Ғалымдардың айтуы бойынша жалпы жазудың пайда болғанына 3000-4000 жыл болған. Шындығында жазу онан да ерте шыққан сияқты. Өйткені адам баласына өмір сүру ережелері Адам ата мен – Хауа Аналардан бастап берілген. Исламдық сенім бойынша білім (жазу, сызу) Адам пайғамбарға (ғ.с.) берілген. Бұл туралы Құранда былай дейді: «Оқы! Раббың аса ардақты.Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмегенін үйреткен.» (96-с.3-5 аяттар). «Аса қамқор Алла (1) Құранды үйретті. (2)Адамзатты жаратты.(3)Оған сөйлеуді үйретті (4)…(55-С.1-3 Аяттар)
Қалай болғанда да жетілдірілген жазу үлгісінің, әріптер құрылымының аспани табиғаты бар, әлемдік жүйемен байланысты екендігі ақиқат. Яғни жазу белгілі бір заңдылықтар бойынша жасалды, сонымен қоса ол табиғи құрылыстарға негізделеді.
Араб әріптерінің шығуын аспан әлемімен байланысты деп қарастыратын пайымдаулар негізсіз болмау керек. Араб әріптерінің алфавиттегі саны 28. Бұл сан айдың көріну мерзіміне сәйкес. Яғни ай қияқтанып туғаннан дөңгеленіп толғанға дейін 14 күн, одан біртіндеп кішірейіп соңғы таусыншақ ай қияғының таңға жақын көрінуі тағы 14 күн. Араб жазуын, оның ішінде Құран жазуын оқу — өзіндік ережесі (тәжуид) бар зор ғылым. Себебі жазылғанмен оқылмай қалатын, қосылып оқылатын, өзгеріп оқылатын әріптер болады. Әріптердің бір-біріне ықпалы бар. Дыбысталуына тигізетін әсері, оның қандай белгіде болуына байланысты. Әріптердің алфавиттік реті екі түрлі болады. Тілдік әліпби кәдімгі әліппе ретінде, ал есептік әліпби хисабтық мақсатта қолданылады. Хисабтық әліпби сегіз сөзге топтастырылған.