Интегративтік принципінің мәні бейіндік сынып оқушыларының бағдарлы пән мен қолданбалы курс бойынша дайындықты өзара байланыста алу болып табылады.
Сабақтастық принципі бейіндік сынып оқушыларының оқуларын арнайы орта немесе жоғары оқу орнында оқуын жалғастыруы үшін оларға қажет базаны тудыруға ұмтылуымен сипатталады. Осылай, оқушылардың таңдаған оқу орнында бағдарлы пәндерді оқуын жалғастырып қана қоймай, кәсіби бағытталған дайындығы да жүзеге асады.
Кешенділік принципі таңдап алынған вариативті оқу курсының мазмұнына сәйкес пән бойынша білім мен біліктіліктердің негізгі кешенін бөліп алуды ескереді.
Келісімділік принципі қолданбалы курс пен пән бойынша сабақтардың мазмұны бойынша да, зерделеу уақыты бойынша да нақты сәйкес келу қажеттігін білдіреді. Бұл оқушының қолданбалы курсты зерделеу барысында игерген білімі мен біліктілігін жақын аралықта пән бойынша сабақтарда пайдалана алуы үшін қажет.
Түсініктілік принципі оқушылардың вариативті компонент мазмұнын қабылдауға дайындығын анықтайды. Мұнда оқущылардың берілген мазмұнның оқушылардың пән бойынша игерген білімдері мен біліктіліктерімен байланысы ескеріледі.
Бағдарлы бағытталғандық принцип жүйе құраушы болып табылады. Ол басқа принциптермен байланысқан және оларды үйлестіруші болып табылады. Дәл осы принцип берілген бейіндік қолданбалы курс мазмұнының ерекшелігін анықтайды.
Қолданбалы курстың мазмұнын таңдап алуда Ю.К. Бабанский тұжырымдаған жалпыдидактикалық критерийлердің мәнділігін бағалай отырып, бейіндік оқытудың ерекшелігі тұрғысынан оларды жеткіліксіз деп есептейміз, сондықтан оларды бейіндік саралаудың мәнділігін айқындайтын төмендегідей критерийлермен толықтыру қажет:
Оқушылардың зерделенетін материалға қызығушылық таныту критерийі. Сондықтан оқушылардың таңдап алған бағдарға оқушылардың ынталануын қолдап отыру қажет.
Білім мазмұнының әлеуметтік мәнділік критерийі. Қолданбалы курс оқушылардың проблемаларды шеше алу және ақпараттық сияқты құзыреттіліктерді қалыптастыру мақсатын көздейді.
Білім мазмұнының қолданбалы бағытталғандық критерийі. Бұл критерий сабақтарда оқушылардың өзіндік, практикалық жұмысына арналған мазмұн ауқымын арттыруды негіздейді. Оқу материалы әр түрлі аспектілердегі оқушылардың құзыреттіліктерін қалыптастыратын біліктіліктер мен дағдыларды практикалық тұрғыдан шыңдауды ұйымдастырады, сондықтан оқу материалының іс-әрекеттік сипаты болуы тиіс.
Мамандыққа бағдарлану критерийі. Бұл критерий болашақ кәсіби қызмет туралы элементар түсінікті қалыптастыру үшін негіз болып табылатын мазмұнды таңдап алуды талап етеді.
Таңдап алған пән бойынша мемлекеттік стандарт мазмұнына сәйкес келу критерийі. Қолданбалы курс мазмұны таңдап алған оқыту бейініне сәйкес келуі тиіс. Осыған байланысты мазмұнды таңдап алу бейіндік пәнді тереңдету немесе кеңейту тұрғысынан жүзеге асырылады, ал бұл өз кезегінде бағдар
құрылымындағы вариативті компонент оқу курсының орнын анықтауды талап етеді.
Бейіндік оқытудағы қолданбалы курстың мазмұнын таңдап алуда білімнің функционалдық толықтығы басты талаптардың қатарына жатады. Бұл талапқа сәйкес келу білім мазмұнын кеңейту немесе тереңдету арқылы курсты мамандық дүниесіне бағыттау ретінде түрлендіруге мүмкіндік береді. Педагог- практиктердің білім мазмұнын таңдап алудың жоғарыда аталған критерийлерін білу оларға ең маңыздыны, бастыны ой елегінен өткізе отырып, оқушыларға көрсете алады.
Бұл көрсетілген критерийлер оқу курсының мазмұнын таңдап алудың принциптері сияқты бір-бірімен байланысқан; бірқатар жағдайларда бір ғана критерийдің өзі әр түрлі принциптердің жүзеге асуында қолданылады. Қарастырылған критерийлер бірін-бірі толықтыратынын және курс мазмұнын таңдап алу кезінде олардың барлығын ескеру қажеттігін атап өтеміз. Қарастырылып отырған проблема ауқымында қолданбалы курс мазмұнын анықтауда қолданбалы бағытталғандық және білім беру стандартына сәйкес келу критерийлері жетекші болып табылады.
Оқушылардың қабілеттілігін, мүдделерін және кәсіби ниеттерін ескеру арқылы бұл критерийлердің жүзеге асуы вариативті компоненттің оқу курсының мазмұнын түзуге мүмкіндік береді.
Қолданбалы курстың жетекші құраушысы оқушылардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі болуы тиіс, өйткені жеке тұлғаның тәжірибемен қарулануы арқылы дүние объектілеріне, оның ішінде мамандықтар дүниесіне деген құндылық қатынастары дамиды.
Эмоционалды-құндылық қатынас оқушылардың қандай да бір проблемалар мен міндеттерді шешуге қатынасын анықтайды. Сондықтан вариативті компонент оқу курстарын танымдық іс-әрекеттегі келесі біліктерді бөлу негізінде құру керек:
оқу пәні бойынша білімдерін ескере отырып, стандарт емес есептерді шығара алу білігі (шығармашылық біліктер);
оқу жұмысының жалпы тәсілдерін жүзеге асыра алу білігі (жалпы біліктер).
Қолданбалы курстар танымдық және практикалық іс-әрекеттің жаңа түрлерін қалыптастыруға бағытталғандығын ескере отырып, қолданбалы курстарды құру кезінде негізге келесі тәсілдер негізге алынуы мүмкін:
жүйелілік тұрғыдан қарау оқушы тұлғасының жүйелі дамуы ретінде оқу курстарының мазмұнын ашуға мүмкіндік береді;
әдіснамалық тұрғыдан қарау ерекшелігі тарихи-ғылыми материалда көрініс табатын танымның ғылыми әдісіне негізделеді. Бұл тұрғыдан құрылған курсты зерделеудің басты мақсаты – ғылыми таным әдістерімен таныстыру, қайсыбір зерттеушілік біліктіліктермен қарулану;
іс-әрекеттік тұрғыдан қарау қандай да бір бағдарды табысты игеруге үшін қажет іс-әрекет тәсілдерімен таныстыруды көздейді;
құзырлылық тұрғыдан қарау тәжірибеде өмірлік маңызды мәселелерді шешуге оқушыларды бағыттауды ескереді.
Бейіндік оқытуда қолданбалы курстарды оқытуды енгізу әрбір мұғалімнің оқыту әдістеріне өзгерістер енгізілуін ескереді. Жоғары сыныптардағы қолданбалы курстарды жобалау мұғалімнен білім берудің келесі деңгейлерінде оқушылардың болашақ кәсіптерін анықтауларына көмек беру мақсатымен кешенді түрде қарастыруды талап етеді.
Жалпы орта бiлiм берудiң мазмұны теориясында «бiлiм мазмұнын таңдап алу көздері» ұғымы қарастырылады. Осы негізде біз вариативті компоненттің білім мазмұнын қалыптастырудың көздері ретінде мазмұны қандай да бір аспектіде білім мазмұны болып табылатын объектілер мен жағдаяттарды айтатын боламыз.Оған бейіндік оқытудың мәнін анықтайтын білім мазмұнын таңдап алу көздері:
ғылымның пәндік саласының проблемалары;
таңдап алған бағдардың ерекшелігін анықтайтын мәтіндер;
таңдап алған бағдарға сәйкес келетін кәсіби іс-әрекеттің түрлері;
бағдарға сәйкес келетін бейне, аудио материалдар жатады.
Сонымен, курс мазмұны белгілі бір факторларды және оқу материалын таңдап алудың сәйкес принциптері мен критерийлерін ескере отырып, ақпарат көздерінен таңдап алынады. Тек сондай жағдайда ғана оқыту мақсаттарына, оқушылардың танымдық мүмкіндіктеріне, олардың қабілеттіліктері мен мүдделеріне сәйкес келетін мазмұнды таңдап алуға болады.
Оқушылардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесін қалыптастыру мүмкіндігі әрбір оқу пәнінде қарастырылады. Сондықтан қай білім саласы болса да кез келген қолданбалы курстың мазмұны арқылы оқушылардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесін дамыту мүмкін деген қорытындыға келуге болады. Шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі келесі іс-әрекеттерді қамтиды: алдыңғы игерілген білім мен біліктіліктерді өз бетінше қолдана алу, дәстүрлі жағдаяттардағы проблеманы, нысандардың жаңа функциясын, зерделенетін нысанның құрылымын, жаңа қызметін, проблеманы шешу жолдарын байқай алу және т.б.
Демек, оқушылардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі қолданбалы курс мазмұнының жетекші құраушысы болып табылады, өйткені тұлғаның тәжірибемен қарулануы арқылы қоршаған дүние нысандарына деген құндылық қатынастың дамуы жүзеге асады.
11-12-сыныптарда бейіндік оқытудың мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру үшін мектептің жоғарғы сатысында оқыту мазмұнын таңдауға 10-сынып оқушыларын даярлау мақсатында педагогикалық-психологиялық жұмысты ұйымдастыру қарастырылады. Жалпы орта білім беретін мектептер базасындағы бейіналды дайындық төмендегідей шараларды қамтиды:
мамандық таңдауда оқушыларға кеңес беру;
жергілікті жердегі мамандықтар туралы ақпарат беру (кәсіптік мектеп, колледж, ЖОО), яғни дайындық жүріп жатқан мамандықтар бойынша;
оқушылардың алғашқы қалаған мамандықтары мен қызығушылықтары бойынша психологиялық диагностика, сонымен қатар тұлға типіне де диагностика;
«Мамандықтар әлемінде» атты іскерлік ойын ұйымдастыру;
әртүрлі оқу пәндерін оқып үйренудегі оқушы үлгерімінің мониторингі;
оқушылардың қалауы бойынша жеке кеңестер беру.
10-сынып оқушыларының 11-сыныпта бағдарлы оқуды саналы түрде таңдауы үшін 10-сынып оқушыларының «үйренгім келеді», «қолымнан келеді»,
«қажет» деген сұрақтарға жауап алу мақсатында педагогикалық ұжым тарапынан ауқымды жұмыс жүргізілуі қажет. Осыған байланысты оқу бағдарын таңдауды анықтау үшін 9-10-сыныптар оқушыларына сауалнама жүргізілуі қажет. Аталған жұмыс жоғары сыныпта білім алушылардың бейіндік оқуын ұйымдастыру үшін қажет. Сауалнаманың қорытындысы нәтижесінде білім алушылардың қызығушылығы мен қабілеттеріне сәйкес келетін білім сұранысы қалыптасады.
Сауалнама алудың мақсаты – 9-10-сыныптар оқушыларының кәсіби қызығушылықтары мен қарым-қабілеттерін меңгеру және бейіндік оқытуды таңдауға дайындығын анықтау. Міндеттері:
белгілі бір бағдарлы оқытуға бейімін анықтау;
болашақ мамандығын таңдауға әсер ететін мотивтер мен факторларды айқындау;
оқушының бейінді оқытуды таңдау процесіне ата-аналарды тарту;
алынған нәтижелер негізінде ұсыныстар әзірлеу.
Бейіналды даярлық жүйесі 9-10 сынып оқушыларының орта білім деңгейінде білім алу жолын өздері таңдауды: не жалпы білім беретін оқу орнының 11-12 сыныптарында, немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қарастырылады.
Бейіналды даярлықта білім беру жетістіктерінің жиынтығын көрсететін негізгі құжат портфолио болып табылады. Онда оқушылардың атқарған жұмыстарының сапасын, бейіндік оқуға бағыттығын, оқу және шығармашылық әрі қызығушылық белсенділігінің қарқыны жөнінде мәліметтер беріледі.
Бейіналды даярлық педагогикалық ұжымның психологиялық- педагогикалық, ақпараттық және ұйымдастырушылық қызметінің жүйесі ретінде ұсынылады. Онда оқушының болашақ кәсіптік қызметін жетістікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, танымдық және кәсіптік қызығушылығын дамыту, өмірлік, әлеуметтік құндылықтар туралы ұғымдарды меңгеру – бейіналды даярлықтың міндеттері болып табылады. Бейіналды даярлықтың құрылымы педагогикалық-психологиялық қызметтің бірқатар бағыттарын (насихаттау, диагностика, кеңес беру, т.б.) қамтиды. 9-10-сыныптарда осындай жұмыстар арқылы оқушылардың қарым-қабілеті, икемділігі, т.б. қасиеттері айқындалып, 11-сыныпқа келгенде оқушылар қалыптасқан стереотиптерге қарамастан (ата-ана, таныстарының ықпалы сияқты), қазіргі заман талаптарына сай (радиотехника, дизайн, стандарттау, т.б.) мамандықтар таңдай бастайды.
Достарыңызбен бөлісу: |