Солтүстік Қазақстан облыстық
дарынды балаларға арналған ЛОРД мектеп-лицейі
ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ - ТЕКТІ ҰРПАҚ
(авторлық бағдарлама)
Түсініктеме хат
Бағдарламаның негізгі мақсаты: Дарынды балаларға арналған ЛОРД мектеп-лицейінде оқушыларға ұлттық педагогикадан білімдерін тереңдету, дарынды балаларды қолдау. Барлық балаларды ұлт-дәстүрлерін білу арқылы қазақ халқының мәдениетін сыйлауға, ең озық салт-дәстүрлерін қабылдауға ұмтылыс, қазақ тілі мен әдебиетіне қызығушылық, бұл пәндерден білімділік қажеттілігіне сұраныс туғызу. Орыс мектептері балалары үшін қазақ тілінен өткізіліп отыратын олимпиадаларға, сайыстарға фестивальдарға, ғылыми жобалар дайындауға қатысуға ынталандыру. Қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Орыс мектебінде оқып жүрген қазақ балаларын өз ұлтының, өз мәдениетінің, өз ұлт дәстүрінің тамаша жақтарымен таныстырып, сана-сезімдерінде ұлтына деген мақтаныш, намысшылдық, тектілік, адамгершілік сезімдерін тәрбиелеу.
Қазақша сөйлеуге, қазақша киінуге ұялмайтын, келешекте еліне қызмет ететін, елін қорғайтын, ел азаматын, елдің қызын қалыптастыру.
Ата-аналарының тіл біле білмеуінен бере алмай жүрген ұлттық тәрбиенің аз да болса қалыптасуына мүмкіндік жасау.
Бағдарламаның мазмұны:
І. Баланың тууы, өсіп ер жетуіне байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлер.
Олар қазақ халқының баланы сүюі, баланы мұрагерім, шаңырақтың жалғасы деп қарауы, қыз баланың басқа шаңырақтың болашақ анасы, ұлттың анасы деп құрметтеуін, ата-ананың балаларына енші, жасау дайындау, отау тігу, қыз ұзату, бесік тойы, шілдехана, көшпенділердің бала тәрбиесі, баланың әртүрлі сырқаты, қазақша ем, шілдехананың маңызы, бесік жырының психологиялық, көркемдік сазы, мәні, сүндет тойы, сүндеттің ислам дініндегі айнымас қағида ретінде орындалуы, оның денсаулыққа, тазалыққа бейімделуі. Тілашар тойы, ана-әженің, әке-атаның бала тілін қалыптастыруы, жаңылтпаш, мақал-мәтел, ертегі аңыздарды үйретуі, көркем тілдің отбасында санаға енуі. Қазақ халқының тілі – бесігінен, басқа тілдерді білмей тұрып қалыптасуы керектігін түсіндіру. Ұлт тілі мен тәуелсіздіктің бір-бірімен үндестігін баланың санасына құю, шет жерде тұратын қазақтардың өз ұлтының тілін, мәдениетін, әнін, әдебиетін қалай сақтап отырғандығын әңгімелеу. Басқа ұлттардың да тіліне құрмет көрсету туралы айту. Тұсау кесер, атқа мінгізу, тойларындағы халық даналығы, тәрбиелік мәні, айтылатын өлең-жырлар. Тыйым сөздер, ишара сөздер, нақыл сөздер, сөйлеу мәдениеті. Ұл тәрбиесі мен қыз тәрбиесінің айырмашылығы. Қазақтың дене тәрбиесі – ұлттық ойындары. Табиғат – менің өз үйім, экология тәрбиесі, табиғатты қорғау, табиғаттың байлығын білу, тамашалау сезімдерін тәрбиелеу. Қазақ халқының ерекше қадыр қасиеттері: қонақжайлылық, ашықтылық, мейірбандылық, басқа ұлт өкілдеріне қабағы ашық, достық, қамқоршылық пен кең ниетпен қарайтындығы. Сонымен бірге аңқаулығы, қарапайымдылығы, еліктегіштігі жайлы да айту. Барын аялмайтындығы, туысын – жекжатын жеті-атасын құрметтейтіндігі, есте сақтайтыны. Мүшел тойлары 13,25,37,49,63. 63-Пайғамбар жасы. Мүшел той иесі өз өмірін сараптайтын белестері, туған туыстарынан құттықтау қабылдап, шаттана тойлайтын үлкен той.
ІІ. Қазақ халқының тұрмыс салты.
Көшпенділердің тұрағы - киіз үй. Көшпенділіктің ерекшеліктері, маңызы. Қазақтың жылдың төрт мезгіліндегі мекен-жайлары. Киіз үйдің қолайлылығы, жеңілділігі, тез жинап, құрылуы. Киіз үйдің көшпенділердің ғасырлар бойғы жинақтаған сәулет өнерінің белгісі екенін айту. Киіз үйдің дайындалуы, түрлері.
Ағаш шеберінің ісі, киіз басу өнері, өрнектеу өнері. Мал шаруашылығының адам өміріне тигізетін пайдасы. Қойдың жүнінің түрлерін киіз үй жасақтауға пайдалануы. Киіз үйдің ішкі жасауы. Олардың арнайы жасалатын түрлері. Киіз үйдің төрі, үлкендердің, жастардың, ас-судың, қамыт-сайманның, ошақтың орны. Киіз үйдің қысқы, жазғы түрлері. Шаңырақ ұғымы, шаңырақтың маңызы. Киіз үйдегі жиһаздар, қазақ қол өнерінің туындылары - әйелдің шеберлігінің көрмесі. Киіз үйдің қақаған суықтағы жылылығы. Киіз үй- халық философиясының туындысы. Киіз үйдің қазіргі заманда қолданылуы.
Қазақтың зергерлік өнері, қазақ халқының асыл тастарды, алтын, күмісті қадірлеуі, байлықтың, барлықтың белгісі етіп қолдануы. Әсіресе қыз баланы, жас бозбаланы, жас келіндерді, зергерлік бұйымдармен әшекейлеп, мәнерлегені. Зергерлік бұйымдардың байлық пен биліктің белгісі деп санауы. Зергерлік бұйымдар атадан балаға берілуі. Зергерлік бұйымдардың сақ киімі, қару жарағы, әшекейі. Зергерлік өнердің ұлттық киімнің бір бөлшегі, сәндік бұйымдар екендігі, оның түрлері.
Қазақтың ұлттық тағамдары, ерекшеліктері. Негізінен ет, сүт тағамдары болғанын оны өндіру, сақтау, әртүрлі тағамдар дайындау. Сүт, ет, нан тағамдарының аттары, құрамы көшпенділік тұрмысқа бейімділігі. Қазақша еттің, қой етінің, жылқы етінің мүшеленуі. Ер тарту, ет жасау, ас беру дәстүрлері қойдың басы – құданың асы делінуі. Сүттің ақтығының қасиеті, сүт демей, ақ делінуі. Нанды, ақты аяққа баспа делінуі. Жылқы етінің емдік қасиеті, тазалығы. Қазақ ұлтының, мұсылман қауымының шошқа етін харам деп жемеуі туралы. Ас алдында қол жуу, «биссимиляһи» деп, үлкендерден кейін табаққа қол салу. Ас ішіп отырғанда көп сөйлемеу. Астың бетін ашық қалдырмау, Асқа бата беру. «Астан үлкен жоқ», деген «Асты телміртпе» деген қағидаларды орындап, ас дайынлдаушыға құрмет, үй иесіне ризашылық білдіруге үйрету.
Төрт түлік малға байланысты ұғымдар. Текті жануар, киелі жануарлар. Ат-адамның қанаты, малдардың пірлері: Қамбар ата, Ойсыл қара, Шекшек ата.
«Мал-жаның аман ба?» сәлемдесуінің төркіні, қалың мал, жұт, жайлау, тебін ұғымдарын түсіну. Малға байланысты қазақтың ботам, құлыншағым, қоңыр қозым деген сөздерінің, Ботагөз, Тайлақ, Малдыбай, Жылқышы тағы басқа адам аттары. Жылқышы, сиыршы, түйеші, шопан, мамандықтарының қыры-сыры, атбегілік, бәйге, атжарысы ұғымдары. Жылқы малының көшпенділер өміріндегі көліктік қызметі, жаугершілік, барымта мәселелері.
ІІІ. Әлеуметтік- мәдени дәстүрлер
Қазақ ауылы – қазақ тайпаларының бірлестігі, қазақ ауылындағы халықтың құрамы, адамдардың қарым-қатынасы. Туыстық қарым-қатынастар, ұйымшылдық, бірлік, қоғамдастық, қауымдастық.
Қазақ өмірінің мәдени деңгейі, той, кештер, шешендік өнерге құрмет, әңгіме-дүкен өнер адамдарының төңірегінде шоғырлану.
Қазақ ауылындағы бастаңғы, алтыбақан, тоқым қағу, ақындарды тыңдауға жиналу. Жастардың ойын-сауығы, ойындары, ақындар айтысы. Жамбыл Жабаев – айтыскер ақын, Біржан-Сара айтысы, қазіргі замандағы айтыстардың тақырыбы, мазмұны. Ақындарды баулу. Айтыс – шешендік өнердің шыңы. Қазақтың ұлт-аспаптары.
Үйленуге байланысты салт-дәстүрлер. Танысу, құда болу, қыз ұзату, келін түіру, келін тәрбиесі, қайын ене, қайын ата, қайын сіңлі, қайын түсініктеріне байланысты дәстүрлер.
Қалың мал жасау, кит мәселелері. Той әндері, той ойындары, ырымдары.
Наурыз тойы – жаңа жыл мерекесі. Наурыздың экологиялық, астрономиялық, имандылық, табиғи мәнін түсіндіру.
Тепе-теңдік, теңелу, тазару, рухани жаңару мерекесі екендігі, наурыздың қарсы алынуы, наурыздың басталу дәстүрі, наурыз көженің мәні, табиғатты қорғауға арналған дәстүрлер, ұлттық өнерді насихаттау, халық әндерін үйрену, ұлттық киімдерді киюге баулу, халықтың көтеріңкі көңіл күйін, мерекелік сезіммен қалыптастыру, жылдан жылға тек салт-дәстүрді сахналық көрініс етіп көрсетпей, ғылыми, шығыстың өшпес дүниетанымының бір бөлігі етіп уағыздау.
Діни мейрамдар: Құрбан айт, Ораза айт Мұхамбет пайғамбардың туған күні, оразаның маңызын, мұсылмандықтың парыздары туралы, жалпы мұсылман әлемі туралы, мұсылман дінді ұлттар, елдер туралы. Мұхамбет пайғамбардың хадистеріндегі ұлы адамгершілік имандылық тәрбиесімен таныстыру. Оразаның адамды ұстамдылыққа, рухани тазарудағы, жылына бір айдың мұсылман қауымына Алла тағаланың ұлылығына бой ұсынып, құлшылық жасауға арналған айы екенін түсіндіру.
Жерлеу рәсімдері қоштасу, жоқтау, ұлтымызға, мұсылман дінінің қағидаларына сай арулап қойып, бата, дұғаларын орындау-аруақтың артында қалғандардың борышы, парызы. Бата қылу, еске алу, салт дәстүрлері.
Жаңа өмір салтына арналған дәстүрлер: туған күн, мерей той, әскерге шығарып салу, әйелдер мерекесі, оқу бітіру тойлары.
Киелі сандар «3», «7», «5» сандарының алыну төркіні осы сандарға байланысты ұғымдары
«Халқымыздың болашағы – текті ұрпақ»
қазақ халқының салт-дәстүрі факультативінің күнтізбелік жоспары
(68 сағат, аптасына 2 рет)
№
|
Сабақтың тақырыбы
|
Сағат саны
|
Өту уақыты
|
1-2
|
Кіріспе сабақ. Қазақ мемлекеттігі мен қазақ ұғымының шығу тарихы. Қоғамдық сана. Тектілік. Текті адамдар туралы.
|
2 сағат
|
|
3-4
|
Ұлттық болмыс, ұлттық ерекшелік, ұлттық түйсік. Қазақ халқының салт-дәстүрі деген не? Салт деген не, дәстүр деген не? Қазақтың қандай дәстүрлері болған?
|
2 сағат
|
|
5-6
|
Халықтық тәлім. Жастарға ұлттық тәрбие беру. Жастардың міндеті. Мәңгүрттік пен көзқамандық.
|
2 сағат
|
|
7-8
|
Бізге жеткен салт-дәстүрлер. Халықтың тәрбиелік дәстүрлері. Ұлағатты ұлттық ұғымдар.
|
2 сағат
|
|
9-10
|
Ұл-қызым, саған айтам. Иманды жас - өмір көркі. Салауатты өмір салты – қоғам тынысы.
|
2 сағат
|
|
11-12
|
Бала – адамның бауыр еті. Баланың өсу кезеңдеріне байланысты тойлар. Балажандылық.
|
2 сағат
|
|
13-14
|
Ана - өмірдің тірегі. Батыр аналар.
|
2 сағат
|
|
15-16
|
Балаға ат қою. Жақсы есім - өмірге берген жолдама. Есім қою дәстүрі. Есімдердің шығу тегі.
|
2 сағат
|
|
17-18
|
Бала асырап алу дәстүрі - туыстық қарым-қатынас.
|
2 сағат
|
|
19-20
|
Бесік жырын білген жөн. Бесік жырларының тәрбиелік маңызы, түрлері.
|
2 сағат
|
|
21-22
|
Қазақтың тыйым сөздері. Әдет - ғұрып ишаралары. Қазақ ырымдары. Жорамалдары.
|
2 сағат
|
|
23-24
|
Халық айтса – анық айтады. Халықтық әртүрлі өлшемдер, болжамдар.
|
2 сағат
|
|
25-26
|
Көшпенділік деген не? Қазақ халқының көшпенділік тұрмысының пәлсапасы, бейімділігі.
|
2 сағат
|
|
27-28
|
Киіз үй – көшпенділердің тұрағы. Киіз үйдің жасаулары, жиһаздары, жайлылығы, өмірге лайықтылығы, көшіп- қонуға ыңғайлылығы.
|
2 сағат
|
|
29-30
|
Қазақ халқының тұрмыстық бұйымдары, киім-кешегі, төсек орны – қазақ әйелінің қолөнер туындылары.
|
2 сағат
|
|
31-32
|
Атбегілік, құсбегілік, аңшылық, балықшылық, серілік – қазақ жігіттерінің ұлттық өнерлері.
|
2 сағат
|
|
33-34
|
Ер-тұрман, қару-жарақ, құрал-саймандар жасап шығару өнері.
|
2 сағат
|
|
35-36
|
Қазақ ауылының құрылымы. Туыстық карым-қатынастар. Жеті жарғы - қазақ даласындағы әділеттіліктің кепілі.
|
2 сағат
|
|
37-38
|
Шешендік өнер. Өнер алды-қызыл тіл. Ақындар айтысы. Қазіргі заманғы ақындар айтысы.
|
2 сағат
|
|
39-40
|
Қазақ халқының ұлт аспаптары.
|
2 сағат
|
|
41-42
|
Мәдениеттілік - қазақ халқына тән қасиет. Киім кию мәдениеті. Сал-серілік дәстүрі.
|
2 сағат
|
|
43-44
|
Ең әдемі киім – ұлттық киім. Олар - өнер туындылары.
|
2 сағат
|
|
45-46
|
Қазақ халқының киім киюі - қоғамдық тұрмыстың айнасы. Ерлер киімі, әйелдер киімі, бойжеткендер киімі, қалыңдық киімі, батырлардың киімі.
|
2 сағат
|
|
47-48
|
Қазақ халқы – қонақжай халық. Қонаққа шақыру, қонақ күту, тағам тарту мәдениеті.
|
2 сағат
|
|
49-50
|
Қазақтың ұлттық тағамдары. Қазақша етті қонаққа жасау дәстүрі (етті мүшелеу, қонақтың ерекшелігіне байланысты табақ жасау).
|
2 сағат
|
|
51-52
|
Қарттар мен үлкендерге құрмет жасау. Дастархан басындағы жастардың әдептілігі.
|
2 сағат
|
|
53-54
|
Ұлттық және діни мерекелер. Наурыз мерекесін, Құрбан айт, Рамазан айт, Қадір түнін, Мәуліт мерекесін тойлау және қадірлеу.
|
2 сағат
|
|
55-56
|
Мұсылмандықтың бес парызы.
|
2 сағат
|
|
57-58
|
Жерлеу дәстүрі.
|
2 сағат
|
|
59-60
|
Осы заманғы озық дәстүрлер. Мерей тойлар, күміс, алтын тойлар, құрмалдық, шілдехана т.б.
|
2 сағат
|
|
61-62
|
Киелі сандар "7","3","5" саны.
|
2 сағат
|
|
63-64
|
Өлкетану мұражайымен танысу, жәдігерлерін көру, қазақ халқының өлкемізде болған ұлттық үй-жабдықтарымен, киім үлгілерімен, шаруашылық құрал-саймандарымен танысу.
|
2 сағат
|
|
65-66
|
Қазақ сазды-драма театрының шығармашылық тобымен кездесу. Қойылымдарын тамашалау.
|
2 сағат
|
|
67-68
|
Қорытынды конференция «Халқымыздың болашағы – текті ұрпақ».
|
2 сағат
|
|
«Халқымыздың болашағы – текті ұрпақ» факультативін жүргізу
Дарынды балаларымен және жастармен жұмыс жүргізу саласындағы инновациялық әлеуметтік –педагогикалық жобалардың ІІІ Республикалық фестивалінде көрсеткен ерекше жетістіктері үшін грамотасымен марапатталған Ғалиева Ботагөз Жағыпарқызының ғылыми жобасы.
Менің ғылыми әлеуметтік-педагогикалық жобамның тақырыбы: «Дарынды балалар мен жастарды қазақ халқының мәдени мұраларын, салт-дәстүрін, тілін үйрену барысында ғылыми жұмыстармен айналысуға ынталандыру».
Осы орайда, дарынды балалар үшін мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицейінде қазақ тілінен сабақ бере жүріп орыс тілінде білім беретін мектептерде халық педагогикасын оқу-тәрбие үрдісіне енгізу жолдары мен әдістері бойынша еңбек жазып, «Халқымыздың болашағы – текті ұрпақ» атты факультатив бағдарламасын оқу үрдісіне енгізіп жүзеге асырып отырмын. Бүгінгі күнде туған тіліміздің мәртебесін көтеруге, дамытуға бағытталған көптеген шаралар жүргізіліп жатыр. Бірақ, мұндай жұмыстар көбіне тілді дамытудың аясында ғана қалған. Осы орайда, орыс тілінде білім алатын мектептерде халықтық педагогиканы оқу-тәрбие үрдісіне енгізу арқылы үлкен мәселені шешуге бет бұрдым. Аталған мәселенің солтүстік өңірде өзектілігі сөзсіз. Өйткені, облыс бойынша әлі де қазақ мектептері аз, көптеген ата-аналар өз балалары үшін жақсы білім беретін мектептерді таңдайды. Мысалы өзім еңбек ететін ЛОРД мектеп-лицейінде 257 оқушының 50-і қазақ баласы. Ал, аталмыш мектеп біріңғай ұлттық тестілеу нәтижелері бойынша, республикада алдыңғы 20 мектептің 12-сі болса, облыста I орында. Әрине, ата-ананың мақсаты қалайда жақсы білім беретін мектепте өз ұл-қызын оқыту. Ал, осы қаракөздер бір ғана ғылым негіздерінен терең білім алып қана қоймай, туған тілінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен сусындауы үшін осыдан 7 жыл бұрын «Халқымыздың болашағы – текті ұрпақ» атты факультатив құрып едім. Бүгінде ол тек өзіміздің оқушылар үшін ғана емес Петропавл қаласы ұстаздары үшін шеберлік сынып дәрежесіне көтеріліп отыр. Осы тәжірибемді облыс көлемінде, әр түрлі конференциялар мен семинарларда шығып сөйлеп, телебағдарламаларға қатысып, ашық сабақтар беріп, әдістемелік-құралдар жазып, республикалық газет-журналдарға мақалалар басу арқылы барынша таратып отырмын.
Өткен жылы осы тақырыпта бірнеше халықаралық беделді ғылыми – практикалық конференция мінбелерінен сөйлеп, ғылымилығы жоғары деген баға алдым. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев өзінің халыққа жолдауында еліміздің ішкі және сыртқы саясатының бір бағыты етіп көрсеткен «Мәдени – тарихи мұраны сақтау» бағдарламасы менің іс-әрекетіме, жүрегіме жақын. Өйткені, осы бағдарламада айтылғандай, бұл тек қана қазақ халқы үшін ғана емес, барлық дүние жүзі үшін маңызды, қажет. Біз сонау орта ғасырдан қазіргі заманға дейінгі мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Біз ұлттық болмысымызға сенуіміз керек.
Біз ұлттық болмысымызды сақтауымыз, жастарды мәдениетіміздің асқақтығына, тазалығына сендіруіміз, сол арқылы халқымыздың асыл мұраларын, жаңғыртып, өміршеңдігін көтеріп, дамытып отыруымыз керек.
Сондықтан, жалаң мәлімет бермей, оқушыларыма әртүрлі үлкенді-кішілі ғылыми тақырыптарды жазғызып, ана тілінде шешен сөйлеуге, логикалық жүйеде ойлауға, ғылыми жұмыстардың жазу тәртібіне баулып жүрмін. 2003-жылы қазақтың ұлы ақыны М.Жұмабаевтың 100-жылдығына арнап «М.Жұмабаев- текті дарынды тұлға» деген ғылыми жоба жазып оқушым Әзімбаева Айнұр облыс деңгейінде ІІІ орынды иеленді. Әрине, орысша оқып жатқан баланың қазақ мектептерінде оқитын балаларға қарағанда сөйлеу еркіндігі төмендеу ғой. Бірақ, өз тілінде осылай сайысқа түсудің ол бала үшін психологиялық оң сезімі, әсері зор болғаны сөзсіз.
Осы 2005 жылы, екі оқушым, Кереева Динара мен Ташмұхамбетова Аида «Оймақтының шебері Құсайынова Сақып Рақымжанқызының өнегелі өмірі, өнері өңірімізде қолөнер мен салт-дәстүрдің дамуының кепілі» деген көлемді ғылыми жұмыспен оқушылардың республикалық ғылыми жұмыстары сайысына қатысты.
Осы ізденістер барысында, 30-қараша күні облыстық «Есіл-СК» әдістемелік құралдар баспасынан «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері кітапханасы» сериясынан бірінші болып «Оймақтының шебері» атты әдістемелік құралым жарық көрді. Бұл әдістемелік жинақта қазақ әйелдерінің қолөнері, ұлттық киімдері, тағы басқа ұстаздар қажетіне жарайтын дүниелер бар.
Оқушылар өткен жылы «Халқымыздың болашағы – текті ұрпақ» тақырыбына зерттеулер жүргізіп, өздерінің шыққан тегінде неше түрлі әйгілі адамдар болғанын анықтап, керемет мақтаныш сезіммен, қала мұғалімдеріне арналған шеберлік сыныпта білімдерін ортаға салды, ол туралы Петропавл қалалық оқу бөлімі буклет ұйымдастырды.
Иә, «нені сақтап, нені мақтаныш етемін?» дейтін емес. Халқымыздың терең тарихы, өнері, өнер адамдары ұрпақтарының қызығушылығын, еске алуын, зерттеуін тілеп, тосып жатқандай!
«Екі қазақ, тіпті екі егде адам, әжесі мен немересі, азаматтар бір-бірімен орысша сөйлесетін өңірімізде «көпке күл шаша бермей», орыс мектебінде оқып жатқан болашақ қазақ азаматтарының жанына ұлттық намыс, ұлттық болмыс ұялата алсам, биік мұраттарға жеттім дер едім!»
Жобаның болашағы
Қазақ халқының салт-дәстүрін үйренудің барлық орыс тілінде білім беретін мектептерде оқу бағдарламасына ену мүмкіндігі.
Жас ұрпақтың этномәдениеттік, этнопсихологиялық танымының деңгейінін жоғарлауы.
Қоғамның ең қымбат байлығы, оның болашағы – дарынды балаларды дамытуға ең қолайлы жағдайлардың толық жасалуы.
Қоғамда талантты, дарынды, мемлекеттік тілге жетік, ұлт-дәстүрді құрметтейтін азаматтардың көптеп тәрбиеленуі.
Халқымыздың ұлттық санасын оятады, еңсесін, мәртебесін көтереді, әлемдік қауымдастықта терезесі тең, ұлтына деген мақтанышы биік зиялы қауымның қалыптасуы.
Бағдарламаның республика көлемінде жүзеге асуы.
Жобаның әдістемелік негізі ғылыми дәрежеде тереңдетіліп, арнайы оқулықтардың шығуы.
Ұлттық тәрбиемен айналысатын білікті ұстаздар қауымының қалыптасуы.
Ұлттық тәрбие оқу үрдісінде барлық пәндерді беру барысында берілуі.
Күтілетін нәтижелер
Орыс мектептерінде оқитын қазақ ұлтының балаларының өзінің еліне, Отанына, жеріне, ата-бабасының төккен қаны мен теріне адал болып өсуі.
Қайда жүрсе де, не істесе де қазағын- елін ойлап, Қазақстан – Отаны мен жерін ойлап, осыны көркейтсем, кіндік қаным тамған елім аман болса екен, оның дәрежесі жоғары болса екен, қай мемлекетке барсам сыйлы болсам екен деген азаматты тәрбиелеу.
Қазақтың баласы қай жерде жүрсе де Отанын сүйетін, оның тәуелсіздігі мен болашығы үшін жанын аямайтын болып шығуы.
Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында халқымыздың ғасырлар бойы жасаған мәдени мұрасын құрметтейтін, үйреніп, өмірінде қолдана алатын, әрі қарай алып барып, дамытсам деген жастардың көптеп болуы.
Ұлттық болмысымыздан нәр алған, мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктерін бойына жиған ұрпақтың өмірден орын алуы.
Халықтың орасан мол мәдени мұрасын зерттеуге, зерделеуге ынталы зерек, ғылыми жұмыстарға бейім көзі ашық көкірегі ояу жастардың көп болуы.
Ұлттық тәрбие ғана беріп қоймай, өз ұлтымыздың сұлулығы мен сымбаттылығын, тазалығын әлемге паш етіп қана қоймай, әлемдік мәдениетпен ұштастырып, қазіргі заманға сай, бейім, жан-жақты дамыған қасиетті де қадірлі, текті де парасатты жаңа заманның жасампаз тұлғасының қалыптасуы.
Өз ұлтының киімін, салт-дәстүрін күнделікті өмірде киіп, ұстап, өздерінің болашақ отбасында жаңғыртатын жастардың тәрбиеленуі.
Орыс мектептерінде білім алғанымен, қазақ тілінде өз ортасында сөйлесе алатын, қысылмай – қымтырылмай, өзін еркін ұстай алатын қазақ жастарының санының көбеюі.
Орыс мектептерінде оқығанмен, қазақ тілінде байқауларға, ғылыми жобалар сайыстарына қатысып жүлделі орындар алуға ынталы шәкірттердің көптеп тәрбиеленуі.
Қазақ балаларының қазақ тілінде білімдерін жоғары оқу орындарында жалғастыра алуы.
Оқушылардың қазақша театр қойылымдарын, әдеби кітапттар, мерзімді басылымдарды оқи алуы, теледидар хабарларын өз тілінде қабылдай алуы қазақша ән айтып, ұлттық аспаптарда ойнауы.
Жобаның материалдық-техникалық базасы
Дарынды балалар үшін мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицейінің ғылыми-әдістемелік, материалдық базасы осы бағдарламаны жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді.
Жобаның құқықтық негізі
Бағдарламаның жүзеге асуы Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңына», заң актілерінің талабына, Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министрлігі жанында құрылған Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы жасаған дарынды балаларды айқындау және қолдау бағдарламасына сай «Президенттік Қазақстан халқына жолдауының» 2,3 «Мәдени – тарихи мұраларды сақтау туралы» бағдарламасын іске асыруға қызмет етеді.
Жобаның жүзеге асырушылары:
Мектеп әкімшілігі.
Жоғары санатты, ұлттық тәрбиені жетік білетін білікті ұстаздар.
Қазақ балалары және олардың ата-анасы, ата-әжелері.
Петропавл қаласы Білім бөлімі жанынан құрылған шығармашылық топ ұстаздары.
Шеберлік сынып ұстазы – Ғалиева Ботагөз Жағыпарқызы.
Достарыңызбен бөлісу: |