Реттiлiк ұстанымы. Қимыл-қозғалысқа үйрету және дене қасиетiн дамыту реттiлiгiне арналған талаптар үш дидактикалық ережеден тұрады: 1. Жеңiлден – қиынға. 2. Қарапайымнан – күрделiге. 3. Меңгерiлген қимыл-әрекеттен -меңгерiлмеген қимыл-әрекетке.
Бұрыннан меңгерiлген қимыл-әрекетi мен дағдысының негiзiнде жаңа қозғалыстарды үйрете, қалыптастыра бiлу керек. Әрбiр спорт түрiнiң негiзгi жаттығуларын үйреткенде оларды рет-ретiмен iрiктеп, қарапайым, жеңiл орындалатын қимыл-қозғалыстарды алдымен, сонан соң күрделi жаттығуларды ақырындап күрделiлендiре үйрету қажет. Дене тәрбиесi үдерiсiнiң реттiлiк қағидасының ерекшелiгi де осы жаттығулардың сабақтастық негiзiне бағытталған. Оқу материалдарын жоспарлағанда өткен сабақтың мазмұны келесi сабақпен жалғасып жатуын ойластыру керек.
Бiртiндеушiлiк ұстанымы. Орындайтын жаттығулар техникасының бiртiндеп күрделiленуiн, жүктеме көлемi мен қарқыны бiртiндеп өсуiн бiртiндеушiлiк қағидасы деймiз. Сабақ жүктемелерiн демалыстан кейiнгi кездерде немесе жаттығу сабақтары жаңа басталған кезеңдерде жеңiл, кiшi, аз көлемде, ақырын қарқында берiп, бiрте-бiрте жоғарылатып отырған дұрыс.
Оқушылардың функционалдық мүмкiншiлiктерi тұрақты өсiп отыруы оларға жоғары талаптар қоюды керек етедi. Сондықтан да жаттығушылардың дайындық деңгейi қандай биiк болса, сондай жоғары талаптар қойылады. Қойылған талаптардың дамуы жаңа тапсырмалардың түсiнiктiлiгiне, жүктеме көлемiнiң дұрыс берiлуiне байланысты. Қимыл-қозғалысты меңгеру, жүктеме көлемiн өзгертудi мұғалiм мектеп бағдарламасын, Президенттiк сынақ нормативтерiн басшылыққа ала отырып белгiлейдi.
Даралылық ұстанымы. Даралылық ұстанымы – дене тәрбиесi үдерiсiнде оқушылардың жеке ерекшелiктерiн ескеру түрiнде жүргiзiледi. Даралылық ұстанымы әр адамның дайындық деңгейiне, жыныс және жас ерекшелiктерiне байланысты. Жеке басының, психикасының ерекшелiктерiне, жүктемеге шыдамдылығына, сыртқы орта әсерiн сезiну мүмкiншiлiктерiне, жұмыс iстеу стилiне байланысты.
Даралылық ұстанымы дене тәрбиесi үдерiсiнде төмендегiдей түрлерде қолданылады:
- топтық жұмыс арқылы. Бұл жағдайда жаттығушылар сыртқы бейне сипаттары бойынша бөлiнедi (жыныс, жас ерекшелiктерi, дене дайындығы т.с.с.). Бастапқы үйрету кезеңдерiнде, негiзгi жарыс жаттығуларының техникасын үйренгенде, жалпы дененi дамытқанда топтық жұмыс iстеу жолы өте тиiмдi:
- жекелей жұмыс iстеу арқылы. Спорттық шеберлiгi артуына байланысты жұмыстың топтық түрi жекелей жұмыс iстеу түрiне ауысады. Бұл жұмыс оқушылардың төмендегiдей ерекшелiктерiн ескерiп жұмыс iстесе нәтижелi болады: сынақ және оның көрсеткiштерiне көңiл бөлiнсе; оқу материалдарын меңгеру, жүктемелерге бейiмделу мүмкiншiлiктерi ескерiлсе; әр түрлi оқу әдiстерiн түсiну зеректiгi ескерiлсе (көрсету, түсiндiру, көрнекi құрал көрсету т.б.).
Даралылық ұстанымы мынандай жұмыстар арқылы iске асырылады:
- жеке үй тапсырмалары арқылы;
- дене шынықтыру сабағында берiлетiн әр түрлi тапсырмалар арқылы (жақындататын, дайындық, негiзгi жаттығулар т.б.);
- түрлi спорттық құрал-жабдықтар арқылы.
Дене тәрбиесi тәжiрибесiнде қағидалар әрекетi бiр-бiрiмен байланысты, бiрiге кездесiп отырады. Осындай жағдай педагогтердi әдiстемелiк қағидаларды кешендi пайдалануға мәжбүр етедi. Дене тәрбиесi сабақтарын, жаттығуларды жүргiзу кезiнде көрнекiлiк қолданылып, реттiлiк және бiртiндеушiлiк қағидалары, оқушылардың зейiндiлiгi мен жеке ерекшелiктерi ескерiлсе, сабақтар арасындағы жүйелiлiк сақталса, бағдарлама материалдарын жақсы меңгеруде, дене жүктемесiн үзбей жоғары деңгейде ұстауда дене тәрбиесi мұғалiмiнiң алдында көптеген мүмкiншiлiктер ашылады.
Достарыңызбен бөлісу: |