Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012



бет3/12
Дата15.12.2016
өлшемі2,48 Mb.
#3963
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Тақырыпша бойынша сұрақтар:

  1. Бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге тікелей қатысты қылмыстардың барлық тобына кінәнің қандай нысаны тән?

  2. Бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге тікелей қатысты қылмыстар қандай мақсат, ниетпен жасалынуы мүмкін?

  3. Аталған қылмыстың сатыларына тоқталыңыз.



1.4 БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫ ШЫҒАРУ МЕН АЙНАЛЫМҒА ЖІБЕРУГЕ ТІКЕЛЕЙ ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ СУБЪЕКТІСІ
Қылмыстың міндетті элементтерінің бірі – қылмыс субъектісі.

Бағалы қағаздар нарығындағы қылмыстардың субъектісі қылмыстық әрекеттерді жасаған, жасы 16-ға толған, есі дұрыс, жеке тұлға болуы тиіс.

В.Р.Щавинский болса, Украина Республикасы Қылмыстық кодексінің 223-бабы бағалы қағаздарды шығару (эмиссиялау) мен айналымға жіберу тәртібін бұзудың субъектісі – шаруашылық қызмет субъектісі азаматтар және лауазымды тұлғалар – эмитенттер – азаматтыларға сүйенсек, кейбір жағдайларда 14 жасқа толған тұлға бола алады деп есептейді [13, 17 б.].

Қылмыс субъектісін негізгі және қосымша белгілер сипаттайды. Субъектіні мына белгілер сипаттайды: жеке тұлға, тұлғаның есінің дұрыстығы, қылмыстық жауаптылық жасқа толуы. Қосымша белгілердің жиынтығы жөнінде бірыңғай көзқарас жоқ. Р.О.Орынбаев арнайы субъектіні сипаттайтын белгілерді төмендегідей топтайды [14, 57-65 б.]:

- құқықтық жағдайын сипаттайтын белгі (шетел азаматы, ҚР азаматы);

- мамандығы мен қызметін сипаттайтын белгілер;

- жәбірленуші мен кінәлінің байланысын сипаттайтын белгілер (ата-анасы, қамқоршысы, баласы);

- физикалық жағдайын сипаттайтын белгілер (ер, әйел, жасөспірім).

Э.Ф.Фролов, Р.Р.Галиакпаров арнайы субъектіні сипаттайтын белгілерге рецидивистікті де жатқызады [15, 92 б.]. Арнайы субъектінің анықтамасын Н.С.Лейкин мен Н.П.Грабовская нақты ашады: «Арнаулы субъект, қылмыстық норманың диспозициясындағы көрсетілген нақты ерекшеліктерге ие болып табылады [16, 367 б.].

Бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберуге тікелей қатысы бар қылмыстардың субъектілері (ҚР ҚК 202, 202-1, 203, 204, 205, 206-баптарында) – негізінен арнайы, тек ҚР ҚК 206-бабында жай субъекті. Оларға тән мына белгілерді атап өтуге болады: лауазымы, атқаратын қызметінің сипаты, мамандығы, қылмысқа ұзақ уақыт бойы даярланатындығы, банктік мекеме жұмыстарының әдісімен таныс болуы, техникалық бағытта бірнеше эксперименттерді жасап көруі, тиісті материалдармен иемденуі және т.б. Бұл қылмыстарды түсетін пайдадан белгілі бір үлес алуға келісім беретін басшылардың және қаржы-несие қызметкерілерінің қатысуынсыз жасау мүмкін еместігі аталған қылмыстардың өзіндік ерекшелігі болмақ. Бұл саладағы қылмыстардың басым бөлігі көп сатылы қылмыстар және адамдардың тобымен жасалынады. Оның себебі, қаржы операциясына белгілі көлемде мекемелер немесе бөлімшелер, көп қызметкерлер қатысады, құжат айналымы күрделі, операциялардың мерзімі де шектеулі болып келеді.

Бұл қылмыстар үшін арнаулы субьекті – ұйымның лауазымды адамы – тіркеуші, ұйым-эмитент басшысы, басшы, бас бухгалтер, бағалы қағаздарды шығарудың және орналастырудың қорытындысы туралы есепке қол қойған тексеру комиссиясының төрағасы, уәкілетті органның бағалы қағаздар шығару жөніндегі көрінеу жалған есепті бекіткен лауазымды адам және т.б.

Бағалы қағаздар нарығының субъектiлерi:



  1. Жеке және институционалдық инвесторлар, эмитенттер, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары, сауда - саттықты ұйымдастырушылар және өзiн - өзi реттейтiн ұйымдар бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi болып табылады.

  2. Жеке инвесторлар эмиссиялық бағалы қағаздарға инвестицияны дербес немесе брокерлiк және дилерлiк қызметтi немесе инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиялары бар бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушылары көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асырады.

Инвестор – кіріс табу мақсатында бағалы қағазға қаражат салушы жеке және заңды тұлға. Нарықтық айналымдағы бағалы қағаздарды бәсекелестік кезеңінде эмиссиялау механизмі шығындармен қатар біліктілікті және арнайы кәсіби білімді қажет етеді. Эмитенттер кәсіби дилерлер, брокерлерге жүгінеді.

Дилер – ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында және ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында оған тікелей кіру құқығымен өз мүдделерін көздеп және өз есебінен эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелер жасайтын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы. Брокер – клиенттің тапсырмасы бойынша, оның есебінен және мүдделерін көздеп, эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелер жасайтын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы.

Эмитент – эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруды жүзеге асыратын тұлға. Бағалы қағаздардың шығарушысы (эмитенті) жөнінен сәйкесінше жіктеледі. Олардың эмитенттері мемлекет, жергілікті әкімшілік, корпорациялар, қаржы институттары және тағы басқа да заңды тұлғалар болуы мүмкін.

Андеррайтер – бағалы қағаздар нарығының брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар және эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнінде қызмет көрсететін кәсіби қатысушысы. Эмиссиялық консорциум – андеррайтерлердің эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнінде қызмет көрсету мақсатында бірлескен қызмет туралы шарт негізінде құрылған бірлестігі.

Бұл қылмыстарды талдағанда атап өткен жөн, бірнеше жылдар бойы қылмыстық құқықтық әдебиетте заңды тұлғаларды қылмыстың субъектісі деп мойындау мәселесі теориялық пікір‑талас тудырып келеді. Экономикалық қызметтер саласындағы қылмыстық қатынастар, соның ішінде бағалы қағаздар нарығында, бұл мәселе ерекше маңызға ие болып, тәжірибеге енуде.

Ғылымда заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылыққа тартылу мәселесі бірден пайда болған жоқ. Әдетте, заңды тұлғаны қылмыстың субъектісі деп танудың себебін экономикалық қылмыстармен, қоршаған ортаның ластануы, судың, жердің бұзылуымен байланыстырады. ХХ ғасырдың «жабайы капитализмнің көркею кезеңінде, мемлекет елдегі қаржылық‑шаруашылыққа әсер ету әрекетінен айырылды. Мұндай жағдай өз уақытында экономикасы жоғары дамыған мемлекеттерге де тән, бірақ олар күрделі мәселені жеңе білді. Мысалы, АҚШ ұлы қақтығысты жеңу кезінде қылмыстық істерді қарастырғанда жауапкершіліктің азаматтық құқықтық теориясы қабылданды, онда корпаркцияның басшысына жағдайына қарамастан айып тағылады. Корпарацияның өзі қызметкерлерімен бірге жауапқа тартылады. Онымен бірге АҚШ соттарының ойынша, корпорацияның пайдасына жасалған жеке тұлғаның қылмыстық әрекеттері үшін заңды тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылуы шарт. Қылмыстық іске қатысы бар басқа жеке тұлға ақталса да, ол жұмыс істеген корпорацияның қылмыстық жауаптылыққа тартылуына кедергі болмайды.Тек корпорацияның қызметкерлері өзінің пайдасына қылмыстық әрекетке барғандығы дәлелденген жағдайда ғана, корпорация қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Экономикалық бағыттағы заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тартудың Американдық тәжірибесі жеке тұлғаларды тарту үйлесімділігімен тиімдірек. Экономикалық қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікке заңды тұлғалармен қатар басқа ұйымдардың да тартылу әбден мүмкін.

Кейбір авторлардың пікірінше, егер заңды тұлға қылмыстың субъектісі деп танылса, онда мемлекет корпорациялармен, ұйымдармен, кәсіпорындармен өз қатынастарын азаматтық құқықтың және әкімшілік әдістермен реттеу мүмкіндігінен айрылады, себебі тұлға мен мемлекет арасындағы қатынасты құқықбұзушылықты қылмыстық құқықтық ережелермен реттеу ең соңғы шара екендігі жалпы мойындалған факт болып табылады [17, 20 б.].

Зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізбей, әрине, заңды тұлғаны субъект ретінде барлық қылмыстарға тануға болмайды, себебі, жекеленген қылмыстар үшін бұл жағдай нәтижесіз. Қылмыстың арнайы субъектісі ретінде заңды тұлғаны қарау үшін мынадай мәселелерді қайта қарау қажет, деп есептейді В.И.Жуковский:

- қылмыстық заңда арнайы субъект түсінігі берілмеген, теориялық зерттеуде арнайы субъектінің белгілері қайта ойластырылады; заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тартуда қылмыстық құқықтық және іс-жүргізу саласындағы Жоғары Сот Пленумының қаулыларына қатысты күрделі мәселелер туындауы мүмкін,

- қылмыстық құқықтың негізгі институттары тамырын терең жайып, бірнеше онжылдықтарға жалғасын табатындықтан, заңды тұлғаны арнайы субъект ретінде қарағанда теория мен іс-тәжірбиеде қалыптасып қалған постулаттарын сақтай отырып, ҚК жалпы бөлімін көп өзгерту қажет емес;

- арнайы субъект жалпы субъектінің белгілерімен қатар, не Ерекше бөлім нормасының диспозициясымен, не жекеленген қылмыс түрінің ұғымымен анықталатын қосымша белгілерге де ие. Ерекше бөлімнің нақты нормаларын өзгерту жолымен заңды тұлғаны қылмыстың арнайы субъектісі деп тануға болады;

- заңды тұлғаны арнайы субъект ретінде мойындау жеке-жеке қарап, бірнеше нормалардың түзелуін қажет етуі мүмкін.

- заңды эксприменттің бұл түрі әрі қарайғы зерттеулер үшін репрезентативті база болады, заңды тұлға қылмыстың арнайы субъектісі ретінде қатысқан қылмысты істер бойынша шамалы ғана, қажетті тәжірбиені қалыптастырады. Кері жағдайда, бұл әрекеттер нәтижесіз аяқталуы мүмкін;

- ұсынылған құқықтық эксперимент қандай жағдайда да құқықтық ғылым мен тәжірбиені дамыту үшін пайдалы болар еді;

- заңды тұлғаны қылмыстың субьектісі ретінде қарастырған экспериментті жүргізуде әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін заңды тұлғаның кінәсін анықтайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің тәжірбесін ескерген жөн, себебі ондағы нормалар ҚК Ерекше бөлімімен тура келеді. Заңды тұлғаны арнайы субъект ретінде қарағанда бұл нормалар бланкетті сипат алады және басқа заңдармен және ведомстволық нормативтік актілермен белгіленген қандай да ережені бұзған деп таниды.

Расында да көптен бері ғалымдар арасында туындаған заңды тұлғаны қылмыстың субьектісі ретінде қарау жөніндегі пікір-талас тек атап өтілгендей құқықтық эксперименттің, күрделі ғылыми ізденістің нәтижесінде ғана өз шешімін табар еді.



Тақырыпша бойынша сұрақтар:

  1. Бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберуге тікелей қатысы бар қылмыстардың субъектілері кім?

  2. Бұл қылмыстар үшін арнаулы субьектілерге кімдер жатады?

  3. Бағалы қағаздар нарығының субъектiлерiн атаңыз.

  4. Заңды тұлғаны қылмыстың арнайы субъектісі деп тануға байланысты қандай пікірдесіз?



1.5 БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫ ШЫҒАРУ МЕН АЙНАЛЫМҒА ЖІБЕРУГЕ ТІКЕЛЕЙ ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ ОБЪЕКТІСІ
Қылмыс объектісі – бұл қылмыс құрамының міндетті элементі, «объектісіз» қылмыстар болмайды да. Қылмыстық құқық теориясында, қылмыс объектісі қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қарым қатынас, деген жалпылама ереже бар [18, 120-122 б.]. Бұл ұғымды жалпылама ережемен түсіндіру жеткіліксіз. Қоғамдық қатынас адамдар арасында рухани, тану қызметтері барысында пайда болады. Объектінің көмегімен қылмыстық емес әрекет-әрекетсіздікті қылмыстық әрекеттен, ұқсас қылмыстарды бір-бірінен ажыратуға мүмкіндік туады. Кез келген қоғамға қауіпті, қылмыстық заңда көрсетілген іс-әрекет объектіге қолсұғады. Қылмыстық қолсұғудың нәтижесінде объектіге нақты немесе елеулі дәрежеде зиян, шығын келеді, не шығынның келу қаупі туындайды. Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі қылмыс қол сұққан объектінің қай түріне әсер еткеніне де байланысты. Ол бір қылмыстың немесе біртектес қылмыстар тобының жекеленген белгілерін түсіндіру үшін қажет [19, 255 б.]. Іс-тәжірибеде объект нақты қылмыстық әрекет бағытталған қолсұғушылықты анықтаудың негізгі фундаменті болмақ.

Кеңес уақытында қылмыс объектісінің жүйесі нақты қалыптастырылып болды, деп есептелген. Сол кезде-ақ объектіні үш топқа бөлген: жалпы, топтық және тікелей. Қылмыстың жалпы объектісі деп қылмыстық жауаптылық көзделген барлық қоғамдық қарым қатынастардың жиынтығын айтқан. Ал, арнайы, не топтық объект – бұл белгілі бір салада кездесетін немесе қасиеттеріне қарай біртектес қоғамдық қарым қатынастардың тобы немесе оның белгілі бөлігі.

Кезінде атақты орыс заңгері Н.С.Таганцев қылмыс, ол нормамен қорғалынатын, сол елдің, сол уақытта маңыздылығы сонша, мемлекет амалсыздан оған қарсы бағытталушыға жаза қолданатындығын ескертетін, өмірлік маңызды мүддеге қолсұғатын әрекет, деген болатын [20, 45 б.].

Мүдде – белгілі бір қоғамдық қатынастың нақты көрінісі және бейнесі. Қылмыстық құқықтық қорғаудың объектісіне берілген мұндай түсінік қоғамдық қатынас түріндегі объектіні зерттеуде және ол туралы ұғымның қалыптасуында маңызы зор [21, 81 б.].

Егер жалпы және топтық объект қоғамдық қатынас болып табылса, «жалпы» және «жеке» категориялардың арақатынасы түсінігіне орай, тікелей объектінің те қоғамдық қатынас болуы шарт [22, 27-31 б.].

Осыған орай профессор Е.І.Қайыржановтың төмендегідей пікірі бар. «Қоғамдық қатынастар» деген жалпы категорияны «тікелей объектіге» қатысты айтқанда түсінбеушілік туындайды. Көптеген оқулықтарда «тікелей объект» деп жеке қылмыс бағытталған нақты қоғамдық қатынасты айтады. Бұны формальды түрде бір, не бірнеше қылмыс бағытталған, заңмен қорғалынатын нақты қоғамдық қатынас деп түсінетін жайлар бар. Демек, «тікелей» объект дегеніміз нақты қоғамдық қатынас емес, қоғамдық қатынастың жиынтығы болған. Сонда топтық, не арнайы және «тікелей» объект ұғымдары арасында қандай айырмашылық бар? Мұндай сұрақ оқу құралдарында да, ғылыми еңбектерде де жауабын таппай келеді.

Бұл сұрақты шешу үшін профессор Е.І.Қайыржанов қылмыс объектісін топтауда қоғамдық қатынастың нақты бейнесі – мүддені қолдануды ұсынады. Мүддесіз қоғамдық қатынас та жоқ. Қоғамдық қатынас адамдардың арасындағы сан қырлы байланыстардың жиынтығын білдіреді. Бұл байланыстар кластың, әлеуметтік топтың мүдделерін білдіретін материалдық, рухани, эстетикалық, құқықтық және басқа да сипатқа ие. Жеке тұлға бұл қатынастардың жекеленген материалды субстраты болады. Мүддені иеленуші (субъект) ғана емес, оның объектісі – мүддесі бар субъектілерді байланыстыратын әлеуметтік игілік те болады.

Мүдде – қоғамдық қатынастың нақты бейнесі, ол құқықтық нысанда нақты көріне алады. Барлық қылмыстар қылмыстық заңмен қорғалынатын қоғамдық, мемлекет, жеке тұлғаның мүдделеріне шығын келтіреді. Арнайы, не топтық объект белгілі топтың мүддесі болады. Топтың мүддесі бір, қатысушылары ұқсас болуы шарт. Бұл ереже ҚР ҚК ерекше бөліміндегі ұқсас қылмыстар сынды жекеленген баптардың тобында көрініс табуы тиіс [23, 73 б.]. Тікелей объект нақты әрекетпен кімнің, қандай мүддесі бұзылады, қайсысы маңыздырақ деген сұраққа жауап береді. Ол нақты объектінің жеке белгілерін сипаттайды.

Заң теориясында формальды түрде қылмыс объектісі ретінде құқық нормасын алады. Профессор Н.С.Таганцевтің бұл жөнінде, егер де норма бұзылмаса, ол қандай болмасын шығын алып келгенімен қылмыс деп есептелінбейді, сондықтан қылмыстың объектісі құқық нормасы болып табылады деген пікірі бар [24, 652 б.].

Қылмыстық заң қоғам мүшелерін қылмыстық қолсұғушылықтан қорғайды. Оның міндеті – адам мен азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасынының конституциялық құрылымы мен аумақтың тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау, бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ қылмыстардың алдын алу.

Ал, В.Н.Кудрявцев пайымдауынша қылмыс объектісін мына кешен құрайды: а) адамдар арасындағы нақты қоғамдық қатынас; ә) олардың құқықтық нысаны, не «қабы»; б) осы қоғамдық қатынастың материалдық нысаны, алғы шарты және пайда болу шарты. «Материалдық» құрамда объект зиянмен, кейде қолсұғушылықтың заты арқылы анықталады [25, 63 б.]. Бұл жағдайда В.Н.Кудрявцев логикалық жүйенің бұзылуына жол береді, тұжырымдарда ішкі қарама-қайшылықтар аңғарылады. Бір жағынан, ол объектіні – қоғамдық қатынас десе, екіншіден – объектіні «құқықтық нысан», үшіншіден, қоғамдық қатынастың алғы шарты, шарт, материалдық нысан ретінде қарайды [26, 151 б.].

Көпшіліктің пайымдануынша, бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар санатына жатады. Экономикалық қылмыстардың топтық объектісі «нарықтық қатынастың дамуына негізделген қоғамдағы экономикалық қызмет саласында қалыптасатын, мемлекетпен бейнеленген қоғамдық қатынастар жүйесі», деп есептейді. Б.В.Волженкин [27, 53 б.]. Осы анықтаманың авторы атап өткендей, көрсетілген қылмыстардың топтық объектісі ретінде материалдық құндылықтар мен қызметтерді өндіру, тарату, алмасу мен тұтынуға байланысты кәсіпкерлік және басқа да экономикалық қызметтерді іске асырудың қабылданған тәртібі болып саналады. Мемлекет реттеуші заңдарда кәсіпкерлік және басқа да экономикалық қызметтердің бостандығын бекітеді, осы қызметтің ережелері қылмыстық заңдардың көмегімен олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Осы қызметпен тығыз байланысып жатқан экономикалық қылмыстар мемлекет пен экономикалық қызметтің басқа да субъектілерінің, азаматтардың мүдделеріне қол сұғады.

Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстардың топтық объектісіне оқу әдістемелік әдебиеттер мен оқулықтарда берілген анықтамада қысқаша анықтама беріледі. Б.В.Яцеленко оны «материалдық құндылықтар мен қызметтерді атқару-өндіру, бөлу, тұтыну мен алмасуға байланысты дұрыс экономикалық қызметті жүргізудегі қоғамдық қатынастар», деп түсінеді [28, 143 б.].

Кейін монографиялық зерттеулер мен еңбектерде экономикалық қызмет саласында қылмыстардың топтық объектісін ұйымдастырушылық экономикалық қатынастар мен әлеуметтік экономикалық қатынастарды қосқанда, экономикалық қызмет процесіндегі пайда болатын қоғамдық қатынастар, деп есептейтін пікірлер қалыптасты [29, 96 б.].

Қарастырып отырған қылмыстардың топтық объектісі – экономикалық қызмет саласында өзара біртектес қоғамдық қатынастардың тобына біріккен, заңмен қорғалынатын экономикалық мүдде болып табылады. Осы тарауға енген қылмыстардың барлығы дерлік экономикалық қызметтің әр түрлі саласында көрініс табады.

Қылмыстық құқық облысындағы мамандар қазіргі уақытта қоғамда болып жатқан экономикалық байланыстар мен процестердің мәнін түсінбей заңды мәселелердің бірі – қылмыстың топтық объектіні ұғыну мүмкін еместігін мойындап отыр. Бұл заң және экономикалық ғылымдардың өзара байланысы тұрақты түрде даму үстінде болады. Мысалы, экономикалық құқықбұзушылықтармен күресудің қылмысты құқықтық мәселелерді зерттеу барысында заң және экономикалық категорияларды тығыз байланыстыра отырып қана РФ ҚК 22-тарау нормаларымен қорғалатын қатынастарға баға беруге болады: әлемнің өзекті трансформациясы, несиелік соққылар, геоқаржылық және геоэкономикалық жүйелер және тағы басқалар [30, 15-45 б.].

Қылмыстық құқық теориясында түрлік объекті деп, бір тарауда орналасқан жауапкершілік жөніндегі нормаларды, қылмыстар қолсұғатын мүдделерді айтады. Е.А.Фроловаға жүгінген А.И.Чучаев атап өткендей, түрлік объект, ол қатысушылардың ортақ мүддесін бейнелейтін, аз ғана топтың қатынасын біріктіретін немесе сол бір объектінің өзара байланысы бар мүддесін білдіретін топтық объектінің бір бөлігі болып табылады.

Осы теориялық ережеге негізделген Г.Г.Дашкова, бағалы қағаздар шығару және айналымда жүрудің белгіленген тәртібін бұзатын қылмыстардың, РФ ҚК 22-тарауындағы қалған қылмыстардың түрлік объектісін кәсіпкерлік және басқа да экономикалық қызметтерді іске асырудың мемлекетпен қабылданған тәртібі, деп түсінуді қолдайды.

Әдебиеттерде қылмыстың түрлік объектісіне басқадай да анықтамалар берілген. Мысалы, Б.В.Яцеленко, материалдық құндылықтар мен қызметтерді өндіру, бөлу, алмасу мен тұтынумен байланысты экономикалық қызметтерді іске асыру барысында туындайтын, нормативтік актілер мен заңдармен тәртіпке келтірілген қоғамдық қатынастар, деп түсінуді ұсынады. Б.В.Яцеленко, В.Е.Мельникова, Б.М. Леонтьева, Н.А.Лопашенконың түрлік объектіге берген анықтамаларының мазмұнын бағалай отырып, Б.В.Волженкин осы қылмыстардың түрлік объектісін нарықтық экономиканың дамуына бағытталған қоғамдағы экономикалық қызмет саласындағы мемлекетпен қорғалатын қоғамдық қатынастар жүйесі ретінде қараған орынды, деп есептейді.

Әрине, зерттелініп отырған қылмыстардың түрлік объектісіне берілген бұл анықтама тым ауқымды. Себебі, қылмыстың «жалпы», «топтық», «түрлік» және «тікелей» объектісі ұғымдары логикалық «жалпы» және «жеке» категориялардың негізінде бір-бірімен сабақтасып жататын ұғымдар болуы тиіс. Сондықтан да жоғарыда айтылған А.И.Чучаевтың түрлік объект, ол қатысушылардың ортақ мүддесін бейнелейтін, аз ғана топтың қатынасын біріктіретін немесе сол бір объектінің өзара байланысы бар мүддесін білдіретін топтық объектінің бір бөлігі, деген пікірімен толық қосыла аламыз.

Сонымен, Б.В.Волженкиннің жоғарыда экономикалық қылмыстарды топтастыруда ақша мен бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберудегі қылмыстарды жеке топ ретінде қараған позициясын негізге ала отырып, қарастырылған қылмыстардың түрлік объектісін заңмен белгіленген тәртібі бар бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберуге байланысты туындайтын мүдде ретінде қарауға болды. Бұл пікірмен келісе аламыз.

Қарастырылып отырған қылмыстың тікелей объектісі жалпы, топтық, түрлік объектілердің бөлігі ретінде бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберу процесінде қалыптасатын нақты қоғамдық қатынасты білдіреді, деген жалпы пікір қалыптасып отыр. Алайда, қылмыстық құқықтық әдебиеттерде бұл қоғамдық қатынастар бірдей сипат ала бермейді. Сондықтан да бұл категорияны қылмыстардың барлық тобына қатысты емес, олардың жекеленген түрлеріне қатысты да зерттеу қажет.

Жалпы, топтық және түрлік объектілердің бөлігі ретінде тікелей объект экономикалық қызметтің анықталған саласын қалыптастыру процесіндегі мүддеде көрініс табады. Бұл жағдай бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберу қызметіне де қатысты.

Қылмыс затын анықтаудың қылмысты саралауда орны зор. Қылмыс заты – қылмыстық әрекет әсер ететін мүлік. Қылмыстың заты дегеніміз қылмыскер объектіге қол сұққан кезде оның әсеріне ұшыраған сыртқы ортадағы материалдық зат. Қылмыс затын зерттеу қылмыстың объектісін шын мәнінде терең және дұрыс анықтап, нақтылау үшін және өзара ұқсас қылмыстардан ажырата алу үшін қажет. Қылмыстың заты жөнінде бірыңғай пікірлер жоқ. Объект пен қылмыстың заты арасындағы байланыс олардың әрқайсысының даралығын терістемейді, бірақ та ажырата алу да керек. Объект пен қылмыс заты ұғымдарын бөлу бір жағынан қылмыстың объектісі тұрғысынан қарағандықтан, ал екіншіден – қоғамдық қатынас ұғымының мазмұны жеткіліксіз дәрежеде анықталғандықтан туындайды. Қылмыс затын түсіндіруде екі түрлі бағыт қалыптасқан: бірі – кең мағынада, екіншісі – тар мағынада. Қылмыс затын кең мағынада түсінетін болсақ, тұлғалар арасында қоғамдық қатынас нақты құндылықтарға байланысты туындайды. Ол нақты әрекет нысанында кездесуі мүмкін. Қоғамдық қатынастың элементі субъект те бола алады. Зат пен мүлік категориялары сапалық және мүліктік қасиеттермен сипатталады. Мүлік, қасиет және қатынас бір-бірімен тығыз байланысты, олар бір-бірін толықтырады. Мұнан затсыз қылмыс жоқ, ол мүліктік, материалдық, материалдық емес нысанда кездеседі деген тұжырым туындайды [30, 70-71 б.]. Тар мағынада қылмыс заты тек материалдық нысанда кездеседі. А.А.Пионтковский болса, қылмыс объектісін қоғамдық қатынас ретінде қарап, қылмыс затын қылмыс объектісінің құрамдас бөлігіне жатқызады [31, 373-374 б.]. Қоғамдық қатынас мүлікке қатысты да, байланыссыз да туындайды. Сондықтан да құрамында қылмыс заты кездесетін де, кездеспейтін де қылмыстар болады.

А.Н.Трайниннің түсінуінше, қылмыс заты – қылмысқа қатысты қылмыс жасалынатын мүлік. Объект қылмыстан зиян шегеді, не оған қауіптің келуі мүмкін. Ал қылмыстың затына қауіп келмейді. Мұндай пікірмен келісу, әрине қиындау, қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде қылмыстың заты да зақымданады. Н.А.Коржанскийдің пікірінше, мүлік қылмыстық қолсұғушылықтың объектісі бола алмайды, себебі қоғамдық қатынас адам мен мүліктің арасында емес, қатынас адам мен адам арасында мүлікке байланысты туындайды [32, 21 б.]. Қоғамдық қарым-қатынас тірі тіршіліктің қозғалысы ұғымына тән нәрсе. Философтар қоғамдық қарым-қатынастың адамзат пен табиғат, не тірі организм мен өлі зат арасындағы байланыстарды дәлелдейді.

Бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберумен тікелей байланысты қылмыстардың заты жекеленген қылмыс түрлеріне қарай әркелкі болады, олар бағалы қағаздар, бағалы қағаздарды шығару мен орналастырудың қорытындысы жайлы есеп, эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы проспектісі, бағалы қағаздардың операциялары туралы мәліметтер, бағалы қағаздар ұстауға құқық беретін құжат – бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмі.

Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығының объектiлерi мыналар:

- Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң – Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган тiркеген ұйымдар шығарған мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар,

- уәкiлеттi орган тiркеген немесе Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналысқа жiберiлген Қазақстан Республикасының резиденттерi емес ұйымдар шығарған мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар;

- Қазақстан Республикасы резидентi-ұйымының шығаруы шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес тiркелген және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығына айналысқа жiберiлген мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар;

- уәкiлеттi орган тiркеген немесе уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен ұйымдастырылған, бағалы қағаздар нарығында айналысқа жiберiлген, халықаралық қаржы ұйымдар шығарған эмиссиялық бағалы қағаздар;

- мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар, шетелдiк мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар;

- туынды бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдары [33, 56 б.]

- Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1, 5, 10, 20, 50, 100, 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 теңгелік банкноттары (Ұлттық Банк кез келген бұл банкноттарды шығара алады);

- Қағаз ақша, алтын, күміс немесе платинадан соғылған металл монеталар.

- Шет ел валютасы – қазыналық билет, банкнот, монета түріндегі шет ел мемлекетінде немесе мемлекеттер топтастығында заңды құралы болып табылатын ақша бірліктері;

- эмиссия проспекті немесе бағалы қағаздар шығару жөніндегі есеп;

- бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі – бағалы қағаздарды ұстаушылардың ресми тізілімі жатады.

Эмиссиялық бағалы қағаздар Азаматтық кодекспен, Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалады («Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 4-бабы).



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет