Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012



бет10/12
Дата15.12.2016
өлшемі2,48 Mb.
#3963
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

Адал емес ниетті сауда – бұл бағалы қағаздар нарығында бәсекелестік заңнамасындағы қағидаттарға қайшы, заңсыз, зардап тудыруы мүмкін операциялар.

Адал емес ниетті сауда, индерсайдерлік саудада (индерсайдерлік мәліметті теріс пайдалану) бағаларды манипуляциялау, сонымен бірге брокерлердің (дилерлердің) өз клиенттерінің мүдделеріне нұқсан келтіру арқылы жүзеге асырылатын заңбұзушылықтарға тоқталып өтейік.

а) Бағалы қағаздармен жасалатын операция тәуекелін клиентке аудару. Адал емес ниетті брокер бағалы қағаздарды сатып алу кезіндегі сәтсіз мәміле жағдайында, клиенттің өз қаражаттарымен жасалынатын нақты операциялардың сипаты жөнінде хабарсыздығын пайдаланып, бағалы қағаздарды сатып алу жөніндегі мәміленің тиімсіз екендігін сезе тұра, оны қауіпті мәміле жасауға «сендіртеді». Нәтижесінде клиент тиімсіз және қымбат бағалы қағаздарды иеленуі мүмкін.

Жекеленген жағдайда тиімсіз ірі акция пакеттерін қалыптастыруға байланысты операциялар жасау кезінде инвесторларды шатастырады. Бұл кәсіпорынды басқаруды өз қолына жұмылдырмақ болған стратегиялық инвесторларға болашақта жоғары бағамен қайта сату мақсатында инвестицилық институттардан сатып алу үшін ұйымдастырылады. Операция табысқа жеткен жағдайда, кәсіпорын кірістің үлкен бөлігін өзіне қалдыра отырып, инвесторларға кіші бөлігін береді (4-5есе кіші). Сатып алушы болмаған жағдайда шығындар клиенттердің инвестициялық портфельдерінің есебінен өтеледі. Сауда тиімді болса, табыстың басты бөлігін инвестициялық компания өзі иеленеді.

Әдетте, мұндай заң бұзушылықтарды жасауға бағалы қағаздар нарығының дилерлері болып табылатын коммерциялық банк қызметкерлері бейім келеді. Нарықта қауіп пен айналым жоғарғы болған сайын жағдай өзгермелі және операциялар бойынша бөлінетін кіріс те жоғары болады. Мұндай жағдайда нарықтағы ойында дилер табысы төмен және сәтсіз мәмілелерді банктің есебінен жүргізе отырып, өз қаражаттарын айналысқа сала алады, сонымен бірге сәтті мәмілелерді өз қаражаттарынан жасалынған етіп рәсімдейді. Бұл жағдайда өз қызметкерлерінің дилинг қызметін бақылау өте қиын. Олар кәсіби мамандар арасында жоғары сенім мен жарияланбайтын құпияларға қол жеткізетін, ерекше уәкілеттілікке ие жазылмаған заңдардағы өзгеше бір каста болып қалмақ.

б) Клиенттің бағалы қағаздарымен жасалған операцияларының жарты табысын иелену. Дилердің мұндай іс-әрекетінің себебі мардымсыз соманы сеніп басқару тапсырылған инвесторлармен әрі қарай жұмыс жүргізу ниеті жоқ немесе болашақта клиенттен түсім болмайтын жағдайда операциялардан түсетін кірісті азайтады және клиентке қосымша кірістерін бермейді.

Адал емес ниетті дилерлер клиенттің қаражаттарын сеніп орналастыру жөніндегі келісім-шартта клиенттің қаражаттарын қаржы нарығының басқа секторларында қолдануы мүмкіндігін көрсете алады. Қаражаттарды осылай орналастыру банк-дилер резервтеуден құтылудың бір жолы, деп түсіндіріледі. Егер дилер операция нәтижесінде клиенттің қаражатымен ең аз мөлшердегі кіріске қол жеткізсе, онда клиенттік облигацияларын легалды табу мүмкіндігі туады және төлеу мерзіміне дейін клиенттің қаражаттарын өз мүддесіне заңды түрде «айналдыра» алады.

Клиенттің сеніп орналастыру негізінде берілген қаражаттардан түскен табыстар тиісті мөлшерге жеткенде банк-дилерлер өз клиент-инвесторының қаражаттарын барлық уақытта кредиттік нарықта «айналдыру» тиімді болады:

Біріншіден, дилерге бұл түскен табыстан салық алынады, ал пайдалы жағы сол, бұл қаражаттарды қаржы нарығының осы секторына орналастырудан түсетін кірістің мөлшері әлдеқайда жоғары болады.

Екіншіден, бұл жағдайда банк-дилер өзінің клиентімен тапқан табысын бөлмейді.

Клиентке келісімде көрсетілген табыстан бөлек қосымша кіріс төлеуден жалтарудың басқа жолы, ол торг басталғанға дейін өзіне немесе басқа дилерге клиенттің шотында Депо бар облигацияны сату жөнінде операция жасайды. Дилер бұл келісімнің нәтижесінде онда көрсетілген клиентпен бөлінетін барлық табысты толық иемденеді.



в) Адал емес ниеттегі инвестициялық компанияның пайдасыз мәміледен бас тартуы. Бұны келесі мысалдан көрейік. Клиент акция курсының жоғарылауына орай, телефон арқылы олардың белгілі бір пакетін алуға тапсырыс береді. Инвестициялық компания мәмілені кешірек жасайды және табыс берген акциялардың курстық бағасы жоғарлаған жағдайда келісім-шарттың жазбаша түзілмегенін пайдаланып, мәміледен бас тартады.

г) бағалы қағаздарды ұстаушы банктердің сатылатын бағалы қағаздарды өздерінің пайдаларына қолдануы. Мысалы, банк басшылары уақытша қаржы жағдайының наршарлағанын сылтау етіп бағалы қағаз иелеріне ескертпей пакетті өзі басқарады.

д) брокерлік қызметті пайдаланып бағалы қағаздарды иемдену. Мысалы, алаяқтар брокерлердің атынан корпоративтік бағалы қағаздар пактісін сатқан. Онан түскен кірістерді жалған фирмалардың шоттарына аударып, иеленіп отырады.

Е) Оффшорлы кестесінің көмегімен бағалы қағаздармен жұмыста клиенттердің қаражаттарына қиянат жасау. Клиенттің оффшорлы қаражаттары оффшорлы компания арқылы инвестициялық компаниялардың есебіне түседі, ал бұл бақыланбайтын қаражаттарды еркін жұмсауға мүмкіндіктер туады. Инвестициялық компаниялармен депозитарлық және брокерлік шарттар жасалынады. Депозитарлық шарттарда клиенттің атына акцияларды тіркеу міндетті болмайды. Брокерлік шарттарға сәйкес, акциялармен жасалынатын операцияларға арналған клиенттердің қаражаттары сол компанияның есептерінде сақталынады.

Сонымен, клиенттердің қаражаттары компанияның қаражаттарынан заң жүзінде бөлек емес, ал клиенттердің портфельдері формальды түрде бар болып есептелінеді. Депозиорлық және брокерлік шарттардың көмегімен инвестициялық компания өз қаражатын клиент қаражатынан бөлмей, клиент қаражаттарымен қауіпті мәмілелер жасап, келген зардапты клиентке итереді, ал пайдасын кепілсіз өздері иемденеді.

Қаржы нарығындағы институттармен қарым-қатынастардың күрделенуі нәтижесінде клиенттер өз қаржы ресурстарын қадағалау мүмкіндігінен айырылады. Бағалы қағаздар нарығындағы алып-сатарлық (саудагерлік) – бағалы қағаздар курстарының арасындағы айырмашылық есебінен пайда түсіру мақсатындағы жасалынатын сауда. Тез арада жасалынатын биржалық саудадағы алып-сатарлық фьючерлік контрактідегі курстардың айырмашылығына негізделеді.

Бағалы қағаздар нарығындағы алып-сатарлық қызмет тәуекелді қабылдағысы келмейтін қатысушылардың қолынан (хеджерлер), оны қабылдауға ұмтылатын қатысушыларға (алып-сатарлар) аударудан тұратын позитивті қызмет болып табылады. Сонымен бірге алып-сатарлар аз мерзімде қаржылық құралдарын сатып алу және сатуға байланысты мәмілелерді жасауға жағдай жасай отырып, нарыққа өтімділік сынды маңызды сапа береді. Мұнымен қоса, хеджерлер үшін бағаның тұрақсыздану қаупін төмендетуге мүмкіндік тудыра отырып, алып-сатарлардың қызметі қоғамдық жағымсыз сипат алады. Ол қаржылық құралдарының құнына әсер етіп және мәмілелер жасағанда инсайдерлік (қызметтік) мәліметтерді заңсыз қолдану, бағаны манипуляциялау арқылы пайда табады.

Инсайдерлік ақпаратқа билік етуді және оны пайдалануды шектеу мәселесі Заңның 56-1-бабында қарастырылған. Заңға сәйкес, инсайдерлік ақпаратқа оны ашқан сәтке дейін коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат жатады. Жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттың негізінде жүргізілген эмитенттің бағалы қағаздардың құнын бағалау және (немесе) эмитенттің мүліктік жағдайын бағалау қамтылған ақпарат инсайдерлік ақпаратқа жатпайды. Инсайдерлер, сондай-ақ олардың аффилиирленген тұлғалары:

- инсайдерлік ақпаратты пайдалану арқылы өз мүдделерінде немесе үшінші тұлғалардың мүдделерінде бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға,

- Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, инсайдерлік ақпаратты немесе оған негізделген ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге немесе үшінші тұлғалар үшін қол жетерліктей жасауына;

- үшінші тұлғаларға инсайдерлік ақпаратқа негізделген бағалы қағаздармен мәмілелер жасасу туралы ұсынымдар беруге құқығы жоқ.



Бағалы қағаздармен мәмілелер жасау кезінде инсайдерлік мәліметтерді заңсыз пайдалану әртүрлі сипат алады. Олардың негізгі үлгілерінің бірі ретінде американдық финансист И.Ф.Боескидің заңбұзушылығын айтсақ болады.

Брокерлік фирманың еншілес компаниясы атынан номиналды ұстаушылардың қызметін қолдануға негізделген жұмыстардың кестесімен, бағалы қағаздар нарығының бір кәсіби қатысушысының кеңсеші, депозотория және бағалы қағаздарды сатушы сынды функцияларды қатар атқаруы бұл заңбұзушылықтарды жасауға мүмкіндік береді.



Жалған, нақты емес, толық емес мәліметтердің көмегімен бағаларды монополиялау

Адал емес ниетті жарнаманы, бағалы қағаздарды орналастыруда және айналысқа жіберуде инвесторларды шатастыратын және бағалы қағаздармен ақталмайтын мәмілелерді жасауына алып келетін жалған мәліметтерді қолдану бағалы қағаздардың курсын монополиялаудың күшті құралы болып табылады. Мұндай әдісті дамыған, сонымен бірге дамып келе жатқан нарықтарда қолданылады.



Клирингтік қызмет процесіндегі заңбұзушылықтар.

Клирингтік қызмет болып, өзара міндеттердің (жинау, салыстыру, бағалы қағаздармен жасалған мәмілелердің мәліметтерін түзету және олар бойынша бухгалтерлік құжаттарды дайындау) анықталуы бойынша және бағалы қағаздарды қамсыздандыру бойынша есептеу және олар бойынша есеп беру табылады. Фьючерлік контрактімен биржалық сауданың кейбір қатысушыларымен кепілдік салымдардың салуының пұрсатты шарттарды енгізу кезінде, нарық қатысушыларының мүдделеріне зардап келуі мүмкін. Дағдарыс жағдайлардың туындауы кезінде брокерлік конторалардың өздерінің міндеттерін орындамау қабілетсіздігі туындайды. Өйткені мұндай жағдайда, кепілдік салымдар айналысқа енеді және кепілге ақша емес аз өтімді бағалы қағаздар алынады. Нәтижесінде, пұрсатты, ұсақ биржалық операциялардың қатысушыларына үлкен зардап келеді.

Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы және бағалы қағаздармен сауда ұйымдастырушысы қызметте заңдарда белгiленген талаптарды бұзып, қоғамға онша қауіпті емес зардаптар алып келсе әкімшілік шара қолданылады (бұл талаптар «Бағалы қағаздар рыногы туралы» ҚР Заңының 44-бабында айтылған; ҚР Әкімшілік кодексінің 197-1-бабы). Ал бағалы қағаздар нарығына кәсiби қатысушының есеп-қисаптарды табыс ету мерзiмiн бұзуы (ҚР Әкімшілік кодексінің 198-бабы) сынды іс-әрекет те әкімшілік құқықбұзушылық болып табылады.

Қылмыстық кодекстің 205-бабында ірі зиян келтіріп бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзғаны үшін жауаптылық көзделген. Көрсетілген қылмыс құрамы объектісі, заты, субъективтік жағы және субъектісі бойынша Қылмыстық кодекстің 204-бабымен ұқсас.



Объективтік жағы – бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу түріндегі белсенді әрекеттерден тұрады.

Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережесі кәсіби қатысушылармен жүзеге асырылатын азаматтық мәмілелерді және басқа да заңды әрекеттерді түгелімен қамтиды. Олардың заңсыз (жарамсыз да) клиентке тиімсіз мәмілелер құруы (келісім-шарт бойынша олардың мүдделерін қорғайтын, не олармен заңды қатынасқа түссе), өздеріне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармауы (Мысалы, «Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізіліміне көрінеу жалған мәліметтер енгізу» туралы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 203-бабында қарастырылған бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi эмитентпен жасалған шарттың негізінде жүзеге асыратын тiркеушi бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiміне көрінеу жалған мәліметтер енгізуі) бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережесін сақтамау болып есептелінеді. «Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережесін бұзу» ұғымы бағалы қағаздар нарығына қатысушы субъектілердің заңды қызметтеріне қайшы іс-әрекеттер деген мағынаны қамтиды.

Қылмыс құрамы бланкетті диспозицияға негізделген. Сондықтан да қылмыс кұрамын дұрыс анықтау үшін осы құрамға байланысты арнаулы зандарды, нормативтік актілерді дұрыс басшылыққа алған жөн.

И.Ш.Борчашвилидің жалпы редакциялығымен жарияланған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне түсініктемесінде бұл қылмыс құрамындағы бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзумен байланысты іс-әрекеттерге мыналарды жатқызады: [57, 505 б.]: ұсынбалы ордерлік және атаулы бағалы қағаздарды заң құжаттарына сәйкес шығармау, бағалы қағаздарға қойылатын талаптардың орындалмауы, бағалы қағаздардың міндетті реквизиттерінің, бағалы қағаз нысанына қойылатын талаптардың т.б.



Қылмыстың заты – бағалы қағаздар, деп қылмыстық құқық оқулықтарында, қылмыстық кодекске берілген түсінікте келтіріледі. Кәсіпқой қатысушылар бағалы қағаздармен операцияларды жүргізудің тәртібін бұзып, онан эмитентке, инвесторға, бағалы қағаздар нарығының басқа да қатысушыларына, мемлекетке ірі залал келтіреді. Сондықтан да бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзудың қылмыс заты бағалы қағаздармен байланысты операциялар жүргізудің ережесі болуы тиіс.

Қылмыстың тікелей объектісі – бағалы қағаздармен жүргізілетін операцияларды ретке келтіретін қоғамдық қатынастар, деп көрсетіледі оқулықтарда.

Зерттеліп отырған қылмыстың объектісін арнайы ережемен бекітілген бағалы қағаздармен операцияларды жүргізуге байланысты туындайтын қатынастарға түсуші эмитенттің, инвестордың, бағалы қағаздар нарығының басқа да қатысушыларының, мемлекеттің қылмыстық заңмен қорғалынатын экономикалық мүдделері, деп қарастырған жөн.



Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі өзіне жүктелінген бағалы қағаздармен байланысты операцияларды жүргізу ережелерін орындау міндеті жүктелгенін, олардың сақталмай жатқандығын сезінеді, ірі зардаптың келетінін біледі, материалдық пайда табуды көздей отырып, зардаптың тууын тілейді.

Кейбір авторлардың пікірінше, бұл қылмыстық іс-әрекеттер қасақаналықпен де, абайсыздықпен да жасалынады.



Қылмыстың субъектісі – арнайы, 16-ға толған, есі дұрыс, өзіне бағалы қағаздармен операциялар жүргізу міндеттері жүктелген лауазымды адам, деп көрсетілген С.М.Рахметов, Т.Ә.Бапановтың редакторлығымен жарияланған ҚР Қылмыстық кодексіне түсінікте. Ал, «лауазымды адам» ұғымы «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңына сәйкес тек мемлекеттік қызметшілерга ғана қатысты қолданылуы тиіс. Бағалы қағаздармен операцияларды жүргізетін кәсіби қатысушылар, эмитенттің өздері, басқа да субъектілер бұл санатқа жатпайды. Сондықтан да қылмыс субъектісі «бағалы қағаздармен операцияларды жүргізуге жауапты тұлғалар» деген дұрыс.

Ірі мөлшердегі залалдың түсінігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабында берілген. Ірі мөлшердегі зиян – азаматқа 100 еселенген айлық есептік көрсеткіш, мемлекетке немесе ұжымға – 500 еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Iрi зиян келтiрген бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу ережелерiн бұзғаны үшін бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бес айдан он айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады.

Осы жоғарыда аталған әрекеттердің бірнеше рет немесе алдын ала сөз байланысқан немесе ұйымдасқан топпен жасалуы қылмысты ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 205-бабының 2-тармағында мыңнан екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның он айдан бiр жылға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымда болу не белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі Агенттігі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Құқықтық Саясат жөніндегі Кеңесі Қазақстанның 2010-2020 жылдардағы құқықтық саясаты Концепциясының ережелерін орындау мақсатында аталған норманың 1-тармағында қарастырылған қылмыстық әрекеттер үшін айыппұлдың мөлшерін бір мыңнан екі мыңға дейін көтеру, 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, алты айға дейін түзеу жұмыстарына тарту, екі жылға дейін бостандығын шектеуді, сондай-ақ жаңа жаза «бір еселенген материалдық шығынды өтеуді» енгізе отырып, бас бостандығынан айыру жазасын алып тастау, ал 2-тармағында айыппұлдың мөлшерін екі мыңнан бес мыңға дейін көтеру, 100 сағаттан 150 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, алты айдан 1 жылға дейін түзеу жұмыстарына тарту, екі жылдан үш жылға дейін бостандығын шектеуді, жаңа жаза «екі еселенген материалдық шығынды өтеуді» енгізе отырып, бас бостандығынан айыру, сондай-ақ бас бостандығынан айыруға қосымша жаза белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды санкциядан алып тастауды ұсынады.



Тақырыпша бойынша сұрақтар:

  1. Бағалы қағаздармен операциялар жүргізудің ережелері қандай акті мен реттеледі?

  2. Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу дегеніміз не, қандай заңбұзушылықтарды білесіз?

  3. Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу жөніндегі қылмыстың құрамын ашыңыз.

  4. Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу міндеттері жүктелген лауазымды адам деген кім?

  5. Бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу ережелерiн бұзу жөніндегі қылмыстың саралаушы белгілерін атаңыз.



2.6 ЖАЛҒАН АҚША МЕН НЕМЕСЕ БАҒАЛЫ ҚАҒАЗ ЖАСАУ, САҚТАУ НЕМЕСЕ САТУ (ҚР ҚК 206-бабы)
Қылмыспен күресте қылмыстық жауапкершілікті нығайту үшін қылмыстық құқықтық институттарды толық игеру қажет. Қылмыстық құқтықта қылмыскерге жасаған қылмысы үшін жаза тағайындаумен қатар қылмысты дұрыс бағалау басты мәселе болып табылады. Осы мақсатта жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстардың субъективтік және объективтік белгілерін ашсақ.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату – күрделі қылмыс. Бұл қылмыстың объектісі заң нормасына сәйкес, ақша және несие жүйесі болып табылады. Профессор В.Д.Меньшагиннің пікірінше, жалған ақша бірліктері мен мемлекеттік бағалы қағаздардың объектісі ақша жүйесі болады [60, 122 б.]. Т.Ю.Погосянның айтуынша, РФ ҚК 186-187 баптарында қарастырылған қылмыстардың объектісіне РФ ақша несие жүйесін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар жатады [48, 311 б.]. Жалған бағалы қағаздар немесе ақша жасаудағы тікелей объект – Ресейдің, сонымен басқа елдердің несие қаржы жүйесі саласында қалыптасатын қоғамдық қатынастар, деп есептейді В.Е.Мельникова [47, 214-215 б.].

Ал қылмыстық құқық оқулығының авторлары (1950ж.) жалған ақшаны жасау, сатудың объектісі – ақша жүйесі, ал жалған бағалы қағазға қатысты – несие жүйесі, деп есептейді [61, 24-25 б.]. Соңғы пікірмен біз келісе аламыз. Кеңестік қылмыстық құқық оқулығының авторлары [62, 35 б.], ақша жүйесін мемлекеттік қаржы жүйесінің бір бөлігі ретінде қарайды.

«Қаржы жүйесі», «несие жүйесі» мен «ақша жүйесі» ұғымдары күрделі түсініктер, оларды тұтас бір ұғым деп түсінуге болмайды. «Қоғамның қаржысына барлық ақша қатынастары емес, тек мемлекеттің тікелей нұсқауымен ақша құралдарын мобилизациялайтын материалдық өндіріс саласындағы ұйымдардың шаруашылық қызметі процесінде қолданылатындары ғана кіреді» [63, 24-25 б.]. Мемлекеттегі ақша қаражатының қоры орталықтанған және орталықтанбаған қорлардан тұрады. Орталықтанған және орталықтанбаған қорларға келесі төлемдер жатады: бұл біріншіден, салық, алым, баж; екіншіден, несие (мемлекеттік және банктік); үшіншіден, сақтандыру; төртіншіден, ақшаны эмиссиялау. Қаржы жүйесі – бұл ақша құралдары мен экономикалық қатынастардың қалыптасуы мен пайдалануымен байланысты қорлардың жиынтығы. Оларға мемлекеттік бюджет, мемлекеттік әлеуметтік, сақтандыру, мемлекеттік-мүліктік және мүліктік емес сақтандыру, банктік және мемлекеттік несие мекемелер мен шаруашылық саладағы қаржылар кіреді [64, 35 б.].

Несие жүйесі деп ссудалық капитал нарығына қызмет ететін, ақша капиталын аккумуляциялайтын және мобилизациялайтын несие-қаржы институттарының жиынтығын айтады. Ал, ақша жүйесін экономистер заң нормаларымен анықталған, елдің валютасының типін және елдегі ақша бірліктерінің арақатынасын білдіретін елдің ақша айналымы жүйесі деп түсінеді.

Жоғарыда келтірілген пікірлерден соң, біз ақша жүйесін қаржы-несие жүйесінің немесе қаржы жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарауға болмайтындығына көз жеткіздік. Ақша жүйесі мен ақша айналымы елдің ақша-несие жүйесін қалыптасуына және функциялануына әсер етеді.

ҚР ҚК 206-бабына сәйкес, жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сатудың заты – ақша бірліктері мен бағалы қағаздар. Өткен тарауларда ақша-несие жүйесіне берілген сипаттамадан соң, ақшаның нақты және несие ақшалар болып бөленетінін білдік. Ақша бірлігі (нақты) қағаз ақша мен монетадан тұрады. Жалпылама ұғымдардан арылу мақсатында, ҚР ҚК 206-бабында «ақша» ұғымының орнына «ақша бірлігі» деген ұғымды қолданған орынды болар еді.

ҚР ҚК 206-бабына берілген түсініктемеде қылмыстың затына төмендегілер жатқызылады:



  1. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің 1, 5, 10, 20, 50, 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттары (Ұлттық Банк кез келген банкнотты шығара алады).

  2. Қағаз ақша, алтын, күміс, не платинадан соғылған металл монеталары (олардың белгілі бір көлемі коллекция заты ретінде пайдаланады).

  3. Бағалы қағаздар (мемлекеттік және мемлекеттік емес) коносомент, акция, облигация, заң актілерінде немесе олармен белгіленген тәртіппен шығарылған ҚР ұлттық валютасындағы басқа да бағалы қағаздар (ҚР АК 130-бабында).

  4. Шетел валютасы – қазыналық билет, банкнот, монета түріндегі шетел мемлекетінде немесе мемлекеттер топтастығында заңды құралы болып табылатын ақша бірліктері.

  5. Шетел валюталары айналым қабілеттілігіне байланысты еркін айналатын (свободно конвентируемый), жартылай айналатын және айналымға түспейтіндер болып бөлінеді. Еркін айналымдағы валюталарға мына шетел валюталары жатады [65, 40-53 б.]: Австралиялық доллар, Австрия шиллингі, Ағылшын фунт стерлингі, Бельгия франкі, Голландия гүлдені, Дат кронгі, евро, Испан песеті, Ирланд фунті, Итальян лирі, Канада доллары, Ливан фунті, Кувейт доллары, Люксембург франкі, неміс маркасы, Норвегия кронгі, Португалия эскудосы, Сингопурлық доллар, АҚШ доллары, француз франкі, Швед кронгі, Швецария франкі, жапон йенасы, Финляндия маркасы. Валютаның басқа түріне ТМД мемлекеттерінің валюталары, тізімге енбегендер кіреді.

  6. Шетел валютасындағы бағалы қағаздар – төлем құралдары (чек, вексель және т.б.), қор құндылықтары (акция, облигация) және басқа да шетел валютасындағы қарыз міндеттемелер.

Шетел валютасы мен шетел бағалы қағазын жалған ақша мен бағалы қағазын жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстың затына енгізу туралы 1929 жылы Халықаралық Конвенцияда келісілген [66, 78 б.]. Әр елдің бағалы қағаз туралы түрлі түсінігі мемлекеттің ішкі және халықаралық актілері арасында қайшылықтар туғызады. Шетел төлем құжаты, не бағалы қағаз шетел валютасында, ұлттық төлем құжат, не бағалы қағаз ұлттық валютада көрсетіледі.

Кейбір мемлекеттер үшін бағалы қағаз болып табылатын құжат біздің мемлекетте бағалы қағаз емес (Мысалы, вексель, чек), яғни бағалы қағаз жөнінде бірыңғай түсінік жоқ. Сондықтан бағалы қағаздарды ұлттық валютадағы не, шетел валютасындағы бағалы қағаздар деп даралағаннан, қылмыстық құқықта шетелде эмиссиялаған және ҚР аумағында эмиссиялаған бағалы қағаздар деп бөлген тиімді болар еді.

Л.А.Ағыбаева өзінің ғылыми жұмысында жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сатудың затына ақша бірліктері мен мемлекеттік бағалы қағазды кіргізеді [67, 10 б.]. Жалған мемлекеттік емес бағалы қағазды жасау, сақтау, не сатудың нәтижесінде тек меншік құқығына қол сұғатын болғандықтан қылмысты алаяқтықпен саралауды ұсынады.

Қаржы нарығы – несие ресурстары мен фиктивті сала. Несие қатынасында бағалы қағаздың мемлекеттік те, мемлекеттік емес те түрлері қатысады. Қаржы өндірісінде бағалы қағаздарға тек мәміленің объектісі, сондай-ақ тұрақты кіріс көзі бола алатын ақшалай құжаттар жатады. Мемлекеттік емес, не шетел бағалы қағаздарын жалған бағалы қағаздар жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстың затына жатқызбағанда, қылмыс елдің несие жүйесіне әсер етпейді ме деген сауал туады. Өткен тарауларда несие жүйесіне қаржы нарығындағы қызмет ететін несие-қаржы инситуттары жататындығын айтып кеткенбіз.

Несие-қаржы институттарының звеноларын орталық банк (мемлекеттік және жартылай мемлекеттік банктер) банктік секторлар, сақтандыру секторлары, банктік емес несие қаржы институттары құрайды. Олар да бағалы қағазды шығару, не тарату қызметімен айналысады. Несие-қаржы институттарының бағалы қағазға қатысты қызметін тек мемлекеттік бағалы қағаздармен шектеу несие жүйесіндегі қызметті толық қамти алмайды. Жалған мемлекеттік бағалы қағаздармен жасалынатын қылмыстар несие жүйесіне қаншалықты зиян болса, мемлекеттік емес, шетелдік бағалы қағаздар да елдің несие жүйесіне соншалықты қатерлі.

Л.Р.Гаухман мен С.В.Максимов жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, не сату жөніндегі қылмыстың затына ЭЕМ-нің жадында сақталған құжатсыз бағалы қағазды жатқызады. Бұл ҚР ҚК 206-бабының мазмұнына жанаспайды. Онда қылмыстың заты материалдық сипатқа ие (шынайы ақшаға ұқсастығы) делінген. Ал, ЭЕМ жадында сақталған бағалы қағаз құжатсыз, сондықтан да бұл пікірімен келісе алмаймыз [56, 74 б.].

Абдо Салех Абдулла әл-Дамаридің еңбегінде Өзбекстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 176-бабының (жалған ақша мен бағалы қағаз, акциздік марканы жасау, сату) қылмыс затына банктік билет, металл монета, акциздік марка, ұлттық валютадағы бағалы қағаз, шетел валютасы, не шетел валютасындағы бағалы қағаздар жатқызады. Бұл қылмыс экономикалық қылмыстар қатарында зерттелінеді. Қылмыстың затына акциздік марканы жатқызғанда, келесі моменттер ескерілмейді: акциздік марка құнды қағаз емес, ол бағалы қағаз сында мүліктік құқықтарды куәландырмайды және ақша бірлігіндей құнды емес, акциз – қосымша салықтың түрі.

Айналымнан алынып тасталған, алмастырылмайтын ескі чеканка (банкнот, монета, валюталар, шетел валютасы да) жалған ақшаны жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстың затына жатқызылмайды. Ұтыс лотереялары, көлік билеттері ҚР ҚК 206-бабының заты емес. Мысалы, Ресейде 60-70 жылдары жалған лотерея билеттерін жасаған және сатқан тұлғаларды жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасаушы, сақтаушы ретінде қылмыстық қудалаған [68, 10 б.]. Мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдар лотереялық билетін иемденуде төленген, несие міндеттемесіне алмайды, яғни сатып алушыға омлет құнының сомасын қайтаруға кепіл бермейді. Лотерея билеті – бағалы қағаз емес, иемденушінің белгілі материалдық құндылықтарға, ұйымдастырылған ұтысқа қатыса алуына құқық береді. Мұндай билеттерді қолдан жасау, сату алаяқтық деп сараланады. А.В.Григорьева жұмысында, нөмірі, сериясы түзетілген мемлекеттік облигацияны жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстың затына жатқызбайды. Мұны ол түзетілген облигацияның көмегімен ұтысты алғанда ақша-несие жүйесіне қолсұғылмайды, онда алаяқтық бар деп түсіндіреді [69, 158 б.].

Құжат сериясын, нөмірін ішінара түзетудегі мақсат құжатты болашақта сату емес, ұтысты иелену үшін түзету болып табылады. Тұлға ұтысы бар бағалы қағаздың нөмірін, сериясын түзетеді. Ұтысқа қойылатын қаражат несие қатынасынан жұмсалады, демек облигацияның сериясы мен нөміріí ұтыс нөмірі мен сериясына сәйкестендіру оны заем өтеушіге ұсыну әрекеттері ақша-несие жүйесіне қарсы бағытталады. Ұтысты иелену мүмкіндігі – мүліктік құқық болып табылады. Сондықтан да нөмірі мен сериясы түзетілген облигацияны ұтысқа ұсынуды қылмыс құрамының басқа элементтері сәйкес келген жағдайда жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не айналымға жіберу деп атауға болады.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстардың объективтік жағының негізгі элементінің бірі – жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды сақтау және айналымға жіберу әрекеттері.



Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау. Жалған құжатты жасау туралы мәліметтерді (міндетті реквизиттер туралы) пайдаланып, қажетті құралдарымен жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздар құрастырылады, даярланады, яғни құжаттар заңсыз жолмен эмиссияланады. ЙР қылмыстық заңы бойынша «құжатты бұрмалау» (подлог) және «қолдан жасау» подделка ұғымдарының ерекшелігі бар. «Қолдан жасау» (подлог) – жасалынған ақшаның шынайы ақшамен ұқсастығының болуы ғана қылмыс болып табылады. «Қолдан жасау» (подделка) қасақана тек арнайы құралдың көмегімен жоғары сапада шынайыға ұқсайтын ақша бірлігін даярлау болып табылады. Қылмыстық құқықта «құжатты бұрмалаудың» екі түрі бар: материалды және құжаттың мазмұнын бұрмалау. Құжаттың мазмұнын бұрмалағаны үшін тек лауазымды тұлғалар ғана жауапкершілікке тартылады. Мұнда құжаттың сыртқы белгілері (реквизиттері) сақталынады да, құжаттың мазмұнындағы ақиқат бұрмаланады. Құжаттың мазмұнын бұрмалауды анықтау үшін криминалистік сараптама тағайындамайды. Материалды құжатты бұрмалағанда шынайы құжаттың мазмұны өзгертіледі. Құжаттың жалған екендігін анықтау үшін криминалистік сараптаманың қорытындысының болуы шарт.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды сақтау. Қылмыскер жалған құжатты болашақта айналымға жіберуді көздеп, белгілі жағдайда орында оны ұстай тұрады, иемденеді. Бұл әрекет жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау мен сату әрекеттерімен салыстырғанда белсенді емес. Қылмыскер өзі жасаған, не даярлаушыдан, не сатушыдан алған, не басқа тұлғадан өз қолына келіп түскен құжатты сәті түскен уақытта айналымға жіберу мақсатымен белгілі орында ұстап отырады, не басқа тұлғаға береді. Сақтаушы құжаттың жалған ақша мн бағалы қағаз екендігін білуі тиіс.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды сату (айналымға жіберу). Жалған құжатты сату сатысында қылмыскер жалған ақша мен бағалы қағазды шынайы (түпнұсқа орнына) ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың орнына басқа тұлғаға тапсырады, сыйға тартады, қарызға береді, алмастырады, қарызға береді, кепілге қояды, еңбек ақысына береді және тағы да басқалар. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды сату – активті қылмыстық әрекет. Қылмыстық құқықта сату дегеніміз құжаттты айналымға ақылы, не ақысыз нысанда беру болып табылады.

А.А.Буклерова жалған құжатты сатуды заңсыз жолмен басқаға беру деп түсінеді [70, 92 б.]. С.И.Ожеговтің орыс түсіндірме сөздігінде [71, 607 б.], сату (сбыт) – дайын өнімді сату, ал продажа (сату) – басқа тұлғаға ақыға беру [71, 527 б.]; айналымға жіберу алмасу процесінде, пайдалануда болу дегенді білдіреді. Ал қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде [72, 61 б.], «Сату»- 1. Затты өз құнына тұратын ақшаға беру, саудалау, 2. Ауыстыру, айырбастау; «айырбастау» - а) бір заттың орнына басқа екінші затты алмастыру. ә) сату - өзгерту, ауыстыру деген мағынаны береді.

Ю.В.Солопанов өз еңбегінде «сату» ұғымының орнына жалған ақша мен бағалы қағазды «айналымға жіберу» ұғымын қолданады [73, 55-57 б.]. Г.Ф.Поленов жалған құжатты пайдаланудың сату ұғымынан ерекшелігі сол, сатуда жалған құжат ақыға беріледі деп, жалған ақша мен бағалы қағазды келесі тұлғаға тегін беруді сату ұғымына кіргізбейді [74, 41 б.].

«Сату» ұғымы әдетте, тұтынушыға кез келген нәрсені ақыға беру деген мағынаны береді. Қылмыстық құқықта жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың бір тұлғадан екінші тұлғаға ақылы, ақысыз нысанда көшеді, яғни «сату» ұғымы орнына «айналымға жіберу» ұғымын қолданған жөн деп есептейміз.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың жойылу негіздері төмендегідей болуы мүмкін:

- ақша реформасының жүруі (жаңа ақша түрінің енуі);

- жалған ақша мен бағалы қағаздың әрі қарай айналымда жүруге жарамауы, тозуы;

- қолдануға жарамай құжаттың зақымдануы;

- құқық қорғау органымен, басқа тұлғалармен, не қылмыскермен жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың жойылуы.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу сынды қоғамға қауіпті әрекеттер жекеленген жағдайда бөлек кездессе де жеке қылмысты құрайды. Бұл әрекеттер бір тұлғаның бойынан табылып, бір қылмыстық оқиғаны құрайтын болса, бұл әрекеттердің жиынтығы бір қылмыс құрамын береді. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаушы мен сақтаушы бір тұлғаның бойында кездессе, онда жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау мен сақтау моменттерін бөлек айырудың қажеті жоқ. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды сақтау мен айналымға жіберуде сондай. Мұндай әрекеттер жаза тағайындауда ескеріледі.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың бір тұлғадан екінші тұлғаға көшу мүмкіндігінің варианттары төмендегідей:

- жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаушы құжаттың жалған екендігін басқа білмейтін тұлғаға шын ақша мен бағалы қағаз ретінде береді;

- жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаған тұлға құжаттың жалған екендігін білетін тұлғаға береді;

- ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың жалған екенін білмей, бір тұлғадан алып келесі білмейтін тұлғаға береді;

- ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың жалған екенін біліп алып, білмейтін тұлғаға шын құжат ретінде ұсынады;

- ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың жалған екендігін білмей алып, жалған екендігін білетін тұлғаға береді.

Жалған ақша бірліктерін, бағалы қағаздарды алғашында түпнұсқа деп қабылдап, кейін шығынсыз арылуды көздеп, келесі тұлғаға жалған құжатты ұсыну Ю.В.Солопановтың пікірінше, жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың әрі қарай берілуі (дальнейшая передача фальшивых денег) деген атау бере отырып, тұлғаны «кездейсоқ сатушы»,- дейді [73, 32 б.]. Мұндай әрекетті С.В. Максимов мен Л.Р. Гаухман жалған ақша мен бағалы қағазды сату деп саралайды [56, 82 б.].

Қылмыс нормасына түсініктеме бергенде аталған қылмыстың құралын әр жағдайға қатысты нақтылап көрсеткен жөн. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасауда қылмыстың құралы техникалық құрал, көшірме құрал, қағаз, қайшы және тағы басқалар болса, сақтау кезінде қылмыс құралы – қалта, кітап, қойма, т.б., жалған ақша мен бағалы қағазды айналымға жіберудің құралы, сол жалған ақша мен бағалы қағаздың өзі болады. Мұнан, ҚР ҚК 206-бабының қылмыс құралы қылмыстық әрекет түрлеріне қарай әркелкі болатынын байқаймыз.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаудың толық және ішінара әдістері болады. Толық даярлау әдістері төмендегідей болып келеді: суретін салу, фотобейнесін түсіру, көшірмесін алу (электрографиялық), полиграфиялық және басқа да әдістер.

Полиграфиялық әдіс. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды баспа нысанында (матриц, клиш және т.б.) даярлайды және тираждайды. Құжат өндірісте және қолдан да жасалынуы мүмкін.

Электрографиялық әдісте жалған құжат арнайы көшірме-көбейткіш құралдарының көмегімен жасалынады.

Фотосуретке түсіру әдісі. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды осы әдіспен даярлағанда қылмыскер жалған ақша мен бағалы қағаздың екі бетін де суретке түсіріп алады. Даярлау барысында түрлі химикаттар қолданылады. Суреттің бет жағын бөліп алып, оны ақша мен бағалы қағаздың форматындай жұқа бархатты қағазға желімдейді.

Көшірме әдісінде жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың бейнесін сулап, жұқа таза қағазға тікелей, не клише арқылы бояуын жұқтырады, яғни ақша мен бағалы қағаздың бейнесін түсіреді.

Суретін салу әдісі екі түрлі болады: құжаттағы суреттің ұсақ детальдарына дейін салу, кейбір негізгі белгілерін ұқсатып салу. Мұндай әдістерді көп жағдайда суретшілер қолданады.

Кейде суретшілер шынайы ақша мен бағалы қағазды екіге бөліп, суретсіз қалған қағаз бетін престеп, үстінен сурет салады, алайда жалған ақшаның беті жұқарады. Ұқыптап қараған адамға суретін салу әдісімен даярланған жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың азды кемшіліктері байқалынады.

Ақша бірлігінің номиналды құнын көтеру үшін жаңа элементтерді желімдеу, реактивпен жеке элементтерін жойып, тазалап, тиісті бөлігін толықтырады, қағазды бөлшектеп кесіп, түрлі құндағы купюрді жинақтаудың түрі де қолданылады. Қылмыскер мұнда шынайы ақша бірлігін бөлшектейді немесе ортасынан бөледі де, қолдан жасап алған бөлігіне желімдейді. Шынайы ақша бірлігін жартысына келесі қолдан жасалған бөлігінің сәйкестендіріп желімдеуі деңгейіне қарай бұл әрекет сараланады.

Жинақтау әдісімен құрылған жалған құжат соңына дейін жасалынбауы да мүмкін. Егер де шынайы ақша бірлігінің бір бетінде ақша бейнесі көрсетілмесе, онда ол айналымда жүру мүмкіндігінен айырылады. Бірақ ондай жалған ақшалардың айналымда кездесуі де мүмкін.

Металл монетаны негізінен қалыпқа құю, мөртаңбалау, және гальванды әдіспен даярлайды. Металл монетаның қалпын жасау үшін медициналық гипс, цемент қолданылады, кейде металдың өзінен де даярлайды. Даяр болған қалыпқа балқыған металл құйылады, оны суытып, қалыптан шығарған соң, үстінен түзетулер енгізеді.

Мөртаңбалауда метал кейіндегі мықты металдың алдыңғы және кері беттері матрицамен даярланады.

Гальванды әдіс бойынша жалған монета металды электронды токтың көмегімен түзету арқылы даярланады. Металл бетіне жұқа пленка жабыстырылады.

Жалған құжатты ішінара түзеуге де болады. Құжатты ішінара түзеуде құжаттың жекеленген белгілері түзетіледі. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздар екі түрлі сапада даярланады: шынайыға сырттай өте ұқсас, өрескел даярланған.

Ақша бірліктері мен бағалы қағаздар белгілі көлемде, сапада, тиісті материалмен, бояумен, ал металл ақша стандартқа сай салмақта даярланды. Қағаз ақшаның әрбіріне жеке нөмір, серия тағайындалады. Ақша және бағалы қағаздағы белгілер құнына қарай әркелкі. Ақша – құжат, алтынның белгісі, айналым құралы функциясында оның өлшемін білдіреді. Құжатта міндетті реквизиттері көрсетіледі. Басқа реквизиттер ақша бірлігінің қосымша белгілерін құрайды. Бұл белгілер қорғанудың құралы болып табылады.

Интерполдың ҚР Ұлттық Бюросына жіберілетін жалған ақшаны айналымда табылуы фактісін есепке алу жөніндегі 88-1/Ғ құжат түрінде мынадай ескерту бар: ақ-қара түсті, фотосурет, порнография банкноттары, тауарға жарнама банкноттар, жоқ мемлекеттің банкноттары Интерполмен қабылданбайды, тек клише, не түрлі-түсті фотокөшірме аппаратпен даярланған жалған банкнотар қабылдануға жатады [75, 304 б.]. Бұл да соңғы айтылған пікірге дәлел.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды айналымға жіберудің де өзіндік жолдары бар. Олар: ұйымдасқан қылмыстық топ эмиссарларының халықаралық байланысты қолдану; ұсақ кәсіпкерлердің елдегі тауарды сыртқа шығарып, олармен есептесу кезінде жалған ақша алу; турист, шетелге іс-сапарда жүргенде жалған ақшаны иемденіп қалғандар; сыртқы экономикалық бөлімше басшылары көрінеу жалған мәміле жасап, пара ретінде жалған ақша алу; Отанымызда шетел азаматтарының тұрмыстық мәміле жасау барысында жалған ақшаны айналымға жіберуі; қылмыстық ұйымдардың өзара есептесуі; белгісіз тұлғадан жалған ақша мен бағалы қағазды алу; делдалдардан, жеке кәсіпкерлерден, жалған ақша жасаушылардан жалған ақшаны алу; тауар сатып жүрген алаяқтардан жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды алу, т.б.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаудың әдісі мен оны айналымға жіберудің жолдары қылмысты саралауда ескерілмейді, бірақ жаза тағайындауда әсер етеді. Ол жалған құжаттың шынайыға ұқсастықтығын, қылмыс орнын анықтауда, қылмысқа қатысушылық туралы тұжырым жасағанда қолданылады. Сондай-ақ жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасаушының арнайы шеберханасының, яғни қылмыс орнының болуы, жаза тағайындауда ескеріледі.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберуде жәбірленушіге материалдық, моральдық шығынның, несие-ақша жүйесінің ережелерінің бұзылуы нәтижесінде нақты залалдың болуы шарт емес. Қоғамға қауіпті әрекеттен келген шығын мөлшері қылмыстық жаза тағайындауда ескеріледі. Ірі мөлшерде (азаматқа 100 еселенген айлық есептік көрсеткіш, мемлекетке немесе ұжымға – 500 еселенген айлық есептік көрсеткіш) зиянның келуі саралаушы белгі ретінде ауырлататын мән-жайға жатқызылады. Қылмысты саралауда қоғамға қауіпті әрекеттің жасалынуының өзі жеткілікті.

Қылмыстың міндетті элементтерінің бірі – қылмыс субъектісі. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстардың субъектісі 16 жасқа толған, есі дұрыс, жеке тұлға болуы тиіс.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу әрекеттері кінәнің тікелей қасақаналық нысанында жасалынады. Тікелей қасақаналықта субъект әрекетінің қоғамға қауіптілігін ұғынады, зардабын алдын ала біледі, соған саналы түрде жол береді. Зардаптың қоғамға қауіптілігін алдын ала білу дегеніміз саналы түрде әрекеттің қоғамға қауіптілігін ұғыну болып табылады. Қылмыс жасаған субъектінің зардаптың не екендігін, оның мөлшерін алдын ала білуі мүмкін бе?,-деген сауалды Д.П.Котов пен П.С.Дагель қоя отырып, алдын ала зардапты білу мүмкін емес, тек оның белгілі дәрежеде ауырлығын ғана білу мүмкін, деп жауап береді.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберуде субъект өз әрекетінің қоғамға қауіптілігін нақты сезеді, тілейді. Белгілі жағдайда тұлға өзі сатып тұрған ақша мен бағалы қағаздың жалған екендігін біледі де, онан заңсыз кіріс түсіруді көздейді. Зардапты сипаттайтын белгілер ниет пен мақсатта нақтылана түседі.

Мақсат – тұлғаның қалауы, ұмтылысы. Заңға сәйкес, жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтауда субъектінің оны айналымға жіберу мақсаты болуы керек. Қылмыскердің жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасағаны мен сақтағаны туралы факті анықталысымен тұлғаның жалған ақша бірлігін айналымға жіберу туралы ойының тікелей болғандығын куәландыратын басқа да мән-жайларды анықтамай тұрып, қылмыс жасады деп тұжырым жасауға болмайды. Жалған құжатты сақтау барысында айналымға жіберу мақсатының болғандығын жалған ақша бірліктерін буып-түюінен, қаптап жинақтауынан, инкассаторлық сөмкеге салуынан, тасымалдауынан және басқа да әрекеттерінен байқаймыз. Іс-тәжірбиеде тұлғаның жалған ақшаны айналымға жіберу мақсатының болғандығын дәлелдеу өте қиын.

Ниет – бұл тұлғаның қоғамға қауіпті әрекетті жасау жөнінде ой туғызатын, іштей оятатын, итермелейтін күш. Қылмыскердің жалған ақша бірліктерін жасау, сақтау, не айналымға жіберу әрекеттерінде пайдакүнемдік, кек алу, қарсыласының беделін түсіру, күнін көру үшін елді экономикалық күйрету, қарсыласын материалдық қиындыққа ұшыратуы сынды ниеттері болуы мүмкін. Іс-тәжірибеде көпшілік жағдайда қылмыс пайдакүнемдік ниетпен жасалынады.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау әрекеттері – формальды құрам болғандықтан, жалған ақша бірлігі мен бағалы қағазды жасау дегеніміз ол жалған ақша бірлігі мен бағалы қағазға материалдық нысан беру. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың міндетті реквизиттерді сақтай отырып, тым болмағанда жалған ақша бірлігінің бір үлгісін жасауы, шынайыға ұқсас кейіп беруі аяқталынған қылмыс болып табылады. Мұнда жалған құжатта шынайы ақша бірлігі мен бағалы қағаздың міндетті реквизиттері мен айыру белгілері мүмкіндігінше сақталуы керек.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасауға дайындық әрекеттерін анықтаудың сот іс-тәжірибеде орны ерекше. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды даярлаудың жолы мен әдісін жоспарлау, қажетті техникалық құрал-саймандарды іздестеру, қылмыс жөнінде келісу – ауыр немесе аса ауыр қылмыстарға даярлығы үшін заңда қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Ал, Йемен Республикасы қылмыстық кодексiнiң 204-бабында: «Себепсізден-себепсіз ақша жасауға пайдалынатын құрал-саймандарды даярлағаны үшін тұлға бас бостандығынан айырылуға жазалануы тиіс» [76, 16 б.].

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздардың шынайы еместігіне алдау әдістерін қолданбай-ақ оңай айыруға болатын сырттай шынайы ақша бірліктері мен бағалы қағаздарға ұқсай бермейтін (өрескел даярланған) құжатты даярлау, қылмысқа оқталу болып табылады. Оны сақтау – толық аяқталған қылмыс.

И.В.Солопанов, жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды қабылдау кезінде жәбірленушінің мұнымен хабарсыз болуы тиіс, деп есептейді [73, 67 б.]. Құжаттың өрескел даярлануы оны ұсыну кезінде көбіне басқа тұлғаның құжаттың жалған екендігін біліп қойып, қайтарып беруімен аяқталады.

Шынайы ақша бірліктері мен бағалы қағаздарға сырттай пішіні ұқсамайтын, өрескел даярланған жалған ақша мен бағалы қағазды айналымға жіберу әрекеті Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206 және 177-баппен бағаланады. В.Н.Кудрявцевтың пікірінше, өрескел даярланған жалған ақша бірліктерін түпнұсқа орнына сату шын мәнінде алдаудың ерекше түрі болып табылады. Жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не сату арнайы нормамен көрсетілген және де қылмысты жасаудағы мақсат мүлікті иемдену болмағандықтан, бұл қылмыстық әрекетті алаяқтық деп саралау қажет емес [77, 130-141 б.].

Е.И.Казаков-Турбовский осы орайда мынадай пікірі бар, жалған ақшаны жасау, сақтау, не сатудың затына жорамалдап жасалынған металл монетаны және тұрпайы даярланған қағаз ақшаны жатқызуға болмайды. Олар қоғамға онша қауіпті емес. Бұл құжатты айналымға жіберіп көру барлық уақытта жалған ақшаны сатушы, не оның сыбайласының ұсталып қалуымен аяқталады. Тергеу және сот іс-тәжірибе материалдарын бағалау негізінде бұл купюрді жалған ақша жасау, сақтау, не айналымға жіберу, не алаяқтық деп бағалағанда, жалған ақшаның түпнұсқаға сырттай ұқсастығын анықтау қиын. Алайда, бұл ұқсастықтарды ажыратуға адамның толық мүмкіндігі бар, ол – адамның ажырамас мүмкіндігі. Шынайыға ұқсамайтын ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды анықтау қызметі құқық қорғау органы қызметшілерінің уәкілеттігіне жатады, арнайы білімді игерудің қажеті жоқ [78, 253 б.].

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды қандай деңгейде даярлағанда шынайы түріне ұқсайтындығын анықтау шынында да қиындау. Әр адамның танымы әртүрлі, ол жалған құжаттың жасалу деңгейін де түрлі бағалауы мүмкін. Мұндай бағаланатын категориядағы түсініктер қылмысты саралауда қателіктер тудырады. А.В.Григорьева өз еңбегінде қылмыстың заты жалған ақша мен бағалы қағаздың аса шеберлікпен даярланған түпнұсқаға ұқсас болуы шарт. Оның жалған екендігі арнайы құралмен анықталады, - дейді [79, 25 б.]. Жалған ақша бірлігі мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу арнайы норма болып көрсетілгендіктен және бір әрекетті бір баппен бағалау әділеттілік болғандықтан (идеал жиынтық емес) бұл әрекетті тек Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-бабымен бағалаған дұрыс шешім болар еді.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыс қылмыс құрамы жағынан басқа қылмыстармен ұқсас та.

Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-бабы – жалған ақша мен бағалы қағаздарды сату мақсатында жасау, сақтау, не сату мен Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 207-бабы – жалған төлем карточкасын және басқа да төлем-есеп құжаттарын сату мақсатында жасау, не сатудың байланысына келсек.

Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 207-бабындағы қылмыстың объектісі – қаржы-несие жүйесі, ал Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-баптың объектісі ақша-несие жүйесі. Материалдық мазмұнына байланысты қаржы қатынасы келесі түрлерге бөлінеді: бюджеттік, салықтық, сақтандыру саласында, несие-есеп, ақша айналымы. Яғни, қаржы-несие жүйесі мен ақша-несие жүйелері арасында байланыс бар.

Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 207-бабы мен Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-баптың субъектісі – 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға, ҚР ҚК 207-бабының объективті жағы – тұлға жалған төлем карточкасын және басқа да төлем-есеп құжаттарын жасау, сату, тек Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-бапта жасау, сату әрекеттері де бар. Алайда төлем карточкасын және басқа да төлем-есеп құжаттарын сақтаудың қауіпті екендігін ескерген де жөн. Екі баптың да субъективтік жағы – тікелей қасақаналық, құжаттарды жасау, не сақтау әрекеттерін сату мақсатында жасайды. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 207-бабының қылмыс затына толығырақ тоқталсақ, ол:

- бағалы қағаз емес төлем карточкасы (несие карта, есеп карта);

- бағалы қағаз емес басқа төлем және есеп құжаттарын (төлем талабы, төлем талап-тапсырмасы, чек, вексель, т.б.).

Чек, вексель – төлем құжат, бірақ бағалы қағаздар емес, ал РФ-да бағалы қағаз. Егер де осы төлем құрал ҚР ұлттық валютасында шығарылса, оны бұрмалап жасағаны үшін ҚК 207-бабы бойынша саралайды. Ал, шетел валютасындағы чек, вексельді жасағаны, сатқаны үшін халықаралық Конвенцияға сәйкес, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Демек, екі қылмыс та ұқсас, оларды түрлі валютадағы төлем құралдар байланыстырады.

ҚР валютасындағы төлем құралды (чек, вексель) жасағаны, сатқаны үшін соттылығы бар тұлға қайтадан шетел валютасындағы төлем құралды (чек, вексель) жасағанда, сатқанда, оның соттылығын саралаушы бапта ескермеуге болмайды. Бағалы қағаздар жайлы халықаралық бірыңғай түсініктің болмауынан қылмыстық әрекеттерді саралауда қайшылықтар туындайды. Қайшылықтардың алдын алудың келесі жолдарын ұсынамыз: біріншісі – бағалы қағаз жайлы ортақ түсінікке келе отырып, олардың тізімдерін белгілеу, мұндай жағдай болмаса, екіншісі – бұрын Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 207-бабымен соттылығы бар тұлғаның жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасауы, сақтауы, не айналымға жіберуін ҚК 206-бабының субъектісін сипаттайтын саралаушы белгі ретінде ескеру.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-баптың 2-тармағында жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды ірі мөлшерде жасауы, сақтауы, не айналымға жіберуі немесе бұрын осы қылмысы үшін, не Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 207-бабы бойынша қылмыстар үшін соттылығы бар тұлғаның жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасауы, сақтауы, не айналымға жіберуін Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-бабының 2-тармағымен саралау керек деп есептейміз.

Өзбекстан Республикасының ҚК 176-бабына 1998 жылы халықтың денсаулығы мен өмірін қорғау мақсатында жалған акциздік марканы жасағаны, қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделіп, толықтырулар енгізілген. Қылмыс заты ұлттық валюта, шетел валютасы, бағалы қағаздар, шетел валютасындағы бағалы қағаздар, сондай-ақ акциздік марка болып табылады. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнде жалған акциздік марканы жасағаны, пайдаланғаны үшін арнайы қылмыстық норма көрсетілген. Бұл қылмыстың заты – акциздік марка болып табылады. Жалған акциздік марканы сату мақсатында жасау, не иелену, сондай-ақ пайдалану, сату нәтижесінде мемлекеттің қаржы жүйесіне нұқсан келеді. Акциз – тауар құнынан алынатын қосымша салықтық түрі. Мемлекеттің қаржы қызметі – бұл мемлекеттің функциялануы мен дамуын қамтамасыз ету үшін қажет орталықтанған және орталықтанбаған ақша қаражатының қорын қалыптастыру, бөлу, пайдаланудағы мемлекеттік қызмет.

Осыған орай, енді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 206-бабы – жалған ақшалар мен бағалы қағаздарды сату мақсатында жасау, сақтау, не сату мен 208-баптың арақатынасын анықтасақ. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 206-бабы – жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберудің объектісі – ақша және несие жүйесі болса, ҚР ҚК 208-бабы – акциз маркаларын жасау, иелену, пайдалану, не сатудың объектісі – мемлекеттің қаржы қызметі. Жоғарыда қаржы қызметінің құрамдас бөлігі ақша-несие жүйесіндегі қызметтер екендігін айттық.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 206-бабының объектитік жағы – жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату болса, ал 208-бап – акциз маркасын қолдан және техника құралдарының көмегімен жасау, иелену, пайдалану, не сату. Қылмыстардың объективтік жақтары ұқсас. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 206-бабындағы қылмыстық әрекеттердің мәні, мазмұнына қарай, ҚР ҚК 208-бабында кездесетін иелену, пайдалану әрекеттерін нормада қолдану міндетті емес. Екі қылмыстық норманың субъективтік жағы – тікелей қасақаналық. Жалған құжатты жасауда, сақтауда қылмыскердің айналымға жіберу мақсаты болу керек. Субъектісі – 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.

Жоғарыда байқағанымыздай, екі норманың қылмыс заттарынан басқа элементтері бір-біріне ұқсас. Бір жағынан азаматтық айналымда акциздік марка ақша мен бағалы қағазбен маңыздылығы жағынан теңесе алмайды. Екіншіден, акциздік марканы қолдан жасау, иелену, пайдалану, сатудың қоғамға қауіптілік дәрежесі жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не айналымға жіберудегі әрекеттерден төмен екендігін санкцияларындағы жаза мөлшерінен байқауға болады. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-бабының 1-тармағының санкциясында мүлкін тәркілеп, немесе тәркілемей, 5 жылға дейін бас бостандықтан айыру, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 206-бабының 2-тармағында 5-10 жылға дейін б.б.а. және мүлкін тәркілеу, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 206-бабының 3-тармағында 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және де мүліктерін тәркілеу жазасы қолданылса, ал ҚР ҚК 208-бабында 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 300-500 АЕК мөлшерінде, не жалақы көлемінде, сотталушының 3-5 айлық кірісі шегінде айыппұл қолданылады.

Қылмыстың қауіптілігін бағалаушы категория ретінде қылмыстан келген шығын мөлшерімен, заңда көрсетілген жаза түрлерімен анықтауға болады. Экономикалық қызмет барысында жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберуден мемлекеттің ақша-несие жүйесіне келетін зардаптар пен акциздік марканы қолдан жасау, пайдалану, иелену және сатудан келетін зардаптарды салыстыра отырып, екі норманы бөлек қарастырғанымыз дұрыс дейміз.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу әрекеттер көбіне топтық сипатқа ие. Қатысушылар жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды даярлау, сақтау және айналымға жіберуде бір-біріне көмектесіп отырады.

Өзбекстан Республикасының Қылмыстық кодексiнiң 176-бабының саралаушы бабында қылмысты қайталап жасау, не қылмысты рецидивистің жасауы, ірі мөлшерде, алдын ала ұйымдасқан топпен қылмыс жасау жағдайлары қарастырылады. Йемен Республикасының қылмыстық кодексiнiң 204-бабында жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не сатуды мына мән-жайлар ауырлатады:

- ел ішінде валюта құнының, не оның курсын шетел валютасына қарағанда төмендету. Әсіресе, АҚШ долларына қатысты: ұлттық валюта курсын шетел валютасына, мысалға, АҚШ долларына теңестіру ауырлататын мән-жай емес;

- ел ішінде, не шетелде мемлекеттік облигацияның құнын түсіру;

- азаматтарды ұлттық валютаға деген сенімін жою.

И.И.Карпец ғылыми еңбегінде жазаны ауырлататын мән-жайларды мүмкіндігінше толығымен тізбектеуге тырыса отырып жасаған. Қылмыстың тек ауырлығы ғана емес, қылмыскердің жеке басындағы ерекшеліктер де колония түрін, сондай-ақ ауырлататын мән-жайларды анықтауға негіз болады [80, 214-220 б.]. Қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жайлардың қатары Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 54-бабында шектеулі. ҚР жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар бойынша жаза тағайындауда ескеруді қажет ететін ауырлататын мән-жайларға мыналарды жатқызамыз:

- азаматтардың өз ұлттық валютасына деген сенімінен айыру;

- қылмыстық әрекеттің бағалы қағаз құнының күрт түсіп кетуіне алып келсе;

- қылмыстың нәтижесінде жәбірленушінің материалдық, моральдық ауыр зардаптар шегуі;

- жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды ірі мөлшерде жасауы, сақтауы, не айналымға жіберуі;

- бұрын осы қылмысы үшін, не ҚР ҚК 207-бабы бойынша қылмыстар үшін соттылығы бар тұлғаның ҚР ҚК 206-бабындағы қылмыстық әрекеттерді қайта жасауы.

Мемлекетте әділ жаза таза тағайындауда, қылмыскерлердің түзелуіне жағдай жасауда жеңілдететін мән-жайларды қарастырудың орны ерекше. Жеңілдететін мән-жайларға тұлғаның өз еркімен ақша бірлігінің жалған екендігін білмей қабылдап алып, кейін оны лажсыздан айналымға салып жіберуге мәжбүр болып (отбасындағы қиындықтар, т.с.с.), өз еркімен құқық қорғау органына қылмысты хабарлауын жатқызсақ болады.

Йемен Республикасының қылмыстық заңымен қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері басталғанға дейін және жалған ақшаны айналымға жібергенге дейін ерікті түрде уәкілетті органға қылмыс туралы хабарлаған тұлға жазадан босатылады. Қатысушыларды ұстауға көмегі бар қылмыс туралы маңызды мәліметтерді кінәлі тұлға тергеу басталғаннан кейін де хабарласа, тұлғаның әрекеттерінде басқа қылмыстық әрекеттер болмаса, қылмыстың зардаптарын жойса, сот тұлғаны жазадан босатуы мүмкін.

Іс-тәжірибеде, әсіресе, ақша-несие жүйесіндегі қызметтерге бұрын осы саладағы қылмыстары үшін қылмыстылық жауапқа тартылған тұлғаларды қызметке алатын жағдайлар кездеседі. Несие-қаржы институттарының звеноларын орталық банк (мемлекеттік және жартылай мемлекеттік банктер) банктік секторлар, сақтандыру секторлары, банктік емес несие қаржы институттары құрайды. Ақша-несие звеносындағы қызметшілерге зор жауаптылық жүктелінеді. Бағалы қағазды шығару, не тарату, ақшаға байланысты операцияларды жасау қызметтерін толық игерген, бұрын ҚР ҚК 206-207-баптарындағы қылмыстар үшін жауаптылыққа тартылған тұлғаның бұл қылмысқа қайта бармайтынына кім кепіл. Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-бабымен сотталғандарды, не соттылығы бар тұлғаларды ақша-несие саласындағы звеноларға қызметке тарту – бұл саладағы жауапты қызметтерді сенімсіз қолға тапсырумен бара-бар. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасағаны, сақтағаны, не сатқаны үшін жауапқа тартылғандардың 12,34% жеке коммерциялық ұйымдарда қызмет етушілер болып табылады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз ақша-несие жүйесіндегі қызметші-сотталушыға үш жылға дейінгі мерзімге белгілі қызметпен айналысу мен лауазымды қызметті атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолданған дұрыс деп есептейміз.

Іс-тәжірибеде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 206-бабындағы қылмыстық әрекеттерді жасаған тұлғаларды рақымшылдық еткен кездер болған. Мысалы, 1999 жылы ОҚО Шымкент қалалық сотында К.Х.Кучиев пен Б.А.Каримшихов айыпталуымен №1-406 қылмыстық іс қаралған. Іс бойынша Гелашвили С.-те жалған 400 АҚШ доллары болады. Ол ақшаны сатып берген жағдайда пайданың 30%-ын бермек болып, Каримшиков Б.-ға береді. «Саяхат» базарына келіп, тұлға 24 пар нәски алып, сатушыға Гелашвили АҚШ долларымен есептесуді келіседі де, Б.Каримшиков болса есептеседі. Каримшиков қылмыс үстінде ұсталынады, ал Гелашвили болса қашып үлгереді. Каримшихов пен Кучиев жалған ақша мен бағалы қағазды сату мақсатында сақтаған және айналымға жібергені үшін Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексiнiң 206-бабының 1-тармағымен 3 жылға бас бостандығынан айырылады. «Ұрпақ жалғастығы мен бірлігі жылы болуына байланысты рақымшылық» туралы заңның 3-бабы негізінде қылмыскерлер жазадан босатылады.

Мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына қол сұғатын, күні бүгінге дейін қоғам үшін қауіпті болып келген жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды айналымға жіберу мақсатында жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар үшін қылмыскерге рақымшылық беру әділ шара болмас еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет