Бауырына қамшы батқанда Тайбурыл шиыршық атты. Атандай төсі салынып, құбылып гулегенде табаны жерге тиер-тимес қалықтап созылды. Үкілі құйрық, майда жал алдынан ескен желмен судырай жайылып, суылдап қыл қобыздың нәзік ызылындай үн шығарды. Көктен құйған тамшыдай құлдырап зулаған Бурыл шабысты өршітті. Бүйірі қызған сайын елірген Бурыл ауыздықты қарш-қарш шайнады.
Жылқы түстері де әр алуан
Бурыл ат
Б. Соқпақбаев
Жиырма шамалы ат көмбеге қаз-қатар тізіле бастады. Жұрттың көзі де, көңілі де, міне, соларда. Мал танығыш сынампаз қариялар ентелеп мойындарын соза қарасып, әр түрлі болжам айтысады.
Осы бір бурыл ат қайдан келді? Өзінің түр-тұлғасы бөлектеу екен. Төреші жалауын құлдилата сермеп қалды:
Барыңдар! Жолдарың болсын! – деді.
Ауыздықпен алысқан жиырма ат жерді дүрсілдетіп шаба жөнелді. Қарагер жалғыз дара ұзап шықты. Қарагерден оқ бойы кейінде сары ат келе жатыр. Оның соңында шалма тастам жерде бурыл ат. Мәреге жарты айналым қалғанда бурыл ат сары атты, қарагерді қуып жетіп, басып озды. Бурыл ат мәреге жалғыз дара болып, Қарагерден оқ бойы озып келді.
Жүйрік ат, алтын жалатылған ер-тұрман, сұлу жар – ер-азаматтың ажары. Әсіресе, мінген аты мен ер-тұрманына әр адам үлкен мән берген, ауыл-аймақ оны соған қарап бағалаған.
Жылқы
С.Мұқанов
Тебіндегі жылқыны бірінші көруім. Жылқы деген жануар мал атаулының ішіндегі қайраттысы екен.
Жылқыларда аналық мейірім де керемет! Соңынан құлыны, тайы ерген биелер қар тепкенде әуелі өзі оттамай, құлындарына шөп ашып береді.
Жылқы етінің өзге малдың етінен күштілігі туралы естігем. Жылқы сорпасы, майы суық болса да қатпайды. Тағы бір ерекшелігі жылқының терісінің исіне жылан жоламайды. Ал жылан шаққан адамға аттың терін ішкізсе, мың да бір ем болады екен. Жылқы шөптің асылын теріп жейді, судың тұнығын жүзіп жүріп ішеді.
Жылқының ең қадірлі мүшесі – жая, одан кейін: қазы, қарта, жал.
Есіңде болсын!
Жылқының сүті – қымыз. Ол – киелі ас. Қымыздың шала ашығаны – саумал. Қымыз – құнан, дөнен, бесті болып бөлінеді.
Жылқы өсірсең ызғытып,
Құлын-тайын шұбыртып,
Қымызы дәрі адамға,
Сабадан құйсаң көпіртіп.
«Үйірілген қышқыл, тәтті, сары қымыз, Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз» деп, Жамбыл атамыз қымыздың емдік қасиетін жоғары бағалаған.
Жылқы туралы мақал-мәтел
Ат болатын тай саяққа үйір,
Адам болатын бала қонаққа үйір.
2. Жақсы ат жанға серік.
3. Алдыңғы айылдың батқанын иесі білмес, ат білер.
4. Тістейтін жылқы тісін көрсетпес.
5. Тайдың мінгені білінбес,
Баланың жүгіргені білінбес.
6. Тағасының күмісіне мақтанба,
Атыңның жүрісіне мақтан.
7. Жылқының көркі - құйрық,
Үйдің көркі - мүлік.
Сиыр малы да киелі, қасиетті мал
Шығыс елдерінің көпшілігі сиырды «ана» деп қастерлейді. «Сиырдың сүті – тілінде» – дейді халқымыз. Бұл малдың жем-суы жеткілікті болмаса, ол күтушінің жауапсыздығын көрсетеді.
Сиыр
Мүйізі айдай иілген,
Мұрнын көкке шүйірген.
Керілген желін, сала емшек,
Сауғанда жаның сүйінген.
Ірімшік пенен құрт, майы
Жегенде тілді үйірген.
Сиырдың пірі – Зеңгі баба. Сиыр жасына қарай төмендегідей бөлінеді:
Сиыр туралы мақалдар
Мал жақсысы – сиыр,
Жер жақсысы – кебір.
Сиыр сүті тілінде.
Сиыр малы сушыл келеді,
Пасық адам күншіл келеді.
Сиыр мүйізін төсейді,
Жылқы жалын төсейді.
5. Малды бақсаң, сиыр бақ,
Сүт кетпейді шарадан.
Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір
Марқа қозыны неге қырқады?
Ертеде бір бұйра ақ қозы болыпты. Ол тіпті кішкентай екен. Құйттай, нәп-нәзік, жүні де бұйра, әрі қысқа. Күз келді. Қозылар марқайып, шалғынға отығып ет алды, салалы жібек жүнді «тон» киді.
Оларды «қой шаштараздары» – қырықтықшылар қырықты. Кісілер барлық қырқылған жүнді жиып алып, байлады, жүк машинасына артып, фабрикаға жөнелтті. Онда қой жүнін жақсылап жуып, түтіп, машинамен иіріп, жіп жасайды, одан мата тоқиды. Сонан соң басқа фабрикада костюм, көйлек, пальто, күрте тігеді. Қозының жүнінен тек киім ғана емес, сәнді кілем мен алаша да тоқылады, әдемі сырмақ пен текемет те басылады. Халқымыз қой жүнінің осындай игіліктерін ежелден өз қажетіне жаратқан. Қазақтың киіз үйіндегі жиһаз-жабдықтардың қаншасы қой жүнінен жасалған?!
Қазақ үйінде асар еті бола тұрса да, қадірлі қонақ келсе, арнап мал сояды. Ал қонаққа көп сойылатын мал – қой. Қойдың басын қадірлі қонаққа, беделді ақсақалға тартады. Ауылдың қадірлі санайтын қонақтары: сыйлы ақсақалдар, әкімдер, құда-құдандалар. Сыйға тартылатын табақтар адамына қарай: бас, орта, аяқ табақ болып үшке бөлінеді.
«Қойдың сүті – қорғасын» дейді халық. Қой бағудың тәсілдерін игеру – өзінше бір қасиет.
«Мә-мә» деген әні бар
Жібек тоны-сәні бар:
Қошақаным момақан
Сүйкімді бір жануар.
Қойдың пірі – Шопан ата.
Қой жасына, жынысына қарай төмендегідей талданады:
Қойға байланысты мақал-мәтелдер
Сүтсіз қой маңырауық.
Қой тілегі – амандық,
Бөрі тілегі жамандық.
Қой семізі қойшыдан.
Тоқсан қабат торқадан,
Тоқтышағымның терісі артық.
Семіздікті қой ғана көтереді.
Ешкі - өсімтал мал. Ешкі атасы – Сексек ата.
Ешкі
1.Жүрісі – жүрдек, қағілез.
2. Қасиеті – ыстыққа, суыққа төзімсіз, қорқақ.
3. Көбеюі – өсімтал.
4.Пайдасы – сүті – ана сүтімен барабар, түбіті – киім.
5. Жейтіні – тасжарған, ырғай, итмұрын.
Ешкі атауларының жіктелуі
.
Төрт түліктің төркіні
(қойылым)
Қатысушылар: Мұғалім, оқушылар, түйе, сиыр, жылқы, қой.
Мұғалім: Қастерлеген түлікті,
Желмаяны, күлікті.
Қазақ атам ежелден
Маман болған білікті.
Алдын ала уайымдап,
Өріс – суын дайындап,
Түйген сол бір сырларын
Көрейікші пайымдап.
Екпіні қатты ағыннан,
Қымызын жұрт сағынған
Қамбар ата тұқымы –
Жылқы қалай бағылған?
Оқушы:
Ен даланы көсілген,
Дүбірімен көшірген.
Ер қанатын бабамыз
Үйірімен өсірген.
Мұғалім: Бәрекелді жарадың
Бестік баға – аларың.
Қасиетін жылқының
Бар ма ортаға саларың?
Екінші оқушы: Жылқы
Киелі қамбар атамнан
Ақ тілеулі бата алған.
Текті түлік мен болам –
Ер қанаты атанған.
Мінсең, жүйрік піріңмін,
Көңіліңнің гүлімін.
Қастер тұтқан ардақтап,
Жеті қазына бірімін.
Мұғалім: Құм мен шөлде бағы бар
Бал шұбаты тағы бар.
Ойсылқара тұқымы
Түйе қалай бағылар?
Үшінші оқушы: Төрт түліктің төресі –
Құм даланың кемесі.
Ойсылқара тұқымы
Түйенің бар киесі.
Төртінші оқушы : Түйе
Төрт түлікте төремін,
Кеме болып өремін.
Сусыз шыдап өткерем,
Қырық күннің көлемін.
Жантақ – сүйер қорегім,
Желмая боп желемін.
Жібек – шуда, бал шұбат
Адамға көп берерім.
Мұғалім: Ақ сүтінен ағылған
Құрт пен қатық табылған.
Зеңгі баба тұқымы
Сиыр қалай бағылған?
Бесінші оқушы: Өз орнына қойылар
Әр атаудың жайы бар.
Табын – табын, табын боп
Сиыр малы жайылар.
Мұғалім: Егіздейін өсіммен
Кең далада көсілген.
Шопан ата тұқымы
Қойды қалай өсірген?
Алтыншы оқушы :
Қойдың сүті – қорғасын,
Оны ішпеген оңбасын,
Деп атамыз мыңғыртқан
Қойдың қора – қорасын.
Жетінші оқушы: Қой
Қоңырымын адамның
Төрт түлікке саналдым.
Тұяғымын мен де бір
Шопан – ата бабамның.
Санамақ
Бір дегенім – білеу,
Екі дегенім – егеу,
Үш дегенім – үскі,
Төрт дегенім – төсек,
Бес дегенім – бесік,
Алты дегенім – асық,
Жеті дегенім – желке,
Сегіз дегенім – серке,
Тоғыз дегенім – торқа,
Он дегенім – оймақ,
Он бір дегенім – қара жұмбақ.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Н.А.Оразақынова «Сатылай комплексті талдау» оқу құралы. Алматы, 2006 ж.
2. Қ.Жарықбаев «Ақылдың кені» Алматы, Қазақстан, 1991ж.
3.С.Қалиев «Қазақ этнопедагогикасының тарихы» Алматы, Білім, 1999 ж.
4. Б.Адамбаев «Халық даналығы» Алматы, Рауан, 1996 ж.
5. Қ.Жарықбаев, С.Қалиев «Қазақ тәлім-тәрбиесі» Алматы, Санат, 1995 ж.
6. С.Қалиев, М.Оразбаев, М.Смайлова «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» Алматы, Рауан, 1994 ж.
7. М.Жұмабаев «Шығармалар» Алматы, Білім, ІІ-ІІІ том, 1996 ж.
8. С.Ғаббасов «Халық педагогикасының негіздері» Алматы, әл-Фараби, 1995 ж.
9. А.Шашақов, «Халық тәлім-тәрбие бастауы» Алматы, Рауан, 1998 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |