«балалар және жасөспірімдер шығармашылық ҮЙІ» мкқК «Бекітемін» директор бжшү



Дата08.09.2017
өлшемі116,65 Kb.
#30502
түріСабақ
«БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮЙІ» МКҚК


«Бекітемін» _________

директор БЖШҮ

Г.А.Шумикеева.

20 ақпан 2014 ж.

АШЫҚ САБАҚ
Тақырыбы: Сырмақты жиектеу және сыру

«Қазақтың қолданбалы өнері» үйірме

Жетекшісі: Сариева. Ж.М.

Ақтөбе қаласы, 2014ж.

Мақсаты: Оқушыларға сырмақ жасауды үйрету.

Міндеттері:

  • Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту.

  • Оқушыларға сырмақ өнері туралы түсінік бере отырып, оның жасалу жолдарымен, техникасын меңгерту.

  • Оқушыларды ұқыптылықпен шыдамдылыққа баулу, ұлттық құндылықтарды сақтай білуге тәрбиелеу.

  • Оқушылардың қолөнерге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық ой-өрісі мен қиялын дамыту.

Сабақтың көрнекілігі:

Мұғалім үшін: сырмақ, проектор, слайд, суреттер.

Оқушы үшін: сырмақ бөліктері, ине, жіп, қайшы, жиек жіптер, оймақ.

Сабақ түрі: аралас, практикалық сабақ.

Әдіс-тәсілдері: түсіндіру, сарамандық жұмыс.

I.Ұйымдастыру кезеңі:

Оқушылармен амандасып, түгендеу, сабаққа дайындықтарын тексеру.



II.Өткенді қайталау: ассоцация әдісі бойынша (слайд)

  1. Сырмақ дегеніміз не және оның түрлерін ата?

  2. Сырмақтың үлгілеріне және істелу жолдарына қарай қалай бөлінеді?

  3. Сырмақтың жасалу материалына қарай қалай бөлінеді?

  4. Сырмақтың пішініне және түсіне қарай бөлінуі?

  5. Сырмақтың өңірлерде аталуы?

  6. Желі дегеніміз не және ою аттары?

III. Жаңа сабақ

Мақал: Өнерді үйрен де, жирен.

Жиек – киізден жасалған тұтыну бұйымдарының киіз үй жабдықтарынның шетін жиып беріктейтін, әрі өрнектейтін қабаттап ширатылған немесе есілген жіп орама. «Жиек» сөзінің баламасы – «кенере», «шет», «жағалау» деген сөздер. Бұл сөздерді «жиек», «жиегі» деп те алмастырып айтуға болады. Демек «жиек» атауы оның істелу орынына қарай қалыптасқан. Жиекті сырмақ және басқа да үй мүліктерін жасау үшін жүнді келептеп алып, қажетті түске бояйды, яғни жиек боялған жүннен жасалады. Бұл жиектерді оюлы сырмақтарға салған кезде үнемі оюдың шетін баса жағалай түседі, ал ойыстырылған сырмақтар оюының екі оюдың шетінің қосылған тігісі үстіне, яғни екі түсті оюдың шекарасына басылады. Сонымен қатар жиектерді аяққап, табаққап, уыққап, сабынқап, шай дорба, туырлық, үзік, түндік, түпкиіздерге қажетіне қарай беріктеу, сәндеу мақсатында салады. Жиек жасауға негізінен қой жүні, ешкінің қылшықты жүні, түйенің шуда араласқан жүндерін тазалап, түтіп, шүйкелеп, есіп, иіріп барып пайдаланады. (слайд)



(Жиек түрлерінің анықтамасын кесте арқылы түсіндірумен қатар тігілу жолдарының үлгісін көрсету.)



Сыру - сырмақты беріктейтін әрі көркемдейтін негіздің бірі. Егер сыруы жақсы болмаса, сырмақ бос, былбыр болады. Кейбір сырылған сырмақтар қанша әдемі болғанымен берік, шыдамды болмайды. Сондықтан сырмақты сырып жасау оның сапасында аса маңызды рөл ойнайды. (слайд)













Тепшіп сыру – сырылатын оюды бойлай тебенді астына бір, үстіне бір шығарып жиі тік шаншып тігеді. Бұнда тек жиі шаншып жіпті қатты тартып, сырмаққа осылтып із түсіре тігу қажет. Жіпті қатты тартпаса сыру болмайды.

Қабып сыру – тебен сырылатын сырмақ оюының ашық ортасынан үстіне өткізіліп шығарылғаннан кейін, артқы жағына сәл ғана шегініп, тебен қайта астына өтіп, сыру сабақ жібі қатты тартылады да қайта алдыңғы жағынан үстіне шығады. Осылайша жалғасып алға қарай шаншылған сыру ізінен осылып із қалады. Жіпті қатты тартып жиірек шаншу қажет. Қабып сыру әдісі тұрмыста көп қолданылады.

Қайып сыру - үш түрлі әдіспен тігіледі.

Қаюдың бірінші түрі – қаю тігісмен ұқсас. Сырмақты тек жуан инеге сабақталған сабақ жүн жіппен астынан үстіне ілгерілеп шаншылып шыққан жіпті алдыңғы тігіске қайта жалғап, астын инені көлбеу шаншып екі шыншым ілгерілеп бір шаншым шегініп, киіз бетіндегі шаншым аралығына ұқсас етіп шығарып отыру керек. Әр шаншымда сабақ жіп қатты тартылады. Бос тастауға болмайды. Бұдан шыққан тігіс ізі осылып, тізіліп қалып отырады.

Қаюдың екінші түріқос жіппен, тарамыспен ілмек біз арқылы тігу. Бұл теріден, көннен жасалған бұйымдарды тігуге қолданылады.

Қаюдың үшінші түрі – жіп салып қаю. Жіп салып қаю сырмақ сыруда қолданылады. Бұл үшін шудадан, яғни қойдың, ешкінің қылшықты жүнінен иірген сабақ жіптер және салу жіп қажет. Салу жібі қос қабатталып, жіңішке, шымыр иіріліп, орап алынады.

Жіп салып сыру - сырылатын сырмақ оюының дәл ортасынан, яғни бір шетінен қолдың оңына қарай сырылады. Алдымен салатын жібіміздің түбін беріктеп, бекітіп алып, оюлардың дәл ортасынан жіп салып сыри бастаймыз. Салынған жіп боймен сол қолымызбен түзулеп тартып ұстап, тебенді астынан үстіне қарай шығарып алғаннан кейін, әлгі салынған жіпті көлденеңінен бастыра жаңағы тебенді суырып алған ізінен қайта астын өткіземіз де тебеннің сабақ жібін қатты тартамыз. Тігу жібіміз – салу жіпті киізге сіңіре астына өтеді. Онан соң тебенімізді тағы бос салу, жіп бойынан бір шаншым ілгерілетіп үстіне қарай шығарып салу, жіпті белінен бастыра жаңағы шыққан ізімен тебенді қайта астына өткізіп салып, жіпті тағы сырмаққа сіңіре тартамыз. Осылайша жалғасып сырылған сыру – машина тігісіне ұқсас, қаю тігісі болып түседі. Жіп салып сыру түйе жабуларына жиі қолданылады. Оған жуан жіп пайдаланғандықтан шыдамды келеді. Ал сырмақ көп ұсталып, үнемі үйкеліске ұшырайтындықтан жіп салып сыруды өте берік істелмесе, сыру бос тігілсе, салу жібі бетінде қалып әр нәрсеге ілінгіш, әрі әдемі болмайды. Сондықтан бұл сырумен сырмақ сырығанда салу жіпті де, сабақ жіпті де қатты тартып отырып тігіп, тігістің көркем әрі мықты болуына көңіл бөлу керек.

Жіп салмай сыру – тек сабақ жіп арқылы орындалады. Қабу және тепшу әдістері арқылы орындалады. Сырмақ оюлары үлкен, арасы кең болса ою ішін және желілердің кең тартылған жерлерін екі-үш қатар, тіпті одан да көп етіп сақиналап, иректеп, тұмаршалап, шаршылап та сырып жасайды. Бұл сырмақтар өте берік болады.Ертеде сырмақ осылай сырылған.

IV Сарамандық жұмыс.

Қажет материалдар: (Слайд)

  • Кездемеден ою ойылып, қабылған сырмақ бөліктері

  • Жиектер

  • Ине

  • Жіп

  • Қайшы

  • Оймақ

Қауіпсіздік ережелері

  • Инені арнайы түйрегішке қада!

  • Қайшыны ұшымен берме!

Сарамандық жұмыс барысы:

Оюлы сырмақтың 5 бөлігін, яғни әр бөлікке 2-3 оқушыдан бірігіп алдымен жиектейді содан соң сыриды. Мұғалім үнемі қадағалап, қажет жерде көмек көрсетеді. Оқушылардың өз бетімен жұмыс жасауы. (музыкалық фон)


Сергіту сәті.

«Өнер таусылмас азық, жұтамас байлық» дегендей халқымыз өнердің қай түрінде жетік меңгеріп бір-бірімен ұштастыра білген. Киіз басу, сырмақ сыру ұжымдық үрдіс, сол себепті күллі еңбек үрдісі ән салу, әзіл айту рәсімдік әрекеттер жасаумен астасып жататын болған. Міне осындай сәттердегі қимыл-қозғалыс әрекеттері «Келіншек», «Қамажай», «Маусымжан» тағы басқа би түрлерінде көрініс тапқан. Енді бойымызды сергіту мақсатында осы би қимылдарын бірінші санап үйреніп, содан соң әуенімін орындап көрелік. (музыка қосылады.)



V Сабақты бекіту.

Суретті сөзжұмбақ «Оюлы сырмақ» Оқушылардан сұраққа жауап ала отырып 5 бөлікті ашқан кезде суретте дәстүрлі үлгідегі «Оюлы сырмақ» пайда болады.



Жиек дегеіміз не?

Сыру дегеніміз не?

Оюлы сырмақ дегеіміз не?

Сыру түрлерін ата?

Жиек түрлерін ата?

VI Сабақты қорытындылау.

Сонымен балалар, бүгін біз дәстүрлі үлгідегі оюлы сырмақтың 5 бөлігін қалай сыру және жиектеу керек екендігін үйрендік. Алдағы сабақтарда әр бөлікті сыру мен жиектеуді бітіріп, сырмақтың 5 бөлігін біріктіріп, оның үстіне жиек жүргізіп тұтас сырмақты аяқтайтын боламыз. Сіздерге бүгінгі сабақ ұнады деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы үйренген өнерлеріңізді одан әрі дамытып, ұлттық қолөнеріміздің дамуына үлкен үлес қосады деген үміттемін.



VII Үйге тапсырма: Сыру және жиек жүргізу үшін үйден қол жаттықтырып келу.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет