№5 тақырып. Тұтыну және жинақтау
Мақсаты: Басты экономикалық көрсеткіш ЖҰӨ мемлекеттегі өндірілген тауар және қызмет көрсету мөлшерін және кірістер шамасын көрсетеді. ЖҰӨ өндіру мен оны пайдалануды қарастыру.
Негізгі сұрақтар:
«Табыс-шығыс» үлгісінің алғышарттары.
Қолдағы бар табыс. Тұтыну мен жинақтау.
Тұтыну функциясы және жинақтау функциясы.
Инвестициялар мен олардың түрлері.
Нақты болған шығындар мен жоспарланған шығындар.
Кейнстік крест. Кейнс мультипликаторы.
Өндіріс көлемінің тепе-теңдігіне жету тетігі.
Қазіргі макроэкономикалық ғылымда жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың арасындағы тепе-теңдікті сипаттайтын екі теориялық бағыт бар. Біріншісін XIX ғасырдың бірінші жартысында классикалық саяси экономияның өкілдері қалыптастырды жəне XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бірінші жартысы аралығында сол классиктердің ізбасарлары – неоклассик-экономистер дамытты. Ал екінші бағытты Дж. Кейнс жəне оның ізбасарлары 1936 жылдың басында алға тартты.
Классикалық мектептің макроэкономикалық моделі ең алдымен француз экономисі Ж. Б. Сэйдің атымен байланысты Сэй заңының тұжырымдамасына негізделеді. Бұл заң «тауар ұсынысы өзінің сұранысын тудырады, өндірілген өнімдер автоматты түрде табысты қамтамасыз етіп отырады» деген қағидаларға сүйенеді. Сэйдің ойынша, экономика тек өндірушілерден тұрады, Т-Т формуласы бойынша бір тауарды екіншісімен айырбастау бартерлік келісімдер принципімен жүріп отырады. Мысалы, тігіншінің тіккен костюмі сату құралы ретінде ұсынылады немесе басқалары өндірген етік пен нанға сол костюм сұраныс құралы ретінде қолданылады. Тігінші тарапынан костюмді ұсыну оның басқа тауарлар мен қызметтерге (етік немесе нан) сұранысы болып табылады. Сұраныс ұсынысқа тең болу қажет. Ал макроэкономика шеңберінде дəл осындай үрдіс орын алады: ұлттық өнімді өндіруден алынған табыс осы өнімге жиынтық сұранысты қалыптастыру үшін жеткілікті болып табылады, яғни ұлттық экономика масштабында ұлттық табысты өндіруден алынған бар лық жиынтық табыстар бірден шығындарға айналуы қажет немесе өндірушілер өздерінің тапқан табыстарын сол уақытта толығымен басқа бір игіліктерді сатып алуға жұмсауы керек, яғни сатылмай қалған тауар немесе жұмсалмай қалған табыс болмауы тиіс. Мұндай жағдайда, нарықтық механизм ресурстарды толық пайдалану кезінде экономикалық тепе-теңдікті шын мəнінде автоматты түрде қамтамасыз ете алады.
Классикалық мектептің макроэкономикалық талдаулары жалақы, баға, пайыз мөлшерлемесі сияқты айнымалыларға сүйенеді. Мұндай икемді айнымалылар игіліктер нарығында, ақша жəне еңбек нарықтарында экономикалық тепе-теңдікті автоматты түрде қалыптастырып отырады.
Сонымен, классиктер экономика мемлекеттің араласуынсызақ өздігінен реттеліп, экономикалық тепе-теңдік қалыпты түрде қамтамасыз етіліп отырады деген қағидаларды алға тартады.
Алайда, осындай постулаттарға сүйенген классикалық теория ХХ ғасырдың 30-жылдары орын алған əлемдік «Ұлы депрессия» құбылысына түсініктеме беруге қабілетті болмады жəне одан шығудың жолдарын қарастыра алмады.
1936 жылы ағылшын экономисі Дж. Кейнс «Жұмыспен қамтудың, ақшаның жəне пайыздың жалпы теориясы» деген əйгілі еңбегінде өзінің жаңа макроэкономикалық идеяларын ұсынды. Ол Сэй заңына келіспеушілік білдіріп былай деді: кейбір уақытта адамдар өздерінің тапқан табыстарының барлығын нарықтағы тауарлар мен қызметтерге толық жұмсамауы мүмкін, олай болса, дүкен сүрелерінде, қоймаларда сатылмай қалған тауар қорлары пайда болады. Соған байланысты өндірушілер өндірісті қысқартуға мəжбүр болады, нəтижесінде экономика құлдырай бастайды.
Кейнс нарықтық экономикада толық жұмысбастылық жағда йында өнім өндіруге кепілдік беретін механизмнің болмайтын дығы туралы нақты қорытындыға келеді. Экономикалық те пе-тең дік жұмыспен толық қамтылмаған жағдайда жəне экономикада дағдарыс байқалған кезде де орын алуы мүмкін.
Сонымен қатар, Кейнс классиктердің өндірісті жəне жұмысбастылықты автоматты реттейтін икемді бағалар идеясын да қатты сынға алды. Ол жиынтық сұраныс қысқарғанда тауарға бағаның төмендейтінін жоққа шығармады. Бірақ бұл жағдай өнім көлемін əлеуетті деңгейге əкеледі дегенмен келіспеді. Нарықтық экономика тек жетілген бəсекеге негізделе бермейді. Еңбек нарығындағы кəсіподақтардың монополистік үстемдік жүргізуі кəсіпкерлерге тепе-теңдік орнатуға қажетті деңгейге дейін жалақыны төмендетуге мүмкіндік бермейді. Олигополистер де басқа да ресурстардың (көмір, мұнай, болат жəне т.б.) иелері ретінде бағаның төмендеу жағына деген икемділгін қаламайды.
Кейнс өзінің пайымдауларында Сэй заңындағы жиынтық сұ раныс пен жиынтық ұсыныс арасындағы себеп-салдарлық байланыстың бағытын өзгертті, нақтырақ айтқанда: «жиынтық сұраныс жиынтық ұсынысты тудырады». Оның мағынасы: «сұранысы бар тауарларды өндіру қажет». Сондықтан, Кейнс теориясы «тиімді сұраныс теориясы» деп аталады.
Классикалық теория екі негізгі алғышартқа сүйенеді. Біріншіден, жиынтық шығындар деңгейі Y = C + I + G + Xn толық жұмыспен қамту кезінде өндірілген өнімдерді сатып алуға жетпейтіндей жағдай орын алмайды деп болжайды, яғни жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың бір-біріне тең болмау (AD≠AS) жағдайының орын алуы мүмкін емес. Екіншіден, егер мұндай жағдай орын ала қалса, онда бағалар, жалақы көрсеткіштері жəне пайыздық қойылым дереу өзгереді, жиынтық сұраныстың төмендеуімен қатар өндірістің құлдырауы жылдам өтеді, əрі аса маңызды болмайды, яғни жағдай икемді көрсеткіштер арқылы тез арада қалпына келе бастайды. Ал ақша нарығы инвестициялар мен жинақтардың теңдігіне жəне ресурстардың толық қамтылуына əрқашанда кепілдеме беріп отырады. Тек табиғи деңгейімен бара-бар «еркін» жұмыссыздық орын алуы мүмкін, бірақ ол да икемді жалақылар арқылы жылдам реттеліп отырады. Бұл жиынтық сұраныс AD пен жиынтық ұсыныстың AS тепетеңдік нүктесінде өндірістің нақты көлемі Y0 əрқашанда потенциалды деңгейіне Y* тең дегенді білдіреді.
Кейнстік теория мұндай өзін-өзі реттеу механизмінің орын алуын жоққа шығаратындығы жөнінде жоғарыда айтқанбыз. Ұлы депрессия кезеңінде алынған эмпирикалық мəліметтер негізінде Кейнс реттелмейтін экономикада толық жұмысбастылық тың орын алмайтындығын, тіпті болса да оның тек кездейсоқ жағдайларда ғана орын алатындығын дəлелдей алды. Жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныстың теңесуі (4.1-сурет) əдетте, ресурстардың толық қамтылуы деңгейімен сəйкес келмейді: А нүктесінде AD=AS теңдігі орындалады, бірақ өндірістің нақты көлемі əлеуетті деңгейінен кіші болып табылады Y0 < Y* .
Кейнс өзінің зерттеулерінде психологиялық факторларға (бейімділік, қалаушылық, күтушілік, ұмтылыс) көп мəн бере отырып, мұндай сəйкес келмеушіліктің себептерін əртүрлі экономикалық агенттердің əртүрлі мотивтер мен əсер ететін алуан түрлі факторларға байланысты жүзеге асыратын өздерінің инвестициялар жəне жинақтау бойынша жоспарларының сəйкес келмеуімен түсіндіреді.
Үй шаруашылықтарының жинақтау себептері:
1) қымбат тұратын заттарды сатып алу;
2) кəрілікті қамтамасыз ету;
3) күтпеген жағдайлардан (ауру-сырқаттан, кездейсоқ жағдайлардан жəне басқа да оқыс оқиғалардан) өздерін сақтандыру;
4) балаларын болашақта қамтамасыз ету.
Фирмалардың инвестициялау себептері:
1) таза пайда мөлшерін максималдау;
2) нақты пайыздық қойылым, яғни инвестициялау үшін салынатын ақшалай капиталдың төлемі инвестиция жоспарларын құру кезінде есепке алынады.
Классикалық теорияға сəйкес, инвестициялар мен жинақтардың қарқынын анықтайтын негізгі фактор болып пайыздық қойылым табылады: егер бұл көрсеткіш өссе, онда үй шаруашылықтары салыстырмалы түрде көбірек жинақтай бастайды жəне тұтынуға жұмсайтын табысының əрбір қосымша бірлігін төмендете береді. Үй шаруашылықтарының жинақтауды арттыруы уақыт өте келе несие бағасының төмендетеді, ал бұл өз кезегінде инвестициялардың өсуіне жол береді, яғни фирмалар төменгі пайызбен инвестицияларды көбірек жүзеге асыра бастайды.
Кейнстік теорияға сəйкес, тұтыну мен жинақтаудың қарқынын анықтайтын негізгі фактор ретінде пайыздық қойылым емес, үй шаруашылықтарының қолда бар табыстары қарастырылады. Бұл жерде барлық тұтынушылық шығындарды жүзеге асырып болғаннан кейін қалған табыстың бөлігі жинақталады. Пайыздық қойылым екінші орынға ығысады, оның рөлі тұтыну мен жинаққа қолда бар табыстың əсер етуімен салыстырғанда аса маңызды емес. Дегенмен, сол уақытта инвестицияның қарқыны ең алдымен, пайыздың деңгейімен анықталады, соған байланысты тұтыну, жинақтау жəне инвестиция функцияларында көрініс табады.
Макроэкономикалық талдауда тұтынушының мінез-құлқы мен тəртібі экономикалық субъектінің өз табысын бөлудегі шешіміне байланысты орын алады: табысының қай бөлігін бүгін жұмсауы қажет, ал қанша сомасын болашаққа сақтап қоюы керек.
Макроэкономикада тұтынуға байланысты əртүрлі теориялар қалыптасқан. Соның негізгілерінің бірі ретінде Кейнстің тұтыну теориясына біз кеңірек тоқталамыз. Бұл тұжырымдама бойынша тұтынудың көлемі мен құрылымын қолда бар табыс көрсеткіші анықтайтындығын айттық. Мұнда қолда бар табыс DI (disposable incom) немесе
Yd = Y – T, яғни жеке табыс минус жеке табыс салықтары.
Кейнстің қарапайым тұтыну функциясы:
C = C (Y - T),
мұнда, С – тұтыну шығындары, Y – табыс, Т – салықтар. Жоғарыда атап өткендей, Кейнстік теорияның классикалық мектеп өкілдерінен айырмашылығы, оның ойынша адамдар өз та быстарын тұтыну мен жинаққа бөлгенде пайыздық қойылымға емес, психологиялық факторларды басшылыққа алады. Кейнс өзінің тұтыну теориясына сəйкес, адамдардың мінез-құлқын сипаттайтын негізгі психологиялық заңды ашты.
Кейнстің негізгі психологиялық заңы: «табыс өскен сайын тұтынушылар тұтынуды арттырады, бірақ тұтынудың артуы табыстың өсуіне қарағанда кем артады, яғни тұтынудың өсуі табыстың өсу көлеміндей болмайды». Адамдардың табысы артқан сайын тұтынуға деген бейімділік төмендей береді жəне керісінше жинақтауға деген бейімділік арта түседі. Тұтыну мен жинақтау функцияларының графигі 4.2-суретте көрсетілген.
Психологиялық фактор тұтыну мен жинақтауға бейімділіктің түрлерін анықтайды.
Тұтынуға деген шекті бейімділік (MPC – marginal propencity to consume) – қолда бар табыстың кез келген өзгерісінде тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындар өсімінің пайыздық үлесі.
мұнда, МРС – тұтынуға деген шекті бейімділік; ΔC – тұтыну шығындарының өсімі; ΔYd – қолда бар табыстың өсімі.
Тұтынуға деген орташа бейімділік (АPC – average propencity to consume) – үй шаруашылықтарының тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсайтын қолда бар табыстарының бөлігі.
мұнда, АРС – тұтынуға деген орташа бейімділік; C – тұтыну шығындарының мөлшері; Yd – қолда бар табыстың мөлшері.
Жинақтауға деген шекті бейімділік (MPS – marginal propencity to save) – қолда бар табыстың кез келген өзгерісінде жинақ өсімінің пайыздық үлесі.
мұнда, МРS – жинақтауға деген шекті бейімділік; ΔS – жинақтың өсімі; ΔYd – қолда бар табыстың өсімі.
Жинақтауға деген орташа бейімділік (АPS – average propencity to save) – үй шаруашылықтарының жинақтауға қалдыратын қолда бар табыстарының бөлігі.
мұнда, АРS – жинақтауға деген орташа бейімділік; S – жинақ мөлшері; Yd – қолда бар табыстың мөлшері.
Тұтынуға шекті бейімділік пен жинақтауға шекті бейімділік қолда бар табыстың қосымша бірлігінің қаншасы тұтынуға жұмсалатынын жəне қаншасы жинақтауға кететінін көрсетеді. Сондықтан олардың қосындысы əрқашанда 1-ге тең болады:
Тұтыну мен жинақтау функциялары оң көлбеулі болып табылады. Егер қолда бар табыс пен тұтыну шығындары тең болса, онда тұтынудың қисығы координат басынан 45° градуста болады. Алайда, шын мəнінде табыстың бір бөлігінің жинақтауға кететіндігі белгілі, сол себепті тұтынудың нақты қисығы одан төмен орналасады.
Тұтыну мен жинақтау бір табыстың екі бөлігін құрайтындықтан жинақтау қисығы тұтыну қисығының «айнадағы көрінісі» ретінде қарастыруға болады. Тіпті бұл жерде атақты экономист Пол Самуэльсонның аналогиясын келтірген өте орынды, яғни ол тұтыну мен жинақты «сиам егіздері» деп атаған. Қолдағы табыс Y0 -ден төмен болғанда (Е нүктесінің сол жағы) тұтыну шығындары қолдағы табыстан артады. Төменгі графикте бұл жағдай «теріс жинақтауға» сəйкес келеді, бұл жағдай «адамдар қарызға өмір сүріп жатыр» дегенді білдіреді. Е нүктесінде тұтыну мен табыс теңеседі, ал жинақ нөлге тең болады.
Ал қолдағы табыс Y0 -ден жоғары болғанда (Е нүктесінің оң жағы) тұтыну шығындары табыс көлемінен аз болады. Бұл жағдайда енді адамдар қарызға өмір сүру мəселесінен құтылып артылған табыстарының бір бөлігін жинақтай бастауға мүмкіндік алады.
Тұтыну мен жинақтауға əсер ететін негізгі фактор – қолда бар табыс. Қолда бар табыс деңгейі өзгергенде тұтыну мен жинақтау өзгерістері С мен S қисықтарының бойында жүріп отырады.
Сонымен қатар, тұтыну мен жинақтау қисықтарын оңға (төмен) немесе солға (жоғары) жылжытатын басқа да факторлар бар:
1) Үй шаруашылықтарының жинаған байлықтары. Отбасы байыған сайын тұтыну өседі, соған сəйкес, тұтыну қисығы (С) жоғары жылжиды.
2) Баға деңгейі. Бағаның өсуі халықтың тұтыну мүмкіндіктерін төмендетеді де, табысының белгілі бір бөлігін құнсыздандырады. Мұндай жағдайда тұтыну қисығы төмен қарай ығысады.
3) Күтім. Егер тұрғындар болашақта тауар тапшылығы болады деп болжамдаса, онда олар ағымдағы тұтынуды арттырып, жинақты қысқартады. Ал тұтыну қисығы жоғары жылжиды.
4) Тұрғындар қарызы. Егер несиелік қарыздар өссе, онда тұтыну қарыздар төмен жылжиды.
5) Салық салу деңгейі. Салық мөлшерлемесі мен көлемінің өсуі тұтынуды да жинақтауды да қысқартады. Бұл жағдайда тұтыну қисығы төменге, ал жинақтау қисығы жоғарыға жылжиды.
Енді Кейнстің қарапайым тұтыну функциясы былай өрнектеледі:
мұнда, а – автономды тұтыну (табысқа байланысты емес тұтыну); в – тұтынуға деген шекті бейімділік. Жинақтау функциясы:
мұнда, S – жеке сектордың жинақтары, 1-b – жинақтауға шекті бейімділік.
Сонымен, біз тұтыну функциясына сəйкес, тұтынудың екі түрін ажыратамыз: табысқа байланысты тұтыну жəне табысқа байланысты емес автономды (тəуелсіз) тұтыну.
Дегенмен, Кейнстің бұл теориясы 1942 жылы 1929-1941 жылдардағы статистикалық деректермен сыналды. Осы мəлі меттер негізінде алынған Кейнстің тұтыну функциясы былайша көрініс тапты:
Макроэкономикада, инвестициялар – бұл пайда табу мақсатында жеке жəне мемлекеттік сектор капиталдарының ұлттық экономикаға немесе шетел экономикасының əртүрлі салаларына ұзақ уақытқа салынуы.
Инвестицияның негізгі үш түрін бөліп көрсетуге болады:
1. Өндірістік инвестициялар (ғимараттар, құрал-жабдықтар, машиналар, т.б. түріндегі негізгі капиталға салынатын инвестициялар).
2. Тауарлы-материалдық қорларға инвестициялар (шикізаттар, отын-материалдар, аяқталмаған өндіріс, дайын өнімдер, т.б.)
3. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар. Инвестицияға əсер ететін негізгі фактор – пайыздық қойылым. Пайыздық қойылым мен инвестицияның көлемі арасында кері байланыс бар (4.3-сурет). Инвестицияға сұраныс қисығы – пайыздық қойылымның кез келген шамасында салуға мүмкін болатын инвестицияның көлемін сипаттайтын графикалық көрініс.
Пайыздық қойылымнан басқа инвестицияның динамикасын анықтайтын басқа да факторлар бар, яғни бұлар инвестицияға сұраныс қисығын оңға немесе солға жылжытады:
1. Техникалық құрылғылар мен оларды пайдалануға кететін шығындар. Егер осындай шығындар көбейетін болса, онда пайда мөлшері кемиді де, инвестицияға деген сұраныс қисығы солға жылжиды.
2. Салық салу деңгейі. Егер мемлекет бизнеске салынатын салықтарды төмендетсе, онда кəсіпкерлердің өндіріске көп капитал салуына мүмкіндіктері артады, яғни инвестициялық сұраныс қисығы оңға жылжиды.
3. Технологиядағы өзгерістер. Егер өндіріске соңғы үлгідегі технологиялық жетістіктер тартылса, онда инвестициялық жобалар көптеп жасалып сұраныс қисығы оңға жылжиды.
4. Қолда бар негізгі өндірістік капиталдың көлемі.
5. Экономикалық күтім. Егер компания басшылары инвестициялық жобалардан болашақта күтілетін пайда нормасын алуға сенімді болса, онда олардың оптимистік мінез-құлқы орын алып инвестициялық сұраныс қисығы оңға жылжиды жəне керісінше, белгілі бір себептерге байланысты инвесторлардың пессимистік жағдайлары орын алғанда инвестициялық салымдар қысқарып, инвестициялық сұраныс қисығы солға жылжиды (4.4-сурет).
6. Жиынтық табыстың қарқыны.
Экономикалық белсенділікті көтеру мақсатында жиынтық сұранысты ынталандыру үшін жүзеге асырылатын нақты (іс жүзіндегі) инвестициялар жоспарланған жəне жоспарланбаған инвестициялар болып бөлінеді. Жоспарланбаған инвестициялар тауарлық-материалдық қорларға (ТМҚ) салынатын инвестициялардың алдын ала қарастырылмаған өзгерістерін əрда йым туындатып отырады. Мұндай инвестициялар экономикаға жинақтар мен инвестициялардың нақты шамаларын тепе-теңдік қалпына келтіріп отыру үшін жəне макроэкономикалық тепетеңдікті қалыптастыру үшін қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |