(1 жастан 2 жасқа дейін)
«ДЕНСАУЛЫҚ» білім беру саласы
«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны денешынықтыру ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады.
Мақсаты: денсаулықты сақтау технологиясын қолдана отырып, балалардың толыққанды денесін және психикасын дамытатын, ағзаны шынықтыратын, негізгі қимылдарды дамытатын жағдайлармен қамтамасыз ету.
Міндеттері:
- балалардың өмірін қорғауға және денсаулықты нығайтуға жағдай жасау;
- жүру, жүгіру, өрмелеу, лақтыру, секіру, тепе-теңдікті жетілдіруге мүмкіндік беретін негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру;
- денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мәдени-гигиеналық дағдыларын қалыптастыру;
- дербестікке, дене жаттығуларын орындауға ынтасын тәрбиелеу.
Дене шынықтыру
1 жастан 1 жас 6 айға дейін
Негізгі қимыл түрлерін дамыту және үйлестіру, біліктер мен дағдыларды қалыптастыратын ойын барысында қамтамасыз етіледі.
Жүру.Тура жолдың бойымен (ені 25-30 см, ұзындығы 2–3 м және ені 30 см, ұзындығы 3–5 м) жүру, ересектің көмегімен және көмегінсіз гимнастикалық тақтай бойымен (ені 25-30 см) жүру, ересектің көмегімен жәшікке (биіктігі 10–15 см) шығу және одан түсу, еденде жатқан лентадан (арқаннан, таяқтан) аттап өту.
Еңбектеу. Орындықтың, үстелдің, арқанның (биіктігі 50 см), доғаның астынан төрттағандап еңбектеп өту; бөренелер арқылы өту; параллель жатқан арқандардың арасынан (жол бойымен) еңбектеу.
2 м қашықтыққа дейін еңбектеу, құрсаудан еңбектеп өту. Шағын саты бойымен жоғары, төмен (биіктігі 1 м) өрмелеу.
Домалату және лақтыру. Допты бір қолмен және қос қолмен ұстау; түрлі көлемдегі доптар мен шарларды жинау, оларды өздігінен себетке (жәшікке) салу; шарларды домалату; допты екі қолмен алға лақтыру, допты алға домалату (отырып, тұрып); допты төменге, алысқа лақтыру.
Мәдени-гигиеналық дағдыларды қалыптастыру.
Баланы жуынудың қарапайым дағдыларына, киінуге, шешінуге және түбекке сұрануға үйрету.
Ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу, бетінің, қолының, мұрнының ластығын байқауға, оларды жууға, сүртуге, дымқыл киімін шешуге үйрету.
Тамақтану кезінде:
тамақтанар алдында қолын жууға;
1 жас 1 айдан - 1 жас 3 айға дейін өздігінен қою тамақты қасықпен, 1 жас 4–5 айдан бастап кез- келген тамақты өз бетінше жеуге;
нанды сорпамен бірге жеуге;
тамақты тек қана өз тәрелкесінен жеуге;
балалар орындығына өздігінен отырып және оны ересектің көмегімен жылжытуға үйрету.
Балаларды ауа, су шараларымен, серуен кезінде ультракүлгін сәулелердің әсерлерімен шынықтыру жүзеге асырылады. Ата-аналардың тілектерін ескере отырып, 2-3 минут бойы жылы құмның үстінде жалаң аяқ жүруге рұқсат ету.
Ауа ванналары күніне бірнеше рет киіну-шешіну кезінде қолданылады; ауа ванналарының ұзақтығы 2-3 минуттан, 6-10 минутқа дейін ұзартылады.
Күтілетін нәтижелер:
- негізгі қимыл түрлерін үйлестіре алады;
- денсаулықты нығайтуға ықпал ететін өз-өзіне қызмет көрсетудің алғашқы дағдыларын игерген;
- ересектердің көмегімен өзін ретке келтіреді;
- тазалық пен ұқыптылыққа қанағаттанған сезімін білдіреді;
- дене жаттығуларын орындауға ықылас танытады.
1 жас 6 айдан 2 жасқа дейін
Жүру.Жолмен жүру (ені 30 см, ұзындығы 3-5 м), орындықтардың, текшелердің, таяқтардың, кегльдердің арасымен, текшелерден, құрсаулардан, таяқшалардан аттап жүру; құрсаудан құрсауға өту; жоғары, төмен қойылған көлбеу тақтай үстімен; тәрбиешімен бірге гимнастикалық орындықтың үстімен жүру; қолдарына заттарды ұстап, бағытты өзгертіп жүру; допты домалатып артынан жүру; жәшіктің үстіне немесе гимнастикалық орындыққа шығып, түсу; жүру («сарбазға», «тышқанға», «күшікке», «құсқа», «аюға») еліктеу.
Еңбектеу. Гимнастикалық орындықтың үстінен, астынан өрмелеп еңбектеу; домалаған доптың артынан еңбектеу, жоғары қойылған көлбеу тақтайдың, гимнастикалық орындықтың бойымен еңбектеу. Бір аяқты екінші аяқтың жанына қойып, бөренеден асып өту.
Домалату және лақтыру. Допты шағын төбешіктен домалату, допты тәрбиешіге, басқа балаға домалату және лақтыру; допты алға, жоғары лақтыру, баланың кеудесінің деңгейінде тартылған лентадан допты асыра лақтыру.
Жалпы дамытушы жаттығулар: қолды жоғары көтеріп, төмен түсіру; қолды алға созу, қолды арқаға қою, бүгу және қайта жазу; қолдың білектерін сермеу, айналдыру; қолдың алақандарын жоғары, төмен бұру; қолдың саусақтарын бүгу, ашу, саусақтарды жұмып, ашу, ұсақ заттарды саусақтарымен іліп алу; заттарды бір-біріне беру арқылы отырып және тұрып оңға, солға қарай бұрылу, алға еңкейіп және түзулену; сүйемелдеу арқылы жүрелеп отыру, секіруге ұмтылу.
Қимылды ойындарды ұйымдастырудың түрлері – жұптасып , шағын топпен, топпен ұйымдастыру түрлері.
Мәдени-гигиеналық дағдыларды қалыптастыру.
Гигиеналық талаптарды сақтау дағдыларын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыру.
Тамақтану кезінде:
- үстел басына қолды жуғаннан кейін отыру;
- орындыққа өзі отырып, одан өзі тұру;
тамақты төгіп-шашпай ұқыпты ішу, майлықты қолдану, тамақтан соң алғыс айту.
Жуыну кезінде:
қолдарын (алақандарын бір-біріне үйкелеу) және бетінің төменгі жағын алақанымен жуу;
ересектердің көмегімен беті-қолдарын сүрту.
Киініп-шешіну кезінде: киімдерін белгілі тәртіппен шешу және кию, оларды дұрыс жинау.
Баланың түбекке сұрануы, өз түбегінің орнын білуі, өзінің ғана түбегіне отыра білуді бекіту.
Ескерту жасалған кезде қалтасынан өзі қол орамалын алып және мұрнын сүртіп, қайтадан қалтасына сала білу.
Өз киімдерінің, орамалының орнын, үстел басындағы өз орнын, киіміне арналған шкафты білу.
Дербес қозғалыс әрекеттерін қамтамасыз ету.
Балалардың дербес ойындарында қимыл белсенділігін реттеуге ықпал ететін жағдайлар жасау.
Сауықтыру-шынықтыру шаралары және салауатты өмір салты дағдыларын бойына сіңіру. Балаларды шынықтыруды күні бойы және ұйқыдан соң киіндіру кезінде жүзеге асыру.
Киіміндегі олқылықты байқай білуге тәрбиелеу, ересектердің көмегімен өзін ретке келтіруді, ұқыптылыққа және тазалыққа қанағаттану сезімдерін дамыту.
Сауықтыру-шынықтыру шаралары
Медицина қызметкерінің жетекшілігімен ауада және суда шынықтыру шараларын жүргізу.
Бөлмедегі ауа температурасы қалыпты болғанда киімдерін ауыстыру, массаж кезінде және күндізгі ұйқыдан соң ұзақтығы 3–5 минут болатын ауа ванналары іске асырылады.
Күнделікті шынықтырудың бір түрі — суды ағызып, қолын шынтаққа дейін жуу. Сумен шынықтыру бөлме температурасы
+22°Стөмен болмағанда жалпы немесе жергілікті шаралар түрінде жүргізіледі.
Арнайы шынықтыру шаралары (ұсынылған тәсілдердің біреуі қолданылады):
беліне дейін және бүкіл денесін дымқыл шүберекпен сүрту. Судың температурасын +36°С бастап +28°С жеткенге дейін біртіндеп төмендету (4–5 күн сайын 2 градусқа төмендету). Денесінің белгілі бір бөлігін сүртінуде су температурасын +35°С бастап +23°С дейін (4 күн сайын 2 градусқа төмендету) жеткізу.
қарама-қарсы температурадағы жылы, салқын су құю: басында су температурасы +36°С бастап +25°С дейін, соңында +38°С бастап
+18°С дейін.
Жаз мезгілінде барлық режимдік сәттер мүмкіндігінше таза ауада ұйымдастырылады.
Күтілетін нәтижелер:
- қимылды үйлестірудің бастапқы дағдыларына ие;
- көзбен бағдарлау арқылы жаттығуларды, ойын түріндегі сөздік нұсқауларды (жануарлардың қимылдарына еліктеу) күнделікті педагогпен бірге орындай біледі;
-күнделікті шынығу тәсілдерін біледі;
- түбекке сұранады, өз түбегінің орнын біледі, түбекке отыру қажеттілігі туралы уақытында хабарлайды;
- ересектердің көмегімен өзіне-өзі қызмет етудің: жуыну, киіну, шешіну және т.б. қарапайым дағдыларын сақтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |