Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл (сөз) мәдениетінің өзекті проблемалары



Дата08.06.2018
өлшемі26,37 Kb.
#41149
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл (сөз) мәдениетінің өзекті проблемалары
Қай ұлттың болмасын ұлттық тұрпаты мен зерде-зейіні, мәдениеті, рухани құндылықтары әдебиет пен өнерінде, тілінде айшықталатыны белгілі. Жазу-сызу, білімі дамымаған халықтың күні қараң. Сонау ХІХ ғасырда қазақтың кемеңгер ақыны Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», – деген болатын. Ол дәуір, ғалымдарымыздың айтуы бойынша, ұлттық жазба әдебиетіміздің негізі қаланған кезең. Қазіргі зерттеулер жазба әдебиеттің бастау бұлақ, қайнар көзін тым-тым әріге, Күлтегін, Тоныкөк заманына, апарып жүр.

Біздің айтпақ мәселеміз ол емес. Бүгінгі таңдағы бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл мәдениеті жайында. Уақыт дәлелдеген айқын бір құбылыс – ол тілдің үнемі даму, жаңару, толығу үстінде болатындығы. Түрлі қоғамдық өзгерістер, тарихи оқиғалар мәдениет пен әдебиетке, тілге өз ен-таңбасын салып, түрлендіріп, дамытып отырады. Әріге бармай-ақ кешегі кеңестер дәуіріндегі совхоз, колхоз, озат шопан, социалистік жарыс, бесжылдықтар белесі, т.б. толып жатқан экономикаға, әлеуметтік жағдайларға байланысты тілдік қорға енген сөздер көмескіленіп, ел тәуелсіздігіне орай мәслихат, мәжіліс, әкімият, кеңшар, ұжымшар, шаруа қожалығы сияқты толып жатқан сөздік тұлғалар тілдік айналымға енді. Жаңа сөз, жаңа ұғым бұқара халықтың құлағына сіңісті болып, күнделікті қолданысқа еніп дағдыланып кетуіне бірден-бір дәнекер – бұқаралық ақпарат құралдары.

ХХІ ғасырды ақпарат ғасыры деп те атап жүрміз. Қазір газет-журнал оқып, теледидер, радио көріп-тыңдамайтын адам кемде-кем. Ақпаратқа деген рухани сұраныстың орасан зор қажеттілігінде мемлекетіміздегі әрбір азаматтың көкірегі ояу, көзі ашық, сауатты да, мәдениетті болмысынан аңдаған дұрыс сияқты. Сауатты да, мәдениетті деп марапаттап отырған халқымымыз қазіргі кезеңде «шын сауатты», «шын мәдениетті» насихаттап отырған ақпарат көздерімен сусындап отыр ма, міне, негізгі гәп те осында жатса керек.

БАҚ-тағы тіл (сөйлеу, сөз) мәдениеті хақында соңғы 5-6 жылдың көлемінде «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас Алаш» сияқты газеттеріміз үзбей жазып, түрлі деңгейде проблемалар көтеріп келеді. Сондағы басты кемшілік – көптеген журналист-қаламгерлеріміздің ұлттық тілдің уызына жарымағандығы, яғни, тілдегі әртүрлі орашолақтықтарға жол берілуі. Әрине, бұл жердегі проблема қолына қалам ұстап журналистиканың майданына араласқан жас қаламгерлерде шеберліктің жетіспеушілігінен туындайды. Өйткені, «Шеберліктің негізгі сыры – тілдік амал-тәсілдерді орынды қолдана білуде, жазушының талғампаздығында, сөз қолдану мәдениетінде. Тек тілдің көркемдеу тәсілдерін орынды қолдану арқылы автор көздеген нысанасына жетеді». [1]

Тіл орашолақтығы баспасөзден гөрі телехабарларда жиі байқалады. Түрлі коммерциялық, тәуелсіз телеарналарда мемлекетіміздің 50-де 50 тіл бағдарламасын әйтеуір орындасақ болды деген желеумен комментатор, диктор, тіпті тележурналист мамандарын ешқандай байқау, сынақсыз қабылдайды. Ал ондай мамандар әдеби тілдік норманы, сөйлеу мәдениетінің табиғатын білмек түгілі, ауызекі, тұрмыстық сөйлеудің өзін (акцентпен) бұзып айтады.

Бұқара халықтың санасында ертеден қалыптасқан ұғым: газетке басылғанның қатесі жоқ, теледидардан айтылған сөздің бәрі ақиқат. Ендеше халықтың «көзі, құлағы» болып саналатын БАҚ-та мұндай келеңсіздіктер болмауға тиіс.

Болашақта және таяу мерзімде осы проблемалардан шығудың қандай жолдары бар? Әрине, ең алдымен ұлы Мұхаң (М.Әуезов) айтқандай: «Ел боламыз десек, бесігімізді түзеуіміз керек». Отбасы, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, жұмыс, қызмет мекемелері, тіпті қоғамдық бас қосу мен түрлі ұйымдар, ұжымдар, қала берді күнделікті араласып тұратын адамдар қатынасының өзі тіл, сөз мәдениетін қалыптастыруда үлкен роль атқаратындығын көп жағдайда ескере бермейміз. Әредік жерде болса да айтылып жүрген ұлттық идеологияның өзі отбасы алтын ошақтан, дастархан басындағы мәдениеттен басталатындығын естен шығармаған жөн.

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сенде түзел» деп қазір кімге ақыл айтқандаймыз. Ең алдымен, ақпарат майданында жүрген қаламгер замандастарымыздың өзі тіл (сөз) мәдениетін терең меңгеруі қажет-ақ. Журналистика мамандығына дайындайтын факультеттер мен бөлімдерде, мектептен келген жұтаң тілді талапкерлерді 4-5 жылдың жүзінде шебер шешен журналист қылып шығарамыз деу әбестік болар. Болашақ бүгіннен басталады десек те, тіл – ананың сүті, атаның ақылымен даритын қасиет.

«Әлемде сөзден күшті не бар екен?!» - деген екен М.Әуезов.[1]

«Тіл күшіне өлшеу жоқ, тіл көркемдігіне теңеу жоқ. Тіл өлгенді де тірілтеді. Әлдеқашан қайтыс болған прототиптерді тіл жасаған ұлы образдар тірілтіп көз алдына әкеледі. Жалғанда не терең? Сөз терең. Не сұлу? Сөз сұлу. Не өткір? Сөз өткір. Сөз құдіреті ғажап: алтынды мыс, мысты алтын етіп көрсете алады. Тас жүректі қорғасындай балқытып, балқыған қорғасынды тастай ете алады. Кірлі көңілді тазартып, кірсіз көңілді кірлей алады. Түрлі-түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық. Мұралардың ең қымбаттысы – сөз.

Сөз – күн шалмас қараңғы көңілдің алауы. Күн жылытпас суық көңілді жылытады. Сөз құдіреті ақты қара, қараны ақ етуге жетеді. Асыл адамда, асыл нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды» (Ғ.Мұстафин). [2] Тіл, сөз құдіреті туралы халық ғұламалары осылай тебіреніп, осылай толғайды.

Іншалла, қазір де қазақтың ойы олақ, тілі сақау деуден аулақпыз. Қара сөздің қаймағын қалқыған от ауызды, орақ тілді шешен, шебер сөйлейтін жазушы, журналистер, көсемсөзші қаламгерлер әлі де болса ортамызда бар. Жазба әдебиетіміздің қас шеберлері Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, А.Сейдімбеков, Д.Исабеков, тағы басқалардың көркем һәм публицистикалық шығармалары төгіліп тұрған шаһар дүниелер емес пе? Ауыз екі сөзде кешегі Ақтанберлі, Қазтуған, Шалкиіздердей шабыттанып кететін Бекболат Тілеухановтың сөйлеу мәдениетінің өзі үлкен бір мектеп емес пе?

Қазақша қандай телехабарларды көріп отырмайық, баурын еркін жазып, еш мұдіріссіз төгіліп, шешіліп сөйлеп отырған шешен журналистерлі көре алмауымыз неліктен? Бұрындары кібіртектеп ыңылдап сөйлеуді келмеске кеткен кеңес империясының тілге тигізген салқыны ғой деп жуып шаятынбыз. Немесе «осылай сөйлеу өзі ұлттық менталитетімізге тән нышан емес пе?» деген ойларға да келетінбіз. Бірақ қазақтың қабырғалы биі Қазыбек бабамыз 14 жасында Қонтәжі ханға: «Қазақ деген – мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Біз дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз...», - деп айтты емес пе? Қалмақ ханы Қонтәжі да бала Қазыбектің дана сөзіне сүйсініп «Қаз дауысты Қазыбек» атауы бекер емес, сөз құдіретіне мойын ұсынғандық еді.

Әрине, кеңес империясының тілге тигізген салқындығын да жоққа шығаруға болмайды. Орысша хабарлар мен қазақша хабарлардың ара салмағын екшей отырып, осындайда ойға келеміз.

Қазіргі тележурналистердің ішінен, әсіресе «Қазақстан» телеарнасының, «Мезгіл» бағдарламасын жүргізуші журналист Ғалымжан Боқаштың тіл мәдениеті мен сөйлеу шеберлігін баса айтқан орынды. Журналистің «сұлу сөйлеуі шарт емес, көркем сөйлеуі міндетті» дейді зерттеушілер. Ғалымжан Боқаштың хабарларын көре отырып тек көркем сөйлеп қою ғана емес, журналистке білім мен парасаттылықтыңда қаншалықты қажеттікке жарайтындығын, сонда ғана шешендік пен шеберліктің шебер үйлесім табатындығының куәсі болдық.

Сөйлеу мәдениетінің мәйегін танытушы тележурналистер санатында «Хабар» агенттігінің тілшілері Зейін Әліпбек, Бибігүл Жексенбай, Дана Нұржігіттерді ерекше айтуға болады. Бұл тұрғыда «Хабардың» шығармашылық жұмысын қадағалаушы талантты журналист Қайнар Олжайдың телемамандар таңдаудағы сұңғылалығын ерекше атай кеткен орынды.

Халқымыздың дәстүрі мен салтын, тілі мен мәдениетін, танымын қалыптастыруда кейінгі авторлық бағдарламалар дүниеге келді. Атап айтқанда, сабырлы да салиқалы сөз саптасымен, тақырып тереңдігі арқылы көрерменін бірден баурап ала жөнелетін Назира Бердалінің «Түнгі қонақ», экран еркіндігін танытумен ерекшеленетін Санжар Керімбайдың «Алтын сақасы», жастардың интеллектуалдық білім-парасатын танытумен көрініп жүрген Мұрат Қожамқұлдың «Ата жұрт» бағдарламалары өздерінің болашағынан үлкен үміт күттіреді.

Сағат Батырханова, Бекболат Тілеухандар бастап қазірде Бейбіт Құсанбек жүргізіп жүрген «Тіл» бағдарламасының да ұлттық тіл тағдырына қосар үлесінің өлшеусіз екендігін айта кеткен орынды. Сәуле Әбілдаханқызының «Ақжүніс» бағдарламасы тек қыз-келіншектердің ғана емес, көпшілік асыға күтетін танымдық мәні зор бағдарлама дәрежесіне жетуі де автордың шығаршылық ізденісінің жемісі деп бағалаған жөн. Әрине, көш-керуен енді түзеліп, тіл салтанаты енді-енді жарасым тауып келе жатқан сыңайлы. Тек осындай мағыналы да маңызды бағдарлама жүргізушілер ұлттық тілдің уызына жарыған шешенде шебер мәдениетті сөйлей білетін мамандардан құралса, нұр үстіне нұр болар еді.

«Шешен болу үшін 1) пәнді, 2) тілді, 3) ұлттық әдебиеттің қазынасын егжей-тегжейлі білу – басты парыз». «Шешеннің аузынан жиі қайталанған сөздер кездеспегені жөн, лириканы аз-кем пайдаланғаны дұрыс, тыңдаушылардың назарын аудару үшін: 1) қысқалық, 2) ширақ сөйлеу, 3) көңілді сергітетен қысқа қайырым-шегіністер болса, нұр үстіне нұр» [3].

С.Негимовтың «Шешендік өнер» кітабындағы бұл тұжырымдарды тарқатып байқар болсақ, жоғарыда өзіміз сөз еткен «ұлттық тілдің уызымен» сусындап өсу қағидасымен байланысты екендігін байқаймыз. Қалай десек те, бүгінгі таңда БАҚ-тағы тіл мәдениетін қалыптастырып, оның көлеңкелі тұстарынан арылып, көкжиегін кеңейте түскеніміз абзал. БАҚ тілінің мәдениеттілігі – бұқара халық сауаттылығының басты кепілі.


Пайдаланылған әдебиеттер


  1. «Өнер алды қызыл тіл» жинақ.- Алматы: Жазушы, 1986

  2. Нұрмұқанов Х. Сөз және шеберлік.-Алматы: Ғылым, 1987

  3. Негимов С. Шешендік өнер.- Алматы: Ана тілі, 1997


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет