Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда жаңа әдісті қолдану
Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы
«Жас ұлан» республикалық мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Қалыбаева Бағила Қаржаубайқызы
Қазір мемлекетіміздің алдында білімді де іскер, ғылымға қабілеті бар, заман талабына сай буын қалыптастыру мәселесі тұр. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бәсекеге лайық маман тәрбиеле, бәсекеге лайық ұлт жаса» деген бастамасының өзі стратегиялық негізгі құралға айналып отырғандығы да сондықтан. Елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында. Мемлекет жастарға сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасап отыр. Жас ұрпақ білімді, талапты, дарынды болуы керек. Қай мамандық иегері болмасын мемлекеттік тілді меңгеруі қажет.
Білім беру – тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз үрдісі екендіі заңды нәрсе. Бұл үрдістегі басты тұлға – мұғалім.Ұлы ғұлама А.Байтұрсынов 20 ғасырдың басында «Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика мен методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» деген екен. Өткен ғасыр басында айтылған бұл сөз бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ деп ойлаймын.
Қазақ тілі – оқушыға ертеңгі күні үлкен өмірге араласқанда оның қоғамдағы қызметіне көмегін тигізетін, жұмысында, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтындай білім бере алатын аса білікті пәндердің бірі. Қазіргі қоғам талабы – мемлекеттік тілге қажеттіліктің артуы, яғни тілді оқыту мен үйретудің әдістемелерін әлі де жақсарту, тілді оқытудың жаңа технология-сының озық тәжірбиесін қорыту проблемасының бар екендігін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесі оқыту мен тәрбиелеудің құрылымы, мақсаты мен мазмұны, технологияның түбегейлі өзгерісімен ерекшеленеді. Қоғам дамуындағы ең басты фокторлардың бірі – оқушыға жүйелі, жан-жақты білім беру мен тұлғаны қалыптастыру. Мектепте тек білім беріп қоймай, бойында адами құндылықтар дарыған ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет.
Оқу басқа ұлт өкілдерінің тілдерінде жүретін мектептерде оқушыға өз ойын басқа біреуге дұрыс жеткізе алу үшін коммуникативтік дағды мен білік меңгертіліп, тіл үйретіледі. Мұғалім өзі жаңа технологияны жете меңгермей, оқушыға тілді үйрете алмайды. Мектептерде мемлекеттік тілді үйретуде жаңа технологияны дұрыс қолдану арқылы жүзеге асады. Мұғалімнің шеберлігі оқушыны түсінуден, онымен рухани қарым-қатынаста болудан тұрады.
Белгілі ғалым С.Жиенбаева өзінің «Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты мақаласында былай дейді:»Қазақ тілі сабағы оқу, жазу, сөйлеу, грамматика ережесін тексеру сияқты негізгі бөлімдерден құралады, жұмыстың бұл түрлері, әдетте, жеке-жеке жүргізілмейді, бірімен-бірі аралас келіп отырады...... Қай сабақ болса да, белгілі бір тақырып бойынша жүргізіледі.... Жұмыс түрлерін бір сабақтың өзінде беталды араластырып, біресе жаздырып, біресе оқытып, ретсіз ауыстыра берсек, онда баланың ойы бір жерде тұрақтамайды да, сабақтан ешнәрсе ұстап қала алмайды.
Демек, қазақ тілін орыс мектептерінде оқытуда, біріншіден, практикалық мақсат қойылады, яғни оқушылардың сөздік қорын байыту, қазақша ауызекі дұрыс сөйлеуге , сауатты жазуға үйрету, бір-бірімен сөйлесуге, оқығанын, көргенін, естігенін қысқаша әңгімелеп беруге жаттықтырылады.
Екіншіден, білімдік мақсат көзделеді, яғни қазақ тілін пән ретінде оқыту арқылы оқушыларға қазақ халқының тұрмысы, мәдениеті, тілі туралы мағлұматтар беріледі.
Үшіншіден, тәрбиелік мақсат көзделеді, яғни қазақ тілімен, әдебиетімен танысу арқылы оқушыларды азаматтық, адамгершілік рухта тәрбиелеуге мүмкіндік туады.
Мемлекеттік тілді оқытудағы мақсат – оқушыларды қазақша дұрыс оқуға, сауатты жазуға, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға үйрету, оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, ойын қазақша жеткізе алатындай етіп тәрбиелеу.
Бұл мақсаттарды іске асыру үшін төмендегідей міндеттер қойылуы тиіс деп ойлаймын:
оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес орфографиялық, орфоэпиялық дағдыларды қалыптастыру;
оқушыларды қазақ тілі грамматикасының кейбір ерекшеліктерін орыс тілі грамматикасымен салыстыруды үйрету;
оқушыларды мәтіндерді түсініп, мәнерлеп, шапшаң оқуға дағдыландыру ;
оқушылардың сөйлеу тілін (тыңдау, түсіну, оқу) дамыту;
оқушылардың сауатты жазу дағдыларын жетілдіру;
оқушыларды екі тілдік аударма жасауға жаттықтыру.
Мемлекеттік тілді үйрену арқылы оқушылар қазақша ауызекі сөзге түсініп, өздері қазақ тілінде көрген білгенін, ойын айтып, жаза алатын дәрежеге жетеді. Сондай-ақ, орыс тіліндегі білім дағдыларын, іскерліктері мен қабілеттерін қазақ тілін үйрену арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиет, салт-дәстүрі, өнері, білімі, белгілі адамдары туралы мәліметтерді білетін болады. Сонымен қатар қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқытуда жаңа технологияларды енгізу – оқушылардың білімін көтеруде үлкен әсер етіп отыр.
Жаңа технологияларды қолданғанда оның әрбір кезеңдерін ұстаз өзі жақсы түсініп, оқушыларға жеткізе білуі қажет. Жаңа технологияны жүзеге асыруда ұстаз белсенділігі,шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігіне ерекше орын алады. Кез келген жаңа технология жеке тұлғаның жетілуіне, дамуына бағытталған. Олар: проблемалық оқыту технологиясы, коммуникативті технология, дамыта оқыту технологиясы, деңгейлеп оқыту технологиясы, адаптивті оқыту технологиясы, модульдік оқыту технологиясы, ұжымдық оқыту технологиясы, сыни тұрғыдан ойлауды дамыту технологиясы т.б.
Аталған технологиялардың ішінде кейінгі жылдары сабақтарымды қолданып жүрген технологияның бірі – сыни тұрғыдан ойлау технологиясы.
«Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» технологиясы үш кезең бойынша қолданылады:
Қызығушылығын ояту;
Мағынаны тану;
Ой толғаныс.
Осы кезеңдерді ұтымды өтілуі мынадай нәтиже береді:
оқушылар басқалармен қарым – қатынас жасай біледі;
басқаларды тыңдауды, кез келген жауапқа сыйластық, түсіністікпен қарауға;
өз ойын топ алдында ашық айта, қорғай білуге;
керек кезде өз көзқарасын өзгертуге үйретеді, дамуын қамтамасыз етеді;
оқушының оқу мотивациясы өзгереді, өз бетінше ізденуге үйретеді;
оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, балалардың белсенділігі өте жоғары болады.
Атап айтсам, сыни тұрғыдан ойлау технологиясы қолдануға ыңғайлы, барша үшін қоғамдық маңызы мен мәні зор идеялар, игеруге болатын нақтылы әдістер және тәсілдер.
Сабақта тиімді жұмыс түрлерінің жан – жақты орындалуы мұғалімнің біліктілігі мен әдістемелік шеберлігіне байланысты.
Пайдаланған әдебиеттер.
Назарбаев Н. «Қазақстан – 2030»
Жиенбаева С. «Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту методикасы»
Сариева К. «Қазақ тілін оқыту әдістемесі»
Аяпова П. «Қазақ тілі»
Түйіндеме
Бұл мақалада мен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілінен сабақ беретін ұстаздарға өз ұстанымды және күнделікті қолданып жүрген жаңа технологияларымның тиімділігі жайлы өз пікірімді ұсынамын.
Достарыңызбен бөлісу: |