20-тарау. Жоғарғы сыныптарда информатиканың таңдау курстары 20.1 «Компьютерлік графика» курсы................
20.2 «Мектеп сайтын құрамыз» курсы................
20.3 «Программалау» курсы................
20.4 «Веб-дизайн» курсы................
20.5 «Мәліметтер қорын басқару жүйесі» курсы................
20.4 Практикалық тапсырмалар................
Әдебиеттер...............
АЛҒЫСӨЗ «Информатиканы оқыту әдістемесі» курсы болашақ информатика мұғалімдерін кәсіби дайындаудың 5В011100-Иинформатика мамандығы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартының жоғары кәсіби білім беру пәндерінің негізгілерінің бірі болып табылады. Бұл курстың аты (бұрынғы ЖАК бойынша) ғылыми мамандық атымен түгелге дерлік сәйкес, тек қана, айырмашылығы «оқыту»-дан кейін «және тәрбиелеу» деген сөзден тұрады. Жалпы, айта кетерлік нәрсе, қандай да бір оқу пәнін оқытудың әдістемесі курсын (ғылыми мамандығын қоса), ғылыми дәйектілік тұрғысынан қарағанда, «(пән) дидактикасы» немесе, тіпті, «(пән) педагогикасы» (батыс елдерінде солай аталады да) деп те атау дұрыс болар ма еді, бірақ, дәстүрдің аты дәстүр, аталмыш курсты, оның ресми атына тәуелсіз, оқытушылар да, студенттер де күнделікті өмірде «Информатика әдістемесі», ары барса, «Информатиканы оқыту әдістемесі» деп қысқаша атайды. Сондықтан да, біз оқу құралы мазмұнын баяндауда осы ескі дәстүрге сай аттарды «сескенбей» пайдаланатынымызды атап өткен абзал. Оның үстіне, ұсынылып отырған оқу құрал мазмұнында жоғарыда келтірілген құраушылардың: теорияның да, әдістеменің де, тіпті, тәрбиелеудің де өз орнын тапқанына үміт артамыз.
Осы уақытқа дейін баспадан шыққан оқулықтар мен оқу құралдар санаулы ғана. Алдымен, орыс тілінде Ресейде шыққан М.П.Лапчик пен А.И.Бочкиннің [8, 51], М.П.Лапчикпен бірлескен авторлар ұжымының оқу құралдарын [40-48 ] атап өтуге болады. Ал, қазақ тілінде М.П.Лапчиктің ең алғаш, информатиканы мектепке енгізіп, оқушылар үшін алғашқы оқу кітаптары мен мұғалімдер үшін әдістемелік жетекшілер бойынша жұмыстар, іс жүзінде, біте салысымен шыққан оқу құралының (М.П. Лапчик Методика преподавания информатики: Допущено М-ством просвещения СССР в качестве учеб. пособия для пед.ин-тов., 1987) аудармасын (аударған Қ.С.Әбдиев, редакциялаған Е.Ы. Бидайбеков) айтуға болады. Онымен қоса, жоғарыда көрсетілген М.П.Лапчик пен А.И.Бочкиннің оқу құралдарының төңірегінде құрастыра жазылып шыққан және М.П.Лапчикпен бірлескен авторлар ұжымы оқу құралдары негізінде жеделдете жазылған тираждары көп емес оқу құралдарының, кемшіліктеріне қарамастан, біздің еліміз көлемінде алатын өз орны бар.
Осы уақытқа дейін информатиканы оқыту әдістемесі курсы бойынша мемлекеттік тілде жүйелі оқу құралын жасау қолға алынған емес. Оның түрлі себептері бар. Оның бірі – мектеп оқу жоспарындағы информатика курсының орны және соған сәйкес оның мақсаттары мен мазмұны төңірегіндегі бітпестей сенімсіздік жағдай. Бұл жағдай жалпы білім беретін орта мектеп стандарты 2002 жылдан кейін ресми түрде қайта қарастырылмауынан (2013 жылы қайта толықтырылып бекітілуінен), 12 жылдық мектеп стандарты, бірнеше рет жасауға ұмтылыс болғанымен, қолға алынбауынан, сонымен қатар, білімді ақпараттандыру, оның ішінде, электрондық оқыту мәселелері ойдағыдай көтеріліп, іске асырылуы аясында информатиканы оқыту мәселелері көлеңкеде қалып қойғандай әсер қалдыратындығынан туындаған болуы да мүмкін. Бұл оқу құралы мектепте информатика пәні бар деп қана емес, информатика пәні болды деген және білімді ақпараттандыру жағдайында да информатика пәнінің орны мен мәні бұрынғыдан да артар деген үміт-сеніммен жазылып, ұсынылып отыр. Осы ретте келешекте 12 жылдық мектептің базистік оқу жоспарының ендірілуіне көп үміт артуға болады. Оқулық мазмұнына, осы орайда, авторлардың өз зерттеулері бойынша жазылған «12 жылдық мектеп оқу жоспарындағы информатиканы оқыту құрылымы жайында» атты параграфтың енуі бекер емес.
Әлбетте, тағы бір басқа (өзара байланысты) себеп – педагогика ғылымының жаңа бағыты информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесінің теориялық негізін ұғынып қалыптастырудағы әлі де болса алынбаған қиындықтардың барлығында. Әрине, уақыт бекер өтіп жатқан жоқ, қазіргі жағдайда, аз дегеннің өзінде, жаңа әдістемелік ғылымның теориясы мен практикасы өз қалыптасуының бастапқы кезеңінен өтті деуге болады. Сондықтан бәрін жүйелеп толық қамтыдық деуден аулақпыз, не дегенмен бұл кітаптың дүниеге келуі жаңа педагогикалық ғылым – информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесінің теориялық негізінің де, мазмұндық-әдістемелік толықтырылуы бойынша да дамуына ықпалы болатындығына үміттене қараймыз.
Оқулықтың бірінші бөлімі жалпы білім беретін орта мектепте информатиканы оқыту әдістемесінің жалпы мәселелері (информатиканы оқыту әдістемесінің пәні, орта мектепте информатика курсын енгізу тарихы, оқыту мақсаттары мен міндеттері, мазмұнын таңдап алу принциптері, мектепте информатиканы оқытуды ұйымдастыру және әр түрлі білім беру деңгейлерінде информатиканы оқыту мәселелері және т.б.) қарастырылған информатиканы оқытудың жалпы әдістемесінің тараулары бойынша негізгі мағлұматтардан тұратын он тараудан тұрады. Әрбір тарауда семинар сабақтарын жүргізуге нұсқаулар мен кең көлемде библиография берілген.
Оқулықтың екінші бөлімінде информатиканың негізгі мазмұндық желілерін оқытудың нақты әдістемелері қарастырылған, сонымен қатар жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы жоғары сыныптарда информатиканы оқыту мәселелері мен жоғарғы сыныптарда информатиканың таңдау курстарының мазмұндары берілген он тараудан тұрады. Әрбір тараудан кейін студенттерге арналып зертханалық практикумдардың тапсырмалары берілген.
Қосымшада информатиканың мазмұндық желілерін оқытудың білім жүйесі граф түрінде келтірілген, информатиканы оқыту әдістемесі курсы бойынша тест тапсырмаларының үлгілері келтірілген.
Оқулық педагогикалық жоғарғы оқу орындарының 5В011100-Информатика мамандығында оқитын студенттерге, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен арнайы орта оқу орындары, колледж оқытушыларына информатика бойынша сабақтарды жоспарлап жүргізуге жетекші құрал ретінде, сонымен қатар, магистранттар мен докторанттарға арналған.