2 – жұмыс. Жапырақ тақтасының морфологиялық ерекшеліктері. Оқылатын тақырып бойынша 1-жұмысты орындау барысында студенттер жапырақтың бөліктері туралы едәуір мәлімет жинайды және жапырақ тақтасының әр түрлілігі туралы хабардар болады. Ендігі жерде сол жұмыстағы гербарийлерді толықтырып, өсіп тұрған бөлме өсімдіктері, кетелер және оқу құралындағы суреттерді пайдаланып, оқытушының көмегімен бір-екі жай және күрделі жапырақтарға қолданылған терминология бойынша ауызша сипаттама беру керек. Содан кейін студенттер өз бетінше жұмыс жоспарын жасайды: 1. Жай жапырақтар пішіндерінің (дөңгелек, сопақ, қылқан, жапырақ;эллипс, қандауыр, жұмыртқа, жүрек, жебе, қалқан, бүйрек т.б.)алуан түрлілігі. 2. Бүтін жай жапырақтар тақтасы жиегіндегі кедір-бұдырларының (үшкір тісті, ара тісті, жұмыр тісті, толқынды ойыс жиекті және т.б.) пішініне қарай да әртүрлі болып келуі. 3. Жапырақ тақтасының ұшы (доғал, үшкір, сүйірленген, үшкір ұшты, ойыс және т.б.) мен негізінің (дөңгелек, жүрек, бүйрек, жебе, қалқан тәрізді және т.б.) пішіндері. 4. Жапырақ тақтасының жиегіндегі тілімдерінің (телімді, тілімді, бөлімді) мөлшеріне қарай жіктелуі. 5. Жапырақ жүйкеленуінің қарапайым (сужапырақ, плаун, самырсын), параллель (жүгері, арпа, сұлы), доға тәрізді (меруертгүл), қауырсын тәрізді (алма) және саусақ салалы (жүзім, үйеңкі) сияқты түрлерімен танысу. Жапырақ тақтасында (негізінен астыңғы бетінен) негізгі жүйке мен жүйкенің шеткі тармақтарының мөлшеріне, орналасу ерекшеліктеріне көңіл аудару. 6. Күрделі жапырақтар: үш құлақты күрделі, саусақ салалы күрделі жапырақтар. Қауырсын күрделі жапырақтың жұп қауырсын күрделі, тақ қауырсын күрделі, екі рет, үш рет жұп қауырсын күрделі, екі рет, үш рет қауырсын күрделі болып жіктелуі.
Қайталау сұрақтары
1. Вегетативтік мүше ретінде жапыраққа анықтама беру.
2. Жапырақтың негізгі бөліктерін атап, әрқайсысының құрылысы мен қызметіне толық тоқталу.
3. Жапырақтың сабаққа бекіну типтерін мысалдар келтіріп түсіндіру.
4. Жай жапырақты күрделі жапырақтан қалай ажыратады?
5. Жай жапырақ пішіндерін атап, нақты мысалдармен толықтыру.
6. Жай жапырақ тақтасы жиегінің кедір-бұдырларының пішініне қарай жүйелену түрлерін мысалдармен түсіндіру.
7. Жиегінің тілімделуіне қарай: телімді, тілімді және бөлімді жапырақтарды бір-бірінен қалай ажыратуға болады?
8. Жапырақ тақтасының жүйкеленуі дегеніміз не?
9. Жүйкеленуге сысалдар келтіру.
10. Күрделі жапырақ деп қандай жапырақтарды айтады?
11. Күрделі жапырақтардың түрлерін атап, мысалдар келтіру және жұп қауырсын күрделі жапырақтың тақ қауырсын күрделі, екі рет жұп қауырсын күрделі жапырақтардан айырмасы неде?
Достарыңызбен бөлісу: |