Тақырып №13 Тергеуэкспериментінің тактикасы Тергеу экспериментінің түсінігі, мәні және түрлері. Тергеу экпериментінің мақсаты мен міндеттері. Тергеулік экспериментін жүргізуге дайындық. Тергеулік экспериментке қойылатын талаптар. Тергеу экспериментін жүргізудегі тактикалық тәсілдер. Тергеулік эксперимент нәтижелерін хаттамаға, кинотүсірілімге, бейнежазбаға бекіту және оларға баға беру.
Тергеу эксперименті дегеніміз, ол қылмысты оқиғаның кейбір мән-жайларын осы оқиғаға ұқсас және сәйкес жағдайда әр түрлі сынақ тәжірибелер жүргізу арқылы осы жағдайдың, құбылыстың болу мүмкіндігін тексеру үшін жүргізілетін тергеу әрекеті.
Бұдан туындайтын негізгі қағидалар: біріншіден, басқа тергеу әрекеттерін жүргізу үстінде алынған, іске катынасы бар деректердің, мәселелердің шындығын тексеру үшін жүргізіледі. Екіншіден, мұндай тексеру, осы тексерілетін құбылыс (әрекет) қылмысты оқиға болғанда қандай жағдайда өтсе, соған сәйкес, не ұқсас жағдайда арнайы сынақ тәжірибелерін жүргізу арқылы өткізіледі. Жүргізілетін сынақ тәжірибелердің қорытындысының объективтігі, оның сол тексерілетін оқиға болган жағдайға сәйкес жағдайда өткізілуімен тікелей байланысты. Әрине, тәжірибе жүргізілгенде тура болган жағдайдың өзін, тексерілетін іс-әрекетті бұлжытпай қайталауға болмайды, себебі ондай жағдайда жаңа қылмыс жасалған болар еді. Сонымен катар, тәжірибе арқылы болған оқиға толық қайталанбайды, тек оның кейбір негізгі бөлігі, көріністері ғана сыни қайталанады.
Тергеу эксперименті - іс жүргізу кезінде пайдаланылатын танымдық әдісті қолданудың айрықша бір нысаны. Бұл әдіс әр түрлі тергеу әрекеттері үстінде қолданылады. Оның басқа әдістерден айырмашылығы тергеуші өзінің назарын аударған жәйттерді сырттай бақылап қана қоймайды, сонымен бірге оны бірнеше қайтара бастапқы қалпына келтіру арқылы өз болжауын нықтай түседі. Тәжірибе жүргізу барысында арнайы шектеу шарттары қойылады: тәжірибе адамның денсаулығына нұқсан келтірмеуі, оның өміріне қатер төндірмеуі тиіс. Сонымен бірге ол катысушылардың құқығын бұзбайтындай, оларды қорлап, кемсітпейтіндей жағдайда өткізілуі тиіс.
Эксперимент арқылы іс бойынша жинақталған кейбір дәлелдемелердің, мәліметтердің шындығы ғана анықталып коймайды, сонымен бірге жаңа деректер де алынады. Тергеу экспериментін жүргізудің нәтижесінде көбінесе жәбірленушінің, куәлардың, айыпкердің жауаптарында, сондай-ақ басқа да қосымша айғақтарда келтірілген мәліметтердің шындығы, оның болу мүмкіндіктері тексеріліп, анықталады. Тергеуші осындай жолмен өзінің кейбір болжауларына көз жеткізеді. Яғни, оқиғаның қалай болғаны, оның мән-жайы, орындалу тетігі тәжірибе өткізу жолымен тексеріледі.
Тергеу эксперименті - өз алдына дербес, өзіне тән міндеттері бар іс жүргізу әрекеті. Сонымен бірге ол тергеудің басқа да әрекеттерімен тығыз байланысты, міндеттері жағынан өзара ұштасып жатады. Яғни, басқа да тергеу әрекеттері сияқты тергеу экспериментінің де басты міндеті - іске қатысты қылмысты ашуға керекті деректер жинау. Дегенмен, деректерді ерекше, өзіне ғана тән тәсілдермен жинап, тексеретіндіктен тергеу экспериментінің өзіне тән міндеттері бар.
Тергеу эксперименті шешетін сұрақтарына орай үш түрге бөлінеді. Эксперименттің бірінші түрі - кейбір құбылыстың не әрекеттің айтылған, көрсетілген жағдайда болуы мүмкін бе, жоқ па, соны анықтау. Мысалы, белгілі бір затты, нэрсені айтылған жағдайда көрсетілген адам көтеріп кете ала ма немесе белгілі бір қашықтыққа көрсетілген уақытта барып жетуге бола ма, айтылған жұмысты ол адам өзі атқара ала ма, ол оның қолынан келе ме, қоймадағы тесіктен белгілі бір затты алып шығуға бола ма, жоқ па, міне осындай толып жатқан сұрақтар төңірегіндегі шындықты анықтау.
Тергеу экспериментінің екінші түрі - белгілі бір жағдайда (қашыктықта) болған оқиғаны, құбылысты көріп қабылдауға, сөзді, дыбысты естуге бола ма, соны анықтау.
Дәрістерді оқу процесінде оқытудың қазіргі заманғы тәсілдерін, инновациялық технологияларды қолдану. Компьютерлік слайдтарды кинопроектормен көрсету, интерактивті тақтаны пайдалану, алдын ала студенттерге дайындалған тарату материалдарын қолдану.