Жануарлар дүниесі.
Маңғыстау өңірінің миллиондаған жылдармен өлшенетін тарихы, соған сәйкес, сан алуан табиғат жаратылыстары мен жануарлар дүниесінің болғаны белгілі. Қазіргі кезеңде Маңғыстаудың қай түпкірінен болса да тіршіліктің маусымдық ерекшеліктеріне байланысты:хайуанаттардың, бауырымен жорғалаушылардың, сүтқоректілердің, кемірушілердің, жыртқыш аңдар мен құстардың шөл далаға тән өкілдерін кездестіруге болады. Олардың ішінде: кірпі, дала тасбақалары, кесірткелер, жыланбас пен улы қарашұбар жылан, оқ жылан, су жылан, құм жылан, сарыүйек, ешкіемерден бастап, дала тышқандары: қосаяқ, сарышұнақ, күзен, қарсақ, түлкі, қасқыр т.б. жиі кездеседі. Ал, мәлін, борсық, қарақұлақ өте сирек, оларды шалғайдағы қалыңдықтар мен мемлекеттік корықтардан ғана кездестіруге болады. Сондай-ақ, көктем шыға келетін кішкентай көк және сары шымшықтар мен күзгі салқындықтың хабаршысы суықторғайдан бастап, дала құстарының үйреншікті түрлері: қарға, бозторғай, қараторғай, қарабауыр, шыл, жек, қарлығаш, көкек пен кептер, жыртқыш құстар: қаршыға мен әр түрлі қарақұстар, дала бүркіттері кездессе, теңіз жағалауы мен аралдарда: қасқалдақ, шағала, үйрек, торалақаз, қоқиқаз, аққу сияқты су құстары мекен етеді. Ақтау қаласы маңындағы Қаракөл заказнигінде жоғарыда аталған су құстарынынң бірсыпырасын кездестіруге болады. Сонымен қатар, Бозашы, Ембі заказнигі мен Үстірт-Қарамая, Кендірлі қорығының таулы, шыңды жерлерінде – арқар; Жазық, Жайылма коңырлықтарында қарақұйрықтар мекен етеді. Бозашы түбегінің терістігі мен терістік шығысы, қарағайлы Кент, Тасорпа бетінде, Үстірт жонындағы үлейлерде, Сам, Матай құмы төңірегінде киіктер жиі ұшырасады. Үй жануарларынан жергілікті халықтың өсіретін малдары: кәдімгі қазақтың түсайыр түйесі, Адай тұқымды жылқы, қаракөл қойы, жеке қожалықтарда сиыр, ешкі түліктері. Бұлардың ішінде Адай жылқысы мен қазақтың түсайыр түйесі – ғасырлар бойы түбектің табиғи ерекшелігіне сай қалыптасқан, өміршеңдігі мен экономикалық тиімділігі жоғары тұқымдық қор болып есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |