Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012


БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРҒА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАР ҮШІН ЖАЗА



бет5/12
Дата15.12.2016
өлшемі2,48 Mb.
#3963
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

1.8 БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРҒА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАР ҮШІН ЖАЗА
Бағалы қағаздар нарығын қылмыстық құқықтық қамтамасыз етуді жетілдірудегі ең қажетті ғылыми мәселелердің қатарында қылмыстық іс-әрекеттерді жасағаны үшін жазалау тұр.

Кез келген мемлекет қылмысқа қарсы күрес жүргізуде әлеуметтік ұйымдастырушылық, экономикалық, тәрбиелік, рухани шараларды кеңінен қолдануға тырысады. Өйткені, қылмыстық құқық саясаты жалпы мемлекет саясатының белгілі бір қажетті түрі бола тұрып, жан-жақты шараларды, әсіресе қылмыстық әрекет пен әрекетсіздіктің алдын алуға арналған кешенді шараларды қамтиды.

Қылмыстық құқықтық шаралар - қажетті, мәжбүрлі түрде пайдаланатын «амалсыз» шаралар. Сондықтан да қылмыстық шара мемлекеттік күштеу шарасы ретінде тек арнаулы, заңда көрсетілген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Қылмыс жасаған адамдарға жаза қолдану мемлекеттің атқаратын функцияларының бірі ретінде қарастырылады. Әсіресе, ауыр немесе ерекше ауыр қылмыс жасағандарға соған сәйкес ауыр қылмыстық құқықтық шаралар құрамына тек қылмыстық-құқықтық шаралар ғана емес, сонымен бірге басқа да құқықтық (азаматтық, әкімшілік, тәртіптік т.б.) шаралар жатады. Қылмыстық шара мемлекеттік күштеу шараларының бір түрі.

Қылмыстық құқық теориясында кеңес заманынан бастап қазіргі кезге дейін жазаның мақсаты төңірегінде әртүрлі пікірлер болған. Белгілі бұл пікірлер бірде жаза мақсаттарының мазмұнына қатысты туса, бірде ондай пікірдің тууына жаза мақсатының саны негіз болып келеді. Мысалы, орыс заңгер-ғалымы С.В.Познышев, жазада тек қана бір мақсат болуы керек» дегенді айтса [43, 52 б.], белгілі заңгер профессор Р.Т.Нұртаев жазаның мақсатын «үш бірлік» деген пікір айтады [44, 91 б.].

Профессор А.Мамытов жазаның мақсатына мыналарды жатқызады: біріншіден, қылмыс істеген адамды қайта тәрбиелеу, екіншіден, қайта тәрбиелеу арқылы қылмыс істеген адамды қайтадан қылмыс істемеуге бет бұрғызып, тұрақты қалыпқа түсіру, үіншіден, қылмыс істеген адамның сазайын тарттыру арқылы басқа адамдарға да қылмыс істеуден бас тартуға ықпал жасау [45, 129 б.]. Бүгінге дейін жазаның мақсаты – қылмыскерді түзеу және оны қайта тәрбиелеу болып келген. Ал соңғы кезде «қайта тәрбиелеу» мақсатын алып тастап, жазаның айрықша мақсаты тек қана «сотталған адамды түзеу» дейміз. Оның себебін профессор Б.Ж.Жүнісов былайша түсіндіреді: «Қайта тәрбиелеу мақсатын қылмыстық құқық құралдарымен байланыстырудың тіпті қажеті жоқ. өйткені, қайта тәрбиелеу дегеніміз мәжбүрлеу болып саналатын шектеулердің кешені, яғни жиынтығы» [46, 9 б.].

Осыған сәйкес жаңа қылмыстық заңның 38-бабының 2-бөлігінде жазаның мақсаты былайша белгіленген: «жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады».

Жалпы қылмыстық жаза теориясында қалыптасқан пікір бойынша жазаның бір мақсаты «арнайы сақтандыру» қарастырылған. Мәселе жеке адам туралы, оны екінші рет қылмыстық іс-әрекет пен әрекетсіздіктен сақтап қалу болғандықтан, авторлар «арнайы сақтандыру» ұғымының орнына «нақты адамды қылмыстан сақтандару» дегенді қолдануды ұсынады [47, 55 б.]. Өйткені, қылмыстан сақтандырудың екі түрінің де тек адамға байланысты екені анық. Біріншіде, қылмыс жасаған нақты тұлғаны, екіншіде басқа да қоғам мүшелерін қылмыстан сақтандыру туралы айтылып отыр.

Жазаның мақсаты кек алу емес, әрбір қылмыскер өзінің теріс әрекетінен жапа шегуі керек. Белгілі бір қылмыс үшін қолданылатын жазадан келетін зиян қылмыс жасаушының тек өзінің жеке басына бағытталуы қазіргі күнгі қылмыстық құықтың басты шарттарының бірі. Сондықтан қолданылатын жаза сотталушының отбасына, туыс-жекжаттарына немесе үшінші біреулерге бағытталмауы тиіс. И.И.Карпецтің пікірінше, қылмыстық жазаны жеке даралау қағидасы дегеніміз – жасалған қылмыстың сипатын, қоғамдық қауіптілік дәрежесін, жеке басын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайды ескере отырып, жазаны тағайындау арқылы, тәрбие және сазайды тарттыру мақстаны алға қойып, сотталғандарды түзеу және қайта тәрбиелеу, сондай-ақ оларды және басқа адамдарды жаңа қылмыс жасаудан алдын ала сақтандыру болып табылады.

Енді қарастырып отырған қылмыстарға тоқталсақ.

Тәуелсіз мемлекеттердің қылмыстық заңнамаларын салыстыра отырып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде бағалы қағаздар нарығындағы қылмыстар үшін (бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберуге тікелей қатысы бар қылмыстарды) қылмыстық жауаптылық бөлшектеп қамтылғанына көз жеткіземіз.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде бұл қылмыстық әрекеттер үшін келесі жаза түрлері белгіленген: айыппұл, мүлкін тәркілеу, белгілі лауазымды, белгілі қызметті атқару құқығынан айыру, қамау, түзеу жұмыстары мен бас бостандығынан айыру.

Бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберуге тікелей қатысы бар қылмыстардың (алты) арасында тек бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу (ҚР ҚК 205-бабы), жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау немесе сату (ҚР ҚК 206-бабы) жөніндегі қылмыстар үшін ғана бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады, ал басқа жағдайларда заң шығарушы көбіне айыппұлды қолдануға тырысқан.

Бұл сұрақты дәл осылай шешудің біздің ойымызша жаны бар, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексімен бекітілген заңдылық, азаматтардың заң алдында теңдігі, кінәнің даралығы, әділеттілік, ізгілік қағидаларына жауап береді. Дегенмен де, бізді экономика саласындағы аталған қылмыстар үшін мемлекет пен қоғам мүддесіне тиімді, сондай-ақ әділ жаза заңмен белгіленген бе деген сауал ойландырады.

Бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберуге тікелей қатысы бар қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі тұлғалардың жеке басындағы ерекшеліктермен ҚР ҚК бағаланып отырған нормалардың диспозициясында қарастырылған іс-әрекеттерді салыстырып, жаза түрлерін бағалай келе, не қамау, не түзеу жұмыстары жазалау мақсатын қамтамасыз ете алмайды. Дәл сол сияқты заң шығарушының тәрбиелеу және алдын алу жағынан ұқсас қылмыстық жаза түрлерін таңдауы, біздің ойымызша, қылмыстық жазаланатын әрекеттердің мәнін аша алмайды және қылмыстық қолсұғушылықтан бағалы қағаздар нарығын қорғай алмайды. Заң шығарушы жалғыз ғана мақсатты көздейді, ол бұл мәселені шешудің формальды жолын таңдап отыр, яғни жазаны жекешелендіру үшін сотқа жаза түрлерін қолдануға зор мүмкіндік беріп отыр.

Бағалы қағаздар нарығындағы қылмыстармен күресуде жазаның ең тиімді түрі – айыппұл.

Қылмыстық жазаның түрі ретінде, ақшалай өндіріліп алынатын айыппұл қылмыскердің қоғамға жат санасының түзелуіне мүмкіндік береді. Бұл жерде сотталушының материалдық жағдайы мен айыппұлдың мөлшері сияқты компоненттердің үйлесімділігі өзге мәселе. Іс-тәжірибе көрсеткендей, айыппұл мен материалдық сипаттағы басқа де санкциялар алдын ала тергеу, сот талқылауы, үкімнің орындалуы барысында қылмыстың жалпы және арнайы алдын алу үшін маңызы зор.

Қылмыстық жазаның бір түрі ретінде айыппұл қылмыстық құқықтық әдебиеттерде әртүрлі бағаланады. Оның жағымды жақтары: қылмыстық құқықтық әрекеттер үшін қатаң шараларды қолданбай-ақ қылмыскердің мінез-құлқын түзету мүмкіндігі бар; бас бостандығынан айыру орындарда тұлғалардың санын азайтады, ол қоғамда әлеуметтік жағдайдың жақсаруына септігін тигізеді; меншікті қолсұғушылықтан қорғаудың жолы ретінде Қылмыстық кодексте жүктелген міндеттерді орындаудың экономикалық тиімді жақтары болады және т.б.

Алайда, бұл қылмыстық жазаның да өзіндік кемшіліктері бар. Бәрінен бұрын мемлекетте халықтың әлеуметтік жағдайы әркелкі, үлкен экономикалық теңсіздік байқалады. 10% ең бай азаматтар мен 10% ең кедей халықтың кірістерінің айырмашылығы 20 еселенген. Мұндай жағдайда азаматтардың заң алдындағы теңдік қағидасын қамтамасыз ету мүмкін де емес. Мемлекеттегі нақты экономикалық жағдайды ескере отырып, заң шығарушы негізінен нақты орындалу мүмкіндігін пайдаланып, айыппұлдың көлемін анықтайды.

Әлеуметтік және экономикалық зерттеулер көрсеткендей, айыппұлдың мөлшері келтірілген материалдық залалдан артық төленсе, қылмыстық жазаның бұл түрі тиімді болар еді.

Кері жағдайда келтірілген залалдың орнын толық немесе бөлшектеп толтыру мәселесін шешуге болады, бірақ ол бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың құқықтық жүріс-тұрысына әсер ете алмайды. Осыған орай, құқықтық тәжірбиеде еселеніп төлеу институтының орны ерекше және де мүліктік сипаттағы құқық бұзушылықтарда кеңінен қолданылады.

Соңғы уақыттарда заң шығарушы айыппұлдың көлемін анықтау тәртібіне айтарлықтай өзгеріс енгізді, оның төменгі және жоғары шектері белгіледі. Айыппұлдың көлемінің көбеюі мен оның шегін анықтаумен біршама мәселелер шешілгендей және елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді назарға алынғандай. Алайда, тәжірбие көрсеткендей, қылмыстық құқықтық нормалардың санкцияларындағы айыппұлдың көлемі, олардың төменгі және жоғары шектері әлжуаз анықталған-ды. Ешқандай экономикалық, жоспарлы-қаржылық, криминологиялық бағалаулар жасалынбаған. Нәтижесінде негізсіз санкция қолданыста тиімсіздеу болып келеді.

Қозғалған мәселенің көп жоспарлылығы мен күрделігін назарға ала отырып, заңымызда айыппұлдың шектерін анықтау барысында сотпен міндетті түрде есепке алынған қылмыскердің, оның отбасының жағдайы туралы мәліметтердің негізінде қылмыстың ауырлығын есепке алып, айыппұл көлемін максималды бағалау қажет.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі Агенттігі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Құқықтық Саясат жөніндегі Кеңес кәсіпкерлікті қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексін және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексті одан әрі жетілдіруге байланысты бірнеше ұсыныстар әзірлеген. Сол ұсыныстардың бірінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 39-бабында қарастырылған жазалардың түріне жаңа жаза – материалдық шығындарды екі еселеп өтеуді қосқан. Аталған кодекстің 39-бабының 1-тармағын «материалдық шығындарды екі еселеп өтеу» ж-1), сондай-ақ 2-1 тармағына «189-227-1-баптарда қарастырылған қылмыстар үшін материалдық шығындарды екі еселеп өтеу белгіленеді» деген толықтыруларды енгізу көзделген. Бұл ұсынысты уәкілетті орган төмендегідей түсіндіреді: Сот практикасында экономикалық қылмыстардан келген зардаптар азаматтық сот өндірісі тәртібімен жүзеге асырылып жатады, ал бұл тиімсіз. Сондықтан да жәбірленушінің бұзылған материалдық құқықтарын қылмыстық-құқықтық құралдардың, материалдық шығындарды екі еселеп өтеу түріндегі жазаның көмегімен қалпына келтіру орынды. Әрине, қылмыстық іс жүргізу құқығынан бөлек, қылмыстық құқықта да жәбірленуші мәселесі өз кезегімен тиісті деңгейде көтеріліп, оның құқықтары қамтамасыз етіліп жатса, ол тек құпталатын жай.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне жаңа 46-1-бапты («Материалдық шығындарды екі еселеп өтеу») енгізу ұсынылған. Онда жаңа жаза түрінің ұғымы ашылған. Екі еселеп өтелетін материалдық шығын - кінәлінің қылмыстық әрекетінің нәтижесінде келген материалдық зардаптарды екі еселенген мөлшерде өтейтін ақшалай соммасы. Материалдық зардаптың мөлшерін жасалынған қылмыстың ауырлығына байланысты емес, аудиттің немесе сараптама қорытындысының негізінде сот анықтайды. Екі еселеген мөлшерде өтелетін материалдық зардап мемлекет пен жәбірленушіге тең үлесте бөлінеді. Ал, егер жәбірленуші тек мемлекет болса, онда өтелінген зардап толығымен оның есебіне аударылады. Сотталушы материалдық зардапты үкім шыққаннан бастап бір жыл ішінде өтейді, ал егер де ол зардапты өтеуден көрінеу жалтарса, онда бұл жазаның түрі Қылмыстық кодекстің 48-бабындағы ережені сақтай отырып, онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін екі еселенген материалдық шығындарды өтеу түріндегі жаза екі жылға дейін және сәйкесінше бес жылға бас бостандығынан айыру жазамен алмастырылады.

Біздің ойымызша, бұл шаралар қылмыстық құқықтық механизмдер келешегіне әлеуметтік әділдікті қайта қалыптастыруға септігін тигізеді.

Тақырыпша бойынша сұрақтар:


  1. Бағалы қағаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін жаза тағайындаудың маңызы қандай?

  2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде бұл қылмыстық әрекеттер үшін қандай жаза түрлері белгіленген?


2 БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРҒА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАР ҚҰРАМЫ
2.1 ЭМИССИЯЛЫҚ БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫ ШЫҒАРУ ТӘРТІБІН БҰЗУ (ҚР ҚК 202-бабы)
Динамикалы түрде дамып отырған бағалы қағаздар нарығы өзіне тән қиын болжанатын қиянат етушілік пен құқық бұзушылықтар тудыруда. Азаматтық құқықтық және әкімшілік тәсілдермен олардың алдын алу іс-тәжірбиеде жеткілікті нәтиже бере қоймады.

Іс-тәжірбиеде барлық жағдайларда олардың көмегімен қатынастарды реттеу, әсер ету тиімсіздеу шара екендігіндігі байқалды. Мұнда әңгіме әкімшілік құқықтық жауапкершілікті көздеуші нормалардың сапасында, не болмаса мазмұнында, не құқық бұзушылық үшін белгіленген санкция көлемінде емес.

Ғалымдардың пікірлерінше, бағалы қағаздар нарығындағы қиянаттың табиғаты, құқық бұзушылардың мінездемесі сондай-ақ құқықтық реттеу үшін көзделген әкімшілік жауаптылықтың әсері бұл қаржылық-ұйымдастыру саласындағы құқық бұзушылықтармен нағыз күрес құралы бола алмай отыр. Бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде бағалы қағаздар нарығындағы қылмыстар үшін құқықтық жауапкершіліктің түрлерін кеңейту қарастырылды. Осы ретте қолданыстығы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде (2007 жылдың 15 мамырдағы өзгерістер мен толықтыруларымен) бірнеше баптар көзделді: 202-бап – эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару тәртібін бұзу; 202-1-бап – бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамның ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер беруі; 203-бап – бағалы қағаздарды ұсынушылар тізіліміне көрінеу жалған мәліметтер енгізу; 204-бап – бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының көрінеу жалған мәліметтер беруі; 205-бап – бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу, 206-бап – жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау немесе сату.

Көрінеу сенімсіз ақпараты бар эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектісін бекіту, сондай-ақ эмиссиялық бағалы қағаздар шығару жөніндегі сенімсіз есепті бекіткені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабында қылмыстық жауаптылық көзделген.

Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзудың (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабы) қоғамға қауіптілігі сол, ол елдің экономикасына елеулі зардаптар алып келеді.

Қылмыстың объектісі – қылмыс құрамының маңызды элементі: ол оның әлеуметтік мәнін, қылмыс ауырлығының дәрежесі мен мінезін анықтайды. Әрекеттің объектісі маңызды, құнды болған сайын, ол қауіпті болады. Қылмыстың тікелей объектісі – бағалы қағаздарды шығару (эмиссия) тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады, деп келтіріледі көпшілік оқулықтарда.

РФ Қылмыстық кодексінің 185-бабында («Бағалы қағаздар нарығындағы қиянат») аталған қылмыстың тікелей объектісі бағалы қағаздар нарығын реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады, деп көрсетеді К.Е.Мельников [48, 214-215 бб.]. Б.В.Яцеленконың ойы да осы пікірге жақын, ол бағалы қағаздар эмиссиясы бойынша қалыптасқан қоғамдық қатынастар қылмыстың объектісі болады, деп пайымдайды. Осы ойды Т.Ю.Погосян, Н.Н.Афанасьев бағалы қағаздарды эмиссиялаумен қатар, айналымға жіберуге байланысты туындайтын қоғамдық қатынаспен толықтырады [49, 311 б.; 115, 332-339 б.].

Б.С.Леонтьевтің көзқарасы да осы пікірге ұқсас, ол бағалы қағаздар иелері инвесторлардың мүдделеріне аталған қылмыс қол сұғады, деп есептейді [50, 66 б.]. Мұнда бағалы қағаздар эмиссиясындағы қиянатта инвесторлардың пайдасына зиянын келтіріп қоймай, эмитенттердің өзіне де үлкен қайшылық тудырады, себебі бағалы қағаз нарығының беделі, атқарылатын қызметтерінің нәтижелі, жемісті болғаны эмитент және басқа да субъектілер үшін де пайдалы. Осы орайда И.Камыниннің, қарастырылған қылмыстардың объектісі қор нарығында қалыптасқан қатынастар, эмитенттер, инвесторлар, акционерлердің, бағалы қағаздар нарығына қатысушы басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері болып табылады, деген пікірімен келісе аламыз [51, 6 б.].

Б.В.Волженкин болса, бұл қылмыстың тікелей объектісі, ол инвестициялау объектісі эмиссиялық қағаздар болып саналатын заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталатын нормалар, дей отырып, қылмыстық әрекеттердің қылмыстық нормаға қол сұғатындығын алға тартады [52, 366 б.].

Н.А. Лопашенко, талқыланып отырған қылмыстың экономикалық қызмет субъектілерінің адалдығы қағидатына қол сұғатынын айтады. Кінәлі мемлекет, өз серіктестерінің немесе клиенттерінің, шаруашылық субъектілердің, азаматтардың сеніміне ие бола отырып, өз пайдасы үшін оларға ірі мөлшерде залал келтіреді [53, 106 б.].

Г.Г.Дашкова айтылған пікірлерді бағалай отырып, аталған қылмыстың тікелей объектісін бағалы қағаздарды заңды шығаруды (эмиссиялауды) және олардың иелерінің мүдделерін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар, деп түсінеді.

Тікелей объекті жөнінде айтылған әрбір анықтаманың өзіндік басымдықтары мен кемшіліктері бар. Олардың арасында аса айырмашылықтар да жоқ. Бұл берілген түсініктерді бағалы қағаздар нарығын қылмыстық құқықтық қорғаудың жалпы және жеке мәселелерін шешу барысында қолдануға болады.

Сонымен, эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару тәртібін бұзудың тікелей объектісі бағалы қағаздарды шығару процесіндегі нақты қоғамдық қатынастарға түсушілердің қылмыстық заңмен қорғалынатын мүдделері деп қаралуы керек.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабындағы қылмыстық іс-әрекеттің заты бағалы қағаздар, бағалы қағаз эмиссиясының проспектісі, бағалы қағаз нарығын шығару қорытындысының есебі болып табылады.

Қарастырылып отырған қылмыстың бірінші заты – бағалы қағаздар.

Бағалы қағаздардың экономикалық мазмұнына түсінік бере отырып қана бағалы қағаздар айналымы мен қабылданған шығару тәртібін бұзатын қылмыстардың заты мен объектісінің мәні мәселесі нақтыланады. Арнайы әдебиеттерде ол келесі түрде қалыптасады: бағалы қағаз – өндіріс пен ақша нысындарынан айырмашылығы бар, капитал қалыптастыратын, нарықта тауар ретінде айналып, табыс әкеле алатын тауар. Бұл капиталдың өмір сүруінің ерекше нысаны, ол ақша, өндіріс пен тауар нысандарымен қатар жүреді. Оның мәнісі мынада, оның иесінің қолында капитал болмайды, бағалы қағаз формасында сақталып тұрады.

Арнайы әдебиеттерде бағалы қағаздардың барлық түрлері мен типтері ажыратылып, қылмыстық құқықтық зерттеу мақсатында қолдануға қолайлы түрлері келтірілген. Түр – басқалардан табыстылығымен, айналым мерзімімен, эмитентіменен (мемлекеттік немесе корпорациялық) ажыратылатын қандай да бір бағалы қағаздың сапалық мінездемесі; тип – қандай да бір жалпы белгілері бойынша топтасқан әр түрлі бағалы қағаздардың үйлесімі. Бағалы қағаздың әрбірі қаржылық инструменттерге жатқызуға болатын белгілі бір түрлерге ие: акциялар, облигациялар, банктік сертификаттар, фьючерстер, опциондар, варанттар, шетел чектері мен вексельдері, т.б. Оның белгілеріне тән жарғылықты анықталған бағалы қағаздар типтеріне құжатты және құжатсыз, қарызды және үлесті, талап ететін және талап етпейтін мемлекеттік тіркеулер; мемлекеттік, жеке тұлғалардың бағалы қағаздары, корпоративті, пайызды, пайызсыз, нарықтық және нарықтық еместер жатады.

Бағалы қағаздар 3 топқа бөлуге болады. Бірінші топ – бұл инвестициялық бағалы қағаздар, оған акциялар, облигациялар, депозиттік және жинақ сертификаттары кіреді. Екінші топ – бұл коммерциялық бағалы қағаздар. Олардың ішінде: шетел векселі, чегі, ұсынушыға деген банктік жинақ кітапшасы. Коммерциялық бағалы қағаздар жазбаша түрде түзіліп және құжатты түзген, шығарған тұлғаның қолымен қойылады.

Инвестициялық және коммерциялық бағалы қағаздардың құқықтық табиғаты айтарлықтай айырмашылығы болады. Осылайша, акциялар, облигациялар, жинақ және депозиттік сертификаттар қарастырылған заңды тәртіпте пайда болатын мүліктік құқықтық бірігуінен тұрады. Бұл құқықтар бағалы қағаздар бойынша табыс табудан құралады. Шетел чектері мен вексельдері, жинақ кітапшалары түріндегі коммерциялық бағалы қағаздар мүліктік қатынастар кезінде пайда болатын техникалық мінезді құжаттарды рәсімдеу үшін қажет.

Бағалы қағаздардың үшінші тобын мемлекеттік бағалы қағаздар құрайды, жекелеп айтқанда, мемлекеттік облигациялардан тұрады. Мемлекеттік бағалы қағаздар инвестициялық бағалы қағаздарға ұқсас, бірақ соңғысымен аз тәуелділікке барумен айрықшаланады.

Ғылымда бағалы қағаздардың ерекше, әрі қажетті классификациясы орын алған: эмиссиялық және эмиссиялық емес. Бағалы қағаздар нарығын шығару процесі кредитор мен эмитенттің субъективтік қасиеттеріне негізделген, олардың іскерлік өзара әрекеттерінің қарқындылығы және жиілігі ескерілген. Мысалы, сенімге негізделген серіктестер арасында өзара әрекеттестік, яғни өзара мүліктік құқықтары мен міндеттері эмиссиялық емес бағалы қағаздар арқылы іске асырылады.

Эмиссиялық бағалы қағаздар – эмиссия шегінде біртектес белгілерге және реквизиттерге ие болатын, осы эмиссияға арналған бірыңғай ережелер негізінде орналыстырылатын және айналысқа түсетін бағалы қағаздар. Олар құжатсыз нысанда шығады. Меншік нысанына қарай эмиссиялық бағалы қағаздардың мынадай түрлері белгілі: мемлекеттік және мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар.

Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар – мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар болып табылмайтын акциялар, облигациялар және өзге де эмиссиялық бағалы қағаздар.

Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз – қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болатын қарызға қатысы жөнінен ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз.

Шетелдік мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз – қарыз алушы шет мемлекеттің Үкіметі болатын қарызға қатысты ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз, не шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес мемлекеттік бағалы қағаздарға жатқызылған өзге де бағалы қағаз.

Қазақстанның Даму Банкі өз функцияларын орындау мақсатында, Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Қазақстан Республикасы Агенттігінің лицензиясынсыз ұлттық валютамен де, шетел валютасымен де эмиссиялық бағалы қағаздар шығарады.

Эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздардың азаматтық құқықтар объектісі ретінде пайда болуына бағытталған іс-әрекеті немесе орналастырылуы, айналыста болуы және өтелуі осы эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы проспектісіне сәйкес жүзеге асырылатын белгілі бір бағалы қағаздардың жиынтығы эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын береді. Уәкілетті орган бағалы қағаздардың шығарылғанын тіркеуден өткізген соң ол жарияланған эмиссиялық бағалы қағаздар деген атау алады.

Облигациядан айырмашылығы акция, ол қандай да заңды тұлғаның – акционерлік қоғамның қатысушысы ретінде оның иегерінің құқығын куәландыратын атаулы эмиссиялық бағалы қағаз. Осы құқықтар қатарында - өтімділік квотасын алу құқығы. «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңға сәйкес, барлық акционерлік қоғамдардың акциялары атауға ие. Бір тұлғаға бағалы қағазды беруде соңғысына бағалы қағаз куәландыратын барлық құқықтар өтеді.

Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру регламентацияны және мемлекеттік органдардың тарапынан бақылауды аса қажет етпегендей. Оларды мемлекеттік тіркеуден өткізу туралы «Бағалы қағаздар рыногы туралы» заңда айтылмаған.біздің пікірімізше, мемлекеттік тіркеуден бағазы қағаздарды өткізу мемлекеттік те, мемлекеттік емес бағалы қағаздар үшін бірдей талап болуы тиіс.

«Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заң эмиссиялық бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының шығарылуы, орналастырылуы, айналыста болуы және өтелуi процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды, бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң құрылуы мен қызметi ерекшелiктерiн реттейдi, бағалы қағаздар рыногының қауiпсiз, ашық түрде және тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, инвесторлар мен бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтарын, бағалы қағаздар рыногы қатысушыларының адал бәсекесiн қорғау мақсатында бағалы қағаздар рыногын реттеу мен қадағалау тәртiбiн айқындайды. Бұл заңның атауы жалпы «бағалы қағаздар рыногы» ұғымын қамтып тұрған жоқ, сондықтан да не заңның атауын «Эмиссиялық бағалы қағаздар рыногы туралы» ҚР Заңы деп, не бұл заңға эмиссиялық емес бағалы қағаздарды шығару және айналымда жүргізу тәртібін де қамтып кетуі керек.

Бағалы қағаздардың тек екі түрін ғана эмиссиялық бағалы қағаздарға жатқызуға болады. Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару тәртібін бұзу жөніндегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабында қарастырылған қылмыста сөз тек эмиссиялық бағалы қағаздар жөнінде болмақ. Бұл баптың негізгі мәні бағалы қағаздарды шығару, яғни эмиссиялау процесіндегі талаптарға қатысты болғандықтан, тек эмиссиялық бағалы қағаздармен ғана (акция және облигациямен) шектелгені дұрыс емес. Сондықтан да бұл норманың атауында тек «эмиссиялық бағалы қағаздар» деген терминнің орнына «бағалы қағаздар» ұғымын қолданған жөн.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет