2.2 Бірінші сыныпта « Дыбыс пен әріп» тақырыбын оқыту
Қазақ тілі өзіндік дыбыс жүйесі қалыптасқан, мейлінше анық та ашық дыбысталатын дүние жүзіндегі дамыған бай тілдердің қатарына жатады. Ананың ақ сүтімен берілген туған тілдің дыбысы сәбидің өмірге келген алғашқы сәттерінен бастап, оның жан дүниесіне дариды.
Дыбыс деген ұғым оқушыларға сауат ашу кезінен-ақ таныс. Сауат ашу кезеңінде оқушылар дыбыс деген ұғымды және алфавиттегі барлық әріптерді жеке –жеке танып, дыбыс арқылы буын жасалатынын, буыннан сөз жасалатынын, сөз құрамында бірнеше дыбыс болатынын біледі.
Сауат ашқан соң, оқушылар жеке сөздерді, сөйлемдерді және шағын мәтендерді өз бетінше оқи да, жаза да алатын дағдыға көтеріледі. Оқу жылының екінші жартысынан оқушылардың дыбыс туралы алған білімі одан әрі жетілдіріп дамытылады.
Бірінші сыныпқа арналған «Ана тілі» оқулығында дыбыс пен әріп бір-бірінен ажыратылмай, қатар оқытылады. Әріп дыбыстың жазудағы таңбасы екендігі түсіндіріледі. Бұл тұлғада мұғалім қазақ тіліндегі әрбір дыбыстың жеке-жеке әріптермен таңбаланатынын ескеру керек. Қазақ тілінің мұндай өтімді ерекшелігі дыбыс пен әріпті ажыратпай оқытуға мүмкіндік беретінін, оның оқу мен жазуға аса тиімді екендігі түсіндіріледі.
Дыбыс пен әріп туралы оқулықта сөйлеу органдары, артикуляция туралы мағұлыматтар берілмейді, өйткені ондай ұғымдар кіші жастағы оқушылардың түсінуіне ауыр да күрделі. Сондықтан қазақ тілі оқулығында дыбыс пен әріп туралы: «Сөз дыбыстардан құралады. Дыбыстар жазуда әріппен таңбаланады», «Дыбыстарды айтамыз, естиміз. Әріптерді көреміз, жазамыз» деген практикалық анықтама беріледі.
Сауат ашу кезеңінен кейін оқушылардың сөйлемдер мен мәтіндегі сөздерді жүгіртіп тұтас сөзбен оқуға және қатесіз дұрыс жазуға машықтануы барша оқу процесінде жетекші мәнге ие болады. Осыған орай, қазақ тіліндегі әрбір дыбыстың өзіне тән жеке әріптермен таңбаланатын түсіндіру және әрбір әріп арқылы таңбаланған дыбыстарды оқу арқылы естіп, оны бұзбай, дұрыс дыбыстауға дағдыландыру мәселелері баса назар аударуды қажет етеді. Бұл процесс бақылау тәсілі арқылы жүзеге асырылады. Бақылау тәсілін қолдана отырып, әр түрлі жаттығуларды жүргізуге болады. Ондай жаттығулардың аса тиімді бір түрі – сөздегі дыбыстардың орын тәртібін анықтау. Ол үшін жеке сөздерге дыбыстық талдау жасалып, дыбыстар нөмірленіп жазылады. Мысалы: «балық» сөзінде бес дыбыс бар: б-а-л-ы-қ; 1)б- дауыссыз, 2) а – дауысты, 3) л – дауыссыз, 4) ы – дауысты, 5) қ – дауыссыз. Сөздегі дыбыстардың орнын анықтау сөзді дұрыс оқуға да, қатесіз жазуға да көмектеседі. Сөздегі дыбыстардың орнын анықтау арқылы сөзден әріп тастап кету, басқа әріппен алмастыру, артық әріп қосып жазу сияқты кіші жастағы оқушылардың жазба жұмысында жиі болатын қателерді жібермеуге болады.
«Дыбыс пен әріп» тақырыбын оқытуда дыбыстарды естіу арқылы қабылдау тәсілінен кейінгі қолданылатын тиімді тәсілдердің бірі – сөздегі әрбір дыбыстың сөз мағынасынан жасаудағы рөлі. Әрбір сөз белгілі дыбыстардың ғана қосындысынан жасалатыны белгілі. Сөздердегі бір дыбыс өзгерсе, не оған артық бір дыбыс қосылса, сол сияқты, бір дыбыс түсіріп қалатын болса, ол сөз болуынан қалады немесе оның мағынасы өзгереді.
Мысалы, «ата» деген сөзді жасау үшін тек а-т-а деген үш дыбыс қана керек болады. бұл дыбыстардың бірде бірін өзгертуге болмайды. Демек, дыбыс – бірден бір сөз мағынасын жасаушы тұлға. Бұл тәсілге қажетті жаттығу түрлерінің бірі оқулықтағы сөздердің жуан-жіңішкелігін салыстыру үшін дыбыстардың алмастырылып берілуі.
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін таныстыруда тілдің дыбыстық құрамын білдірудің рөлі зор. Тіліміздегі барлық дыбыстар үлкен екі топқа жіктеледі: 1) дауысты дыбыстар мен әріптер, 2) дауыссыз дыбыстар мен әріптер. Оқулықта дауысты және дауыссыз дыбыстарға қатысты күрделі фонетикалық мағлұматтар мен ережелер берілмейді, дыбыс әріптерінен тиянақты есте сақтау көзделеді. Бұл арқылы дыбыстардың дауысты және дауыссыз, жуан және жіңішке болып қолданылуы себептерді оқу барысында практикалық жолмен түсіндірілуге тиіс. Оқулық анықтамасында дауысты және дауыссыз дыбыс әріптері алфавит ретімен емес, дыбыстардың қолдану жиілігіне қарай мына тұрғыда орналастырылған. Дауысты дыбыс әріптері: а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і, и, ю, я, у, е, э.
Дауыссыз дыбыс әріптері: б, в, г,ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, ң, п, р, с, т, ш, ф, х, һ, щ, ц, ч.
Аталған дыбыстардың ішіндегі дауысты е, э дыбыстары мен дауыссыз – в,ф,х,һ,ч,ц,щ дыбыстары басқа тілдерден енген кейбір сөздерді дұрыс жазу үшін қазақ алфавитіне енгізілгені туралы оқушылар хабардар болуға тиіс, өйткені бұл дыбыстардың қазақ фонемаларынан ерекшеліктері көп. Оқушыларға ана тіліміздің дыбыстық құрамын, яғни ондағы дауысты және дауыссыз дыбыстардың дыбысталу ерекшеліктеріне үйретудің маңызы зор. Олай дейтініміз, әрбір сөзден басталып, сөйлеудің барша дыбысталу жүйесі аталған ана тіліне тән төл дыбыстарымыздың айтылу ерекшелігіне тікелей байланысты қалыптасады.
Кіші жастағы оқушыларға, әсіресе, бірінші сынып оқушыларына дыбыстардың дауысты және дауыссыз болып айтылуын түсіндіру, әрине, аса қиын екені белгілі. Алайда, тәжірибелі ұстаздар әр алуан практикалық жаттығулар арқылы аталған қиындықты да оңай шеше алады. Бұл тұрғыда өтімді қолданылатын оқыту тәсілінің бір түрі дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың дыбысталуын салыстырып байқау. Салыстыру нәтижесінде өзгешеліктердің бар екенін, олардың әр түрлі дыбысталатынын анық байқауға болатынына оқушылардың көзін жеткізу.
Қазіргі мектеп жағайында кездесетін қиындықтың бірі – көпшіліктің орысша сөйлеу салдарынан оқушылардың да өзінің ана тіліндегі тума дыбыстарды дұрыс айта алмауы фактілері жиі кездеседі.
Әсіресе қазақ тіліне тән ң,ғ,қ,ә,ө,ұ,ү,ы,і сияқты дыбыстарды қате айтып, қате жазатын оқушылар баршылық. Бұл жағдай қазақ тілінде дауысты – дауыссыз дыбыстарды оқыту барысында мұқият ескеруді қажет етеді. Аталған кемшілікті болдырмау мәселесі ұстаздың көп жұмыс істеуін керек етеді. Атап айтқанда, әрбір оқушымен жеке жұмыс жүргізу, баланың дыбыстау қабілетін анықтау, қате түрлерін есепке алу, арнайы жаттығулар жүйесін жасау сияқты жұмыс түрлері мұғалім тарапынан тиянақты атқарылуы талап етеді.
Дауысты дыбыстар – қазақ тілінің дыбыстық жүйесінен үлкен орын алатын негізгі фонемалар. Сондықтан да бұл тақырыпты оқытуға жете назар аударады.
Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар жүйесін кіші жастағы оқушыларға танытуда оларды жуан және жіңішке топтарға жіктеудің аса үлкен мәні бар. өйткені қазақ тілі басқа туыстас түркі тілдері сияқты әйгілі сингармонизм заңына негізделеді. Дыбыстарды жуан не жіңішке дыбысталуына қарай жіктеу сөз мағынасының өзгеруі, сөздердің жуан не жіңішке болып дыбысталу сияқты тілдің дыбыстық жүйесіне тікелей ықпал етеді. Мәселен, орыс тілінде дыбыстың жуан не жіңішке естілуі жуандық белгісі – ъ – мен жіңішкелікке белгісі – ь – арқылы көрсетілсе, қазақ тілінде мәселе мүлде басқаша. Атап айтқанда, ондай ерекшеліктер арнайы белгілер арқылы емес, дауысты дыбыстардың жуан-жіңішкелігі арқылы атқарылады. Осыған орай, қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар жуан дауыстылар және жіңішке дауыстылар болып үлкен екі топқа бөлінеді. Бұған байланысты қазақ тілі оқулығында мынандай анықтама берліледі.
Жуан дауыстылар: а, о, ы, ұ
Жіңішке дауыстылар:ә,ө,і,ұ,е
Ал, тіліміздегі кейбір дауыстылар орыс графикасына көшуге байланысты екі дыбыстан құралып, бір әріппен таңбаланады. Олар: и, у, ю, я дыбыстары. Бұларды қосарлы дыбыстар дейміз. Бұлар 2-сыныпта толығырақ қарастырылады. Аталған дыбыстар да бірде жуан, бірде жіңішке болып айтылады. Мысалы. И дыбысы кейде ый болып жуан дыбысталса, кейде ій болып жіңішке дыбысталады. У дыбысы кейде ұу түрінде жіңішке дыбысталады (сурет -сүурет). Ю дыбысы кейде йу құрамындағы у дыбысының жуан, жіңішкелігіне қарай, кейде жуан болып дауысталса (аю-айу-айұу), кеде жіңішке дыбысталады (есею – есейу - есейүу). Я дыбысы ғана қазақ сөздеріне жуан болып қолданылады. Өйткені, я дыбысының құрамдас дыбыстьары й-а түрінде жуан айтылады. Алайда, я дыбысы кейбір басқа тілдерден келген – вафля, аккумулятор т.б. сөздерде жіңішке қолданылады.
Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке болып жіктелуі – жоғарыда айылған сингармонизм құрлысының негізгі бір көрінісі. Сингармонизм дегеніміз дауысты дыбыстардың үндесуі. Бұл құбылыс - басқа түрік тілдерінмен салыстырғанда, әсіресе, қазақ тілінде қатал сақталады. Олай дейтініміз, қазақ тілінде дауысты дыбыстар өзара қалай болса солай байланыса салмайды, байланысушы дыбыстардың жуан – жіңішке болып дыбысталуына негізделеді, басқаша айтқанда: жуан дауыстылар тек жуан дауымстылармен ғана үндесіп байланысса, жіңішке дауыстылар тек жіңішке дауыстылармен ғана үндесіп байланысады. Осыған қарай, сөздегі дауысты дыбыстар баста-аяқ не біркелкі жуан не біркелкі жіңішке болып жұмсалады, яғни, сөздің алғашқы дауысты дыбысты жуан болса, ондағы келесі дауыстылырдың бәрі де жуан дауыстылар болып келеді. Мысалы. Балалар. Сөздің бастапқы дауысты дыбысы жіңішке болса, келесі дауыстылардың бәрі де жіңішке болады. мысалы: терезелер. Демек, сөзде әрі жуан, әрі жіңішке дауысты дыбыстар араласа қолданылмайды. Жуан және жіңішке дауыстылар аралас келген сөздер қазақ тілінде тек біріккен сөздерде – Гүлжан, әрқашан – және басқа тілдерден енген – кітап, мұғалім – сөздерінде ғана кездеседі.
Дауысты дыбыстардың жуан-жіңішке болып жіктелуі және олардың өзара бір-бірімен дыбысталу ерекшелігіне қарай үндесу заңдылығы қазақ тіліндегі сөздердің де біркелкі жуан немесе біркелкі жіңішке болып айтылу ерекшелігін қалыптастырғанын байқаймыз. «Ана тілі» оқулығында «Жуан және жіңішке айтылатын сөздер» деген арнайы тақырып бар. Онда жуан және жіңішке сөздер туралы мынандай анықтамалар беріледі: «Сөздегі дауысты дыбыстар жуан болса, сөз жуан айтылады: қозы, сағат, қоян, аюлар, құлақ. Сөздегі дауысты дыбыстар жіңішке болса, сөз жіңішке айтылады: дәптер, терезе, киік, өзен, күрек».
Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстармен сөздердің жуан және жіңішке болып қолданылуы туралы берілген мұндай бастапқы білім негіздері тіліміздің сингармонизм заңдылығына қатысты фонетикалық ерекшеліктерін дұрыс түсінуге, сондай-ақ орфографиялық емелелерді еркін меңгеруге мүмкіндік береді. Оқулықта жуан-жіңішкелік туралы берілген теориялық мағлұматтар мұғалімнің түсіндіру әдісімен, сондай-ақ түрлі сөздік жаттығулар жүргізу, сөздердің жаун-жіңішкелігін салыстыру, арнайы берілген кестелерді көрсету сияқты тәсілдермен меңгертіледі.
Аталған тақырыпта меңгертудің аса бір тиімді тәсілі кез келген мәтіндерді оқыту барысында ондағы жеке сөздердің жуан не жіңішке дыбысталуын сұрау арқылы оқушылардың өздеріне бақылату, өйткені әрбір мәтінде жуан сөз де, жіңішке сөз де анық көрініп тұрады. Ал мәтінде жуан және жіңішке дыбыстар аралас келген сөздер кездессе, ондай сөздердің қазақ сөзі еместігі туралы оқушылардың өздері-ақ айтып береді, мысалы:
Кітап та күн секілді,
Білім нұрын шашады, -
Деген өлең мәтінін оқу барысында, оның құрамында жуан сөздер де (та, нұрын, шашады), жіңішке сөздер де (күн, секілді, білім) бар екенін, тек бір ғана кітап деген сөздің, ана тіліміздің төл сөзі болмауына байланысты, жуан-жіңішкелік заңдылығына бағынбайтыны туралы оқушылар оңай баяндап береді.
Дауысты дыбыстар мен сөздердің жуан-жіңішкелігін үйрету төменде берілген арнайы кестелермен жұмыс істеуді керек етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |