Барлығы – 45 сағат



бет6/8
Дата12.03.2018
өлшемі1,63 Mb.
#39318
1   2   3   4   5   6   7   8

Жоспар.

  1. Педагогтың жалпыпедагогикалық дайындығының күйі.

  2. Кәсіби дайындыққа қойылатын талаптар.

  3. Жалпыпедагогикалық білім, білік, дағдының қалыптасу кезеңдері.

  4. Педагогикалық мамандықты таңдау мотивтері.


Педагогтың жалпыпедагогикалық дайындығының күйі.

Болашақ мұғалімдердің жоғары оқу орнындағы дайындықтың мазмұны, құрылымы және әдістері, біріншіден, қоғамның даму бағыттарымен, екінщіден, педагогика ғылымының дамуымен, үшіншіден, педагог мамандығының ерекшеліктерімен белгіленеді.



Жоғары педагогикалық білім беру жүйесінің құрамдас бөліктері:

  • жоғары педагогикалық білім беру мемлекеттік білім беру стандарты және білім беру бағдарламалары;

  • мемлекеттік лицензияға ие жоғары оқу орындары;

  • ғылыми зерттеулер жүргізілетін ғылыми, жобалаушы, мәдени-ағартушы орындар, ұйымдар;

  • педагогикалық білім беруді басқару органдары.

Педагогикалық білімге ие болу белгілі бағдарламаларды меңгеру жағдайында қол жеткізілетін түрлі деңгейлі кәсіби квалификациялы маман ретінде тұрақтанумен байланысты.

Үздіксіз педагогикалық білім беру – нақты педагогикалық іс-әрекетке дайындау мақсатында педагогикалық білім беру орындарынан бірізділікпен өту, тұлғаның білім алу қажеттіліктерін өтеу мақсатында жеке білім алу жолдарын жүзеге асыру.

Педагогикалық білім беру орындар жүйесі педагогикалық сыныптардан (лицейлік) басталады. Олар педагогикалық, яғни гуманитарлық бағыттағы ересек мектеп болып табылады және кәсіби педагогикалық дайындыққа дейінгі міндеттерді шешуге бағытталған.

Кәсіби дайындыққа дейінгі педагогикалық орындардың түрлі формалары қалыптасқан:


  • арнайы бағдарлама негізінде жұмыс жасайтын мектептегі педагогикалық сыныптар;

  • гимназияның 10-11 сыныптарында педагогикалық профиль;

  • педагогикалық лицейлер және лицеисттер сыныптары;

  • педагогикалық жоғары оқу орындарының жүйесіне енетін жоғары оқу орындарына дейінгі дайындық факультеттері.

Кәсіпке дейінгі дайындық – бұл үздіксіз білім беру жүйесіндегі алғашқы кезең және негізгі мектептік білімге қосымша болып табылады.

Келесі дайындық деңгейі педагогикалық оқу орындарында жүзеге асырылады. Бұнда когнитивті (білімділік) және тұлғалық сипаттамалар қалыптасады, педагогикалық қызметті орындауға қажетті дағдылар меңгеріледі.

Педагогикалық білімнің негізін1-ші және 2-ші деңгейлі білімділік-кәсіби бағдарламалары жүзеге асыратын базалық жоғары білім құрайды. Олар адам және қоғам, тарих және мәдениет жайындағы білім жүйесін меңгеруге, базалық фундаментальды ғылыми дайындық пен кәсіптік педагогикалық білім негіздерін алуға мүмкіндік береді.

1-ші деңгей – жалпы жоғары білім. Оған екі жыл ішінде 1-ші деңгейлі білім беру жүреді. Ол кәсіптік бағдарламаларды меңгеру жолымен жүзеге асырылады. Ол базалық жоғары педагогикалық білім деңгейінде 2-ші деңгейлі білімді меңгеруге жол ашады.

Базалық жоғары педагогикалық білімнің 2-ші деңгейі екі жылға есептелегн және бір пәндік бағыт бойынша білімділік-кәсіптік бағдарламаны жүзеге асырады. Мемлекеттік емтиханнан өтіп, базалық жоғары педагогикалық білімге ие болған студентке таңдалған пән бойынша білім бакалаврының дипломы беріледі.

Толық жоғары педагогикалық білім базалық жоғары білімге негізделеді. Мамандану бағытына сәйкес кәсіптік және білімділік бағдарламаларының дамуы мен саралануы байқалады. Бұл деңгейдің басты мақсаты – педагог-зерттеушіні дайындау. Бұл деңгейдегі оқу мерзімі 4 жылдық базалық жоғары педагогикалық білім негізінде – 2 жыл. Толық жоғары педагогикалық білім алғандарға білім магистрі дипломы беріледі. Ол ғылымның нақты саласында жұмыстануға кез-келген білім беру орындарында кәсіптік іс-әрекетті жүзеге асыру хұқығын береді. Бұл деңгейдегі бағдарламалар негізінен дараланған және ғылыми педагогикалық зерттеулерді дұрыс жүргізуді үйретуге бағытталған. Олар университет типтес оқу орындарында ұйымдастырылады.

Педагогикалық білімнің ең жоғарғы деңгейі ғылыми квалификацияны жетілдіру. Ол аспирантурада жүреді.



Кәсіби дайындыққа қойылатын талаптар

Педагог маманына қойылатын жалпы талаптардың мазмұны төмендегідей:



  1. табиғат, қоғам және сананың басты заңдылықтарын білу;

  2. адам жайында, оны жеке тұлға ретінде тану білімі;

  3. тарихи және қазіргі болмысты меңгеру тәсілдерін білуі.

  4. ақпаратты жинақтау, өңдеу және қолданудың соңғы технологияларын меңгеруі .

  5. педагогикалық қызметті басқару мәселесін шешуі.

Қазіргі кезде мектепке қажет мұғалім тұлғасы жайында пікірталас тууда. Ең алдымен қазіргі мұғалімнің бойында гуманистік бағытталу, жалпы адамзаттық құндылықтарға сүйену, кәсіби қабілеттілік, шығармашылдық қабілеті, психологиялық дайындығы және әдістемені меңгеру қасиеттері белгіленеді. Мұғалімнің дайындығында жалпы педагогикалық дайындық ерекше орын алады. Оның мақсаты педагогикалық теориямен қатар оқыту мен тәрибелеудің практикада қолданылатын іскерлігі мен дағдысын меңгерген мұғалімдерді қалыптастыру.

Кәсіби дайындыққа қойылатын талаптар:

  • өз мамандығының тұлағылық және әлеуметтік мәнділігін сезіну;

  • мәдениеттің берілуін қамтамасыз ететін білім беру жайында тұтас түсінікті меңгеруі;

  • ғылыми-гуманистік көзқарасты меңгеруі;

  • табиғат пен қоғам дамуының негізгі даму заңдылықтарын білуі;

  • адамның рухани сипаты, тұлғасы және даралығы жайындағы білім мен түсініктер жүйесін меңгеруі;

  • Қазақстан Республикасының конституциясын, этикалық және құқықтық нормаларды білуі;

  • білім беру процесінің заңдылықтары мен принциптері жайындағы білім мен түсініктер жүйесін меңгеруі;

  • ғылыми танымның формалары мен әдістерін білуі, таным тәсілдерін меңгеруі;

  • пәндік білімін кәсіби тілмен жеткізе білуі;

  • экологиялық білімнің концептуальды негіздері мен принциптерін білуі;

  • ақпаратты іздеу, өңдеу, қолданудың соңғы әдістерін меңгеруі;

  • қарым-қатынас орнату іскерлігі;

  • ойлау мәдениетін, сөйлеу мәдениетін, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруі;

  • жұмысқа психологиялық және әдістемелік дайындығы.

Мұғалімді дайындау жүйесінде жалпыпедагогикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді. Оның мақсаты – педагогикалық теория мен практиканы меңгерген мұғалімді қалыптастыру.

Жалпыпедагогикалық білім, білік, дағдының қалыптасу кезеңдері.

Жалпыпедагогикалық білім – мұғалімнің кәсіби функцияларын жүзеге асыруға қажетті педагогикалық білім, практикалық білік және дағды жүйесі. Ол мына бөліктерден құралған:

  • фундаментальды әдіснамалық білім (педагогикалық ғылымның әдіснамасын білу, оқыту және тәрбие теориясын білуі, педагогикалық менеджментті меңгеруі);

  • оқыту мен тәрбиенің кейбір жақтары, озат педагогикалық тәжірибе жайындағы теориялық-практикалық білім;

  • оқыту мен тәрбиені ұйымдастыру формалары, әдіс-тәсілдері жайындағы әдістемелік білім.

Педагогикалық жоғары оқу орнының оқу жоспарларына педагогикалық пәндер енгізілген. Олардың кейбіреуі міндетті болса, басқалары – жоғары оқу орнының, факультеттің профилімен анықталады.

Болашақ мұғалімнің кәсіби қызметінің ерекшеліктерімен танысу «Педагогикалық мамандыққа кіріспе» курсынан басталады. Бұнда түрлі тарихи кезеңдердегі мұғалім мамандығының мазмұны мен спецификасы, педагогикалық мамандықтың даму перспективасы, педагогикалық қызметтің гуманистік сипаты жайында түсінік беріледі.

«Білім берудің философиясы және тарихы» курсы студенттерді білім берудің әлеуметтік сипатымен, түрлі тарихи кезеңдердегі білім беру теориясы мен практикасындағы негізгі бағыттармен таныстырады. Оның міндеттері: педагогикалық құбылыстарды тарих тұрғысынан түсіндірудің ғылыми әдісімен қаруландыру, педагогикалық өткенді дұрыс бағалау іскерлігін қалыптастыру.

Педагогикалық жоғары оқу орнындағы педагогикалық пәндерді оқыту психологиялық-педагогикалық циклдағы басқа пәндермен (жас ерекшелік физиологиясы, мектеп гигиенасы, жалпы психология, педагогикалық психология) бірге жүргізіледі. Жалпыпедагогикалық білім, білік, дағды жеке әдістемелерде нақтыланады.

Педагогикалық білім берудің мазмұны үш блоктан құралған: жалпымәдени, психологиялық-педагогикалық, пәндік.

Жалпымәдени блок оқу уақытының 25%-не ие. Оның міндеті – мұғалімнің жалпы көзқарасын дамыту, оның өмірлік және кәсіптік белгіленуіне жағдай тудыру, практикалық педагогиканы меңгеруі.

Психологиялық-педагогикалық блок оқу уақытының 18% құрайды. Ол мұғалімнің педаггикалық санасын, шығармашылық даралығын дамытуға бағытталған.

Пәндік блок оқу уақытының 57% құрайды. Блок нақты ғылыми білімнің мазмұнын ашу логикасын меңгеруге бағытталған.

Педагогикалық білімнің жүйелі бөлігі ретінде студенттердің практикалық іс-әрекеті болып табылады. Жалпыадамзаттық және кәсіби құндылықтар тек іс-әрекет барысында ғана меңгеріледі.



Педагогикалық мамандықты таңдау мотивтері.

Жалпы педагогикалық мамандықты таңдаудың 8 факторы белгіленген. Бұл факторларды анықтаған педагог В.А.Климов.

1.Жанұяның және үлкендердің кеңесі.

2.Жолдастарының кеңес беруі.

3.Мектептегі педагогикалық ұжымның кеңес беруі.

4.Жеке кәсіби және өмірлік жоспары.

5.Қабілеттері және олардың көрінуі.

6.Қоғамдық құрметке бөлену сезімі.

7.Кәсіби қызмет жайында толық білуі.

8.Бейімділік.

Сонымен қатар, мамандық таңдаудың сыртқы және ішкі мотивтері анықталған. Сыртқы мотивтер - мамандықтың қоғамдағы орны, жұмыс жасау барысында шығармашылық көзқарас, басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсу, оларды басқару. Ішкі мотивтері: жалақысы, құрметке иеленуге бағытталуы, қорқыту, сөгу. Ішкі мотивтер екіге бөлінеді:жағымды, жағымсыз. Жағымды мотивтерге материалдық тұрақтылық, қызметтік өсу мүмкіндігі, ұжымның, әкімшіліктің риза болуы. Жағымсыз мотивтерге жазалау, қорқыту, үстемдік жасау ықпалдары.

Жоғары оқу орындарыңнағы педагогика мамандығына кәсіби бағыттау жұмыстары мына бағыттарда жүргізіледі:



  • мектептегі оқушылар мен жоғарғы оқу орнындағы студенттердің өзара байланысқан және сабақтасқан әрекеттері.

  • студенттердің мінез-құлқының ерекшеліктерін ескере отырып, жоғары оқу орнында белгілі бір бағдарлама бойынша дайындығын ұйымдастыру.

  • студенттерді мектептегі кәсіби бағытталу жұмыстарына енгізу.

Мұғалім мамандығына кәсіби бағыттау жүйе ретінде мына компоненттерден құрылған: мамандық жайында білім алу, профессиограмма, мамандық жайында ақпарат алу, кәсіби таңдау, кәсіби бейімделу.

Мамандық жайында білім алу мектепте жүргізіледі.Бұнда мамандықтың негізгі қасиеттері, оған қойылатын талаптар және ерекшеліктері айтылады.

Профессиограмма - бұл мұғалім мамандығының суреттелуі. Онда мұғалімге қойылатын талаптар, психологиялық және физиологиялық қасиеттері, мұғалім тұлғасының жетілуі схема түрінде көрсетіледі.

Мамандық жайында кеңес алу - мамандықтың ерекшеліктері жайында оқушының тұлғасына сәйкес келуі, келмеуі айтылады.

Кәсіби таңдау - оқушыға үйлесімді, қажетті, келісті мамандықты таңдауы.

Кәсіби бейімделу - бұл жас адамның өңдірістік, еңбек ұжымына, жұмыс жағдайларына бейімделуі. Кәсіби бейімделу мектептен-ақ басталады.

Кәсіби бағытталуға аталған компоненттерден басқа мына факторлар да әсер етеді:

1.Экономикалық

2.Әлеуметтік.

3.Психологиялық.

4.Дәрігерлік, физиологиялық.

5.Педагогикалық.



Студенттердің оқу еңбегінің мәдениеті.

Мұғалімнің кәсіби тұрақтануы мен тәрбиеленуінің басты компоненті - өзін-өзі жетілдіру болып табылады. Өзін-өзі жетілдіру – бұл педагогтың мақсаты, жүйелі, танымдық іс-әрекеті.Оның бағыты - жалпы адамзаттық тәжірибені, әдіснамалық және арнайы білімді, кәсіби іскерлік пен дағдыны меңгеру. Мұғалім өз қызметінде әрдайым оқуы тиіс. Ол үшін мұғалім өзін-өзі жетілдірудің бағдарламасын құрады. Оның құрамында философияның, мемлекеттік құжаттардың, педагогика ғылымының әдіснамалық негіздерін меңгеру; оқыту процесін әрдайым жетілдіріп отыру; оқыту тәрбие процесінің барысын талдап отыру, оның тиімділігін анықтау, өзінің педагогикалық қызметін шығармашылықпен ұйымдастыру; кәсіби педагогикалық біліктілігін үздіксіз жетілдіру; өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту арқылы кәсіби педагогикалық қасиеттерін қалыптастыру.

Педагогикалық жоғары оқу орындарында мектеп түлектері жаңа жағдайға енеді. Бұнда оған үлкен талаптар қойылады: өз уақытын дұрыс пайдалану, жұмыс орнын белгілеу, кітаппен, арнайы әдебиетпен жұмыс және т.б.

Өздігінен жұмыстану іскерлігі мен дағдысын меңгеру гигиена және педагогика тұрғысынан негізделген күн тәртібін орнатудан басталады. Өз уақытын жұмысқа да, демалысқа да жететіндей жоспарлау қажет. Бұл студенттің оқу еңбегінің мәдениеті қалыптасуының көрсеткіші. Оған ойлау мәдениеті, тұрақты танымдық қызығушылық, танымдық міндеттерді шығармашылықпен шешу іскерлігі мен дағдысы, ауызша және жазбаша сөзді толық меңгеруі, ойлау еңбегінің гигиенасы енеді.



Өзін-өзі тәрбиелеу - өз тұлғасын дамыту мақсатындағы саналы жұмыс: жеке тұлғалық ерекшеліктерін педагогикалық ақиқат талаптарына бейімдеу, кәсіби қабілеттілігін әрдайым жетілдіру және әлеуметтік-адамгершілік және басқа тұлғалық қасиеттерді үздіксіз дамыту.

Өзін-өзі тәрбиелеудің қозғаушы күші ретінде өзін өзгерту және өзін жетілдіру қажеттілігі танылған.

Өзін-өзі тәрбиелеуге итермелеуші сыртқы факторларға педагогикалық ұжым, мектепті басқару стилі және бос уақыт факторы енеді.

Өзін-өзі тәрбиелеу процесі – қайталанбас жеке процесс. Оның негізгі үш кезеңі бар: өзін-өзі тану, өзін-өзі жоспарлау, өзіне-өзі әсер ету.

Өзін-өзі тануына психология курсы көп көмек береді. Өзін-өзі жоспарлау процесі – бұл жеке тұлғасын жетілдірудегі өзінің болжамын материализациялау. Ол өзін-өзі тәрбиелеу бағдарламасы не жоспарын құрудан көрінеді. Өзіне-өзі әсер етудің құралдары мен тәсілдері әртүрлі. Соның ішінде жеке психологиялық күйді басқару құралдары, яғни өзін-өзі реттеу құралдары (релаксация, аутотренинг жәнет.б.) ерекше орынға ие.

Өзін-өзі тәрбиелеуі өзара байланысқан 3 кезеңнен тұрады:

1.Өзін-өзі тану.

2.Өзін-өзі жоспарлау/самопрограммирование/

3.Өзіне-өзі ықпал жасау.

Он бірінші тақырып. Педагогтың даярлық жүйесіндегі педагогикалық практика (сараман).

Мақсаты: педагогикалық мамандықтар жүйесіндегі әрбір курстың сараман жүйесімен, оның мақсат-міндеттерімен таныстыру.

Жоспар.


  1. Педагогикалық сараман міндеттері.

  2. Педагогикалық сараманның мазмұнының ерекшеліктері.

  3. Педагогикалық сараманды басқару.

Педагогикалық практика.

Практика – қоғам дамуын қамтамасыз ететін адамдар іс-әрекеті.

Алынған теориялық білімді терең меңгеру, білік пен дағдыны қалыптастыру, теория мен практиканың байланысын жүзеге асыруда алынған білімді бекіту, педагогикалық практиканың құбылыстарын талдау қажет. Педагогикалық практика мұғалімнің кәсіби дайындық жүйесінде маңызды функцияларды орындайды:



  • оқытушы (теориялық білімді өзектілеу, тереңдету және кеңейту, нақты педагогикалық міндеттерді шешуде оларды қолдана білу, педагогикалық білік пен дағдыны қалыптастыру);

  • дамытушы (болашақ мұғалімнің танымдық және шығармашылық белсенділігін дамыту, педагогикалық ойлауды дамыту);

  • тәрбиелеуші (мұғалімнің әлеуметтік-белсенді тұлғасын, мұғалім мамандығына тұрақты қызығушылығын, сүйіспеншілігін қалыптастыру);

  • диагностикалық (болашақ мұғалімнің кәсіби бағытталу деңгейін тексеру, кәсіби дайындық деңгейін және педагогикалық қызметке жарамдылығын тексеру).

Студенттердің педагогикалық практикасы оқу-тәрбие процесінде маңызды орынға ие. Оның төменгі курстардан жоғарғы курстарға қарай мазмұнының күрделенуіне сәйкес ол болашақ мұғалімнің теориялық және практикалық дайындығын байланыстырушы болып табылады.

«Педагогика және психология» мамандығы бойынша төмендегідей практика жоспарланған:



1 курстағы педагогикалық практика «Кәсіби іс-әрекетке кіріспе» деп аталады.

Оның мақсаты мен міндеттері: студенттердің кәсіби бағытталуын дамыту, кәсіби педагогикалық, психологиялық мәдениетін қалыптастыру;

Педагогикалық практиканың іс-әрекет мазмұны: білім беру орнымен танысу:директордың, директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының, сынып жетекші қызметімен, олардың жұмыс жүйесі, мектептің оқу-тәрбие үрдісін жоспарлауымен танысу; педагогикалық үрдістің психологиялық негізімен және оқушылардың тұлғааралық қарым-қатынасы мен ұжымдық бақылау; жеке және ұжымдық бақылаудың психологиялық негізі

Педагогикалық практика барысы бойынша қалыптасатын білім, іскерлік, дағды: мектептің негізгі жұмыс бағыттары мен міндеттерімен танысу; мектептің педагогикалық үрдісінің заңдылықтарын айқындау; педагогикалық үрдісті ұйымдастырудағы мұғалім рөлін анықтау; мектеп психологінің кәсіби қызметімен танысу; бастауыш мектеп жасындағы балалардың танымдық процестерінің дамуын бақылау; оқушылардың оқу бағдарламасын меңгеру деңгейін бақылау.

Педагогикалық практиканы ұйымдастыру принциптері: теория мен практиканың байланысы, практиканың кешендік сипаты, қазіргі мектепте білім берудің талаптарына сәйкестігі.

Практика бойынша есепті даярлау мен қорғау уақыты



Мектепте педагогикалық практиканың нәтижесін қорытындылау, университетте қорытынды конференциясын өткізу. Практикка аяқталғаннан кейін 1 апта қорғау уақыты беріледі. Практика құжаттарын тексеру, құжаттар бойынша бағалауды әдіскерлер жүргізеді.

Практика бойынша бағалау: практика құжаттарын уақытында және сапалы тапсыру, оқушыларға педагогикалық-психологиялық мінездеме беру

Студенттердің есеп құжаттары: күнделік, тәрбие жұмыс жоспары, бастауыш класс оқушыларына педагогикалық-психологиялық мінездеме беру, қатысқан тәрбие сағаттарына талдау жасау, педагогикалық практика бойынша есеп.

2 курстағы педагогикалық практика «Ғылыми зерттеу жұмысының әдістемесі» деп аталады.

Мақсаты мен міндеттері: ғылыми зерттеу жұмысын жоспарлау дағдысын қалыптастыру, қажетті әдістерді таңдай білу, экспериментті өзбетінше ұйымдастыру және зерттеу нәтижесін сапалы қорытындылау.

Іс-әрекет мазмұны: студенттің ғылыми зерттеу жұмысын жоспарлау, жоспар және зерттеу картасын құрастыру, зерттеу тақырыбы бойынша картотека құрастыру, студенттердің тұлғалық ерекшеліктері және танымдық қабілеттерін зерттеу мәселесі бойынша диагностикалық әдістерді таңдау ( тест,анкета, жоспар, әңгіме, бағдарлама, бақылау), дидактикалық материалдарды таңдау зерттеу жұмысы тақырыбы бойынша көрнекі құралдар дайындау, психологиялық-педагогикалық экспериментті құрастыру білігін жүзеге асыру және жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесін талдау дағдысын қалыптастыру.

Педагогикалық практика барысы бойынша қалыптасатын білім, іскерлік,дағды: ғылыми зерттеу жұмысын жоспарлау, зерттеу картасы мен картотека құрастыра білу, кластағы тұлғааралық қарым-қатынасты зерттеу, танымдық процестерін зерттеу /зейінін бағалау, есте сақтау, ақыл-ой деңгейіне диагностика жүргізу/, жеке тұлғалық ерекшеліктерін зерттеу /өзін-өзі бағалау, үрейлену деңгейі, агрессия, темперамент, мінез акцентуациясын, мамандық таңдау/, дамыту жұмыстарын жүргізу, мұғалімге әрі қарай класпен жұмыстануға ұсыныс беру.

Педагогикалық практиканы ұйымдастыру принциптері: теория мен практиканың байланысы, практиканың кешендік сипаты, қазіргі мектепте білім берудің талаптарына сәйкестігі.

Студенттердің есеп құжаттары: зерттеу жұмысының жоспары, зерттеу картасы, зерттеу тақырыбы бойынша картотека құрастыру, диагностика қорытындысы, күнделік, оқушыға педагогикалық-психологиялық мінездеме беру, ұжымға педагогикалық-психологиялық мінездеме беру, қатысқан тәрбие сағаттарына талдау жасау, педагогикалық практика бойынша есеп.

3 курстағы педагогикалық практика «Психологиялық-педагогикалық әлеуметтік практика».

Мақсаты мен міндеттері: оқытушылық қызметтің негізімен таныстыру, оқу құжаттарымен жұмыстың білігі мен дағдысын қалыптастыру, психология мен педагогика пәні бойынша өзбетімен сабақ өткізу және оқу жоспарларын құру.

Іс-әрекет мазмұны: Орта арнаулы білім берудің мемлекеттік стандартымен, психологиялық-педагогикалық білім беру, оқу жоспары, оқу үрдісінің кестесі, типтік жұмыс жоспарымен, , психология мен педагогика пәнідері бойынша оқу бағдарламаларымен, колледждегі сабақтарға қатысу және талдау, психология мен педагогика пәні бойынша сабақтарды құру және өткізу, оны өзін-өзі талдау. Колледжде психологиялық- педагогикалық пәндері бойынша сабақ беру дағдысылану, тұлғалық-бағдарланған оқытуды жүзеге асыра білу, студенттердің шығармашылығын дамыту және олардың шығармашылық мүикіндіктерін дамытуға жол сілтеу.

Студенттердің есеп құжаттары: күнделік, психология мен педагогикадан ашық сабақ жоспарлары, тәрбие жұмыс жоспары, диагностикалық зерттеу қорытындылары/таным процестері, жеке тұлғалық/ , психотренинг, психотүзету, психологиялық-педагогикалық ағарту жұмыстары, оқушығаа педагогикалық-психологиялық мінездеме беру, қатысқан тәрбие сағаттарына талдау жасау, педагогикалық практика бойынша есеп.

4 курстағы педагогикалық практика «Педагогикалық ЖОО-дағы өндірістік практика»

Мақсаты мен міндеттері: оқытушылық қызметтің негізімен таныстыру,

оқу құжаттарымен жұмыстың білігі мен дағдысын қалыптастыру,

психология мен педагогика пәні бойынша өзбетімен сабақ өткізу және оқу жоспарларын құру.

Іс-әрекет мазмұны: ЖОО мемлекеттік стандартымен, психологиялық-педагогикалық білім беру, оқу жоспары, оқу үрдісінің кестесі, типтік жұмыс жоспарымен, , психология мен педагогика пәнідері бойынша оқу бағдарламаларымен, ЖОО сабақтарға қатысу және талдау, психология мен педагогика пәні бойынша сабақтарды құру және өткізу, оны өзін-өзі талдау.

ЖОО, психологиялық- педагогикалық пәндері бойынша сабақ беру дағдысылану, тұлғалық-бағдарланған оқытуды жүзеге асыра білу, студенттердің шығармашылығын дамыту және олардың шығармашылық мүикіндіктерін дамытуға жол сілтеу.



Студенттердің есеп құжаттары: күнделік, психология мен педагогикадан ашық сабақ жоспарлары, тәрбие жұмыс жоспары, диагностикалық зерттеу қорытындылары/таным процестері, жеке тұлғалық/, психотренинг, психотүзету, психологиялық-педагогикалық ағарту жұмыстары, оқушығаа педагогикалық-психологиялық мінездеме беру, қатысқан тәрбие сағаттарына талдау жасау, педагогикалық практика бойынша есеп.

4 курстағы педагогикалық практика «Дипломалды практика»

Мақсаты мен міндеттері: Дипломдық жұмыс тақырыбы бойынша экспериментальдық материалдарды жинақтауды аяқтау. Практика жүзінде жұмыстың теориялық жағдайын тексеру және ғылыми аппаратын нақтылау. Диплом нұсқасының мәтіндік жазылуын тексеру, түзету. Ұсынылған жұмыс моделін практикада тексеру.

Іс-әрекет мазмұны: Зерттеу объектісін және пәнінің жаңалығы мен өзектілігін нақтылау, Сәйкес оқу орнында зерттеу жұмысы бойынша ақпаратты жинақтау, Дипломдық проектінің мәтіндік мазмұны бойынша тексеру және түзету, Ұсынылған жұмыс моделін практикада тексеру.

Студенттердің есеп құжаттары. практика бойынша есеп, зерттеу жұмысының ақпараттары, дипломдық проект

Он екінші-он үшінші тақырып. Педагогикалық қызметтің компоненті - зерттеу іс-әрекеті.

Мақсаты: мұғалімнің теориялық және практикалық іс-әрекетін ұйымдастыруда педагогикалық зерттеу іс-әрекетінің маңызын көрсету.

Жоспар.

  1. Педагогикалық зерттеулердің басты көрсеткіштері.

  2. Ғылыми ізденістің негізгі бөліктері, олардың маңызы, өзара байланысы.

  3. Педагог тұлғасының қалыптасуындағы зерттеу іс-әрекетінің орны.

Педагогикалық зерттеулердің басты көрсеткіштері.

Педагогикалық зерттеу – бұл білім берудің заңдылықтары, құрылымы мен механизмі, мазмұны, принциптері мен технологиясы жайында жаңа білім алуға бағытталған ғылыми іс-әрекет процесі мен нәтижесі.

Педагогикалық зерттеулер бағыттары бойынша фундаментальды, қолданбалы және өңдеу түрлеріне бөлінеді. Фундаментальды зерттеудің нәтижесінде жалпылама концепциялар пайда болады. Олар педагогиканың теориялық және практикалық жетістіктерін қорытындылайды, педагогикалық модеьдердің болжамын ұсынады. Қолданбалы зерттеулер педагогикалық практиканың кейбір жақтарын терең зерттеуге, оның заңдылықтарын ашуға бағытталған жұмыстар. өңдеулер бұрыннан белгілі теориялық қағидаларды есепке ала отырып, ғылыми-практикалық ұсыныстарды негіздеуге бағытталған жұмыстар.

Педагогикалық зерттеулердің басты көрсеткіштері: өзектілігі, жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы.

Кез-келген педагогикалық зерттеу жалпыға бірдей әдіснамалық параметрлердің анықталуын қажет етеді. Олар зерттеудіңпроблемасы, тақырыбы, объектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, гипотезасы, қорғалатын қағидалар. Педагогикалық зерттеулердің сапалық көрсеткіштері - өзектілік, жаңалығы, теориялық және практикалық мәнділігі.

Зерттеу бағдарламасы екі бөлімнен тұрады: әдіснамалық және іс-шаралық. Бірінші бөлімде тақырыптың өзектілігін негіздеу, проблеманы белгілеу, зерттеудің объектісі мен пәнін, мақсат-міндеттерінанықтау, негізгі ұғымдарын (категориялық аппараты) белгілеу, зерттеу объектісін жүйелі балдау және жұмысгипотезасын ұсыну жүргізіледі. Екінші бөлімде зерттеудің стратегиялық жоспары беріледі, бастапқы мәліметтерді жинақтау және талдаудың негізгі іс-шаралары мен жоспары көрсетіледі.



Каталог: dmdocuments
dmdocuments -> Семинар ожсөЖ 15 сағ. Емтихан 4 Барлығы 45 сағ Орал, 2010
dmdocuments -> Әдеби өлкетану Преподаватель Ақболатов Айдарбек Ахметұлы Вопросы: Вопрос №1
dmdocuments -> 2009ж. «Қазақ филологиясы» кафедрасы
dmdocuments -> Семинар ожсөЖ 5 сағ. СӨЖ 15 сағ. Емтихан Барлығы 45 сағ Орал, 2010
dmdocuments -> Жаратылыстану математикалық факультет
dmdocuments -> Барлығы – 45 сағат
dmdocuments -> 2007ж. Қазақ тілі мен әдебиеті және оқыту теориясы кафедрасы
dmdocuments -> Қазақ филологиясы кафедрасы 050205
dmdocuments -> Барлығы – 90 сағат


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет