықты құнды болатындығы мәлім. Сондықтан да “Бала тәрбиесі” қашанда киелі ұғым, онымен адам тағдыры шешіледі. Ал білім тәрбие арқылы бойға сіңеді. Егемен елдің келешегі- кемел біліммен ұлағатты тәрбиеге байланысты болғандықтан бастауыш сыныптағы тәрбие бағытын “Ұлттық тәрбие – рухани байлық” деп алдым.
Қазіргі мектеп оқушыларға құбылмалы әлемге бейімделуге, өзін жеке өмірінде, болашақ кәсіптік әрекетінде танытуға мүмкіндік беретін радикалды өзгерістерді талап етеді. Сондықтан да 5-6 сыныптардағы тәрбие бағытының тақырыбын “Өзіңді танығаның – бүкіл ғаламды танығаның” деп алып, қоғамдық жаңарулар тұсында жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруге бағыттадым.
Ғылым мен білімнің тылсымдарын меңгеру, өнер мен мәдениет өріне өрмелеу өскелең жастың тұғырнамасына айналса, оған апарар жол тек қана жоғары дәрежелі тәрбиелік пен мәдениеттілік екені даусыз. Қазақ халқының тәрбие тағылымы, ізеттілік пен әдептілік тәрбиесіне аса ыждағаттылықпен әрі үлкен жауапкершілікпен қарап, жас жеткіншектің ізетті әрі әдепті, инабатты әрі парасатты, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, ақылмен сөз астарын түсініп, ойлы да ұтымды жауап бере алатын, өз халқына қызмет қылуды риясыз мұрат тұтқан, егеменді елдің азаматын тәрбиелеу болмақ. Срндықтан да 7 – 8 сыныптардағы тәрбие жүйесінің бағытын “Құндылық ұғымы және мен” деп алып, оқушылардың ғылыми негізделген көзқарасын қалыптастыруға бағыттадым.
Қазақстан қоғамының қазіргі геосаяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы, әлемдік білім негізіне кірігуі Қазақстан Республикасының жалпы білім жүйесі жаңаруды, білім мен тәрбие жүйесі мақсаттарын қайта қарауды талап етіп отыр. Сондықтан да 9 – 11 сыныптарда тәрбие жүйесінің бағытын “Жеке тұлға және қоғам” деп алып, тұлғаның біртұтас көзқарасын, өзін-өзі анықтауын қалыптастыруға, тұлғаның өзін - өзі ұйымдастыру тетіктерін, кәсіби және танымдық ой – пікірлерінің туындауына, теориялық ойлау тәсілдері мен ғылыми таным әдістерін игеруіне ықпал ететін тәрбие әрекетін ұйымдастыруға бағыттадым.
«Тағылым» тәрбие жүйесінің бағдарламасы
Тәрбие бағыттары
|
Тәрбие мақсаттары
|
Тәрбие міндеттері
|
Тәрбие мазмұны
|
Тақырыбы: “Ұлттық тәрбие – рухани байлық”
|
Ұлттық әрбие
негізі (1-4 сыныптар)
|
Ұлт алдындағы үлкен парызды терең түсіндіру
|
-Ұлт мүддесін терең түсінуге үйрету;
-Ізденісті мұрат еткен ұлттық өркениеттің ең басты күш екенін сезінуге баулу
|
-Ұлттық рухани көзқарасы қалыптасады;
-Ұлтжандылыққа тәрбиеленеді;
Ұлттық тарихи шежірені, салт-дәстүрді терең меңгереді.
|
Тақырыбы: «Өзіңді танығаның-бүкіл ғаламды танығаның»
|
Өзін-өзі тану
(5, 6 сыныптар)
|
Дүниені танып білуге деген сыни көзқарастарын дамыту
|
- өз-өзіне сын көзбен қарауға үйрету;
- рухани байлықтарын дамыту.
|
- Балалардың дүниетанымы кеңейеді;
- қиялын дамыту арқылы «менің ойымша» деген жауапқа дағдыланады
- еркін сөйлеуге үйренеді;
- басқаларды тыңдауға үйренеді
|
Тақырыбы: «Құндылық ұғымы және мен»
|
Құндылық
(7, 8 сыныптар)
|
Ғылыми негізделген көзқарас қалыптастыру
|
-дүниетанымдық көзқарасын өзгерте алуға баулу
- рухани байлықтарын дамыту
|
- Іскерлік дағдылары қалыптасады;
- практикалық іс-әрекетте болады
- қарым-қатынас мәдениеті болады
- ортақ идеяға келеді.
|
Тақырыбы: «Жеке тұлға және қоғам»
|
Құзырлылық
(9-11 сыныптар)
|
Ашық қоғамда өмір сүретін жеке тұлғаны дамыту
|
Шығармашылық жұмыс істеуге дағдыландыру
салауатты өмір салтына бейімдеу
|
Шығармашылық тұлға қалыптасады;
Тәуелсіздік, еркіндік қасиеттері қалыптасады;
Көшбасшылық ақыл-ой қабілеті қалыптасады.
|
“Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті”, - деп көрсетілген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2030 жылға арналған стратегиялық бағдарламасында. Ендеше еліміздің ұлттық қоғамды кемелдендіру үшін ел болашағы- жас ұрпақты ұлттық тағылым қағидалар негізінде рухтық тәлім және білім негіздерімен қаруландырып, қалыптастыру шарт.
Ұрпақ ұлтты ғана жалғастырмайды- ұлттық рухты жалғастырады, ұлт бірлігін, басқа ұлттар мен ұлыстардың әдебиеті мен мәдениетін, салт – сана, дәстүрлерін насихаттау арқылы дәнекерлейді.
Отан сүйгіштік қасиетті қалыптастыруға әсер ететін факторлар – ұлттық сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана, ұлттық парызды әрбір қазақтың ғана емес, әрбір қазақстандықтың бойына дарыту бағытында жұмыс жасауымыз керек. Сол уақытта біздің халық тамырын тереңге жаяды, әлемдік өркениетте алдыңғы орында болады. Оған Н. Ә. Назарбаевтың “Болашақта Қазақстан азаматтары деңгейіне көтеріледі, сөйте тұра олар өздерінің жедел дамып келе жатқан, күллі әлемге әйгілі де қадірлі бейбіт елдің патриоттары болып қалады”, - деген пікірі дәлел.