Жаратылыстану пәнінің негізгі бағыты және даму тарихы
Жаратылыстану әдістемесінің революцияға дейінгі даму бағыттары
1. Қазақ мектептеріндегі революцияға дейін қоршаған дүние туралы білім берудің жайы.
2. Революцияға денйінгі балалар көзқарасы мен ұғымының қалыптасуына әсер еткен жағдайлар.
3. Революцияға денйінгі орыс ғалымдарының оқушыларға қоршаған ортадан білім беруге арналған еңбектері.
Революцияға дейін қазақ мектептеріне арналған арнайы оқулықтар мен оқу құралдарының жоқтығы айқын. Бірақ осыған қарап революцияға дейінгі қазақ балаларының өздерін қоршаған дүниеден ешбір қабары, яғни ұғымы мен түсінігі болмады деп айта алмаймыз. Себебі, көшіп жүрген қазақ халқының балаларына қай жерде не барын, қандай белгіге қарап тұсты анықтауға болатынын білу қандай керек болса, сонымен қатар мал бағуға байланысты, қай тұста су барын, шөптің құнарлысы қандай жерде өсетінін, пайдалы және зиянды жәндіктерді білу сондай керек болды. Бұл жағдай олардың үлкендер тәжірибесінен үйренуін және байқағыш, бақылағыш, естігіш болуын талап етті. Осыған байланысты қазақтың белгілі педагогі Әміржан Сыдықовтың пікірі бойынша кең далада еркін өскен қазақ баласының ерте жастан бастап, құлағы сақ, көзі жіті, сезімтал болып өсті дейтіні өте орынды.
Сонымен қатар, қазақ даласында халықтың ауыз әдебиетінің күші де өте жоғары болатын. Балаларға арналған ертегі, аңыз, жұмбақ, мақал-мәтелдердің мазмұны арқылы да, қазақ өз балаларына атадан-балаға қалып келе жатқан түрлі аңыздар арқылы өсімдіктер мен жануарлар, табиғат құбылыстары туралы, олардың түрлі сырларын айтып беруге тырысатын. Бұл да балалардың жақсы мен жаманды, пайдалы мен зияндыны айыруына негіз салатын. Бірақ мұның бәрі ғылыми негізде емес, тек тәжірибедегі деректер арқылы берілгендіктен, үнемі дұрыс болып шыға бермейтіні де белгілі.
Бастауыш сынып оқушыларына азды-көпті ғылыми дерекке сүйенген білім беру орыстың атақты әдіскер ғалымдарының еңбектері негізінде жалпы мектеп өмірінде жаратылыстануды оқытудың әдістемесі мен оқулықтарының шыға бастауымен байланысты болды.
1900- жылдары жаратылыстану гимназияның 1-3 сыныптарында ғана оқытылды. Бұл тұста В.В.Половцев, А.П.Павлов, И.И.Полянский, Б.Е.Райковтардың әдістемелік құралдары шығып, олардың бәрі дерлік жаратылыстануды оқытуда практикалық сабақтар мен топсаяхаттың тиімділігін уағыздады.
Революцияға дейінгі жарық көрген оқулдықтар қатарында В.Ф.Зуевтың “Табиғат тарихы“ оқулығын атауға болады. Бұл оқулық 1786 жылы жарық көріп, оның алғашқы беттерінде мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқау қоса берілді. Оқулық негізінен үш бөлімнен тұрды: Өлі табиғат (ископаемое царство); Өсімдік (прозяваемое царство); Жануар (животное царство). Осы бөлімдерде өсімдік пен жануарлардың тіршілік ерекшелігін және олардың адам баласына пайдасын баяндады. Оқулық мазмұнына 148 өсімдіктің, 157 омыртқалы жануарлардың аттары еніп, олардың тіршілік әрекеттері жайында мәлімет берілуімен қатар оларды оқытуға қойылатын талаптар мен қолданатын әдістерге де тоқталды. Әдіскердің оқушыларға білім беруге байланысты қоятын талаптарының бастысы-білім беруді көрнекілікке сүйену негізінде жүзеге асыруды уағыздау болды. Автор өз пікірінде қандай да зат туралы ұғым беруде оның табиғи қалпын, ортасын, болмаған жағдайда оны суреттейтін бейнені көрсету арқылы ғана түсіндірудің керектігін айтады. Сонымен қатар осы оқулыққа қосымша құрал ретінде 193 суреттен тұратын 57 таблица берілген. Мұндай қосымша құрал арқылы мектеп қабырғасында жаратылыстануды оқытудың көрнекілігін арттыруға жағдай жасалған.
В.Ф.Зуевтің әдістемелік нұсқауында білім берудің дидактикалық принциптері де айқын көрсетілді. Автор жаратылыстанудан берілетін білімнің ғылымилығы, бірізділігі, жүйелілігі, түсініктілігі және оқушылардың саналы меңгеруіне жағдай жасаудың керектігін ашып айтты.
В.Ф.Зуев еңбектерін зерделеу арқылы жаратылыстану пәнін мектепте оқытудың жүйесі мен оны оқытудың әдістемелік негізін салған ең алғашқы әдіскер-ғалым ретінде қабылдаймыз.
Мектеп қабырғасында жаратылыстануды оқыту туралы құнды пікір айтып, әдістемелік құрал жазған автордың бірі-А.Я.Герд (1841-1888) болды. Ол жаратылыстануды оқытудың негізін салушы ретінде оқушының өздігінен жұмыс атқару арқылы олардың ойын, байқағыштығын, танымын дамыту тұстарына көңіл бөлуді уағыздады. Оқытуда өсімдіктердің, жануарлардың даму жолын, тіршілік ортасының ерекшеліктерін, олардың дене құрылысының осы тіршілік ортасына қарай бейімділігін ашып түсіндіруді жөн деп көрсетті.
1877-жылы “Зоология оқулығын“, “Жаратылыстанудың қысқаша курсы“ құралдарын жазған. Бастауыш сыныптарда өлі табиғатты оқытудың әдістемесін жасаған. Өзінің “Мир божий“ деген еңбегінің ішінде Жер, ауа, су туралы деректі ғылыми мағлұматтар беріп, оны бастауышта оқыту керектігін дәлелдеген.
А.Я.Гердтің пікірінше табиғатқа бақылау жүргізу арқылы ғана оқушылардың байқағыштығын дамытуға, байқағандары негізінде қортынды жасауға,өз пікірін айтуға, ойларын тұжырымдауға жаттықтыруға болады дейді. Автор мектеп қабырғасында оқушыларға қоғамнан және табиғаттан берілетін білімнің мазмұнын ашты. Ол білім берудің ең негізгі мақсаты, оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптастыру деп атап көрсетті.
Ол Ресей жағдайында тұңғыш рет басылым көрген өзінің “Жануартану“ оқулығына Дарвиннің идеяларын ендірді. Әдіскер жаратылыстанудан білім беруде лабараториялық және заттық сабақтардың тиімділігін уағыздады. Білімді тек кітап арқылы беру үстірттікке әкеліп соғатындығын айта келіп, нақты табиғат заттарымен бетпе-бет қатнас жасау арқылы алатын білімнің нәтижесін басқа ешбір көрнекілікпен салыстыруға болмайтынын айтып уағыздайды. Өзінің бүкіл әдістемелік ұсыныстарын “Заттық сабақтар“ атты еңбегінде тұжырымдап, бастауыш сыныпта жаратылыстан білім беру барысында әуелі өлі табиғат жайында, сонан кейін барып тірі табиғат туралы білім беру керек деген пікір айтады.
А.Я.Гердтің жаратылыстану пәнін оқытуға арналған бұл еңбегі әдістемелік тұрғыдан алғанда өте құнды құралдар қатарына жатады. Себебі, бастауыш сыныптар оқушыларының психологиялық ерекшелігінің өзі әр затты оқытуда нақтылықты, көрнекілікті, деректілікті қажет ететіні айқын. Автордың әдістемелік ұсыныстарының алдыңғы қатарлы тиімділігі осы күнге дейін құнын жойған емес. Әсіресе, заттық сабақтар және білім беруді оқушылардың бақылауына негіздеу туралы пікірлері қазірде де оқу үрдісінде өз орынын алуда.
Дегенмен, бастауыш мектепте өлі табиғат пен тірі табиғатты бөліп оқыту, алдымен бір сыныпта өлі табиғатты, келесі сыныпта тірі табиғатты оқыту керек деген ой толғамы қоршаған ортаның біртұтастығын түсіндіруге келгенде А.Я.Гердтің өз пікіріне өзі қарама-қайшылы шыққандай жағдайды байқатады. Себебі, өлі табиғатта болатын өзгерістер әр уақытта тірі табиғат тіршілігіне де өзгеріс ендірмей қоймайды. Осы тұрғыдан алғанда бұлайша бөліп қарау оқушылардың дүниені біртұтас түсінуіне қиындық туғызады. Мұндай пікір сол кездегі көптеген авторларда, әдіскерлерде кездесетін пікір еді.А.Я.Гердтің бүкіл педагогикалық еңбектерінің жинағы 1953- жылы жинақ болып баспадан шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |