Ішкi сулары және су ресурстары (7 сағат)
Қазақстанның ішкі суларының ерекшеліктері. Өзен торларының таралуының әртүрлiлiгi. Өзеннiң қоректенуi, режимi. Басты өзен жүйелерi. Өзен суларын шаруашылықта пайдалану.
Қазақстан көлдерi, олардың пайда болуы, көлдердi шаруашылықта пайдалану. Арал, Балқаш, Каспий көлдерiнiң проблемалары.
Жер асты сулары. Мұздықтар, қар жамылғысы.
Судың табиғат пен шаруашылықтағы ерекше рөлi. Мелиорация. Сумен байланысты қауiптi құбылыстар (тасқын, су басу, қар көшкiнi, сел) және олардың алдын алу шаралары. Су ресурстарын қорғау.
Өз облыстары мен жергiлiктi жердiң iшкi сулары және су ресурстары, оларды қорғау шаралары.
Практикалық жұмыстар:
1.Карта және статистикалық материалдар бойынша өзен суларының жылдық ағысын, және оларды шаруашылықта пайдалану мүмкіндіктерін анықтау.
Қазақстанның топырағы және топырақ - жер ресурстары (3 сағат)
Топырақтың түзiлуi, олардың негiзгi түрлерi, қасиетi, құнарлылығы жөнiнен айырмашылығы. Топырақтың таралу заңдылықтары. Қазақстанның топырақ картасы.
Топырақтың бұзылуы және ластануымен күрес. Жер ресурстары және Қазақстанның азық - түлік мәселелері. Жер мелиорациясының рөлі. Жер мелиорациясының картасы
Топырақтың табиғаттағы және адамның шаруашылық iс–әрекетiндегi маңызы. Өз облысының және жергiлiктi жердiң топырағының ерекшелiктерi.
Практикалық жұмыс:
1.Қазақстан аумағында топырақ түрлерінің таралуын картадан оқып - үйрену.
2.Жергілікті жердің топырағының құрылымына, құнарлылығына, эрозиясына және т.б. бақылау жүргізу.
Қазақстанның биологиялық ресурстары (2 сағат)
Қазақстан аумағының өсiмдiк жамылығысы. Тіршілік үшін өсімдіктердің маңызы. Өсімдіктерді қорғау.
Қазақстанның жануарлар дүниесi. Биологиялық ресурстардың табиғаттағы және адамның шаруашылық әрекетiндегi маңызы. Өсiмдiк және жануарлар дүниесiн қорғау шаралары. «Қызыл кітаптың» маңызы.
Өз облысы мен жергiлiктi жердiң биологиялық ресурстары.
Практикалық жұмыс.
1.Өсiмдiктер картасын пайдаланып, Қазақстан аумағында кездесетiн өсiмдiктер қауымдастығын анықтау.
Қазақстанның табиғат кешендерi (6 сағат)
Табиғи аудандастыру: табиғат зоналар және табиғи аудандар, олардың бөлiну принциптерi. Аудандастыру карталары.
Табиғи зоналар табиғат кешендерiнiң бейнесi iспеттес. Олардың компоненттерiнiң өзара байланысы мен бiр–бiрiне тәуелдiлiгi. Қазақстанның орманды дала, дала, шөлейт, шөл табиғат зоналары. Табиғат зоналарының климатына, жер бетi суларына, топырақ–өсiмдiк жамылғысына және жануарлар дүниесiне сипаттама.
Өз облысы мен жергiлiктi жердiң табиғи зоналары, оның экологиялық проблемалары.
Практикалық жұмыс.
1.Табиғат зонасының компоненттері мен ресурстарының бір - біріне тәуелділігін анықтау (таңдау бойынша).
Қазақстан аумағын географиялық аудандастыру (1 сағат)
Аумақты аудандастыру (физикалық - географиялық, тарихи- географиялық, табиғи - шаруашылық, экономикалық және т.б.). аудандастыру ұстанымдары мен факторлары. Қазақстанның табиғи аудандары.
Қазақстанның iрi табиғи аудандары (17 сағат)
Қазақстанның жазықтары (9 сағат)
Ірі табиғи аудандар: Шығыс Еуропа, Батыс–Сiбiр, Тұран, Қазақтың ұсақ шоқысы (Сарыарқа).
Физикалық–географиялық орны. Геологиялық құрылымы және оның рельефтің ерекшеліктері мен пайдалы қазбалардың таралуына әсері. Жер бедерiнiң ұқсастықтары мен ерекшелiктерi. Табиғи ресурстары, оларды пайдалану. Климаттық ерекшеліктері мен агроклиматтық ресурстары. Өзендері мен көлдері. Ендiк зоналық. Зоналық табиғат кешендері. Табиғатты қорғау және қайта жаңғырту.
Қазақстанның таулары (8 сағат)
Қазақстанның таулары: Орал, Алтай, Жоңғар Алатауы, Саур Тарбағатайы, Солтүстiк Тянь–Шань.
Физикалық–географиялық орны. Геологиялық құрылымы және оның рельефтің ерекшеліктері мен пайдалы қазбалардың таралуына әсері. Жер бедерiнiң ерекшелiктерi, геологиялық құрылымы. Табиғи ресурстары. Климаты. Биiктiк зоналылық.
Практикалық жұмыстар:
Кескiн картаға Қазақстанның iрi табиғи аудандарын түсiру.
Қазақстанның табиғи аудандарының (жазықтары, таулары) профилiн сызу.
Табиғат ресурстарын тиімді пайдалану және табиғатты қорғау
(6 сағат)
Табиғат ресурстарын пайдалану және қайта жаңғырту. «Табиғат жағдайлары», «табиғат ресурстары», «табиғи орта» ұғымдары. Табиғат ресурстарын пайдалану және қайта жаңғыртудағы география ғылымдарының рөлі. Табиғат қорғау мәселелерiнiң географиялық аспектiлерi. Адамның шаруашылық іс–әрекеті нәтижесінде табиғаттағы өзгерістерге болжау жасау. Табиғатты пайдалану негіздері және табиғат қорғау. Аймақтық экологиялық мәселелер. Ерекше қорғалатын аумақтар. Қазақстан аумағындағы табиғи мұралардың Дүниежүзiлiк объектiлерi. Қазақстанның табиғат қорғау заңдары.
Практикалық жұмыстар.
1.Карта және статистикалық мәліметтер бойынша табиғат ресурстарының бір түріне жоспар бойынша (маңызы, құрамдас бөлігі, аумақ бойынша таралуы, табиғат қорғау жолдары мен тәсілдері және табиғатты тиімді пайдалану) сипаттама беру.
9 СЫНЫП
(барлығы 34 сағат, аптасына 1 сағат)
Кіріспе (1 сағат)
Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік георафиясы пәні, оның физикалық географиямен және қоғамдық ғылымдармен байланысы.
Қазақстан шаруашылығының дамуындағы әлеуметтік–тарихи факторлар, негізгі даму кезеңдері.
Халқы және еңбек ресурстары (4 сағат)
Қазақстан халқы. Халық саны, оның өзгеру себептерi. Таяу және алыс шетелдердегi қазақ халқының саны. Қазақ диаспорасы.
Халықтың орналасуы, халықтың орналасу тығыздығындағы айырмашылықтардың себептерi. Халықтың табиғи қозғалысы (туу, өлiм, табиғи өсiм).
Халықтың ұлттық (этникалық), дiни құрамы. Халықтың жастық және жыныстық құрамы.
Елді мекендер, қала және село халқы. Қалалардың өсуі. Село халқының орналасуындағы географиялық ерекшелiктер.Селоның қазiргi әлеуметтiк проблемалары. Халықтың көші–қоны (миграция).
Еңбекке жарамды жас және еңбек ресурстары ұғымы. Халық және қоршаған орта. Қалалардың экологиялық проблемалары.
Практикалық жұмыс:
1.Қазақстан халқының тығыздығын анықтау: а) елдегi халықтың орташа тығыздығы; б) жергiлiктi жердегi халықтың орташа тығыздығы.
2.Халықтың құрамы, құрылымы және орналасуы жөнiнен диаграмма құру (оқулықтың қосымшасындағы статистикалық материалдарды пайдаланыңыздар).
Қазақстанның шаруашылық географиясы (14 сағат)
Шаруашылыққа жалпы сипаттама (1 сағат)
Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік даму тарихы. Ресей құрамындағы Қазақстан. ХХ ғасырдың басындағы өнеркәсіп өндірістерінің қалыптасуы. ХІХ–ХХ ғғ. Темір жол құрылыстары. Кеңестер Одағы құрамындағы Қазақстан. Ғылыми–техникалық революция кезеңіндегі Қазақстанның шаруашылығы. Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуындағы жаңа кезеңдер. Қазақстан шаруашылығының дүниежүзілік экономикадағы рөлі мен орны. Экономикалық потенциалы мен даму болашағы.
Шаруашылық құрылымының ерекшелiктерi және оның жетекшi салалары, оларды орналастыру принциптерi. Қазақстан шаруашылығында өнеркәсiптің рөлі. Өнеркәсiп салаларының орналасуы мен дамуына әсер етушi факторлар. Тәуелсiз Қазақстан жағдайындағы өңдеушi өнеркәсiптiң даму саясаты.
Отын–энергетикалық кешен (3 сағат)
Елiмiздiң шаруашылығындағы маңызы, саланың құрамы. Қазақстанның отын ресурстары. Шетелдiк фирмалармен бiрлесiп жұмыс iстеу.
Мұнай өнеркәсiбi. Мұнай өндiретiн негiзгi аудандары, iрi кен орындары, оларды игеру мәселесi. Мұнай құбырлары: Мұнай саласының қазiргi жағдайы, негiзгi мәселелерi және даму болашағы.
Газ өнеркәсiбi. Негiзгi кен орындары. Құбыр жолдары жүйесi. Елiмiздiң экономикасындағы газ саласының рөлi. Қазақстанда iшкi газбен қамтамасыз ету проблемалары. Әлуметтік және экологиялық проблемалары.
Көмiр өнеркәсiбi. Отын–энергетикалық кешендегi көмiр өнеркәсiбiнiң рөлi. Негiзгi көмiр бассейндерi, оларды шаруашылық тұрғыда бағалау. Қазақстандағы көмiр қоры және оны өндiру. Жер асты және ашық әдiспен өндiру. Көмiрдi пайдалану. Көмiр өндiрiлетiн аудандардың әлеуметтiк және экологиялық проблемалары.
Электр энергетикасы, оның маңызы. Электр станцияларының түрлерi. Электр энергиясын өндiрудегi түрлi типтегi станциялардың үлесi. Аймақтық энергетикалық жүйе құру. Түрлi типтi электр станцияларының қоршаған ортаға жағымсыз әсерi. Табиғатты қорғау шаралары.
Практикалық жұмыс:
1.Шаруашылық құрылымының сызбасын құрастыру.
2.Кескiн картаға мұнай және газ кен орындарын, негiзгi көмiр бассейндерi мен электр станцияларын түсiру.
Металлургия кешенi (3 сағат)
Салалық құрамы, орналасу ерекшелiктерi, шикiзат базасы, iрi орталықтары. Республика экономикасындағы металлургия өнеркәсiбiнiң орны мен маңызы, басқа салааралық кешендермен байланысы.
Қара және түстi металлургия, салалық құрамы. Республика бойынша қара металлургияның дамуы: шикiзат базасы, кәсiпорындарының орналасу ерекшелiктерi, iрi орталықтары.
Қазақстан – түстi металдарды өңдеудегi iрi аудан. Рудаларды өндiру мен оларды қайта өңдеудегi негiзгi аудандар. Металлургия және қоршаған орта. Шетелдiк фирмалармен бiрлесiп жұмыс iстеу.
Практикалық жұмыс.
1.Карта және статистикалық материалдар бойынша бiр металлургиялық базаға сипаттама беру.
Машина жасау кешенi (2 сағат)
Елiмiздiң экономикасындағы машина жасаудың маңызы. Салалық құрамы, басқа салааралық кешендермен байланысы. Машина жасау кәсiпорындарының орналасу факторлары. Негiзгi аудандары мен орталықтары. Тәуелсiз Қазақстан жағдайында бiрлескен кәсiпорындар құру.
Практикалық жұмыс:
1.Карта мен статистикалық материалдарды пайдаланып, машина жасау кешенiнiң бiр саласына жоспар бойынша сипаттама беру.
Химия өнеркәсiбi кешенi (1 сағат)
Салалық құрамы, орналасу ерекшелiктерi, iрi кәсiпорындары және оның дамуы, басқа салааралық кешендермен байланысы. ҒТП ғасырындағы химия өнеркәсiбiнiң маңызы. Құрылыс материалдары өндiрiсi. Ағаш өңдеу және целлюлоза - қағаз өнеркәсiбi. Химиялық қалдықтармен ластанған қоршаған ортаны залалсыздандыру.
Практикалық жұмыс.
1.Химия өнеркәсiбiнiң салалық құрамының сызбасын құрастыру.
Агроөнеркәсiптiк кешен (3 сағат)
Агроөнеркәсiптiк кешеннiң құрамы және оның шаруашылықтағы маңызы. Ауыл шаруашылығы – кешендегi негiзгi сала. Ауыл шаруашылығына жарамды жерлер. Ауыл шаруашылығының материалдық - техникалық базасы.
Қазақстанның жер қоры. Жайылымдық және шалғынды жерлер.
Қазақстанның өсiмдiк шаруашылығы. Табиғат жағдайларына тәуелдiлiгi. Бидай шаруашылығы, таралған аудандары, олардың өсуiне табиғи және экономикалық факторлардың әсерi.
Қазақстан - iрi мал шаруашылықты аймақ. Негiзгi салалары және олардың республика аумағы бойынша таралуы. Республиканың мал шаруашылығының даму болашағы.
Ауыл шаруашылығы шикiзаттарын қайта өңдеу салалары. Тамақ және жеңiл өнеркәсiп салаларын шикiзат және тұтыну көздерiне таяу орналастыру. Тамақ және жеңiл өнеркәсiптерi дамыған негiзгi аудандар, олардың орналасуы.
Әлеуметтiк инфрақұрылым салалары. Әлеуметтiк инфрақұрылымның маңызы және оның құрамы. Сауда және тұрмыстық қызмет көрсету. Денсаулық сақтау. Бiлiм беру. Халықтың демалысын ұйымдастыру. Негiзгi рекреациялық аудандар.
Жергiлiктi жердiң агроөнеркәсiптiк кешендерi.
Практикалық жұмыс:
1.АӨК–ң салалық құрамының сызбасын құрастыру..
2.Картадан дәнді және техникалық дақылдардың, сонымен бірге мал шаруашылығының таралуының басты аудандарын анықтау.
3.Тамақ және жеңiл өнеркәсiп орталықтарының орналасуына талдау жасау.
Көлiк кешенi және аумақтық–өнеркәсiптiк байланыстар (1 сағат)
Ел шаруашылығындағы көлік кешенінiң маңызы. Көлік түрлерінің жіктемесі, олардың жүк және жолаушы тасымалдаудағы рөлі. Ірі көлік магистралдары мен оның бағыттары,
Темiр жол көлiгi, оның маңызы. Iрi темiр жол тораптары. Темiр жол көлiгiнiң қазiргi жағдайы және негiзгi мәселелерi.
Автомобиль жолы көлiгi, оның маңызы, пайдалану шарттары. Негiзгi автокөлiк тасымалдаулары. Автокөлiктiң экологиялық және экономикалық проблемалары.
Су жолы көлiгi, оның маңызы, өзен навигацияларының шарттары. Әуе жолы көлiгi. Негiзгi әуе желiлерi және әуе жолы тасымалдаулары.
Құбыр жолы тасымалдары, мұнай және газ құбырлары желiлерi.
Телекоммуникация желiлерi, олардың ақпаратты сақтау және тасымалдаудағы маңызы. Телекоммуникация тораптарының дамуы.
Көлiк және қоршаған ортаны қорғау.
Практикалық жұмыс:
1.Карта бойынша көлiк кешенiнiң тораптарын, оның елiмiздiң аумағы бойынша таралуын оқып - үйрену.
2.Жергiлiктi жердiң көлiк кешендерi жұмысына талдау жасау.
Қазақстанның экономикалық аудандары (11 сағат)
Экономикалық аудандастыру (1 сағат)
Экономикалық аудандастыру принциптерi. Аумақтық еңбек бөлiнiсi.
Орталық Қазақстан (2 сағат)
Ауданның құрамы. Қазақстанның орталық, неғұрлым континенталды бөлiгiнiң географиялық орны.
Экономикалық ауданның республика шаруашылығындағы алатын орны. Табиғи ресурстары. Сумен қамтамасыз етiлу проблемалары. Халқы.
Шаруашылық географиясы. Көмiр – металлургия - машина жасау кешендерiнiң дамуы. Ауыл шаруашылық аудандары. Көлiк кешенi және аумақтық - өндiрiстiк байланыстар. Қарағанды - Темiртау, Балқаш және Жезқазған аумақтық өнеркәсiп тораптары.
Ауданаралық экономикалық байланыстары. Аудан аумағындағы бiрлескен кәсiпорындар мен шетелдiк компаниялар.
Қалалары, олардың даму тарихы. Жоғары концентрациялы өндiрiс жағдайындағы табиғат қорғау мәселелерi.
Практикалық жұмыс.
1.Орталық Қазақстанның табиғат ресурстарының ерекшелiктерiн анықтау. Кескiн картаға пайдалы қазбалар мен олардың кен орындарын түсiру.
Шығыс Қазақстан (2 сағат)
Ауданның құрамы, оның республика шаруашылығындағы алатын орны. Су энергиясы ресурстары. Жайылымдары мен шабындық жерлерi. Халқы. Рудалы Алтай – Қазақстанның ежелгi өнеркәсiптi ауданы.
Мал шаруашылығы мен егiстiк жерлерi. Көлiк кешенi. Өскемен, Семей өнеркәсiп тораптары. Экологиялық проблемалары. Ауданаралық экономикалық байланыстары. Аудан аумағындағы бiрлескен кәсiпорындар мен шетелдiк компаниялар. Қалалары, олардың даму тарихы. Табиғат қорғау шаралары.
Батыс Қазақстан (2 сағат)
Ауданның құрамы, республика шаруашылығындағы алатын орны. Қазақстанның батысындағы Азия мен Еуропаның шегiнде орналасуы. Аумағының жазық болып келуi, далалары, шабындық жерлерi, шөлдерi, климатының қуаңшылығы, өзендерiнiң суының аздығы, сумен қамтамасыз ету проблемалары. Жер қойнауының байлығы. Халықтың сирек қоныстануы, қала халқы мен село халқы. Әлеуметтiк–экологиялық проблемалары.
Мұнай - газ химия кешендерiнiң дамуы. Еркiн экономикалық зонаның қалыптасу мәселелерi. Мал шаруашылығы және егiстiк жерлерi, балық аулау және балық өңдеу. Көлiк кешендерi. Аумақтық - өндiрiстiк кешендерi мен өнеркәсiп тораптары. Экономикалық ауданаралық байланыстары. Аудан аумағындағы бiрлескен кәсiпорындар мен шетелдiк компаниялар. Қалалары, олардың даму тарихы. Табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды тиiмдi пайдалану.
Практикалық жұмыс.
1.Екi ауданның шаруашылығына салыстырмалы сипаттама беру (мұғалiмнiң таңдауы бойынша).
Солтүстiк Қазақстан (2 сағат)
Ауданның құрамы, республика шаруашылығындағы алатын орны. Аумағының жазық болып келуi, орманды далалары, далалары және шөлейттерi. Дәндi дақыл егiстiктерiн егуге қолайлы мүмкiндiктерi. Жер қойнауының көмiр, темiр рудалары мен басқа да пайдалы қазбаларға байлығы. Аумағында халықтың қоныстануының бiркелкiлiгi және тығыздығы. Қала және село халқы.
Тың және тыңайған жерлердi игеру. Топырақ эрозиясымен күресу шаралары. Дәндi дақылдар шаруашылығы мен мал шаруашылығы – аудан шаруашылығының дамуының басты бағыттары.
Ауыр өнеркәсiптiң, әсiресе, тау - кен өндiрiсi мен тау - кен байыту өнеркәсiптерiнiң дамуы. Түстi және сапалы қара металлургияның дамуы. Көлiк кешенi. Павлодар - Екiбастұз аумақтық - өндiрiстiк кешенi. Қостанай, Ақмола және Петропавл өнеркәсiп тораптары. Экономикалық ауданаралық байланыстары. Аудан аумағындағы бiрлескен кәсiпорындар мен шетелдiк компаниялар. Қалалары, олардың даму тарихы. Қазақстанның астанасы – Астана қаласы.
Оңтүстiк Қазақстан (2 сағат)
Ауданның құрамы, республика шаруашылығындағы алатын орны. Ауданның Қазақстанның оңтүстiк және оңтүстiк - шығыс шегiндегi географиялық орны. Табиғат жағдайларының алуан түрлiлiгi, таулары, тау алды жоталары және жазықтары. Ландшафт климатының алуан түрлiлiгi. Өзендерi – мелиорация мен электр энергиясының көздерi. Жер қойнауының полиметалл және фосфоритке байлығы. Халықтың тығыздығы. Қала және село халқы.
Шаруашылық географиясы. Химия, машина жасау, жеңiл, тамақ және құрылыс материалдары өнеркәсiбi.
Агроөнеркәсiптiк кешеннiң дәндi дақылды, индустриалды және мал шаруашылықты–индустриалды циклдерiнiң маңызы. Бақша егiстiгi, бақтар мен жүзiм өсiру. Мал жайылымдары АӨК–нiң басты саласы. Ауданның көлiк кешенi. Өнеркәсiп тораптары. Арал маңы, Балқаш аудандарының экологиялық проблемалары. Экономикалық ауданаралық байланыстары. Аудан аумағындағы бiрлескен кәсiпорындар мен шетелдiк компаниялар. Қалалары, олардың даму тарихы.
Практикалық жұмыс.
1.Солтүстiк және Оңтүстiк Қазақстан экономикалық аудандарының ауыл шаруашылығына салыстырмалы экономикалық - географиялық сипаттама беру.
Қазiргi дүниедегi Қазақстан (3 сағат)
Қазақстанның дүниежүзiлiк картадағы геосаяси орны. Қазақстанның БҰҰ мен басқа да ұйымдарға мүше болып енуi.
Экономикалық байланыс түрлерi: сыртқы сауда; қаржы қатынастары; ғылыми–техникалық байланыстар; шетелдiк инвестициялар; бiрлескен кәсiпорындар құру; кәсiптiк серiктестiк және халықаралық туризм; патенттiк - лицензиялық жүйе; бiлiм, мәдениет және денсаулық сақтау салаларындағы байланыстар; көлiк байланыстары.
Экологиялық проблемаларды шешудегi бiрлескен ұйымдар.
Қазақстанның дүниежүзi экономикасындағы орны. Қазақстанның халықаралық, аймақтық салалық және гуманитарлық мемлекетаралық интеграцияға қатынасы.
Өз облысы мен жергiлiктi жердегi экономикалық байланыстар.
Практикалық жұмыс.
1.Қазақстанның экономикалық байланыстары жөнiндегi мерзiмдiк басылымдардағы статистикалық материалдармен жұмыс жасау.
Табиғат және қоғамның өзара әсерi (1 сағат)
Түрлi табиғат кешендерi компоненттерiнiң өзара байланысы, оларға адамның шаруашылық iс - әрекетiнiң әсерiн ескеру. Табиғи және антропогендi себептердiң әсерiнен табиғат кешендерiнiң өзгеруi. Антропогендi және мәдени ландшафтар.
Физикалық және экономикалық географияның табиғатты пайдалану мәселелерiн зерттеудегi өзара байланысы. Табиғат пен қоғамның қазiргi өзара әсерлесуі.
III.ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ДЕҢГЕЙІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
6–7 сынып оқушылары:
қазіргі географияның құрылымын;
физикалық географияның пәні мен міндетін;
географиялық білім алу көздерін;
физикалық географияның зерттеу нысандарын;
Солтүстік және Оңтүстік жарты шар материктерін;
материктердің географиялық орнын;
әр материк табиғатының ерекшеліктерін;
материктер мен мұхиттардың ашылуы мен зерттелуінің негізгі кезеңдерін;
жалпы географиялық заңдылықтардың көрінісін;
геохронологиялық жыл санау мен геохронологиялық кестені;
ірі литосфералық тақталар мен олардың қозғалысын, платформалар мен геосинклинальдарды;
ірі сейсмикалық және жанартаулық белдеулерді;
құрлықтағы ірі жер бедері пішіндерін;
мұхит табанындағы ірі жер бедері пішіндерін;
климат қалыптастырушы факторларды;
негізгі ауа массалары мен басым желдерді;
температура, атмосфералық қысым мен жауын–шашынның таралу заңдылығын;
климаттық белдеулер мен облыстарды;
материктердің ішкі суларын;
табиғат кешендері мен материктер табиғатын қорғауды;
дүние жүзінің тарихи–географиялық аудандарын;
мұхиттарды: географиялық орнын, табиғат жағдайы мен ресурстарын;
мұхиттар табиғатының қазіргі зерттелуін;
мұхиттардың экологиялық проблемаларын білуі тиіс;
география пәні мен міндетін;
географияның оқыту нысандарын;
Жер және оның қабықтарының ерекшеліктерін;
материктер мен мұхиттардың географиялық орнын;
жер бедерін бейнелеу тәсілдерін атай және (немесе) көрсете алуы тиіс;
жер бедерінің қалыптасуына сыртқы және ішкі күштердің әсерін;
материктердің географиялық орны мен ауданының оның табиғат жағдайына әсерін;
ауа массалары, қысым белдеулері, басым желдердің қалыптасуын;
клитаттың тіршілікке тигізетін әсерін;
дүниежүзілік мұхит суларының Жердегі тіршілік үшін;
мұхит ағыстары және олардың қалыптасуын;
табиғат кешендерінің зоналық және азоналық жіктелуін;
адам әрекетінің табиғатқа әсерін түсіндіре алуы тиіс;
материктер мен мұхиттар карталарының түрлерін;
материктердің шеткі нүктелері мен олардың координаттары, материктердің ендік пен бойлық бойынша градуспен және километрмен алғандағы ұзындығын;
ауа температурасы мен жауын–шашынның жылдық және маусымдық өзгерістерін;
ауаның абсолюттік және минимум температурасын;
басым желдер мен олардың бағыттарын;
әрбір материктегі табиғат зоналарының орналасу ерекшеліктерін анықтай және (немесе) өлшей алуы тиіс;
материктер пішіні мен мұхиттар аумағының литосфералық тақталар қозғалысы әсерінен өзгеруін;
адамның шаруашылық әрекеті нәтижесінде табиғат кешендерінің өзгеру деңгейін қорытынды жасай алуы тиіс;
физикалық–географиялық білімдерін табиғат заңдылықтарын түсіндіру үшін;
географиялық зерттеудің қарапайым әдістері мен құрал–жабдықтарын;
географиялық карта мен нысандарды, жабдықтар мен саймандарды;
географияляқ нысандармен, жабдықтармен және құрал–саймандармен жұмыс жасауда техникалық қауіпсіздік шараларын;
анықтамалық материалдарды, қосымша әдебиеттерді қолдана алуы тиіс.
8–9 сынып оқушылары:
Қазақстан географиясы пәнiн;
Қазақстанның дүние жүзiнiң картасындағы орнын, жер көлемiн, теңiз жолы және құрылық жолы шекараларының ұзындығын;
жалпы топографиялық және тақырыптық карталардағы түрлi объектiлердiң бейнелену тәсiлдерiн;
Қазақстан аумағының зерттелу тарихын;
Қазақстан халқының жалпы санын, қазiргi туудың, өлiмнiң, табиғи өсiмнiң көлемiн, халықтың көп ұлттылығын, iрi қалаларды;
жер бедерiнiң халықтың орналасуына, оның тұрмысына және шаруашылық әрекетiне әсерiне, минералды ресурстарды тиiмдi пайдалану шараларына мысалдар келтiрудi;
негiзгi геологиялық дәуiрлердi; аумақтың сейсмикалық қауiптi зоналарын;
пайдалы қазбалардың негiзгi ресурсты аудандары мен бассейндерiн; мұнайлы - газды Каспий маңы ойпаты мен Маңғыстауды; тас көмiрлi Қарағанды мен Екiбастұзды; рудалы Соколов–Сарыбай, Жезқазған, Қоңырат, Бозшакөл, Саян, Зырян, Лениногор, Қарағайлы, Арқалық, Хромтауды, фосфатты Қаратау мен Мұғалжарды;
кешендердiң салалық және салааралық құрамын; пайдалы қазбалардың кен орындарын;
iрi электр станцияларына мысал келтiрудi;
негiзгi климат құрушы факторларды; күн радиацияларының негiзгi түрлерiн, климат құрушы ауа массаларының басты типтерiн;
су ресурстарының құрамын; оларды қорғау мен қалпына келтiрудiң шараларын; табиғаттың қатерлi құбылыстарын алдын алу шараларын;
топырақтың негiзгi зоналық типтерiн; жануарлар мен өсiмдiктердiң Қазақстанға тән типтерiн; жер және биологиялық ресурстарды тиiмдi және тиiмсiз пайдалануға мысалдарды;
табиғаттың ерекше қорғалатын аумақтары мен табиғи ескерткiштердi;
қоршаған ортаны ластау көздерi мен түрлерiн;
табиғи зоналар мен табиғи аудандарды және оларды бөлу принциптерiн, табиғи ресурстардың негiзгi түрлерiн; экологиялық проблемаларды; биiктiк белдеулiк аудандарды; топырақ түрлерiн;
машина жасаудың, металлургияның, мұнай, газ, көмiр, химия өнеркәсiптерiнiң негiзгi аудандары мен орталықтарына мысал келтiрудi;
көлiк магистралдары мен көлiк кешенiнiң тораптарына мысал келтiрудi;
Шығыс Еуропа жазығы, Батыс Сiбiр жазығы, Қазақтың ұсақ шоқылары (Сарыарқа), Тұран жазығы, Жоңғар Алатауы, Алтай, Орал, Тянь -Шань таулары сияқты iрi табиғи аудандарын;
Орталық, Шығыс, Батыс, Солтүстiк, Оңтүстiк экономикалық аудандарын;
Қазақстанның экономикалық байланыстарын (саяси, экономикалық, финанстық, транспорттық, мәдени және тағы басқа) атауы және (немесе) көрсете алуы тиiс;
экономикалық және әлеуметтік географияның негізгі түсініктерін;
саяси–экономикалық жағдай, ресурспен қамтамасыз етілу, табиғатты пайдалануды;
халықтың өсуі, урбандалу, дүниежүзілік шаруашылық, ғылыми– техникалық революция, халықаралық географиялық еңбек бөлінісі туралы;
қазіргі дүние жүзі елдерінің әлеуметтік–экономикалық типтерін, қазіргі кезеңдегі қоғам мен табиғат арасындағы өзара қарым–қатынастар ерекшеліктерін, дүние жүзі табиғат ресурстарының таралуының негізгі заңдылықтарын;
дүние жүзі халқының табиғи қозғалысының негізі және географиялық ерекшелігін;
дүние жүзі халқының топтастырылуын және олардың жер шары бойынша таралуының негізгі белгілерін;
дүние жүзі региондары мен бірқатар елдердегі демографиялық жарылыс себептерін;
дүние жүзілік шаруашылықтың салалық және аумақтық құрылымының ерекшеліктерін;
шаруашылықтың негізгі салаларының орналасу ерекшеліктерін;
елдердің шаруашылық мамандануын білуі тиіс;
саяси карта бойынша шекаралас мемлекеттердi; карта бойынша сағаттық белдеулердi, түрлi елдi мекендердегi уақыт белдеулерiн;
түрлi карталарды салыстыра отырып, Шығыс Еуропа жазығының, Батыс Сiбiр жазығының, Қазақтың ұсақ шоқыларының (Сарыарқа), Тұран ойпатының, Жоңғар Алатауының, Алтайдың, Солтүстiк Тянь–Шаньның жер бедерiнiң тектоникалық құрылым мен сыртқы процестердiң әсерiне тәуелдiлiгiн;
климат картасы бойынша күн сәулесiнiң радиациясын, қаңтар мен шiлде айларының орташа және абсолюттi температурасын, жылдық жауын–шашынды, булануды, ылғалдану коэффициентiн, синоптикалық карта бойынша ауа райын;
карта және статистикалық материалдар бойынша Ертiс, Жайық, Сырдария, Ембi, Шу, Iле өзен жүйелерiнiң ерекшелiктерiн;
карта бойынша топырақтың негiзгi зоналық типтерiнiң топырақ түзiлу шарттарын; топырақтың және өсiмдiктiң таралуын;
карта және басқа да бiлiм көздерiне сүйенiп табиғи ресурстарды және оларды игеру жағдайларын;
карта және статистикалық материалдар бойынша Қазақстан аумағында табиғи ресурстардың түрлерiнiң таралу ерекшелiгiн;
статистикалық материалдардың көрсеткiшi бойынша халықтың табиғи қозғалысын;
карта және статистикалық материалдар бойынша шаруашылық объектiлерiнiң ерекшелiктерiн, жеке салаларының орналасуын;
карта бойынша аудандардың экономикалық–географиялық орнын анықтай алуы және (немесе) өлшей алуы тиiс;
климатқа байланысты табиғаттың стихиялы құбылыстарын, климаттың адамның өмiрi мен тұрмысына әсерiн, сумен байланысты табиғаттың сұрапыл құбылыстарын;
жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiнiң Қазақстанға тән түрлерiн, олардың сыртқы белгiлерiн, өмiр сүру ерекшелiктерiн;
табиғи зоналарды;
Қазақстанның жер бедерiнiң қалыптасуындағы iшкi және сыртқы күштердiң өзара байланысын;
жергiлiктi жердiң өзен аңғарларының дамуын: құлап ағуы, еңiстiгi мен өзен ағысының жылдамдығын;
өзен режимiнiң климат пен жер бедерiне тәуелдiлiгiн;
топырақтың алуан түрлiлiгi және олардың географиялық таралуын;
iшкi және сыртқы миграцияларды, олардың негiзгi себеп–салдарын;
өндiрiстiк және өндiрiстiк емес өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығы салаларын сипаттай алуы тиiс;
Қазақстан географиясының табиғи және экономикалық проблемаларды шешудегi рөлiн; Қазақстан аумағындағы уақыт айырмашылықтарын;
тектоникалық құрылымға байланысты Қазақстанның жер бедерiнiң негiзгi ерекшелiктерiн, неоген - төрттiк дәуiрдегi қозғалыс сипаттарын, пайдалы қазбалардың орналасуын, сыртқы процестердiң әсерiнен жер бедерiнiң өзгеруiн;
“күн сәулесi”, ”атмосфералық фронттар”, “циклон”, “антициклон”, “ылғалдану коэффициентi” ұғымдарын;
атмосфера циркуляциясын, жер бетiнiң төсенiш сипатын, циклондар, антициклондар, атмосфералық фронттар және олардың ауа райының күйiне әсерiн, климаттың негiзгi түрлерiнiң ерекшелiгiн, түтiннiң пайда болуын;
негiзгi өзен жүйесiнiң ерекшелiгiн, су ресурстарының таралу заңдылықтарын;
«топырақ» ұғымын, топырақтың зона бойынша таралуын;
«табиғи зона», «ендiк зоналылық», «биiктiк белдеулiк» ұғымдарын; ендiк зоналылық пен биiктiк белдеулiктiң пайда болуын, ландшафтардың зоналылық және азоналылық саралану себептерiн; адамның шаруашылық iс–әрекетiн және экологиялық проблемаларды;
«қала», «еңбек ресурстары» ұғымдарын, халық санының табиғи және механикалық қозғалыстарға тәуелдiлiгi;
«металлургиялық база», «энергиялық жүйе», «отын–энергетикалық баланс» ұғымдарын;
Қазақстанның халықаралық еңбек бөлiнiсiндегi рөлiн түсiндiре алуы тиiс;
табиғат компоненттерiндегi және геожүйедегi өзгерiстердiң адам организмiне әсерiн;
адамның iс–әрекетiнiң жеке аумақтардың климаты мен микроклиматына әсерiн;
атмосфераның, жер бетi суларының, топырақ жамылғысының және соған байланысты геожүйенiң ластануын;
өзен, көл, жер асты суларының адамның iс–әрекетiне байланысты өзгеруiн, су қоймаларын құрудың салдарынан табиғи кешендердiң өзгеруiн;
адамның iс–әрекетiнiң салдарынан топырақ, өсiмдiк жамылғысының және жануарлар дүниесiнiң өзгеруiн;
табиғи кешендердiң адамның iс–әрекетiнiң салдарынан өзгеруiн болжай алуы тиiс;
елдердің саяси - географиялық жағдайына сипаттама беруді;
оқулық мәтінін, күнделікті баспасөз құралдары мәліметтеріне талдау жасау, жекелеген региондардың түрлі табиғат ресурстарымен қамтамасыз етілуі туралы;
түрлі білім көздеріне сүйене отырып, дүние жүзінің региондарындағы халықтың орналасуы, құрамы және ұдайы өсуіндегі айырмашылықтары мен жалпы белгілерін анықтау;
карталар және статистикалық мәліметтер негізінде дүние жүзіндегі өнеркәсіптің жетекші салаларын орналастыру факторларын айқындау;
дүние жүзінің шаруашылығы мен халқына сипаттама беру;
оқулық пен атлас карталарын оқи және талдай білу;
оқып - үйренген тақырыптар бойынша хабарлама және реферат дайындау;
халықтың табиғи өсуінің түрлерін және миграция себептерін анықтау және түсіндіру;
адамның шаруашылық әрекетінің табиғатқа тигізетін әсерінің аумағын бағалау;
экологиялық проблемалардың туындау себептері мен зардаптарын және оны шешу жолдарын анықтау;
жинақталған білімді табиғи және антропогендік сипаттағы төтенше жағдайларда пайдалана білуді түсіндіре алуы тиіс.
IV. ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҮЙЕСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
«География» оқу пәнінің мазмұны жаратылыстану - ғылыми жүйелер, олардың өзара әрекеттесуі, табиғат құбылыстарын зерттеудің жаратылыстану - ғылыми әдістері, адамның жаратылыстану - ғылыми дүниетанымы сияқты мазмұндық желілерге сәйкес құрылған.
Тұлғаға - бағдарланған білім беру жағдайында оқу үдерісін ұйымдастырудың маңызды ерекшелігі бағдарламада берілгендей білім беруді күтілетін нәтижелерге бағдарлау болып табылады. Бұл мәселе мемлекеттік жалпыға міндетті беру стандартындағы (ҚР МЖМБС 2.3.4.01–2010) оқыту сапасын көтеру мен оқушыларды тәрбиелеу талаптарымен келісіліп қойылған.
6 сыныпта «Жаратылыстану» курсынан география пәнінің курстарын оқытуға логикалық түрде көшу жүзеге асырылып, ол ары қарайғы оқушылардың білім географиялық алуына негіз болады.
Географиядан 6-9 сыныптарға арналған оқу бағдарламасы оқу пәні бойынша берілген міндетті мазмұн көлемін сақтай отырып, оны оқытудың түрлі тәсілдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мектептегі география пәні оқушылардың алғашқы курсы физикалық–географияның алғашқы түсініктері мен ұғымдарын бере келе, ары қарай адамның табиғатпен қатынасы, халықтар туралы біліммен ұштастырылады.
Оқу бағдарламасында биосфераны сақтау бойынша дүниежүзілік экологиялық саясатты жүргізудің қажеттігі мен адамзаттың орнықты дамуы мәселелерін шешудегі оқытудың геоэкологиялық тәсілдері мен ерекше көңіл бөлінген.
Қазақстанның қоғамдық және шаруашылық тұрғыда дамуына орай мектеп географиясының мазмұнына өлкетану, топонимика, табиғи–тарихи және мәдени мұра, туристік - рекреациялық ресурстар, туризм индустриясы, инновациялық саясат, геосаяси жағдайы, кластер, стратегия және т.б. терминдер мен ұғымдар енгізілді.
Оқу бағдарламасының базалық мазмұны мұғалімдерге оқушылардың теориялық білімі негізінде олардың практикалық тапсырмаларды орындау біліктерін қалыптастыруға көмектеседі. Оқу материалдарының практикалық жұмыстары бағалау, болжау, түсіндіру, сипаттау, анықтау, картадан көрсетіп, атап беру біліктерін қалыптастыруға бағытталған. Оқушылардың бағалау және болжай алу біліктерін қалыптастырушы практикалық жұмыстар жоғары сыныптарда басымырақ болады.
Практикалық жұмыстар жүйесі оқушылардың ғылыми - географиялық мазмұндағы табиғи құбылыстар, процестер, объектілер туралы түсініктерін күнделікті тұрмыстық немесе өмірлік жағдаяттармен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ол практикалық - бағдарланған тапсырмалардың кешенді сипатын қамтиды, өйткені олар коммуникативтік, ақпараттық және проблемаларды шешу сияқты түйінді құзыреттіліктерді шешуді қамтиды.
Географиядан оқу бағдарламасының астрономия, физика, биология, химия және тарих пәндерімен пәнаралық кіріктіруді жүзеге асыру мүмкіндігі зор. Бұл бір жағынан оқушылардың географиялық білімін тереңдетуге, әсіресе табиғи процестер мен құбылыстарды, географиялық қабықтың байланыстарын оқып - үйренуге көмектеседі. Екінші жағынан – аралас пәндер бойынша қоғамдық және табиғи объектілер туралы географиялық білімін толықтырады.
Географияны әртүрлі көрнекі құралдарды – оқулықта берілген сурет, сұлба, кесте, әсіресе географиялық карталарды пайдаланып оқып - үйренудің маңызы зор.
Географияны оқыту жүйесінің басты құраушыларының бірі оқушылардың оқыту үдерісіне белсене араласуы болып табылады. Мұғалім оқушылардың оқу іс–әрекеттерін ұйымдастырушы рөлін атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |