Бауыржан Момышұлы



бет1/5
Дата27.12.2016
өлшемі264,67 Kb.
#5907
  1   2   3   4   5
Бауыржан Момышұлы (1910-1982) — Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик.

Батыс майданындағы 16 армияның 316 (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-гвардиялық) Қызылту атқыштар дивизиясы 1073 атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19 Гвардия полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 27 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколам тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады [1].

Ұшқан ұя


Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында туған.

Имаш бабасы 1911 жылы 92 жасында дүниеден өткен. Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан, кирил алфавитімен оқуды меңгерген сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Имаш атасы қартайған кезінде барлық шаруашылықты Момыш ұлына табыстаған. Әжесінің есімі - Қызтумас, қартайған шағында ағайын-туыс "сары кемпір" деп атаған. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі.



1921 жылы бастауыш мектепті Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Институт директоры Тоқтыбаев деген кісі болатын. Жас баланың қатты суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, өзінің кабинетіне шақыртып алады. Баланың қолына бухгалтерияға қағаз жазып беріп, осы қағаз бойынша ақша алатындығын және сол ақшаға ауылға қайтатындығын айтады. Осылай тұрмыс жағдайына байланысты оқудан кетеді.

Соғыс алдында


1928-1930 жылдары бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы ретінде қызмет атқарады. Аудандық милицияда 6 айдай жұмыс істейді.

1932 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады.

Атқару комитетіндегі қызметімен көзге түскен Бауыржан Тимофей Дубовиктің қолдауымен Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болады. Осы қызметте жүрген уақытта 1936 жылы Республикалық банктің меңгерушісі Б.М.Барханның жолдамасымен Ленинградтағы Финанс академиясының жанындағы бір жылдық курсты бітіреді. Біліктілігін бағалаған басшылық оны КСРО өнеркәсіп банкінің республикалық басқармасына аға консультант ретінде тағайындайды.



1936 жылы жаңадан құрылып жатқан бөлімге взвод командирлігіне шақырылады. Бұл кезде рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі болады.

1939 жылы әкесі Момыш қайтыс болады.

Екінші дүниежүзілік соғыс


1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы қызметін атқарады.

1941 жылы соғыс басталғанда 316 атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады.

1941 жылдың 26 қарашасында маршал Рокоссовский полк командирі етіп тағайындайды.

1941-1945 жылдары Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі, соғыстың соңғы жылдары аталған дивизияның командирі болады.

1942 жылдың 6 маусымында "Қызыл Жұлдыз" орденімен марапатталады.

1944 жылы денсаулығына байланысты Алматы госпиталіне жіберіледі.

1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады.

Соғыс кезінде жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Осының негізінде орыстың белгілі жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.


Москва үшін шайқас


Жас сардар Бауыржан Момышұлы әскер тобымен қақаған қыста Мәскеу түбінің омбы қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды жарып шығып, жалпы саны 207 рет қол бастап ұрысқа кіріп, әскери ғалымдардың айтуынша, 27 рет соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик болумен қоса, сұңғыла психолог та еді.

Момышұлы өмірбаянында осы Мәскеу түбіндегі шайқас ерекше орын алады.

1941 жылдың 15 қазаны күні таң атар-атпастан фашистер панфиловшылардың И.В. Капров басқарған 1073-полктің қорғаныс шебіне дүркін-дүркін шабуыл ұйымдастырады. Алған жолынан, айтқан сөзінен қайтпайтын қайсар командир Бауыржан роталардың соғыс қимылын жаңа тактикаға жанастыра отырып, операцияны орынды басқара білді. Осы күндердегі арпалыс кезеңдерде жауға қайсарлықпен қарсы тұрып, майдан даласында ерлік көрсеткендердің ішінде Қ.Шәріпов, Р.Жанғозин, Б.Жетпісбаев, М.Әлімжанов, Д.Снегин, Е.Таймасов, Т.Ахтановтардың ерлігі бір төбе.

Алайда аласапыран шақта қысылтаяң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соғады. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасайды. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарады. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарады. Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырады. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырған жауынгерлер табандылық пен төзімділік көрсетіп, қалың қарағайлы тоғай ішінің қалың қарын омбылай жүре отырып, екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шығады. Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспағандықтан тың тұрады. Әдісқой, тәжірибелі комдив И.В.Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. «Б.Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып, жойылып кетті» деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды. Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргенде И.В.Панфилов қуанғаннан көзіне жас алады. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып, бетінен сүйіп: «Жарайсың, сұңқарым!» деп арқасынан қағады.

Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерлерін саптан шығарады, жаудың көптеген техникасын жойып жіберді.

Бауыржан Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан нақылға бергісіз сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған.

Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.

Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалды.




















Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет