Бастауыш сынып оқушыларының ОҚырмандық Қызығушылығын қалыптастыру тәсілдері м. К. Жайлауова, Н. Т. Сартаева



Дата15.09.2017
өлшемі104,13 Kb.
#32293
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОҚЫРМАНДЫҚ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ТӘСІЛДЕРІ

М.К.Жайлауова, Н.Т.Сартаева

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

(Қызылорда қ., Қазақстан)

Аннотация

В статье рассматриваются приемы формирования читательского интереса у младших школьников.

Түйін сөздер: оқырман, білуге құмарлық, оқырмандық қызығушылық, ұнамды шығармашылық көрініс, оқырмандық құзыреттілік, оқырмандық біліктілік, кітапханалық-библиографиялық білім, ақпаратты іздестіру.

Оқырман - әдеби шығарманы қабылдайтын орта. Жазушы шығарманы тудырушы болса, оның қаншалықты ұзақ өмір сүретіні, әдебиетте қандай орын алатыны оқырмандарға байланысты.

Қызығушылық - бір нәрсе туралы білуге құмарлық, дүниедегі заттар мен құбылыстарды танып-білуге бағытталған адамның жеке ерекшеліктерінің бір көрінісі. Адамның іс-әрекетіне, көзқарасы мен талғамына, мұрат-мүддесіне байланысты қызығушылықтары әр түрлі болады. Қызығушылық тұрақты қасиетке айналғанда ғана адам өз іс-әрекетінен жақсы нәтиже шығара алады

Қызығушылық мазмұны мен бағытына қарай төмендегіше сараланады:



  • материалдық;

  • қоғамдық;

  • саяси;

  • кәсіптік;

  • танымдық;

  • эстетикалық [1]. 

Оқырмандық қызығушылықтың критерийлері:

● бастауыш сынып оқушысының балалар әдебиетін игеруге белсенді танымдық бағытталуы;

● оқуға деген жағымды эмоционалды қатынас;

● бала үшін ұнамды шығармашылық көріністің орын алуы.

Бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық қызығушылығының көріністері:

● оқырмандық әрекетке ұнамды қатынас («оқығым келеді»);

● белгілі бір кітап түріне қызығушылық («маған осы кітап қажет»);

● оқу үдерісіне қызығу («кітаптан бас ала алмай отырмын»);

● кітаптан алған ләззатымен өзгелермен бөлісуге асығу («осы кітап туралы өзгелердің білгенін қалаймын») [2]. 

Әр кезеңде «оқу мәдениеттілігі» көп мағыналы ұғым ретінде әр түрлі түсіндіріліп келді. Н.Е.Добрынина заманауи әлеуметтік мәдени жағдайда оқу мәдениеттілігін үш нәтиженің қосындысынан шыққан қызмет түрі ретінде: басылым көзі мен ақпаратқа айналдыруды дәлелдеу саласымен байланысты, предфаза; мәтінмен тікелей қарым-қатынасқа түсетін фазалар, оларды ұғыну (қабылдау, түсіну) мен постфаза, оқу нәтижесімен анықталатын (тақырыпты түсінумен, оқырман қызығушылығын жетілдірумен, оқылған шығарма туралы өзара пікірлесумен, қабылданған ақпаратты өмірдің әр түрлі саласында пайдаланумен) түсіндіреді. 

Оқу мәдениеттілігі – оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға арналған білім, білік, дағдылар жиынтығы, оның қоғам маңыздылығына бағытталуын жүзеге асыру; жеке тұлғаның ақпараттық мәдениеттілігінің құрамдас бірлігі.

«Оқу мәдениеттілігі» ұғымы кітапханалық этиканың қарапайым элементтерін қамтиды, мәселен, кітап парағын бүктемеу, белгілер жасамау, кітапты тиісті мерзімнен артық ұстамау. Дегенмен олар негізгі анықтауыштар емес. Оқу мәдениеттілігі алдымен оқуға деген дұрыс көзқарас қалыптастырудан, оқырманның кітап арқылы әлемді танып білуінен және оқудан өзіне пайда алуға тырысуынан басталады.  Басқаша айтқанда, оқырман кітапты жеңіл уақыт өткізу үшін емес, өздігінен білім алып, өз еңбегін ұйымдастыруға және жетілдіруге пайдаланғаны жөн. Оқудың зор мәнін түсіне отырып, ол көркем әдебиетпен ғана шектеліп қоймайды, өзінің мәдени ой өрісін кеңейту мақсатында ғылыми кітаптар оқып, өндірістік біліктілігін арттыру үшін арнайы әдебиеттерді қадағалап отырады[3].

Оқу мәдениеттілігінің ерекшелігі - оқылған мәліметтерді түсіну, ең негізгісін, маңыздысын және құндысын анықтап алу. Бұл ретте логиканы, заңдарды және дұрыс ойлау формаларын білу, оларды тәжірибеде пайдаланып,, ойлау қабілетін дамытуда елеулі көмек көрсетеді. Оқырман неғұрлым тиімді және үнемді оқу үшін кітаппен жұмыс істеудің техникалық дағдыларын білуі қажет. Мұндай дағдыларға: іштей оқу, өте баяу оқымау, оқылғанды жоспарлай білу, үзінділер мен ең қажетті мәліметтерді жазып алу, мәтінді конспектілеу (аңдату және рефераттау тәсілдерін), анықтамалықтар, энциклопедиялар, сөздіктерді пайдалану жатады.     

Оқу мәдениеттілігін көтеріп, оның тиімділігін арттыруда кітапханалық-библиографиялық  білімнің мәні зор. Оқырман кітапхананың мүмкіндіктерін толық және сауатты пайдалана білуі тиіс. Кітапхана ұсынатын қарапайым дерек көздерінен бастап кітапханалық-библиографиялық  басылымдарға дейін: каталогтарды, библиографиялық көрсеткіштерді, оқу құралдарын, тізімдерді, кітаптар библиографиясын, қазіргі кезде ғаламторды да  пайдалана білген жөн. Кітапханалық-библиографиялық  білім оқырманға өз бетінше қажетті әдебиеттер мен ақпаратты іздестіруде уақыт үнемдеу үшін қажет [4].

Сонымен, оқу мәдениеттілігі – бұл қажет ақпаратты таба алу, оны дұрыс түсініп және бағалай білу, өзінің жан-жақты дамуына шығармашылықпен пайдалану.

Оқырмандық құзыреттілік – баланың кітап түрлеріне еркін бағдарлануына мүмкіндік беретін білім, білік, дағды және әдеби сауаттылық пен оқуға деген ұнамды қарым-қатынас.

Оқырмандық біліктілік – оқу әрекетін көзделген мақсатқа және шарттарға орай неғұрлым тиімді етіп орындауға дайындық. Ол көркем тілді талдау, оқиға желісі, композиция, бейнелерге бағытталады және шығарма идеясын жүзеге асыруға ықпал етеді. 

Бастауыш сынып оқушыларынан оқырман тәрбиелеуден бұрын оларға оқу техникасын игертудің өзі өте күрделі жұмыс. Себебі әріптен сөз құрап айту және оқу техникасын меңгеру – бұл оқырманға айналды деген сөз емес. Бұл үшін интеллект, эмоционалды сезімталдық, эстетикалық қажеттілік пен қабілетті дамыту қажет. Ең бастысы, бұл үдерісті тұлға дамуына ықпал ететіндей, даму үстіндегі тұлғада одан әрі даму көзі ретінде оқуға мұқтаждық күйі пайда болатындай етіп ұйымдастыру.

Оқырман қалыптастыру жайындағы қазіргі ғылымдағы көзқарас бойынша, әдеби оқу үдерісінің негізгі көрсеткіші – оқырманның кітапты таңдауда, басқа біреудің сөзін жеткізуде, кітап оқумен айналысу уақытын белгілегенде өз бетінше әрекет ету деңгейі. Кез келген әрекетті, оның ішінде оқырмандық әрекетті өз бетінше жүзеге асыру үшін оқырман ешкімнің көмегіне жүгінбестен, әрекетті орындауда, біріншіден, әлемде және өзінің айналасында қандай кітаптар бар, басқа кітаптар арасынан өзіне қажет кітапты қалай таңдау қажеттігін білуі керек; екіншіден, мәтінді қатесіз, жылдам, түсіне отырып оқып шығып, өзіне және өзінің жеке қажеттіліктеріне сүйене отырып, кітаптың қандай тәжірибе бергені жөнінде ойлануы қажет; үшіншіден, осы жұмыстарды ол ешкімнің бұйрығынсыз, өз еркімен орындауы тиіс. Оған ешкім кітаптар ішінен көкейінде жүрген сұрақтарға жауап іздеу мақсатында белгілі бір кітапты іздеуі қажет екенін есіне салып отырмауы керек.

Оқу үдерісін және оқырманның өз бетінше әрекет ету деңгейін сипаттайтын тағы бір жағдай бар, ол оқушы миына күш түсірмей, рухани байытатын кітаптарға күніне қанша уақыт бөлуі керектігі. 1-сынып оқушысы 10-15 минутқа дейін үздіксіз кітаппен жұмыс жасай алады; 2-сынып оқушысы үшін бұл уақыт екі еселенеді; 3-сыныпта бұл үдеріс 1-1,5 сағатқа созылуы мүмкін; ал 4-сынып оқушысы қатарынан 2 сағаттан артық жұмыс жасауына болмайды, ол қанша оқығысы келгенімен, міндетті түрде кішігірім үзіліс жасағаны жөн. 

Сонымен, оқырмандық біліктілік - әрекет ету жағдайына байланысты мақсат пен шартқа сай тиімді жұмыс жасауға дайын болу.

Оқырмандық біліктілікті қалыптастыру үшін оқушының оқырман ретінде де, тұлға ретінде де қызығушылығы мен қажеттілігін ескеру керек. Бұл бағытта әйгілі педагог, психолог және балалар жазушысы В.А.Левин төмендегідей әдістемелік нұсқауларды ұсынады:



  • Бала бірлескен оқуға өз еркімен қатысуы және одан эстетикалық ләззат алуға ұмтылуы тиіс.

  • Балада оқу материалын барлық оқушылар үшін тапсырылған «міндетті» әдебиеттер тізімі бойынша емес, өз бетінше таңдау еркі берілуі тиіс.

  • Ересектер тек өзіне ұнаған туындыны ғана оқиды. Оқушыны бұл өнерге баулу тек әдебиетті сүйетін адамның ғана қолынан келеді.

  • Бала кітаппен оңаша қалуға мүмкіндік алып, оқыған шығарманы, авторды, жанрды қайта таңдап, тұтастай немесе бөлікке бөліп оқуға құқылы болуы тиіс.

  • Шығарма дұрыс таңдалмағанын (бала үшін қызықсыз немесе бүгінгі көңіл-күйіне сай келмейтінін) байқаған соң, ересек адам баланы шығарма соңына дейін еріксіз тыңдатудың орнына мәтінмен жұмысты кейінге қалдырғаны жөн [5]. 

Бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық қызығушылығын тиімді қалыптастыруға ықпал ететін шарттар:

◦ жүйенің барлық компоненттерінің өзара әрекеттестігі;

◦ сыныптан тыс жұмыс формаларын түрлендіре ұйымдастыру.

Сыныптан тыс жұмыстар - оқу-тәрбие үдерісінің құрамды бөлігі, бос уақытты тиімді ұйымдастыру формасы, оқырман қызығушылығын дамытуға әсер етеді және алынған білімді тереңдетуге, әр оқушының жеке дара ерекшеліктерін ашуға, балалардың өз бетінше шығармашылықпен жұмыс жасауына мүмкіндік береді.

Сыныптан тыс жұмыстың компоненттері:


  • сыныптан тыс сабақтар;

  • мәдени ошақтармен бірлескен жұмыс;

  • ата-аналармен жұмыс.

Бастауыш сыныптарда сыныптан тыс жұмыстардың төмендегідей түрлерін ұйымдастыруға болады:

  • пікірталас;

  • ұжымдық оқу;

  • сұхбат;

  • оқырмандар сайысы;

  • кітап жарнамасы;

  • әдеби ойын;

  • театр фестивалі;

  • кітапхана сағаты;

  • «тыныш оқу» сағаты.

Аталған жұмыс түрлері ішінде, әсіресе, әдеби ойындар мен мерекелердің маңызы зор. Әдеби ойындар – сөздік материалға негізделіп құрылған ойын. Олар:

  • тіл дамытуға арналған ойындар мен жаттығулар;

  • әдеби басқатырғыштар (кроссворд,, сканворд);

  • әдеби викторина;

  • сөздік ойындар («Брейн-ринг», «Ғажайыптар алаңы»,

«Бақытты сәт», «Әдеби покер»).

Оқырман қиялын төмендегідей әдістемелік тәсілдер арқылы белсендіруге болады:


● Мұғалімнің мәтінді алғаш рет оқығанда түйінді сұрақтардың маңыздылығын ескеруі («Сен көз алдыңа нені елестеттің?», «Өз қиялыңда нені бейнеледің?» және т.б.).

● Көрнекті бейнелерді бірден туындата қоймайтын шығармаларды меңгеруде сөздік және графикалық бейнелерді қолдану.

● Кәсіпқой суретшілердің иллюстрацияларымен жұмыс, оларды саралау, талдау.

● Диафильм, мультфильм сценарийлерін құру, қағаздан немесе ермексаздан әдеби кейіпкерлердің бейнелерін, интерьер элементтерін жасау.

● Жекелеген эпизодтарды, сондай-ақ  туындыны тұтастай сахналау, драмалау [6]. 

Мәтінге оқырмандық қызығушылықты белсендіретін әдіс-тәсілдер:



  • Оқырманның өмірлік тәжірибесіне бағытталу. Мәселен, Есіңе түсірші, сенің пікіріңше, қыста (жазда, көктемде) ең әдемі болып көрінетін қандай көрініс? Осы суретті сал. Қандай түсті қарындаштарды таңдайсың? Неге?

  • Оқушылардың шығармашылық қиялын белсендіру жұмыстары. Мәселен, Күзгі жапырақ, аппақ қырау немесе найзағайлы бұлттан түскен тамшының тағдыры жайлы қиялда. Сен олардың көңіл-күйі, сезімдері және ойларын елестете алсың ба? Олардың мінезі қандай? Олар жерге түсерге дейін қандай оқиғалар болуы мүмкін?

  • Шығарманың тууына байланысты оқиғалар жайлы әңгіме.

  • Жазушы және оның шығармасы туралы әңгіме.

  • Оқылатын әдеби шығармадағы оқиғаға ұқсас тақырыптағы кескіндеме туындыларын көру.

  • Әдеби шығармадағы көңіл-күйге сәйкес ән тыңдау.

  • Балаларға таныс жазушы шығармаларына байланысты викториналар, кроссвордтар.

  • Жазушы кітаптарының көрмесі.

  • Антиципация (оқырманның шығарма мазмұнын оның тақырыбы, иллюстрациялар, автордың аты-жөні бойынша болжай білуі) [7]. 

Бастауыш мектеп өз оқушыларын оқуға қызығушылығы бар, оқу дағдыларын (жас ерекшелігіне сай), оқылған мәтінмен және балалар әдебиетімен өз бетінше жұмыс жасау тәсілдерін (оқырмандық, тілдік және оқу біліктілігін) меңгерген, интеллектуалдық, адамгершілік, эстетикалық, көркем эмоционалдық даму деңгейіне жеткен, түсінігі бар оқырман етіп тәрбиелеуі қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: "ЭКО" ҒӨФ. 2006. - 482 б. 


2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010

3. Кәрішалова К. Кітапхана жаңа ғасыр мәденитетінде (балалар әдебиеті проблемалары)// Саясат. - №3. - 2006. - 28-29 б.


4. Алексеевская А.Т. Формирование читательских интересов младших школьников. - М., 2008. -с. 183.   

5. Дүтбаева Н. Кітап неге оқылмайды: себеп пен салдар// Қазақ әдебиеті. -  2009. - 30 қаңтар. - 1-3 б. 



6.Садықов Т.С., Әбілқасымова А.Е. Қазіргі заманғы сабақ. Оқу процесін ұйымдастыру. -Алматы, 2004. -218 б. 

7. Антонова Е.С. Как я воспитываю интерес к книге // Начальная школа плюс до и после. - 2006. - № 12. - С. 27-28. 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет