Демократиялық қарым-қатынас стилінде педагог әрекеттесу барысында оқушының ролін арттыруға, әрбір оқушыны жалпы, ортақ істі, мәселені шешуге қатыстыруға бағытталған. Бұл стильдің негізгі ерекшелігі - өзара қабылдасу және өзара бағдарлану. Пайда болған проблеманы ашық және еркін түрде шешу нәтижесінде оқушылар педагогпен бірге ортақ шешім қабылдайды.
Бұл педагогқа оқушыларға деген жағымды-белсенді қатынас, олардың мүмкіншіліктерін, жетістіктері мен өкініштерін дұрыс бағалау, оқушыларды жақсы түсіну, олардың іс-әрекетіндегі мақсаты мен мотивтерін біліп-ұғыну, тұлға дамуын болжау іскерліктері тән.
Сыртқы белгілері бойынша демократ-педагогтың әрекеті «өте жақсы» деген бағаға иеленбегенімен, топтағы әлеуметтік-психологиялық жағдай, әдетте, жағымды сипатқа ие болып келеді. Ондағы тұлғааралық қатынастар талап қоя білу және сенім артумен ерекшеленеді. Демократиялық қарым-қатынас стилінде педагог оқушыларды белсенділік, дербестік танытуға шақырады, оқушылардың өз-өздерін жүзеге асыруына қажетті жағдай жасайды. Қарым-қатынастың негізгі формалары - өтініш, кеңес, ақпаратпен алмасу.
Достарыңызбен бөлісу: |