Қорқыт, Қорқыт ата – (8 ғ., т. ө. ж. белгісіз, қазіргі Қызылорда обл., Қармақшы ауд.) – ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Тарихи деректер мен халық шежіресі бойынша, Қ – тың анасы қыпшақ тайпасынан, ал әкесі Қарақожа оғыздардың Қамы (Қайыспас) деген атасынан шыққан. Сондықтан Қ. оғыз бен қыпшақтар арасында бірдей кемеңгер ел ағасы болып өткен. Ватикан архивінде Қ. туралы «Расул пайғамбар заманына жақын кезде (7 – 8 ғ.) Баят (Сырдария) бойында Қорқыт ата атты бір ер болыпты. Оғыз ішінде барлық уәлаятты ол өзіне қаратып, неше түрлі ғажайып сөздер сөйлеуші еді. Қорқыт ата оғыз қауымының мүшкіл халін сөйлер еді. Әрине ісі болса, бәрі оның алдына келіп кеңес сұрап, ол не бұйырса соны қабыл етер еді» деген дерек бар. Жазба ескерткіштердегі деректер бойынша Қ. 95 (кей деректер 195) жыл жасаған қарт данышпан. Қ. өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарған. Тарихта Қ. ықпалында болған Инал, Көл – Еркен, Қаңылқожа деген хан аттары аталады. Ал бұл хандардың Жетісу (Алмалық, Ыстықкөл), Талас, Сайрам, Қазығұрт, Қаратау, Сыр бойы, Орт. Қазақстан (Ұлытау, Кішітау, Есіл, Нұра, Сарысу), Торғай өлкесі, Ертіс бойы мен Алтайда әкімш. құрғандығы тарихтан белгілі. Қ. осы тұста әлеуметтік жора (заң) негізін жасап, оны: ата–баба жасаған мекенді ұйық деп білу, оны сыртқы жау шабуылынан қорғау, жер–суды белгілі тәртіппенен пайдалану, дау–жанжалды ақылмен шешу, кіналы болған адамды жазалау сияқты салаларға бөледі. Сондай–ақ халық әскерді сапқа тұрғызғанда ортасына алқа– қотан етіп, екі қанатын оң қол, сол қолға бөлу, халық жиналыстарында тәртіппен отыру, ас–той үстінде мүше беріп, шүлен таратқандағы тәртіптердің бәрі де Қ. жасаған аталық заңға (жораларға) жатқызады. Ел аузында «Қ. айтты» деген мәтелдер жиі кездеседі. Мыс., «Ескі мамық бөз болмас, Кәрі дұшпан дос болмас. Өлген кісі тірілмес, Өткен қайтып келмес», «Шөлді жердің отын киік білер, Сулы жердің қадірін құлан білер, Ұзақ жолдың сырын түйе білер, Шытырманды тау қойнауын түркі білер» т. б. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Қ. асқан күйші ғана емес, қазақ музыкасының, ән – күй өнерінің атасы. Оның шын мәніндегі күйші – композитор болғандығын ел ішінде сақталған «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны» атты муз. шығармалары дәлелдейді. Қойлыбай бақсы, Нысан абыз, Мекеш бақсы, Найман бала жырларында Қ. аты олардың ұстаз-пірі ретінде жиі аталады. Мыс., «Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата, Бата алған барлық бақсы ата. Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен, Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда»,-деген жыр тармақтары мұра қалдырған Қ-тың әдеби–муз. мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тектес халықтарға ортақ асыл қазына (Қ. «Китаби дәдәм Қорқыт»). Оның мазары соңғы кезге дейін Сырдария өзенінің жағасында сақталып келеді (қ. Қорқыт мазары). Қ. ел аузында таралған аңыздарда білмейтін, мәңгі жасайтын өмір іздеуші ретінде суреттеледі. Аңызда Қ. желмаяға мініп алып, өлмейтін жер іздеу үшін дүниенің төрт бұрышын түгел аралайды. Бірақ оның алдынан шыққан көк майса «қуарып солдым» деп, аспанмен тілдескен асқар тау «Бұрын сәулетті едік, мыжырайып біттік» деп мұңаяды. Жапырағы сарғайған қара орман қайғымен басын шайқайды. Ол қайда барса да, көр қазып жатқандарға кездеседі. Қ. өлімге қарсы ем іздеуге әрекеттенеді, бірақ ол еңбегінен де ештеме шықпайды. Соңында «Өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген қорытынды жасап, өмірінің кейінгі кезін қобыз тартумен өткізеді. Өлмеуді, мәңгі өмірді қобыз үнін іздейді. Негізінде, өлімге қарсы күрес ислам дінінің жораларымен сыйыспайды. Сондықтан аңыз Қ. атына байланысты айтылғанымен оның шығу, таралу тарихы түркі халықтарына ислам діні тарамай тұрған кезге саяды. Сол сияқты шумер халқының атақты дастаны «Ғылғамыш» («Гильгамеш») пен Сібір түркі халықтары арасында кең тараған «Ерлікхан» әңгімесінде де Қ. туралы аңыздағыдай өлімге қарсы күрес суреттеледі.
Қорқыт ата (VІІІ-ІХ) Қорқыт ата — халық қамқоршысы, ақын, күйші, дарынды данышпан. Ол қазақ жерінде (Қызылорда облысында) ҮІІІ-ІХ ғасырда өмір сүріп, көптеген жырлар мен күйлер шығарып, тәлім-тәрбиелік мәні зор өсиет қалдырған. Ал, Қорқыт ата туралы ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Ә.Марғұлан төмендегідей пікір айтады: "Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-легендалар, ән-күйлер қазақ пен түркімендерде көбірек жолығады".
Тарихи деректер мен халық шежіресі бойынша, Қорқыт — сегізінші ғасырда Сыр бойында өмір сүрген батыр, атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екені мәлім. Міне, сондық-тан да Қорқыт қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын жайлаған оғыздар арасында екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың үзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар. Ал, оның теңдесі жоқ күйші-композитор болғандығын халық жадында сақталған "Қорқыт ата күйі", "Қорқыт сарыны", т.б. музыкалық шығармалары дәлелдейді. Қазақ арасынан шыққан атақты күйші-бақсылар, ақын-жыраулар өздеріне Қорқыт атаны пір-ұстаз тұтқан. Олар өздерінің өлең жырларын бастар алдында, алдымен Қорқыт атаның есімін ауызға алуды шарт деп білген:
Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата, Бата алған барлық бақсы асқан ата. Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен, Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда. Ел аузындағы аңыздардан Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында "өлмейтін нәрсе жоқ екен" деген пікірге келеді. Енді Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Ұлы күйші, кемеңгер жырау өзі іздеген мәңгілік өмірді шынында да тапқан секілді. Қорқыт атаның жан тебірентерлік сиқырлы күйлері, ұлағатты ғибрат сөздері, әрбір жолы мақал-мәтелге айналып кеткен өлең-жырлары ұрпақтан-ұрпаққа асыл мүра, мәңгілік қазына ретінде ауысып, мың жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп келе жатыр.
Қорқытты асқан күйші, ақылгөй, данышпан, атақты жырау деп, мазар-күмбезіне (қорым, пантеон) бас ию сонау оғыз-қыпшақ заманынан басталады. Қорқыттың мазарын (қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында) халық сан ғасырлар бойы қадірлеп, оны Қорқыт атаның күй тартатын жері деп басына күзетші, шырақ жағушы адам қойып жүрді. Қоркыт ата күмбезі шамамен ІХ-ХІ ғасырларда салынған. Қорқыт - жыр мен күйдің атасы, ерте кезде оғыз, қыпшақ және қаңлы тайпаларын басқарған данышпан кісі бейнесінде VIII-IX ғасырларда-ақ аңыз кейіпкері болған жан. Қорқыт ата жөніндегі жыр-дастан алғашта қыпшақ даласы мен Сыр бойында туып, халық эпосының дәстүрі бойынша сан ғасырлар бойы ауызша айтылып келген. Тек XVI ғасырда ғана Қорқыт есімімен байланысты бұл дастан қағазға түсірілген.
"Қорқыт ата кітабы" - түркі тектес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін танытатын эпикалық, әрі тарихи мұра. «Қорқыт ата кітабының» бір қолжазбасы Германиядағы Дрезден қаласында, екінші қолжазбасы Ватикандағы (Италия) Аростолика кітапханасында сақталып келеді. Бұл қолжазба 6 жырдан құралган (жалпы толық қолжазба 12 жырдан түрады). Қорқыт ата хикаясы - \/ІІ-\/ІІІ ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған, рухани қазына ретінде бүгінгі күнге дейін өзінің әдеби, тарихи, этнографиялық, т.б. мәнін жоймаған, аса құнды көркем туынды.
"Қорқыт ата кітабындағы" батырлық жырлар арқылы ақын жастарды ерлікке тәрбиелейді, елін қорғауға, әділетті адал, мейірман азамат болуға баулиды ("Бәмсі-Байрақ" жыры,т.б.).
Кітаптағы "Ат түяқты келеді, ақын тілді келеді", "Есекке қанша жүген салғанмен ат болмас", Анасыз қыз ақылға жарымас, әкесіз ұл сыйға жарымас".
"Тәкаппарды тәңір сүймес", "Өтірік сөз өрге баспайды", т.б. мақалдары
арқылы оқушыны адамгершілікке, әдептілікке, имандылыққа тәрбиелейді.
Қорқыт ата: "ниеті құрыған әйел, нысапсыз әйел, кесір әйел" сияқты әйелдің түрлерін салыстыра сипаттап, әйел-ананың қоғам дамуына негіз болатындай ұлағатты болуын уағыздайды.
"Үйсін - Қожаұлы Секрек туралы жыр" деген шығармасында әдептілік пен ерлік әрбір жігіттің қасиеті болу керек деп уағыздайды.
"Қорқыт ата" кітабындағы жырлар (аудармада тек мазмұндары берілген) құрылымы жағынан қазақ эпостарының тектес сюжеттерімен ұқсас: әсіресе перзентке зар болған қарт ата-ананың қасіретті өмірі жиі кайталанады ("Дерсеханүлы Бұқаш туралы жыр", т.б.). Қорқыт жырларында әйел-ананың ақыл-ойы, ерге беріліп, ел үшін ерлік жасауы, ана абыройы қастерлене баяндалады. "Салар Қазанның үйін жау шапқаны жайындағы жыр" оқиғасындағы Қазанбектің әйелі — Бөрте қатынның жауға шабуылы, т.б. Ана — ердің серігі, батырдың бағдаршысы, ұрпақтың ұлы анасы. Сондықтан ананы құрметтеу, ананы аялау, ананың абыройын ардақтау — кісіліктің белгісі, ердің инабаты, ұлттың ұлағатты қасиеті деп біледі Қорқыт атамыз. Осы ойын жырларына өзек етіп, ұрпағын ананы ардақтауға баурайды. Дүниетанымдық, тәлім-тәрбиелік мәні зор ұлттық педагогикамыздың бастауы болып табылатын Қорқыт атаның жырлары мен өсиет сөздері, күйлері мен аңыз әңгімелері жалпы адамзаттық тәрбие ұлағаттарына үлкен үлес болып қосылады. Қорқыт ата- халық ұстазы болды. Оның асыл мұраларын - этностық тәлім-тәрбиенің алтын бастауы деп білеміз.
Лекция 3
Тақырып: Халық педагогикасындағы ғылымдардың, педагогтар мен ағартушылардың идеялары
1. Қазақ халқы этнопедагогиканың бастаулары.
1.Орхон-Енисей ескерткіштері. Күлтегін және Қорқыт ата тағылымдары (6-9 ғасырлар).
2. 6-9ғғ тәлімдік ой-пікірлер.
3. 15 ғ Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ағартушылық жағдайы, білімі, мәдениеті.
Әдебиеттер:
С. Қалиев., Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. А.1999
Г. Н.Волков Этнопедагогика., Чебокссары.1994
Қ. Жарықбаев. С.Қалиев Үлгілі үйдің ұл - қызы., А., 2001.
Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. Алматы., 1996
Қазақ этнопедагогикасының бастаулары ХІХғ басталса да, тәлімдік ойлар 6 ғ негіз алады.
Түркі тектес халықтардың барлығына ортақ алғашқы педагогикалық ойлардың дамуы VІ-ІХ ғасырлардан бастау алады, бұл қоғамдық сананың алғаш дүниеге келу кезеңі (Орхон-Енисей жазу ескерткіштері, Қорқыт ата тағылымдары т.б.) болып табылады. Орхон ескерткіштері – түркі халықтарына ортақ этномәдени білім берерлік асыл мұра. Жырлардың негізгі тәрбиелік мәні мынада: түркі руларын біріктіру, сыртқы жаулардан қорғау, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қастерлеу, ананы құрметтеу.
Түркі тектес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін танытатын этномәдени құндылығы жоғары мұра – «Қорқыт ата кітабы». Қорқыт ата тағылымдары деп Сырдария бойын жағалаған Оғыз-Қыпшақ тайпаларының мемлекетінде өмір сүрген, оғыздар арасынан шыққан әйгілі күйші, музыкант, жыр алыбы, аңыз кейіпкері Қорқыттың тәлім-тәрбие туралы ойларын айтамыз. Қорқыт ата кітабы – Орта Азия, Қазақстан және Әзірбайжан халықтарының аса көрнекті ортақ жазба ескерткіші.
Арнайы тоқталуды қажет ететін мәселе – халықтың сол замандағы тәлім-тәрбиелік тәжірибесі. Қазақ халқы ата-тегінен қалған мұраны сақтап қана қалған жоқ, олардың болашақ жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге, этностың рухани-адамгершілік бейнесіне, мәдениетке, тұрмысқа, әлеуметтік қатынастарға тигізетін әсерін терең ұғынып, оны әрі қарай дамытуға тырысты. Халықтың тәрбиелеу, білім берудің өмірлік тәжірибесінде қолданған педагогикалық формалары мен құралдары алуан түрлі әрі мол. Осының нәтижесінде ұлтымыздың жас ұрпағы сол замандағы қоғамның даму деңгейіне сәйкес, жеткілікті деңгейде ақыл-ой, дене, еңбек, эстетикалық, адамгершілік тәрбиесін алды. Көшпенді қазақ халқының тіршілігі мен еңбек әрекеті табиғатпен, жануарлармен тығыз байланысты. Балалар тәрбиесі табиғатпен ұштастырыла жүргізілді.
Тарихи жағдайлар мен рухани мұралардың барлығы халқымыздың этномәдени білімдері өте ерте заманнан басталғанын, тарихы терең екендігін дәлелдейді. Бұл рухани, этномәдени асыл мұраны ортағасырлық ойшылдардың тәрбие, білім беру туралы идеялары және халық тәлімі мен ауызекі шығармашылығы одан әрі байытты.
Қазақ халқының этномәдени білім беру негізін ортағасырлық Қазақстандағы философиялық және этикалық-педагогикалық идеялар құрайды. Қазақ халқының этнопедагогикалық ойлары қалыптасуына халық тәрбиесі, діни сенімдер, т.б ықпал етті. Сонымен қатар, Орта Азия мен Таяу Шығыс, Қытай, кейінірек Ресей халықтарының тәжірибесі мен білімдік-тәрбиелік идеялары да өз әсерін тигізді.
Қазіргі Орта Азия мен Қазақстанды мекен еткен түркі халықтарының тарихында Х-ХІІ ғасырлар қоғамдық дамудың жаңа кезеңі болды. Бұл кезде өз қауымын айдай әлемге танытқан ғұламаларымыз тарих сахнасына шықты. Атақты ғалым Ф. Копрулузаде тілімен айтқанда: «Түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихында Қайта өрлеу - Ренессанс дәуірі болды». Өйткені, мемлекетті басқарудың исламға негізделген әлеуметтік-этикалық нормаларын белгілеу қажет болды. Осы қажеттілікті өтеу үшін әл-Фарабидің «Әлеуметтік-этикалық трактаттары», ибн Синаның «Даныш-намесі», «Білім кітабы», әл-Бирунидің «Хикметтері» («Даналық сөздері»), Ахмет Иүгінекидің «Хибатул хакаийк (Ақиқат сыйы») дастандары, Ахмет Иасауидің «Диуани хикметі» («Даналық кітабы»), Сүлеймен Бақырғанидың «Ақырзаман кітабы», Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» («Бес тармақты тарих») т.б. шығармалар өмірге келді.
№/№
|
Этномәдени білім
идеялары
|
Этномәдени білім беру идеяларының өкілдері
|
Этномәдени білім беру идеялары баяндалған еңбектері
|
Этномәдениет түрлері
|
1
|
Ұлы түркі қағанаты, Қорқыт ата мұрасы, араб-шығыс мәдениетінің ықпалы
(VI-XV ғғ.)
|
Әбу Насыр әл-Фараби (870–950),
Жүсіп Баласағұни (ХІғ.),
Махмұд Қашқари (ХІғ.),
Қожа Ахмет Иасауи (1103–1166) т.б.
|
«Әлеуметтік-этикалық трактаттары», «Бақытқа жету жайында», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» т.б.
«Құтты білік»,
«Даналық кітабы»
|
Қалалар санының өсуі: олардың Жетісу аймағында пайда болуы, Қолөнерінің дамуы (қыштан жасалған ыдыс-аяқ, темір ұсталық, металл өңдеу, т.б.).
Сәулет өнерінің ансамбльдері, кесенелер мен мешіттер
|
2
|
Қазақ хандығы тұсындағы этномәдени білім беру идеялары (XV–XVІІІ ғасыр )
|
Өтебойдақ Тілеуқабылұлы (1388–1483),
Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551)
Қадырғали Жалайыр (1555–1607)
Асан қайғы (XVғасыр )
Қазтуған (XV ғасыр)
Бұқар Жырау(1697–1787)
Шал (Тілеуке) Құлекеұлы (1748–1819)
т.б.
|
«Шипагерлік баян»
«Жамиғ ат-тауарих»
«Тарих и Рашиди», «Жаһаннаме»
Ақын-жырау шығармаларының мақсаты жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа, қайырымдылыққа, ұжымшылдыққа, еңбекті қадірлей білуге тәрбиелеуде, үлкенді сыйлап, әдепті, кішіпейіл, елгезек, мейірімді болу сияқты жақсы қасиеттерді олардың санасына сіңіріп, бойына ұялату
|
Халықтың тарихы, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, дүниетанымы, мінез-құлқы, сана-сезімі туралы білім. Өсиет, ғибрат сөздер, тәлімдік-тәрбиелік, танымдық сөздер, жырлар, ертегілер т.б.
|
2.Қазақстанда педагогикалық ойлардың дамуы.
1. Ш.Уалихановтың педагогикалық ойлары
2. А.Құнанбаев, Ы.Алтынсариннің педагогикалық ой-пікірлері.
3. Қазақстандағы ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы тәлімдік ой-пікірлер (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М. Дулатов)
1. Ш.Уәлиханов (1835-1865жж) (Мухамедханафия) атақты аға сұлтан әулетінде дүниеген келген, арғы атасы Абылай жоңғарларға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен, ақылды қолбасшы, іскер дипломат, амал-айласы мол, Орта жүздің ханы болған. Шоқан өз шығармаларында патша өкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелеп, өз халқын отырықшылдық пен егіншілікке көшуін насихаттап, барша халықты білім-ғылымға шақырды.
Қазақтың педагогикалық мәдениетінің даму тарихы ежелгі кезеңге саяды. Дала тұрғындарының тәрбие тәжірибесі, мінез-құлық ережесі мен нормалары. Тұлғаның моральдық-психологиялық үлгісі: «Нағыз жігіттің сегіз қасиеті бар және құпияны сақтай алады» (көшпелі мал бағуды жүргізе алу, еңбексүйгіш, қайғыда тұрақтылық, соғыста батырлық, өзінің жеті атасын білуі, поэтикалық дарындылық, тапқырлық және ақылдылық, атқа міну техникасын меңгеруі). Көшпеліліердің қиын өмірі - өзінің талаптары (тұрақты психика, тез бейімделу, сақтық, сезгіштік): «Жігітке жетпіс өнер де аз». Мақал-мәтелдер, ертегілер, шежірелер, дастандар. Амалдары: бата беру, ант немесе серт беру, тілеу, айтыс және т.б. Жазу көздері. Мысалы, Орхон-Енисей, Білге-қаған және оның қолбасшы ағасы Күл-Тегін (VI ғасыр): «Көңіл қойып тыңда, тереңірек ұғын».
4 – лекция
Тақырыбы: Ж.Баласағұн, Әбу-Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауидың тәлім-тәрбиелік тұжырымдамалар. Қазақ мемлекеті қалыптасқан ХУ-ХІХ ғ.педагогикалық ойлар
Адам баласы әу бастан өз ұрпағын өмiрге, еңбекке икемдеп, тәрбиелеп келгенi көпке аян. Бүгiнгi қалыптасқан белгiлi ғылыми-теориялық заңдары бар педагогика ғылымы өмiрге келгенше де адамзат тәрбие iсiмен айналысып бақты. Оның қағазға жазылып түспеген, бiрақ халық жадында мәңгi сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, қағида болып тарап келген бiлiм-бiлiк, тәлiм-тәрбие беру тағлымдары бар. Ол халықтық педагогика деп аталады. Халықтық педагогика салт-дәстүр, жол-жора, ырымдар, тағам дайындау, қонақ күту рәсiмдерi мен ауыз әдебиетi үлгiлерi, ұлттық ою-өрнек, өнер түрлерi, спорт ойындары арқылы отбасылық тәрбиеден басталып, ауыл-аймақ, ел-жұрт, ру-тайпа, қала бердi бүкiл халықтық қарым-қатынастан берiк орын алған тәлiм-тәрбиенiң түрi, адам мiнезiн, iс-әрекетiн қалыптастырудың белгiлi нормасы болып табылады. Олай болса, халық педагогикасы қоғам дамуының (алғашқы қауымдық қоғамнан бастап) белгiлi сатыларынан өтiп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесiнiң бастау бұлағы, педагогикалық құралы болып, тәрбие жүйесiнiң қызметiн атқарып келгенiн байқаймыз. Яғни, осыдан келiп ғылыми педагогика мен халықтық педагогиканың тәрбие тәсiлдерiндегi сабақтастығы, принциптiк-идеялық үндестiгi туындайды. Бүгiнгi әлемдiк аренаға жеткен ғылыми-педагогика халықтық педагогикадан бастау алып, оны ғылыми теориялар мен қағидалар тұрғысынан жан-жақты зерттеп, қарастырып, байытты. Сөйтiп, өз қажетiне жаратты. Осы қажеттiлiктен келiп, халықтың эмпирикалық тәжiрибесiне негiзделген ұрпақ тәрбиелеу тағылымдары — халықтық педагогиканы ой елегiнен өткiзiп зерттеп, тәрбие мен оқу iсiнiң өзектi құралы етудiң жолдарын және оның шығу, даму кезеңдерiн өзiндiк ерекшелiктерiн, басқа ғылымдармен байланысын зерттейтiн педагогиканың ғылыми бiр саласы этнопедагогика пайда болды.
Академик Г.Н.Волковтың пiкiрiнше, халықтық педагогиканың ерекшелiгi: оның адам баласының дүниеге келген күнiнен бастап бiрге жасасып келуiнде, адамдардың қоғамды құруда, қоршаған ортаны — табиғатты өзiне икемдеп игеруiнде, еңбек тәрбиесiнiң алғашқы адамдар өмiрiнде басты рөл атқарғаны, тәрбиенiң басқа түрлерiнiң кейiн туғандығы, халықтық тәрбие жөнiндегi қағидалары өмiрлiк тәжiрибеге негiздеген эмпирикалық бiлiм болып келуi, оның ұлттар мен ұлыстардың жазу мәдениетi шықпай тұрған кезiнде пайда болып, халық арасында ауызша тарауы, сондықтан да оны шығарушы авторларының аты-жөнi халық жадында сақталмай, бүкiл халықтық мұраға айналып кетуi, халықтың ұрпақ тәрбиелеудегi озық тәжiрибелерi мен ой түйiндерi сол халықтың ой-тiлегiмен, арманымен ұштасып келгендiктен, озық үлгiлерiнiң мәңгi сақталып, ал тозығының бiртiндеп өмiрде қолданудан шығып калуы, халық педагогикасы өнерге, еңбекке негiзделгендiктен, үнемi жетiлдiру, ұшталу үстiнде болуы, сондай-ақ халық педагогикасының ғылыми жүйеге, теорияларға құрылмай, жеке бастық тәрбиенiң озық үлгiлерiне және оның нәтижесiне құрылуы, тәрбие тәжiрибесiнiң ғасырлар бойы жалғасып келуi (преемственность), алғашқы тәрбие түрлерiнiң қоғамда бөлiнбей, синкреттi тұтас түрiнде берiлуi (мысалы, қол, би, музыка өнерлерiнде ой еңбегi мен дене еңбегi, ақыл-ой тәрбиесi мен еңбек тәрбиесiнiң бiрге ұштасып келуiнде)”, деп саралай көрсете келдi де, “халық педагогикасы ру, тайпа, ұлттар мен ұлыстардың ұрпақты тәрбиелеу тәжiрибесiне негiзделiп, халықтың тәрбие құралдары (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын түрлерi, ауыз әдебиетi үлгiлерi) арқылы iске асыруға құрылса, ал этнопедагогика теориялық ойларға, ғылымға негiзделедi. Ол халықтың этнографиялық салт-дәстүрiн, тұрмыс-тiршiлiгiн педагогикалық, логикалық ғылыми жүйе тұрғысынан зерттеп қарастырады... яғни, халық педагогикасы ғылымға шикi материал даярлаушы мәлiметтер көзi болып табылса, сөйтiп педагогика ғылымына қызмет етушiнiң рөлiн атқарса, ал этнопедагогика халықтың бала тәрбиелеу тәжiрибесiн, педагогикалық мәдениетiн зерттеп, оның прогрессивтiк үлгiлерiн бүгiнгi оқу-тәрбие iсiне жаратудың жолдарын ғылыми тұрғыда қарастырады” (16, 7), — дейдi.
Ал бұрынғы КСРО Педагогика ғылым академиясының корреспондент-мүшесi, профессор И.Т.Огородников, Г.Н.Волковтың “Этнопедагогика” атты еңбегiне жазған кiрiспесiнде: “Егер халық педагогикасы мен этнопедагогикаға арналып екi хрестоматия жасалған болса, оның бiрiншiсiне бала тәрбиесi жөнiндегi ауыз әдебиетi үлгiлерi мен халықтың салт-дәстүрлерiне арналған этнографиялық тәлiмдiк жазбалары енгiзiлген болар едi де, ал екiншiсiне халық педагогикасы мен халықтың тәлiм-тәрбиелiк ойларын зерттеуге арналған педагог-ғалымдардың еңбектерi енген болар едi” (16, 6), - деп, халық педагогикасының таза тәжiрибеге негiзделген тәрбиенiң эмпирикалық түрi екенiн және оның этнопедагогиканың ғылыми зерттеу объектiсi болып саналатынын ашып көрсетедi.Халық педагогикасында тәрбие мәселесi бiрiншi орынға қойылып келдi. Ол заңды да едi. Себебi, халық педагогикасы ғылым мен мәдениеттiң жетiлмеген кезiнде пайда болғандықтан, тәрбиенi еңбек пен өнерге, оның iшiнде қол өнерiне негiздей жүргiзудi уағыздады. Бертiн келе, оқу-бiлiм дамып, ғылым мен техника өрiстей бастаған кезiнде, XVII ғасырдағы ұлы чех педагогы Я.А.Коменскийдiң атымен байланысты ғылыми педагогика пайда болды. Ғылыми педагогиканың теориялық зандары қалыптасып өмiрге келдi. Я.А.Коменский өзiнiң атақты “Ұлы дидактика”, “Ағайынды чехтарды тәрбиелеу” атты еңбектерiнде тұңғыш бiлiм беру iсi мен тәрбие iсiн бiртұтас процесс деп қарау идеясын ұсынды. Тәрбие мен бiлiм берудi бiрiктiру тенденциясы оқу-тәрбие iсiнiң тұтастығынан туындады. Тәрбие-әлеуметтiк процесс, ал адамның жеке басының өсiп жетiлуi, дамып қалыптасуы — ол әрi әлеуметтiк, әрi биологиялық процесс. Осы ерекшелiктен келiп, педагогикада қоғамтану мәлiметтерiн жаратылыстану мәлiметтерiмен бiрiктiре қарастыру қажеттiлiгi пайда болады. Оның себебi педагогика адам тәрбиесiнiң қажетiн өтеушi, қоғамдық сұранысты iске асырушының рөлiн атқарушы болып отыр. Ал педагогиканың жеке басты (индивидиумды) тәрбиелеп жетiлдiрудегi iс-әрекетi оқу-тәрбие орындары арқылы iске асырылады. Адам тәрбиесiнде бiлiмнiң теориялық жақтары шешушi рөл атқарғанымен, оны (теорияны) жеке басты оқытып тәрбиелеп жетiлдiруге пайдалану үшiн тәжiрибеде қолданудың әдiс-тәсiлдерi керек. Мiне, осыдан келiп, теория мен тәжiрибенiң, оқытудың өмiрмен байланысын, оны iске асырудың жолдарын қарастыратын педагогика ғылымының бiр саласы — оқыту мен тәрбиенiң методикасы туындайды. Бiлiм беру мен тәрбие iсiнiң теориялары мен өмiр тәжiрибесi тығыз ұштасқанда ғана адам қажетiн толық өтей алады. Ғылыми теориялар тәжiрибеге негiзделмесе, ол тиянақты ғылым болмайтыны сөзсiз.Ол жөнiнде XVII—XVIII ғасырларда өмiр сүрген батыстың, орыстың педагог ғалымдары жақсы ой-пiкiрлер айтқан болатын. Мысалы, Я.А.Коменский “Ағайынды чехтарды” тәрбиелеудегi халықтық дәстүрдiң жақсы нәтижелерiне сүйене отырып, баланы жастайынан еңбекке және жақсы мiнез-құлыққа тәрбиелеудiң жолдарын көрсетiп бердi. Ал Швейцарияның кемеңгер педагогы И.Г.Песталоцци тәрбиенi ана тiлiнде оқытатын халықтық мектептердiң бай тәжiрибесiне негiздей отырып жүргiзудi мақұлдады. Ол “Адамның ақыл ойының қалыптасуы, дұрыс дамуы ұлт тiлiндегi оқудың мазмұны мен оқыту әдiсiн дұрыс ұйымдастыруға байланысты” деп ерекше атап көрсеттi. И.Г.Песталоцци: “Бала тәрбиесi оның дүниеге келген күнiнен басталуы керек. Баланың дүниенi түсiнуi отбасынан басталып, мектепте әрi қарай жалғастырылуы шарт” (48, 72),— деген қағиданы ұсынды. Француздың ұлы ағартушысы Ж.Ж.Руссо да бала тәрбиесiнiң көзi еңбекте, сондықтан баланы жан-жақты жетiлген азамат етiп тәрбиелеудi жанұяда еңбекке үйретуден бастау керек деп қарады. Ал әйгiлi орыс педагогы К.Д.Ушинский халықтық тәрбиенiң мақсаты мен мазмұнына және тәрбие мен оқыту әдiстерiне тоқтала келе: “Орыс халқының бала тәрбиесi сол халықтың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланысты, тәрбиенiң негiзiн халықтың жақсы-жаман дәстүрiнен iздестiру керек” (82, 482), — дедi. К.Д.Ушинский бала тәрбиелеудегi ауыз әдебиетiнiң рөлiне де ерекше тоқталды. Ол: “Ертегiлер халықтық педагогиканың алғашқы және тамаша үлгiлерi. Ертегiлердегiдей халықтың асқан даналық тәрбиесiмен тепе-тең келетiн бiрде-бiр тәрбие құралы жоқ” (82, 161),—деген едi. Кешегi Кеңестiк дәуiрдегi ұлы педагогтар А.С.Макаренко адамды тәрбиелеп жетiлдiруде еңбектiң, әсiресе ұжымдық еңбектiң маңызына ерекше мән берген болса, ал В.А.Сухомлинский “Баланы iзгi жүректi азамат етiп тәрбиелеуде ойын түрлерiн кеңiнен қолдануды және баланы жазасыз тәрбиелеудi, ертек айтуға, табиғатты тамашалауға, сол арқылы олардың ой-қиялын өсiруге” баса көңiл бөлдi. “Табиғат тамаша тәрбиешi, тек оны түсiне бiлуге үйрету керек” деп қарады.Өткен ғасырлардағы педагогика тарихына көз жiберсек, ұжымдық педагогикалық тәрбиенiң мәнi мен маңызына, халықтық тәрбие жөнiндегi данышпандық ой тұжырымдарына әл-Фараби, Ибин-Сина, Фердауси, Омар Хаям, Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, К.Д.Ушинский, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, Л.Н.Толстой, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев сияқты ойшыл-оқымысты ғалымдардың бiрде-бiрi көңiл бөлмей өткен емес. Олар халықтың бала тәрбиелеудегi тәжiрибесiнiң, педагогикалық ойларының прогрессивтiк жақтарына ерекше мән берiп, халықтық тәрбиенiң негiздерiне ғылыми талдаулар жасады. Алайда, Қазан төңкерiсiнен кейiнгi Кеңестiк дәуiрде халық педагогикасын зерттеу, оны тәжiрибеде қолдану iсiне керенаулық көрсету, қала бердi адамдардың санасындағы ескi қоғамдық идеялардың қалдығы деп қарау өрiс алды. Ол идея коммунизм кезiнде бiр тiл, бiрыңғай мәдениет болады деп қараушылықтан, пролетарлық жаңа мәдениет жасаймыз деген жалған ұраннан туындаған едi. Көне мәдениеттiң шедеврi шiркеулер мен храмдарды, мешiт-медреселердi қирату, халықты дiннен, ұлттық тiлден, салт-дәстүрден бездiру, тарихи ескерткiштерге мән бермеу, жер-су, ауыл-село, қала аттарын кеңестiк саясатқа негiздеп өзгерту т.б. солақай саясаттың әсерiнен туындаған терiс әрекеттер болатын.
Кеңестiк дәуiрдiң 1970—1990 жылдарында ғана халықтық педагогиканың прогрессивтiк мәнiн ғылыми тұрғыда қарастырып зерттеу iсi бiртiндеп қолға алына бастады. Халық педагогикасын кеңестiк дәуiрде ғылыми-теориялық, методологиялық жағынан жан-жақты тұңғыш зерттеушi академик Г.Н.Волков болды. Халық педагогикасын ғылыми-педагогикалық тұрғыда зерттеудiң қажеттiлiгi туралы пiкiрлер (1970—1990ж.ж. арасында) профессорлар: В.Ф.Афанасьев, В.X.Артюнун, А.Ш.Гашимов, И.Я.Ханбиков, К.Пирлиев, А.Ф.Хинтибизде, А.Э.Измайлов т.б. еңбектерiнде де айтылған болатын.Этнопедагогикалық зерттеулердiң Кеңестiк дәуiрдегi маңызы мен мәнi, қажеттiлiгi мен көкейкестiлiгi жөнiнде және оны ғылыми педагогиканың құрамдас бөлiгi деп қараудың керектiгi туралы педагог-ғалымдар: И.Т.Огородников, В.М.Коротов, А.Г.Гордина, М.Ф.Шебаевалар да кезiнде келелi пiкiрлер айтқан едi. Этнопедагогика ғылымы орыс, батыс елдерiнде XVII-XVIII ғасырлардан бастап қолға алынған болса, қазақ этнопедагогикасының зерттелу жайы, ғылым ретiнде қалыптасу тарихын сөз еткенде оны үш кезеңге бөлiп қарастырамыз.
Бiрiншi - XIX ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрiп, қазақтың ұлттық тәлiмгерлiк ой-пiкiрлерi мен салт-дәстүрлерi жайында тұңғыш зерттеу еңбектерiн жазған Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты демократ ағартушылар мен орыс, батыс саяхатшысы, этнограф ғалымдарының (Э.С.Вульфсон, П.С.Паллас, А.Вамбери, А.Левшин, В.Радлов, А.Янушкевич, Н.Г.Потанин, Н.Л.Зеланд. т.б.) қолжазбалары десек, екiншi - XX ғасырдың алғашқы 20-30-жылдарында бұл iстi ғылыми тұрғыда арнайы қарастырып сөз еткен Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, X.Досмұхамедов, М.Дулатов, Н.Құлжанова, М.Әуезов т.б. болды. Яғни, бұл кезеңдi қазақ этнопедагогикасының ғылым ретiнде туып, қалыптасу кезеңi деп қараймыз. Үшiншi кезең - 35-40 жылдық үзiлiстен кейiн (1970-2000 ж.ж.) қазақ этнопедагогикасының қайта жанданған, даму дәуiрi деп аламыз. Ежелден Қазақстан жерiнiң байлығына қызыға қарап, көз тiккен және мұхитқа шығар қақпа деп есептеген орыс, батыс мемлекеттерi бұдан әлденеше ғасыр бұрын саяхатшы, елшiлер жiберiп, жер-суы мен шаруашылық кәсi бiн, қазба байлығын, салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын зерттеудi көздеген.Орта Азия мен Қазақстан даласын мекендеген көшпелi тайпалардың өмiрi батыс оқымысты ойшылдарының назарына ерте-ақ iлiнген-дi. ХVII-ХVIII ғ.ғ. қазақ даласына тұңғыш әскери экспедициялар ұйымдастырыла бастады. М.В.Ломоносовтың замандасы географ және этнограф ғалым И.К.Кирилов 1730-35 ж.ж. Башкирия, Қазақстан далаларында саяхатта болып, көшпелi халықтардың шаруашылық тiршiлiгi мен салт-дәстүрiн зерттедi. Қазақстан және Орта Азия елдерiнiң картасын жасады. Ал орыстың саяхатшы офицерлерi әкелi-балалы Рычковтар (П.Н.Рычков, Н.П.Рычков) қазақ ауылының өмiрiнен очерктер жазып, қазақтардың ер жүрек, жауынгер халық екенiн суреттейдi. Олар қазақ әйелдерiнiң еңбек сүйгiш, табиғи қарапайым, жылы жүректi болып келетiнiн айта келiп, қазақтардың арғымақ атты ұрлауды үлкен өнер санайтынын баяндап, мәдениетi жағынан “тағы” деген тұжырым жасайды. Әрине, ол көшпендiлер мәдениетiне бiржақты баға берушi ұлы орысшылдық көзқарастың салдары едi.
Достарыңызбен бөлісу: |