«Махабббат, неке және жанұя» диспуты
Талқыланатын сұрақтар:
Нағыз махаббат қандай болады?
Некеге тұру үшін махаббаттың ғана болуы жеткілікті ме?
Жанұяның беріктілігін қалай қамтамасыз етуге болады?
Абай жырларындағы ғашықтық пен жанұялық жарастық.
Махаббат - қадірлі де қайталанбас қасиетті, қара бастың қамын жеушілік пен есеп-қисаптан ада, күшті де терең, әрі тұрақты сезім. Махаббат сүйгендерге қанат бітіріп, көңілін өсіреді, адамның жан дүниесін рухани байытады, жеке тұлғаға бүтіндей әсер етіп, ойы мен еркін, қарым - қатынасы мен іс - әрекетін түрлендіріп, адам өмірінің маңызын арттырып, шаттандырады.
Махаббат адамға силасу мен жарастықты үйретеді, бірақ мұны әр адам әртүрлі қабылдайды. Ғашықтықтың күші, тереңдігі және басқа да ерекшеліктері қандай да бір дәрежеде темпераментке, адамның мінез-құлқына, жасына, өмірлік тәжірибесіне, ақылы мен еркіне, мәдениеті мән рухани даму дәрежесіне байланысты анықталады. Ғашықтық сезімнің байқалуы оның кімге бағытталғанына, сүйген жастардың ерекшелігіне, екіжақтылылығына тәуелді. Бір сөзбен, махаббат әркім үшін қайталанбайтын, ерекше, жалқылық сезім.
Солай бола тұрып, нағыз сүйіспеншілікті барлық адамдарға тән, ортақ сеэімдермен сипаттауга болады. Бір сүйген адамыңа деген іңкәрлік, оған қуаныш пен бақыт силайтын, оның ары мен жетістігін адал сақтайтын қарым - қатынас.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, жастардың жұбының 70 пайыздан астамы таза сүйіспеншілікпен некелеседі. Кез келген жағдайда махаббат мұраты некеге отырумен шартталады. Бұл қажетті шарт. Бірақ, осы шарт жеткілікті ме деген сұрақ төңірегінде ой қозғап көрейік.
Неке - ер адам мен әйелдің ерікті одағы. Тіптен осы одақ жұбайлы адамдарға заң жүзінде және моральдық жауапкершілік, міндет пен құқықтар жүктейді, бірінің алдындағы жауаптылық екіншісі үшін де қандай болса, екеуінің балалар үшін жауапкершілігі де сондай дәрежеде. Сондықтан, некеге отырушы адам қоғам, жанұя және өзі үшін борыштықты, жауапкершілікті сезінуі керек. Бұл жанұяны материалдық жағынан қамтамасыз ету мен оны нығайтуға, өзінің болашақ балаларын тәрбиелеуде, бір біріне деген сенімділікте сезіледі.
Неке адамның өмір салтын өзгертеді. Осыган психологиялық және іс-әрекетіңде дайын болуың керек: жанұялық өмірдің талабын білу, шаруашылықты дөңгелентіп басқарып кету, ата-аналық қиыншылықтар мен тұрмыстың ауыртпалығын алдын ала сезе білу керек.
Егер жұбайлар адамгершілігі мен психологиялық біркелкі, ұқсас болса, ондай жұбайлардың ара қатынасы жақсы, сәтті болады. Бұл ұқсастықтан олар бірін бірі жақсы түсініп, мінез-құлықтарысәйкесіп, мәдениеті мен тәрбиеленуі дәрежелес келеді, көзқарастары мен әр нәрсеге талғамы бір жерден шығады.
Неке - адам өміріндегі маңызды кезең. Ол әркімнен адамдықтың сапасын, іскерлік пен біліктілікті, жанұялық қатынасты дұрыс тұрғызуга дайындықты, қысқаша, өмірлік көргенділікті талап етеді. Осындай көп көргенділіктің деңгейі некенің негізі махаббат емес, тек құмарлық пен жақсы көрушілік немесе жәй ғана достық қарым-қатынас болған кезде өте жоғары болуы керек.
Некенің бақытты, жанұяның беріктігіне тілеулестер көп: жас жұбайлардың ата-анасы, қызметтес достары мен жолдастары, жастардың өздері және қоғам. Біздің елімізде жас жанұяның берік болуына мүмкіндігінше қолдау жасайды: сауда және тұрмыстық қызмет көрсету орындарында оларға жеке бөлімдер ашып, сәбилі болғанда қаржылай көмектесіп, балалы жанұяларға арзандатылған тамақ ұйымдастырылады.
Жанұяның беріктілігі негізінен жұбайлардың өзіне байланысты. Ең алдымен некеге тұрушылар оған дайындығы қандай, өзі мен жанұясына, балаларды тәрбиелеу жауапкершілігі сезімін мойындады ма, жанұялық өмірге қажетті білім мен біліктілікті игерді ме және жұбайлардың мінез - қылықтары сәйкесе ме, күйеуі мен қалыңдығының махаббат сезімі деңгейлес келіп, бірін бірі толық түсініседі ме?
Осының барлығы да жеткіліксіз. Жанұялық қарым-қатынас мәңгілік қатып қалған тату тәтті қатынас емес. Өмірде қарама - қайшылықтар, реніштер, кейде үлкен дау-дамай болмай тұрмайды. Жанұяның беріктігін сақтау үшін сүйіспеншілікті жоғалтпай, оған ұқыпты қарау керек.
Жанұя беріктігін сақтау үшін экономикалық базаның маңызы зор, жұбайлардың адалдығы, бір бірінің ары мен ұжданын жоғары құрметтеу, үй шаруашылығын жүргізуге өз ара көмек, баланы бірге тәрбиелеу, жұбайлардың мәдени және кәсіптік өсуге ұмтылуы, бірлесе демалуы және басқа да факторлар негіз бола алады. Өзара түсінісу, ортақ ұйғарымға келуге тырысу, басқаның көзқарасын, әдетін, көңіл күйін сезіне білу, жанұялық қатынасқа кері әсерін тигізбейтін ұсақ кемшіліктерге төзу, ұрыс-керіс пен дауды туғызбауға тырысудың әжептәуір мәні бар.
Азаматтың да адам болмағы, абыройлы тірлік кешуі жар-қосағының жақсылығына орай. Хан баласы болсаң да, қосағың осал болса - құдайдың қырын қарағаны:
Көріп алсаң көріктіні,
Таңдап алсаң тектіні,
Сонда да көңіл толмай ма?
Жұрттың бәріне судай сұлу бұйыра бермес, алайда ажарлырағын ізде, бірақ текті таңда, яғни адамгершілігі әмбеге танылған әулеттен таңда қалыңдықты дегенді аңғартады Абай атамыз.
Генетикаға қазақ атаң атамзаманнан мән берген. «Анасын көріп қызын ал» деген асыл қағиданы жасынан құлагына сіңірген ұлы ойшыл екі ұрпақ арасындағы алтын көпірдей өз рөлін ұмытпай неке, жанұя, ұрпақ өрбіту мәселесін де алға тартады. Тартқанда қандай! «Лайы жоқ суатым» деп өзі айтпақшы тұнық, мөлдір өлеңмен сусындата ойға сіңдіреді.
«Қан сонарда бүркітші шығады аңға» дейтін өлеңдегі «Күйеуі ер қалыңдығы сұлу болып» деген жолдардың мәні зор.
Жанұялық жарастық, сүйсінтер сипаттар болуы ғанибет деген ізгі - ниет өзінен өзі түсінікті. Абайға дейін сүйіспеншілікті мұнша сүйсініп, әрі тартымды ізгілікпен жырлаған бірде бір қазақ ақыны жоқ. Өз құштарын өртеніп отырып, өлеңге қосады:
Ғашықтық, құмарлықпен - ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болды сол,
-дейді, ғашықтық - алдаусыз, арбаусыз, кіршіксіз адал сезім. Сен «нұрына жан қуанатын» жаз ізде. Айнымай сүй! - дейді Абай. Ұлы ақын ләззат мәселесін айналып өтпейді; натурализмге ұрынбайды, өте нәзік түрде өзегін өртеген ынтығын сөз ағынымен сездіре біледі.
Тал жібектей таралып, гүл шыбықтай бұралып,
Салмағыңнан жаншылып, қалсын құмар бір қанып...
Мынау бейкүнә бойжеткеннің аузынан айтылса да, тұрпайылыққа жанастырмайды, сөлекеттікке соқтырмайды. Бәрі де биязы, сыпайы, жібектей жұмсақ құйылымдар!
Махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық тақырыбын да ұлы ақын түптей, тебірене жырлайды:
Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,
Көрсе қызар, күнде асық – дуаналық.
Адал махаббаттың алтын ережесі! Орта мектептің оқушыларынан бастап, жоғары оқу орындарының барша оқушыларына құлағына емес, көкірегіне құятын қасиетті сөздер! Қазақ нағыз нәрлі, ақылды сөзді «кітап сөзіндей» дейді ғой.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса - күйсе.
Біреуін ғана айнымай сүйсін. Бұл бірінші талап болса, екінші талап - адал сүйсін, опалы жар болсын! - Абай мұраты аса ізгі!
Біреудің көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!
Ажарына қарап, аптығып алқынба. Ақылдылығына, биязы, кісілік мінезіне бақ, ойбай-ай! Көзін-ай! Ернін-ай! - деп елпілдеп есің шықса, ертең сазға отырасың...
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, райыс үстінде үй.
«Ата-анаға көз қуаныш» атты өлеңде айрықша бір тармақ бар:
Ел танымай, үй танып құр...,
Осында үлкен мән жатыр. Үй күшіктің өнерінде өріс жоқ. Оның тынысы тар. Өресі аласа. Ендеше халқыңның мүдде-мақсатын біл. Іргелі ел болуына өз үлесіңді қосуыңды қарастыр. Мұның түп қазығы ұлтжандығында.
«Үлкендер ең алдымен өздері жөндеп өмір сүретін болсын, ешкім көзге түрткі жасардай ерсілік істемесін» деген талапты да ақын назардан тыс қалдырмайды;
Өзің үлкен, қылығың бала-шаға,
Балаша мәз боп жүрсің тамашаға.
Әкесі ұрысса, балаға, ол да - достық,
Баласы ұрысса әкеге жараса ма?!
Ата - ананың өз ұрпағын өнегелі тәрбиелеу парызы өз алдына болса, ұл мен қыздың әке - шешесі алдындағы борышын өтеуін де Абай адамгершілік пен мораль категориясына жатқызады.
«Атым адам болған соң» диспуты
Талқыланатын сұрақтар:
Адамның адамдығын қалай бағалауға болады?
Адамның мінез - құлқы ең алдымен кімге тәуелді: адамның өзіне
ме, әлде қоршаған ортасына ма?
Абай ұғымындағы «жақсы деген немене, жаман деген немене?».
Жастарға алдымен адамның жақсы қырларын сипаттайтын ұғымдарды атайтын болсақ, олар ұжымшылдық, патриотизм, интернационализм, идеялылық, қоғамдық белсенділік, ізгілік, жоғары білімділік пен мәдениет,
өзін дамытуға үздіксіз талаптану. Одан басқа еңбексүйгіштік, моральдық жауапкершілік, күшті ерік, дамыған эстетикалық талғам, биязылық,
шыншылдық, қарапайымдылық және басқаларды атауға болады.
Енді осылардың анықтамасын берейік: патриот - Отанға деген іңкәрлік сезімді адам, оның байлығын көбейтіп, пәрменділігін күшейтуге, оған шын берілгендігін айғақтайды; еңбексүйгіштік - адамның тұрақты, ниетімен жанын сала еңбектенуге және өзінің істеген жұмысына қанағаттануға қабілеттілігі. Саналы адамның аянбай еңбектенуі қоғамдық және өзінің жеке басының ісін қосарластыра жүргізе білгендігі. Ұжымшылдықтың мағынасы қоғамдың, ұжымдың және өз ісін сабақтастыра білуде, ал керек болған жағдайда қоғамдық істі өзінікінен жоғары қою. Моральдық жауапкершілік - адам өзінің борышын, міндетін орындағанша, өзінің іс-әрекетіне жауап беруге дайындығын сеэінетін сапалылық.
Адамның мінез-құлқына әсер ететіндерге, қоршаған ортасы мен оның өзі, өзінің адамдығы жатады. Орта дегеніміз адамның араласатын әлеуметтік жағдай. «Қоғамдық орта», «ұжымдық орта», «жанұялық орта» сияқты ұғымдар болады. Адамды қалыптастыруда шешуші рөлді әлеуметтік орта атқарады. Бірақ, адам - белсенділіктен жұрдай субьект емес. Ол мүмкіндігінше ең жақсы өмір шартына ұмтылады, оны жақсартады, содан өзін, өз адамдығын өзгертеді. Шолақ мағынадағы орта да адамның мінез-құлқына әсер етпей қоймайды. Бірақ, мұндағы ең маңыздысы жеке тұлғаның өзі, оның көзқарасы, ұстанымы, еркі, өздігінен жұмыс істей алуы. Сондықтан, әр адам өзінің іс-әрекеті, қимылы үшін өзі жауапты.
Абай айтады: қолыңнан келетін іске ұмтыл, шама-шарқыңды біл...Ертең-ертең деп кейінге ысырма, жалыныңның барында іс тындырып ал... !Әйтпесе, әржағында дәрменсіз кәрілік аңдып тұрады. Анаған бір елтіп, мынаған бір мас болып, әуреге түскен әсемпаздан мән шықпасына ақын оқырман көзін жеткізіп, бойыңда өнерің болса, аруақтанып ізден,-дей келіп, өнер иесіне жайбасарлық жараспайды, сылбырлық - аяққа тұсау, құлшынысты, қуатты қимыл ғана құтты нәтижелерге қолыңды жеткізеді деп тоқтамға келеді. Мұндайда қиыннан жол табатындар- ақылға сенген қайрат, қайратқа сүйенген ақыл!
Мініңді бүгіп, мықтымсынғанмен мақсатыңа жете алмайсың, одан да мықтылармен майданға түс, бәйгіңді жеңіп алып, көзге түс! «Әсемпаз болма әрнеге» атты әсем өлеңнің ұсынар ғибраты: өзің өнерпаз, білімдар болсаң, шәкірт баулы, ұстаз болып жалықпай тәрбиеле, үйрет,-дейді Абай атамыз.
Өнерге ұмтылмай өрге баспайсың, талаптылық адам бойындағы асыл қасиеттердің көзін ашады:
Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,
Ең болмаса, еңбекпен мал табалық, - дейді.
«Ғабидоллаға» атты өлеңді мысал деп тануга әбден лайық. Өзі көлөмі шағын-он-ақ тармақ. Күншілдік, қызғаншақтық- мысалдың өзегіне салынған. Көктемде жаңа ғана қылтиған жауқазын көктегі елжіреген күннің қызуына мас болып, бәйтеректі күндейді, әттең соған бойым жетер ме еді,-деп көксейді... Тірлік мерзімінің өлшеулі екенінен бейхабар жауқазын бейғам жүре береді. Сөйтіп жүргенде күз келеді де, тамырын қазан ұрып, қапыда қалады. Бойы бетегемен де теңесе алмай, құрап үгітіліп түседі... Осы сияқты қол жетпеске қол созар жастар болады.
«Боламынмен» жүргенде болат қайтып,
Жалын сөніп, жас жүзін басады әжім.
Тағы да іштарлық, көре алмаушылық, дүниеқоңыздық жәйлі:
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы Үстінде шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап.
Иә, бүгінгі дипломды қарғалар мен күйкентайлардың да қолынан келері сол ғана...
Атаны бала аңдиды, ағаны - іні,
Итқорлық немене екен сүйткен күні.
Осындай өксік күнді, Абай ақын өлеңдерінде өрнектеген ит қорлық күнді өзіңіз де бастан кешірдік. Отызыншы жылдардан басталған аңдыс, «таптық қырағылық», Павлик Морозовтар қозҒалысы... Етек алған репрессия... «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп Абай бекер қамықпаса керек. Біздің халық қалай шыдап келді екен?
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның алған жоқ па құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
«Күш сынасқан күндестік», күншілдік киліккен сайын қазақ сорлының қыры кете берген.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты өлеңдей аяусыз ащы жазылған өлең өзге әдебиеттердің классиктерінен табыла қояр ма екен? Туған халқының тірлігіндегі кемшілік атаулыны бүкпей, жалаңаштап, аянбай көрсету, сынау нағыз жанашырлық, адамгершілік екен! Түртпектеп оятудан түңілуге шейін созылатын сезім өз ыстығымен бет шарпитындай.
«Өздеріңді түзелер дей алмаймын;
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың».
Біздің титықтап, діңкелеп құрып кете жаздағанымыз, туған тілден айрылып қала жаздағанымыз, ата-баба мәдениетінен қол үзіп қалмағымыз. Соны Абай әулие қашан сезген? Міне, сізге көрегендік!
«Қарашада өмір тұр» атты өлеңінен:
Момыннан жаман қорқақ жоқ;
«Қу», «пысық» деген ат қайда?
Арсыз болмай атақ жоқ;
Алдамшы болмай бақ қайда?
Уыты күшті, үлгісі биік ойлар! Еліңнің елеулі ер-азаматы болуды армандасаң, дақпырт-даңқ үшін ар-намысыңды сатпа, «бағымды жандырамын» деп «бауыр тұтар әлеуметіңді алдама» деген парасатты пікір білдіреді. Сондықтан, мектеп пен техникумда, институт пен университеттерде Абайдың ұстаздық ілімі, адам тәрбиесі проблемасына қатысты философияның тұжырымдары жайында кеңестер өткізсек артығы жоқ.
«Күшік асырап, ит еттім» деген өлеңінен алар ғибрат та аз емес:
Жақсылықты татымды жанға көрсет, тасыр мен көргенсізге көрсеткен жақсылығың жамандыққа айналады,-содан опынып қалмағайсың, -дейді.
«Туғызған ата-ана жоқ» атты өлеңінде ақынның «Жастарға жаппас жала жоқ» дейтін ала бөтен айрықша бір жолы бар. - Осы жастар оңбайды. Біз жасымызда мұндай емес едік. Қазіргінің бәрі кері кеткен, адам болар түрі жоқ, азған-тозған. Шетінен ішкіш, шетінен бұзық, ата-анасын силауды білмейді, үлкеннің арпылдап бетінен алады, алға жүр десең артқа тартпақтайды, өлейін деп жатсаң аузыңа тамшы су тамызбас!...не керек үлкендердің бүгінгі күні де жастарға жапсырмас пәлесі қалмаған...Сөйтсек, ықылым заманда да солай болған екен. Біздің дәуірімізге дейінгі екі мың жыл бұрын Мысыр папирусында сақталған егіз екі жолдан да сондай жас буынды сөккен шенемені оқуға болады.
Абай бала-шағаңа байбалам салма, бақырма, ақылмен баулы, еркін өсір, азырақ кейігенің болмаса ауыздық тағылған аттай сезінсе, бала қор болып өсетінін ескертеді.
Жат қораны күзеткен қартаң шалда сана жоқ, өз босағаңды өзің жатырқама, жеріме. Үрім-бұтағыңның алдында сыйлы-сияпатты болуың өзіңнен. Ендеше, құлын-тайдай желкілдей өсіп келе жатқан ұлдарың мен қыздарыңның құлағының етін жей берме!-дейді Абай. Бүгінгі замандас әке-шеше, ата-әже! Бұл сіздерге де құлақ қағыс. Әне, өлмейтін өлең сөздің өнегесі осы! Айтамын ғой, Абай тағылымы алдыңнан шықпайтын күн кездеспейді. Осыған құдайдай сен, тақуадай ұйы!
Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған.
Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.
Орынды іске жүріп, ой таппаған.
Не болмаса жұмыс ғып, мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт,
Әншейін құр бекерге бүлғақтаған.
Қалың жұрттың аузына іліккен азамат атануы үшін салмақты еңбек сіңіру қажет. Сонда сені сұлулар жақтап жүреді. Жігіттердің ұстамдысы көпке көрініп қалайыншы деп көрінген жерде алға өңмеңдеп, ойқастамайды, биязылық пен жұмсақтық танытады, сырын ішіне сақтайды. Ал кейбіреулері ар-ұятқа қарамай, өресі жетпейтін өте биікке қолын созылған үстіне созып әуре-сарсаңға түседі, сөйтіп күлкіге ұшырайды.
Ал енді біреулер жұрт ұнайтын көпшіліккө керек іспен айналысады. Ойланып істейді, еңбектеніп мал табады,- керісінше пысықтықтан жұрдайлар қасиеттен құр алақан қалады, мұның аты-жөнсіз-жосықсыз бұлғақтау, босқа уақыт өткізу.
Ежелден ел ішіне сіңген салт бар. «Үлкеннің сөзі - уәжіп». Ал осыны жастарымыз ұмытса ше? Абай амалсыз күйінеді:
Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» атты осы өлеңінде жастардың арсыздығын ашынып, тағы да бір сөз сойылына жығып өтеді:
Ала жылан, аш бақа күпілдіктер
Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр.
Бүгінде автобус, трамвай сияқты кез келген көлікке отырыңызшы, нендей «кішіпейілдіктің», «сый-сияпаттың» қуәсі болар екенсіз...Сидаң жігіттер елде қаптап барады,- дейді Абай «Адасқанның алды-жөн, арты-соқпақ» атты өлеңінде. Өйткені:
Олардың жоқ ойында малын бақпақ,
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,
Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.
Қыдырма, сыдырмалар көргенінен көз ақы алғыш келеді, міне содан да «сұрамшақтар нәпсісін тия алмай жүр». Тілемсектерді «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деген өлеңде осылай түйіндейді. «Жұрт азғындады» деп айтуға ақкөздердің өресі қайдан жетсін? Әлгі өлеңде: «Ел азды деп надандар мұңаймай жүр» деуі содан болса керек!
Достарыңызбен бөлісу: |